Асыл мұра
С. Дәуітов
«Егеменді Қазақстан» 1991
Мәшһүр Жүсіп Көпейулының меруерттей тізіп жинаған халық ауыз әдебиетінің үлгілері сан алуан. Ол эпостан бастап, мақал-мәтелге дейін, ертегіден бастап, жаңылтпашқа дейін тізтірнектеп қаттай берген, еш толассыз еңбек еткен. Бір қызығы, бір рет көшірген деректер мен мағлүматтарын бірнеше дәптерге қайта-қайта жазған. Бір ғана Бүқар жыраудың өлең-жырларын, оған қатысты мәліметтерді ол үш топқа (№ 1170 а,1170 б, 1177) жинақтаған. Әрине, жинаушының бұл бөлек - бөлек үш дүниесінде аздаған толықтыру, кейбір жеке сөз, сөйлемдер кездескені болмаса, негізінен өзгешелік онша көп байқалмайды. Бұл жағдайды бір ғана Бұқар емес, басқа да шығармаларға
қатысты айтуға болады. Оларда сонымен бірге өмір мен өнер туралы, адам мен тағдыр жайында да мәселелер аз емес. Адамгершілік хақында тебірене айта келіп: «төсі жалпақ, басы жұмыр пенде болған соң, ұстамалы бір аурусыз тіпті болмайды. Сол аурудың баршасына да дауа бар, не үшін десеңіз, дерт жіберген қүдірет болмашы бір нәрседен дауасын да өзі жібереді. Бірақ екі түрлі ауруларға дауа жоқ, бірі жалқаулардың жалқаулығына, еріншектің еріншегіне дауа жоқ. Ақымақтықтан жалқаулық көп жаман» деп жалқау кісіге ем жоқтығын айтады. Сондықтан шамаң келгенше, жатпай-тұрмай еңбек ет, еңбек етсең бақыт та, байлық та, құт та, береке де өзі келеді, өзі іздеп табады деген терең пәлсафалық ой қорытады.
Мәшһүр көп жылдар бала оқытып, «Дала уәлаяты» үнжарнясына, «Айқап» журналына үзбей мақала, өлең жазып тұрды. Ақын сонымен бірге, өзінен бұрын өткен батырлар мен ақындардың, ел қамын жеген билердің өміріне байланысты қазынаны мол жинап, назарынан тыс қалдырмай хатқа түсіріп кетіпті: «Батырда Қаракерей Қабанбайдан асқан батыр жоқ, Үйсін Төле биден асқан би жоқ. Бұл екеуі де Абылай заманында қарттық басып, тұғырдан түскен кісілер» дейді. Ал Бұқар жырау туралы жан - жақты толғай отырып: «Біреуден-біреу ауызша айтудан ұғынып, жаттап алып айтумен осы заманға келіп тұр. Үш жүздің баласы қазақта жаттап айтушы (Бұқар өлеңдерін айтады - (С. Д.). осы жазып отырған Мәшһүрден басқа ойлаған жоқ. Бала би Досбол айтқан екен:
Хан алдында сөйледім,
Хан кеспеді тілімді.
Халық алдында сөйледім,
Халық таппады мінімді.
Өз үйіме келген соң,
Итке берсін күнімді, - деп.
Сол айтқандай «үш жүзден шыққан жүйріктердің ортасында сөйледім, сөзімнен мін, өзімнен кір таппады» десе, ұлы жырау Бұқардың өлең, толғауын қалай қастерлеп хатқа түсіргенін, кейінгі ұрпаққа төкпей - шашпай, бір сөзін де мүлт жібермей сол күйінде жеткізгенін, өзінен басқа бірде - бір адамның жатқа білмейтінін ғылыми тұрғыда өте дәл айтқан.
Мәшһүр Жүсіп әрбір ақын, немесе батыр туралы жинаған деректердің түп - төркінің қайдан, кімнен жазып алғанына дейін нақты деректермен таратып, айтып береді. Осы тұрғыдан алғанда, жинаушының Ұлбике ақын жайындағы пікірі де ғылым үшін өте бағалы дүние. М. Көпейұлы ақын қыздың талантын жоғары бағалай отырып, оның өмірбаянын былай шолып кетіпді:
Ұлбикенің өзін жүн жеп, жабағы тышқан бір байдың баласы қағындыққа алған екен. Қатын болып қолына түскен соң, тойға барушы болма, өлең айтушы болма, тойға барсаң, өлең айтсаң, көзіңді жоғалтамын, қарашығыңды батырамын деп қорқытып қойыпты.
Жаман шірік иті үйде жоқ болған қарсаңда, бір той болып, ауыл - аймағы, қайын-қайнағалары: «Сені біз сабатпаймыз» деп тойға алып барып, тойдан қайтып келсе, иті келіп қалып: «Сені ме» деп кіжініп отырған үстіне оқтай ұшырап, қойдың бір қатқан санымен қақ бастан періп қалғанда, мұрттай ұшып, тіл тартпай кете беріпті.
Жұрт жиылып қалды, төркіні де аралас - құралас екен. Құн сұрады. Сонда төркініне таңдау берді: «Бидің бишігіне бересің бе, пайғамбар шариғатына көнесің бе» деп. «Пайғамбар шариғатына салдық» деді. Шариғат айтатұғын Күдері қожа екен, айтқан шариғаты: «Өлер Ұлбике өлді, аяр да ас жоқ, тояр да ас жоқ. Мұны сойыңдар өкпесін алып көріңдер, екпесінде жазу жоқ болса, тойға бару, өлең айту әйел жынысына дұрыс емес. Бұған құн бұйырмайды, егерім өкпесінде жазу болса, онда ғұзыр айтпаса, ішін жарып кетеді».
Күдерінің жарлығымен Ұлбикенің ішін жарады, өйткені ол кезде шариғат бұйрығы ені болмайды, бұл да қазіргі жастардың жадында ұстайтын бір сыры болуға тиіс. М. Көпейұлы былай дейді: «Ұлбикені сойып, өкпесін алып керсе, өкпесі жыбырлап тұрған жазу екен, көрген жұрт ботадай боздап, қойдай маңырап, сиырша өкіріп жыласты дейді. Көзімен көрген жұрт күйігендіктен Ұлбикені өлтірген байы Бойтан серіні бас жетімі үшін құнына беріпті. Сүйек құны үшін елу жылқы, алты жақсы беріпті. Өнер құны үшін және елу жылқы, алты жақсы беріпті. Қара құны үшін «тоқал құн» деп тоғыз жақсы беріпті» десе: Ә. Диваев дәл осы оқиғаны айнытпай қайталайды. Әрине, оқиға желісінде аздаған өзгешеліктер бар: «Ұлбике Күдерімен айтысып, тойдан қайтып бара жатыпты. Атасы кү-йеуі жоғында жіберген екен. Байы ашуланып, қолына айбалтасын алып, қалың шеңгелдің арасында жол тосып жатқан екен, шыға келіп, маңдайынан айбалтамен шауыпты. Ұлбике үш күн жатып, айбалтасын сүйретпей үш биге сәлем жазыпты.
Үш жүздің биі: «Бұл өзі әйеп де болса, үш ерге арзитұғын әйел еді» деп жалпы Сіргеліден үш ердің құнын алыпты деседі. Ол қүнде Сіргелілер сансыраған екен деуші еді. Сонда жұрттың айтқан мақалы мынау:
Сіргелім-ау, Сіргелі,
Жақсы жұрт едің іргелі.
Ұлбикені өлтіріп,
Көр таппадың кіргелі, - депті.
Жоғарыдағы М. Көпейұлының да, Ә. Диваевтің де жазбаларында Ұлбикені өз күйеуі Бойтанның өлтіргені, үш ердің құнын төлегені айтылады. Екеуіндегі дәлел - деректің бірдей шығуына қарағанда, бұл мәселені біз шын болған тарихи оқиға деп білеміз.
М. Көпейұлы адам баласының бойынан үш қасиетті затты ерекше бағалайды. Олардың қадыр - қасиетін де атап - атап айтады. Ақын былай дейді: «Адамның қара бойында үш асыл бар. Асылдығы бірінен - бірі өтеді. Сол үш асыл болған нәрсесіне ие болған жанға екі дүниеде еш пәле жоқ. Бірі - көз, бірі - тіл, бірі - көңіл деп таратып айтса, біз бұл пікірдің дұрыстығына еш күмән келтірмейміз.
Өз халқының асыл сөзін, мақал - мәтел, эпостарын мұқият мол жинаған М. Көпейұлы өз ана тілі жөнінде жан - жақты толғайды: «Қазақ тілінен асыл, қазақ тілінен бай тіл жоқ. Сол ата - бабаның тілі болған қазақ тілін осы күнгі қазақтың жалғызы білмейді. Егер қазақ тілін білсе, дін де осында, ғылым - білім де осында, әулиешілік те осында. Солай болғаны үшін бұрынғы өткен ата - бабаларымыздың бәрі жақсы болып, әулие болып өтті» дейді.
Біздіңше, М. Көпейұлының бұл пікірі әлі ез құндылығын жойған жоқ. Егер ол өз ана тілін соншама беріліп сүймесе, осыншалық ауыз әдебиет жауһарларын жинамаған болар еді.
Біз «Егеменді Қазақстан» газетіне М. Көпейұлының бұрын еш жерде жарияланбаған (ол Қазақ КСР Ғылым академиясының кітапханасы, (папка № 1170) шешендік толғауын ұсынып отырмыз.
Достарыңызбен бөлісу: |