ЖҰМАБЕК ТӘШЕНЕВТІҢ ӨМІРІ МЕН ҚЫЗМЕТІ АҚЫНДАР ШЫҒАРМАЛАРЫНДА
Қалиев Жабай Нұрмақұлы
Мемлекет тарихы институтының
жетекші ғылыми қызметкері, п.ғ.к.
Астана қ.
Қазақтың біртуар азаматы, белгілі қайраткер Жұмабек Тәшенев тоталитарлық жүйеге қарсы тұрып, елінің бірлігі, жерінің тұтастығы үшін күресіп, содыр саясаттың соққысына ұшырап, түрлі қиянаттарды бастан кешірген тұлға, сондықтан жас ұрпаққа оның кісілік парасатын, перзенттік адалдығын, азаматтық ірілігін, ұлтжандылығын үлгі етіп, жастарды патриоттыққа тәрбиелеуіміз керек.
Жұмабек Тәшенев тәрізді тұлғалар туралы жазу, олардың еліне, халқына сіңірген еңбегіне баға беру - аса жауапты іс, Отан тарихы ғылымы бойынша зерттеу жұмысымен айналысушылардың ерекше мән беріп, кезең ақиқатын ашып, терең зерделенуге тиісті тақырыптардың бірі. Өйткені, осындай ұлт қайраткерлерінің бейбіт күндегі ерліктері туралы әңгіме көп. Халық өзі сүйген перзентінің іс-әрекетін аңызға айналдырып, оны кейде ел тілегінің символына айналар ертегілік кейіпкерге айналдырып жіберетіні де бар. Сондықтан мұндай зерттеулерде нақты айғақтық деректерге, құжат мәліметтеріне сүйене отырып, шындық пен әсірелеудің ара-жігі ашылып, тарихи бағасы берілуі шарт. Сонда ғана оның өмірі мен қызметі, тұлғалық болмысы жан-жақты қамтылып, ұлтжандылық қасиеті кеңінен ашыла түспек.
Қайраткердің кеңестік дәуірде қызмет жасаған уақыты өте қиын кезең болды. Ол соғыс алдындағы ашаршылық пен қуғын-сүргінді көрді. Бұғанасы бекіп, қабырғасы қатпай жатып, тылдағы халықтың ауыр еңбегін бірге бөлісті. Тың және тыңайған жерлерді игеру науқанынан басталған жер мәселесіндегі құйтырқы саясатқа қарсы тұрып, қаймықпай күресті. Елім, жерім дегені үшін үкімет басшылығынан алынып, облысқа қуылды. Бұдан кейін де кеңестік жүйе тарапынан әділетсіз жасалған тепіріштер аз болған жоқ. Бірақ мұның бір де бірі оны мұқата алмады. Қазақ халқының қайтпас қайсар ұлы алған бағытынан қайтпады, билікке иілмеді, мансапқа сатылмады, перзенттік адалдығын, азаматтық ірілігін сақтап қалды.
Осы уақытқа дейін қазақ халқының осындай біртуар абзал азаматы жайлы арнайы зерттеудің алғашқысы 2012 жылы ғана жарық көрді. Қазақ елі тәуелсіздік алғаннан кейін ғана Жұмабек Ахметұлы туралы көзкөргендердің естеліктері мен газеттік шағын мақалалардан құралған бірнеше жинақ жарық көрді.
Еліне адал қызмет жасаған қоғам қайраткерінің өмірлік ұстанымдары мен адамгершілік, азаматтық қасиеттері жайында замандас, үзеңгілес достары, аға тұтып, қамқорлығын көрген азаматтар осы күнде де сол бір қазақтың батыр ұлы туралы естен кетпейтін естеліктерін жариялауда. Олардың өзін мазмұн-мағынасына қарай бірнеше топқа бөліп, тарихи дерек ретінде қарауға болады. Қайраткермен бірге қызмет жасаған достарының естеліктері, ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысқан уақытындағы әріптестерінің жазғандары, туыстарының жазған естеліктері, әр кезде түрлі жағдаймен алдына барып, оның жанашырлық қамқорлығын көрген азаматтардың естеліктері және ұлтжанды ақындардың туындыларын атауға болады.
Елімізге танымал ақын, қоғам қайраткері Кәкімбек Салықов, өзінің Жұмабек Тәшеневке арнаған «Дарабоз туған ер қазақ» [1, 131] атты толғауында:
«...Сыр бермесе кеңестік сұм сойылға,
Өз басы емес, ел тұрды оның ойында.
Бурабайда Жеке батыр секілді,
Ұйықтап жатыр Сырдария бойында.
Тарлан тарих ашса ақиқат есігін,
Сағыныпты асыл ұлы Есілін.
Елбасының бұл да тура шешімі,
Астананың көшесі алса есімін.
Осы дерсің тәуелсіздік жеңгенді,
Еңсесін көтерді ғой ел де енді.
Ол туған ел қай жерінде жатса да,
Барша қазақ жүрегінде жерленеді...», - деген, жыр жолдарын келтірген.
90-нан асқан Қарағандылық қария ақын, өткен жылы ғана өмірден өткен Махмет Темірұлы, ақын, студент кезінде Қарағанды қаласында Бүркіт Ысқақов бастаған достарымен бірге ЕСЕП (Елін сүйген ерлер партиясы) партиясын құрғаны белгілі, Нұра ауданының құрметті азаматы.
Жұмабек Ахметұлы алғашқы еңбек жолының бірін Нұра ауданының ортасында бастағаны белгілі.
Ақын Алаштың абзал азаматы Жұмабек Тәшеневке арнаған «Аждаһаны ауыздақтаған баһадұр» [1, 117] атты толғауында
«...Жаралған алып батыр, ердің ері,
Қазақтың асып туған кемеңгері.
Жұмекең жан пида деп кіріспесе,
Зар жылап қалар еді Қазақ елі.
Әл жетпес ауыр жүкті шыққан сүйреп,
Мұндай жан бұл өмірде туар сирек.
