«Алаш» партиясының Семей облыстық комитетінің ашылуы Ә.Бөкейхановтың Тамда 8-10 қазан аралығында болып өткен Сібір автономистері съезінен қайтар сапарында іске асырылады. Ол қайтар жолында Семей қаласына тоқтап 12-13 қазан күндері қала жұртшылығымен кездесулер өткізіп, баяндамалар жасайды. Ал оның соңы «Алаш» партиясының 15-кісіден тұрған уақытша комитетін ашумен аяқталады.
Комитеттің төрағасы болып Халел Ғаббасов, жолдасына Ахмеджан Қозбағаров, хатшысына Сыдық Дүйсенбин, қазынашы Әнуар Молдабаев сайланады. Комитет мүшелері оған құрматті төраға етіп Әлихан Бөкейхановты сайлайды.
Д.Әділов нақты көрсеткендей, «Алаш» партиясының Омбы облыстық комитеті мүшелерінің аты-жөні «Қазақ» газетіне жарияланған, бірақ олардың саны 10-нан көп еді. Қазан -желтоқсан айларында облыстағы бес уезде «Алаш» партиясының уездегі комитеттері ашылады. («Қазақ». 1917. №255).
«Қазақ» газеті өзінің 1917 жылғы 14 желтоқсандағы санында «Алаш» партиясының Орынборда Торғай облыстық комитетінің ашылғандығын мәлімдейді. Комитетке мүшелікке Орынбор қаласында «тұратын 10 қазақ һәм 4 уезден 4 қазақ, барлығы 14 ағза» сайланады. Комитеттің төрағасы болып Ә.Бөкейханов төраға серігіне А.Байтұрсынов, хатшысына М.Дулатов, қазнашысы Ж.Жәнібеков сайланады.
Партияның орталық комитеті болған емес. Өйткені партияның арнайы съезін шақырып басқару орындарын сайлауға, жарғысы мен бағдарламасын бекітуге уақыт та, жағдай да болған жоқ. Бірақ оның басқарушысы ұйытқысына бірінші жалпықазақ съезі бүкілресейлік Құрылтай жиналысына депутаттыққа кандидат етіп бекіткен топты жазған.
Достарыңызбен бөлісу: |