музей экспозициясының ең бірінші бөлімі – «Абай дәуіріне» қадам басқан сәтте Сіздің көз алдыңыздан ашылған ұлылар мекенінің картасы – Абайдың атамекен, туған жерінің бағыт-бағдары.
Сіз рухына тәу етіп келіп тұрған ақын шаңырағы орналасқан Семей сонау он тоғызыншы ғасырдағы білім мен мәдениеттің ордасы, киелі жерге сапардың бастауы. Бодандық бұғауындағы елдің бір пұшпағы еді ол кезінде. Қараңғылық қапасынан жол іздеген алаш арыстарының еркіндік пен бостандық рухына толы мекен. Қаладағы бас мұражай, сонымен қатар, ұлы ақынның табанының ізі қалған қасиетті шаңырақ. Абайды қастер тұтқан зиялы қауым өкілдерінің бірі – ХIХ ғасырдағы орыс көпесінің үйі.
Қилы кезең.
Ойсыз жанға оңайырақ-ау өмір сүрген (Абай). Бізге, ең алдымен, Ұлы ақын өмір сүрген дәуірдің тыныс-тіршілігінен хабардар болмайынша, ақын мұрасын байыптай алу екіталай (М. Әуезов). Барша қазақпен бірге Ырғызбай ұрпақтары да отарлық бұғаудың азабын аямай тартты. Бірақ, алдағы заманның қазаққа қасірет әкеле жатқанын ұлттың Абай секілді біртуар тұлғалары ғана көре алды. Ұлы ақын У ішкендей мең-зең қалыпта, сырты – бүтін, іші толған дерт болатын. Қараңғылық пен надандық данышпанның жүрегін сыздатса, отаршыл империяның тақ сондай ұрдажық, ноқай әрекеті одан бетер жанына батады.
Сонда ел-жұртқа көмектесудің амалы қайсы? Құлдықта қаталаған халыққа қайтсе ауызына су тамызып, дәтке қуат етерліктей селбесуге болады?! Ақынның төрт мәрте болыс, екі рет би болып, ақ патшаның заңдарын ұлттық болмысқа жақындату үшін Қарамола және Көктұма ержелерін жазуы немесе оларға ұсыныс беруі де қиын заманда қандастарына қарлығаш қанатымен су сепкендей хәл. Бұған, айталық, «Қарамола» ержесіндегі ұлы ақын енгізген «күйеуі өлген әйел адамның, әмеңгері болмаған жағдайда бұрынғыдай екінші рет сатылуына» тыйым салатын, «барымташы ұсталған күнде, оның шығынын бұрынғыдай туыстары емес, оған ат берген, қолдау көрсеткен адамның есебінен өндіру туралы» қабылданған нақты баптар дәлел.
Сіздің назарыңызға келесі кезекте ұсынылатын Абай шежіресіндегі ұрпақтардың әр буынының байдың, қажының, яғни «тап жауының ұрпағы» ретінде көрмеген қорлығы жоқ. «Бізден бұрынырақ өмір сүрген аға буын бақыттырақ екен» (Құнанбай) деп тебіренеді Абайдың әкелері. «Көк тұман – алдыңдағы келер заман,/ Үмітті сәуле етіп көз көп қадалған» − бұл Абайдың өз сыры. Ақын ұрпақтары кінәсізден кінәсіз жапа шегіп, запыран ішті. Мәселен, «Турағұл Абайұлында 5-10 қара, 30-40 қой-ешкі бар екен. Бұл сол кездегі өлшем бойынша, тіпті орташа дәулеттінің санатына да жатпайды... Абай атамыздың асыл көзі Турағұл 1934 жылдың 6 наурызында 59 жасында қайтыс болып, кейін Шымкентте зауыт салынғанда зираты соның астында қалады» (Б. Ерсәлімов «Құнанбайдың қуғын-сүргін көрген ұрпақтары», Семей, 2005 ж., 23-бет).
Аяусыз тағдыр.
Еріксізден еріксіз өздеріне өздері қол жұмсауға барғандары да болды. Шәкәрім... жары Айғаншадан Ғафур, Қабыш, Ахат, Зият деген төрт ұл мен Жәкіш, Гүлнар есімді екі қызы болған. Бұлардың үлкені Ғафур мен оның ұлы Баязит отызыншы жылдардағы ел басына күн туған шақта қорлыққа шыдай алмай, өздеріне өздері қол жұмсайды. Ал, Қабыш болса, сол жылдары аштықтан көз жұмған. Қажының кенже ұлы Зият сол ашаршылық жылдары Шыңғыстау көтерілісі бұрқ ете қалғанда бірер серіктерімен Қытай асып кеткен.
Музейдегі Абай дәуірі туралы әңгіме одан әрі – «Шәкәрім», «Абайдың ақындық айналасы», «Абайтану», «Абай арманы» жайында сабақталады. Шәкәрімнің қазір қолда бар үш суретімен де осында таныса аласыздар. Олар кемеңгердің ақындықпен қатар саятшылық, бес саусағынан өнер тамған шеберлік және қоғам ісіне араласқан қайраткерлік еңбегінен жан-жақты мағлұмат береді. Ал, мына чемоданға 1961 жылы Шәкәрім қажының сүйегі салынған екен. Оған Ахат Құдайбердиев Құрқұдықтан аршып алған әкесінің сүйегін бөлеп, Бақанастан Жидебайға әкелгені мәлім. Чемоданның ұзындығы – 72 см, ені – 46 cм, ішкі жағында «Ленинград, 1952» деген жазуы бар. Қарауылда тұрған Кенжетілеу Доланбеков үйінің мүлкі. Оны Абай мүзейіне 2017 жылы Айдар Доланбеков тапсырған.
Абайдың ақындық мектебінің Шәкәрім бастатқан шәкірттері тағы кімдер еді?.. Абайдың тұңғышы Ақылбай, тағы бір ұлы Мағауия, ең адал досы Көкбай, шәкірттері Әріп пен Әсет, немересі Әубәкір Ақылбайұлы. Демек, Абайтанудың асқан білгірі Қайым Мұхамедхановтың рухына тағзым етер кез келді. Әуезовтің тапсыруымен Абайдың ақындық айналасын ізерлей зерттеп, алғыс естудің орнына Қайым аға адасқан қоғамда қуғын-сүргін көріп, жазықсыздан жазықсыз 25 жылға сотталып, түрме қапасының зардабын тартты. Бұдан соң, өзінің музей қорындағы хатында «АН-2» самолетінің ішін ұжмаққа теңеуіне таңдануға да болмас.
