1-бөлім. Педагогиканың жалпы негіздері
1-дәріс тақырыбы: Педагогика – адам туралы ғылымдар жүйесінде
Дәрістің мақсаты: педагогика ғылымының негізгі ұғымдарын меңгерту, педагогиканың басты ерекшеліктері мен міндеттерін ашып көрсету, оның басқа ғылымдармен байланысын ашу.
Жоспары:
1.Педагогиканың шығуы мен дамуы.
2.Педагогика ғылымы туралы жалпы түсінік.
3.Педагогиканың зерттеу пәні, объектісі.
4.Педагогиканың негізгі ұғымдары.
5.Педагогика ғылымының жүйесі.
Негізгі ұғымдар: педагогика, педагогика пәні, педагогика обьектісі, педагогиканың ұғымдары, педагогика ғылымының жүйесі.
1.1. Педагогиканың шығуы мен дамуы
Тәрбие беру ісінің адамзат қоғамында тамыры тереңге жайылған. Ол алғашқы адамдармен бірге пайда болды. Балалар ешқандай педагогикасыз тәрбиеленді, тіпті оның бар екенін де ешкім білген емес. Тәрбие туралы ғылым кейіннен пайда болды. Ол барлық белгілері бойынша кейіннен қалыптасқан жас ғылымдар санатына жатады.
Алғашқы тәжірибелер, эмпирикалық мәліметтер, күнделікті өмір тәжірибесінің қорытындылары теория ретінде саналмайтыны анық, олар тек қайнар көздер мен кейінгінің алғышарттары болады.
Қандай да болмасын ғылым саласының пайда болуының алғашқы себебі, өмірдің қажеттілігінен туындайтыны белгілі. Адамдар өмірінде білім ерекше рольге ие болатын уақыт келді. Қоғамның дамуы өскелең ұрпақты тәрбиелеудің қандай деңгейде қойылғанына байланысты болатындығы анықталды. Осыдан келіп тәрбиелеу жөніндегі іс–тәжірибені жинақтау, жастарды өмірге дайындайтын арнайы оқу – тәрбие мекемелерін құру қажеттілігі туындады.
Ежелгі дүниедегі неғұрлым дамыған мемлекеттерде – Қытайда, Үндіде, Мысырда, Грекияда тәрбиелеу тәжірибелерін жинақтауға алғашқы қадамдар жасалды, теориялық бастамалар етек алды. Ол кезде табиғат, қоғам, адам туралы барлық білімдер философия шеңберінде беріліп, онда педагогикалық ой – пікірлер пайда болды.
Оның көрнекті өкілі Демокрит : (460-370 ж.ж. б.э.д.) «Адамдар табиғатынан емес, көп жаттығудын нәтижесінде жақсы адам болып шығады» дей отыра, «Оқу тек еңбектің арқасында керемет нәрселер жасап шығарады» деген. Және де тәрбие жолында табысқа жетудің құралы ата–аналар мен мұғалімдердің бірлесіп жұмыс істеуінде деп көрсетті, сондай–ақ жеке адамның дамуы ақылдан басталады дей келе, ол ақыл – ой тәрбиесін бірінші орынға қойды.
Адам тәрбиесіне және жеке тұлға қалыптасу мәселелері ежелгі грек философтары Сократ ( 469-399 ж.ж. б. э. д.), Платон (427-347 ж.ж.б.э.д.), Аристотель (384-322 ж.ж.б.э.д.), еңбектерінде қарастырылған. Сократтың шәкірті Платонның педагогикалық ойлары «Макет», «Заңдар, Федон» атты еңбектерінде көрініс табады. Ол «білім беруші- ұстаз, оқушысы мен шәкіртінің жан дүниесін толық түсінгенде ғана тұлғаны іске, баланы білімге үйрете алады» деген болатын. Ол өзінің еңбегінде: «егер кебіс тігуші олақ болса, мемлекет бұдан көп зардап шеге қоймайды, – бар болғаны азаматтар біршама нашар киінеді, ал егер шәкірт ұстазы өз міндетін нашар орындаса, онда елде надандар мен бұзақылар көбейіп кетеді» – деген.
Ал Сократтың басты мақсаты – өз философиясы арқылы жастарды тәртіпті өмір сүруге баулу.
