Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, профессор



бет8/9
Дата10.02.2020
өлшемі363,66 Kb.
#57536
1   2   3   4   5   6   7   8   9
Байланысты:
абаййй


1866 жылы – Құдайберді қайтыс болғаннан кейін Күшік Тобықты еліне болыстық қызмет атқарады. Осы жылы болыс болғандығын дәлелдейтін келесі архив деректері:

-       1866 жылы 11 маусым – Абай қол қойған Рапорт (архив дерегі: Омбы қаласына қазақ балаларын орысша оқыту үшін арнайы ашылған мектепке көпшілік ортасынан Баймұса Тәңірбердин деген баланы жіберу туралы).

-        1866 жылы 13 шілде – Абай Күшік Тобықты болысы ретінде «Дело об укочевании казахов рода Урус-Коржау Кучук Тобуклинской волости Куттукбаева и других в Байджигитовские волости» деген Рапорт жазған.

-        1866 жылы 29 қараша – Абай болыс ретінде Рапортқа қол қойған (архив дерегі: қазақ әйелі Кузенова жас баласымен Күшік Тобықты болысынан Миялы қыстағына көшкені туралы).



1866 жылы – Ділдәдән баласы Әкімбай (Хакімбай) (1866-1873) туады. 7 жасында қайтыс болған.

1866-1868 жылдары - Абай Күшік Тобықты болысының управителі болды.

1869 жылы – Абайдың оқымысты баласы Әбдірахман (1869-1895) дүниеге келді.

1870 жылы – Ділдәдән баласы Мағауия (1870-1904) туады.

1870 жылы – Абайдың інісі Халиолла (1849-1870) қайтыс болады

1871 жылы – Ділдәдән қызы Райхан (1871-1896) туған.

1872-1874 жылдары – Абай Күшік Тобықты болысына екінші рет болыс болды.

1873 жылы – әжесі Зере (1785-1873) дүние салады. Құнанбайдың ұйғаруымен Жидебай қыстауының қасына жерленген.

1874-75 жылдары – әкесі Құнанбай Өскенбайұлы (1804-1886) қажылық сапармен Меккеге барады.

1875 жылы – Абай Әйгерімге (шын есімі – Шүкіман) (1856-1919) үйленген.

 1876-1878 жылдары – Абай Қоңыр-Көкше еліне болыс болып сайланады.



1876 жылы – Қоңыр-Көкше елінің статистикалық мәлімдемелерін көрсетіп, болыс ретінде қол қойған.

1876 жылы 6 желтоқсан – Семей уезі болыстары орыс-түрік соғысына байланысты қазақ елін патша үкіметіне қаржылай көмек беруге, моральдық жағынан қолдау көрсетуге Үндеу жазған. Абай Қоңыр-Көкше елінің болысы ретінде қол қойған.

1876 жылы – Абай «ІІІ-ші разрядты кафтанмен» марапатталады.

1876 жылы 21 қыркүйек - Үзікбай Бөрібаевтың жалған арызымен Абайдың үстінен Семейдің ұлықтары тергеу ісін қозғайды.

1876 жылы – Әйгерімнен тұңғыш баласы Турағұл (1876-1934) дүниеге келеді.

1855-1881 жылдары – 9 өлең жазады (біреуі аударма).

1881 жылы – тұңғыш немересі Әубәкір (1881-1934) дүниеге келеді.

1883 жылы 27 сәуірде – Ү.Бөрібаев Абайға нақақтан жала жапқанын тергеуде мойындайды.

1884 жылы 27 тамызда – Семейдің уездік соты Маковецкий сегіз жылға созылған Абайдың «қылмысты» ісін қысқартады. Бұл істе Абайды ақтап 700 кісі куәлік берген. Ү.Бөрібаевтің арызымен басталған іс аяқталады, бірақ арыз жазушы заң бойынша жазаға тартылмай қалады.

1884 жылы – Әйгерімнен екінші баласы Мекайыл (1884-1931) дүниеге келеді.

1882-1885 жылдары – «Қансонарда бүркітші шығады аңға», «Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы», «Жасымда ғылым бар деп ескермедім» өлеңдерін жазады және Лермонтовтан 2 аудармажасайды.

1885 жылы мамыр айы – Семей губерниясына қарасты бес ояздың би-болыстары, ел билеуші ақсақалдары бас қосқан Қарамола жәрмеңкесінде төтенше съезі өтеді. Осы съезде Абай төте би болып сайланады да, үш күн, үш түн Абай жазған қазақтың жаңа заң Ережесі (74 бап) қабылданады. Съезді Семейдің генерал-губернаторы, генерал Цеклинский басқарған. Бұл съезде Абай би емес, Шыңғыс болысының «Құрметті қазағы» ретінде шақырылған. Бұған аталған съезд қабылдаған Ереженің соңына жазылған тізімдегі Абайдың аты-жөні дәлел болады. «Құрметті қазақ» - жергілікті әкімшілік тарапынан ұсынылып, Дала генерал-губернаторы бекітетін атақ-дәреже.

1885 жылы 21 маусым –  Дала генерал-губернаторының канцеляриясын басқарушы В.Лосевский «О прекращении следствия над волостным управителем Кунанбаевым и Аюбаева и преданий суду киргиза Буробаева за ложный донос» деген баяндама жасайды.

1885 жылы шілде-тамыз айлары – Шыңғыс тауындағы Абай ауылына ақынның орыс досы, саяси жер аударылған Н.И.Долгополов келіп қайтады.

1885 жылы тамыз айы – Абай Н.И.Долгополов арқылы Семейдің өлкетану музейіне жәдігерлер тапсырады.

