Ұсынылатын әдебиеттер тізімі. 1. Қазақстан тарихы: көне замандардан бүгінге дейін. 5-томдық. Т.2. – Алматы, 1998. -
2. Мұхаммед Хайдар Дулати. Тарих-и Рашиди. – Алматы, 2003.
3. Қадырғали Жалаири жылнамалар жинағы. – Алматы, 1998.
4. Ибрагимов С.К. Еще раз о термине «казах» //В кн.: Новые материалы по древней и средневековой истории Казахстан. ТИИАЭ КазССР. – Алма-Ата, 1960
Қазақ хандарының Сыр бойы үшін жүргізген күресі (15 ғ. соңы). –1-сағат. Негізгі сұрақтар 1 Сыр бойы қалаларының экономикалық және саяси, мәдени маңызы 2 Шайбанидтермен күрестің барысы, сипаты, нәтижелері Сырдария жағасындағы қалалар үшін Әбілхайырдың немересі Мұхаммед Шайбани ханмен күрес отыз жылдан астам уақытқа созылды. Сонымен қатар бұл қалаларды Түркістан аймағын билеген Әмір Темір әулетінен шыққан Әмір Мұхаммед Мәзит Тархан мен Моғолстан ханы Жүніс хан да қолдарына түсіруге дәмелі болды.
Сыр бойы калалары үшін Қазақ хандары өте қажырлы қайрат жұмсады. Әбілхайыр ханның немересі Мұхаммед Шайбани Түркістан аймағына келіп, Мұхаммед Мәзит Тарханды паналады. Мұхаммед Мәзит Тархан Мұхаммед Шайбаниды қолдап, Қазақ хандығына қарсы аттандырмақ болды. Бірақ Мұхаммед Шайбани оның бұл үмітін ақтамады, керісінше оның қолынан Түркістан аймағын тартып алды. 1470 жылы қыста Қазақ ханы Керей қол бастап Түркістанға шабуыл жасады. Қазақ ханы Әз Жәнібектің үлкен баласы Махмұд сұлтан Созақ қаласын бағындырды, екінші баласы Еренжі Сауранды иемденді. Сауран түбінде қазақтардан соққы жеген Мұхаммед Шайбани Бұхараға қашты. Сөйтіп, Сырдария жағасындағы — Созақ және Сауран қалалары Қазақ хандығының құрамына кірді.
Екі жылдан соң Мұхаммед Шайбани Түркістанға қайта оралып, Ноғай Ордасының әмірі Мұса мырзаның көмегіне сүйене отырып, Аркөк бекінісі мен Сығанақ қаласын басып алды. Бұл уақытша жеңіс еді. Бұрындық сұлтан мен Махмұд сұлтан бастаған қазақтың біріккен әскерлері Қаратаудағы Соғынлық асуы түбінде, Созақ пен Сығанақ аралығында, Мұхаммед Шайбанидың әскерлерін талқандады. Бұрындық сұлтан Сығанақ қаласын қайтарып алды. Бұл шайқаста күйрей жеңілген Мұхаммед Шайбани Маңқыстауға қашты. Сырдария жағасындағы қалалар қайтадан Қазақ хандығына өтті, бірақ аумалы-төкпелі жағдай сақталды.
Бұл күрес Керей ханның баласы Бұрындық хан болған кезде де (1480-1511) толастаған жоқ. XY ғасырдың сексенінші жылдарында Әмір Темір әулетінің өкілі Сұлтан Ахмет мырза мен Моғолстан ханы Сұлтан Махмұд арасындағы соғыста Мұхаммед Шайбани Моғолстан ханына болысып, оның қолдауымен тағы да Аркөк, Сығанақ қалаларын басып алды. Бірақ қазақ ханы Бұрындық қырдан келіп Сығанақ қаласын қоршады. Қаланың тұрғындары қазақ әскерлеріне қала бекінісінің қақпасын ашып берді. Сонымен, бұл аймақ Бұрындықтың қолына өтті.
Бұдан соң қазақтар Мұхаммед Шайбанидың туысы Махмұд Сұлтан билеген Яссы (Түркістан) қаласын қоршауға алды. Қазақтардың біріккен әскери күшінен қорғанған Шайбани әскерлері Аркөк қаласына қырық күн бекінді. Алайда үш жыл бойы қазақтармен соғысқан Мұхаммед Шайбани, Бұрындық хан мен Қасым сұлтан бастаған қазақтардың қысымына төтеп бере алмай, 1486 жылы Түркістанды тастап, Хорезмге кетуге мәжбүр болды.
Қазақ хандығы, Шайбани әулеті, Әмір Темір әулеті және Моғолстан билеушілері арасындағы тайталаста Қазақ хандығы мен Мұхаммед Шайбани арасындағы жауласу және Әмір Темір әулеті мен Моғолстан билеушілері арасында арпалыс асқына түсті. Осы күрес барысында Моғолстан ханы Жүніс 1482—1485-жылдары Ташкент пен Сайрам қалаларын басып алды.
