Дидактиканың зерттеу пәні – оқыту мен оқудың себептері, барысы, нәтижелері. Зерттеу пәні аясына байланысты жалпы және жеке дидактикалар айқындалады:
Жалпы дидактика оқытудың жалпы заңдылықтарын, принциптерін қарастырады. Жеке дидактика жеке оқу пәнінің мазмұнын, барысын, түрі мен әдістерін зерттеуіне қарап оқыту әдістемесі деп аталады. Мәселен, қазақ тілін оқыту әдістемесі, тарихты оқыту әдістемесі және т.б.
Дидактика ғылым ретінде пән өрісінде әрекет ететін заңдылықтарды зерттейді, оқыту процесінің барысы мен нәтижесіне жағдай жасайтын тәуелділіктерді сараптайды, жоспарланған мақсат – міндеттердің жүзеге асырылуын қамтамасыз ететін әдістерді, ұйымдастыру формалары мен құралдарын анықтайды.
Дидактиканың алдында онымен тығыз байланыстағы басқа ғылымдардың (философия, әлеуметтану, саясаттану, мәдениеттану, педагогикалық психология, адам физиологиясы, нақты әдістеме, т.б.) жетістіктерін біршама тиімді пайдалануды қажет ететін мәселелер туындап отырады. Қайсы бір ғылым саласын алсақта, оның дамуы бір жағынан құбылыстың мәніне жақын белгілі бір тобын білдіреді, ал екінші жағынан сол ғылымның пәнін жасайтын ұғымның дамуымен байланысты.
Дидактиканың негізгі міндеттері төмендегідей :
1. Оқыту процесін түсіндіру, сипаттау және оны меңгеру,әрі оны жүзеге асыру жолдарын көрсету;
2. Оқыту процесін ұйымдастырудың тиімді жолдарын, әдістері мен тәсілдерін, жаңа технологиялық жүйелерді үйрету.
Оқыту процесі – қоғам дамуының әлеуметтік – экономикалық және саяси жағдайларымен, адамдардың әрекеттерімен, тіршілік қажеттіліктерімен , қазіргі заманғы ғылыми– техникалық прогрестің жетістіктерімен, сондай– ақ оқушы тұлғасына қойылатын талаптармен байланысты болып келеді.
Ең алғашқыда дидактика сөзін неміс педагогы Вольфганг Ратке (Ратихия) (1571–1635) оқыту өнерін белгілеу үшін қолданған. Осыған сәйкес «бәрін, барлығында оқытудың әмбебап өнері» мағынасында чех педагогы Я.А.Коменский 1657 жылы Амстердамда жарыққа шыққан «Ұлы дидактика» атты еңбегінде дидактиканы түсіндірді. XIX ғасырдың басында неміс педагогы И.Ф. Гербарт дидактикаға біртұтас және тәрбиелей оқыту деген ұғым қосты. Ратихия кезеңінен бері қарай дидактиканың маңызды мәселесі: неге оқыту, қалай оқыту, қашан, қайда, кімді оқыту және неге оқыту. Одан кейін де көптеген педагогтар XVIII ғасырда швейцариялық педагог Иоганн Генрих Песталоцци ( 1746–1827), Иоганн Гербарт (1776–1841), Адольф Дистервег (1790–1866) , сол сияқты XIX ғасырдың екінші жартысындағы орыс ағарту ісінің көрнекті қайраткерлерінің қатарынан бірінші орын алған Константин Дмитриевич Ушинский (1824–1870), қазақтың ұлы педагогы Ыбырай Алтынсарин (1841–1889), т.б. ғалымдар дидактиканың дамуына үлес қосты және шығармашылықпен дамытты.
Достарыңызбен бөлісу: |