Меншіктеп ала жаздап қалған жоқ па,
Шұрайлы қазақ жерін тегіс билеп...», - деген жыр жолдары бар.
Махмұтбай Әміреұлы, Республикалық «Ардагер айнасы» газетінің бас редакторы, Жазушылар Одағының мүшесі, Қызылордалық ақын, Жұмабек Ахметұлына [1, 102] арнаған өз толғау-дастанында:
«...Тентек патша қолында тұрған бәрі
Болмаған соң ойға алып, ұйғарғаны
Тәшеневті қызметтен тастады алып,
Ол үшін еш ойланып, қиналмады.
Мүмкін де емес қызметтен түсірмеуі
Астамшылық аз ұлтқа күшінде еді
Облысқа жай басшы боп барса да,
Ер Жұмабек еңсесін түсірмеді.
Бағалайды ел әр кез ер еңбегін
Өрге сүйрер өжет өр өрендерін
Сол жақта да Жұмабек Тәшеневтің,
Көрді халық құрметке бөленгенін...», - деп, тамаша жырға қосқан.
Шымкенттік Әселхан Қалыбекова, суырып салма айтыскер ақын, өз толғауында [1, 124] Жұмабек Ахметұлының дүниеге келген шағын:
«Жолын кескен азап пенен мазақтың,
Мың мәртебе сәлем саған Азат күн.
Танакөлде толғатыпты бебеулеп,
Алтын құрсақ бір әйелі қазақтың.
Ақ сазандай ұл туыпты шүбә жоқ,
Кім ойлаған бұл бір таза тума деп.
Қуанышты шүйіншілеп самал жел,
Жұма күні туылды деп Жұмабек», - деп суреттесе.
«...Ерлігімді жүдетпеген тарланым,
Ерлігімді сақтап қалған сардарым.
Беті қайтып бір қазақтың сесінен,
Хрущев те жаңылыпты есінен.
Қалмақтың бас қонтайшысын ықтырған,
Қаз дауысты Қазыбектен несі кем?
Жұмабектей ер туады жүз жылда,
Елді-жерді жем қылмайды құзғынға.
Отты жүрек, дуалы ауыз пида боп,
Қалбыр жүрек қалқаямыз біз мұнда.
Тірлігінде қадірінді кім білді?
Кім үйренді әділетті үнінді?..», - деп ерлігін былай толғайды.
Көкшетаулық ақын Баянғали Әлімжанов өзінің «Жұмабек батырдың жұлдызы» [2, 3] атты толғауында, Жұмабек Тәшеневтің Хрущевке қазақтың жерін бермейтіні жайлы:
«...Ұлы едім қазақ деген бір атаның
Тереңнен төрт мұхитты тулатармын,
Бұтарлап отар елдей жұтпақшы деп,
Мен сізді ай-әлемге шулатармын!
Жер берген құдай дархан қазағыма.
Көнбейді ол құйтырқыға, мазағыңа.
Өтпейді ешкімнің де өңешінен
Тас болып тұрып қалар тамағына!», - деп, жырласа, ал оның ерлігін халқы қалай бағалағаны жайлы:
«...Сынбады, батыр бірақ сына алмады.
Тыс қалып тіршіліктен бұға алмады.
Мысықтар пеш түбінде көзін қысқан
Ұғар ма жолбарысты бұғаудағы.
Тұрды оған өмір бойы қуат беріп,
Алаштың азаттығы – ұлы арманы!
Ежелден қилы-қилы тарих қалған.
Аңыз көп үлгі тұтар алыптардан.
Уақыттың таразысы елеп-екшеп
Кімнің кім екендігі анықталған.
Ерлігі Тәшеневтың тым ерекше
Намыстың оты болып жанып қалған.
Шайқасып жалғыз өзі жаннан кешіп
Қазақтың жерін аман алып қалған!», - деп жырға қосқан екен.
Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін, ата жұрттарына оралған қандастарымыз да Жұмабек Тәшенев туралы жырлайды.
Хасен Масғұтұлы, Моңғолиядан Атамекеніне оралған қандасымыз, жас ақын, өзінің «Жиырмасыншы ғасырдың - Кенесарысы» [1, 130] атты жыр толғауында:
«...Аждаһаға қасқайып қарады.
Жұмекеңнің ерлігі бар алашқа тарады.
Өткен сайын уақыт дараланып беделі,
Өр тұлғасы асқақтап, асқарланып барады.
Ел, жер десе, қозатын делебесі.
Бүгін де ұрпаққа үлгі өнегесі.
Жұмабек Тәшеневті халқы сүйген,
Жиырмасыншы ғасырдың – Хан Кеңесі», - деп жырлайды.
Ерсін Нәсіпұлы, Қытайдан Отанына оралған қаңдасымыз, жас ақын, өзінің Жұмабек ағасына арнаған «Қазақтың баһадұр ұлы Жұмабек Тәшенев» [1, 118] атты өлеңінде:
«...Жүрмедің ғой ұлы сабаз ай қарап,
Қасым ханның қайсарлығын қайталап
Зұлымдыққа қарсы тұрған бейненді,
Есім ханның ерлігі деп айта алад.
Сен елінді, қилы тағдыр күй кешкен
Махаббатың болмаса егер сүймес ең
Нар тұлғаңа қылыш төніп тұрса да,
Кеттің аға бүгілместен иместен
Сен халқынңа жақын болдың бір табан
Қарыздармыз мәңгі-бақи біз саған
Жалынан да сипатпайтын жауыңа,
Дала мінез, жалаңтөсім, арысым...», - деп жырлаған.
Мектепте оқитын жас өскіндер өздерінің алғашқы өлең жолдарын Батыр аталарына арнапты...
Мәдина Аманжолова, Ақмола облысы А.Құсайынов атындағы орта мектептің оқушысы, өзінің Батыр атасына «Жұмабек Тәшеневке арнау» [1, 129] атты өлеңінде:
«Елім» деген үніңнен елеңдеген,
Кезінде осы кісі еленбеген.
