Қазақстан тарихы


Қазақстан Алтын Орда құрамында



бет6/23
Дата15.11.2016
өлшемі5,07 Mb.
#1825
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   23

2. Қазақстан Алтын Орда құрамында.
1227 жылы Шыңғысхан қайтыс болғаннан кейін 1235 жылы Қарақорымда монғол ақсүйектерінің құрылтай жиналысында Шығыс Европаға жаңа жорық жасау туралы шешім қабылданды. Монғол әскерін Шыңғыс ханның немересі Батый басқаратын болды. Шығыс Европаны бағындыруға аттанған Батый басқарған монғол армиясының көпшілік бөлігін қыпшақтар құрады. Сондықтан деректерде оның әскері қыпшақтық деп аталған. 1236-1242 жж. Еділ Бұлғариясын, орыс княздіктерін бағындырып, Польшаны, Венгрияны, Чехияны, Молдовияны, Валахияны, Трансильванияны талқандап, Батый Еділдің сағасына қайта оралды да, мұнда жаңа монғол мемлекеті – Алтын Орданы құрды. Бұл мемлекеттің аумағы шығыста Ертіс өзенінен батыста Еділ мен Әмударияның төменгі сағасына дейінгі орасан зор жерлерді алып жатты. Алтын Орда Шығыс Дешті Қыпшақ, Хорезм және Батыс Сібір территориясының бір бөлігін қамтыды. Бастапқыда астанасы Астрахань маңындағы Сарай-Батый қаласы болды, кейін астана Сарай-Берке қаласына Еділ бойындағы жоғарырақ жерге көшірілді.

Алтын Орда көпұлтты мемлекеттік құрылым еді. Ол әралуан халықтар мен тайпалардан құралды. Монғолдардың өздері тіпті аз еді. ХІҮ ғасырда монғолдар іс жүзінде түріктеніп кеткен еді, ал Алтын Орданың халқы «татарлар» деп атала бастады. Сонымен, белгілі шығыстанушы Л.Н. Гумилев атап көрсеткендей (Қиял патшалығын іздеу. Алматы, 1992, 208-б.) «жеңген монғолдар өздері құрған мемлекетте азшылықта қалып, жеңілген және бағындырылған халықтар шын мәніндегі қуатты күшке айналып шыға келді. Ал тақта мығым отыруды қалаған басқарушылар бұл күшпен барған сайын жете санасуға тиісті болды».

Алтын Орда алғашқы кезде Монғол империясының бір бөлігі болды, сөйтіп, әуелгі кезде монғолдың ұлы ханына қарайтын, бірақ Батый хан (1242-1256) өзін тәуелсіз билеуші ретінде ұстады. 1260 ж. Монғол империясы тәуелсіз ұлыстарға бөлінді. Алтын Орда Батыйдың інісі Берке ханның (1256-1266) тұсында дербес мемлекетке айналды. Ол елді басқарған кезде Алтын Орда Монғол империясынан біржолата бөлінді. Одан кейінгі Мөңке-Темір хан (1266-1280) тұсында Алтын Орда тұңғыш рет өз атынан теңге құя бастады. ХІІІ ғасырдың 80-ші жылдары Алтын Ордада беклербек Ноғайдың есімімен байланысты дағдарыс басталды. Ноғай Шыңғысханның бір ұрпағы ретінде Батый мен Берке кезінде мемлекеттегі екінші адам болды. Оның ниеті өзінің дербес мемлекетін құру еді. Ол өзіне Дунай, Днестр, Днепр бойындағы елдерді бағындырып алды. Тоқты хан кезінде (1298-1312) алауыздық өзара күреске ұласып, 1300 жылы Ноғай жеңіліс тапты, содан кейін ғана Алтын Орданың бірлігі қайтадан қалпына келтірілді.

Өзбек ханның (1312-1342) және оның баласы Жәнібектің (1342-1357) тұсында Алтын Орда барынша күшейді. 1312 жылы Өзбек хан исламды мемлекеттік дін етіп жариялады. Орыс княздықтары Алтын Ордаға тәуелділіктерін мойындап, ұлы ханның қолынан «князь» атағын алып, алым-салық төлеп тұрды. Бірақ билеушілердің хан тағына таласып, өзара қырқысуының салдарынан Жәнібек хан қайтыс болғаннан кейін Алтын Орданың құлдырауы басталды. 1357-1380 жылдары ондаған хан ауысады. Сөйтіп, бұл жылдар Алтын Орда тарихында «Ұлы дүрбелең кезеңі» деп аталады. 1380 жылы Алтын Орданың уақытша билеушісі Мамай Куликово даласында Дмитрий Донской бастаған орыс әскерінен жеңіледі. Жошының ұрпағы Тоқтамыс хан Мамайдың әлсірегенін пайдаланып, Алтын Орда билігін тартып алады. Өз билігін әскери жеңістермен нығайту үшін ол 1382 жылы Мәскеуге жорық жасап, оны талқандап, өртейді. Ол сонымен қатар Мәуераннахр мен Кавказдың ар жағына бірқатар жорықтар жасайды. Тоқтамыстың кезінде (1380-1395) Алтын Орда уақытша күшейеді. Бірақ ХІҮ ғ. соңында Әмір Темір Алтын Ордаға бірнеше рет жорық жасап (1389, 1391, 1395 жж.), оны ойрандап кетеді. Алтын Ордаға Темір мемлекетімен болған соғыс өте ауыр тиді. Осы соққыдан ол оңала алмайды. ХҮ ғ. орта кезінде Алтын Орда құлайды. Ол Сібір хандығы, Ноғай Ордасы, Қазан хандығы, Қырым мен Астрахан хандықтарына бөлініп кетеді.

Алтын Ордада Жошы ұлысының мемлекеттік құрылысының негізгі бастамасы сақталды. Жошы ұрпағының мемлекеті саяси құрылысы жағынан ұлыстарға бөлінген, өз кезегінде ұлыстары неғұрлым ұсақ үлес-иеліктерге бөлшектенген әдеттегі көшпелі мемлекет болған еді. Алтын Орданың ішкі басқару жүйесінде қызмет адамдарынан, әскери ақсүйектерден құралған әкімшіл-чиновниктік аппараты маңызды орын алды. Армияны және мемлекеттің ішкі істерін басқару үшін ерекше лауазымдар белгіленді. Алтын Орданың билеушісі - хан ондағы барлық қарулы күштердің бас қолбасшысы саналды. Ханның атынан бүкіл әскери істі беклербек басқарды, ал азаматтық биліктің басында уәзір тұрды. Беклербек уәзірден дәреже жағынан жоғары тұрды. Ол басқа мемлекеттермен дипломатиялық қатынастарды басқарды және азаматтық істерді шешкен кезде жоғары сот билігін атқарды.

Алтын Ордада атқарушы орган – диуанның басында уәзір тұрды. Атқарушы өкіметтің орталық органы – диуанның қарауында қаржы, салық және басқа ведомстволар болды. Диуанның хатшысы бітікші деп аталды. Уәзір мемлекетті азаматтық тұрғыдан басқару ісінде ханның кеңесшісі болды. Мемлекеттік басқару жүйесінде даруғалар мен басқақтар маңызды орын алды. Даруғалар негізінен салық жинаумен айналысты, басқақтар басқару міндетін де атқара отырып, жергілікті халыққа әскери бақылауды жүзеге асырды. Олар сонымен қатар қалалар мен бағынышты ұлыстардан алым-салық та жинады.

Монғол әскерлерінің басқыншылығы жаулап алған елдер үшін өзінің зардабы жағынан ауыр апат әкелді. Ол көптеген халықтардың экономикалық және мәдени прогресін, олардың саяси, әлеуметтік және этникалық дамуын тежеді. Монғолдардың шапқыншылығы салдарынан өндіргіш күштер әлсіреді. Көптеген қалалар қиратылып, ортағасырлық қала мәдениетіне үлкен зиян келтірілді. Әсіресе, Оңтүстік Қазақстан мен Жетісу өңіріндегі отырықшылық өмір мен егіншілік мәдениетіне бұл ауыр соққы болып тиді. Бағындырылған халықтан алынатын алым-салық та ауыр және көп болды. Зерттеушілердің айтуынша салықтың 20 шақты түрі болған.