1886 жылы 4 мамыр – Семейдің статистикалық комитетіне, досы Михаэлистің ұсынуымен,  Абай мүше болып сайланады.

1886 жылы – Абайдың 17 өлең жазған жемісті жылы болады.

1886 жылы – әкесі Құнанбай Өскенбайұлы қайтыс болады.

1887 жылы – анасы Ұлжан (1810-1887) дүние салады.

1887 жылы – «Масғұт» поэмасын жазады.

1887 жылы 26 сәуір – Семей қаласының бастауыш білім қамқоршылар қоғамы ашылады. Осы қоғамға Абай мүше болып кіреді.

1887-1889 жылдары – Абай Құнанбайұлы31 өлең жазады.

1887-1889 жылдары – А.Пушкиннің «Евгений Онегин» романынан 7 үзінді аударады және «Онегиннің өлердегі сөзі» атты өлеңін жазады.

1889 жылы – ақынның «Күлембайға», «Жаз» деген өлеңдері «Дала уалаяты» газетінде ақын Көкбайдың атымен  жарияланды. Бірінші өлеңін 1888 жылы Ақшатауда болыс сайлауында Күлембайды сынап жазған. Екінші өлеңі 1886 жылы  аулы Бақанас өзенінде қонып жатқанда жазған.

1890 жылы –9 өлең жазады.

1890 жылы – Абай аңшы мылтығымен марапатталады.

1891 жылы – Абай 9 өлең жазады

1892 жылы – інісі Оспан (1852-1892) қайтыс болады. Абай інісі Оспанға арнап «Жайнаған туың жығылмай», «Кешегі Оспан» атты өлеңдер жазған.

1892- 1893 жылдары – 11 өлең мен 6 аударма жасайды.

1893 жылы – Абай Құнанбайұлы 3 жылға болыстыққа сайланады.«Приказ Г. Военного Губернатора Семипалатинской области Сентября 11-го 1893 года №55. Утверждается в должности по выбору общества на трехлетие с 1893 по 1896 год. ІІІ. Чингизской, волостного Управителя – Ибрагим Кунанбаев, кандидата по нем – Азимбай Танырбердин...».

Турағұл естелігінен: «1893 жылы сайлауда, баяғы Оразбай мен Күнту тағы да бірі Бұғылыға, бірі Мұқырға шығып, қалған елді өзің ие болып қайырып алмасаң болмайды деп халық ақсақалдары менің әкемді болыстыққа сайлаған».



1894 жылы – 13 өлең жазады (2-і аударма).

1894 жылы – Абай Еркежан Ибаққызына (1858-1927) үйленеді.

1893-1894 жылдары – Семей қаласының бастауыш білім қамқоршылар қоғамына мүшелік жарна төлегені туралы архив дерегі сақталған. Абай мен балалары Ақылбай, Мағауия жарна төлеген. 

1895 жылы – Әйгерімнен үшінші баласы Ізкәйіл (Зікеш) (1895-1929) дүниеге келеді.

1895 жылы 15 қарашада – Абайдың білімді, талантты баласы Әбдірахман 27 жасында Алматыда қайтыс болады, сүйегі елге әкелініп Ақшоқыға жерленеді. Оның қайғысы ақынға қатты батады, егіліп көп өлең жазған.

1895 жылы –18 өлең жазады (оның ішінде 10-ы Әбдірахманға арналған, 2-і аударма).

1896 жылы – Абай балалары Ақылбай, Турағұлмен фотосуретте түседі.

1896 жылы – ақын 16 өлең жазады (4-і аударма).

1896 жылы – Мағауияға жазған хатысақталған.

1897 жылы – Абай 13 өлең жазады(4-і аударма).

1898 жылы – Көшбике деген жердегі Мұқыр болысын сайлауда Оразбай Аққұлы баласы Жігітек, Мырза-Жөкең ру басылары: Әзберген, Бейсенбі, Бұланбай, Әбендерді ұйымдастырып Абайдың өміріне қастық істейді. Бірақ Кәкітай, Уәйіс, Аппас деген жақын-дос адамдары ара түсіп қорғап қалады. Осыдан соң ақын өле-өлгенше ел жұмысына араласпайды да бұрынғы араздықпен өзіне қастық істеткен адамдарымен татуласады. Көбі ақынның кешірімін алады.

1898 жылы –ақын 26 өлең жазады (18-і аударма: 4-і Лермонтовтан, 14-і Крыловтан).

1890-1898 жылдар арлығында ұлы ақын Ғақлия - Қарасөздерін жазады.

1899 жылы –10 өлең жазады (оның 3-і аудармалар).

1900 жылы –4 өлең жазады ( 2-і Лермонтовтан аударма).

1900 жылы – Абай Сенатқа хат жазады, 5 ақпанда Петербургке жіберіледі

1900-1902 жылдары – Абай «Ескендір» поэмасын жазады.

1901 жылы – Әйгерімнен қызы Кенже (1901-1932) дүниеге келеді.

1901 жылы – Абай Құнанбайұлы 5 өлең жазады.

1902 жылы –«Тоты құс түсті көбелек», «Алланың өзі де рас, сөзі де рас», «Жүрек – теңіз, қызықтың бәрі асыл тас» - 3 өлең мен Лермонтовтан бір аударма жасайды.

1903 жылы 18 сәуірде – Семейдің соғыс губернаторы генерал Сухотиннің бұйрығымен Абайдың, Мағауия, Турағұлдың  үйлеріне тінту жүргізді.

1903 жылы – Абай балалары Мағауия, Турағұл; немерелері Әубәкір, Пәкизат; әйелі Еркежан және келіні Кәмәлиямен фотосуретте түседі.

