9.3. Қазіргі қоғамдағы білім берудің жаһандану перспективалары
Білім берудің жаһандану перспективалары:
1. Әлемдік жаhандану жағдайында ұлттық білім беру жүйелерінің дамуы және интеграциялануының кезеңінде жастарға берілер білімнің мазмұнын ұлттық құндылықтармен, мәдениетаралық түсінік – пайыммен, ақпараттық жетістіктермен, тілдік (ана тілі мен шетел тілдері) байлықпен толықтыру.
2. Жастардың бойында қоғамның экономикалық және әлеуметтік саласына деген практикалық таным негізін қалыптастырып, өзінің, отбасының, достарының, айналасының, жалпы қоғамның әл – ауқатын ойлайтын жауапкершілігін сезіндіру.
3. Шыққан әлеуметтік тегіне қарамай, талантты да белсенді, білімді де ойлы жастарды толық қолдау арқылы қоғамның әлеуметтік икемділігін қамтамасыз ету қажет. Осы арқылы жас буынның ақылды, денсаулығы зор, рухани дүниесі бай, адамгершілікті, тәуелсіз жеке тұлғасын қалыптастыру көзделеді.
4.Білім мәдениеті мен қоғам алдындағы жауапкершілікке бағытталған кешенді іс – шараны жағымсыз нәрселерді (наркомания, бейәдептілік, т.б.) аластатуға бағыттап құру.
5.Білім – еркіндік пен таңдаудың көзі, әрі дем берушісі. Білімге әлеуметтік тапсырыс беруші – жалғыз мемлекет емес, мүдделі мекемелер, ойлы да іскер адамдар болуы тиіс.
Сондықтан мектептерде неғұрлым білім беру жүйелерінің дамуы және интеграциялануы таза, серпінді, шығармашыл, толыққанды болса, ол келіп құятын білім айдыны да сондай дәрежеден табылады. Нәтижесінде отбасында, қоғамдағы өмірлік құндылықтар жақсарып, сапалық көрсеткіштер жоғарылайды.
Орта мектептер жаһандану заманындағы білім экономикасының өзегі болып, еліміздің инновациялық дамуының қозғаушы күшіне айналады.
Бүгінде дүние жүзі мемлекеттері мен олардың білім жүйелері жаhандану үдерісіне үн қосып, бұдан әрі дамудың жаңа стратегиялары мен бағдарламаларын ұсынып отыр. Жалпы әлемдік даму бәсекелестікке негізделген. Білім саласындағы жаңа ойлар мен жаңалықтар – әлемнің бейбіт дамуының кепілі. Әрине, бұл дамудың және интеграциялануын уақыт пен жағдай анықтайтыны өз межесімен, өз бағамы аз емес екені белгілі. Сондықтан әлем айдынындағы тәуелсіз Қазақстан саясатта болсын, білім-ғылым ізденісінде болсын осы меже мен бағамның үдесінен шығуға бағыт ұстанғаны айдай анық.
Әр дамыған мемлекет жаһандану жағдайында ұлттық білім беру жүйелерінің дамуы мен интеграциялануы бәсекеге қабілеттілігі оның ғылыми әлеуетімен өлшенеді.Осы мәселе бойынша білім саласында инновациялық даму ұлтымыздың нанотехнологиясын және биотехнологиясын дамыту, білімге қызығушылығын дамыту мен тәрбиелеу.
Шетелдік тәжірибелерге сүйенсек, оқу процесін ұйымдастыру кез келген білімді басқару жүйесінің орталық тізбегі болып табылады, атап кетер болсақ, мектепке дейінгі, бастауыш, орта, арнаулы, жоғары, жоғарыдан кейінгі білім жүйесін дамыту. Қазақстандағы білім беру саласы әлемдік аренаға шыққан сайын, алған белестерге тұйықталмай, кезеңдік шектеушілікке бармай, сапа баспалдақтарынан өтіп, икемділікпен және академиялық ұшқырлықпен жұмыс істесе, білім беру жүйесінің дамуы мен интеграциялануы орындалатын және орындалған іске айналар еді.
Болон декларациясына қол қойған кез келген еуропалық елдің білім беру жүйесі жаһандану жағдайында төл халқының тарихына, мәдениетіне және рухани өміріне, ана тіліне сүйіспеншілік пен құрмет сезімін қалыптастыратын ұлттық ерекшелікке тән. Басқаша айтсақ, дамыған елдердің білім беру жүйесі – өз халқының нағыз патриоттарын қалыптастыруға негізделген. Осыған байланысты біз дүниежүзілік білім сахнасына бір жағынан әлемдік өркениетті байытатын, екінші жағынан ұлттық білім беру моделін жетілдіруге жаңа көкжиек ашатын, өзімізге тән мәдени және рухани құндылықтармен енуіміз қажет. Осыған байланысты біз мектеп жасына дейінгі мекемелердегі тәрбие мен білім саласының барлық деңгейіндегі мемлекеттік стандарттарда ұлттық ерекшеліктерге, яғни тек қазақ тілі және отандық тарихты оқыту ғана емес, сондай-ақ ұлттық фольклор, мәдениет және өнер, ұлттық салт-дәстүр, этнопедагогика, этнопсихология, қазақ халқының барлық рухани мұраларын зерттейтін тұтас бір пәндер жүйесін құратын ұлттық ерекшелікке негізделген білім стандартын қалыптастыруға баса назар аударуымыз керек.
Алдағы уақытта да заман талабына сай білімді әлемдік деңгейге жеткізудің бірден-бір жолы, бұл – инновациялық қызмет. Сол үшін әр ұстаздың алдында оқу мазмұнын жаңарту, өзінің шығармашылығын дамыту мен шеберлігін шыңдап, озық технологияны жетік меңгеріп, әр күнгі сабағына тиімді әдіс – тәсілді пайдалану, тәуелсіз еліміздің ертеңі саналатын – білімді ұрпақ тәрбиелеу міндеті болып табылады.
Бұл Елбасымыздың алға қойған міндеті, ол яғни заман талабына сай ғылыми техникалық білім қалыптастыру болмақ. Осы міндеттерді жүзеге асыру үшін мектептерде оқытудың тиімді жолдары мен әдіс – тәсілдерін іздестіру жұмыстары кең көлемде жүргізіліп келеді.
Қорыта келгенде жаһандану жағдайында ұлттық білім беру жүйелерінің дамуы және интеграциялануы, білім берудің жаңа үлгісінде іскерлік сипат байқалып, өз бетінше үздіксіз білім алуға ұмтылуды қалыптастыру және шығармашылық қабілетін дамыту, өз Отанына деген патриоттық сезімі жоғары, саналы озат, барлық жаңалықтарға жаны құштар азамат тәрбиелеуді мақсат тұтады.
Достарыңызбен бөлісу: |