Дегенмен, монғол басқыншылығының апатты зардаптарымен бірге кейбір жағымды жақтары да болған. Монғол өкіметтері сауда-саттық пен халықаралық байланыстың дамуына жағдай жасады, жер-жердің бәрінде пошта және көлік қатынасы қызметін енгізді. Монғолдар бір орталыққа бағынатын өкімет идеясын әкеледі, бұрын ұйымдаспаған тайпалардың басын қосады. Көшпелі өмір тәртібін Шыңғысханның заңдар жинағы – «Ясасына» сәйкес келтіре бастайды. Кейін «Ясаның» кейбір нормалары қазақ заңдарында белгілі дәрежеде пайдаланылады. Мемлекеттіліктің әлеуметтік ұйымы мен түрлерінің көптеген нормалары монғол дәуірінен кейін Қазақстанда пайда болған мемлекеттерде қажетке асырылады. Монғол жаулаушылығы Қазақстан жеріндегі этникалық процестер барысына да әсер етеді.


3. ХІҮ-ХҮ ғ.ғ. Қазақстан аумағындағы мемлекеттер
Монғол дәуірінен кейінгі кезең Шығыс Дешті-Қыпшақ, Жетісу және Оңтүстік Қазақстан халықтарының бірігуімен сипатталады. ХІҮ-ХҮІ ғғ. Қазақстанның бұл бөлігі Түркістан деп аталды. Осы кезеңнің бастапқы сатысында Дешті Қыпшақтағы, Орта Азиядағы (Мәуереннахр) Шыңғыс әулетінің иеліктерінде монғол дәуірінің ыдырау үрдісі жүріп, бірнеше мемлекеттер құрылды: Ақ Орда, Моғолстан, Әбілқайыр хандығы, Ноғай Ордасы.

Ақ Орда. ХІІІ-ХҮ ғ. басында Шығыс Дешті Қыпшақ жерінде Ақ Орда мемлекеті өмір сүрді. Ол монғол шапқыншылығынан кейін Қазақстан жерінде пайда болған бірінші ірі мемлекет. Ақ Орданың негізін қалаушы – Жошының үлкен баласы Орда Ежен (1226-1280 жж.). Рашид әд-Диннің жазуына қарағанда (ХІҮ ғ.), Жошы ұлысының шығыс бөлігін (сол қанатын) әкесінің көзі тірісінде Жошының үлкен ұлы Орда Ежен алады. Әбілғазының айтуынша (ХҮІІ ғ.) осынау жерді оған інісі Батухан ХІІІ ғ. орта кезінде бөліп береді. Орданың мирасқорлары іс жүзінде дербес билеушілер болды. ХІҮ ғ. 2-ші жартысында Алтын Орда билігі әлсіреп, Ақ Орда күшейіп, дамудың ең жоғары сатысына жетті. Территориясы: Батысында Жайық өзенінен шығыста Ертіс өзеніне дейінгі, оңтүстікте Сырдария алқабы, Арал теңізінің солтүстік-шығысынан солтүстікте Оңтүстік Сібір ормандарына дейінгі жерлер. Астанасы – Сығанақ (Сырдарияның орта ағысы). Халқы – түрік тілді тайпалар.

Ақ Орданың саяси тарихы бірінші кезеңде Шығыс Дешті-Қыпшақ жерін Алтын Орданың билігінен азат ету жолындағы ұзақ күреспен өтеді, кейінірек Ақ Орда хандары Алтын Орда ісіне араласады, ал өз тарихының соңғы кезінде Мәуераннахр билеушісі әмір Темір мен оның ұрпақтарының басқыншылығына қарсы күреседі.

Мемлекетті Орда Ежен тегінен шыққан хандар басқарды. Алғашқы ханы – Сасы Бұға (1309-1315), мұрагері – Ерзен хан (1315-1320). Ақ Орданың Алтын Ордадан оқшаулануы ХІҮ ғ. 2-ші ширегінде Ерзен мен Мүбәракқожа тұсында басталды. Мүбәракқожа хан (1320-1344 жж.) Алтын Ордаға бағынбай дербес саясат жүргізуге тырысты.

Шымтайдың (1344-1361 жж.) ұлы Орыс ханның кезінде (1361-1376 жж.) Ақ Орда Алтын Ордадан бөлініп, тәуелсіз хандық болып жарияланды. Ақ Орда Орыс хан тұсында едәуір нығаяды. Әйгілі тарихшы Қадырғали Жалайырдың айтуынша Орыс хан өз заманының қуатты да құдіретті, батыл билеушісі болған. Ол ең алдымен Ақ Орданың саяси тәуелсіздігін нығайтуға мейлінше күш жұмсады. Оның сыртқы саясаты негізінен Әмір Темірдің шапқыншылық жорығына тойтарыс беруге бағытталды. Ал ішкі саясаты Ақ Орданың экономикасын өркендетіп, мемлекеттік қуатын арттыруды көздеді, ол ең алдымен Сырдария алқабындағы отырықшы егінші аймақтардың егін шаруашылығын өркендетуге және осы өңірдегі шаруашылық, мәдениет орталығы болған қалаларды көркейтуге баса мән берді.

Орыс хан Алтын Орда тағы жолындағы күреске белсене қатысты. Ол хан болып нығайып алған соң ішкі феодалдық қырқысты жойып, Алтын Орданы өзіне бағындыруға әрекет етті. Бұл мақсатын жүзеге асыру үшін 1368 жылы Еділ бойына жорық жасайды. 1374-1375 жж. Сарай-Беркені, Қажы-Тарханды (Астрахань) алып, Кама бұлғарларын бағындырады. Бірақ Алтын Орданың уақытша билеушісі Мамайды жеңе алмайды және бұл кезде Ақ Орданың өзіне Әмір Темір тарапынан қауіп төнгендіктен Орыс хан Сырдария бойындағы өз иелігіне қайтып оралады. Ол өзінің қайтар жолында Алтын Орданы жаулау кезінде өзіне көмекке келмеген Жошы әулетінің бірі Маңғыстау аймағының билеушісі Түй-Қожаны өлтіреді. Оның баласы Тоқтамыс Әмір Темірге барып паналайды. Темір бұл жағдайды пайдаланып, Тоқтамысты көп әскермен Ақ Ордаға жібереді. Тоқтамыстың алғашқы жорығы (1374-1375) сәтсіз аяқталды, Ақ Орда әскерлері оның әскерлерін талқандады. Бұл соғыста Орыс ханның баласы Құтлық Бұқа қаза болды. Әмір Темірден жаңадан әскер алған Тоқтамыстың екінші жорығы да Орыс ханның ұлы Тоқтақия басқарған Ақ Орда әскерлерінен жеңілді, тек төртінші жорығынан кейін ғана Тоқтамыс Ақ Орда тағына отырды. Темір басқыншылығына қарсы күрестің негізгі ауыр салмағы Орыс ханға түседі. Ұрыс барысында Орыс хан қаза тапты. Тоқтамыс Орыстың баласы Темір-Мәлікті (1376-1379 жж.) 1379 жылы жеңіп, Ақ Орда билеушісі болды.

Ақ Орданың әскери күшіне ие болған Тоқтамыс 1380 жылы Алтын Орданы алды. Сөйтіп, ол бір мезгіл (1380-1395 жж.) Ақ Орда мен Алтын Ордаға хан болды. ХІҮ ғасырдың 80-жылдары Тоқтамыс Ақ Орда мен Алтын Орда жерін түгел бағындырып, Әмір темірге қарсы шықты. Осы кезде Әмір Темір мен Тоқтамыс арасындағы ұзаққа созылған қанды соғыс басталды. 1395 жылы Кавказдағы Терек өзенінің аңғарындағы шешуші шайқаста Әмір Темір Тоқтамысты жеңіп, Алтын Орданы талқандады.

ХІҮ ғ. аяғы – ХҮ ғ. басында сыртқы саяси ауыр жағдайлар мен ішкі қырқыстар кезінде Ақ Орда әлсіреп кетті. Ақ Орданың әлсіреу себептері: Әмір Темірдің тонаушылық жорықтары және ішкі тартыстар.

1423-1428 жж. Орыс ханның немересі Барақ біраз уақыт бойы Ақ Ордадағы өз әулетінің билігін қалпына келтірді. Ақ Орданың соңғы ханы Барақ Самарқанның билеушісі Темірдің немересі Ұлықбекті жеңіп, Сырдарияның бойындағы көптеген қалаларды өзіне қаратады. Бірақ ол көп ұзамай қаза табады, сосын Ақ Орданың жеріндегі билік Шайбан ұрпағы Әбілқайырдың қолына көшеді.