Ал, Абайды тану Алаш арыстары Әлихан Бөкейханмен басталып, Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, Міржақып Дулатов, Сұлтанмахмұт Торайғыровтармен жалғаса келіп, қазақ әдебиетіндегі жаңа сала, Абайтану ілімінің арқатірегі – ғұлама Мұхтар Әуезовке жол ашары түсінікті. Сондықтан ұлы ақынның өмірі мен шығармашылығын танып, білу кезеңдерінің Мұхтар Омарханұлының есімімен үкіленуі де заңды болса керек. Жиырма жасында Ойқұдықта Қазақ театрының кіндігін «Еңлік-Кебек» спектаклімен кескен де, «Татьянаның қырдағы әнімен» болашақ «Абай жолына» қадам басып, оны жаһанға танытқан да, «Абай Құнанбаев» секілді монография жазған да басқа емес, әлемнің Әуезові!
Абай қазір дүние жүзіне танылды. Елбасы осыдан ширек ғасырға жуық уақыт бұрын, егемендігіміздің елең-алаң шағында, ұлы ақыннның 150 жылдық салтанатында Абай туралы «Жан иесі жарыққа талпынбай тұра алмайды... халқына қамқор, ұлтына жанашыр болам деп жүріп, күллі адамзатқа мейірбан гуманистік өреге көтерілді»-деп атап көрсетіп, мерейтойдың әлемдік деңгейде атап өтілуіне тікелей қамқор болса, одан кейін де Семейге жолы түскен сайын ақын рухына тағзым етумен келеді (Н. Назарбаев «Абай туралы сөз»). Республика Президенті осыдан екі жыл бұрын алты алашты зор серпіліс туғызған еңбегінде «Абайдың даналығы, Мұхтардың ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күйлері – бұлар бабалар үнінің бір парасы» деп ұлылар рухына бас иіп, (Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласынан), күні кеше «Ұлы дала Әл-Фараби мен Ясауи, Күлтегін мен Бейбарыс, Әз-Тәуке мен Абылай, Кенесары мен Абай және басқа да көптеген ұлы тұлғалар шоғырын дүниеге әкелді» - деп зор мақтан етеді («Ұлы даланың жеті қыры» мақаласынан).
Бүгінгі тәуелсіз Қазақ елі де, Ұлы Абайдың және барша ата-бабаларымыздың аңсаған арманы болатын. Елбасы Абай шаңырағына сыйға тартқан «Тағзым» кітабына «Абай мұражайы құтты болсын! Абай арманы орындалып, еліміз бақытқа жетсін!» деп естелік қалдырған екен.
Сондықтан Абай шаңырағының түйінді сөзінің айтылар тұсы да осы «Абай арманы» экспозициялық көрме залы. Абай туралы әңгіме, әлбетте таусылмақ емес. Ал, біз соның Алғысөзін ғана айттық. Сіздердің Абай мұрасымен жүздескендеріңізге әрқашан қуаныштымыз. Келіңіздер, хәкім Абай сөзіне құлақ салыңыздар, жан иесінің Жарыққа – Абай сәулесіне талпынуы адамдық парыз.
Абай шырақшылары атынан − Болат Жүнісбекұлы,
Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекттік
қорық-музейінің директоры.
«ДИДАРДЫҢ» ҚОНАҒЫ: БОЛАТ ЖҮНІСБЕКОВ,
АБАЙДЫҢ «ЖИДЕБАЙ-БӨРІЛІ» МЕМЛЕКЕТТІК
ҚОРЫҚ-МУЗЕЙІНІҢ ДИРЕКТОРЫ
«АДАМ МЕН АР – ЕГІЗ ҰҒЫМ»
Кешегі қиял – бүгінгі шындыққа айналғаны қашан. Бұрындары адам баласының көкке құстай самғауы санадан тыс мифологиямен тең-тұғын. Қазір адамзат ғарышты игеріп қана қоймай, Марс ғаламшарына көшудің қам-қарекетін ойластыруда. Уақыт өткен сайын жасырын дүниенің құпиясы ашылып, жұмбақ атаулының сиреп бара жатқанын байқаймыз. Бірақ осы технократиялық заманда плюралистік идеялардың алға шығуы біраз нәрсені аңғартса керек. Бұл бірінші кезекте ұлттық бірегейлікке қатысты. Өтпелі кезеңде қазаққа мұтылмау үшін қайтпек керек?
Міне, осы тақырыпты Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, саясаттанушы, Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейінің директоры Болат Жүнісбековпен бірге қаузаған едік.
Өркениетті қоғамда сана бірінші тұрады
- Бүгінгі технологиялық революция дәуірінде құндылықтар өлшемі өзгерді. Сананы тұрмыс билеген заманда, рухтың жұтаңдайтыны рас. Ал адамның жан сарайын байытуда, мәдениеттің орны әсте бөлек. Қазіргі музейлердің қоғам алдындағы рөлі қандай?
- «Сананы тұрмыс билеген заманда» дегенге өзгерту енгізгім келеді. Студент кезімізде сабақты нашарлау оқып жүрсек немесе кейін еңбекке араласқан жылдарымызда, жас журналистпіз, сонда жазған дүниеміз дұрыс шықпай жатса, осының бәрінде «сананы тұрмыс билейді» деп әзілдеп, қалжыңдаушы едік. Бұл - Маркс, Энгельс және Лениннің ілімімен көзін ашқан, компартия тәрбиелеген, сол кездегі замандастарым үшін қалыпты жағдай. Біздің бар білетініміз материалистік ілім болды. Материя бірінші, сана екінші орында деп үйретті бізді. Шын мәнінде, өркениетті қоғамда тұрмыс сананы билей алмайды. Қарны аш, жүдеп жадаған ортада адам тұрмыстың құлына айналады. Ал дамыған мәдениетті қоғамда сана бірінші кезекте тұрады. Ұлы Абай мен Шәкәрім де сананы алдыға қойған. «Жан - негізгі билеуші, тән – терезе», - дейді Шәкәрім. Яғни тән – терезе болса, соның барлығын жан басқару керек деген қорытындыға келеді. Осы жағынан келгенде, еліміздің өткен шежіресінің бір-бір кірпіші сияқты музейлердің алатын орны ерекше. Оны толық елестету үшін бір ғана Абай музейіне келу арқылы XIX ғасырдағы Абай заманымен танысуға болады. Хакімнің дәуірі қазақтыңотарлыққа белшесінен батып, құлдық бұғаудың алқымнан аяусыз қысқан кезі. Хандық билік жойылып, аға сұлтандық енгізіледі. 1868 жылғы реформада қазақ жері алты облысқа бөлінді. Болыстық билеудің дәурені жүрді. Бұл қазақты бір-біріне айдап салудың кезеңі еді. Осы туралы Абай «Көк тұман - алдыңдағы келер заман» атты өлеңінде толғанған. Сондықтан музей ел тарихын тануға септесетін бірден-бір орын деп ойлаймын. Мәселен, бізде Абай, Шәкәрім, Мұхтар, Көкбай, Шәкір Әбенов сынды халық ақындарының мұрасы арқылы кез келген жан көзін ашып, ұлттың өткен жылнамасынан мағлұмат алады.
