13.4.Тәрбие құралдары мен формалары
Тәрбие құралдары дегеніміз – арнайы тәрбиелік міндеттерді шешуге бағытталған, мақсат көзделініп ұйымдастырылған әдістемелік жолдар.
Тәрбие құралдары – бұл әлеуметтік тәжірибенің педагогикалық тәуелсіз көрінісі. Ниеттелген мақсатына жету жолындағы, субъектке тәрбиелік ықпал жасаушы әр қандай заттың бәрі тәрбие құралы болып есептеледі.
Тәрбие құралдарына әр салалы іс– әрекет түрлері (ойын, оқу, еңбек, өнер,спорт т.б.), сонымен қатар педагогикалық жұмысқа қажетті материалдық және рухани шығармалар, заттар жиынтығы (көрнекі құралдар, саяси, көркем және көпшілікке арналған ғылыми әдебиеттер,бейнелеу өнері, музыкалық шығармалар, бұқаралық ақпарат құралдары т.б.) жатады.
Тәрбие құралдары тәрбиеленушіге өздігінен әсер етеді, сонымен бірге оларды тәрбиеші мақсатты бағытта пайдалануы да мүмкін.
Тәрбие құралдары қандай да тәрбие мақсатын іске асыру үшін іріктеледі. Мұндайда таңдау тәрбие әдісіне орайлас орындалады. Құралдар өмір құбылыстарын көз алдына келтіреді, тәрбиеленушілердің белсенділігін көтереді, материалды–техникалық тұрғыдан қамсыздандырады, психологиялық көңіл-күй шуағын береді, іс–әрекет сайманы ретінде қолданылады, қандай да қызметтің астарлы рәмізін айқындай түседі, т.с.с.
«Форма» терминінің мәні:
1. Тәрбие процесінің сырттай көрінісі;
2. Тәрбиелік жұмыстардың сырттай көрінуін қамтамасыз ететін ұйымдастыру тәсілдері мен тәрбиелік шаралардың бірлікті жиынтығы;
3. Тәрбиеленушілердің ұжымдық және жеке дара іс-әрекеттерін жоспарлы ұйымдастыру жүйесі. Сонымен, форма – бұл тәрбиелік істер процесіндегі тәрбиеленушінің тәрбиешімен ықпалды қатынас түзу көрінісі.
Тәрбие формасы – бұл тәрбие процесінің сыртқы көрінісі.
Тәрбие процесінде қамтылған адам санына қарай тәрбие формалары жеке, шағын топтық, топтық (ұжымдық) және бұқаралық болып бөлінеді.
Топтық (ұжымдағы) тәрбиленушілер саны 5–7– ден, 25–40–қа дейін болса, бұқаралық формада оның шегі болмайды. Тәрбилеуде жеке және шағын топтық формалар дұрыс. Тәрбиленушілердің саны көбейген сайын тәрбие сапасы нашарлайды.
Тәрбие формалары педагогикалық процеске қатысушылардың іс –әрекетінің қозғаушы күші болып табылады, оның арқасында жеке тұлғаның қалыптасуы жүзеге асады ( Н.Д.Хмель).
Тәрбиелік жұмыстар өз кезегінде төмендегі аталған тәрбиелік қызметтерді орындайды:
– ұйымдастырушылық: ұйымдастыру ісі тәрбиелік жұмысқа қатысушылардың дара ықпалды әрекеттерінің қисынын (логикасын) бейнелейді;
– реттеушілік: қандай да форманың өзі оны пайдалану процесінде әлеуметтік қатынастар нормаларын қалыптастырушы тәрбиешілер мен тәрбиеленушілер арасындағы өзара байланыстарды реттеп, түзетіп баруға мүмкіндік береді;
– ақпараттық: тәрбиеленушілердің игерген білімдерін ғана біржақты хабарлауына мүмкіндік ашып қоймастан, олардың өзіндік тәжірибелеріне арқа сүйеп, бұрыннан меңгерген ақпараттарын іске қосуына жол ашады.
Достарыңызбен бөлісу: |