Саяси жағынан іс жүзінде дербес, экономикалық жағынан тәуелсіз болған, сыртқы саясатта өзіндік бағыт-бағдары, билеуші хандарының әулеттік жөн-жосығы бар Ақ Орда мемлекеттік бірлестігі ХІҮ-ХҮ ғғ. Шығыс Дешті-Қыпшақ пен Түркістан жеріндегі этникалық топтардың, тайпалар мен халықтардың бастарын қосып, біріктіруде маңызды рөл атқарды. Кейін Ақ Орда мемлекеті Қазақ хандығының құрылуына негіз болды.

Моғолстан хандығы. ХІҮ ғ. ортасы – ХҮІ ғ. басында Оңтүстік-Шығыс Қазақстан аумағы Моғолстан мемлекетіне кірді. Бұл мемлекет ХІҮ ғ. ортасында Орта Азияның солтүстік-шығыс бөлігі, Жетісу мен Шығыс Түркістан жерінде Шағатай ұлысы ыдырағаннан кейін құрылды. Моғолстан мемлекетінің негізін салушы – дулат тайпасының көсемі Әмір Болатшы. Алғашқы ханы – Тоғылық Темір (1348-1362 жж.), ол Моғолстан билеушілері әулетінің негізін салды. Астанасы – Іле алқабындағы Алмалық қаласы болды. Территориясы: Оңтүстік-Шығыс Қазақстан, Қырғызстан, Шығыс Түркістан. Орталық аймағы – Жетісу. «Моғолстан» атауы «монғол» сөзінен шыққан. Өйткені түрік және парсы деректерінде монғолдарды осылай атаған. Халқы: дулаттар, қаңлылар, керейттер, арғындар, үйсіндер, барластар т.б. түрік және түріктенген монғол тайпалары. Олар мемлекет атауына сай моғолдар деп аталды. Осынау тайпалардың Жетісуды жайлайтын едәуір бөлегі кейін қазақ халқының құрамына енеді, ал оның Тянь-Шань өңірі мен Шығыс Түркістанды мекендейтін екінші бөлегі қырғыздар мен ұйғырлар құрамына кетеді. Осылардың ішінде дулаттар ең қуатты тайпа болды.

Билеушінің дәрежесі – хан. Моғолстанда мемлекеттің саяси басшысы және жер-судың жоғарғы иесі хан болған. Дулат тайпасы әмірлерінен ханның көмекшілері - ұлысбектер тағайындалды. Хандық кеңес мемлекеттің ішкі және сыртқы істері, әскери жорық және жайылымдық жерлерді бөлумен айналысты. Ақсүйектер жерді шартты түрде иеленудің икта, инджу, сойырғал сияқты түрлерін пайдаланған. Көшпелі аудандарда жер қауымның қарауында болған. Бірақ мал ақсүйектер қолында шоғырланғандығы себепті көшпелі аудандарда қоныс-өрістердің көпшілігі солардың меншігінде болды. Салықтың бірнеше түрі жиналды. Қала мен ауыл тұрғындарынан, егіншілер мен көшпелі халықтан алынатын салықтар, деректерде көрсетілгендей, қалан, күпшір, зекет, тағар, баж және қарадж деп аталған. Сондай-ақ халық әскери, кірешілік, еңбек, пошта т.б. әртүрлі міндеттерді атқарған. Иеліктерді қайта бөлуге бағытталған соғыстар мен өзара қырқыстар халық бұқарасының халін ауырлатты. Моғолстанның алғашқы ханы Тоғылық Темір өз билігін нығайту үшін ислам дінін тірек етті.

Моғолстанның саяси тарихында феодалдық соғыстар мен ішкі қырқыс, көрші мемлекеттер тарапынан жасаған шапқыншылықтарды тойтару жағы өте көп болған. Тоғылық Темір 1361 жылы Мәуереннахрды түгел басып алып, баласы Ілияс Қожаны билеуші етіп қойды. Кейін ол әкесінің орнына 1362-1385 жж. Моғолстанның билеушісі болды. Оның тұсында өзара қырқысу соғыстары басталып, Моғолстан бірнеше бөлікке бөлінді: Дулат әмірі Қамар ад-Дин – Жетісуды, Енке төре – Іле мен Тарбағатайды биледі.

Осыны пайдаланған Әмір Темір ХІҮ ғасырдың 70-80-жылдары Моғолстанға оншақты рет шапқыншылықтар жасайды. Қызыр Қожа хан (1385-1399 жж.) өзін Темірдің вассалы деп мойындайды. Қызыр Қожаның ұлы Мұхаммед хан тұсында (1408-1418) елдің жағдайы біраз нығайды. Оның кезінде Моғолстанның Темір тұқымынан тәуелсіз болуға қолы жетеді. Біраз уақыт өзара қырқыс пен талас-тартыс толастайды. Мемлекетті бір орталыққа бағындыру үшін Мұхаммед хан исламды енгізуге күш салады.

ХҮ ғ. 1-ші жартысында Моғолстанға ойраттар шапқыншылығы жиіледі. Уайс хан (1418-1428) ойраттарға батыл қарсылық көрсетті, олармен ұзақ соғыс жүргізді. Ол өз ордасын Тұрфаннан Ілебалық деген жерге көшіруге мәжбүр болады. Уайстың баласы Есен Бұға хан (1433-1462) ХҮ ғ. 30-жылдарының басында өкімет билігін иеленді. ХҮ ғ. 50-жылдарының аяғында Батыс Моғолстанға Жәнібек пен Керей бастаған тайпалар көшіп келді. Моғолстан ханы Есен Бұға оларға жер бөліп берді. Мұндағы Есен Бұғаның мақсаты:

- қазақтарды ойраттарға және Темір әулетіне қарсы әскери күш ретінде пайдалану;

- қарсыласы Әбілқайыр мен інісі Жүніске қарсы қою.

Жүніс хан тұсында (1462-1487) мемлекет жағдайы біраз нығаяды, бірақ ол 1472 жылы Жетісуға шабуыл жасаған ойраттардан жеңіліп қалады. Жүнісханның баласы сұлтан Махмұт хан (1487-1508) Жетісуда және Сырдария қалалары үшін қазақ хандарымен соғысады. Моғолстан билеушілерінің ең соңғысы Жүніс ханның немересі Сейітхан 1514 жылы Қашғарияны басып алып, Шығыс Түркістанда Моғолия атты жаңа мемлекет құрады. Жетісудағы қазақ рулары мен тайпалары 60 жж. бастап Қазақ хандығының құрамына енеді.

Сөйтіп, ХҮІ ғ.басында феодалдық өзара қырқыстар, халық наразылығының жиілеуі және олардың Қазақ хандығына барып қосылуы салдарынан Моғолстан ыдырап, жеке мемлекет болып өмір сүруін тоқтатты. Моғолстан Қазақ хандығының құрылуына және қазақтың өз алдына жеке халық болып қалыптасу барысын аяқтауына территориялық тірек, саяси-экономикалық негіз болды.

Әбілқайыр хандығы. ХҮ ғ. 20-жылдарында Қазақстанның орталық, батыс және солтүстік-батыс аймақтарында тәуелсіз феодалдық иеліктер пайда болды. 1428 жылы Шайбан ұрпағы Әбілқайыр (1428-1468) осы аймақтардағы билікті қолына алды. Ол Сырдария бойындағы қалалар мен Хорезм үшін Темір ұрпақтарымен ұзақ соғысты. Шығыс Дешті-Қыпшақтың бытыраңқы тайпаларының басын қосып «Көшпелі өзбектер мемлекетін» құрды.

Әбілқайыр хандығының территориясы батысында Жайықтан бастап, шығысында Балқаш көліне дейін, оңтүстігінде Сырдарияның төменгі жағы мен Арал өңірінен солтүстігінде Тобылдың орта ағысы мен Ертіске дейінгі ұлан байтақ жерді алып жатты. Астанасы – алғашқыда Тура, 1431 жылдан Орда-Базар, 1446 жылдан Сығанақ. Халқы - өзбектер деп аталған түрік тайпалары (қыпшақтар, қоңыраттар, наймандар, маңғыттар, қарлұқтар, қаңлылар, үйсіндер т.б.). Елді 40 жыл билесе де, Әбілқайыр хан мемлекетінің ішкі саяси жағдайын тұрақты ете алмады. Мемлекет бір орталықтан басқарылмай бірнеше иеліктерге бөлініп, оларды Шыңғыс әулетінің билеушілері басқарып, олардың арасында билік үшін толассыз соғыстар тоқтамады.