- Абайдың қорық-музейі Шығыстағы ең ірі мәдени ошақтардың бірегейі. Оның аймақтағы бөлімшелерінің жұмысы біріздендірілді ме?
- Мұражай 1940 жылы Абайдың 95 жылдық мерейтойына орай ашылды. Оның қайнарында кемеңгер жазушы Мұхтар Әуезов пен ғұлама ғалым Қаныш Сәтпаев сынды ұлы тұлғалар тұр. Содан бері музей үнемі даму жолында. Келер жылы құрылғанына 78 жыл толады. Бұл аралықта оның жаңғыруына бірнеше ұрпақ маңдай терін төкті. Әсіресе, алғашқы директоры болған, көрнекті абайтанушы Қайым Мұхамедхановты ерекше айтуымыз керек. Оның Абайдың ақындық айналасы, текстологиясы жөніндегі зерттеулері шын мәнінде абайтануға қосқан зор үлес болып табылады. Қазір музейдің сегіз бөлімі бар. Семейден шыққаннан, сонау Үржар ауданындағы Мақаншыға дейінгі аралықты жүріп отырса, алдымен Мұхтар Әуезовтің Бөрілідегі мұражайымен таныстырады. Одан ары Жидебайда Абайдың музей-үйі, Шәкәрімнің «Саят қорасы», осылай жалғаса келіп Мақаншыдағы Әсет Найманбайұлының мұражайымен тәмамдалады. Бұлардың барлығы Абайдың «Жидебай-Бөрілі» қорық-музейінің құрамында болғандықтан, ортақ жоспармен жұмыс істейді.
«Ар ілімі» адамзатқа ортақ
- Биыл Абайдың ақындық мектебінің көрнекті өкілі, Алаш арысы Шәкәрім Құдайбердіұлының 160 жылдығы аталып өтті. Ұлт қайраткерінің есімі лайықты деңгейде ардақталды ма?
- Былтыр Тәуелсіздік мейрамына орай 14 желтоқсанда «Әрқашан ұмытылмасқа» деген Шәкәрімге арналған үлкен көрме ашылған еді. Бұдан кейін Shakarim.kz атты сайт іске қосылып, жұмыс істеп тұр. Шәкәрім университетімен бірлескен ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылды. Тағы бір атқарылған үлкен шаруа - Жидебайдағы Шәкәрімнің «Саят қорасы» экспозициясы музей болып жаңғыртылды. Бұрын жаздың аптап ыстығында және қыстың қытымыр аязында онда аялдау қиынға соғатын. Осы ескеріліп, жылу жүйесі тартылды. Қазір ол үш экспозициялық залға қанат жайды. Қабырғасы саз балшыққа ұқсас, Шыңғыстағы түпнұсқадан айнымай қалды.
- Шәкәрім философиялық трактаттарында «Ар іліміне» ерекше тоқталған. Алаяқтар мен жемқорлар саңсыған бүгінгі кезеңде де «Ар» мәселесі өзектілігін жоймағандай. Бұл туралы не ойлайсыз?
- Кеңестік дәуірде қазіргідей еркіндік болған жоқ. Қазақ өзінің тілін, салт-дәстүрін жоғалта бастаса, Наурызды тойлауды қоятын болса, үлкендерін сыйламаса, онда ол - ұлттың жойылғаны. Сол жойылудың аз-ақ алдында ғана тұрды. Біздің тіліміз театрлардың сахналары мен әртістердің көмейінде ғана қалған жағдай болды. Жаратушының мейірімі түсіп, 1991 жылы Тәуелсіздікке қолымыз жетті. Бірақ 90-шы жылдарда басталған дүрбелең, сол кездегі жас ұрпаққа «Ар ілімін» оқымақ түгілі ойлануға мұрсат бермеді. Қарапайым ұяттың өзі жоғалды. Атеистік идеологиядан арылмаған қоғам болды. Өзімнің түсінігімде - адам мен ар деген егіз ұғым. Адамның хайуаннан айырмашылығы - сана мен ар-ұятта.
- Бәлкім қызметке қабылдамас бұрын, «Ар ілімі» бойынша үміткерлерден сынақ алу керек шығар? Бұған қандай ой қосасыз?
- Шәкәрімді «Ар ілімін» ұлтқа жеткізуші деп білемін. Шын мәнінде, «Ар ілімі» адамзатқа ортақ. Немістің немесе орыстың ар-ұяты деген жоқ. Басқаға зиян келтірмеу керек. Мұқағали айтады: «Тіпті көлеңкеңді де түсірме басқаға». Адам неғұрлым ғылым мен өнерге ден қойса, сонда ғана арды жоғары ұстайды деп есептеймін. Сонымен қатар ар-ұяттың қайнары ана тілде жатыр деген пайымға келемін. «Ар ілімінен» емтихан алу қалай болатынын білмеймін, алайда ана тілін әркім білуі тиіс. Өйткені өз тілінен бейхабар адамдардың ойлау қабілеті де басқаша бейтаныс, яғни жат.
- Алаш жұрты 70 жыл қызыл империяның бұғауында болды. Тәуелсіз ел болғанымен сананың құлдыққа байланғанына 30 жылға таяды. Санадағы шегенделген шекараны бұзуға Абай септесе ала ма?