1903 жылдың қыркүйек айы – Семей облысының Әскери Губернаторы генерал-майор Галкин «Секретно» деп Абай Құнанбайұлының өмір деректері мен қоғамдық қызметін көрсеткен хабарламаны Омбыдағы Дала Генерал Губернаторына жолдайды.

1903 жылы – атақты ғалым Семенов-Тяншанскийдің редакциясымен шыққан «Біздің Отанымыздың толық жаграфиялық баяны» деген орыс тіліндегі кітапта (204 бет) Абайдың аты жаңа әдебиеттің бастаушысы деп ерекше аталынды.

1903 жылы – «Жалын мен оттан жаралған» өлеңін жазады.

1882-1903 жылдар аралығында Абай «Масғұт» поэмасын жазады. «Әзім әңгімесі» поэмасының жазылған жылы белгісіз.

1904 жылы 14 мамырда - Абайдың зор үміт еткен екінші ұлы, ақын Мағауия қайтыс болады.

1904 жылы 23 маусымда – қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлы Балашақпақта дүние салады. Қыстауы Жидебайда жерленген.

1904 жылы 3 тамызда – Абайдың ақын баласы Ақылбай Семейде қайтыс болады. Қыстауы Тышқанда жерленген.

Соңғы жылдары ақынның табылған өлеңдер саны – 8.



Дайындаған Абай қорық-музейінің

 ғылыми қызметкері М.Б.Мұхамедова 

 

ҰЛЫ АҚЫН МҰРАСЫНА АДАЛДЫҚ 

("Ана тілі" газеті  17 - 29 наурыз 2017 жыл)

  Төл әдебиетімізді әлемдік деңгейде мәшһүр еткен ұлы Абай тұлғасы  біртуар жыр жұлдызы Мұқағали ақынның жүрекжарды сөзін сәл өзгертіп айтсақ, туған қазағымыздың мәртебесін төрткүл дүниеге асырды. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың «Абайдың жолын, істеген ісін біз халқымызға паш етуіміз керек» деген  ұлағатты сөзі сол ұлттық рухани биігімізді одан әрі асқақтата түсуді мегзесе керек. Осыған орай Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-мұражайының директоры Болат ЖҮНІСБЕКОВПЕН сұхбат ақын аманатын арқалап отырған шаңырақтың бүгінгі тыныс-тіршілігі жайлы өрбіді. 

  – Ұлыларымызды ұлықтап, даналарымызды төрге оздыру халқымыздың мерейін үстем ететін дәстүр. Осы орайда сіз басқарып отырған ұлы Абайдың қорық-мұражайы алдында қандай міндеттер тұр?

  – Осыдан жиырма жыл бұрын ЮНЕСКО деңгейінде, халықаралық көлемде 150 жылдығы зор табыспен мерекеленген хакім Абайдың мерейтойы ел тарихы мен оның ұлы тұлғасына деген терең сүйіспеншіліктің айғағы.

  Алда Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы да алыс емес. Сондықтан ақынның «Жидебай – Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-мұражайының ұжымы алдағы мерейтойға лайықты әзірлікпен баруды басты мақсат тұтады. Жаһандану үрдісінің ығына небір алпауыт мемлекеттер жығылған заманда әрбір жыл мен айдың ғана емес, тіпті әрбір апта мен күннің де алар орны айрықша. Және де сол жауапкершілікті әрқайсымыздың сезініп отырғанымыз да шындық.

  Биыл Ибраһим Құнанбайұлын және туған қазағын әлемге әйгілеген кемеңгер жазушы Мұхтар Әуезовтің 120 жылдық мерейтойы аталып өтпек. Осыны ескере келе өткен жылдың соңында «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының басшылығына «Астана – Защита» бағытындағы Тұлпар-Тальго жүрдек пойызын «Абай жолы» деп атауды ұсынған едік. Олар біздің өтінішімізді құп алып, еліміздің шығысына қатынайтын жолаушылар биылғы ақпан айынан бастап «Абай жолымен» сапарлайтын болды. Жақында бас мұражайда «Абай жолы: алашты паш еткен әлемге», «Шырайлы Шыңғыстау» көрме-экспозициялары ашылды.