Платонның шәкірті, атақты Александр Македонскийдің ұстазы атанған Аристотельдің «Жан туралы», «Физика», «Категориялар», «Метафизика», «Этикалық трактаттар», «Саясат», «Риторика» т.б. еңбектері бар. Ол «еркін тәрбие» идеясын ұсына отырып, тәрбиенің үш түрін дәлелдеді, олар: дене, мінез, ақыл – ой тәрбиесі. Сондай-ақ тәрбиені – мемлекетті дамытудын, жетілдірудің құралы, ал мектеп мемлекеттік болуы тиіс–деген қағидасын ұсынған және педагогика тарихында алғаш рет тәрбиенің табиғаттан туындайтынын дәлелдеген.
Орта ғасыр дәуірінде шіркеу ықпалы күшейіп, тәрбие толығымен діни сипатта болды. Өзінің философиялық тұжырымдары мен педагогикаға үлес қосқан Еуропадағы шіркеу қызметкерлері Августин Аврелий (354 – 430 ж.ж.), Фома Аквинский (122 – 1274 ж.ж.) болды. Августиннің идеясы бойынша, адам дүниеге келмей тұрып оның іс –әрекеттері, қылықтары құдайдың ерік – жігерімен белгіленіп қойған. Жалпы олар кең мағына беретін педагогикалық трактаттарды уағыздады.
Шығыс ойшылдарының педагогикалық ой – пікірлерінің пайда болуы мен қалыптасуы өз заманында Аристотельден кейінгі «Екінші ұстаз» атанған әлемге әйгілі ойшыл, ғұлама ғалым ,халқымызға білімнің нәрін сепкен ұлттың ұлы кемеңгері Әбу Насыр әл – Фарабидің (870 – 950ж.ж.) «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарасы», «Бақытқа жету», «Бақыт жолын сілтеу», «Музыканың үлкен кітабы», «Ғылымдардың шығуы»,»Азаматтық саясат», «Тәрбиені неден бастау керек», «Философияны үйрену үшін не білу керек» және т.б., сондай – ақ XI ғасырда өмір сүрген түркі данасы, ойшыл – – ақын Жүсіп Баласағұнидің (1015 – 1075ж.ж. ) «Құтты білік» атты, сол сияқты түркі өркениетінің шежіресін жазып, өз есімін мәңгілік еткен данышпан ғалым, кемеңгер ұстаз Махмұт Қашқаридің (1030 – 1090ж.ж.) «Диуани лұғат–ат–түрк»(Түрік сөздігі ) еңбектерінің маңызы ерекше,
Халқымызға білімнің нәрін сепкен ұлы ұстаз Әбу Насыр әл – Фараби «кез-келген адамның қалайтыны, мақсаты бақыт болып табылады» деп көрсете отырып, осы бақытқа жетудің жолы адамның бойында ізгілікті қасиеттердің қалыптасуы деп біледі: «Қайырымдылық бақытқа жету үшін керек., ол табиғи түрде де, қалау түрінде де бола алады. Зұлымдық бақытқа жетуге кедергі жасайды» – дейді.
Педагогиканың мақсаты, мұраты туралы Фараби ұсынған гуманистік идеялар мен қорытындылар адам өмірінің қазіргі кезеңінде де ағартушылықтың маңызды тіректерінің бірі болып отыр. «Біздің міндетіміз– бақытты адам тәрбиелеу. Бақыт материалдық және рухани игіліктерді өзімшілдік мақсатта тұтынуда адамзат мұраттары мен құштарлықтарынан тыс та оқшау өзіне ғана тән жан рахатын беретін кішкене дүние жасауда емес, адамзаттың бақыты – асқақ та биік мақсат – жаңа өмір жолындағы жасампаз рухани күштердің гүлденуін терең сезінуде» – дейді.
Ол «Азаматтық саясат» еңбегінде: «Адамның өмір сүру мақсаты ең жоғарғы бақытқа жету болатын болса, ол адам бақыт дегеннің не екенін білуі қажет және оны өзінің мақсаты етіп қойып, соған ұмтылуы қажет. Сонан кейін ол бақытқа жету үшін не істеуге тиіс екенін біліп, соған әрекет жасауы керек. Әртүрлі индивидтердің түрліше қасиеттерінің айтылғанынан мынадай айқын қорытынды шығады: білуі тиіс болған нәрселер мен бақытты кез келген адам біле бермейді, бұл нәрсе кез келген адамға бітетін қасиет емес, ол үшін ақылгөй ұстаз керек» – деп ұрпақ тәрбиесімен, адамды тәрбиелеу мәселесімен айналысатын ұстаздардың қажеттілігі туралы айтады.