Әбілқайыр хан өз билігін нығайтып, жаңа жерлер қосып алу үшін көптеген соғыстар жүргізіп 1430 жылы Тобыл өзені бойында Шайбани ұрпағы Махмұт Қожаханды жеңді, Хорезмді басып алып, Үргенішті талқандады. Сырдария өңіріндегі далада Жошы әулетінің Махмұд және Ахмет хандарын жеңіп, Орда-Базар қаласын тартып алды. 1446 жылы Мұстафа ханды тізе бүктіреді. Сырдария бойындағы Сығанақ, Созақ, Аққорған, Өзгент, Аркөкті жаулап, Сығанақты астана етті.

ХҮ ғ. 50-жылдары Самарқанд, Бұхарды шабуылдап, осы өңірдегі Темір ұрпақтарының ішкі саяси өміріне араласты. Бірақта 1457 жылы Өз Темір бастаған ойраттардан Сығанақ түбінде жеңіліп, онымен өзін қорлайтындай ауыр шарт жасасты.

Бұл жағдай Әбілқайыр ханның саяси беделін төмендетті. Нәтижесінде ХҮ ғ. 50-жылдарының аяғында Көшпелі өзбектер мемлекетінен Жәнібек пен Керей сұлтандар бастаған халықтың бір тобы Моғолстанға көшіп кетті. Оларды жазалау үшін 1468 жылы Әбілқайыр хан Моғолстанға жорыққа аттанып, жолда кенеттен қайтыс болды. Осыдан кейін Әбілқайыр хандығы ыдырап кетті.

Әбілқайырдың мұрагері Шайх-Хайдар хан ішкі тартыста өлтірілді. Ал Әбілқайырдың немересі Мұхаммед Шайбани (1470-1510) қазақ хандарымен Сырдария мен Қаратау аймағындағы қалалар үшін ұзақ соғыс жүргізді. Қазақ хандығы құрылғаннан кейін Әбілқайырдан тараған Шайбанилар ұрпағының Шығыс Дешті-Қыпшақтағы билігі бітеді. Бұл жерлердегі билік қазақ хандарына толық көшті. ХҮІ ғ. басында көшпелі өзбектердің бір бөлігі Шайбанилердің бастауымен Мәуереннахрға көшіп кетті. Ондағы Темір ұрпақтарынң билігінің әлсірегенін пайдаланып, Шайбанилер Орта Азиядағы өкімет билігін тартып алды. Қазақстан жерінде қалған тайпалар Қазақ хандығының қол астына қарайды.



Ноғай Ордасы. Алтын Орданың ыдырауы кезінде пайда болған мемлекеттік бірлестіктің бірі – Ноғай Ордасы. Ол ХІҮ-ХҮ ғасырларда Батыс Қазақстанның бір бөлігін алып жатты. Бұл мемлекеттің атауы Алтын Орданың беклербегі, әскерінің қолбасшысы, Жошы ханның немересі (1260-1306) Ноғай есімімен байланысты. Берке хан өлгеннен кейін Доннан Дунайға дейінгі жер Ноғайдың бақылауында болды. Оның құрамындағы рулар Каспий маңына қоныс аударып, Ноғай елі атанды.

Ноғай Ордасының негізін салушы - әмір Едіге (1395-1419). Ол 15 жылдай Алтын Орданы билеп (1396-1411), «ұлы әмір» атанған. Шыңғыс әулетінен хан сайлау Едігенің қолында болған. Ноғай Ордасы Алтын Ордадан Едігенің кезінде бөлектене бастады. Бұл процесс Едігенің ұлы Нұраддин (1426-1440) тұсында аяқталып, Ноғай Ордасы Алтын Ордадан ХҮ ғ. ортасында бөлініп, дербес мемлекет болды. Территориясы: Еділ-Жайық арасы. Астанасы – Жайық өзені сағасындағы Сарайшық қаласы болды. Халқы – маңғыт, қыпшақ, қоңырат, арғын, қарлұқ, алшын, тама және т.б. сияқты түрік тайпалары. Ноғай Ордасы этносаяси бірлестік ретінде пайда болды, оған енген тайпалар ХҮ ғ. аяғында қалыптасқан ноғай халқының негізін құрады.

Ноғай Ордасында ұлыстық басқару жүйесі қалыптасып, бір орталыққа бағынған өкімет болды. Орда билеушісі – хан. Ұлыс басында мырзалар тұрған, олар өз иеліктерінде шексіз билік жүргізіп, ұлыстың ең шұрайлы жайылымдары мен өрістерін иемденген. Ұлыстың қатардағы көшпелі малшылары мырзалармен бірге көшіп-қонып, алым-салық төлеп отыруға, соғыс жорықтарына қатысуға міндетті болған. Орданы Едіге ұрпақтары басқарды. Мұрагерлік жолмен берілетін әкімшілік, әскери, елшілік билік князьдің қолында болды. Ордада жорыққа 300 мың жауынгер шығарылды.

Ноғай Ордасының тарихы Еділ бойы мен Сібірдегі, Орта Азия мен Қазақстандағы көрші мемлекеттер тарихымен тығыз байланысты. Ноғайлар тарихы әсіресе көшпелі өзбектер мен қазақтар тарихына айрықша жақын. Ембі мен Сырдария арасында көшіп жүретін ноғайлар қазақтармен ұдайы араласып-құраласып байланысып жатқан. Басқа да көшпелі мемлекеттер сияқты Ноғай Ордасының шекарасы да сыртқы саяси жағдайға байланысты өзгеріп отырады. Ноғайлардың солтүстік-шығыстағы өріс-қоныстары Сібірге дейін созылып жатады, ал оңтүстік-шығыста олар кейде Сырдария бойында, Арал теңізі жағасында көшіп жүрген. Олардың билеушілері Уақас би маңғыт, Мұса мырза, Жаңбыршы және басқалары Әбілқайырға Сырдария бойындағы қалаларды жаулап алуға жәрдемдеседі. Кейін ноғайлар қазақ хандарымен соғысса, енді бірде татуласып, одақ құрып отырған. Ш. Уәлиханов ноғайлар мен қазақтарды «екі туысқан Орда» деп атаған. Ал Хақназар хан «қазақтар мен ноғайлар ханы» атанған.

ХҮІ ғасырда Ноғай Ордасының Орыс мемлекетімен сауда-экономикалық, саяси байланысы дамыды. ХҮІ ғ. 2-ші жартысында Ноғай Ордасы ыдырап, екіге: Үлкен Ноғайлы (Еділдің шығысы) және Кіші Ноғайлыға (Еділдің батысы) бөлінді. Осы тұста ноғайлардың көпшілігі Қазақ хандығына, соның ішінде Кіші жүз құрамына енді. Осылайша Ноғай Ордасын мекендеген тайпалар қазақ халқының қалыптасуында үлкен рөл атқарды.

5 - тақырып. Қазақ хандығының құрылуы


  1. Қазақ хандығының құрылуы және нығаюы

  2. Қазақ халқының қалыптасуының аяқталуы.




  1. Қазақ хандығының құрылуы және нығаюы


Қазақ хандығы туралы бізге жеткен нақты жазба деректердің бірі Мұхаммед Хайдар Дулатидың «Тарих-и-Рашиди» атты еңбегі. Жалпы бұл еңбек Моғолстан хандығы тарихына арналған. Алайда сол кездегі саяси жағдайға байланысты Қазақ хандығы туралы да көп мәлімет келтірілген. Абулғазы, Қадырғали Жалайыри өз еңбектерінде Қазақ хандығы, оның билеушілері туралы мәліметтер қалдырды. Сонымен қатар Қазақ хандығы кезеңіне байланысты шығыс деректерінің маңызы зор.

Қазақ хандығы — шаруашылықтың дамуы, өндіргіш күштердің өсуі, феодалдық қатынастардың қалыптасуы нәтижесінде ерте заманнан бері Орта Азияның ұлан-байтақ өңірін мекендеген көшпенді тайпалардың бірыңғай этникалық топ — қазақ халқының негізінде бірігуі арқылы XY-ғасырдың орта шенінде құрылды. Қазақ хандығының құрылуына 1457-жылдан кейін Керей мен Жәнібек сұлтандардың Әбілхайыр хан үстемдігіне қарсы күрескен қазақ тайпаларын бастап шығыс Дешті-Қыпшақтан батыс Жетісу жеріндегі Шу мен Талас өңіріне қоныс аударуы мұрындық болды.