- 90-шы жылдан бері елжанды азаматтар «Отарсыздану туралы» Заң керек деп мәселе көтеріп келеді. Өйткені қазір жер атауларына қатысты бірқатар мәселе қозғалып жатыр. Мәселен, Семей мен Өскеменнің ортасында елді мекендердің атауы Привольное, Азовское, Таврическое, Макеевка, Донское, Саратовка, Отрадное, Украинка және Герасимовка деп жалғасып кете береді. Сонда бұл жерлердің байырғы атауы болмаған ба? Санап шықсам, 11 елді мекеннің атауы көмескіленген екен. Мұны Қасым Қайсеновтің мерейтойына бара жатқанда байқадым. Отарсыздану дегенде, жер атаулары, тіл және ұлт мәртебесі жеке-жеке қаралу керек деп есептеймін. Тарихқа зер салсақ, халқымыз өткен ғасырдың 17-ші, 30-шы және одан арғы жылдары талай нәубетті басынан өткізді. Содан болса керек, ұлтымыздың бойында «үрей синдромы» пайда болды. Әбден азапқа салынып, тар жол, тайғақ кешкен халықта қорқыныш болмай қайтсін. Ал енді тәуелсіздікке жетіп, жеке ту тіккенде, кейбір ел азаматтарының іс-әрекеті ақылға қонбайды. «Бұл - біздің тарихымыз» дейді. Бірақ тарих екен деп, қазаққа зиян деректерді қайта қозғаудың не қажет бар?! Келешекте адам факторы алдыға шығады. Яғни, адамды сыйлау керек. «Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең – істің бәрі бос», - деп Абай бекер айтпаған.
«Абай сөзінің сәулесі»
-Қарымды қаламгер екеніңіз оқырмандарға мәлім. Оған қолыңыздан шыққан «У» - роман-эссесі, «ОтАсу» роман-дилогиясы, «Шуақ» новеллалар мен әңгімелер жинағы, «Алаш - АЛЖИР» екі томдығы және орыс тіліндегі «Неповторимое многоцветье» кітабы дәлел. Енді қандай туындымен оқырманды қуантпақсыз?
- «Абай сөзінің сәулесі» деген кітапты жазып жатырмын. Алатауда 4010 метрлік Абай шыңы бар. Осы шыңға жерден тұрып көз жеткізудің өзі қиын. Ал абайтанудың шыңына жету - оңай шаруа емес. Сол себепті алдымен Абай сәулесін ұғу қажет. Оның сәулесі біздің санамызда. Ұлы ақынның әрбір сөзінен біздің санамыз ашыла түспек. Абай көкірегіміздегі қараңғылыққа жарық түсіреді. Сондықтан «Абай сөзінің сәулесі» ойландырады мені.
- Владимир Познер өз хабарында Марсель Прустың сауалнамасына жүгінетіні белгілі. Осы ретте өзіңізге Шәкәрімнің «Білімділерге бес сауалын» жолдауды жөн санадық. Жауаптарды қысқаша қайырсаңыз?!
- Алланың адамды жаратқандағы мақсұты не?
- Адамсыз тіршіліктің мәні болмас еді. Бірақ адам тіршіліктің бір түйірі ғана. Сондықтан қоршаған ортаны құрметтеуі және үйлесімді өмір сүруі тиіс.
- Адамға тіршіліктің ең керегі не үшін?
- Бізден өмірге келу мен келмеуді ешкім сұрамайды. Ұлы Абай айтпақшы: «Ақыл, қайрат, жүректі» басшылыққа ала отырып, жұмыс істеу керек. Алайда екеуіне жүректің төрелік еткені ләзім.
- Адамға өлген соң, мейлі не жөнмен болсын, рахат-бейнет (сауап-азап) бар ма?
- Әлбетте, жақсылық та, жамандық та алдан шығады. Өзің ғана емес, ұрпағына нұры немесе сұғы тиеді.
- Ең жақсы адам не қылған кісі?
- Адам екенін ешқашан естен шығармаған Адам.
- Заман өткен сайын адамдардың адамшылығы түзеліп бар ма, бұзылып бара жатыр ма?
- Өте қиын сауал. Қазір адамшылық пен астамшылық айқасы жүріп жатыр. Кім жеңеді, уақыт көрсетеді.
Сұхбаттасқан: Жақсылық Мұратқали
Шығыс Қазақстан Облыстық "Дидар" газеті
Болат Жүнісбеков,
Абайдың «Жидебай-Бөрілі»
мемлекеттік қорық-музейінің директоры
Б А С
(э с с е)
Туған Семейіме ширек ғасырдан соң қайтып оралған алғашқы күндері-ақ оны іздегенмін.
Ұстазды...
Қайым ағаны.
Көзкөргендер «елге келулеріңмен» деп құттықтап, тілекке тілек қосады, жігерге қанат байлайды. Рас, атамекенге не жетсін, бірақ алаш азаматы үшін қазақтың барша жері бірдей қымбат. Ұлы Абай сонау он тоғызыншы ғасырдың аумалы-төкпелі кезеңінде-ақ «Адамзаттың бәрін сүй бауырым», бірақ «Біріңді, қазақ, бірің дос,/ Көрмесең істің бәрі бос» деп ұлағат айтады.
Сондықтан «бүкіл Ұлы даланы жерім» деп білетін, ал Семейіме оралғанда ең алдымен Абай рухын іздеген мен үшін Ұлы ақынның, оның немере інісі, кемеңгер Шәкәрім мен ғұлама Мұхтар Әуезовтің ескерткіштеріне тағзым жасаған соң, абайтанудың алыбы – Қайым Мұхамедхановқа «жолығып, батасын алу» парызым еді.
Алғаш, жиырма жасымда марқұм досым Асқар Қайыртайұлы екеуіміздің арнайы сәлемдесіп, ақыл-кеңес сұрай барғанымыз күні бүгінгідей есімде. Ол – 1980 жылдың ақпан айы еді.
Ұстазды біз лекциясын аяқтағанын күтіп тұрып, аудиториядан шықпай жатып орнынан басқанбыз. Жарыса амандасып, өз жөнімізді айтқан соң, ол үстеліне қайта жайғасты. Жолынан бөгегенімізге қабақ шытпаған қалпы әңгімеге ықылас танытты. Өзімнің ҚазМу-дің журналистика факультетінің соңғы курсында оқитынымды, диплом жұмысымның тақырыбы «Мұхтар Әуезовтің Ұлы Отан соғысы жылдарындағы публицистикасы» екенін тезбе-тез айтып шығып, негізгі өтінішімді білдірдім:
Аға, ұлы Мұхтардың сарқытын ішкен шәкірттерінің бірі ретінде диплом жұмысыма қажетті материалдарды қайдан іздеуіме ақыл қоссаңыз екен?
Әдебиетші ғалымға әдеби тілмен жеткізгім келген сыйқым ғой, «сарқытын ішкен» сөздеріне екпін бере айттым. Ұстаз аузымды ашқаннан-ақ жымия бастаған. Бірден жауап қатпай, бөгеле берді. Мен болсам, «бүлдірдім-ау», «шаруам енді бітпейтін болды» деген өкініште отырмын. «Әлде сарқытын текке ішкіздім бе, қанша ұлы болса да басқаның қалдығын қаужағанның несі жақсы» деп іштей қипақтай бастадым.