Моғолстан билеушілері Мұхаммед Шайбаниды Әмір Темір әулетіне қарсы жұмсау үшін қолдады, ал Әмір Темір әулетінен шыққан Әмір Мұхаммед Мәзит Тархан оларға қарсы Қазақ хандығымен одақтасты. XY ғасырдың аяғында Моғолстан ханы Сұлтан Махмұд Отырар қаласын басып алды да, оны Мұхаммед Шайбаниға берді. Моғолстан ханының қолдауына және Отырар сынды маңызды стратегиялық орынға ие болған Мұхаммед Шайбани тағы да Сауран мен Яссы қаласын басып алды.
Қазақ ханы Бұрындық пен Қасым және Жәдік сұлтандар Мұхаммед Мәзит Тарханмен күш біріктіріп, Мұхаммед Шайбаниға қарсы Созақ қаласына шеру тартты. Созақтың тұрғындарының көбі Бұрындық ханға тілектес және онымен байланыста еді, сондықтан Созақ қазақтардың колына көшті. Ал Сауран қаласының халқы қазақтың біріккен қалың қолын көрісімен-ақ Мұхаммед Шайбанидің қаланы билеуге қалдырған туыстарын ұстап қамады да қазақтарды қалаға кіргізді. Бұрындық хан Сауранды қайтарып алған соң Мұхаммед Шайбанидың тұрағы Отырар қаласының қамалын қоршады. Алайда Моғолстан ханы Сұлтан Махмұд Ташкенттен Мұхаммед Шайбаниды құтқаруға көмек жібергендіктен қазақтар Отырар қамалын қоршауды тоқтатты. Мұхаммед Шайбани хан қазақтармен бітім жасады.
XY ғасырдың ақырында Отырар, Яссы, Аркөк, Бозкент қалалары мен Түркістан аймағының бір бөлігі Мұхаммед Шайбаниға қарады да, Сығанақ, Сауран, Созақ қалалары мен Түркістан аймағының солтүстік бөлігі Қазақ хандығының иелігінде қалды. Ташкент пен Сайрам қалаларын Моғолстан ханы Сұлтан Махмұд биледі.
Қазақ хандығы өзінің шаңырағы қөтерілген батыс Жетісудағы иеліктерін, Сырдария бойындағы отырықшы-егіншілік аудандар мен сауда, қолөнер және мәдениет орталығы болған Сығанақ, Созақ, Сауран қалаларын иемденіп, өз иеліктерін едәуір ұлғайтты және билігін нығайтты. Қазақ хандарының билігінің нығаюы Шайбани ханды Дешті-Қыпшақ тайпаларының біраз бөлегімен Мауереннахрға ығысуға мәжбүр етті. Мұхаммед Шайбани 1500 жылы ондағы Әмір Темір әулетін талқандап, Мауереннахрды жаулап алды да, Шайбани әулетінің негізін қалады. Бұл кезеңде ішкі қырқыстардың күшейуі, толассыз соғыстардың халық шаруашылығына тигізген зардабы салдарынан ауыр дағдарысқа тап болып отырған Мауереннахр билеушілері (Әмір Темір әулеті) пәлендей қарулы қарсылық көрсете алмады. Мұхаммед Шайбани ханға ілесіп Мауереннахрға келген көшпелі тайпалар да бірте-бірте жергілікті отырықшы халыққа сіңіп, олардың тілі мен мәдениетін қабылдап, өздерінің бұрынғы (Дешті-Қыпшақтағы) өзгешеліктерінен бірте-бірте айырылды. Бұл көшпелі тайпалар Дешті Қыпшақтан ала келген «өзбек» деген атау бірте-бірте Мауереннахрдың байырғы тұрғындарына сіңісіп кетті. Бірақ олар «өзбек» деген атау ғана болмаса, жергілікті халықтың тұрмыс-тіршілігіне ықпал жасай алмады.
XY ғасыр мен XYI ғасырдың арасында (1500 жылы) Мұхаммед Шайбани ханның Дешті Қыпшақтан ығысып барып қос өзен аралығын (Мауереннахрды) жаулап алуы Орта Азия тарихындағы, әсіресе қазақ пен өзбек үшін елеулі оқиға болды. Бұл ең алдымен Қазақ хандығының жерін кеңейтіп, беделін арттырып, елдігін нығайтты. Бұрынғы дәуірлерде бытыраңқы болып келген қазақ тайпаларының басын бір жерге қосуға, қазақтың этникалық территориясын біріктіруге, сонау YI-YII ғасырлардан басталған қазақтардың халық болып қалыптасу үрдісін біржолата аяқтауға мүмкіндік берді. Бұрын Ақ Орда мен Әбілхайыр хандығында қолданылған «өзбек-қазақ» деген жалпы атау бір-бірінен ажырады. «Қазақ» термині бірте-бірте Дешті-Қыпшақ пен Жетісуда қалыптасқан халықтың тұрақты атына айналды. «Өзбек» термині Мұхаммед Шайбаниға еріп кеткен тайпалардың этникалық атауы ретінде Орта Азияда ғана қолданылды.