Ол кезде Жетісуді билеген Моғолстан ханы Есенбұға (1434—1462-жылдары билік еткен) қоныс аударған қазақтарды Әбілхайырға қарсы пайдалану үшін қарсы алып, қоныс берді. Осы оқиға жөнінде тарихшы Мұхаммед Хайдар Дулати «Тарих-и-Рашиди» атты еңбегінде былай дейді: «Ол кезде Дешті Қыпшақты Әбілхайыр хан биледі. Ол Жошы әулетінен шыққан сұлтандарға күн көрсетпеді. Нәтижесінде Жәнібек хан мен Керей Моғолстанға көшіп барды. Есенбұға хан оларды құшақ жая қарсы алып, Моғолстанның батыс шегіндегі Шу мен Қозыбас аймақтарын берді. Олар барып орналасқан соң, Әбілхайыр хан дүние салды да, өзбек ұлысының шаңырағы шайқалды. Ірі-ірі шиеленістер басталды. Оның үлкен бөлігі Керей хан, Жәнібек ханға көшіп кетті. Сөйтіп, олардың маңына жиналғандардың саны 200 мыңға жетті. Оларды өзбектер - «қазақтар» деп атады. Қазақ сұлтандары 870 жылдары (1465—1466) билей бастады...».



Алғашында Қазақ хандығының территориясы батыс Жетісу жері, Шу өзені мен Талас өзенінің алабы еді. Ежелден осы алапты мекендеген тайпалар Дешті- Қыпшақтан қоныс аударған қазақ тайпаларымен етене араласып кетті. Әбілхайыр хандығындағы аласапыран соғыс салдарынан күйзелген қазақ тайпалары бұл араға келіп ес жинап, етек жауып, экономикалық тұрмысы түзеле бастады. Мұны көрген Дешті-Қыпшақ қөшпенділері Әбілхайыр хан қол астынан шығып, бөгеуін бұзған судай ағылып, Қазақ хандығына қеліп жатты. Алайда жаңадан құрылған Қазақ хандығының экономикалық негізі әлсіз еді және бірсыпыра қазақ тайпалары Әбілхайыр хандығының, Моғолстанның, Ноғай Ордасының және Батыс Сібір хандығының қол астында төрт хандыққа бөлшектеніп отырған болатын. Ал Әбілхайыр хан болса өзіне қарсы шығып, Жетісуға қоныс аударған қазақтардың өз алдына хандық құрып отырғандығына және оған көптеген тайпалардың ағылып барып жатқанына азуын басып, қылышын қайрап отырды.

Жаңа кұрылған Қазақ хандығы құрамына, яғни батыс Жетісу өңіріне он шақты жыл айналасында екі жүз мыңдай саны бар көшпелі тайпалардың жиналуы кең өріс-қонысты керек етті. Сонымен қатар көшпелі елдің отырықшы-егіншілігі көркейген аудандармен, әсіресе қолөнері мен саудасы дамыған экономикалық орталық - Сырдария жағалауыңдағы қалалармен сауда-саттык қарым-қатынасқа қолайлы жағдай жасау маңызды мәселеге айналды. Бұл қарым-қатынастьң оңалуына тек көшпелі ел ғана емес отырықшы аймақтардағы халықтар да мүдделі болды. Осы жоғарыдағы жағдайлардың талабына сай, Қазақ хандығының алдында үлкен тарихи міндеттер тұрды.

1. Мал жайылымдарын пайдаланудың Дешті-Қыпшақ даласында бұрыннан қалыптасқан дәстүрлі тәртібін қалпына келтіру (бұл тәртіп Әбілхайыр хандығындағы аласапыран кезінде бұзылған еді).

2. Шығыс пен батыс сауда керуен жолы үстіне орнаған Сырдария жағасындағы Сығанақ, Созақ, Отырар, Яса (Түркістан) т. б. қалаларды Қазақ хандығына қарату. Себебі Сырдария бойындағы бай қалалар бұдан бұрынғы мемлекеттік бірлестіктердің — Ақ Орданың, Әбілхайыр хандығының саяси-әкімшілік және сауда-экономикалық орталықтары еді. Сырдария бойындағы қалаларды өзінің экономикалық және әскери тірегіне айналдыру Дешті-Қыпшақ даласын билеудің басты шарты болып келген. Сондықтан бұл қалалардың саяси-экономикалық және соғыс-стратегиялық маңызы зор еді.

3. Қазақ тайпаларының басын қосып, қазақтың этникалық территориясын

біріктіру.

Сырдария бойындағы қалалар мен Дешті-Қыпшақ даласы үшін күресте Қазақ хандығының басты бәсекелесі және ата жауы Әбілхайыр хан болды. Қазақ хандығы Әбілхайырға қарсы күресу үшін ең алдымен Моғолстан мемлекетімен тату көршілік, одақтық байланыс орнатты. Бұл одақ жоңғар тайшысы Амасанжының Моғолстанға және Әбілхайыр ханның Қазақ хандығына қарсы шабуылдарынан біріге отырып қорғануға мүмкіндік берді.

1468-жылы қыста Әбілхайыр хан Қазақ хандығын киратпақ болып, Жетісуға жорыққа аттанды, бірақ сапары сәтсіз болып, осы жорық кезінде қаза тапты. Әбілхайыр хан өлгеннен соң өзбек ұлысының шаңырағы шайқалды, ішкі шиеленістер күшейді. Әбілхайырдың қаза болуы Қазақ хандығының нығаюына және оның көлемінің кеңеюіне үлкен жағдай тудырды. Өзбек ұлысының үлкен бөлігі Керей мен Жәнібек ханға көшіп кетті. Қазақ хандары Әбілхайыр ханның мұрагерлеріне қарсы күресте олардың ішкі-сыртқы қайшылықтарын толық пайдаланды. Әбілхайыр ханмен билікке таласып келген Жошы ұрпақтары - Ахмет хан мен Махмұд хан, батыс Сібірдің билеушісі Ибақ хан және Ноғай мырзалармен одақтаса отырып күрес жүргізді.



Әбілхайыр ханның мұрагері Шайх Хайдар осы күресте қаза тапты. Әбілхайыр ханның мұрагерлерімен күресте Қазақ хандары Әбілхайыр хан 40 жыл билеген Шығыс Дешті - Қыпшақ даласын және ондағы көшпелі тайпаларды бірте-бірте өзіне қосып алды. XY-ғасырдың 70-жылдарында қазақтар Сырдария бойымен оған жалғас Қаратау өңірінің бірсыпыра территориясын басып алды. Сөйтіп қазақ хандығының территориясы әлдеқайда кеңейді, оған тұс-тұсынан қазақ тайпалары келіп қосылып жатты.

Алайда Сырдария жағасындағы қалалар үшін Әбілхайырдың немересі Мұхаммед Шайбани ханмен күрес отыз жылдан астам уақытқа созылды. Сонымен қатар бұл қалаларды Түркістан аймағын билеген Әмір Темір әулетінен шыққан Әмір Мұхаммед Мәзит Тархан мен Моғолстан ханы Жүніс хан да қолдарына түсіруге дәмелі болды.

Сыр бойы калалары үшін Қазақ хандары өте қажырлы қайрат жұмсады. Әбілхайыр ханның немересі Мұхаммед Шайбани Түркістан аймағына келіп, Мұхаммед Мәзит Тарханды паналады. Мұхаммед Мәзит Тархан Мұхаммед Шайбаниды қолдап, Қазақ хандығына қарсы аттандырмақ болды. Бірақ Мұхаммед Шайбани оның бұл үмітін ақтамады, керісінше оның қолынан Түркістан аймағын тартып алды. 1470 жылы қыста Қазақ ханы Керей қол бастап Түркістанға шабуыл жасады. Қазақ ханы Әз Жәнібектің үлкен баласы Махмұд сұлтан Созақ қаласын бағындырды, екінші баласы Еренжі Сауранды иемденді. Сауран түбінде қазақтардан соққы жеген Мұхаммед Шайбани Бұхараға қашты. Сөйтіп, Сырдария жағасындағы — Созақ және Сауран қалалары Қазақ хандығының құрамына кірді.