Бірақ, зиялы азаматтың жымиысында кекесін де, зіл де жоқ екен. Сырттай қатал көрінетін, тіпті «Абай мен Әуезовтің асыл мұраларына ешкімді де жолатпайды» деп еститін ғалым аға жомарттық көрсетті. Алдымен Әуезовтің сол тұстағы жиырма томдық таңдамалысын, сосын соғыс жылдарындағы республикалық, жергілікті«Екпінді» (қазіргі «Семей таңы»), тіпті сол кездегі Жаңсемей аудандық «Ертіс оттарын» қарайтын болдым. Үмітпен барғанда, еңсең басылып, бетің қайтпағаны ләзім. Мен де, серігім Асқар да разы едік.
Сонымен М.Әуезовтің Ұлы Отан соғысы жылдарындағы публицистикалық мақалаларын майдан және тыл тақырыптарына жіктей отырып, оларды «Қаһарлы сөз қамал бұзар...» (майдан тақырыбы) және «Бәрі де майдан үшін...» (тыл тақырыбы) деген айдарлармен үкілеген едім. Университетте үздік қорғаған диплом жұмысы кандидаттық диссертацияның тақырыбы ретінде бекітіліп, қазақ білімінің қара шаңырағына ассистенттік жұмысқа конкурс арқылы өттім... бұл енді өз алдына жеке әңгіме.
Қайым ағаның қамқорлығын өз басым алғаш осылай сезінген едім. Бір ауыз жылы сөзі мен бағыт-бағдары жастық жігеріме қанат байлаған. Енді, міне туған Семейіме қайта оралғанда тым құрыса хакім Абай мұрасының асқан білгірінің рухына тағзым жасау інілік борыш екені түсінікті. Қайым ағаның зиратын оңай таптық, ал ескерткішіне жалғыз келгендіктен алғашқыда бірден таба алмадым. Бір қызығы, айтқан жерге келгеніммен, ескерткіштің өзін көре алмай дал болдым.
Иә, әуелгіде Достық үйі жағынан келген бетте ескі ғимараттың іргесін айнала бере Абай кітапханасының алдынан бір-ақ шыққанмын. Кері айналғанда ғана барып аңғардым. Бірден байқамауым заңды екен. Сөйтсем... мен ұстазды жерден, кәдімгі пенделердің арасынан іздеп жүр екенмін. Мұхамедхановтың сом тұлғасын үйреншікті ескерткіш ауқымына сыйғызу екіталай болса керек. Оның үстіне, ескерткіш атаулының сом тұғыры болушы еді, ал мұның көпшіліктің көзі үйренген тас тұғыры да жоқ.
Бас... көкке шаншыла көтеріліпті.
Аспанда тұр.
Алғашқы әсерден жүрегім шым ете түскен. Найзаға, оның бірнешеуін қабаттай жалғаған найзаға шаншылған бас. Бұл ескерткіш туралы пікірлердің де біржақты емесін білемін. Оларға төрелік айтудан да аулақпын. Бірақ, жаңағы сәтте санамдағы тұман бірден сейіліп қоя берді. Асылы, өнер деген басқа ештеңеге ұқсамауымен, яғни қайталанбас қасиетімен дараланса керек. Көшірменің несі өнер!? Ал, ешкімге ұқсамайтын тағдыр иесінің ескерткіші де өзгеше болса керек.
Бас...
Ол шын мәнінде нағыз ғалым емес пе?! Абайтануда Әуезовтен соңғы тұлға Қайым екені аян. Мұхтар Омарханұлы айтпақшы, «адам мен адамды теңестіретін нәрсе–білім». Ал, адам баласының тәжірибесі арқылы жинақталған мол білімнің мекені Бас пен адам ағзасы.
Өзгеше шешім... авторы кім болды екен?
Қызыл диктатура талай мәрте найза кезеген бас. Әйтеуір, Алланың әмірімен жалғанға жарық түсірген Бас. Ол не көрмеді. Туғанынан бастап, алдымен алаш арыстарына тілектес әкесі.... «қызыл қасаптың» құрбаны болды. Ұстазы Мұхтардың ақылымен Абайдың ақындық айналасын, сөз зергері шәкірттерін түгендеймін деп жүріп, өзі де сол «қызыл найзаның» нысанасына айналған. Ердің еңсесін басып, жыға алмаған тоталитарлық тажал Қайымды жиырма бес жылға темір торға тоғытқанын білеміз.
Қайыспады Ол.
Еңкеймеді Бас.
Ұстазына да, өзгеге де кір жуытпады. Тергеу үстінде алды-артын орағытып, майлы қасықтай жылмаң қаққан тергеушінің қақпанына түспей, діңкесін құртқаны анық. Алайда, азаптың аты – азап. Жарым Тоғжан ардақты Баян әкемізден қалған қағаздардың арасынан тауып алған Қайым ағаның хаты соған айғақ. Онда ғалым аға күркедей ғана «Ан-2» самолетінің ішін түрме тозағымен салыстырғанда ұжмаққа теңейді. Осыдан-ақ абайтанушы ғалымның тартқан тақсыретін сезінуге болады. Сол сияқты маған қоғам қайраткері, ауыл шаруашылығының академигі Мұқатаев Амантай аға әкеп тапсырған Қайымның хатынан да ғалымның отқа жанған еңбегінен хабардар боламыз. Қамауға алған кезде «халық жауының» қағаздарын НКВД жалдаптары түгел сыпырып алып, ұшты-күйлі жоғалған екен.
Қарлагтан оралған соң, Қайым аға заманның түзелгенін күтпестен қайта майданға түсті. Мақсатына жетті: Абайдың ақын шәкірттері өмірге оралып, елімен қуана қауышты. Шәкәрім Құдайбердіұлы боп, Көкбай Жанатайұлы боп және Ақылбай мен Мағауия боп....
Ғалым аға рухымен алғашқы жүздесуден соң, ескерткіштің авторы Оразанбаймен өзімнің алғашқы әсерім, ескерткішті көргенде жанымның қалай түршіккені туралы ой бөліскенмін. Әрине, авторды ренжітіп алмауға тырыстым «найзаға шаншылған бас» деген ұнай қояр ма екен?
Баяғы сол Қайым ағаның жымиысын көрдім. Бұл да жауап қайтаруға асықпады. Образға кірігіп кеткен бе дерсің, тіпті. Бірақ, оның өзі де ескерткіштен тап осындай әсерді күткендей.
Енді екеуіміз де ағымыздан жарылғанбыз.