Әл – Фарабидің мұрасында педагогиканың негізгі ұғымы болып табылатын «білім беру» ұғымы да қарастырылған. «Оқу бастамасы біздерге болмыс бастауларын білу құралы болып табылады, ал олардан шығарылатын қорытындылар – ғылыми пәндерді игерудің бастамасы мен құралы» деген ғұламаның анықтамасы қазіргі педагогикадағы «білім беру – оқыту нәтижесі, тура мағынасында ол «оқып үйренілетін пән туралы алғашқы түсініктің, ұғымның қалыптасуын білдіреді» деген анықтамамен өзара байланыс табады.
Бүгінгі таңда Ж.Баласағұнидің тәлім – тәрбиелік идеялары, олардың педагогикалық мәнділігі бірнеше зерттеулердің арқауы болып, тың нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік беріп отыр. Оның бізге қалдырған асыл мұрасы 13 мың жолдық «Құтты білік» дастаны (1068 ж) .
Жеке тұлғаның дамуын қамтамасыз ету үшін Ж.Баласағұнидің тұлға сипаттамасындағы төрт құрылымдық компоненттің болуы шарт:
парасат(сөзбе-сөз сана, ақыл, ойлау қабілеті, даналық). Берілген компонент тұлғаның
когнитивтік құбыласын тудыра отырып, оның танымдық интеллектуалдық іс–
әрекетімен сай келеді;
қанағат(сөзбе – сөз қанағаттанарлық, алғыс, өзіңде бар азға да қанағат тұту, бірақ
азға қанағат тұтып қана қоймай,өз мақсатына жетуің керек,ол үшін біреудің ала
жібін аттама).Ол тұлғаның рухани–адамгершілік құбылысын тудыра отырып, оның
құндылық – бағыттылық іс– әрекетімен сай келеді.
– әділет (сөзбе – сөз әділеттілік, ақиқат: адамның әлеммен , табиғатпен, қоғаммен қарым–қатынасының ең жоғарғы деңгейі). Бұл Я.А.Коменскийдің әділеттілікті біреуден алма, басқаның затын ұрлама, біреудің көңілін қалдырма деген пікірімен үйлесіп тұр. Ол тұлғаның әлеуметтік-нормативтік құбылысын тудыра отырып, оны коммуникативті реттеу іс– әрекетімен сәйкестендіреді;
– дәулет (сөзбе – сөз молшылық, жетістік, материалды байлықты білдіреді, әрине бұл жерде бірінші және негізгі байлық психикалық және физиологиялық денсаулықты білдіреді). Бұл құрылымдық компонент тұлғаның психо – физиологиялық құбылысын тудыра отырып, оның эстетикалық, дене және тәжірибелік іс– әрекетімен сай келеді.
Тұлғаның үйлесімді дамуы осы төрт құрылымдық компоненттің өзара бір –бірімен тепе – теңдігінен көрінеді «төрт құбылысы бірдей тең».Осы төрт құбыланың біреуі бұзылған жағдайда немесе олардың дамуында тепетеңдіктің болмауынан тұлға тұтастығының үйлесімділігі болмайды. Ұлы ойшыл Жүсіп Баласағұни тұлғаның осы қасиеттері ел басшылары мен халық батырларына, әміршілер мен падишахтарға тән болу керек деген.
Бұл тәлімдік идеялар педагогикадағы тұлғаны қалыптастыру мақсатымен өзара байланысты және осы тұжырымдама қазақ халық даналығындағы «сегіз қырлы бір сырлы» нақыл сөзімен байланысып төрт құбыланың (психо–физиологиялық , әлеуметтік – нормативтік, когнитивті, рухани – адамгершілік) қиылысуы мен ажырамастығын кесімдейтін тұлғаның сегіз қырын көрсетеді.