Өзіндей тұлғаларды мақтан етем,
Сондықтан қосып тұрмын өлеңге мен.
«Қазақ» десе жүрегі елеңдеген,
Махаббатпен өзіңе туды өлең.
Біртуар азаматты еліміздің,
Атынды ардақтатып жүремін мен.
Егер, емен құласа – бетеге екен.
Дара туған тұлға да – өтеді екен.
Тек қана қараңғыда жанған алау,
Жарығы тым алысқа жетеді екен.
Өтті ғой егемендік қалауы боп,
Бұл кісінің зейнетінен азабы көп.
Осындай біртуар ерлері үшін,
Атансын бейбіт өмір жалау боп!, - деп, жырласа.
Айжамал Мырзағалиева, Оңтүстік Қазақстан облысы Жүсіпбек Аймауытов атындағы № 64 орта мектептің оқушысы [1, 128] өз өлеңінде:
«...Достарының арасында абыройлы,
Болған екен ағамыз терең ойлы.
Қуанышпен еске алып туыстары,
Дұғасын аруағына бағыштайды.
Өзі өлгенмен, мәңгілік көзі өлмейді.
Өзі өлгенмен, мәңгілік ісі өлмейді.
Сақталады есімі елімізде,
Ілулі тұр суреті төрімізде», - деп жазған екен.
Ия, тарихты тұлғалар жасайды. «Тұлғасыз тарих болмайды» деген белгілі шындық бар. Жұмабек Тәшенев есімі қандай сый-құрметке болсын лайық. Өйткені, қазақ ұлтының жүрегі мен азат Отанымыздың көгінде Жұмабек батыр жұлдызы жарқырай бермек. Қазақ ұлты қанша жасаса, Жұмабек Тәшеневтің есімі де сонша жасамақ.
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ:
1. Қазақтың қайсар қайраткері – Жұмабек Тәшенев: Жұмабек Ахметұлы Тәшенев туралы естеліктер, мақалалар, дастандар, өлеңдер құжаттар және фотосуреттер жинағы / Құрастырғандар: Сейітқали Дүйсен, Қанат Еңсенов. –Алматы: «Елтаным» баспасы. 2015. - 160 бет.
2. Б.Әлімжанов. «Жаңа Сарыарқа» журналы. №3. 2009.
ОН СКАЗАЛ ХРУЩЕВУ Н.С. «НЕТ!»
Исмакова Б.С. доктор педагогических наук, доцент кафедры НВП КарГТУ.
Алишев Б.Ж. зав. кафедрой НВП КарГТУ.
Кондубаева М.Р. доктор педагогических наук, профессор АГУ им. Абая
Совсем не случайно в жизни бытует емкое и многогранное понятие «Богом отмеченный» применительно к тем, на кого мир, природа возлагают негласную ответственность за других людей. К этой плеяде людей с полным на то правом можно отнести и Жумабека Ахметовича Ташенева. Наделенный незаурядным умом, талантом, силой духа, сродни героизму, он своим конкретным участием кардинально менял окружающую ему действительность в позитивную, с позиции гражданина-патриота, сторону. Такое качество присуще редкой категории людей, ярких, сильных личностей, каждый шаг которых продиктован уверенностью в собственной правоте и возможностях. Это особый природный дар, которому нельзя научиться и который нельзя приобрести.
Создается впечатление, что природа, создавая подобные неординарные личности, способную творить добро во благо людей, дала им возможность успеть сделать многое на этой земле, чтобы как можно больше людских судеб несли на себе отсвет их благородства и силы духа. Это – удел сильных личностей, их особая миссия на земле.
Жумабек Ахметович Ташенев был не только выдающимя общественным и государственным деятелем, о чём свидетельствуют исторические документы, которые были уже опубликованы, но есть ещё материалы, недостаточно известные общественности. Они в архивных материалах областного и районного уровня, где он по долгу службы руководил и оказывал помощь на местах. Совсем не известны широкой общественности воспоминания соратников, друзей и их детей. Такие факты имеются в мемуарной литературе. Например, Салим Курмангужин, известный дипломат, заместитель Министра иностранных дел в начале независимости Республики Казахстан, в книгу воспоминаний о своём отце включил фото, как Ж.А.Ташенев обходил колхозные поля, где был председателем Курмангужин Альмагамбет, что свидетельствует о заботе руководителя и помощи в развитии сельского хозяйства.
У виднейшего профессора доктора педагогических наук Мариям Рамазановны Кондубаевой, чьи учебники по методике обучения русскому языку, по культуре речи, по лингвистике хорошо знают у нас в Республике и за ее пределами, очень яркие воспоминания о встречах её отца с Ж.А.Ташеневым. Мой отец - Кондубаев Р.А., вспоминает Марьям Рамазановна, в те же годы, что и Жумабек Ахметович, работал в Северо-Казахстанской области. Эти люди много сделали для решения многогранных и сложных проблем послевоенного восстановления народного хозяйства и улучшения жизни простых людей в аулах и сёлах, работая по 12-15 часов в сутки.
В 1958г. Жумабек Ахметович пригласил её родителей в гости. Тогда он уже работал Председателем Президиума Верховного Совета Казахской ССР, что очень удивило некоторых родственников и близких тем, что Ж.А. Ташенев помнит бывших соратников, друзей и остаётся верным лучшим нравственным традициям нашего народа, не кичится своим восхождением на высшую ступень власти.