Әй, Оразанбай-ай, бүйтпесең «шайқы» болармысың. Жүрегің қандай сезімтал еді! Қайталанбайтын тұлға келбетін осындай өзгеше тұрпатты... неге бөгелдім, әлде мен осы мен «қайталанбайтын» теңеуін Оразанбай шайқыға қимай отырғаннан саумын ба?
Тап солай.
Бірақ, шындығына келсек, қайталанбайтын тұлғаны, құрышқа көшіру үшін де шебер өзгеше мінездің, яғни қайталанбайтын мінездің иесі болуы керек секілді. Әрине, ондай мінезбен елге жаға беру қиын, тіпті мүмкін емес. Мәселе, сонда, жаңағыдай қисық мінезді өнер иелері өтірік жалбақтауды білмейді. Көргенін ашық айтады және өзгеше көру мен тану тән оларға. Ал, баршаға жағу мүмкін де емес, қажет те емес.
Өзгеше мінезден ғана өзгеше өнер туады. Олар қоғамға да, айналасына да жайсыз. Бұл үшін, бірақ, жаралғанда жабысқан мінезді қалайша жазғырарсың. Ол табиғи мінез өтірік жалбақтауды білмейді, ал дұрыс арнаға бағыттай білсе, бір-бірінен аумайтын пенделерден әлдеқайда пайдалы.
Ескерткіш Қайым ағаны аспандатып, оның авторымен тағы бір жолыққанша асықтыра түскен.
Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру
Болат Жүнісбеков,
Абайдың «Жидебай –Бөрілі»
мемлекеттік қорық-музейінің директоры.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н. Ә. Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты тарихи-танымдық, тағдырлық-кезеңдік еңбегінде «біздің санамыздың ісімізден озып жүруінің» маңызына ерекше назар аудара келіп, рухани мәдениетіміздің бір парасы – «Абайдың даналығы, Әуезовтің ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күйлері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні» деп ардақ тұтады.
Ұлы даланың рухани қазынасына қамқорлық, әсілі Елбасымыздың берік ұстанымы болып табылады. Осыдан жиырма жылдан астам уақыт бұрын, Абай (Ибраһим) Құнанбайұлының 150 жылдық торқалы тойында республика басшысының «Өз халқын «жұрт болсын, өссін, өнсін» дейтін әрбір азамат әуелі Абайды оқысын, Абайға құлақ ассын» деген аманаты ұрпақтан ұрпаққа ауысар мәңгілік ұлағат.
Хакім Абайдың адамзаттық құндылықтардың асыл қорын байытқан жауһар шығармаларын азат ой-санамен тағы бір зерделесек, қызыл империяның қазақты қасақана ашаршылықпен, саяси қуғын-сүргінмен қырып-жойып, оның біртуар ұлдарын жалған жаламен атып-асып, қапасқа салғаны аздай, ұлттық жадымызды қалайша жүндей түткеніне еріксіз қайран қаласыз. Диктатура халқымызды бұрынғыдан бетер басып, жаншып, тұқыртып ұстау үшін, небір сұрқия амалдарға барды: бізден өткен надан, сауатсыз жұрт бұрын-соңды болмағандай, тіпті ұлы ақынның қараңғылықтың көгінен «жарқырап, ұйқыдан көңіл ашар» өсиет сөздерін де «қайран қазағына» қарсы пайдаланды.
ҚАЗАҚҚА ЕМЕС, ҚАРАҢҒЫЛЫҚҚА ҚАПАЛЫ
Ұлы Абай мұрасын қызыл билік қалай бұрмалаған еді?
Замана көшінде туған халқымыздың төл мәдениеті мен өнері, ұлттық рухы мен қайсар намысы өз тұсындағы өзге жұрттың ешқайсысынан да кем емес, қайта бірқатарынан биік тұрғаны ақиқат. Ұлы дала елінің жасампаз рухы – батыр әрі мейірімді, еңбекшіл әрі жомарт ата-бабаларымыздың сан ғасырлық жеңістері мен жеңілістері нәтижесінде шыңдалған қайратты ақыл мен озық сананың жемісі екені кәміл. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында айтылғандай, біздің баршамыз халқымыздың «...тағылымы мол тарихы мен ықылым заманнан арқауы үзілмеген ұлттық салт-дәстүрлерін алдағы өркендеудің берік діңі ете отырып, әрбір қадамын нық басуын, болашаққа сеніммен бет алуын» қалайтынымыз анық: «Біріңді, қазақ, бірің дос/Көрмесең, істің бәрі бос» (Абай).
Еліміздің өткен жолында қызыл империяның жымысқы саясатының сойқанды іздері сайрап жатыр. Ата тарихтың, туған тіл мен ділдің, салауатты салт-дәстүрдің қапасқа салынып, одан қала берді Кеңес билігінің қажетіне қарай илеуге түскенінің куәсіміз. Тіпті, ұлы ақын мұрасы мен М. Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясы да шырғалаңға түскені аян. Бірақ, ғұлама суреткердің диктатураның көзін алдау үшін шебер қолданған көркемдік әдістерін көретін көз – соқыр, саралайтын сана тұманды еді.
Соның салдарынан егемен ел болғанымызға ширек ғасыр өткен соң да әлемнің Әуезовінің ғажайып қаламынан титтей де жапа шекпеген дала данышпаны Құнанбайдың бейнесі туралы «авторға заман айтқызбады», немесе «қазір жазса, басқаша жазар еді» деген сәуегейлік тоқтамауда. Ақиқатына келсек, ұлы дүниелер, яки шығармалар бір-ақ рет дүниеге келеді. Олар заман ызғарынан түршіксе де, алған беттерінен түңілмейді. Нағыз өнер сол өнер мұратына қашанда адал: Әуезов те саясат көзін шебер байлап, өз дегенін айта да, жаза да алған. Сондықтан «Абай жолы» сол қалпында мәңгі әрі елімен бірге жасай беретін асыл мұра.
Диктатура Абай шығармаларын да аяусыз бұрмалады: дана ақынның туған еліне қарата айтқанымен, барша Адам баласына арнаған, надандық пен қараңғылықты сынаған өсиет сөздерін әспеттеген бола отырып қазақ ұлты өзге жұрттан төмендетіліп көрсетілді. Қазақтан өткен қараңғы халық жоқтай, күллі адам баласына тән надандықты бетімізге басып, бізді мәдениетке бастаған, жеткізген, сөйтіп көсегемізді көгерткен Кеңестер өкіметі дәріптелді. Дүние жүзіндегі ұлттар мен ұлыстардың өзара қанаттас тірлік кешіп, бірін-бірі толықтыра отырып өсіп-өркендейтіні есепке алынбады. Ал, Абайдың қазақты емес, ең алдымен қараңғылықты сынағаны кәміл.
