Коммандитті (сенім) серіктестік – бұл серіктестіктің міндеттемелері бойынша өзінің бүкіл мүлкімен қосымша жауап беретін бір немесе одан да көп қатысушыларымен (толық серіктестермен) қатар, серіктестіктің мүлкіне өздері салған салымдардың жиынтығымен шектелетін және кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға қатыспайтын қатысушыларды (салымшыларды) да енгізетін серіктестік.
Коммивояжер – бұл тауарды тек қана сатып қана қоймай, сатып алушыға жеткізетін кәсіпкер – тұлға.
Конклюдентті іс-әрекеттер – тұлғаның үнсіз келісімге келуі.
Конкурстық өндіріс – несие берушілердің мөлшерлі талаптарын қанағаттандыру мақсатында, банкрот деп танылған борышкерге қатысты қолданылатын процедура.
Корпорация– акцияларды сату есебінен құрылатын экономикалық бірлік. Корпорация иелерінің қаржылық жауапкершілігі тек акционерлік капиталға салынатын салымдарының сомасына ғана таралады.
Қ
Қаржыландыру - ақшалай қаражаттардың қалыптасу үрдісін немесе кең мағынада – барлық капиталдың барлық түрлерінің қалыптасу үрдісі.
Қаржылық жоспар – бұл ағымдағы (бір жылға дейінгі) және ұзақ мерзімді (бір жылдан астам уақытқа) кезеңге ақшалай қаражаттардың түсуі мен жұмсалуын сипаттайтын жоспардың қортынды құжаты.
Қаржылық менеджмент - ағымдағы және стратегиялық мақсатқа қол жеткізу үшін кәсіпорынның шаруашылық қызметі үрдісінде пайда болатын ақшалай ағымдардың қозғалысын ұтымды басқару жүйесі.
Қор биржасы – ұйымдастырылған және тұрақты түрде қызмет ететін бағалы қағаздар нарығы.
Қосымша жауапкершілігі бар серіктестік – бұл қатысушылары серіктестік міндеттемелері бойынша жарғылық капиталға қосқан өздерінің салымдарымен, ал бұл сомалар жеткіліксіз болған жағдайда, енгізген салымдарының еселенген мөлшерінде, өздеріне тиесілі қосымша мүлікпен жауап беретін серіктестік.
Қызмет көрсету аясындағы бизнес – бұл өндірушілер мен тұтынушыларға алуан түрлі қызмет түрлерін көрсету бойынша қызмет. Дәстүрлі қызмет түрлерін: шаштараз, кір жуу және т.б. және іскерлік қызметтерді: консалтинг, маркетинг, инжиниринг және т.б. бөліп көрсетеді.
Л
Лизинг – жалға берушіде меншік құқықтарын сақтап қала отырып мүлікті ұзақ мерзімді жалға алуға негізделген инвестицияларды қаржыландыру тәсілі, машиналарды, құрал-жабдықты және көлік құралдарын орта және ұзақ мерзімді жалға алу.