Через 16 лет, в 1984г. будучи в командировке в Чимкентском пединституте в составе комиссии по проверке работы подготовительного отделения педагогического института, М.Р. Кондубаева зашла к Ташеневым, чтобы попроведовать (точнее «сәлем беруге» по казахским обычаям) и была удивлена тому, как тепло он отнёсся к визиту неожиданного гостя. На следующий день в чимкентском особняке Ташеневых давали официальный ужин дочери друга, который рано ушёл из жизни. Незабываемые впечатления о Ж.А.Ташеневе, как о человеке, умеющем ценить дружбу, проявляющем заботу и внимание к детям друзей, Мариям Рамазановна помнит и часто рассказывает для назидания молодым. Оказывается, именно Ж.А.Ташенев по-отечески посоветовал ей не останавливаться в научном творчестве, написать докторскую работу, чтобы в методике русского языка была и лепта дочери казахского народа, чтобы имя отца звучало чаще в устах учеников, по-казахски буквально: «Қызым, әкеңнің жаксы атын шығар». Он дал наставление: «Если в министерстве образования тебя уже знают, значит, ты достойный специалист, работай над собой, приноси пользу людям и науке!»
Конечно, за столом он говорил и о своём выступлении против идей Н.С.Хрущёва о присоединении Целинного Края к Российской Федерации, а жена стала сокрушаться, что он в опале, нельзя рисковать своим благополучием, на что он ответил: «Зато наша Земля цела». Вот такой простой и великий человек в памяти моего учителя.
Жумабек Ахметович, уроженец аула Танагуль Вишневского района Акмолинской области, активно противодействовал проекту создания Целинного края в к. 1960 года с объединением 5 областей Северного Казахстана, с возможным выделением Целинного края из состава Казахской ССР. Открыто выступил против идей Н.С.Хрущева, аппелируя к Конституции Советского Союза. Именно Ж.А.Ташенев выступил против Н.С.Хрущева, отстоял Целинный край (Акмолинский), сказав «Нет! – присоединению Целинного края к Российской федерации» - это стоило ему дорого – фактически начался закат его политической карьеры. С позиции тогдашней действительности это был крайне смелый и отчаянный поступок – выступить против Н.С.Хрущева, для многих, кому дороги портфели и служебные кресла – поступок глупый, неоправданный, он лишал его всех его должностей и почета. Это при том, что Жумабек Ахметович всегда занимал очень высокие и ответственные государственные посты в Исполнительном комитете Карагандинской области, Северо-Казахстанской области, в Центральном комитете Компартии Казахстана, Актюбинской области, был Председателем Президиума Верховного Совета Каз ССР, кандидатом в члены ЦК КПСС, Был Председателем Совета министров КазССР. Действительно, по рекомендации Н.С.Хрущева вскоре Ж.А.Ташенева сняли со всех руководящих постов.
Но Госпожа История расставляет все по своим местам: Поступок смелой незаурядной Личности, Гражданина и Сына своего казахского народа сегодня мы можем расценивать как Гражданский героизм. У него по меркам среднего обывателя было все: должность, звания, чины, почет, а он, рискуя всем, в самый ответственный для народа, для родной земли момент стал и, как его славные предки-батыры, не раздумывая, защитил родную землю. Неизвестно, как бы сложилась судьба современного суверенного Казахстана, если бы тогда Ж.А.Ташенев смалодушничал. Как бы выглядела географическая карта современного Казахстана.
И очень знаменательно, что именно в том крае сегодня возведена одна из самых молодых и красивейших столиц мира –Астана. В этом нам видится историческая справедливость.
Поистине права Классика:
Природа-Мать!
Когда б ты иногда не посылала миру
Таких людей –
Заглохла б нива жизни…
Список использованных источников.
1.Возвращая отца. Составители Салим и Ляйля Курмангужины.-
-Алматы, ТОО «Тридан-полинграф», 2009г.
2. Кондубаева М.Р. По заветам отца. –Алматы, 2015г.
ЖҰМАБЕК ТӘШЕНЕВ – ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ МЕМЛЕКЕТ ЖӘНЕ ҚОҒАМ ҚАЙРАТКЕРІ
Смағұлов Н.Б.
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті
Еуразиялық зерттеулер кафедрасының Ph.D докторанты
Қазақ даласының әр сүйем жері үшін күрескен қаһарман тұлғаларын халқымыз қанша уақыт өтсе де жадынан шығармайды. Кешегі тоталитарлық жүйе мықтап орныққан Кеңес өкіметі тұсында да халқымыздың патриот ұл-қыздары ұлт мүддесі жолында Қазақ мемлекеттігін қалыптастыру үшін қызметін тоқтатпаған еді. Олар елдің болашағы үшін бастарын қатерге де байлады. Осындай күрескер тұлғаларымыздың бірі - Жұмабек Ахметұлы Тәшенов болатын.
Жыл өткен сайын біртуар тұлға көрсетілер құрмет арта берері белгілі. Ұзақ жылдар бойы партия кеңес қызметінде басшылық лауазымда болған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесін, кейін Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы болған Жұмабек Ахметұлы Тәшеневтің есімі бүгінгі күнде ерекше құрметке ие болып отыр.
Жұмабек Тәшенев Қазақстанның әлеуметтік-экономика мен мәдениетін өркендету жолына өзінің білімін, мол тәжірибесін және ұйымдастырушылық қабілетін жұмсай білген. Ол жоғары билік эшалонынан кетсе де, өзінің жеке басының харизматикалық қасиетінің арқасында елдің әлеуметтік саласын, ғылымын, ұлттық мәдениетін дамыту мен қайта жаңғырту ісіне айтулы еңбек сіңірді. Қазақстанның осы күнгі территориялық тұтастығын сақтап қалуға Жұмабек Тәшеневтің арыстандай арпалысқан еңбегінің арқасы. Жұмабек Ахметұлы Тәшенев ел мүддесі үшін жасаған ерлік әрекетінің салдарынан биік лауазымды қызметінен де айырылаған.
Қазақстан тарихында өзіндік орны бар, ол республика экономикасы мен мәдениетінің дамуына қиын-қыстау заманда елеулі үлес қосты. Кеңес дәуірінде жазылған оқулықтарда қазақ үшін, қиын заманда қабырғасы қайысып қызмет еткен, қайраткер тұлға - Жұмабек Тәшенев жайлы мүлде жазылмады. Азаматқа тиісті құрмет те өз дәрежесінде көрсетілмеді. Соған қарамастан оны білетін жұрт батырының есімін мақтанышпен айтып, елінің болашаға үшін жасаған көзсіз ерлігін есіне сақтап келеді.