Қазірдің өзінде біздің халқымыздың берекелі бастауы – ауыл мәдениеті көршілерімізден артық болмаса, одан қылдай кемшін табу мүмкін бе?! Демек, ұлы ақын аманатын, біріншіден, оның жалпы надандыққа, яғни иісі адам баласының қараңғылығына арналғаны тұрғысынан, ал екіншіден, сол адамзатқа ортақ кемшіліктерді туған қазағының бойынан көргендегі жан ашуы ретінде қарастыру орынды.
Хакім Абайдың ұйқысын қашырып, жүрегін сыздатқан ұлы уайымы да, әлбетте қарындастарының талайы тағдыры еді. Алты алаштың дана перзентінің бар мақсаты «...тіл ұстартып, өнер шашпақ,/Наданның көзін қойып, көңілін ашпақ»:
Жүректе қайрат болмаса,
Ұйықтаған ойды кім түртпек?
Ақылға сәуле қонбаса,
Хайуанша жүріп күнелтпек.
х х х
Көзінен басқа ойы жоқ,
Адамның надан әуресі...
Наданның көңілін басып тұр
Қараңғылық пердесі .
Алайда, «іші өлген, сырты сау» ақынның жанына айналайын қазағының ғана емес, Аллатағаланың барша пендесінің қараңғылығы мен надандығы батады: «Ей, жүрегімнің қуаты, перзентлерім!.. адамның адамдығы ақыл, ғылым деген нәрселерменен... Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар. Сонан қашпақ керек: әуелі – надандық, екіншісі – еріншектік, үшінші – залымдық деп білесің» (отыз сегізінші сөзінен). Демек, «Сәулең болса кеудеңде,/Мына сөзге көңіл бөл»:
Біреуден біреу артылса,
Өнер өлшеніп тартылса,
Оқыған, білген –білген-ақ,
Надан – надан-ақ, сан қылса.
х х х
Білгенге маржан,
Білмескке арзан,
Надандар бәхра ала алмас.
Ақын өлеңдері мен «Ғақлиясын» одан әрі оқи бастасақ, тағы да Абайдың өсиет сөздерінің, ең алдымен, барша адам баласына арналып отырғаны айдан анық: «Адам баласы жылап туады, кейіп өледі. Екі ортада, бұ дүниенің рахатының қайда екенін білмей, бірін-бірі аңдып, біріне-бірі мақтанып, есіл өмірді ескерусіз, босқа, жарамсыз қылықпен, қор өткізеді де, таусылған күнде бір күндік өмірді бар малына сатып алуға таба алмайды» (төртінші сөзінен).
Надандарға бой берме,
Шын сөзбенен өлсеңіз...
Надандықпен кім айтса,
Ондай түпсіз сөзге ерме.
Алайда, арлы, қайсар, жайсаң, намысшыл қазағының жаны таза болған соң, ақын үшін оның «шырайы да сондай жақсы». Ендеше, кеңес дәуірінен бері біздің санамызды улаған Абай «қазақты ащы мысқылдап, өлтіре сынайды» деген дауықпа сөзді, ақын «қазаққа емес, қараңғылыққа қапалы» десек әділетті болады. «Қапамын мен, қапамын,/Қуаныш жоқ көңілде./Жас өспірім замандас қапа қылды,/Сабыр, ар жоқ, аял жоқ, ілді-жұлды...»
Ақын «көкіректе сәуле, көңілде сенім жоқ, құр көзбен көрген» қараңғылық құрсауынан, әлбетте, ең алдымен, қаракөз бауырларын арашалап алудан үмітті: «Тірі адамның жүректен аяулы жері бола ма? Біздің қазақтың жүректі кісі дегені – батыр кісі дегені. Онан басқа жүректің қасиеттерін анықтап біле алмайды. Рақымдылық, мейірбандылық, әр түрлі істе адам баласын өз бауырым деп, өзіне ойлағандай оларға да болса игі демек, бұлар – жүрек ісі» (он төртінші сөзден).
Қалың елім, қазағым, қайран жұртым,
Ұстарасыз аузыңа түсті мұртың.
Жақсы менен жаманды айырмадың,
Бірі қан, бірі май боп енді екі ұртың.
Бет бергенде шырайың сондай жақсы,
Қайдан ғана бұзылды сартша сыртың?
Дегенмен, ұлы ақынның қарауылға алған басты нысанасы, мұны жоғарыда да айттық, надандық, барша адам баласы: «Адамды сүй, алланың хикметін сез,/ Не қызық бар өмірде онан басқа». Себебі «Адам баласына адам баласының бәрі – дос (отыз төртінші сөзден), әттең «Адам баласының ең жаманы – талапсыз» (қырық төртінші сөзден). Ал, қазақ сол адамзаттың бір тобы ғана, яғни барша адам баласына тән артықшылық пен кемшілік бізге де жат емес:
Өсек, өтірік, мақтаншақ,
Еріншек, бекер мал шашпақ –
Бес дұшпаның, білсеңіз.
Талап, еңбек, терең ой,
Қанағат, рақым, ойлап қой –
Бес асыл іс, көнсеңіз.
х х х
Адамзат – бүгін адам, ертең топырақ,
Өлмек үшін туғансың, ойла шырақ.
Олай болса, «өтірік пен өсекті жүндей сабағанша, ынсап, ұят, ар, намыс, сабыр, талапты» естен ұстап, «терең ой, терең ғылым іздегенге» не жетсін. «Ләкин өз дәулетінен артық киінбек, не киімі артық болмаса да, көңіліне қуат тұтып, тым айналдырмақ – кербездің ісі... Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез, деген нәрселермен озбақ (он сегізінші сөзден).
Өкінішке қарай, «...надан ел қуанбас нәрсеге қуанады һәм және қуанғанда не айтып, не қойғанын, не қылғанын өзі білмей, есі шығып, бір түрлі мастыққа кез болып кетеді. Һәм ұялғандары ұялмас нәрседен ұялады, ұяларлық нәрседен ұялмайды. Мұның бәрі – надандық, ақымақтықтың әсері (жиырма алтыншы сөзден).