«Құтты білік» дастанында қазіргі педагогикада көкейтесті болып табылатын «әлеуметтану» ұғымы да қарастырылған. Индивидтің тұлға және азамат ретінде дамуы үшін оның әлеуметтік ортадағы іс – әрекеті талап етіледі, яғни әлеуметтану дегеніміз –индивидтің қарым – қатынасы және іс – әрекеті барысында жүзеге асатын процесс және оның әлеуметтік тәжірибені игерудің нәтижесі.
Тұлғаның әлеуметтенуінің мәні – қоғамның толыққанды мүшесі болу үшін білім құндылық жүйесін және мінез – құлық дағдыларын игеруі болып табылатыны белгілі. Бүгінгі таңда педагогиканың көтеріп отырған көкейтесті мәселелерінің бірі де тұлғаны өзімен – өзі және әлеуметпен үйлесімде болатындай етіп дамыту екендігі анық. Бұл «Құтты білікте» қарастырылып, ғұлама әлеуметтік институт ретінде отбасын, әлеуметтік топтарды (адамдар тобын) алады. Отбасының тұлғаның әлеуметтенудегі ролін былай көрсетеді:
Ұл мен қыздың өнегесі ата – ана,
Бәрі бізден – дұрыс па, әлде қата ма,
Атасы – мен, бетім әрі қарады,
Ұлым – шикі. Кімге телмен қағады?!
Қақым болса, сіңсе ісім халыққа
Өтеуіне – баламды оңға бағытта.
Қамқор боп, сал өнер – білім соңына,
Қонар құт боп білікті ел қолына.
Сөйтіп, өз еңбегінде тәрбие, оқыту, білім беру, тұлғаның әлеуметтенуі, қалыптасуы, дамуы сияқты педагогикалық ұғымдарды өзара тығыз байланыста қарастыра отырып, тәрбие мен оқыту теориясының белгілі бір ғылыми теориясын жасады.
Жалпы оның педагогикалық құндылығы ондағы ізгілендіру идеяларының дамуымен байланысты. Мәселен, Қазақстандық зерттеуші ғалым Ә.Н.Көшербаева ғұламаның педагогикалық мұрасындағы ізгілендіру идеяларының дамуын зерттей отырып, дастандағы ізгілендіру идеяларының негізгілерін былай бөліп көрсетеді :
– таным теориясының рационалдық дамуы;
– ғажайып ізгілік жүйесін жасау: әділдік , ақыл, дәулет, қанағат ;
– жетілген тұлға тәрбиелеу;
– тұлға тәрбиелеудегі детерминанттарды есепке алу, санаткерлік сапаларды дамыту;
– мұрагерлік принципінің регламентациясы;
ақиқат білімді қабылдаудың педагогикалық талаптарын бекіту.
Толық жетілген адамның қадір қасиеті ең алдымен, біліммен, ақылмен өлшенетіні туралы ғұламалардың даналық ой – пікірлерінің сабақтастығы бойынша көптеген нақты деректер келтіруге болады. Бұл туралы Ж.Баласағұни:
Білім берді – адам бүгін жетілді,
Ақыл берді – талай түйін шешілді.
Кімге құдай берсе, білім, ақылды,
Қолы жетіп, алар ол мол асылды! – деп ой тұжырымдайды. Ал М.Қашқари:
Өнер – білім ізде,
Үйренуден өркөкірек болма, жиренбе,
Өнер – білімсіз білімденсе,
Сынақта қиналар – дейді.
XI ғасырда өмір сүрген түрік ғұламасы Махмұт Қашқаридің «Түрік сөздігі» еңбегінде (1074ж) 242 шумақ өлең, жыр, 200–ден астам даналық сөз бен мақал – мәтелдер, қанатты сөздер болса, солардың барлығы да педагогикалық сипатын айқын танытып, ғұламаның есімін педагогика ғылымының негізін салушылардың қатарында атауға қосуға мүмкіндік тудырады.
Оның педагогикалық тұжырымдамасының негізгі өзегі – орта ғасырдағы түркі баласының бейнесі – «ұлылыққа ұмтылған», «білімділікті іздеген», «даналықты таңдаған», «біліктіге серік болған», «бабалардың әдеп – ақлақты насихатын ұстанған» ірі тұлға. Сонымен қатар оның педагогикалық тұжырымдамасының негізін дидактика мәселелері де қамтиды.
