АБАЙДЫҢ 175 ЖЫЛДЫҚ МЕРЕЙТОЙЫНА ДАЙЫНДЫҚ ҚАЛАЙ ЖҮРУДЕ?
Келер жылы қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы кеңінен аталып өтеді. Қазір мемлекеттік комиссия құрылып, дайындық шаралары пысықталуда. Бұл датаны ЮНЕСКО мен ТҮРКСОЙ ұйымы аясында да тойлау қарастырылған.
Абайдың 150 жылдық мерейтойы тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақ елін алғаш рет әлемге паш еткен айтулы оқиға болды. Елдің абыройын асқақтатқан сол дүбірлі тойда іске қосылған «Абай-Шәкәрім» кешеніне бүгінде жер шарының түкпір түкпірінен ағылған жұрт көп. Данышпан ақынның 175 жылдық мерейтойына байланысты мұнда да іргелі жөндеу жұмыстары қолға алынбақ.
Жандос Әубәкір,
Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық музейінің директоры:
– 200 миллион қаражат қарастырылып жатыр. Ол «Қазқайтажаңарту» мекемесі арқылы осы кешенге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу. Сонымен қатар шетелден келетін туристерге, Абай рухына тағзым етіп келетін, Абай мұрасына тағы бір назар салғысы келетін адамдарға қолдан келгенше жағдай жасау керекпіз. Яғни музей халықаралық дәрежедегі заманауи музей болу керек.
Жарқынбек Байсабыров,
Абай ауданының әкімі:
– Қарауыл-Семей тасжолы орта жөндеуден өтті. Оған 2 миллиард 487 миллион теңге бөлінді. Қазіргі уақытта жолымыз толық жөнделіп бітті. Жол жақсы. Оның сыртында былтырғы жылы Кеңгірбай би ауылында осы ауданымызда бір ғана ауылда Мәдениет үйі жоқ еді, оған да облыс тарапынан қаражат бөлінді. Қыркүйек айында оны да іске қосамыз деген жоспарымыз бар.
...Қарауыл ауылының тұрғыны Құсман Берлешов – Абайдың ұрпағы. Келесі жылы 175 жылдық той өтеді дегелі дегбірі қашып, Жидебайда жиі болады. Оның ойынша, бұл шара – еліміздің мәртебесін асқақтатып, әлемге танылар тағы бір мүмкіндік. Былтыр осы өңірге 100 мыңға жуық турист келсе, биыл жарты жылдың өзінде ғана 50 мыңнан астам саяхатшы сапарлапты.
Құсман Берлешов,
Абайдың ұрпағы:
- Тағзым жасап жатқан біздің Қазақ елі ғана емес, Германиядан туристер келіп, тағзым жасап, Гете мен Абай атаны қатар қойып, қазіргі уақытта сол кісінің шығармаларының бәрін жатқа айта аламыз дейді. Атамыздың айтатыны, қара сөздерінің бәрі біздің бағдаршамымыз, сол жолмен жүруіміз керек.
Болат Көкенайұлы,
тілші:
– Абай атамыз ерекше жобамен қала мәдениетіне сәйкес осы үйді салдырған. Өмірінің соңына дейін осында тұрып қара сөздерін, аудармаларын жазды. Ал өзі дүние салған соң, немересі Әубәкір тұрды. Қазір музейде 50-ден астам данышпан ақын өзі тұтынған көне жәдігерлер бар.
...Мәдениет және спорт министрлігі мұндағы мол мұраны үш тілдегі аудиогид, мультимедиялық қондырғылар арқылы жас ұрпақ пен шетелдік қонақтар назарына жаңаша ұсынуды жоспарлап отыр.
Болат Көкенайұлы,
тілші:
– Хакім Абай дүниеге келген мекен Сырт Қасқабұлақ, әкесі Құнанбай қажы әулетімен жерленген жер Ақшоқы. Болашақта осындай тарихи мекендерге аудан және облыс басшылығы инфрақұрылымын жаңартып, асфальт тас жолы салуды жоспарлап отыр. Бұл өз кезегінде туристер санының одан әрі көбеюіне ықпал етпек.
https://24.kz/kz/zha-aly-tar/m-denie/item/331333-abajdy-175-zhyldy-merejtojyna-dajyndy-alaj-zh-rude?fbclid=IwAR2JvwYZ8RZVwdJtcyTV-KBRRPR0YX7-gV7pb4LLv3g3T-1RIJGUsO6J3lQ
АБАЙ ҚҰНАНБАЙҰЛЫНЫҢ 175 ЖЫЛДЫҚ МЕРЕЙТОЙЫ АЯСЫНДА
АУҚЫМДЫ
ШАРАЛАР ЖОСПАРЛАНУДА
2019 жылдың 18 шілдесі күні Нұр-Сұлтан қаласында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Г. Әбдіқалықованың төрағалығымен 2020 жылы қазақ халқының ұлы ақыны, ағартушысы Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жылдық мерейтойын дайындау және өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссияның алғашқы отырысы өткізілді.
Биылғы жылы 30 мамырда «Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын мерекелеу туралы» ҚР Президенті Қ.К.Тоқаевтың Жарлығы бекітілген болатын. Осыған орай мерейтойды дайындау және өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылып, оның құрамына Парламент депутаттары Б. Жұмағұлов, С. Әбдірахманов, көрнекті жазушылар мен қоғам қайраткерлері О. Сүлейменов, Р. Сейсенбаев М. Әуезов, орталық мемлекеттік органдардың басшылары, сондай-ақ еліміздің шығармашылық қауымының өкілдері енгізілді.
Вице-Премьер отырыстың ашылуында Елбасы Н. Назарбаевтың сөздеріне көңіл аударып, «Абай әлем мойындаған дана ұстаз, ақын және адамзаттың данышпаны. Абайдың ұлылығы мен ерекшелігі, табандылық пен мақсаттылықты дәріптей және оның өз ұлтының санасына енгізе отырып, ұлттық рухты бұрын-соңды болмаған биіктікке көтере алды. Біз Абайдың бойынан табылатын тұлғаға лайықты, мақтан тұтатын рухани тірегіміздің барына алғыс айтуымыз» керек екенін атап өтті.
Отырыста халықаралық, республикалық және өңірлік деңгейдегі 500-ге жуық түрлі іс-шаралар өткізу жөніндегі жалпыреспубликалық жоспар жобасы қарастырылды.
Мәселен, Нұр-Сұлтан қаласында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция, Париж қаласындағы ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде «Абай» көркем фильмінің өндірісі мен шығарылымы, Абай шығармаларының шет тілдеріне аударылуы мен жарыққа шығарылуы, сондай-ақ Абай үйі-музейінің жан-жақты танымалдығын арттыру іс-шаралары, Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музей-қорығына ғылыми-реставрациялық жұмыстар жүргізу, Абайдың әкесі – Құнанбайдың тұлғалық маңыздылығы мен тарихи-мәдени рөлін арттыру бойынша шаралар қабылдау көзделген.
Бұған қоса, бүгінгі күні әлеуметтік желілерде сәтті іске асырылған #Abai175 челленджі жаһандық форматта жалғасын табатын болады.
ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Г. Әбдіқалықова Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын мерекелеу халықтың тарихи санасына сіңіру және еліміздің рухани мәдениетін жаһандық форматта ілгерілетуге бағытталған Тәуелсіз Қазақстанның жаңа тарихындағы маңызды оқиғалардың бірі болатынын тілге тиек етіп, мемлекеттік органдарға бірқатар тапсырмалар берді.
Достарыңызбен бөлісу: |