Екі жылдан соң Мұхаммед Шайбани Түркістанға қайта оралып, Ноғай Ордасының әмірі Мұса мырзаның көмегіне сүйене отырып, Аркөк бекінісі мен Сығанақ қаласын басып алды. Бұл уақытша жеңіс еді. Бұрындық сұлтан мен Махмұд сұлтан бастаған қазақтың біріккен әскерлері Қаратаудағы Соғынлық асуы түбінде, Созақ пен Сығанақ аралығында, Мұхаммед Шайбанидың әскерлерін талқандады. Бұрындық сұлтан Сығанақ қаласын қайтарып алды. Бұл шайқаста күйрей жеңілген Мұхаммед Шайбани Маңқыстауға қашты. Сырдария жағасындағы қалалар қайтадан Қазақ хандығына өтті, бірақ аумалы-төкпелі жағдай сақталды.

Бұл күрес Керей ханның баласы Бұрындық хан болған кезде де (1480-1511) толастаған жоқ. XY ғасырдың сексенінші жылдарында Әмір Темір әулетінің өкілі Сұлтан Ахмет мырза мен Моғолстан ханы Сұлтан Махмұд арасындағы соғыста Мұхаммед Шайбани Моғолстан ханына болысып, оның қолдауымен тағы да Аркөк, Сығанақ қалаларын басып алды. Бірақ қазақ ханы Бұрындық қырдан келіп Сығанақ қаласын қоршады. Қаланың тұрғындары қазақ әскерлеріне қала бекінісінің қақпасын ашып берді. Сонымен, бұл аймақ Бұрындықтың қолына өтті.



Бұдан соң қазақтар Мұхаммед Шайбанидың туысы Махмұд Сұлтан билеген Яссы (Түркістан) қаласын қоршауға алды. Қазақтардың біріккен әскери күшінен қорғанған Шайбани әскерлері Аркөк қаласына қырық күн бекінді. Алайда үш жыл бойы қазақтармен соғысқан Мұхаммед Шайбани, Бұрындық хан мен Қасым сұлтан бастаған қазақтардың қысымына төтеп бере алмай, 1486 жылы Түркістанды тастап, Хорезмге кетуге мәжбүр болды.

Қазақ хандығы, Шайбани әулеті, Әмір Темір әулеті және Моғолстан билеушілері арасындағы тайталаста Қазақ хандығы мен Мұхаммед Шайбани арасындағы жауласу және Әмір Темір әулеті мен Моғолстан билеушілері арасында арпалыс асқына түсті. Осы күрес барысында Моғолстан ханы Жүніс 1482—1485-жылдары Ташкент пен Сайрам қалаларын басып алды.

Моғолстан билеушілері Мұхаммед Шайбаниды Әмір Темір әулетіне қарсы жұмсау үшін қолдады, ал Әмір Темір әулетінен шыққан Әмір Мұхаммед Мәзит Тархан оларға қарсы Қазақ хандығымен одақтасты. XY ғасырдың аяғында Моғолстан ханы Сұлтан Махмұд Отырар қаласын басып алды да, оны Мұхаммед Шайбаниға берді. Моғолстан ханының қолдауына және Отырар сынды маңызды стратегиялық орынға ие болған Мұхаммед Шайбани тағы да Сауран мен Яссы қаласын басып алды.

Қазақ ханы Бұрындық пен Қасым және Жәдік сұлтандар Мұхаммед Мәзит Тарханмен күш біріктіріп, Мұхаммед Шайбаниға қарсы Созақ қаласына шеру тартты. Созақтың тұрғындарының көбі Бұрындық ханға тілектес және онымен байланыста еді, сондықтан Созақ қазақтардың колына көшті. Ал Сауран қаласының халқы қазақтың біріккен қалың қолын көрісімен-ақ Мұхаммед Шайбанидің қаланы билеуге қалдырған туыстарын ұстап қамады да қазақтарды қалаға кіргізді. Бұрындық хан Сауранды қайтарып алған соң Мұхаммед Шайбанидың тұрағы Отырар қаласының қамалын қоршады. Алайда Моғолстан ханы Сұлтан Махмұд Ташкенттен Мұхаммед Шайбаниды құтқаруға көмек жібергендіктен қазақтар Отырар қамалын қоршауды тоқтатты. Мұхаммед Шайбани хан қазақтармен бітім жасады.

XY ғасырдың ақырында Отырар, Яссы, Аркөк, Бозкент қалалары мен Түркістан аймағының бір бөлігі Мұхаммед Шайбаниға қарады да, Сығанақ, Сауран, Созақ қалалары мен Түркістан аймағының солтүстік бөлігі Қазақ хандығының иелігінде қалды. Ташкент пен Сайрам қалаларын Моғолстан ханы Сұлтан Махмұд биледі.

Қазақ хандығы өзінің шаңырағы қөтерілген батыс Жетісудағы иеліктерін, Сырдария бойындағы отырықшы-егіншілік аудандар мен сауда, қолөнер және мәдениет орталығы болған Сығанақ, Созақ, Сауран қалаларын иемденіп, өз иеліктерін едәуір ұлғайтты және билігін нығайтты. Қазақ хандарының билігінің нығаюы Шайбани ханды Дешті-Қыпшақ тайпаларының біраз бөлегімен Мауереннахрға ығысуға мәжбүр етті. Мұхаммед Шайбани 1500 жылы ондағы Әмір Темір әулетін талқандап, Мауереннахрды жаулап алды да, Шайбани әулетінің негізін қалады. Бұл кезеңде ішкі қырқыстардың күшейуі, толассыз соғыстардың халық шаруашылығына тигізген зардабы салдарынан ауыр дағдарысқа тап болып отырған Мауереннахр билеушілері (Әмір Темір әулеті) пәлендей қарулы қарсылық көрсете алмады. Мұхаммед Шайбани ханға ілесіп Мауереннахрға келген көшпелі тайпалар да бірте-бірте жергілікті отырықшы халыққа сіңіп, олардың тілі мен мәдениетін қабылдап, өздерінің бұрынғы (Дешті-Қыпшақтағы) өзгешеліктерінен бірте-бірте айырылды. Бұл көшпелі тайпалар Дешті Қыпшақтан ала келген «өзбек» деген атау бірте-бірте Мауереннахрдың байырғы тұрғындарына сіңісіп кетті. Бірақ олар «өзбек» деген атау ғана болмаса, жергілікті халықтың тұрмыс-тіршілігіне ықпал жасай алмады.

XY ғасыр мен XYI ғасырдың арасында (1500 жылы) Мұхаммед Шайбани ханның Дешті Қыпшақтан ығысып барып қос өзен аралығын (Мауереннахрды) жаулап алуы Орта Азия тарихындағы, әсіресе қазақ пен өзбек үшін елеулі оқиға болды. Бұл ең алдымен Қазақ хандығының жерін кеңейтіп, беделін арттырып, елдігін нығайтты. Бұрынғы дәуірлерде бытыраңқы болып келген қазақ тайпаларының басын бір жерге қосуға, қазақтың этникалық территориясын біріктіруге, сонау YI-YII ғасырлардан басталған қазақтардың халық болып қалыптасу үрдісін біржолата аяқтауға мүмкіндік берді. Бұрын Ақ Орда мен Әбілхайыр хандығында қолданылған «өзбек-қазақ» деген жалпы атау бір-бірінен ажырады. «Қазақ» термині бірте-бірте Дешті-Қыпшақ пен Жетісуда қалыптасқан халықтың тұрақты атына айналды. «Өзбек» термині Мұхаммед Шайбаниға еріп кеткен тайпалардың этникалық атауы ретінде Орта Азияда ғана қолданылды.

Қазақ хандығы Қасым хан тұсында (1511-1521жж.) нығая түсті. Қасым 1445 жылдар шамасында туған. Қасымның 1513 жылы күзде Шу өзені жағасында Шағатай ұрпағы Саид ханмен жүздесуі болғанда, олардың замандасы Мырза Хайдар Дулатидың айтуы бойынша: «Қасым ханның жасы алпыстан асып, жетпіске жақындаған еді». Бұрындық ханның тұсында Қасым әскери қолбасшы болды. Хандықта беделі жоғары болса да, үлкенге бағыну дәстүрін ұстанып, Бұрындық ханның айтқанынан шықпады. Шайбани ханның 1504 жылы көктемдегі Әндижанға жорығы тұсында Қасым хан маңғыттардың көмегімен бүкіл Қыпшақ даласына үстемдікті қолына алды. Сөйтіп оның Ташкент пен Түркістанға шабуыл жасауға мүмкіндігі болды.