М.Қашқари еңбегінде ғылымның әр саласынан білім беру көзделген, егер білім берудің басты қызметі алдыңғы ұрпақ өкілдерінің жинақтаған тәжірибесін жеткізу болса, ғұлама ең алдымен , білім берудің осы қызметін іске асыруды мақсат етіп қойған. «Бұл бір мәңгілік жәдігерлік уа таусылмас түгесілмес, азып тозбас бір байлық болсын деп, бір Тәңірге сыйынып, осы кітапты түзіп шықтым да, оған « Диуани лұғат ат түрк» деген ат бердім» дей отырып, өз ұрпақтарына түркі өркениетінің тарихы, тілі, әдебиеті, географиясы, қоғамы және өмір салты туралы білім беруді көздейді.
Қайта өрлеу дәуірінде голландиялық Эразм Роттердамский (1466 – 1536 ж.ж.), италияндық Витторино де Фельтрэ (1378 – 1446 ж.ж.), ағылшындық Томас Мор (1478 – 1535 ж.ж.), француз өкілдері Франсуа Рабле (1494 – 1553 ж.ж.) мен Мишель Монтень (1533 – 1592 ж.ж.) т. б. гумандық ойды қалыптастырып, педагогикалық еңбектерімен танылды. Гуманист педагогтар балаларға дене тәрбиесін, эстетикалық тәрбиені, математика, астраномия, механика, жаратылыстану ғылымдарын оқыту арқылы білім беруді талап етті және қоғамдық тәрбие беруді жақтады.
Педагогиканың философиядан бөлініп, өз алдына ғылыми жүйеге келуі чех педагогы Ян Амос Коменскийдің (1592–1670) есімімен байланысты.
Ян Амос Коменский әлемді түзетудің бір жолы – білім беру мен тәрбиелеу жүйесін жүзеге асыруда деп ойлады. Ол жалпыға бірдей білім беру теориясын чех тілінде жазды (1628 – 1630 ), осы кітап ең алғашқы Чехиядағы білім беру мен тәрбиелеу реформасының құраушы бөлігі ретінде қабылданды. Сонымен қатар Польша қаласында педагогикалық қызмет атқара жүріп, 1633 – 1638 жылдары «Дидактиканы» өңдеп, латын тіліне аударады. Осылайша негізгі теориялық орта білім сатысын қамтитын «Ұлы дидактика» пайда болды. Сонымен бірге, Я.А.Коменский жалпы білім беру орталығын құрып, оның мектепке дейінгі тәрбиенің жоғары білімге дейінгі құрылымын жасады. Туылғаннан 6 жасқа дейін отбасында (аналар мектебінде) тәрбиеленсе, 6 жастан 12 жасқа дейін қарапайым мектепте – «ана тілі мектебінде» (ана тілі, арифметика, геометрия элементтері, география, табиғаттану, ) оқиды. Сонымен қатар, «ана тілі» мектебінде балаларды қолөнермен таныстыруды қалады. Латын мектебінде немесе гимназияда (12– 18 жас аралығы ) дәстүрлі отбасылық еркіндік өнермен жаратылыстану, тарих, география енді. Жоғары білім (18 – 24 жас аралығы ) академияда іске асырылады. Оның «Тілдердің ашық есігі» кітабы (1658 ж), «Картинада бейнеленген әлем заттарының көрінісі» атты көрнекілік оқулығы (1631 ж ), білім алу қызықты болу үшін мектеп театр сахнасына қойылымға арналған «Мектеп – ойын»(1656 ж ) оқулығы жарыққа шықты. Ол адам – табиғат баласы, сондықтан барлық педагогикалық құрал табиғи байланыста болу керек деген.
Ян Амос Коменскийдің еңбектерінде алғаш рет педагогиканың зерттейтін пәні, оның міндеттері және негізгі ұғымдары анықталып, балалардың ата-аналарының әлеуметтік жағдайына қарамастан барлық балалардың бәрін бірдей оқыту идеясы айтылды. Я.А. Коменский алғаш рет сыныптық – сабақ жүйесінің негізін жасады.
Ағылшын педагогы Джон Локк (1632-1704 ж.ж.) «Адам ақылы жөніндегі тәжірибе» (1690), «Ақылды тәрбиелеу туралы», «Оқу туралы», «Тәрбие жөніндегі ойлар» атты еңбектерімен танымал. Ол өздігінше ойлау дағдыларына үйрету– оқыту әдістерін негізгі принциптері дей отыра, еркіндік тәрбие ұғымының негізін салды. Ол оқу мен тәрбиені тәжірибеге және балалардын өміріне негіздей жүргізудің қажеттілігін ұсынды.
ХVIII ғасырда өзінің еңбектерімен танымал болған француз ағартушысы Жан – Жак Руссо (1712-1778 ж.ж.) болды. Оның «Адамдар арасындағы теңсіздіктің пайда болуы туралы» (1754ж), «Жаңа Элоиза» (1761ж), «Қоғамдық шарт» ( 1762ж), «Эмиль немесе Тәрбие туралы» (1762ж), және «Насихат» (1776ж) атты еңбектері жарық көрді. Ол адамдардың табиғи бостандығы мен теңдік идеясын уағыздады. Өз өмірінде гуманистік бағытты ұстаған ағартушы Ж.Ж. Руссо жаңа қоғамды аңсай отырып, оны орнату үшін адамды қалай тәрбиелеу қажет деген сұрақпен тәрбиенің міндеті мен ерекшеліктері жөніндегі мәселелерді аса маңызды педагогикалық мәселе ретінде ұсынды. Бұл мәселелер негізінен адал еңбек арқылы өмір сүреді, еңбексіз өмір жоқ деген пікірлерге саяды. Демек оның педагогикалық тұжырымдамасы феодалдық әдет-ғұрыптардан арылған, бостандығы, толық адамгершілігі бар адамды тәрбиелеу болып табылады.
Педагогиканың дамуында щвейцар педагогы Иоганн Генрих Песталоццидің (1746-1827 ж.ж.) есімі аса құрметпен аталады. «Гертруда балаларын қалай оқытады», «Аналар кітабы», «Бақылау әліппесі», «Сан жөнінде көрнекі ілім» атты еңбектерінде бастауыш білім берудің жаңа әдістерін ұсынды. Ол «білім беру» ұғымын ең алғаш рет ғылыми айналымға енгізе отырып, адамды дамытудың, тәрбиелеудің басты құралы еңбек деп санады, оқуды өнімді еңбекпен ұштастыру, соның ішінде қолөнер мен ауыл шаруашылық еңбегімен ұштастыру мәселесін көтерді, сондай – ақ білім беруді моральдық тәрбиелеуге байланысты жүргізуді, яғни оқыту арқылы тәрбиелеуді талап етті. Тәрбиенің негізгі мақсаты – қоғам өміріне белсене қатысатын жан– жақты дамыған адамды қалыптастыру деп білді. Моральдық тәрбиенің негізі – отбасында қалыптасады дей отыра, оны діни тәрбиемен байланыстырды.
Ал неміс педагогы Иоганн Фридрих Гербарт (1776- 1841 ж.ж.) «Тәрбие мақсаттарының негізіндегі жалпы педагогика» (1806ж.), «Психология оқулығы» (1816ж), «Психологияны педагогикаға пайдалану жөніндегі хаттар»(1831ж.), «Педагогика лекцияларының очеркі»(1835ж.) атты еңбектерімен танымал.
Ол тәрбиенің мақсатын этикадан шығарды. Өзінің этикалық теориясына сүйене отырып, тәрбиенің мақсат – адамдағы ізгілік пен жақсылықты қалыптастыру, бұл ізгілік пен жақсылықта мәңгі және өзгермейді деп тұжырымдады. Барлық тәрбие процесін төмендегідей үш салаға бөліп қарастырды, олар: басқару, оқыту, адамгершілік тәрбие.
Неміс педагогы Адольф Дистервег (1790–1866 ж.ж.) «Неміс мұғалімдерінің білімін жетілдіруге басшылық» (1835 ж.ж.) атты еңбегін жариялады. Бұл еңбектің бірінші бөлімінде педагогиканың және дидактиканың жалпы мәселелері, ал екінші бөлімінде әр пәндерді оқытудың әдістемесі қарастырылды . Халықтың тәрбие беру идеясын жақтады. «Педагогикалық жылдық» (1851 ж.) еңбегінде ағарту саясатын батыл сынады.
XIX ғасырдың 30 – 40 жылдарында Россияның педагогикалық ой– пікірінің
дамуында В.Г. Белинский (1811-1848 ж.ж.), А.И.Герцен (1812-1870ж.ж.),
Достарыңызбен бөлісу: |