Жұмабек Тәшенев 1915 жылы 20 наурызда Ақмола уезінің №7 ауылында (Танакөл) дүниеге келген [1, 22].
Жастайынан алғыр болып өскен ол 1928-1933 жылдары жергілікті шаруашылық жастар мектебінде, ал 1933-1934 жылдары Ақмола құрылыстық техникумда оқыды. 1934-1939 жылдар аралығында Ақмола облысы Вишневка, Қарағанды облысы Нұра және Солтүстік Қазақстан облысының Советтік, Бейнетқор аудандық атқару комитеттерінде жауапты қызметтер атқарған. 1939-1943 жылдары Солтүстік Қазақстан облысы жер бөлімі бастығының орынбасары лауазымына көтерілді. 1945 жылы Солтүстік Қазақстан облысы партия комитеті хатшысының орынбасары қызметіне ауыстырылды. 1947-1948 жылдары Солтүстік Қазақстан облысы атқару комитеті төрағасының орынбасары, 1948-1951 жылдар аралығында Солтүстік Қазақстан облыстық атқару комитетінің төрағасы қызметін абыроймен атқарды [2, 5].
Ұлы Отан соғысы кезінде тылдағы жұмысты ұйымдастыру үшін басшылық Жұмабек Ахметұлын «броньмен» қалдырады.
Өзін басшылықтың алдында жақсы қырынан көрсете білген Жұмабек Тәшенов 1952 жылы Ақтөбе облыстық партия комитетінің бірінші хатшылығы қызметіне тағайындалды.
Облыста жақсы қызмет істеп, жоғары көрсеткіштерге жеткезіп, көзі тірісінде ел аузында аңызға айналған тұлға Жұмабек Тәшенев 1955 жылы 38 жасында Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Төрағасы болды [3, 376].
Мұнан бес жыл өткеннен кейін лайықты басшысы болып саналған 45 жастағы Тәшенев 1960 жылы Қазақ КСР-і Министрлер Кеңесінің төрағасы қызметіне тағайындалды.
Жұмабек Тәшенев Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Төрағасы болып тұрған уақытында жоғары қызмет бабына орай бір мезгіл Мәскеуде де басшылық жұмыс атқарып отырған. Сол кездегі тәртіп бойынша КСРО құрамындағы 15 одақтас республика Жоғарғы Кеңестерінің төрағалары КСРО Жоғарғы Кеңесі Төрағасының орынбасарлары болып есептелетіндіктен «мәскеулік төраға» демалысқа шыққанда 1 ай бойы Мәскеуге барып, КСРО Жоғарғы Кеңесі Төрағасының қызметінің міндетін уақытша атқарған. Мәскеуге барар бір сапары қарсаңында Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсірепов Жұмабек Тәшеневтен Бауыржан Момышұлының екі рет Батыр атағына ұсынылып өтпей қалғанын, сол атақты алып беруге араласуын өтінеді. Жұмабек Ахметұлы Мәскеуге барысымен мұрағаттан Бауыржан Момышұлының құжаттарын алғызып танысады. Батырлыққа екінші рет ұсынылған құжаттың қорытындысында соғыс кезіндегі кейбір қылықтары кеңес офицерлерінің ар-ожданына қайшы келгендіктен Бауыржан Момышұлына мұндай атақты беруге болмайды деп маршал Конев қолын қойыпты. Жұмабек Тәшенев Жоғарғы Кеңестің атынан маршалды шақырып алып мәселені түсіндіреді. Маршал Конев «Бұл туралы менің пікірімді білмек болсаңыз, мен өз өмірімде ешқашан бір айтқан пікірімді өзгерткен адам емеспін. Бұл жолы да солай қаламын» деп көнбеген екен [4, 191]
Кеңес Одағында үлкен беделге ие маршал Жұмабек Тәшеневтің осылай қолын байлаған.
Кеңес Одағының Батыры, Қазақстанның Халық Қаһарманы Сағадат Нұрмағанбетов Жұмабек Тәшенев жайында: «Қандай қызметте болса да Жұмекең ең алдымен өз елінің мақсат-мүддесінен шығатын, халықтың жағдайын ойлайтын, ұлттық мәселелерді КСРО басшыларының алдында тайсалмай қоятын. Жүрегі қазақ деп соғатын біртуар азамат еді», - деп еске алатын [4, 141].
Бар саналы ғұмырын қазақ халқының жері мен біртұтастығын сақтап қалуға арнаған өр тұлғалы азаматтың елі үшін жасаған қызметі ұлан-ғайыр.
Жұмабек Тәшеневтің жеке басының ерекше қайсарлығының және ұлт алдындағы жауапкершілігінің арқасында еліміздің солтүстіктегі облыстары Қазақстанның құрамында қалды. Кеңес елінің басшысы Н.С. Хрущев Республикамыздың солтүстіктегі 5 облысын (Ақмола, Көкшетау, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан) біріктіріп, «Тың өлкесі» деген аймақ құрып, оны Ресейге қосуды жоспарлайды. Сөйтіп, өлкенің басшылығына Мәскеуден Т.И.Соколов деген өз адамын жібереді. Ал ол болса «Мәскеудегі құдіретті басшысына» арқа сүйеп «Тың өлкесін» Ресейге өткізуге бейімдеп, ашық түрде Қазақстан басшылығына бағынудан бас тарта бастайды. Тіпті Соколов дербес өз орталық Комитеті мен Министрлер Кеңесі бар «Тың өлкесі» 16-шы одақтас республика құру идеясын ұсынған болатын [5, 571].