  – Алаш жұртының рухани орталығының бірі ретінде өзге мекемелер мен ұйымдарды да ортақ іске жұмылдырып отыр екенсіздер. Бұл туралы не айтар едіңіз?
  – Иә, мұражай қызметінде республика өміріндегі айтулы оқиғаларға басымдық бере отырып, ғылым, білім орталықтарымен және қоғамдық институттармен өзара әріптестік байланыстар өрістей түсуде. Мәселен, соңғы бір-екі айда М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтымен, Еуразия ұлттық және Семей мемлекеттік университеттерімен, Мемлекеттік тілді дамыту қорымен жасалған келісімдер негізінде Семейдің мектеп оқушылары мен студенттері үшін Абайтану дәрістері музей қабырғасында оқытыла бастады. Өзімізде бар үштілді «Абай музейі» және АҚШ елшілігінің қолдауымен былтыр дүниеге келген екі тілді «визитАбайсемей» сайттарына қосымша биылғы қаңтар айынан бастап «Абай әлемі» сайтын оқырманға ұсынып отырмыз. Сол сияқты ғылым мен білім ордаларындағы өзара мүдделес әріптестермен бірлесе отырып М.Әуезовтің мерейтойына орай биыл екі халықаралық конференция өткізілетін болады. Бұған қоса Еуразия ұлттық университетінің белгілі алаштанушы ғалымдарымен кеңесе келе ашылған «Алаш арыстары – М.Әуезов» мұражайы ғимаратының екінші қабатымен қатар өзі ашылғаннан бері 20 жыл бос тұрған бірінші қабатында реэкспозиция жұмыстары басталды.
  – Жазда Астанада «ЭКСПО-2017» ха­лық­а­ра­лық көрмесі өтеді. Игілікті іске Абай қо­рық-мұражайы де үлес қосады дегенді естіп жатырмыз.
  – Халықаралық ЭКСПО көрмесінде ұлттық рух сарайына ұлы Абай айтпақшы, «тетігін тауып, бір кірпіш боп қалану» мақсатында жаһандық оқиғаға қатысушыларды Абайдың асыл мұрасымен таныстырудың жақсы мүмкіндігін мейлінше пайдалану көзделеді. Жан-жақты дайындық жұмыстарының алғашқы қарлығаштары ретінде шетелдік оқырмандар үшін ағылшын-орыс тілдерінде ашылған «визитАбайСемей» сайтымен қатар Абай өлеңдерінің қойын кітапшасы қазақ, орыс, ағылшын, қытай тілдерінде қонақтарға кәдесый ретінде әзірленді.
  Тегінде, кеше атқарылған, бүгін қолға алынған және ертеңге жоспарланған барша жұмыстың нәтижелі болуы Мәдениет министрлігінің талапшыл басшылығының және дұрыс бағыт-бағдар беруінің арқасы екені мәлім. Былтыр 21 сәуірде ҚР Парламенті Сенатының Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінде еліміздің Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы қорық-мұражайлардың туристік әлеуетін дамыту мәселесіне ерекше назар аударып, нақты міндеттер қойды. Бұдан былай реформалау ауқымында 2020 жылға дейін мұражайдың функцияларын мәдени-ағартушылық және имидж орталықтарына дейін кеңейту, сондай-ақ ғылыми-зерттеу қызметін дамыту, тарихи ғылыммен, археологиямен, реставрациялаумен, өнертанумен, этнографиямен өзара қоян-қолтық іс-қимыл жасау талап етілуде.
  – Мұражайдағы «Абай арманы» экспозициясы Тәуелсіздік мұраттарын паш етуге арналғанын көрдік. Бұл идея несімен ұтымды?

  – Қарбалас жұмыстар көп, дегенмен қат-қабат шаруаның арасынан ең бастыларын бірінші кезекке қоя білудің маңызы ерекше. Мәселен, былтыр музейге келушілерге Тәуелсіздіктің 25 жылдығын арнаулы экспозиция арқылы зерделетуге баса көңіл бөлінді. Өздеріңіз білесіздер, Тәуелсіздік халқымыздың көптеген қаһарман перзенттерінің қол жетпес арманы болып қалды. Елбасының Абайдың 150 жылдық мерейтойында «Тағзым» кітабына жазған «Абай мұражайы құтты болсын! Абай арманы орындалып, халқымыз бақытқа жетсін!» деген ізгі тілегі жаңа экспозиция залының тақырыбын көрсетіп, оның мазмұнын ашып бергендей еді.

  «Абай арманы» залы былтыр 22 ақпанда Семейге келген республикалық «Мәңгілік ел» ­по­йызы мүшелерінің қатысуымен ашылды. Жаңа экспозиция Елбасының Абайды ардақ­тауға шақырған сөздерінен арна тартып, одан ­Қазақ­стан Конституциясын және Тәуелсіздіктің алтын бесігі – Алматыны ұлықтай келе, Абай жазып, 1885-ші жылы Қарамола съезінде бекітілген Ережеге назар аудартады.
Ұлы ақынның жүрегін сыздатқан «Қайран елім, қазағым!..» толғанысының терең сырын туған еліміздің бақыты жолында құрбан болған Әлихан Бөкейханның өмірі мен қызметі және елдік пен ерлік рухының қисынды жалғасы Желтоқсан көтерілісінің мән-маңызы арқылы пайымдатады. Былтыр жабылғанына ширек ғасыр болған Семей ядролық сынақ полигонының да данышпан ақын айтқан «өз қолынан ырқы кеткен» халық трагедиясы екенін деректі материалдармен көз алдымызға жайып салады.

  Мұражайға келушілер «Әлемге танылған Қазақстан» мен ертегідей Астанамыздың жүзеге асқан Абай арманының арқасы екенін де осы экспозициямен танысу барысында бағамдай түсіп, мәдениет, өнер мен спорттағы жеңістеріміздің тілеулесіне айналады. Халық ақыны Шәкір Әбеновтің «Ақ батасымен» басталған көрме мазмұнының Елбасының Абай еліне сапарлары және ақын мұражайына тартуларымен таразылануы да заңды болса керек.


  – Халыққа рухани нәр беретін Абай мұра­жа­йы­­­ның күнделікті атқарып отырған істері қандай?

  – Қолға алған істердің бәрі де халыққа бағытталуда. Мұражай ұжымы кемеңгер ақынның білімді де өнерпаз, «кеудесі сәулелі» ұрпақ туралы аталық аманатын басшылыққа алады. Кезінде хакім Абай оқыған Ахмет Риза мешіт-медресесінің соңғы жылдары бос тұрған мешіт бөлігінде «Абай» өнер мектебі өз есігін ашып, онда ақындық, мәнерлеп оқу, дойбы мен тоғызқұмалақ үйірмелері жұмыс жасауда. Мектептің тоғызқұмалақшылары облыстық, республикалық жарыстардың жеңімпаздары ретінде таныла бастады.