Қасым хан феодал ақсүйектердің қарсылығын әлсіретіп, хандықтың әскери қуатын арттырды. Өзіне қарасты қазақ жерін кеңейте түсті. «Тарих-и- Рашиди», «Шайбанинама» және т.б. деректерге қарағанда XYI ғасырдың екінші он жылдығында Қасым хан қазіргі қазақ жерінің далалық аймағын түгел бағындырды. Бұл кезде хандықтың шекарасы оңтүстікте Сыр жағалауы мен Түркістанның маңызды қалаларын, оңтүстік-шығыста Жетісудың көп бөлігін, солтүстік-батыста Жайық өзені жағалауын қамтыды. Қасым ханның Қазақ хандығын күшейту, қазақ тайпаларын және қазақтардың этникалық территориясын біріктіру жолындағы жеңістері елдің іші мен сыртындағы беделін арттырды. Мұхаммед Хайдар Дулати: «Қазақ хандары мен сұлтандары арасында Қасым хандай құдіретті ешкім болған емес» деп жазды.

Бұл тұста Қазақ хандығы сол кезеңнің халықаралық қатынасына да кең тартылды. Қасым хан Ұлы князь Василий III (1505-1533) кезіндегі Мәскеу мемлекетімен дипломатиялық қатынаста болды. Осы кезеңде қазақ халқы туралы мәлімет батыс Европаға да белгілі болды. Мәскеуге бірнеше рет келген (1517, 1526 ) Австрия дипломаты Сегизмунд Герберштейн өзінің дипломатиялық жазбаларында Қазақ хандығы туралы баяндаған.

Қасым ханның билігінің соңғы кезеңінде Шайбанидтермен қарым-қатынасы өте күрделі болды. Деректер бойынша олардың арасындағы негізгі күрес Ташкент қаласы үшін болды. Қасым хан өзінің замандастары Рузбихан, Бабырдың еске түсірулері бойынша жылқы малының өте білгірі және әскери талантты қолбасшы ретінде суреттеледі. Хан билігі өте күшті болған және де халық саны осы кезде бір миллионға жеткен. Қасым дәстүрлі әдет-ғұрыптарды ұстанған хан болды. Осы дәстүрлі әдет-ғұрыптарды заңдар жинағы етіп, елді басқаруда кең қолданған. Бұл заң сол кезде мұсылман елдерінде жаппай қолданылып жүрген ислам дінінің (шариғат) заңынан өзгеше, көшпелі қазақ өміріне үйлесімді заң болды. Сондықтан да халық арасында бұл заңдар жинағы Қасым ханның атымен байланыстырылып: «Қасым ханның қасқа жолы» деп аталды. Бұл заңға кірген ережелер мынадай:

1. Мүлік заңы (мал, мүлік, жер дауын шешу ережелері) ;

  1. Қылмыс заңы (кісі өлтіру, ел шабу, мал талау, ұрлық қылмыстарына жаза);

  2. Әскери заң ( қосын құру, аламан міндеті, ердің құны, тұлпар ат);

  3. Елшілік жоралары (шешендік, халықаралық қатынастарда сыпайылық, әдептілік);

  4. Жұртшылық заңы (ас, той, мереке үстіндегі ережелер);

Қасым хан кезінде Қазақ хандығы біраз күшейді. Алайда хандық бір орталыққа бағынған мемлекет деңгейіне көтеріле алмады. Қасым хан қайтыс болған соң Қазақ хандығындағы ішкі жағдай бірден айқындалды. Оның мұрагерлері арасында билікке таласқан дау басталды. Соның нәтижесінде ішкі тартыс, қайшылық пен қырқыстар күшейді. Қазақ хандығы осы ішкі феодалдық қырқыстар нәтижесінде ыдырап, бөлшектенді.

Қорыта айтқанда, Қазақ хандығының құрылуы қазақ халқының тарихында төтенше маңызды оқиға болды. Ол ұлан-байтақ өңірді мекендеген қазақ тайпаларының басын қосып шоғырландыруда, қазақтың этникалық территориясын біріктіруде, қазақтың байырғы заманнан басталған өз алдына жеке ел болып қалыптасуын біржолата аяқтатуда аса маңызды және түбегейлі шешуші рөл атқарды.




  1. Қазақ халқының қалыптасуының аяқталуы

Халықтың қалыптасуы өте күрделі және ұзақ үрдіс болып табылады. Халық болып қалыптасу үшін төмендегідей жағдайлар қажет:



  1. Белгілі деңгейдегі мәдениеттің дамуы;

  2. Шекаралары белгіленген территория;

  3. Белгілі деңгейде қоғамдық – этникалық сананың қалыптасуы;

  4. Біртұтас қалыптасқан ортақ тіл;

  5. Этникалық өкілдердің көпшілігіне тән белгілі сипаттағы сыртқы пішін;

  6. Этностың негізгі этносаяси немесе тарихи-географиялық белгілерін көрсететін мемлекеттің атауы.

Қазақ халқының қалыптасу үрдісін оқып-үйренген кезде Қазақстан жерін мекендеген ертедегі тайпалардың өмір тарихына көңіл аудару керек. Дәстүрлі түрде Қазақстан жерін мекендеген тайпаларды зерттеу қола дәуірінен басталады. Біздің заманымызға дейінгі 2-1 мыңжылдықтарда Қазақстан және оған шекаралас жерлерді мекендеген тайпаларды олардың мәдениетіне қарай андроновтықтар дейді. Андроновтықтар туралы толық мәлімет жоқ. Алайда ғалымдар қазақ этносы өзінің расалық-генетикалық бастауын осы қола дәуірінен алады деп есептейді. Оны қазақтың ұлттық мәдениетімен андроновтықтардың мәдениетінің ұқсастығы дәлелдейді. Мысалы, андроновтықтардың қыштан істелінген заттарындағы өрнектер қазіргі қазақ кілемдеріндегі өрнек нақыштарымен сәйкес келеді. Отқа, ата-баба рухына табыну, көптеп қой, жылқы малдарын өсіру және оны тамақ ретінде пайдалану андроновтықтар мен қазақтардың өмір салтының ұқсастығының белгісі болып табылады.

Қазақстан жерін мекендеген үйсін, сақ, ғұн, қаңлы және сармат тайпалары қазақтардың арғы тегі болып табылады. Кейбір ғалымдардың пікірі бойынша үйсін тайпалары мен кейінгі қазақ этносының арасында тікелей этногенетикалық байланыс бар. Оларда көшпелі өмір салты мал шаруашылығымен байланысты, киіз үйді кең пайдаланған, ет-сүт өнімдерін тамаққа пайдаланған, бидайдан нан пісірген және т.б. айқындаушы ұқсастықтар көп. Сонымен қатар қоғамдық - әлеуметтік құрылымда да ұқсастық бар. Үйсін мемлекеті үш бөлікке бөлінген: сол қанат, оң қанат және орталық қанат. Осы бөліністер олардың қазақ жүздерімен сәйкестігін көрсетеді. Бұл этногенетикалық ұқсастықты дәлелдейді.

Ғалымдар қазақ халқының қалыптасуын түрік этногенезінің басталуына жатқызады. Түркі кезеңіндегі шаруашылық-мәдени өмір кейін түркі халықтарының көбіне тән болды. Қазақстан жерін мекендеген түркі тайпалары монгол шапқыншылығы қарсаңында біртұтас халық болып қалыптасуға даяр еді. Оған қимақ-қыпшақ конфедерациясы мысал болады. Олардың Алтайдан Еділге дейін алып жатқан территориясын парсы ақыны, саяхатшы Насир Хосроу «Қышақ даласы» деп атаған. Алайда монғол шапқыншылығы бұл жердегі тайпаларды басқару жүйесіне және де шаруашылық жағдайына, әдет - дәстүрге өзгеріс әкелді. Монғолдардың жаулап алу саясаты этникалық құрамға біршама өзгеріс жасады. Қазақстан территориясы әртүрлі этникалық топтардың қоныстану аренасына айналды.