Ұлы ақын өзінің көңіліне түйген ойларын «бірін-бірі дос» көруіне тілеулес қарындастарына арнап, жандарына батыра айтқанымен, «сөз ұғарлық кісі» болса, ең алдымен, адамзат қоғамын басқан қараңғылыққа қапалы екені даусыз.Туған халқының тұлпар-уақыт тұяғының астында шаң қауып, өзге жұрттан көз жазып қалмауын «сырты дүрдей, бірақ іші у мен өртке тола» отырып толғанады:
Талай сөз бұдан бұрын көп айтқанмын,
Түбін ойлап, уайым жеп айтқанмын.
Ақылдылар арланып ұялған соң,
Ойланып түзеле ме деп айтқанмын.
х х х
Сабырсыз, арсыз, еріншек,
Көрсеқызар, жалмауыз...
Ақылы бар кісіні
Ғайбаттайды, даттайды.
Ауқаты бар туғанды
Қайырсыз ит деп жаттайды .
Амал не, қып-қызыл саясат, халқымызды қанға бояп, қырып жою арқылы құлдық сананы шегелей отырып, тұтас ұлтты сауатсыз, надан деп көзтүрткі жасады. Соған да қарамастан кейбір табанды лениншіл ағаларымыз кезінде құлтемірге айналғанымызды ұмытып, тексіз міскіндердің қолымен тұрғызылған сарайларды әлі күнге дейін коммунизм елесіндей көлденең тартуларын қоймауда. Жаңағылар ұлттық еркін сана және туған тіл мен ділдің құрып кете жаздағанын да мүлде естерінен шығарады. Тұрмыс сананы билеген жерде басқаша болуы да неғайбіл еді. Шындығында, тұрмыс сананы билей алмайды: тұралаған қоғамда ғана қарын уайымы миды «қайнатып», жанарды жасқайды. Сондықтан ұлы Абай тірлік қайнары да, көшбасшысы да сана деп біледі:
Сыналар, ей, жігіттер, келді жерің,
Сәулең болса, бермен кел талапты ерің.
Жан құмары дүниеде немене екен –
Соны білсең әрнені білгендерің.
х х х
Білімдіден шыққан сөз
Талаптыға болсын кез.
Нұрын, сырын көруге
Көкірегінде болсын көз.
Ұлы дала мәдениеті күні-бүгінге шейін кімді де болса таңдандырумен келеді. Адамзаттық құндылықтар тізіліміне қосылған ұлы даланың айтыс өнері, қос ішекті домбыра мен киіз үй секілді қазыналары ғана неге тұрады?! Бұған көз жеткізу үшін, тіпті, Елдордамыз – Астанадағы Ұлттық музейге бір бас сұқсаңыз жетіп жатыр! Жалпы, Күншығыс елдерінің адамзат өркениетіндегі көшбасшы рөлі жалпақ дүние мойындаған шындық. Сондықтан Абайдың қалың елі қазағына аманаты көрнекті ғалым Зәки Ахметовке жүгінсек, «жалпы жұрт туралы айтылса да, артық айтылған демей, ашынып айтылған десек болар»:
Қайғы шығар ілімнен,
Ыза шығар білімнен.
Қайғы мен ыза қысқан соң,
Зар шығады тілімнен.
х х х
Пайда ойлама, ар ойла,
Талап қыл артық білуге.
Артық ғылым кітапта,
Ерінбей оқып көруге .
Сонымен Абай мұрасын талдап, түсіндіремін деу – ағаттық, оны оқу, түсіну, таразылау әркімнің өзінің жан қалауы болса құба-құп. Сондықтан оқырманға осы қазынаның кілтін ұстату жетіп жатыр, қалғаны кеудесі сәулелі жанның ырысы. Ақынның өзіне жүгінейік: «Терін сатпай, телміріп, көзін сатып,/ Теп-тегіс жұрттың бәрі болды аларман;/ Өзі алмайды, қыранға алдырмайды,/ Күні бойы шабады бос салақтап;/ Сәлем – борыш, сөз – қулық болғаннан соң,/Қандай жан сырттан сөз боп, сыналмай жүр?..»
Осыны оқып, ойлай бер, болсаң зерек,
Еңбекті сат, ар сатып неге керек?
Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті –
Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек.
Хакім Абай мұрасына тереңдей түскен сайын көз алдымызда адам мәртебесін асқақ санаған, жүрегіне Алланы қондырған ақын тұлғасы тұрады көз алдымызда. Өйткені, қай заманда да біздің қазақ көрші елдерден арта қалып, ескі жұрттағы қоламтаға қарайлаған емес. Сана үшін, саналы да өнерлі өмір үшін «мыңмен жалғыз алысқан» Құнанбайдың Ибраһимінің бақыты да, сананы тұрмысқа тәрік еткен «қияли коммунизм» көсемдерінен биік тұратыны да содан.
Алланың сыйы – Тәуелсіздік туған халқымызды адамзат өркениетінің төріне оздырып, алты алаш өзін-өзі енді ғана тани бастады. Кеңбайтақ жері және келісті дәулеті мен сәулетінің қазағымыздың ерлігі мен елдігінің арқасы екеніне көзіміз бірте-бірте ашылып келеді. Мәңгілік ел құру мұраты даңқты да данышпан ата-бабалар аманатына адалдықтың жарқын айғағы. Қазақстан Республикасы Президентнің халқымызға арнаған 2017 жылғы 31 қаңтардағы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» жолдауында адами капитал сапасын жақсартуға баса көңіл бөлініп, ұлтжандылықты дамытудың қажеттігі атап көрсетілген. Бұл үшін біз, ең алдымен, халқымыздың Абай секілді ұлы перзенттерінің асыл мұрасын кең насихаттап, терең танып, білуіміз парыз.
57-ШІ ҚАДАМ «АБАЙ ЖОЛЫНА» ЖАҢА ӨРІС АШАДЫ
Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру
Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейіне жер шарының батыс бетінен, Америка Құрама Штаттарының Лос-Анджелес қаласынан Ричард Дион деген азамат арнайы келді. Бұл сапардың мақсаты мен мән-маңызы туралы АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігінің қызметкері Әсият Сүлейменовамен әңгіме болған: мәдени туризмді дамыту мақсатында осы саланың қыр-сырына қанық маманмен ақылдасып, Абай мұрасына ел-жұрттың қызығушылығын арттырудың жай-жапсары бізге тың ой салып, соны жол іздеуге бейімдей берді. Әйтпесе, қазіргі қарбалас заманда көз алдыңдағы шаруадан өзгені танып, білуге ықылас табыла бермейтіні рас. Алайда, мемлекеттік, тіпті қоғамдық қандай да бір өзекті мәселеде болсын, ең алдымен, адам санасы сілкінбейінше, қолға алған істің жемісін жинау екіталай.
Достарыңызбен бөлісу: |