Бұл әрекетті білген Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы Ж.А. Тәшенов 1960 жылы күзде «Тың өлкесінің» орталығы болған Целиноград қаласына шұғыл түрде ұшып келіп, республикалық Жоспарлау комитетіне келесі жылдың бюджетіне қажет мәліметтерді әдейі бермей бассыздық жасағаны үшін Т.Соколовты қызметінен алып, 24 сағаттың ішінде Қазақстаннан қуып жіберетінін және «Тың өлкесі» ешқашан Ресейге берілмейтінін қадап тұрып айтады.
Алматыда Үкімет мәжілісінде келесі жылдың халық шаруашылық жоспары қаралып жатқанда Тың өлкелік кеңшарлар басқармасының бастығы А.И. Козлов: «Жұмабек Ахметұлы! Біз сіздерден ештеңе сұрамаймыз, тек Мәскеудің бергеніне тимесеңіздер болғаны»,- деп қыр көрсетеді. Мұндай жүгенсіздікке төзбеген Жұмабек Тәшенов оны тоқтатып қойып: «Тың өлкесі Қазақстанның құрамында, ал Қазақстанды оның Орталық партия комитеті мен Үкіметі басқарады. Сіз сол партияның мүшесісіз. Мынадай қыңыр мінез бен істі қоймайтын болсаңыз партиядан шығарып орныңыздан аламыз. Сонан кейін баратын жеріңізге барып, арызыңызды айта беріңіз»,- деп тағы да орыс азаматының бетін қайтарған екен.
Жұмабек Тәшеновтің өзі Мәскеуде Қазақстанның бес облысын Ресейге қосу туралы Н.С. Хрущевтың әрекетіне қалай тойтарыс бергенін былай деп еске алады: «Кешкі сағат он кезінде менің бөлмеме Д.А. Қонаев телефон шалып, Хрущевтің екеумізді шақыртып жатқандығын айтты. Бұрын кездескенімізде жылы шырай көрсететін мәскеулік бастық жүзінен бұл жолы қатаңдық байқалды. Сөзін бастағаннан-ақ: «Кеңес Одағындағы ұлт республикаларының жан-жақты дәрежеге жетуінің негізгі себебі ол Кеңес үкіметі мен Ұлы партиямыздың көрегендік саясатының арқасында екендігін көпшілік білсе де, әлі күнге дейін соған дұрыс мән бермейтіндер жоқ емес. Соңғы кезде Саяси Бюро мәжілісінде Қазақстанның саяси-экономикалық мәселелері сөз болғанда, бұл республиканың алға дамуына кедергі келтіріп отырған түрлі себептер бар екендігі айтылып отырады. Солардың ең бастысы - республиканы басқарып отырған кадрлардың қазіргі талапқа сай келмей отырғандығы және өзге республикаларға қарағанда жер аумағының өте кеңдігі, ал өндіріс салаларының өте көптігі. Ал, енді осы жағдайларды ескере келіп, Саяси Бюродағы келісім бойынша осы кедергіні тез арада шешпейінше республика алға жылжи алмайды. Кадр мәселесін кейінірек қарауға тиіспіз, қазір кезектегі және жедел шешетін мәселе – ол республиканың жер көлемі жайында болып отыр. Жолдас Қонаевпен және облыс басшыларымен пікір алысқанбыз. Бұл пікірімізді олар негізінен қолдады. Жұмабек Ахметович, енді сіздің пікіріңізді білгім келіп шақырып отырмын» - деді. Мәймөңкені білмейтін басым: «Никита Сергеевич, мен бұл мәселенің шешілуі былай тұрсын, тіпті күн тәртібіне қойылуының өзіне қарсымын» - дедім. Менің сөзімді естісімен-ақ бастықтың беті қызарып, көзі аларып, тұтығып, маған жалтақ-жалтақ қарап тұрып қалды. Сәлден кейін: «Саяси Бюроның келісіміне қарсы шығатын сен өзің кімсің, біз саған сенім білдіріп, республиканың үкімет басшысына дейін көтердік, ал сенің айтып отырғаның мынау. Бұл мәселені сендерсіз-ақ шешеміз. Кеңес елі бір мемлекет, қай жерді қай республиканың меншігіне беру КСРО Жоғарғы Кеңесінің еркі деді. Мен халқымыздың «шешінген судан тайынбас» дегені есіме түсіп, пікірімді жалғастырдым. «Никита Сергеевич, - дедім, - егер Жоғарғы Кеңес әр республиканың жерлерін жергілікті органдарынсыз шеше беретін болса КСРО-ның және ұлт республикаларының Конституциясын жою керек қой. Ал, ол Конституциялардың баптарында әр ұлт республикасы өзінің тарихи жеріне, ондағы байлығына өз меншігім деп пайдалануға құқы бар. Егер бұл заңдармен санаспайтын жағдай туса, онда біз халықаралық заңды мекемелерге дейін шағым беруден тайынбаймыз, ондай құқығымыз бар» деп айттым деген [4, 14].
Егер сол жылдары Жұмабек Тәшенев секілді қайсар да бірбеткей батыр, ұлтшыл шынайы қайраткер тұлға билік басында отырмағанда Қазақстанның солтүстігіндегі бүкіл 5 облыс Ресей Федерациясының меншігіне айналып кете барар еді. Кейін оларды даулап қайтарып алу бүгінгі билікке де, қазақ халқына да қиынға соғар еді.
Кешегі 1920-50-ші жылдары жаппай жазықсыз сталиндік қуғын-сүргінге ұшырап кеткен қазақ зиялыларының басынан өткен нәубет салқыны әлі есіп тұрған кезеңде мұндай пікірді білдіру үшін үлкен жүрек пен жігер керек еді. Әрине, мұндай сөздерді жүрегінің түгі бар, қайраты мен ерік жігері шыңдалған адам ғана айта алса керек. Халықтың аузынан тастамай айтып, түрлі аңыздарға айналдырып жүрген Жұмабек Тәшенев ерліктерінің бір парасы осындай. Бұл сталиндік зұлматтан кейін еңсесі түскен қазақтың ұлттық рухын оятқан ерлік оқиға болды. Мәскеу Жұмабек Тәшеневті қызметінен қуды. Бірақ ол қазақ жерінің тұтастығын сақтап қалды.
Ұлтын шексіз сүйген өр тұлға ұлт игілігі үшін атқарылған әрбір істің басында тұрды. Жұмабек Ташеневтің Отан алдындағы асыл парызын өтеудегі ең ұлы қызметін ғалым, жазушы, мемлекет қайраткері Әди Шәріпов өзінің естеліктерінде: «Баяғы заманда Бөгенбай, Қабанбай, Кенесары мен Наурызбай сияқты батыр бабаларымыз қан төгіп сыртқы жаулармен соғысып аман сақтап қалған қазақ халқының ата-мекенін Ресейге беріп жіберуге қарсы болған жалғыз адам - Жұмабек Тәшенев. Қазақ халқының ерте заманнан бері қоныстанған тамаша шұрайлы жерін, бір қатерден оның сақтап қалғанының куәсі болғанбыз», - деп қайраткер тұлғаның жасаған ерлігін жазады [6, 15].
Бірақ бүкіл билік қолында тұрған Н.С. Хрущев Жұмабек Тәшеневтің бұл батыл қимылын кешірген жоқ. Республикалық дәрежедегі лауазымды қызметінен алып, Шымкентке қатардағы облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасарылығына төмендетіп жіберді.
Жұмабек Тәшенев бұл қызметін де зейнеткерлікке шыққанға дейін 14 жыл бойы абыроймен үздіксіз атқарды. 1986 жылы қайтыс болған кезде Шымкент қаласына жерленді. Оңтүстік Қазақстан Облыстық Атқару комитетінің төрағасының орынбасыры болып қызмет атқарып тұрған кезде Жұмабек Ахметұлы қазақ ұлтының мүддесі үшін қайраткерлік қызметін жалғастыра берді. Түркістандағы Қ.А.Яссауи кесенесінің жанында топырақпен көміліп жатқан шығыс моншасын қалпына келтіріп, іске жаратуды жүзеге асырады.
Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген экономист, профессор Ғарай Сағымбаев Ж.Тәшенев республика басшылығында болған 6 жылда Қазақстанның экономикасы мен мәдениеті қарыштап алға басқанын төмендегідей деректермен көрсетеді. Осы жылдары электр энергиясы қуатын өндіру – 2 есе, мұнай өндіру - 1,6 есе, көмір өндіру - 2 есе, цемент шығару – 15 есе, мақтадан мата тоқу – 5 есе, тоқыма сырт киім шығару – 3 есе, минералды тыңайтқыш өндіру – 2 есе, аяқ киім тігу – 4 есе, ет өндіру – 2 есе, қант өндіру – 1,5 есе, мал майын шығару – 1,4 есе, өсімдік майын шығару – 2 есе өскен. Егіс көлемі – 6 миллионнан 22 миллион гектарға, ірі қара мал саны – 5,5 миллион, қой мен ешкі – 28,5 миллион басқа дейін өсті. Халық шаруашылығында 125 мың жоғары білімді, 215 мың орта білімді мамандар қызмет етті. Бес жылда 690 мың пәтер салынып, 2,4 мың кәсіпорындар мен мекемелер іске қосылады. 6140 кітапхана, 5140 клуб, 4777 киноқондырғылар, 25 музей, 19 облыстық театрлар жұмыс істеп тұрды. Сөйтіп, халықтың әлеуметтік жағдайы, тұрмыс мәдениеті айтарлықтай жақсарды [7, 81].
Жұмабек Тәшенев туған жерге ғана емес, сонымен бірге ана тілімізге, қазақ баспасөзіне де үлкен жанашыр болған.
Тың игеру жылдары Солтүстік Қазақстандағы бес облыста облыстық газеттер жабылып, қазақ журналистердің жұмыссыз қалғаны тарихи шындық. Сол жылдары республикалық қазақ тілді басылымдардың да басына қауіп төнді. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі төрағасы Тәшеневтің қарсылығының нәтижесінде «Қазақ әдебиеті», «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») және басқа қазақ газеттері жабылу қаупінен сақталып қалды. Белгілі жазушы Садықбек Адамбеков өзінің «Қайта соққан боран — замандастарым жайлы» атты туындысында Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті бюросының 1958 жылғы 28 шілдедегі «Қазақ әдебиеті» газетін жабу туралы мәселе қойылған отырысы туралы әңгімелейді. Сол жерде Жұмабек Тәшенев солақай белсенділердің сойқанды әрекеттеріне батыл соққы беріп, мәжілістің алдын ала дайындалып қойған сценарийін іске асырмады. «Өңкей шаш ал десе, бас алатын» жағымпаздар жарыса жамырап, Қазақстандағы қазақ тілінде шығатын барлық газеттерді жауып, аударма басылымдарға айналдыру жөнінде ұсыныс жасайды.
Тіпті сол кезде «Социалистік Қазақстан» газетінің бас редакторы Ұлы Отан соғысы кезінде Мәскеуді қорғаған 316-шы атқыштар дивизиясының құрамында болып, кейін 100-ші атқыштар бригадасының қатарында шайқасқа қатысқан майдангер Қасым Шәріпов өзінің «Казахстанская правда» газеті редакторының орынбасары болып қалуға да қарсы еместігін білдіреді. Осы сәтте отырысқа қатысып отырған Жұмабек Тәшенов: «Социалистік Қазақстанды» ашқан да сен емес, жабатын да сен емессің, не деп тұрсың өзің!»- деп зекіп тастапты. Ал «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Сырбай Мәуленов мінберге қарай көңілсіз көтеріліп бара жатқанда Жұмабек Тәшенов: «Тайсақтамай, батыл сөйле! - деп, орнынан қозғалып қойды»,- дейді. Қазақ газеттерінің ғана емес, қазақ тарихының да алдында әділетсіздік жасалғалы тұрған жиында Жұмабек Ахметұлы ұлт тіліндегі газеттерді жабудың негізсіздігін нақты мысалдармен дәлелдеп шығады. Туған халқының, ұлт тілінің тағдырына араша түскен азаматтың арқасында қазақ газеттері солақай саясаттың сойылынан аман қалған еді [4, 25].
Ұлттық рух болмаған жерде, ұлттық намыстың да болмайтыны белгілі. Қазақ ұлтының ұлт ретінде, мемлекет ретінде дамуы мен танылуы елдің бірлігі мен ынтымағына байланысты. Рухының биіктігімен, намысының күштілігінен, есімі халықтың жүрегінде сақталып қалған, істеген істері аңызға айналып кеткен, азаматтарымыздың бірі - Жұмабек Тәшенев осындай мемлекетшіл тұлға бола білді.
Қолында билік болғанда қазақтың барлық шығармашылық адамдарына, дарынды тұлғаларына пайдалы іс жасауға белсене кірісті. Мәселен, 1958 жылы қазақ өнері мен әдебиетінің Мәскеудегі онкүндігін өткізуге үлкен күш-жігер жұмсап қана қоймай, бес бірдей қазақ өнерпаздарына (Қ. Қуанышбаев, Р. Жаманова, Е. Серкебаев, Ш. Айманов, М. Төлебаев) ең жоғары атақ - КСРО Халық әртісі атағын алып беруде де Жұмабек Тәшенев үлкен қажырлық көрсетті. Осыған дейін мұндай көлемде топпен жоғары атақ алу қазақ халқында болмаған екен. Жұмабек Тәшенев Қазақ КСР-нің Министрлер Кеңесінің төрағасы қызметі лауазымын атқарып тұрған кезінде, 1960 жылы қазіргі Алматыдағы Қонаев пен Қабанбай батыр көшелерінің қиылысындағы 120 пәтерлік үлкен жаңа технологиямен салынған үйді түгелімен өнер мен әдебиет қайраткерлеріне бергізеді. Осы Қонаев көшесіндегі № 135 үйді бүгінге дейін жұрт мақтаныш ретінде «Қазақ ауылы» немесе «Тәшеновтің үйі» деп атайды [4, 25]. Ол өнер адамдарына қамқорлық жасау арқылы, қазақ өнеріне, мәдениетіне жанашырлық танытқан
Қазақтан шыққан кемеңгер тұлғаларға бір көшенің өзін беруге қимай тұрған Мәскеуді Алматының ең үлкен магистральды көшесіне Абай Құнанбайұлы есімін беруге және сол көшенің ең төріне ақынның алып ескерткішін қоюға көндіреді. Халқымыздың рухани оянуынан қорқып, сан сылтау айтқандарға Жұмабек Тәшенов Тбилисиде - Руставелидің, Мәскеуде - Горькийдің, Ташкентте - Науаидің ескерткіштері бар екендігін, ал қазақ халқына ондай қиянат жасамау қажеттігін айтып, өзінен зорларды шеберлілікпен мойындата білді. Нәтижесінде бүгінде көзіміз көріп жүрген Абай Құнанбайұлының атындағы тарихи ескерткіші мен көшесі осылай пайда болған [4, 18].
Академик Манаш Қозыбаев өзінің «Дерек - тарихи дәлел» деген мақаласында: «Жұмабек Тәшенев және басқа да адамдар Қазақстан аумағындағы ядролық жарылыстарға қарсы шығып, озбырлықтың құрбаны болды»,- деп атап көрсетіп, қайраткер тұлғаның саяси қызметінің тағы да бізге беймәлім бір қырын көрсетіп кетті.
Жұмабек Тәшенев үлкен қайраткер, халқының болашағы үшін қызмет жасаған күрескер болды. Ол халқымыздың тәуелсіздігін армандап, қазақтың өз жерінде өзі қожайын болуын аңсап, қара басының қамын, атақ-дәрежесiн көксемей, ұлтының намысын қорғады. Соңғы демі қалғанша халқына қызмет етіп, қазақтың жері үшін күресті. Бүгінгі күнде біз оның еңбегінің жемісін көріп отырмыз.
Бүгінде араға ғасырларды салып, Қазақстан тәуелсіздігін алып, кешегі тың өлкесі ретінде басқа мемлекетке берілмек болған Ақмола топырағында қазақтың Елордасы – Астана қаласы бой көтерді. Астананың көшелерінің біріне Жұмабек Ахметұлы Тәшеневтың есімі берілді. Ата-бабамыздың арманы болған Тәуелсіз мемлекетіміздің іргетасы қаланды. Өсіп-өркендеп қарыштап дамып келе жатқан Қуатты Қазақ елі бабалар аманатын жүзеге асырып жатыр. Қоғам қайраткері, қазақтың біртуар азаматы Жұмабек Ахметұлы Тәшенев қазіргі Тәуелсіз Қазақстан Республикасының территориясын тұтас сақтап қалып, осы күні бізге бүтін жеткізіп, аманат қылып тапсырып кетті.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
1. Дүйсен С., Еңсенов Қ. Жұмабек Тәшенев: Ғылыми басылым. – Алматы: «Литера-М» ЖШС. 2012. – 320 б.
2. Кенжебаев С. Бәрі құрбан атамекен жолында. // Егемен Қазақстан. 8 сәуір 1995.- 4 б.
3. Қуандық Е.С. Қазақстан тарихы. Алматы: «Дәуір», 2012. -512 б.
4. Асан Ата К. Шынжырда өткен жолбарыс. Алматы: «Үш қиян», 2004.- 408 б.
5. Қазақстан тарихы (көне заманнан бүгінге дейін). Бес томдық. 4-том.-Алматы: «Атамұра», 2010.- 752б.
6. Шәріпов Ә. Көргенім, көңіліме тоқығаным. // Жұлдыз. 1994. № 9.
7. Жұмабек Ташенев туралы естеліктер. – Алматы, Білім баспасы, 2005.- 200 б.
Достарыңызбен бөлісу: |