Өткен жылы Ұлы Абайдың туған күні ­23 ­тамызда мұражайдың бас ғимаратының алдындағы сахнадан бала ақындар мен дана ақындар Абай өлеңдерін бір сағат бойы үздіксіз аспандатты. Бұл жерге былтыр көктемде бойлары 1 метрлік қырықтан астам шырша және Құнанбай қыстауы – Қарашоқыдан арнайы әкелінген оннан астам қайың отырғызылды. Қазір Зере әже мен Ұлжан ана рухтарына құрметтің айғағындай «Абай аналары» аллеясы желкілдеп өсіп келеді. Семейдегі Абай атын еншілеген бес шаңырақ бірлесіп дайындаған «Абай шаңырақтары шақырады!» салтанатында ақындар жырдан шашу шашып, алтыбақан жанында ән мен күй әуеледі.
  Өнер зерттеушілерінің айтуынша, Абайдың 30 әні мен 3 күйі бар екен. Соған орай бұрын бос тұрған тағы бір залда әйгілі композитор, академик А.Жұбановтың аманатына сай «Абайдың ән-күй мұрасы» экспозициясы ашылды. Бұған қоса мұражайдың сыйлықтар залының орнына Абай заманынан жеткен этнографиялық жәдігерлер көрмесі ұйымдастырылды. Ал өнер қанатындағы Абай мұрасы әртүрлі ұлт суретшілерінің туындылары арқылы 1 наурыз – Алғыс күні паш етілді. Осы бастаманың жалғасы ретінде Абайдың туған күні қарсаңында мұражай қорындағы 600-ден астам суреттердің арасынан 100-ден астам ­туынды қойылған «Шыңғыстау» сурет галереясы да келушілердің көңілінен шығуда.
  Былтыр 100 жылдығы республика көле­мінде атап өтілген көрнекті абайтанушы Қайым Мұхамедхановқа арналған шаралар керуені Елордада жалғасты. Келушілер ҚР Ұлттық музейінде, С.Сейфуллин және «АЛЖИР» мұражайларында, Еуразия ұлттық университетінің «Отырар» кітапханасы мен Ә.Марғұлан атындағы №40 мектепте ашылған көрмелер арқылы Абайтанудың асқан білгірінің өмірімен және шығармашылығымен танысты.
Сондай-ақ «Абай» журналының арнаулы шығарылымы ақын туралы естеліктерге арналып, Астанада, Түркістан мен Атырауда «Ұлы дала елінің Ұлы ақыны» атты көрмелер ұйымдастырылды. Биылғы жылы «Абай жыр ақшамдары» республикалық поэзия кешін өткізу жоспарланып отыр. Ұлылардың мәңгілік мекені – Жидебайда «Қансонарда бүркітші шығады аңға…» тақырыбымен ұлттық аңшылық дәстүрін ұлықтау мақсатында «Қыран» федерациясы қоғамдық қорымен өзара келісім жасалды.
Біздің қызметіміздің басты бағыттарының бірі – ғылыми-зерттеу жұмыстарын табысты жүргізу. Ең алдымен, асыл мұраны көздің қара­шығындай сақтау керектігін басшылыққа ала отырып, қолжазбалар қоры қауіпсіз орынға көшіріліп, қайта жабдықталды. Былтырдан бастап музей жексенбі күні де есігін айқара ашып, экскурсиялық-бұқаралық жұмыс бөлімі келушілерді қарсы алуға қолайлы орын тапты. Осындай мүмкіндік тарихи тұлға – Кеңгірбай би рухына тағзым етушілер үшін де ескерілді, жер аяғы кеңісімен киелі жерде музей шырақшысы дұға бағыштап, Би-ата рухына лайық мұражай ашу қолға алынады.
  – Абайдың 150 жылдығы дүрілдеп өтті. Енді ұлы ақынның 175 жылдық мерейтойына даярлық барысы қалай?

  – Бұл бірінші кезекте назарда тұрған мәселе. Біз Мәдениет және спорт министрлігіндегі әріптестерімізбен ақылдаса отырып, бірнеше шараны бірінші кезекте қолға алдық. Біріншіден, кезінде Абай оқыған және қалаға келгенінде түсіп жүрген Ахмет Риза мешіт-медресесі және Ә.Молдабаев пен көпес Ершовтың үйлері, сондай-ақ 150 жылдыққа салынған күмбезді ғимараттар кіретін Бас мұражай кешеніне республикалық маңыздағы ескерткіш мәртебесін алу үшін тиісті жұмыс жасалуда. Осы мақсатқа қол жеткен күнде аталған тарихи ескерткіштер «Қазқайтажаңғырту» акционерлік қоғамының жоспарына кіріп, Абай қорық-мұражайында құрылыс және көріктендіру жұмыстарын дер кезінде әрі сапалы жүзеге асыруға қол жетеді. Абай мен Мұхтардың мұражай-үйлерінде 2015-жылы аталмыш кәсіпорын атқарған күрделі жөндеу жұмыстары соған дәлел. Осыған орай Абай мен Шәкәрім кесенелерінің жер тағанында былтыр күзде басталған құрылыс жұмыстары биыл көктемде одан әрі жалғасады.

  Сонымен қатар өткен жылы Семейдегі бас мұражай кешені мен Абай ауданындағы Жидебай, Бөрілі бөлімдері, сондай-ақ Ақшатаудағы Құнанбай әулетінің қорымында түбегейлі күрделі жөндеу мен абаттандыру жұмыстарын жүргізу мақсатында жобалау-сметалық құжаттар жасату үшін 41 млн. 574 мың теңгеге есептемелер әзірленген еді. Осы қаржы бөлінген күнде бұл Ұлы Абайдың асыл мұрасын көздің қарашығындай сақтап, оны халықаралық деңгейде лайықты насихаттауға сенімді негіз қалайды. Ойдан-ой қозғап, қолға алған қыруар істің қағазда қалмай, нақты жүзеге асуы перзенттік парыз ғана емес, міндетті қызметтік шаруа. Ал ақынның асыл мұрасына жанашыр ағайын, осыған тілекші болса, құба-құп.

