Алғы сөз
Ғұлама ғалым, әулие – Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы 73 жыл ғұмырында артына мол мұра қалтырды, 5 жасынан хат танып, 7 жасынан жаза бастаған болашақ дарын иесі ең алдымен ауыз әдебиетінен сусындап, одан кейін шығыс, орыс (еуропа) әдебиетіне ден қойды. Мәшһүр – Жүсіп қазақ өмірін ғана жырлап қойған жоқ, ислам мәдениетін де насихаттады.
Ең алғаш шығармалары «Дала уалаяты» газетінде, «Айқап» журналында жариялана бастады. Жазғандары қазақ өмірінің түрлі кезеңдеріне арналады. Соның ішінде кәсіп мәселесі ерекше орын алады. Орыс мәдениетінен үйренетін жайттар көп екендігін айтады. Баянауылдағы бал арасын асырап омарта ашқан орыс мұжығын үлгі қылады.
Мәшһүр – Жүсіп Абайды өзіне ұстаз тұтып, оның өлеңдерінен мысал алып, үлгі - өнеге қылып отырған. Жалпы, Мәшһүр – Жүсіп Абайдың үрім – бұтағын ата - тегін өте жақсы білген. Шәкәрім қажы туралы жазғаны да қолжазбаларында кездеседі.
Мәшһүр – Жүсіп патшалық ресей кезеңінде «Сарыарқаның кімдікі екендігі?», «Хал - ахуал», «Тіршілікте көп жасағаннан көрген тамашамыз» (1907) кітабтары үшін Қазан жандармеясының сотымен жазаға кесілген. Одан кейін Кеңестер дәуірінде де шығармалары басылмаған, қазақ – ақын жазушылары қуғын – сүргін көргенде ақының да шығармалары өртелді. Моласы бұзылды. Дегенмен, қанша қарсылық болса да, ақын туралы бірді – екілі жылы пікірлер айтылып қалып жүрді. 1990 - 1992 жылдары Мәшһүр – Жүсіптің 2 томдық шығармалар жинағы басылып шықты.
Еліміздің егемендік алуымен ақын қолжазбаларын зерттеп, кітап етіп шығару ісі шындап қолға алынды. Жалпы «мәшһүртану» - деген ғылыми ұғым қалыптасты. С. Торайғыров атындағы ПМУ-дің ректоры Е.Арынның басшылығымен Мәшһүртану ғылыми – практикалық орталығы құрылып, ақынның мол мұрасын зерттеп, ғылыми айналымға енгізу мәселесі түпкілікті шешімін тапты.
Орталыққа ақынның қолжазбаларын, құнды жазба деректер беріп отырған немересі ф.ғ.д., профессор Қуандық Жүсіптің көмегі зор болды. Бүгінгі күнге орталықта Мәшһүр Жүсіп туралы әр жылдары жазылған жадығаттар жиыны жеті папка көлемінде болады. Бүгінгі күні осы жадығаттарды реттеп, бір жүйеге келтіріп, алдарыңызға «Мәшһүр тағылымы» деп аталатын мақалар жинағының 2 томын ұсынып отырмыз.
Құрастырушылар: «Мәшһүр тағылымы» 2 томына С.Дәуітовтың «Асыл мұра», Баянауылдық жерлесіміз Кәрімтай атамыздың «Менің естіп білгендерім Мәшһүр-Жүсіптің зираты туралы» және Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, жазушы ақын жерлесіміз С.Баязитовтың «Нар тәуекел» атты мақаласы, филология ғылымдарының докторы Н.Қ. Жүсіповтың 1993 жылдары ізденуші ретінде «Ақ орда» журналына басылып шыққан «Атасының аты білінбей өз аты шыққан ерлер Мәшһүр-Жүсіп Көпеев»- атты мақалаларын және басқа да мақалаларды жаңартып, бір жүйеге келтіріп өз алдына бір үлкен еңбек жасалғаны көрініп тұр. Жылдар өте бұл – жадығаттар іздесе таптырмайтын құндылықтарға айналатына кәміл сенеміз. Жинаққа кейбір авторлардың жазған мақалаларының құндылығын ескеріп бірнешеуін жіберіп отырмыз.
Түйін. Мұрағатта сақталған деректердің ішінде Мәшһүр – Жүсіп жөнінде бір – екі ғана сөз ретінде айтып өткен жадығаттар өте көп, біз оларды ұсынбадық. Келешекте бұларды теріп алып, жеке жинақ етіп шығару ойымызда бар. Сол сияқты, кезінде ақынды ақтап түрлі мекемелерге арнап жазылған хаттар да сақталған. «Мәшһүр тағылымы» - атты жинақ өзінің заңды жалғасын табатыны сөзсіз. Жоғарыдағы айтылған жайттарға қарағанда, болашақта жинақты жазылған мақалалардың мәні мен мазмұнына, мәтіннің сипатына қарай топтап, жүйелеу керектігі де еске алынатын болады.
Достарыңызбен бөлісу: |