Ұлы қоныс аудару кезеңінде, сосын түркі және монғол шапқыншылығы дәуіріндегі этникалық араласу қазақтардың сыртқы түріне үлкен өзгеріс әкелді. Сонымен бірге этномиграциялық процесс нәтижесінде жергілікті тайпалар басқа тайпалармен араласып, оларды ассимиляциялады. Сондықтан да қазақтардың арғы тегіне Қазақстан территориясы өзіне Отан болған тайпаларды жатқызуға болады.

XIY-XY ғғ. Қазақстан және оған шекаралас аймақтарда Ақ Орда, Моғолстан, Әбілхайыр хандығы, Ноғай Ордасы деген мемлекеттер болғаны белгілі. Ол мемлекеттер тұрғындарын өзбектер, өзбек-қазақтар, моғолдар және ноғайлар деп атаған. Бұл атауларда өзіндік этникалық және саяси мән болған. Егер де «халық» деген түсінік этникалық құрылым тұрғысынан қаралса, онда оны «этноним» терминімен белгілейді (өзбектер, қазақтар, қырғыздар). Халық өзінің атымен мемлекетке ат берсе , онда ол «политоним» терминімен анықталады (моғолдар Моғолстан мемлекетінің халқы, ноғайлар – Ноғай Ордасының халқы), яғни бұл этносаяси ұғым. Тарихи-этнографиялық әдебиетте тарихи – этнографиялық өңірде құрылған мемлекеттің тұрғындарын этносаяси қауымдастық деп атайды.

Халық этникалық және саяси жағынан да тұтас болу үшін ең алдымен өзінің тәуелсіз мемлекеті болу керек. Біртұтастыққа ұмтылған тайпалар саси жағынан Ақ Орда, Әбілхайыр хандығы, Ноғай ордасы және Моғолстан сияқты мемлекеттерге бөлшектенді. Алайда осы мемлекеттер қазақ мемлекеттілігінің құрылуына, өзіндік этникалық кеңістіктің қалыптасуына негіз болды. Қазақ тайпалары мен рулары әр мемлекеттің құрамына кеткенімен, олар бір тілде сөйледі.

Қазақ халқының рулық – тайпалық құрамына келсек, ол үш жүзден және төмендегідей тайпалардан тұрды. Ұлы жүздің тайпалық құрамы: Жалайыр, Дулат, Албан, Суан, Қаңлы, Шапырашты, Сары үйсін, Ошақты, Ысты. Орта жүздің тайпалық құрамы: Арғын, Найман, Қыпшақ, Қоңырат, Уақ, Керей. Кіші жүздің тайпалық құрамы: Жетіру, алты ата Әлімұлы, он екі ата Байұлы. Сонымен қатар Қазақ халқының құрамына төрелер мен қожалар кіреді.

Қазақ халқының қалыптасуы XY ғ. екінші жартысы мен XYI ғ. бас кезінде, тәуелсіз Қазақ хандығы қалыптасқан кезде аяқталды. Сөйтіп, халықтың қалыптасуының тағы бір жағдайы - өз мемлекетінің аты қалыптасты.

Қазақ хандығында біртіндеп ру-тайпалық сана әлсіреп, жалпы қазақтарға тән этникалық сана күшейді. «Қазақ жері», «қазақ мемлекеті», «қазақ елі» деген түсініктер кең өріс алды. Этникалық тарихи-хронологиялық қалыптасудың үш түрі бар: ру-тайпа, халық, ұлт. Бұл әр бірлестікте өзіндік этникалық сана болады. Этникалық сана - бұл адамның өзін белгілі этникалық бірлестіктің мүшесі деп санауы. Халық болып қалыптасуының алғашқы кезеңінде қазақтарда халықтық этникалық сананың орына ру-тайпалық сана басым болды. Мысалы: «Сен қай рудансың?» деген сұраққа жауап беруші ең алдымен өзінің руын, сосын тайпасын, сосын жүзін айтатын болған. Олар өзін қазақпыз деп елден тыс шыққанда ғана айтады.



«Қазақ» (этноним) деген атаудың шығуы туралы көп пікір бар. Ғылыми тұрғыдан жазба әдебиетте «қазақ» атауының пайда болуы туралы толық тұжырым жоқ. Енесейде табылған YIII ғасырдағы түрік ескерткішінде «қазғақ ұғылым» - «қазақ ұлым» деген сөз тіркесі кездеседі. IX-X ғасырларда Жетісу мен Оңтүстік Қазақстанды мекендеген үш қарлық тайпаларының жалпы «хасақтар» деген аты болған. Қарлықтардың қазақ этногенезіне тікелей қатысы болғаны белгілі.

X-XI ғасырларға қатысты араб құжаттарында, сонымен бірге орыс жылнамаларында Қара теңіздің солтүстік шығыс жағалауындағы Касаг қаласы туралы, касагтар елі туралы деректер бар. Кейбір ғалымдардың пікірінше бұл жерде қазақтардың үлкен қонысы болған, олар бірігіп, XI ғасырда Дон мен Днепр жағалауына орныққан. X ғасырда билік құрған Византия императоры Константин Багрянородныйдың айтуы бойынша Кавказдың солтүстік–батысында «қазақтар елі» бар. Азербайжанның батысында бүгінгі күнге дейін Қазақ ауданы бар.

Ең алғаш “Қазақ” сөзі мұсылман жазба деректеріндегі авторы белгісіз түркі-араб сөздігінде кездеседі. Ол сөздік мамлюктік Қыпшақ елінде құрылған деген болжам бар. Сөздік 1245 жылғы қолжазба түрінде жеткен және 1894 жылы Германияның Лейден деген қаласында басылып шығарылған. Бұл сөздікте қазақ терминінің «үйсіз», «кезбе», «қуғындалушы», «еркін» деген мағыналары берілген. Сонымен бұл сөздікте қазақ термині әлеуметтік мағынаға ие болып отыр. Осылай руынан, тайпасынан бөлініп, өз заңдары бойынша өмір сүрген адамдар тобын атаған.

«Қазақ» сөзінің осы мағынасынан шыға отырып, жоғарыда көрсетілген деректерде еркін, үйсіз-кезбелердің көрсетілген аудандарда қоныстануы туралы айтылған деген қортынды жасауға болады.

XY ғасырдың екінші жартысында «қазақ» термині өзбек ханы Әбілхайырдан Шу мен Талас өңіріне көшкен тайпалар тобына бекиді. Жәнібек пен Керейдің Өзбек ұлысынан Жетісуға көшуі қазақ халқының этногенезінде шешуші роль атқарды. Бірақ негізгі роль халықтың қалыптасуында емес, оның қазіргі кездегі атауында болды. Үдере көшу қазақ халқының қалыптасуын айқындаған жоқ, тек қалыптасып келе жатқан үрдісті тездетті. Бұл үрдістің өтпелі сипатына «өзбек-қазақ» термині дәлел болады. Қазақ халқының қалыптасуының аяқталу кезеңі белгілі тайпалар топтарының көптеген факторлардың ықпалымен әртүрлі даму сатысында тұрған Шығыс Дешт-Қыпшақ тұрғындарынан бөліну үрдісімен сипатталады. Қазақ хандығының құрылуы және нығаюы түрлі хандықтарға қарап келген қазақ тайпаларын қазақ хандығына топтастырды. Қазақтың этникалық территориясын біріктірді, осы арқылы қазақтың халық болып қалыптасу барысы біржолата аяқталды.

6-тақырып. XVI - XVIII ғасырдың басындағы Қазақстандағы



Каталог: media -> upload
upload -> Хайрулдаева А. М. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ және «Ғылым ордасы»
upload -> Жандарбек з
upload -> Ауызша тарих: деректемелік талдау мәселелері ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының Тарихнама, деректану және заманауи методология
upload -> Ханкелді Әбжанов, Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры
upload -> Боранбаева б. С
upload -> А. А. Оралова ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының ғылыми қызметкері жеңіс үшін күрескен азаматқа тағзым
upload -> Кафедрасының доценті, тарих ғылымдарының кандидаты
upload -> Мақалада Мәскеу мұрағаттарында және Санкт-Петербор шаһарларында жинақталған Қазақ халқының тарихи-этнографиялық жәдігерлері туралы деректер сөз болады
upload -> Сапакова К. Н. 2 курс магистранты ХХ ғасыр басындағЫ Ұлттық элитаның Қалыптасу тарихынан
upload -> Қазақстан археологиясы


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   23




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет