Қазақстанның ірі мемлекет қайраткері, ұлт жанашыры, ел қамқоры, халқымыздың біртуар перзенті



бет14/21
Дата04.11.2016
өлшемі5,71 Mb.
#219
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   ...   21

ҰЛТТЫҢ ҰЙЫТҚЫСЫ –

ЖҰМАБЕК ТӘШЕНОВ
Балғабеков Т.К. (Карағанды, ҚарМТУ)

Кешкі сағат он кезінде менің бөлмеме Д.А.Қонаев (сол кездегі Қазақстан Компартиясының бірінші хатшысы) телефон шалып, Н.С.Хрущевтің екеумізді шақырып жатқанын айтты. Бұрын кездескенімізде жылы шырай көрсететін мәскеулік бастық жүзінен бұл жолы қатаңдық байқалды. Сөзін бастағаннан-ақ: «Кеңес Одағындағы ұлт республикаларының жан-жақты дәрежеге жетуінің негізгі себебі Кеңес үкіметі мен ұлы партиямыздың көрегендік саясатының арқасында екендігін көпшілік білсе де, әлі күнге дейін соған дұрыс мән бермейтіндер де жоқ емес, – деп сөзін бір түйді. Соңғы кезде Саяси бюро мәжілісінде Қазақстанның саяси-экономикалық мәселелері сөз болғанда, бұл республиканың алға дамуына кедергі келтіріп отырған түрлі себептер бар екендігі айтылып отырады. Солардың ең бастысы – республиканы басқарып отырған кадрлардың қазіргі талапқа сай келмей отырғандығы және өзге республикаларға қарағанда жер аумағының өте кеңдігі, ал өндіріс салаларының өте көптігі дер едім, – деп тағы түйді… Саяси Бюродағы келісім бойынша осы кедергіні де тез арада шешпейінше республика алға жылжи алмайды. Кадр мәселесін кейінірек қарауға тиіспіз, қазір кезектегі және жедел шешетін мәселе – республиканың жер көлемі жайында болып отыр. Жолдас Қонаевпен және облыс басшыларымен пікір алысқанбыз. Бұл пікірімізді олар негізінен қолдады. Жұмабек Ахметович, енді сіздің пікіріңізді білгім келіп шақырып отырмын» – деді.



Мәймөңкені білмейтін басым: «Никита Сергеевич, мен бұл мәселенің шешілуі былай тұрсын, тіпті күн тәртібіне қойылуының өзіне қарсымын», – дедім. Менің сөзімді естісімен-ақ бастықтың беті қызарып, көзі аларып, тұтығып, маған жалтақ-жалтақ қарап тұрып қалды. Сәлден кейін: «Саяси Бюроның келісіміне қарсы шығатын сен өзің кімсің, біз саған сенім білдіріп, республиканың үкімет басшысына дейін көтердік, ал сенің айтып отырғаның мынау. Әрі-берідесін бұл мәселені сендерсіз-ақ шешеміз. Кеңес елі – бір мемлекет, қай жерді қай республиканың меншігіне беру – КСРО Жоғарғы Кеңесінің еркі. Бұл жай пікір алысу еді», – деп реңінен ашуының қайтқаны білінді. Сонысын пайдаланып мен халқымыздың «шешінген судан тайынбас» дегені есіме түсіп, пікірімді жағастырдым. «Никита Сергеевич, – дедім, – егер Жоғарғы Кеңес әр республиканың жерлерін жергілікті органдарсыз шеше беретін болса, КСРО-ның және ұлт республикаларының Конституциясын жою керек қой. Ал ол Конституциялардың баптарында әр ұлт республикасы өзінің тарихи жеріне, ондағы байлығына өз меншігім деп пайдалануға құқы бар. Оны өзгертуге ешкімнің, ешбір органның құқы жоқ…Егер бұл заңдармен санаспайтын жағдай туса, онда біз халықаралық заңды мекемелерге дейін шағым беруден таймаймыз, ондай құқығымыз бар», – дедім»… Хрущев Қонаевқа қарап: «Бұл әңгіме осымен аяқталсын,–деді.– Орыстардың «Кешкі ойдан таңғы тағылым артық» дейтін нақыл сөзі бар, ертеңгі жиналысқа дайындалайық…» – деп, тұра жөнелді, соңынан біз де шықтық» [1]. Міне, Жұмабек Тәшенов осындай ұтқыр ойларымен көзге түсіп, ұлттың ұйытқысы бола білген азамат. Н.С. Хрущев секілді қолында шексіз билігі бар, өзімшіл, ұрда-жық басшыға қарсы айқасқан қайсар қазақ азаматы көз алдыма елестейді. Тарих тағылымына көз жүгіртер болсақ, қандай ұлтта болмасын елі, жері, халқы үшін әрдайым қасықтай қанын беруге әзір ұлтжанды азаматтар болған. Біздің халқымызда соның бірі, хәм бірегейі – Жұмабек Тәшенов. Қашанда халық өзі сүйген ұл­дарының ұлық істерін аузынан тастамай айтып жүретіні пешенеден белгілі. Оның ішінде болмағанды болдырып, кейбір оқиғаларды аңызға ай­налдырып жібе­ретіндері де аз кездеспейді. Бірақта қазақта сөз бар «жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды». Сондықтан Жұмабек Тәшенов туралы сөз қозғағанда оның біртуар азамат екенін бірден айтуға болады. Ол жасынан алғыр, өжет бала болып өседі. Оқуда алда, белсенді, жүрген-тұрған ортасында үнемі алымдылығымен ерекшеленеді. Мектептен соң ол Ақмоланың құрылыс техникумын бітіреді. Осы жерде комсомол белсендісі болған оны бірден Вишнев аудандық атқару комитетіне жұмысқа алады. Одан әрі қызмет баспал­дақтары Солтүстік Қазақстан облыстық атқару комитетінде, Ақтөбе облыстық партия коми­тетінде жалғасады. Осы, соңғы облыста ол обкомның бірінші хатшылығына сайланады. Сол аймақтарда да оның өрелі істерінің ізі бар 40-қа енді ғана толған жасында, 1955 жылы Жұмабек Тәшенов Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Төрағасы қызметіне сайланып, оны бес жыл атқарады. Бұл республикадағы өзінің орны жағынан екінші қызмет болатын. Дәл сол жылдары Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев Министрлер Кеңесінің Төрағасы қызметін атқарғаны белгілі. Сөйтіп, алаштың екі ардақтысы республикадағы екі үлкен қызметтің басында қатар отырады. 1960 жылы Д.Қонаев Қазақстан КП Орталық Комитетінің бірінші хатшысы қызметіне тағайындалғанда, оның орнын Жұмабек Тәшенов басып, бір жыл Үкімет басшысы болады [2,3].

Жұмекеңнің өмірін зерттеп, оның тарихи тұлғасын келер ұрпаққа жеткізу жолында тер төгіп жүргендер аз емес. Солардың бірі тарих ғылымдарының кандидаты Кәрішал Асан Ата. Ол өзінің Ж.Тәшеновтің өмірі мен қызметін зерттеудің нәтижесінде жазған кітабында Жұмекеңнің өміріне байланысты көптеген құнды құжаттарды келтірумен қатар, оны жақсы білетін, істері мен әрекеттерін өз көздерімен көрген әріптестері, жолдастары жә­не сол кездегі жас достары профессор С.Кен­же­баевтың, академиктер С.Қирабаевтың, Х.Ар­ыс­танбековтің, генерал С.Нұрмағанбетовтің және т.б. естеліктерін келтірген. Сол есте­лік­тердің бірінде оның ұлттық мүдде тұрғысынан жасаған еңбектерінің қатарында Қазақ КСР Жоғары Кеңесі Төралқасының Төрағасы қызметіне сайланған соң-ақ Алматының ең үлкен магистральді көшесін Абайдың атымен атауды және көшенің ең төріне ақынның алып ескерткішін қоюды ұсынғаны айтылады. Ол кезде мәселенің бәрі Кремльде шешілетін еді ғой, ақша жоқ деп аз шығынның өзін қиынсынған шенеуніктерге ол Тбилисиде – Руставелидің, Мәскеуде – Горькийдің, Ташкентте – Науаидің сондай ескерткіштері барын алға тарта отырып, ұтымды сөзбен ұғынықты дәлел келтірген көрінеді. Мәскеу­дегілер амалсыз мойынсұнып, Абайдың атымен көше атауға және алып ескерткішін орнатуға рұқсат берген екен. Кезінде басталып, содан бері аяқталмаған Медеу мұз айдынының құрылысы да осы Жұмекеңнің күш салуымен діттеген жеріне жеткізілген көрінеді. Ол өзінің Мәскеудегі әріптесі, сол кездегі КСРО Жоғарғы Кеңесінің төрағасы, елдегі үш биліктің бірінің құлағын ұстап отырған К.Ворошиловты Алматыға шақырып, оған Медеудің тамаша табиғатын көрсете жүріп, соның көмегімен құрылысты аяқтауға қаражат бөлдіріпті [2]. Жазушы Әзілхан Нұршайықов осыдан бірнеше жыл бұрын шыққан өзінің “Брежневке хат” атты мақаласында Бауыржан Момыш­ұлына Батыр атағы берілуін сұрап 1980 жылы хат жазылғанын, оған қазақтың ең атақты деген біраз адамдарының қол қойғанын жазады. Солардың арасында болған Ғабит Мүсірепов мұндай талпыныстың Жұмабек Тәшеновтің тұсында да болғанын, ол өзінің Мәскеудегі қызметін пайдаланып, Батыр атағын беретін комиссияның басшысы, маршал И.Коневті өзіне шақырып, оған салмақ салғанын айтады. Бірақ тоңмойын маршал Баукеңе Батыр атағын беруге үзілді-кесілді қарсы шыққан екен. Бұл мәселе осылай болып шешілмесе де Жұмекең Баукеңнің “За нами Москва” кітабының идео­логиялық кедергілерді бұзып өтіп, жарық көруіне көмек жасай алған. Сол үшін таяқ жеп жатса да ол тайсалмаған. Тың өлкесін Ресей Федерациясына қосу туралы КОКП Орталық Комитетіндегілер пікірін сұрағанда ол: “Мен өзім Ақмолада туып-өстім, менің ата-анамның, ата-бабамның жаны осы жерде жай тапқан. Енді осы жерді бізден алып, Ресейге бергелі отырсыздар. Мұндаймен ешбір қазақ келіспейді. Ойланыңыздар, жолдастар! Мен осындай мәселенің көтерілгенінің өзіне жан-тәніммен қарсымын!” депті. Ал оңтүстіктегі үш ауданның жерін Өзбекстанға беру туралы пікірін сұрағанда мұндай мәселені де шешу түгіл көтерудің өзіне қарсы екенін айтқан. Бұған шамданып қалған Хрущев: “КСРО біртұтас мемлекет, қай республикаға қандай жерді беру керектігін біз сізден сұрамай-ақ шеше аламыз”, дегенде: “Олай болса, бұл КСРО Конституциясына қарсы шыққан­да­ры­ңыз. Ал онда әрбір республиканың терри­то­риясы оның бұлжымас меншігі делінген, бе­кі­тілген Конституцияның талабы өрескел бұ­зылса, біз халықаралық ұйымдардың араласуын сұрауға қақымыз бар”, деп тойтарып тастайды. Оның бұл сөзін естіп, сол жерде болған жер қозғалса қозғалмайтын Д.Қонаевтың өзі Жұ­ме­кеңнің батылдығына таңғалғанын жасыра ал­май, қонақ үйге келе жатып: “Сіздің жү­ре­гіңіз адамдікі емес, арыстандікі шығар”, деген екен.

Әдебиеттер

1. Арман Әлменбеттің facebook.com-дағы жеке парақшасынан алынды.

2. Е. Қабылдиннің мақаласы.






АЛАШТЫҢ АСЫЛ ПЕРЗЕНТІ – ЖҰМАБЕК ТӘШЕНОВ
Жұманова Л.С.

(Қарағанды, ҚарМТУ)


Биыл  қазақтың  қайраткер азаматы  Жұмабек  Ахметұлы Тәшеновтың  туғанынан 100  жыл  толады. Халқымыз үшін  Жұмабек Ахметұлының  сіңірген еңбегі орасан.  Ол еліміз аумағының  тұтастығын сақтап қалу үшін басын бәйгеге тіккен жан.  Заңғар  жазушы  Ғабит  Мүсіреповтың: «Әр уақытта  менің жүрегімнің   төрінен алатын інім Жұмабек» дегені бар.  Жазушы  Жұмабектей інісінің  табандылығына,  Қазақстанның бес облысының өзге  елдің  құрамына қосылып кетуінен сақтап қалған  батылдығына  сүйсінсе керек.  Сөйткен,  қайраткер көзі тірі болса,  биыл 100 жасқа  толған  болар еді. Дегенмен, Тәшеновтың  өзі көзден кетсе де,  қылған ісі,  есімі  көңілден кеткен жоқ. 



Ұлтының басына күн туған, қиын кездерінде қасынан табылған Жұмабек қазақ жерінің телім-телім болып, ұстағанның қолында, тістегеннің тісінде кетпеуі үшін жан аямай күрескен ұлы отаншылы.  Ата-баба аманатына адалдығымен, жерін жатқа беруге қарсы жан аямай күрескен ерлігімен, өз еліне адал азаматтығымен есте қалған қайсар азамат.

Ж.А.Тәшенов республиканың саяси, экономикалық, мәдени дамуына басшылық жасаған жылдары қазақ мемлекетінің аумақ тұтастығының сақталуына көп еңбек сіңірді. Маңғыстауды Түрікменстанға қосу жөніндегі ұсыныстарға тойтарыс берді. Тың өлкесіне біріктірілген солтүстік облыстарды  Ресейге, Оңтүстік Қазақстанның мақта егетін аудандарын Өзбекстанға беруге қарсы шықты. Қазақстан жерінде ядролық жарылыстар жасауға қарсылық білдірді. Шығармашылық одақтар өкілдеріне үй-пәтер бергендігі үшін Алматының ортасында “қазақ ауылын” құрды деп айыпталды. “Қазақ әдебиеті” газетін жабудан, “Социалистік Қазақстан” газетін “Казправданың” аудармасы етіп шығарылу қаупінен қорғап қалды. Жұмабектей атамыздың ең көп айтылатын ерлігі: Қазақ жерінің талан-таржыға салуға қарсы күресі [1,б.214].

1950-1956 жылдар аралығында Оңтүстік Қазақстан облысының Бостандық, Мақтаарал аудандарын Өзбекстанға беруге қарсылық көрсетті. 1950  жылдары Кеңес Одағының басшысы Н. Хрущевтің қолдауымен орыс шовинистері Қазақстанды паршалау арқылы, қазақтан келетін қауыптың алдын алуды жоспарлады. Ал өзбектер өзіне күндес, бәсекелес есептейтін қойдан қоңыр қазақтың жерін тартып алуды орыстардың қолымен, атап айтқанда Никита Хрущевтің қолымен жасады. Қай кезде де орыстар өздеріне келетін қауыпты ең алдымен қазақтан іздейтін [2,б.8]. Орыстар бірнеше  түрлі саяси мақсаттағы жобаны ойлап, тауып жоспарлады. Тіпті, өздерінің сенімді адамдары арқылы Хрущевке мақұлдатты. Міне соның біріншісі, Бостандық ауданын Өзбекстанға қосу жоспары болатын. Өзбектердің көрсеткен себебінде, бұл аудандарға қазақтар Өзбекстан арқылы өтетіндігі мен Тәшкентке жақындығы айтылып, оның үстіне  мақта мол шығатын аудандарды бір басшылыққа жинап, еңбек өнімділігі мен басқаруды қолайлы ету керек деп көрсетілді. Сол арқылы қазағы көп Оңтүстік аудандарды Өзбекстанға қосу арқылы қазақтың күшін әлсіретуді көздеді. Міне дәл сол кезде, 1955 –1960 жылдары Қазақ КСР-і Жоғарғы Кеңесі төралқасының төрағасы қызметін атқаратын Жұмабек Тәшенов өзі төрағалық етіп, осы мәселе бойынша арнаулы комиссия құрды. Комисся шешімі бойынша: “Бостандық ауданының жері мал өсіруге ыңғайлы, құрылыс материалдарын өндіруге, су- энергетикалық қоры мол, қорғасын, көмір және машина жасау өндірістерінің жұмыскерлері демалатын санаторийлер ұйымдастыруға өте қолайлы. Сондықтан бұл ауданды Өзбекстанға беруді қолайсыз санаймыз” деген шешім шығарады [3,б.8].

Комиссия шешімі 1955 жылдың 1 маусымында Қазақстан компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы Л.И. Брежневке жіберіледі. Л.И. Брежнев басқарған комиссияның қорытындысына қарсы келмеді. Қайта қолдау білдіріп, “Бостандық ауданы Өзбекстанға берілмесін” деген қаулы қабылдайды. Өкініштісі, Москва өз шешімдерін өзгертпеді. Осылайша қасиетті қазақ жері өзбектерге беріліп кетті. Тіптен кейін өзбектер осы тәсілмен Мақтарал ауданын, Түркістан, Бағыс ауылдарын иемденіп кетті. Ал қазақтың салақ басшылары бұл мәселеде салғырттық істеп, өзбектерге көмектесті. Десе де қазақтардың тепкінді қарсылығы Москваны ойландырып тастады [4,б.3].



Солтүстік облыстарды, Тың өлкесін Ресейге қосуды тоқтатты. Академик Б. Ермұқанов «Сіз бізге қарсы емессіз, сіз өз күйіңізді күйттейсіз» деген мақаласында мынадай мысал келтіреді: ғұндардың ұлы мемлекетінің іргесін қалаушы Модэге (б. з. д. 209 ж.) дұшпандар келіп, одан сәйгүлік арғымағын беруді талап етіп, сонан соң ғұндардың аса сүйікті әйелдерінің біреуін алып кетуін емеурінмен білдіреді, ол сұрағандарын береді. Ал олар жердің бір бөлігін алғысы келгенде, ол ашуға булығып: «Жер — мемлекеттің тұғыры, оны қалай беремін?», — дейді. Ол өзіне жерді беру жөнінде кеңес айтқандардың бәрінің бастарын шауып, жауларға тарпа бас салып, оларды талқандаған [5,б.138]. Одан әрі мақала авторы мына жәйтке назар аудартады: «… 60-шы жылдардың бас кезінде Никита Хрущев Қазақстанның бес облысы (Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Көкшетау, Ақмола, Павлодар) кірген Тың өлкесі деп аталатын құрылым арқылы өлкені тікелей орталыққа бағындырып, іс жүзінде қазақ жерін күштеп бөлшектеуге жанталаса ұмтылған кезде республиканың аумақтық тұтастығына айтарлықтай қатер төнген еді. Бағымызға қарай, осы сәтте Хрущевтің буынсыз жерге пышақ салған ұсынысына өжет басшы — Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Төрағасы Ж. Тәшенов батыл қарсы шықты. Ақыры Одақ басшысының бұл даурықпа дәмегөйлік пиғылы жүзеге аспай қалды» [6,б.2].

Бұл туралы Солтүстік Қазақстан облысының зейнеткері, Р.Уәйісов өзінің «Жұмабек Тәшеновтің есімі – жадымызда» атты мақаласында былай дейді: «Бірақ Жұмекең ата-мекенді саудаға салуға, сөйтіп қазақ халқының алдында ауыр күнәға батуға әсте бармады, бірінші хатшының ілтипат көрсетіп, асты-үстіне түскенінен бойын ала қашты. Республика басшыларының бәрі дерлік Тың өлкесін Ресейге беруге де, орталыққа тура бағындыруға да қарсы болмады [7,б.33]. Тек баяғы заманда Бөгенбай, Қабанбай, Кенесары, Наурызбай сияқты батыр бабаларымыз қан төгіп, сыртқы жаулармен соғысып, аман сақтап қалған қазақ халқының атамекенін Ресейге беріп жіберуге қарсы болған жалғыз адам – Жұмабек Тәшенов.

Қасиетті Сарыарқаның төсінде асқақ Астанамыз бой көтеріп, көк туымыздың желбірегенін көрген әр қазақ үшін Жұмабек атамызды еске алу парыз! Жұмабек міне осы өлкенің тумасы. Астана қаласынан Қарағанды қаласына қатынайтын тас жолдың бойында, Астанадан 25км қашықтықта батырдың туылған жері Бабатай ауылы тұр. Өз кезінде осы топырақтың нәрін еміп, бабаларының аманатын арқалап өскен азамат Тәуелсіздіктің ақ таңын көре алмады, өзі шыр-пыр болып қорғаған қасиетті Ақмола жерінде Астандай алып шаһардың бой көтергенін де көре алмады. Бірақ, ұрпақтары көрді [8,б.25].

Жұмабек атамыз өзінің саясаткерлігі мен шешендігі, салауаттылығы мен салмағы арқылы қазақ жерінің тұтастығы үшін күресті. Мәнсап пен пенделік нәпсіге құл болудан ада болды, жалтақтаған жағымпаз тұлғалардың алдында өзінің ар-намысының биіктігі мен ата-баба аманатына адалдығы арқылы биіктігін көрсетті. Жерге қорған, елге тұтқа болды [9,б.104].

Өзіміз көрген-білген, алыс-жақын тарихта халықтың жадында ең бірінші кезекте ұлттық мүддені қорғағандардың ғана есімі өшпейді және олар жыл өткен сайын жаңғыра береді. Болашақта да солай болатыны сөзсіз. Өйткені, олар өздерінің қарақан бастарын емес, таптық, рулық бөле-жаруды емес, барлық қазақтың тұтас ел болуын, басқалармен тең болуын аңсаған арыстар. Осы қатарда Жұмабек Тәшеновтің де есімі тұрары анық. Қазірдің өзінде оған Астанадан жарқыраған жаңа көшенің аты берілді. Бұл – қазіргі Қазақстан басшылығының, халықтың өзінің жоғын жоқтаған ұлдарының есімін ешуақытта да ұмытпайтындығының бір көрінісі.

Қолданылған әдебиеттер тізімі

1. «Қазақстан» ұлттық энциклопедиясы. 8-том, «Уикипедия» ашық энциклопедиясы.
2.С.Дүйсенов. Аты аңызға айналған тұлға http://www.namys.kz/; З.Дүкенбаева. Қайсар қайраткер Жұмабек Тәшенев. BAQ.KZ; Б.Ахметұлы. Жұмабек Тәшенов кім? http:// Abai.kz; Жұмабек Тәшенев туралы естеліктер. Алматы, «Білім», 2005. 8-бет, т.б.
3. Х.Арыстанбеков. Елім, жерім деп өмір сүрген нар тұлға// Жұмабек Тәшенев туралы естеліктер. Алматы, «Білім», 2005. 8-бет.

4. М. Ерімбетов. Осы жұрт Мырзашөлді біле ме екен? «Қазақ үні» 4 наурыз,2010.


5. С.Дүйсен. Қ.Еңсепов. Жұмабек Тәшенов. Алматы. «Литера–М» 2012, 138-бет; С.Дүйсенов. Аты аңызға айналған тұлға. http://www.namys.kz.
6. А.Бақытұлы. Бұл қазақ Тәшеновті неге ұмытты? http://thenews.kz/
7.М.Елеусізов. Ұмытылмас кездесулер// Жұмабек Тәшенев туралы естеліктер. Алматы, «Білім», 2005. 33-35-беттер.
8.Ұ.Бәшен. Жаны жайсаң жан еді // Аталған кітапта. 25-бет.
9. С.Дүйсен. Қ.Еңсепов. Жұмабек Тәшенов. Алматы. «Литера–М» 2012, 102-104-бет.

АЛАШТЫҢ АСЫЛ ПЕРЗЕНТІ ЖҰМАБЕК ТӘШЕНОВ
Сүлеймен Қ.И.

(Қарағанды, ЖББОМ №54)


Қазақ халқы жерін, ұлтын қорғаған, елінің ар-намысына айналған азаматтарын лайықты құрметтеп, әрқашан ілтипатпен еске алып ұрпағына үлгі етіп отырған. Кеңестік дәуірде ұлтымызға рухани тірек  болған осындай тұлғаның бірі – Жұмабек Ахметұлы Тәшенов. Ж.Тәшенов есімі ресми тарихта әлі жазылмаса да Қазақстанның  өткен ғасырдың 50-60 жылдарынан бастап халық зердесінде орын алған айтулы тұлға. Оның ерліктерін көзімен көзімен көріп куә болған аға ұрпақ, Тәшеновтің тарихтағы еңбегін енді біліп жатқан кейінгі буын өкілдері аңызға айналған қаһарманның рухына бас иеді. Бұл айтуылы тұлғаның ерлігін республика халқына насихаттап жүрген Хайдар Арыстанбеков, Сағадат Нұрмағанбетов, Сағындық Кенжебаев, Ғарай Сағымбаев, Керімбек Сыздықов, Кәрішал Асанов, Ұлықпан Бәшенов, Амантай Кәкен, Жолдыбай Базаров т.б. ғалымдар, қаламгерлер Жұмабек Ахметұлының еңбектерін ұлтына танытуға көп еңбек сіңіруде.

Ж. Тәшенов – мемлекет және қоғам қайраткері, экономика ғылымдарының кандидаты, КОКП Орталық Комитеті жанындағы Жоғары партия мектебін бітірген. 1934 – 1939 жылдары Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарында шаруашылық, кеңес және жауапты партия жұмыстарында болған. 1952 – 1955  жылдары Ақтөбе облыстық партия комитетінің 1 –ші хатшысы, 1955 – 1960 жылдары Қазақ КСР – і Жоғарғы Кеңесі төралқасының төрағасы,1960 – 1961 жылдары Қазақ КСР – і Министрлер Кеңесінің төрағасы қызметтерін атқарған[1, с. 125].

Ж. Тәшенов республиканың саяси, экономикалық, мәдени дамуына басшылық жасағанм жылдары қазақ мемлекетінің  аумақтық тұтастығының сақталуына көп еңбек сіңіреді. Маңғыстауды Түркіменстанға қосу жөнінде ұсыныстарға тойтарыс берді. «Тың өлкесіне» біріктірілген солтүстік облыстарды Ресейге, Оңтүстік Қазақстанның мақта егетін аудандарын  Өзбекстанға беруге қарсы шықты. Қазақстан жерінде ядролық жарылыстар жасауға қарсылық білдірді. Шығармашылық одақтар өкілдеріне үй – пәтер бергендігі үшін Алматының ортасында «қазақ ауылын» құрды деп айыпталды «Қазақ әдебиеті» газетін жабудан, «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетін орыс тілінде жарық көретін « Казахстанская правда» газетінің аудармасы етіп шығарылу қаупінен қорғап қалды.

Ұлтжанды азаматтың ерліктерінің ішінде Қазақстанның солтүстіктегі облыстарын аман алып қалғаны ерекше тоқталуға тұратын оқиға. Кеңес елінің басшысы Н.Хрущев еліміздің солтүстіктегі 5 облысын (Ақмола, Көкшетау, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан) біріктіріп, «Тың өлкесі» деген аймақ құрып, оны Ресейге қосуды жоспарлайды. Өлкенің басшылығына Мәскеуден Т.И.Соколов деген өз адамын жібереді. Ол «Тың өлкесін» Ресейге өткізуге бейімдеп, Қазақстан басшылығына бағынудан бас тарта бастайды. Бұл әрекетті білген Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы Ж.Тәшенов 1960 жылы күзде «Тың өлкесінің» орталығы Целиноград қаласына шұғыл түрде ұшып келіп, республикалық Жоспарлау комитетіне келесі жылдың бюджетіне қажет мәліметтерді әдейі бермей бассыздық жасағаны үшін Т.Соколовты қызметінен алып, 24 сағаттың ішінде Қазақстаннан қуып жіберетінін және «Тың өлкесі» ешқашан Ресейге берілмейтінін қадап тұрып айтады.



Кейіннен тіпті, Жұмабек Тәшеновтің өзі Мәскеуде Қазақстанның бес облысын Ресейге қосу туралы Н.С. Хрущевтің әрекетіне қалай тойтарыс бергенін былай деп еске алады: «Кешкі сағат он кезінде менің бөлмеме Д.А. Қонаев (сол кездегі Қазақстан Компартиясының бірінші хатшысы) телефон шалып, Н.С. Хрущевтің екеумізді шақырып жатқанын айтты. Бұрын кездескенімізде жылы шырай көрсететін мәскеулік бастық жүзінен бұл жолы қатаңдық байқалды. Сөзін бастағаннан-ақ: «Кеңес Одағындағы ұлт республикаларының жан-жақты дәрежеге жетуінің негізгі себебі, ол – Кеңес үкіметі мен Ұлы партиямыздың көрегендік саясатының арқасында екендігін көпшілік білсе де, әлі күнге дейін соған дұрыс мән бермейтіндер жоқ емес. Соңғы кезде Саяси Бюро мәжілісінде Қазақ­станның саяси-экономикалық мәселелері сөз болғанда, бұл республиканың алға дамуына кедергі келтіріп отырған түрлі себептер бар екендігі айтылып отырады. Солардың ең бастысы – республиканы басқарып отырған кадрлардың қазіргі талапқа сай келмей отырғандығы және өзге республикаларға қарағанда жер аумағының өте кеңдігі, өндіріс салаларының өте көптігі. Ал енді осы жағдайларды ескере келіп Саяси Бюродағы келісім бойынша осы кедергіні тез арада шешпейінше республика алға жылжи алмайды. Кадр мәселесін кейінірек қарауға тиіспіз, қазір кезектегі және жедел шешетін мәселе – ол республиканың жер көлемі жайында болып отыр. Жолдас Қонаевпен және облыс басшыларымен пікір алысқанбыз. Бұл пікірімізді олар негізінен қолдады. Жұмабек Ахметович, енді сіздің пікіріңізді білгім келіп шақырып отырмын», – деді. Сонда мәймөңкені білмейтін басым: «Никита Сергеевич, мен бұл мәселенің шешілуі былай тұрсын, тіпті, күн тәртібіне қойылуының өзіне қарсымын», – дедім. Менің сөзімді естісімен-ақ бастықтың беті қызарып, көзі аларып, тұтығып, маған жалтақ-жалтақ қарап тұрып қалды. Сәлден кейін: «Саяси Бюроның келісіміне қарсы шығатын сен өзің кімсің, біз саған сенім білдіріп, республиканың үкімет басшысына дейін көтердік, ал сенің айтып отырғаның мынау. Бұл мәселені сендерсіз-ақ шешеміз. Кеңес елі бір мемлекет, қай жерді қай республиканың меншігіне беру КСРО Жоғарғы Кеңесінің еркі. Бұл жай пікір алысу еді», – деп реңінен ашуының қайтқаны білінді. Сонысын пайдаланып мен халқымыздың «шешінген судан тайынбас» дегені есіме түсіп, пікірімді жалғастырдым. «Никита Сергеевич, – дедім, – егер Жоғарғы Кеңес әр республиканың жерін жергілікті органдарынсыз шеше беретін болса, КСРО-ның және ұлт республикаларының Конституциясын жою керек қой. Ал ол Конституциялардың баптарында әр ұлт республикасы өзінің тарихи жерін, ондағы байлығын өз меншігім деп пайдалануға құқы бар. Оны өзгертуге ешкімнің, ешбір органның құқы жоқ», – деп ойымда жүрген Ата Заңымызда жазылған баптардағы тұжырымды айттым. Сөзімді жалғастырып: «Егер бұл заңдармен санаспайтын жағдай туса, онда біз халықаралық заңды мекемелерге дейін шағым беруден тайынбаймыз, ондай құқығымыз бар», – деп айттым. Далаға шыққан соң Д.А. Қонаев: «Әй, Жұмеке-ай, жүрек жұтқан көзсіз батырсың-ау», – деді. Осындай күрделі жағдайда Н.С.Хрущев Қазақстан басшылығы мен оның халқының пікірімен санасуға мәжбүр болып, алғашқы ойынан қайтады. [2, с. 196],

Халық арасында «кісендеулі жолбарыс» атанып, көзі тірісінде-ақ аты аңызға айналған Жұмабек Тәшенов қашанда әділдікті жақтаған. Кейбір жасқаншақ саясаткерлер сияқты ішкі сырын бүгіп қалмаған. Қандай жағдайда да өзінің өмірлік ұстанымын ашық айтқан, өзгенің де адал сөйлеуін қалаған. Ол әркез халықтың қамын ойлап, қай мәселеге де елдік тұрғыдан қарайтын, әсіресе, ел аумағының тұтастығы, туған халқының мүдделері талқыға түскен сындарлы шақтарда белсене шығып, қызына сөйлейтін болған.

Қолданылған әдебиеттер тізімі:


  1. “Қазақстан”: Ұлттық энцклопедия/Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы “Қазақ энциклопедиясы” Бас редакциясы, 1998

  2. Жұмабек Тәшенов туралы естеліктер [Мәтін]. - Алматы : Білім, 2005. - 200 б. - (Әдеби мемуарлар). - 196-197 б.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   ...   21




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет