Алаштың дарынды әрі жаңашыл ақыны, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Түрксойдың «Ұлы Түрік қыраны» медалінің иегері Бексейіт (Бексейітов) Сәбит Қыдырбайұлы – бүгін таңда 13 кітаптың авторы.
Қазақ жырының хас тарланы Қалижан Бекхожин сонау 1975 жылы Сәбиттің жырларынан өзінше талпынысы бар тапқырлыққа бейім дарынның қалам желісін байқап, ақ батасын берген болатын.
Бүгінде тұрғылас ақындар оны өркениет заманының сөзгері (Ұ.Есдәулеттің пікірі), әлемдік әдебиеттің игі жақсысын тұла бойына сіңірген білімді ақын, интеллектуалды поэзия өкілі (С.Ақсұңқарұлының пікірі) деп бағалайды.
Өмiрiн өлеңмен өрнектеген ақынның шалқар шабыт құшағында жазылған шырайлы шығармалары, яки елдік пен ерлік музасы өскелең ұрпақты отаншылдыққа шақырады (А.Смайылдың пікірі).
«Ақиқаттың алмасына құрт түсіп, өтіріктің өрігі гүлдеп тұрған қазіргі өтпелі кезеңде өкпесінен өкпек желдің ызғары өтсе де, дүбірлі дүниенің көзіне жіті үңіліп, шындық іздеп сабылып, ел мен жердің тағдырын ойлап, азуын айға білеп, күркіреп жүрген ақындарымыздың бірі – Сәбит Бексейіт. Оның өзгелерден озық бір ерекшелігі: өзі жырлағандай: «Поэзия – Рухы бүткіл Ғаламның!» деген қасиетінде жатыр. Қолына қалам ұстаған бұрынғы-соңғы ақындардан поэзия хақында бұлай айтқан кісі болған емес. Бұның өзі, сайып келгенде, Сәбиттің омыраулы ой айта білетін арқар кеуде азамат ақын екенін танытады» (Р.Ниязбектің пікірі).
Астанадан, Қарағандыдан, Алматыдан оның «Ғасыркешу» (2000), «Күннің шалқуы», «Келешек керемет» (2001), «Ел үмітін ер ақтар», «Құт қонған Қарағанды» (2003), «Ғасырластарым» (2005), “Рамазан мерген және оның әулеті» (2006), «Астана уақыты» (2008 ж.) поэзиялық және прозалық кітаптары, «Назым-насыр» (2004), «Дүрия дүние» (2012), «Шер мен Зер» (2012), «Сарыарқа кітапханасы» жүз томдығы легінде «Мәңгілік мәйек» (2014) атты таңдамалы туындыларының кітаптары жарық көрді.
Орыс тілінде де өлең, мақалалар жазып жүреді. Көркем аударма саласында да азды-көпті тәжірибесі бар. Елбасының «Елім менің» атты жүрекжарды жырын 1997 жылы республикада тұңғыш рет орыс тіліне аударды (ол «Экспресс К» газетінде жарияланды). Сондай-ақ Ұлықбек Есдәулеттің бір топ өлеңін, Ғалым Жайлыбайдың «Қара орамал» поэма-реквиемін орыс тіліне аударды.
НАҒЫЗ ХАЛЫҚ ҚАҺАРМАНЫ
Тәшенев туралы толғау
Ғұмыр кешсең жалғанда біразырақ,
Көлденеңдеп алдыңнан тұрар сынақ.
Ел тарихы солайша қалағандай, –
Тұлғаларға тап келген сындарлы шақ.
Жасағанның бірі еді ел тарихын,
Өзгертпек боп халқының тұл тағдырын.
Қыран сынды қалып өз биігінде,
Орын алды жадынан ұрпағының.
Ел басқарды ешкімге жалтақтамай,
Шені биік біреуге жалпақтамай.
Басшымын деп басынбай жан баласын,
Бір-біріне қосшыны айтақтамай.
Хан баласы секілді нық сөйледі,
Би баласы секілді тік сөйледі.
Бетің-жүзің бар демей, кім болса да,
Айтты сөзін ірікпей көкейдегі.
Қайраткердің қашанда қомақты ісі,
Тегеурінді, пәрменді қуат-күші.
Кездейсоқтық болмайды қолға алғаны,
Тиянақсыз қалмаған бір актісі.
Естеліктер төгіліп ілтипатты,
Ағытылды әңгіме жыр сипатты.
Азаматтығы хақында жылы сөздер,
Жарқ еткізіп жаққандай нұр шырақты.
Биіктеткен шоқтығын кеңселердің,
Тұлғасы мен мерейі еңселі ердің.
Тәшеневтей халықтың ардақты ұлы –
Көрсеткіші қым-қуыт кезеңдердің.
Қырық бір жыл түспеген ат үстінен,
Билік, кеңес ісіне қатысты кең.
Терістікте облатком төрағасы,
Батыста обком хатшысы боп істеген.
Бес жыл бойы тапжылмай ел ағасы,
Болды Жоғарғы Кеңес төрағасы.
Министрлер Кеңесін басқарған жыл,
Орталыққа жақпады ерен басы.
Ұланғайыр аумақты алып жатқан,
Қазақ жері ғаламат әлімсақтан.
Көптен бері «тәрбие алаңы» боп,
Әр қадамды мәскеулік зәлім баққан.
Жарқылдатып тұрған соң айбалтасын,
Дар ағашқа басыңды байлатасың.
Алып елді басқару оңай емес,
Керек үлкен шеберлік, айла-тәсіл.
Шаруашылық, өндіріс, әкімшілік,
Қай-қайсысын меңгерген жетік біліп.
Әр салада отырған үш басшыға
Қажет абырой мен зор жауапкершілік.
Ел басқарып, қанеки, бақты сына,
Төзу керек, бәрі аздай, ащы сынға.
Сан қырлылық үш бірдей саладағы,
Жүктеледі Үкімет басшысына.
«Алдың жалын, артың мұз» кер заманда,
Ағат басу – тайқу де жер табанда!
Ел мүддесін Кремльге жеткізе алу –
Тиесілі жүректі ер данаға!
Батыл түрде өткізу елдің мұңын,
Жасай алмас қарекет Көрұғлының.
Тек санаулы санаткер үлесі бұл,
Жанпидалық өсірер ердің құнын.
Тың «көтерген» жаңғалақ Никитаны,
Хан көтерді кеңестің құл-құтаны.
Тасы өрге домалап, аспанға ұшып,
Кең жемсауы салбырап, жұрт жұтады.
«Құры шөп» деп атады Хрущёвты,
Жүгері екті жұрт лағып, бұрыш екті.
Ақ дегені алғыс боп, құдауәнда,
Қара дегені қарғыс боп, «дұрыс» депті.
Төрт-бес жылда дүрілдеп Тың өлкесі,
Хатшылары боп алды ел еркесі.
Коломиец, Соколов, Мацкевичтер –
Кемелсіген кеңестің кеңкелесі.
Орталықта қонақтап жазы-қысы,
Алматыға келмеді бағынғысы.
Кіргісі кеп Мәскеудің қолтығына,
Ертелі-кеш қоздатар табылды «ісі».
Көздегені – не Орталық, не РСФСР,
Қазақстан шапанын, мейлі, сыпыр.
Қайта-қайта ЦеКа-ға арызданып,
«Бағынамыз тікелей», дейді сығыр.
Обалы не, таппады олар тыным,
Күтті асыға ресейлік болар күнін.
Хрущёв те нешеме амал іздеп,
Политбюро алдында толғар мұңын.
Тек Жұмабек Тәшенев болды қарсы,
Қарап тұрсам, сол кездің жолбарысы.
Жанталасып баққанмен өңкей доңыз,
Таппай қалды шешімін долбар ісі.
Дамыл таппай Ахметтің Жұмабегі,
Тыным бермей ашуы, ыза-кегі,
Жөн білетін, беделді Косыгинге
Кіріп айтқан уәжі ұзақ еді.
Жеке-жеке сөйлесіп басқамен де,
Тіл табысып жаспен де, қасқамен де,
Қазағымның шұрайлы ғажап жерін
Сақтап қалды Тәшенев бір қатерден.
Қарекенің бір табы – Ақбурадан,
Көп оқыған, көп білген алғыр адам.
Тура жолды халқына көрсетердей,
Толған айдай маңдайы жарқыраған.
Төл перзенті Ақмола даласының,
Арманы үлкен баласы алашының.
Алтын бесік – Аршалы аман бе екен,
Елі есен бе әкесі, анасының?..
Бейпіл сөзбен хохолша боқтап алып,
Никита таз мұнымен тоқтамады.
Сағы сына қоймаған доңыз неме,
Оңтүстік аудандарға оқталады.
Бөлшектеуге кірісті түстігімді,
Алау қырды алмақ боп, ыссы құмды.
Десек те, «өзбек өз ағам, сарт садағам»,
Қалай қиып бересің жер мен суды?!
Бостан еді Бостандық ауданы онда,
Жер бергенше, өзара сауданы оңда.
Комиссия құрылып, кірісті іске,
Төрағасы – Тәшенев. Алла, қолда!
Біріншіміз ол кезде Лёня ағай-тын,
Құдай оңдап, көнетін райдан қайтып.
«Мал өсіруге мәні зор, су мен қуат
Көздері мол», - деп жазды жөнін айтып.
«Беру өте тиімсіз», «негізсіз» деп,
Жеті адамның қолы бар, тегіс тізген.
Елу бестің бірінші маусымында,
Күмәнді істі тәмамдап, бекіткізген.
Қарсылыққа алайда қарамастан,
Қара күшін қолданып дара қасқаң,
Он екінші қарашасы елу бестің,
Бізді жерден айырып қара басқан!
Тұтас аудан берілді акамызға,
Жер-су беріп біз енді жағамыз ба?
Үкім еткен Хрущёв пен Ворошилов,
Екеуінің айналған аты аңызға.
Аты аңызға айналған, анекдотқа,
Осы жерде, ағайын, кәне, тоқта:
Тірі болса бүгінде, сұхбат жасап,
Берер ме едік ширығып, әлде сотқа?..
Жүрмеген соң Мәскеудің айдауына,
Никитаның айналды қас жауына.
Босатылып қызметтен, шен төмендеп,
Аткомдағы* оралды «астауына».
Қолына алып ғылыми жұмыстарын,
Докторлығын діттеді тума дарын.
Өркендету жолдарын іздестіріп,
Сан жыл бұрын ойлапты ауыл қамын.
Рас, «жақсының артынан сөз ереді»,
Әділеттің барлығын көз көреді.
Күні кеше ештеңе айтпаған ел,
Танымастай бүгінде өзгереді.
Қазанында дәуірдің қайнап піскен,
Өтіріктің сіңірін шайнап тіспен,
Қайтпас қайсар қайраткер өтті өмірден,
Тас қамалды жасындай жайпап түскен.
Ел ағасы, қамқоры, жанашыры,
Қалаулы да біртуар алаш ұлы.
Жақсылығы ешқшан ұмытылмас,
Таза көңіл, адал іс – бар асылы!
Қағылады әлі де жаһан шаңы,
Қарама-қайшылықтар – заман заңы.
Елін, жерін қорғаған қызғыш құстай,
ТӘШЕНОВ –
НАҒЫЗ ХАЛЫҚ ҚАҺАРМАНЫ!
_____________________________
*атком – атқару комитеті
Күнбағыс елі – Бағысым
(Елу жылдан соң)
Күнін баққан Тәшкен жаққа телміріп,
Түстікте бір жатса керек ел тұрып.
Бағусыз қап, күтімсіз қап ашынып,
Бас көтерген қаны тулап ер түрік.
Бағбан болу емес әсте жұмбақ іс,
Күн көру жөн бәлкім егіп күнбағыс.
Шекілдеуік шағып өзің бір мезгіл,
Дәнін сатсаң, майын сатсаң – шын табыс.
Бағысстан атанды жұрт жан баққан,
Құр бостекі көмек күтіп жан-жақтан.
Отанының бір отауы бола алмай,
Бөтен болды кірме қырғыз, қалмақтан.
Басшылардың жетпеді ме білігі,
Әлде себеп – билік немкеттілігі?
Әлде әкім мен ел арасы тым алшақ,
Осында бір жеткізбейтін күлігі?!
Жанашыры болуға да жарамай,
Жанбауырға қазекемнің сараңы-ай:
Өзбекті де теппей жүрген өзекке,
Қырғызға да жүрген қырын қарамай...
«Құрсын бүйткен күнкөріс пен жанбағыс,
Тірлік кеше алмаған соң таңдап іс.
Екі елдің де азаматы емеспіз,
Елсізбіз бе, айтшы, кімбіз сонда біз?!
Елден бөлек саяқпыз біз, дарамыз,
Тұтас дене терісінде жарамыз.
Тоқішектің бүйіріне ілінген
Соқырішек сияқтанып барамыз.»
Бағысстан, жүрегіңді мұң езген,
Бағыт ұстан қайтпас қайсар мінезбен!
Кішкентай ел, Бақыт болсын бағытың,
Төрешілдік қалдығымен тірескен!
Сен – адасқан ұлсың, дұрыс жоралғың,
Келеді әсте елге қайтып оралғың.
Ел құптайды, түсінбесе төрелер,
Тайма жолдан, болса дағы өр – алдың!
Postscriptum
Не қосуға болады наза-мұңға,
Естіп-көріп білгенді жазамын да.
Ойда жоқта кейіннен бір іс болды,
Сыйлығы ма жазмыштың, мазағы ма?
Шертолғаудың ренжіме аз-кеміне,
Орын бере алмасам ел кегіне.
Бір-ақ сәтте шешілді бар мәселе,
Тартуы ма тағдырдың, тәлкегі ме?
Кәрімовпен кездесіп Назарбаев,
Барлық түйткіл әп-сәтте болды ғайып.
Аты шулы Бағыс пен Арнасайым
Өзімізге еңіреп келді қайтып.
Бағыстың да сонымен жанды бағы,
Әуелеп бір ән кетті шалқымалы.
«Елу жылда ел жаңа» деген осы,
Бауырымның тарқады бар құмары...
Бағысстан!
Сен – Қазақстанның бір бөлшегісің,
Шыдам, төзім, іңкәрлік өлшемісің.
Өшіңді алдың өзекке тепкендерден,
Құтты болсын бейнетті төл жеңісің!
Бақ тайдырған тағдырмен таласың бар,
Сор қайнатқан тірліктен аласың бар.
Нендей сұмдық екенін бөлшектену
Ескерту боп тарихта қаласыңдар!
Түйін сөз
Мен бұл екі бөлімнен тұратын толғауымды (микропоэма деуге де болады) әуелде «Ел қамқоры Тәшенев» деген атпен жазған едім. 2005 жылы Жұмабек ағамыздың 90 жылдығына орай сол кезде А3 форматымен шығатын «Орталық Қазақстан» газетіне шұғыл жариялау керек болғандықтан, «Нағыз халық қаһарманы» деген атаумен бірінші, негізгі бөлімін ғана ұсындым. Бір бетті толық жауып, суреттермен безендіріліп әп-әдемі болып шықты.
Халқымыздың біртуар ұлының рухына бағышталып ас берілді. Ол «Орбита» мейрамханасында өтті. Әшімов Бәйкен ақсақал бастап Алматыдан, Астанадан ағылып мәртебелі меймандар келді. Жұмабек ағамыздың ұлы Саян бастаған алыс-жақыннан ағайын-туыстар жиналды. Осы рәсімнің сән-салтанатпен ойдағыдай өтуіне мұрындық болған, бас-көз болған, қаражатын көтерген Әбілов Болат бауырымыз болды.
Менің есімде айрықша қалған азамат – «Шынжырда өткен жолбарыс»... // «Сказ о закованном тигре...» кітабының авторы Кәрішал Асан ата болды. Ол кісі өте максималист жан екен. Мәймөңкелеген сөздерді жақтырмайды, бірден кесіп айтады. Небір марғасқаларды Тәшеневке теңестірмек болғандарды маңайына жуытпайды. «Олар қу құлқын мен креслоның құлдары. Жұмабек Тәшенев – қазақ халқының Ұлттық батыры!» деген пәрменді сөзінен таймады. Бұл тұжырымын жоғарыда аты аталған әрі көркем, әрі деректі кітабында керемет дәйектеген.
Осы аста белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, көрнекті ғалым-экономист, Ұлы Отан соғысының ардагері, Қазақстан Республикасының білім беру саласының құрметті қызметкері, Қарағанды қаласының құрметті азаматы, Қарағанды экономикалық университетінің құрметті профессоры, экономика ғылымдарының докторы, ардақты ел ағасы Талғатбек Әбдірахманұлы Әбдіразақов та болды. Бұрын мен бойында зияткерлік күш-қуаты мол ол кісінің терең талдаумен келген кемел ойлы шығармаларын, газет-журнал беттеріндегі мақалаларын оқып жүретінмін. Айтса айтқандай, Тәкең де бірбеткей, турашыл адам екен. Кәрішал ағамызды қуаттап, қолдап отырды. Екеуінің ой-пікірі бір жерден шыққандай әсер етті.
Өзіне сөз кезегі тигенде «Осында Сәбит Бексейіт бар ма?» деп сұрады. Мен орнымнан тұрып бой көрсеттім. «Сәбит айналайын, рахмет саған. «Орталық Қазақстанда» шыққан «Нағыз халық қаһарманы» жыр-толғауыңда Жұмабек Тәшеневтің көркем бейнесін шынайылықпен әрі шеберлікпен сомдапсың!» деп туындыма өте жоғары баға беріп, жиналған көпшіліктің алдында мерейімді бір өсіріп тастады.
Бүгін, міне, назарларыңызға сол шығармамның толық нұсқасын ұсындым.
ТҰЛҒАНЫҢ ЕРЕН ЕҢБЕГІН БАҒАЛАУДАҒЫ ЖУРНАЛИСТЕР
ҚАУЫМЫНЫҢ ҮЛЕСІ
Ажықанова Мәулен Ахметқызы
Ақмола облысы
Биылғы жыл Қазақстан Республикасы үшін маңызды мерекелі күндерге толы. Сондай мерекелік шараның бірі – Жұмабек Ахметұлы Тәшеневтің 100 жылдық мерейтойы. Осы 2015 жылы тұлғаның ғасырлық мерейтойы еліміздің әр жерінде аталып өтуде.
Алайда осындай дүниелер жазылып, шаң басып қалмауы үшін, оқып, талдап, қажетті мәліметтерді кейінгі ұрпаққа аманаттау да әр заманда жалғасын тауып келе жатқан ұлы іс. Бүгінгі өткізіліп отырған конференция тақырыбы «Ұлттық рұхтың символы - Жұмабек Ахметұлы Тәшенев» деп аталуы үлкен ой салды. Қандай қиын заман болса да жерді жауға бермес үшін ұрандап, бастарын ажалға тіккен қаншама батырларымыздың аты өшпей ел аузында аңызға айналып, бүгінгі ұрпаққа жетіп жатыр. Әлі де тарих тереңінен сыр тартып, толықтырылып жататын деректер көп екендігін де білеміз. Қазақ даласының жері қаншалықты кең болса, көз алартқан жауы да соншалықты мол болды. Елімізден шыққан ердің бірі найзаның ұшымен жерімізді қорғаса, енді бірі жымысқы саясаттың көлеңкесін түсіртпей, жердің бөлшектенуінен аман алып қалды. Қалайша бүгінгі ұрпақ Жұмабек аға есімін, ерлікке пара-пар ісін ұмытуы тиіс. «Елімнің жерін таққа айырбастамаймын!» деген ұранға сай нақ сөзінің өзі кеудесінде намысы бар әрбір азаматтың рухын оятып, елдің қамы үшін жасалатын жұмыстарға жұмылдыратыны сөзсіз емес пе?
Аршалы ауданының тумасы, Ұлы Отан соғысының ардагері, Астана қаласы бойынша темір жол торабы ардагерлері ұйымының төрағасы қызметін өмірінің соңғы 90 жасқа қараған күніне дейін атқарып кеткен Қаматай Тоқабаев атамыз 2005 жылы басылып шыққан Жұмабек Тәшенев туралы естеліктер кітабында «Ел билігін шешкен ер» тақырыбымен толғана, сөзін былайша түйіндепті: Жұмекеңді Шымкент жерінде ардақтап жатыр. Ал туған жеріндегі азаматтардың қазақтың бірегей ардақты ұлына құрмет көрсетуі тым баяу. Жақсылықтың ерте – кеші жоқ. Жұмекеңнің туған жері Вишнев ауданы. Қызметін де осы ауданда бастады. Халқы үшін басын қатерге тіккен аяулы азаматтың есімін Ақмола қаласындағы бір көше мен Вишнев ауданындағы бір елді мекенге берсе абзал болар еді. Тіпті оның еңбегі Қазақстаннан тыс, бүткіл бұрынғы КСРО – ға белгілі. Сондықтан менің ойымша және Вишнев ауданының тұрғындарының тілегі бойынша Вишнев ауданына Жұмабек Тәшеневтің есімі берілуі керек, тілегіміз осындай. Жұмекең қашан да қолға алған мәселені шешпей, орындамай тынбайтын. Сол қасиетімен ел аузында, жүрегінде мәңгі қалды. Сондай азаматымызды ардақтайық, халайық! [1]
Соғыс ардагері Тоқабай атаның бұл аманаты орындалып жатқанын да байқадық. Астана қаласындағы көшеге, Аршалы ауданының орталығы Аршалы кентінің орталық көшесіне аға есімі беріліп, көше бойына суретімен баннер орнатылған. Аршалы кентінде жаңадан бой көтерген төрт қабатты мемлекеттік тілде дәріс беретін мектептің атауы Аршалы № 3 орта мектебінен Жұмабек Тәшенев атындағы мектеп – гимназия болатындығына құжаттар дайындалынып жатыр. Аудан әкімі Жомарт Жұмағалиұлы Нұркенов: Мектептің ішінен арнайы мұражай ашқызып, бюст қойып, барлық ақпараттық мәліметтерді жинақтап, балалардың назарына ұсынып, нақты білулері үшін тәрбиелік сабақтарды өткізіп отыруларына бағыт береміз деді [2].
«Аршалы айнасы» аудандық газетте аудан тұрғындары, ағаның көзін көрген жандардың мақалалары талай жарияланып келеді. Былтырғы жылы Қойгелді ауылындағы орта мектепте Волгодон ауылдық округінің әкімі Жанат Көселбаевтың басшылығымен мектеп ұйымының ұйымдастыруымен тарих институтының қызметкерлері шақырылып, арнайы дөңгелек стол өткен еді. Сол шарада Қалшабай Қытайбекова, Сайлау Әлkeев, Елеуов Барлыбай қажы Жұмабек ағаның ауылға келіп, ауылдастарымен шамалы ғана дастархандас болғанының өзінде жүзінде шаттық пен бақыттың ізі болғанын, туған жерге деген сағынышының жанарынан мен мұндалап тұратынын бірі есіне алып, енді бірі естігенін алға тартты. Жібек жолы ауылының тұрғыны Ақшинеева Гүлфия апаймен жолығып, сұхбаттасқанымда (сұхбат газет бетінде де жарық көрді). Апайдың қаржылай қолдауымен газет Жұмабек ағаның туғанына 100 жыл толуына орай, 20 –шы наурыз күні түрлі – түсті болып шыққан еді. Сол сұхбатта:
«Мен келін болып түскенде тым жас едім. Оныншы сыныпты енді ғана аяқтағанмын. Аға үйге келгенде батасын беріп, жолдасым Тұрсынханға келінді оқыту керек, оқу ең басты ұстаным» деген еді. Сол сөзден кейін кешкі мектепке барып жүріп, ұстаздық білім алып, мектепте бала оқытып, сол еңбекпен құрметті зейнеткерлікке шықтым, ризамын. Ағаның болашақты болжай алатындығы мен білім алудың, көп оқудың, тағы да білсем деп ұмтылудың маңызды екендігін нықтайтындығы аса үлкен қасиеті еді. Сонымен қатар ағаның аса мейірімділігін айтпасам болмас деп, Шымкент жеріндегі Сарыағашта дем алуға барған кезін есіне түсірді. 1970 жыл. Бәтес апай да демалып жатқан екен. Сөйлесе келе Бәтес апаймен ауылдас болып шықтым. Ол кісі менен он жас үлкен еді. Сол кісіден естіген соң Жұмабек аға арнайы келіпті. Фойеде отырып, әңгімелескенде: Елімді сағындым! Жерімді сағындым! Ағайындарды сағындым. Туған жердей ыстық жер жоқ қой, деген еді. Сосын ілезде, жинақталып, өкінбеймін. Жұмысымнан айырылсам да елімнің жерін сақтап қалуға ықпал болдым. Халық мені түсінеді. Мені шын көңілдерімен қарсы алып, сыйлап жатады. Одан артық бақыт бар ма?, - деген еді. Жердің иесі де, киесі де бар. Ұлдарым ағаның балалық шағы өткен Қарасу жерінде мал мен астық шаруашылығымен айналысып жатыр. Аталас, рулас болғандықтан да осы жер ортақ мекен болып қалды. Сол кезде мына себетпен толы шие әкелді. Шиесін жеп қойдық. Себетті ағаның көзіндей сақтап жүрмін» деп көрсетті. Содан бері 45 жыл өтіпті. Естелікті арқалаған себет құрметті жерде, биікте тұрды. Тұрсынхан мен Гүлфия апайдың ұлының атын да Бекет болсын деген екен аға. Бәлкім Бекет атадай болсын деген ақ тілегі болуы керек [3].
Елбасы Н.Ә.Назарбаев «100-нақты қадам» реформасында мемлекеттік қызметкердің ұстанымы туралы 15 қадамды айшықтады. Жоғарыда аталған кітапта 2005 жылы «Өрелі азамат еді» деген естелігінде мемлекет қайраткері Рамазанов Аманолла «Жұмабек Ахметұлы Тәшенев өз заманындағы ірі тұлғалардың бірі екендігіне дау жоқ. Ол кісі кезінде ең төменгі қызметтің сатысынан бастап, ең жоғарғы сатысына дейін көтерілген адам. Халыққа сіңірген еңбегі де аз емес. Қызметің жоғарылаған сайын қарапайымдылығың мен кішіпейілділігіңді жоғалтпай, азаматтық бет- бейнеңді сол күйінде сақтай білсең, күндердің күнінде тағдырдың жазуымен лауазымың төмендеген сәттерде де бұрынғы беделің сақталып қалатынын Жұмекең бейнесінен көргендей болдым, - деген жолдары үлкен ой салды. Осы тұста Жұмабек Тәшенев – мемлекеттік қызметкердің қандай болуы керек деген сауалының нақты жауабын сомдаған жан деуге толық негіз бар екендігін байқауға болады емес пе? [4]
Ал осындай өз ісіне адал, қашан да халық қамын өз басынан, отбасынан бірінші қоя білген жанның жұбайы болудағы үлкен жауапкершілікті арқалаған Ыдырысқызы Бәтес апай қазіргі таңда барша қазақ әйеліне үлгі боларлық жан десем де артық айтпағаным. Журналист – жазушы Тасымбеков Армиялдың естелігінде Бәтес апай: Жұмекеңмен 45 жыл ғұмырымды бірге өткізіппін. Шәй десіп, ренжіскеніміз жоқ. Бес бала өсірдік, тәрбиеледік, оқыттық. Бәрі де жоғарғы білімді, жеке-жеке отау иелері болып кетті. Менің қызметім осы балаларды тәрбиелеу, отбасы, ошақ қасы, Жұмекеңе демеу болу болды. Мен оның қызмет барысы, жұмысы жөнінде ештеңе сұрамаппын. Ол да отбасында қызметі жайлы ештеңе айтпайтын. Жалпы өз басым әйел – ана ретінде айтарым, күйеуінің қызметімен жағаласып, жанында жүру әйел адамға жараспайды. Әркім өз орнын білгені жөн [5].
Ойлап отырсам қазіргі таңда «Мерейлі отбасы» деген құрметті атаққа да лайық болған екен-ау. Отбасы – кіші мемлекет, мемлекеттің іргесінің мықты болуына үлкен ықпал ететіні де рас. Осы тұста да отбасылық құндылықтың сақшылары деген сөзге лайық екендіктерін аңғаруға болады. Жұмабек Ахметұлы дүниеге келіп, балалық шағын өткізген Аршалы ауданы Танакөл ауылына көрші орналасқан Береке ауылының тумасы, еліге танымалы тәшеневтанушы Ерекболат Қабылда ізденіп, саралап, орыс тілінде де қазақ тілінде де талай мақалаларды аудандық, облыстық, республикалық басылымдарда және «Аңыз адам» журналында жариялап жүр [6]. Бұл Ұлы тұлғаны дәріптеген інілік парызы, азаматтық міндетіндей айшықталуда. Жуықта жарық көрген «Қазақтың қайсар қайраткері – Жұмабек Тәшенев» кітабында «Ер Жұмабек елдің шын арысы еді» деген тақырыппен сол бір тұста қазақ басылымдарының жабылып қалмауына ықпал болғандығын, өнер адамдарына қолдау жасағандығын жазған екен. Ең маңыздысы Абай Құнанбайұлының атында Алматы қаласының көшесін атап, алып ескерткіш қойғызуда да Мәскеудің рұқсатын алып берген абзал ағаның нақты істерін көрсеткен. Биылғы жылы Ұлы Абай атамыздың 170 жылдығын атап жатырмыз, алайда қазаққа құрметтеуді ғибраттап, ұмыт қалдырмай ескерткішін Алатаудың етегіне орнатқызған Жұмабек аға есімінің аталмай жататындығына жаның ауыратындығы.
Сөзімнің соңын Аршалы ауданы Жібек жолы ауылының құрметті ақсақалы Тоқабай Жиренбаев атамыздың жоғарыда аталған кітапта жарық көрген «Ел қашан да ерлік аңсар» жырының соңғы шумақтарымен аяқтағанды жөн көрдім:
Ел, Жер үшін еңірер ерлер бар ма екен?
Жұмабек аға, Тәшенев інілері қайда екен?
Рухына оның бүгінгілер сай ма екен?
«Елім!» дер қазақ бүгіндері қайда бар?
«Арыстар асыл болған» - деп жаным жай табар.
Келер ұрпақ, ғасырларға айта бар
Үзбеймін үміт! Ұлыны тарих қайталар![7]
Қолданылған әдебиеттер тізімі
Кітап «Халықтың қайсар перзенті» Ж. Тәшенев туралы естеліктер жинағы Алматы «Жазушы», 2005ж. 155-158б
Газ. «Аршалы Айнасы» 6 ақпан 2015ж. 3б
Газ. «Аршалы Айнасы» 25 шілде 2014ж. 3б
Кітап «Халықтың қайсар перзенті» Ж. Тәшенев туралы естеліктер жинағы Алматы «Жазушы», 2005ж. 92-98б
Кітап «Халықтың қайсар перзенті» Ж. Тәшенев туралы естеліктер жинағы Алматы «Жазушы», 2005ж. 145-154б
Журнал «Аныз адам» Алматы, 2014ж. № 10 6-8б, Газ. «Ана тілі» 30 қазан 2014ж № 43 (1249), 7б
Кітап «Қазақтың қайсар қайраткері – Жұмабек Тәшенев» Алматы 2015ж «Елтаным баспасы», 121-123б
НАЙЗАҒАЙЛЫ, НАМЫСТЫ ЖҰМАБЕК ТӘШЕНОВТЫҢ
ӨМІР ДЕРЕКТЕРІ ЖАС ҰРПАҚТЫҢ
КЕРЕК ДЕРЕКТЕРІНЕ АЙНАЛУЫ ҚАЖЕТ
Кунапина Қайыркен Құдайбергенқызы
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, т.ғ.к., доцент.
Алматы қ.
Тамсанып, таңдай қағам ерлігіңе,
Ертегі батырынан кемдігі не?!
Жан салып жалғыз өзі сақтап қалды,
Қазақтың дақ түсірмей елдігіне.
Артында із қалдырған өмірі өлмес,
Мұндай жан дүниеге келе бермес.
Алтындап ескерткіш сап, орнатса да,
Лайық Жұмекеңе артық емес.
Махмет Темірұлы
Ел Президенті өз сөзінде «Ата бабамыздың сан мың жылдан бергі арманы, асыл арманы – Тәуелсіз мемлекет атану болатын, сол арманы ақиқатқа айналды. Бірақ, осы жолда қазақ халқының кейбір данышпан перзенттері мен көсемдері тарихтың қарғыс атқан тұзағында тұншықты, ұлттың амандығы үшін олар тарихтың тәлкегіне көшуге мәжбүр болды» – деген еді.
Белгілі қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбековтың «Есімі ұрпағына ұран болған» атты мақаласында: (Егемен Қазақстан 11.09.2010 ж.) қазақтың байтақ тарихында осыншама ұлан-ғайыр даланы ұрпаққа аманат етіп қалдыру жолында қар төсеніп, мұз жастанып, найзасына жау ілдірген батыр ерлер аз болмаған. «Бүгінгі ұрпақ сондай қол бастаған көсемдер мен сөз бастаған шешендердің, бір сөзбен айтқанда дала данышпандарының тікелей мұрагері екендігін көкейлеріне түйіп өссе игі» деп әр қазақ азаматының жүгеріндегі лебізін әдемі де анық жеткізе білген.
Биылғы жылы Ж. Ахметұлының 100 жылдық мерейтойына байланысты елімізде көптеген іс-шаралар жүргізілуде. Қазақтың біртуар нар қасқа ұлы найзағайлы намысты ұлдарының бірі де, бірегейі 1960 жылдары Қазақстанның Жоғарғы Кеңесі мен Үкіметін басқарған, қазақ елінің әлеуметтік, экономикалық, мәдени өміріне үлес қосқан Ж.А. Тәшеновтың мерейтойын ел болып атап өтуге себеп, әрине халықтың сүйіспеншілігі, елім деген ерлерін, елі ұлықтайтындығының дәлелі дер едік.
Дегенмен де ресми түрде мұрындық болған «Кәсіби тарихшылар және қоғамтанушылар лигасы» қоғамдық бірлестігінің мүшелері атынан осы қоғамның төрағасы ҚР Ұлттық Кеңесінің мүшесі, т.ғ.д., профессор Б.Ғ. Аяғанның, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты А.Б. Тасболатов мырзаға жазған Ж.А. Тәшеновтың мерейтойын республика көлемінде атап өту үшін Үкіметке сауал жолдап, арнайы қаулы қабылдауға ықпал етуіңізді өтінеміз деп арнайы ұсыныс – хат жазуы десек артық болмас (ҚР Білім және Ғылым Министрлігі Ғылым Комитеті «Мемлекет тарихы институты». (06.02.2014 жылы жазылған хат).
Осыған орай Қазақстан Республикасы Үкіметі (18.03.2014 ж. № 20-11/1076) ҚР Парламенті Мәжіліс депутаттарына 2015 жылы көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері Жұмабек Тәшеновтың 100 жылдығын республикалық деңгейде мерекелеу туралы ұсыныс хатты қарап, шешім қабылдайды:
«Қазақ елінің тарихында ерекше орны бар тұлғаларымыздың бірі Ж. Тәшеновті есте қалдыруға қатысты мүдделі мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарға мерейтойды дайындау және өткізу жөнінде тиісті шаралар қабылдауға тапсырма берілді» деп хат жолдады.
Нар тұлғаларымыздың қазақ елінің алдындағы ерен ерлігін айту, оны жас ұрпаққа жеткізу өмір талабы. Осы орайда профессор Б. Аяған басқарып отырған Мемлекет тарихы институтының ролін баса айтқымыз келеді. Осы институт ұжымы шығарған арнаулы деректемелік негізде жазылған танымдық тарихи тұлғалар топтамасы көпшіліктің сұранысына ие.
Міне, сондай құнды жинақтың бірі – Б.Ғ. Аяғанның редакциясымен С.Ж. Дүйсен, Қ.А. Еңсенов құрастырған «Қазақтың, қайсар қайраткері – Жұмабек Тәшенов атты еңбек 2015 жылы Алматы қаласы, «Елтаным» баспасынан бар жоғы 300 данамен шыққан».
Қазіргі таңда ғылыми-зерттеу институттарында, ЖОО-да, т.б. әртүрлі мерекелік іс-шаралар, ғылыми конференциялар, дөңгелек стол, т.б. өтіп жатыр. Сондағы ең басты тақырыптардың бірі – патриоттық тәрбие. Өте орынды.
Мысалы: Қоғамдық сананы отаршылдықтан тазарту. Еліміздің тарихы жастарды патриоттық тәрбиелеудің негізі. Қазақстандық патриотизмді және тәрбиені қалыптастырудың мүмкіндіктері т.б. тақырыптар бүгінде жиі талқыланады. Бірақ, осы патриотизм сөзінің өзі Отанды, еліңді, жеріңді құрметтеу, сүю болса, ол тек намыс арқылы – Ұлттық намыс арқылы «патриотизм» туындамай ма? Жалаң патриотизм кімге керек? 70 жыл Кеңестік дәуір осыны дәлелдеді ғой. Бізге қазір жас ұрпақтың жүрегіне жақын, санасына сіңетін, миында мәңгі қалатын ұлттық мүддесі ұзағынан болатын патриотизм керек! Ол үшін ұлтымыздың біртуар азаматтарының өмір деректері жастарымыздың өскелең ұрпақтарымыздың керек деректеріне айналуы қажет дер едім.
Біз нар тұлғаларымызды тек мерейтойларында айтып еске түсірумен шектелмеуіміз керек сиақты. Мысалы, Ж. Тәшеновтың өмір белестеріндегі тарихқа таңба басқандай ұлттық намыстың шарқайрағы болған іс-әрекетіне тоқталайық. Жоғарыда айтылған «Қазақтың қайсар қайраткері Жұмабек Тәшенов» атты еңбектен үзінді келтірейік:
...Ол, біріншіден, Абайды ұлықтау арқылы өз халқын да өркениетке бір табан жақындата түсерін білді.
Алайда ол кезде мәселенің барлығы Кремльде шешілгені мәлім. Ақша жоқ деп болмашы шығынның өзін қиынсынған орталықтағы шенеуніктерге ол Тбилисиде – Руставелидің, Мәскеуде –Горькийдің, Тәшкентте – Науаидің сондай ескерткіштері барын алға тарта отырып, ұтымды сөзбен бұлтартпастай делел келтіреді.
Мәскеудегілер амалсыз мойынсұнып, Абайдың атымен көше атауға және алып екскерткішін орнатуға рұқсат береді.
Екінші, сталиндік қызыл террордан жазықсыз жапа шеккендерді ақтау кезінде айырықша белсенділік танытуы. 1956 жылы 25 ақпандағы КПСС-тің ХХ съезінен кейін жылымықтың басталғаны мәлім. Сол кезде репрессия құрбандарын ақтау жөніндегі республикалық комиссияның төрағалығына Жұмабек Ахметұлы сайланып, Е. Бекмаханов, Қ. Мұхамедханов, Х. Есенжанов, З. Шашкин сынды қазақ ғалымдары мен ақын жазушыларын сөзбұйдаға салмай, абақтыдан дереу шығаруда үлкен еңбек сіңіреді.
Үшіншіден, 1958 жылы қазақ өнері мен әдебиетінің Мәскеудегі он күндігін абыроймен өткізуге барын салып, бес бірдей қазақ өнерпазына ең жоғарғы атақ КСРО Халық әртісі атағын алып беруі.
Осыдан кейін мұншама әртістің бір мезгілде жоғарғы атақ алуы қазақ топырағында бұрын соңды болмаған екен.
Төртіншіден, «Қазақ әдебиеті», «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газеттерін жабылудан аман алып қалуы.
Бесіншіден, Медеу мұз айдынының салып біріруіне күш салуы.
Алтыншыдан, халық батыры Б. Момышұлына Кеңес Одағының батыры атағын алып беруге әрекеттенуі. Бұл мәселе шешілмесе де, Ж. Тәшенов Бәукеңнің «Москва үшін шайқас» кітабының идеологиялық бөгеттерді бұзып өтіп, жарық көруіне септігін тигізді.
Жетіншіден, ол қолында билік тұрғанда қазақтың барлық талантты өнерпаздарына, дарынды тұлғаларына жақсылық жасаған. Еңбек майталмандары Ыбырай Жақаев пен Жазылбек Қуанышбаевтың Еңбек Ері атануы да, Нұрмолда Алдабергеновтың екінші рет Еңбек Ері атануы да Жұмекеңнің тікелей араласуымен біткен іс. Мұхтар Әуезовтың Лениндік сыйлық алуына да көп күш салған дейді білетіндер.
Сегізіншіден, ұлттық кадрлардың өсуіне, олардың жоғары өрлеуіне де Жұмекең қолдан келген барлық жақсылығын аямаған.
Тоғызыншыдан, ол өзінен жоғары мансаптағыларға иіліп-бүгілмей, терезесі тең адамша мәміле жасаған.
Оныншыдан, Түркістандағы Қ.А. Яссауи кесенесінің жанында топырақпен көміліп жатқан тас моншаны қалпына келтіріп, іске жаратуға да мұрындық болады.
Ұлтжанды азаматтың ерліктерінің ішінде Қазақстанның солтүстіктегі облыстарын аман алып қалғанын ерекше атап өтуге болатын оқиға.
Жалпы Қазақстан КСРО қоластында болғанда үлкен басшылықта қызмет еткендер арасында ұлттық мүдде үшін тайсалмай сөйлеп, ашық алысқан жалғыз Жұмабек Тәшенов десек, қателеспейтін шығармыз.
Міне, осындай ерліктерінің өзі ғана тәуелсіз Қазақстанда Жұмабек Тәшенов есімін ұлықтауға толық негіз бола алады (39-75 бб.).
Қорыта айтқанда, бізде жобалау, жоспарлау көп те, нақты іске кірісуде әлі де жалтақтауымыз көп. Баукеңдей батыл, Қасымдай қайсар, Тәшеновтай тайсалмайтын талапшыл, т.б. нарқасқа ұл-қыздарымызды тәрбиелеуді жанұядан, бала-бақшадан, мектептен бастауға көңіл бөлетін уақыт жеткен сиақты.
Орта мектепте, арнаулы орта білім мекемелерінде, Жоғарғы оқу орындарында әртүрлі тақырыптағы факультатив сабақтар, элективтар сабақтар орнына міндетті түрді «Ертану – Елтану» атты сабақ өткізген жөн.
Қазақтың біртуар азаматтарының өмір деректерін жас ұрпақ өз өмірлеріне керек деректерге айналдырса найзағайлы, намысты Тәшеновтер жалғасы Мәңгілік елдің – мәңгілік намысты ел Азаматы болатыны сөзсіз.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
Қазақстан Ұлттық энциклопедиясы 8-том.
С.Дүйсенов. Аты аңызға айналған тұлға. http://www.namys.kz/; З. Дүкенбаевва. Қайсар қайраткер Жұмабек Тәшенов. BAQ.KZ; Б. Ахметұлы. Жұмабек Тәшенов кім? http://Abai.kz; Жұмабек Тәшенов туралы естеліктер. Алматы, «Білім», 2005. 8- б.
Қазақтың қайсар қайраткері Жұмабек Тәшенов. Алматы. «Елтаным», 2015.
Аңыз адам. – № 10. 2014ж.
ЖҰМАБЕК ТӘШЕНЕВТІҢ ҚАЗАҚТАН ТӘУЕЛСІЗДІГІ ТАРИХЫНДАҒЫ БАТЫРЛЫҚ РОЛІ
Достарыңызбен бөлісу: |