Әңгімелескен 
Ғазиз ҚҰРМАШҰЛЫ

 

Болат Жүнісбеков,



Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік

тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық

 қорық-мұражайының директоры

 

 «АЛАШ ДЕСЕ, АБАЙ ДЕП ҚАРАЙДЫ АДАМ»  



("Ертіс өңірі" газеті 29.03.2017 жыл) 

  Төл әдебиетімізді әлемдік деңгейге мәшһүр еткен Ұлы Абай тұлғасы біртуар жыр жұлдызы Мұқағали ақынның жүрекжарды сөзін сәл өзгертіп айтсақ, туған қазағымыздың мәртебесін төрткүл дүниеге асырып, шоқтықтана түседі. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Назарбаев Нұрсұлтан Әбішұлының «Абайдың жолын, істеген ісін біз халқымызға паш етуіміз керек» деген терең ұлағаты жүрегімізді ұлттық мақтаныш сезіміне бөлейді. Соған орай, осыдан жиырма жыл бұрын ЮНЕСКО деңгейінде, халықаралық көлемде 150 жылдығы зор табыспен мерекеленген хакім Абайдың мерейтойы ел тарихы мен оның ұлы тұлғасына деген терең сүйіспеншіліктің айғағы және біздің қызметіміздің айнымас Темірқазығы болып табылады.

Алда Абай (Ибраһим) Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы да алыс емес. Сондықтан Ұлы ақынның «Жидебай – Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейінің ұжымы ағымдағы жұмыстарды еңсере отырып, алдағы мерейтойға лайықты әзірлікпен баруды басты мақсат тұтады. Жаһандану үрдісінің ығына небір алпауыт мемлекеттер  жығылған заманда әрбір жыл мен айдың ғана емес, тіпті әрбір апта мен күннің де алар орны айрықша және сол жауапкершілікті жұмыста әрқайсымыздың сезініп  отырғанымыз да шындық. Осыған енді өткен, 2016-шы жылдың туған Қазақстанымыздың Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойымен атап өтілгенін, ал биыл Астанамызда «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің ашылатынын айтсақ, иықтағы міндет жүгінің бұрынғыдан да салмақтырақ екені түсінікті.  

Ұлы Абайдың киелі шаңырағы – Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейінің ұжымы үшін, сондай-ақ 2017-жыл – ұлы даланың ұлы перзенті – Ибраһим Құнанбайұлын және туған қазағын әлемге әйгілеген кемеңгер жазушы Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің 120 жылдық  мерейтой жылы. Осыны ескере келе өткен жылдың соңында «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының басшылығына «Астана – Защита» Тұлпар-Тальго жүрдек пойызын «Абай жолы» деп атауды ұсынған едік. Олар біздің өтінішімізді құп алып, еліміздің шығысына қатынайтын жолаушылар биылғы ақпан айынан бастап «Абай жолымен» сапарлайтын болды. Жақында бас мұражайда «Абай жолы: алашты паш ектен әлемге», «Шырайлы Шыңғыстау» көрме-экспозициялары ашылды.

  Сонымен музейдің биылғы жылғы жоспары республика өміріндегі айтулы оқиғаларға басымдық бере отырып жасалып, ғылым, білім орталықтары және қоғамдық институттармен өзара әріптестік байланыстар өрістей түсуде. Мәселен, соңғы бір-екі айда М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтымен, Еуразия Ұлттық және Семей мемлекеттік университеттерімен, Мемлекеттік тілді дамыту Президенттік қорымен жасалған келісімдер негізінде Семейдің мектеп оқушыларымен қатар енді студенттері үшін де Абайтану дәрістері музей қабырғасында оқытыла бастады. Өзімізде бар үштілді «Абай музейі» және АҚШ елшілігінің  қолдауымен былтыр дүниеге келген екі тілді «визитАбайсемей» сайттарына қосымша биылғы  қаңтар айынан бастап, Абай өмірі мен шығармашылығына арналған  «Абай әлемі» сайтын оқырманға ұсынып отырмыз. Сол сияқты ғылым мен білім ордаларындағы өзара мүдделес әріптестер М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтымен, сондай-ақ Еуразия Ұлттық  және Шәкәрім атындағы Семей университеттерімен  бірлесе отырып М. Әуезовтің мерейтойына арнап, биыл екі халықаралық конференция өткізілетін болады. Бұған қоса Еуразия Ұлттық университетінің белгілі алаштанушы ғалымдарымен  кеңесе келе музейдің бір бөлімі –  Ұлы Абайдың алақанының табы қалған «Алаш  арыстары – М. Әуезов» мұражайы ғимаратының екінші қабатымен қатар өзі ашылғаннан бері, жиырма жыл бос тұрған бірінші қабатында басталған реэкспозиция жұмыстары былтыр жүргізілген ағымдағы жөндеудің қисынды қорытындысы дер едім.  

Ал, халықаралық ЭКСПО көрмесінде ұлттық рух сарайына, ұлы Абай айтпақшы, «тетігін тауып, бір кірпіш боп қалану» мақсатында жылдық жоспарымызда жаһандық оқиғаға қатысушыларды Абайдың асыл мұрасымен таныстырудың жақсы мүмкіндігін мейлінше пайдалану көзделеді. Жан-жақты дайындық жұмыстарының  алғашқы қарлығаштары ретінде шетелдік оқырмандар үшін ағылшын мен орыс тілдерінде ашылған  «визитАбайСемей» сайтымен қатар Абай өлеңдерінің қойын кітапшасы қазақ, орыс, ағылшын, қытай тілдерінде қонақтарға кәдесый ретінде әзірленді.    

  Тегінде, кеше атқарылған, бүгін қолға алынған және ертеңге жоспарланған барша жұмыстың нәтижелі болуы Мәдениет министрлігінің талапшыл басшылығы ғана емес, сауатты бағыт-бағдар беруінің арқасы екені мәлім. Былтыр, айталық,  21-ші сәуірде Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінде еліміздің мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы қорық-мұражайлардың да туристік әлеуетін дамыту мәселесіне ерекше назар аударып, нақты міндеттер қойды. Бұдан былай реформалау ауқымында 2020 жылға дейін музейлердің функцияларын мәдени-ағартушылық және имидж орталықтарына шейін кеңейту, сондай-ақ ғылыми-зерттеу қызметін дамыту, тарихи ғылыммен, археологиямен, реставрациялаумен, өнертанумен, этнографиямен өзара қоян-қолтық іс-қимыл жасау талап етіледі .

  Демек, күнделікті жұмыста қарбаластыққа жол бермей, қат-қабат шаруаның арасынан ең бастыларын бірінші кезекке қоя білудің маңызы ерекше. Мәселен, былтыр музейге келушілерге Тәуелсіздіктің 25 жылдығын арнаулы экспозиция арқылы зерделетуге баса көңіл бөлінді. Өздеріңіз білесіздер, Тәуелсіздік халқымыздың көптеген қаһарман перзенттерінің қол жетпес арманы болып қалды. Елбасының Ұлы Абайдың 150 жылдық мерейтойы күндерінде музейге тарту еткен  «Тағзым» кітабына жазған «Абай мұражайы құтты болсын! Абай арманы орындалып, халқымыз бақытқа жетсін!» деген ізгі тілегі жаңа экспозияция залының тақырыбын көрсетіп, оның мазмұнын ашып бергендей еді.

  Осылайша «Абай арманы» залы былтырғы 22-ші ақпанда Семейге келген республиклық «Мәңгілік ел» пойызы мүшелерінің қатысуымен ашылды. Жаңа экспозиция Елбасының Абайды ардақтауға шақырған сөздерінен арна тартып, одан әрі Тәуелсіздіктің алтын бесігі – Алматы мен Қазақстан Конституциясын ұлықтай келе, Абай жазып, 1885-ші жылы Қарамола съезінде бекітілген Ережеге назар аудартады.

  «Абай арманы» экспозициясы, сондай-ақ Ұлы ақынның жүрегін сыздатқан «Қайран елім, қазағым!..» толғанысының терең сырын туған еліміздің бақыты жолында құрбан  болған, былтыр 150 жылдығы атап өтілген Әлихан Бөкейханның өмірі мен қызметі және елдік пен ерлік рухының қисынды жалғасы, 30 жыл толған Желтоқсан көтерілісінің   мән-маңызы арқылы пайымдатады.  Былтыр көмейіне қорғасын құйылғанына ширек ғасыр болған Семей ядролық сынақ полигонының да данышпан ақын айтқан «өз қолынан ырқы кеткен» халық трагедиясы екенін  деректі материалдармен көз алдымызға жайып  салады.

  Музейге келушілер  «Әлемге танылған Қазақстан» мен ертегідей Астанамыздың жүзеге асқан Абай арманының арқасы екенін де осы экспозициямен танысу барысында бағамдай түсіп, мәдениет, өнер мен спорттағы жеңістеріміздің тілеулесіне айналады. Халық ақыны Шәкір Әбеновтің «Ақбатасымен» басталған көрме мазмұнының Елбасының Абай еліне сапарлары және ақын музейіне тартуларымен таразылануы да заңды болса керек.

  Музей ұжымы кемеңгер ақынның білімді де өнерпаз, «кеудесі сәулелі» ұрпақ туралы аталық аманатын басшылыққа ала отырып, кезінде хакім Абай оқыған Ахмет Риза мешіт-медресесінің соңғы жылдары бос тұрған мешіт бөлігінде «Абай» өнер мектебі өз есігін ашып, онда ақындық, мәнерлеп оқу, дойбы мен тоғызқұмалақ үйірмелері жұмыс жасауда. Мектептің тоғызқұмалақшылары  облыстық, республикалық жарыстардың жеңімпаздары ретінде таныла бастады.

Өткен жылы Ұлы Абайдың туған күні – 23-ші тамызда музейдің бас ғимаратының алдындағы сахнадан бала ақындар мен дана ақындар Абай өлеңдерін бір сағат бойы үздіксіз аспандатты. Бұл жерге былтыр көктемде бойлары 1 метрлік қырықтан астам шырша және Құнанбай қыстауы–Қаршоқыдан арнайы әкелінген оннан астам қайың отырғызылып, қазір Зере әже мен Ұлжан ана рухтарына құрметтің айғағындай «Абай аналары» аллеясы желкілдеп өсіп келеді. Семейдегі Абай атын еншіліген бес шаңырақ бірлесіп дайындаған «Абай шаңырақтары шақырады!» салтанатында ақындар жырдан шашу шашып, алтыбақан жанында ән мен күй әуеледі.

 Өнер зерттеушілерінің айтуынша, Абайдың 30 әні мен 3 күйі бар екен. Соған орай бұрын бос тұрған тағы бір залда әйгілі композитор, академик Ахмет Жұбановтың аманатына сай «Абайдың ән-күй мұрасы» экспозициясы ашылды. Бұған қоса музейдің сыйлықтар залының орнына Абай заманынан жеткен этнографиялық жәдігерлер көрмесі ұйымдастырылды. Ал, өнер қанатындағы Абай мұрасы әртүрлі ұлт суретшілерінің туындылары арқылы «1 наурыз –  Алғыс күні» паш етілді. Осы бастаманың жалғасы ретінде Абайдың туған күні қарсаңында музей қорындағы 600-ден астам суреттердің ішінен  іріктеп ала отырып 100-ден астам туынды қойылған «Шыңғыстау» сурет галереясы да келушілердің көңілінен шығуда. Онда Абай еліне арнайы шақырылған Қазақстан суретшілері симпозиумына қатысқан қылқалам шеберлерінің туындылары лайықты орын алды.

Былтыр 100 жылдығы республика көлемінде атап өтілген көрнекті абайтанушы Қайым Мұхамедхановқа арнап, ғалымның туған күні 5-ші қаңтарда тұсауы кесілген шаралар керуені оның өзі егемендігін зарыға күткен елінің Астанасында жалғасып, абайтанудың асқан білгірінің өмірімен және шығармашылығымен келушілер ҚР Ұлттық музейінде, С.Сейфуллин,  мен «АЛЖИР» мұражайларында, Еуразия Ұлттық университетінің «Отырар» кітапханасы мен Ә. Марғұлан атындағы  40-шы мектепте ашылған көрмелер арқылы танысты.

  Сондай-ақ, «Абай» журналының арнаулы шығарылымы Абай туралы естеліктерге арналып, Астанада және Түркістан мен Атырауда «Ұлы дала елінің Ұлы ақыны» көрмелері ұйымдастырылды. Биылғы жылы «Абай жыр ақшамдары» республикалық поэзия кешін өткізу жоспарланып, ұлылардың мәңгілік мекені – Жидебайда «Қансонарда бүркітшы шығады аңға...» тақырыбымен ұлттық аңшылық дәстүрін ұлықтау мақсатында «Қыран» федерациясы қоғамдық қорымен (президенті Н.Өнербай)өзара келісім жасалды.

  Біздің қызметіміздің басты бағыттарының бірі – ғылыми-зерттеу жұмыстарын табысты жүргізу үшін, ең алдымен, асыл мұраны көздің қарашығындай сақтау керектігін басшылыққа ала отырып, қолжазбалар қоры мейлінше қолайлы әрі қауіпсіз орынға көшіріліп, қайта жабдықталды. Былтырдан бастап музей жексенбі күні де есігін айқара ашып, экскурсиялық-бұқаралық жұмыс бөлімі келушілерді қарсы алуға қолайлы орынға көшірілді. Жидебайдағы Қызмет көрсету орталығы тиісті мемлекеттік мекемелер арқылы кәсіпкерлерге конкурс негізінде жалға беріліп, қызмет сапасы жақсарды. Осындай мүмкіндік тарихи тұлға – Кеңгірбай би рухына тағзым етушілер үшін де ескерілді, жер аяғы кеңісімен киелі жерде музей шырақшысы дұға бағыштап, Би-ата рухына лайық мұражай ашу қолға алынады.

 Жұртшылықты елеңдетіп отырған Абайдың 175 жылдық мерейтойы да енді алыс емес. Сол себепті өзіміз құрамына кіретін Мәдениет және спорт министрлігіндегі әріптестерімізбен ақылдаса отырып, бірнеше мәселені бірінші кезекте қолға алдық. Біріншіден, кезінде Абай оқыған және қалаға келгенінде түсіп жүрген Ахмет Риза мешіт-медресесі және  Әнияр Молдабаев пен көпес Ершовтың үйлері, сондай-ақ 150 жылдыққа салынған күмбезді ғимараттар кіретін Бас мұражай кешеніне Республикалық маңыздағы ескерткіш мәртебесін алу үшін тиісті жұмыс жасалуда. Осы мақсатқа қол жеткен күнде аталған тарихи ескерткіштер «Қазқайтажаңғырту» акционерлік қоғамының жоспарына кіріп, Абай қорық-музейінде құрылыс және көріктендіру мен көгалдандыру жұмыстарын дер кезінде әрі сапалы жүзеге асыру мүмкін болады. Абай мен Мұхтардың мұражай-үйлерінде 2015-жылы аталмыш кәсіпорын  атқарған күрделі жөндеу жұмыстары соған дәлел. Осыған орай Абай мен Шәкәрім кесенелерінің жер тағанында былтыр күзде басталған құрылыс жұмыстары биыл көктемде одан әрі жалғасады.

  Сонымен қатар өткен жылы Семейдегі бас мұражай кешені мен Абай ауданындағы Жидебай, Бөрілі бөлімдері, сондай-ақ Ақшоқыдағы Құнанбай әулетінің қорымында жақын жылдары түбегейлі күрделі жөндеу мен абаттандыру жұмыстарын жүргізу мақсатында кәсіпорын бойынша құрылыс жұмыстарына тиісті мекемелер арқылы  жобалау-сметалық құжаттар жасату үшін 41 млн. 574 мың теңгеге есептемелер әзірленген еді. Осы қаржы биыл бюджетті нақтылау кезінде бізге бөлінген күнде, бұл - Ұлы Абайдың асыл мұрасын көздің қарашығындай сақтап, оны халықаралық деңгейде лайықты насихаттауға сенімді негіз қалайды.  Ойдан-ой қозғап, қолға алған қыруар істің қағазда қалмай, нақты жүзеге асуы перзенттік парыз ғана емес, міндетті қызметтік шаруа, ал ақынның асыл мұрасына жанашыр ағайын, осыған тілекші болса, құба-құп.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет