ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ:
1. Сейдін Н.Б. Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасы: қалыптасуы, мәселелері және айқындалу барысы. Ғылыми басылым. – Алматы: ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ, 2006. – 52-53 бб.
2. ҚРОММ. 1137-қ., 22-т., 125-а-іс, 6-п.
3. ҚР ОММ. 1137-қ., 22-т., 125а-іс, 6-7-пп.
4. ҚР ПМ. 708-қ., 28-т., 328-іс, 121-п.
5. Шәріпов Ә. Көргенім, көңіліме тоқығаным // Жұлдыз. 1994 жыл. 9-шы номері. 15-16 бб.
6. ҚР ОММ. 1137-қ. 22-т, 125а-іс, 2-п.
7. ҚР ОММ. 1137-қ. 22-т. 125 а-іс, 4-п.
8. ҚР ОММ. 1137-қ. 22-т. 125 а-іс, 5-6-пп.
9. Арыстанбеков Х. Елім, жерім деп өмір сүрген нар тұлға // Азат 2004 жыл. 24 қараша.
10. ҚР ОММ. 1109-қ. 5-т, 597-іс, 419-п.
11. ҚР ПМ. 708-қ., 29-т., 163-іс, 137-138-пп.
12. Заседания Верховного Совета Казахской ССР. Стенографический отчет. 1956 год. 144-163 стр.
13. Шаханов М. Шындығын жоғалтып алған адамдарды азамат деп те, ақын деп те есептемеймін // Аңыз адам. 2012 жыл. № 12.-24 б.
14. Қазақ әдебиеті, 1998 жыл 28 тамыз.
ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІНДЕГІ ЖҰМАБЕК ТӘШЕНЕВТІҢ КӨРКЕМ БЕЙНЕСІ
Жұмағұлов Айтбай Ботбайұлы
ҚарМУ-дың «Тұлғатану» ғылыми зерттеу
орталығының қызметкері, ф.ғ.к., доцент. Қарағанды қ.
Қазақ әдебиеті тарихында туған жерін жаудан қорғап, елінің ертеңі үшін күресіп, азаттықтың жолында құрбан болған, жаужүрек баһадүр батырлар мен ержүрек қаһармандар туралы, олардың тарихи тұлғасы сомдалған көркем туындылар аз емес. Қазақ халқының жан дүниесінің рухани қайнар көзі болып табылатын ауыз әдебиетіндегі қаһармандық эпикалық жырлар Қобыланды, Алпамыс, Ертарғын, Қамбар батыр жырлары да елін жаудан қорғаған батырлардың ерлік істерін ұлықтайтын бірден бір асыл мұрамыз. Ер ел үшін туады, ел үшін өледі дегендей халық өзінің қаһарман батырларын, олардың ерлік істерін ұмытпай ұрпаққа үлгі қылу мақсатында түрлі аңыздар мен көркем жырлар туындатып отырған. Осы ерлік пен елдікті жырлайтын көркем туындылар қаншама ғасыр ауыздан ауызға тарап, қазақ халқының рухын асқақтатқан, оның қаһарман батыр ел екенін айқындайтын құнды құжаты іспетті. Әйгілі ақын Мағжан Жұмабаев өзінің Батыр Баян поэмасында:
Ерлерді ұмытсада ел, жел ұмытпас,
Ерлерді ұмытсада ел, сел ұмытпас.
Ел үшін жаннан кешіп, жауды қуған,
Ерлерді ұмытсада ел, шөл ұмытпас.
Елжауын зерттеп, өрт боп, тынбай жортқан,
Ерлерді ұмытсада ел, бел ұмытпас.
Ел үшін төккен ерлер қанын жұтқан,
Ерлерді ұмытсада ел, жер ұмытпас.
Арқаның селі, желі, шөлі, белі
Ерлерді ұмытпаса, ел де ұмытпас[1,254],- дегендей елі мен жері ұмытпайтын тау тұлға, халқының қаһарман батыр ұлдарының бірі, ұлтымыздың мақтанышы Жұмабек Ахметұлы Тәшенев. Туған елінің тағдыры қыл ұшында тұрғанда, елді тоңауға, жерді талауға түсірмей жан тәнімен күресіп, қызмет, лауазымын құрбан етіп, ұлан байтақ жерімізді Қазақстанның солтүстіктегі бес бірдей облысын Ресей империясынан аман алып қалған халық қаһарманы. Біздің заманымыздан бұрынғы ежелгі дәуірдегі Сақтардың аты аңызға айналған әйгілі Шырақ батыр туралы тарихи дерек Гректің тарихшы ғалымы Полиэн арқылы жеткен болатын[2,28]. Парсы елінің патшасы жер қайысқан қолымен сақтар еліне жақындап келе жатқанын сезген Шырақ батыр қауіптің алдын алу мақсатында олардың алдынан шығып, шөлге адастырып апарып, құм басып жатқан даланың түпсіз тұңғиығына енгізіп жіберіп, құйын-құмның мәңгілік тұтқыны қылып қырып тастайтыны тарихтан мәлім. Жалғыз өзі ақ жаудың 700 мың әскерін жеңе білген Шырақтың туған елін қалың жаудан аман алып қалу үшін өзінің жаның құрбан еткен ерен ерлігін, көзсіз батырлығын араға екі мың жарым жыл салып Жұмабек Тәшенев қайталады. Сол кездегі Кеңестер Одағы құрамындағы 15 республиканы ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстап отырған дүние жүзі мойындаған, әлемдегі апауыт елдердің алды болғаны мәлім. Сондай империяға ешқандай қарусыз жалғыз өзі ақ тойтарыс беріп, ұлан байтақ жеріміздің үштен бір бөлігін қорғап қалғаны мәңгілік ұмытылмас ерлік болып қалмақ.
Ғұн дәуірінде Мөде қағанға астындағы жүйрік аты мен қойнындағы сұлу жарын көрші елдердің елшілері сұрап келген мырзалық танытып, ал жер сұрап келгенде тұлпарым мен сұлуым өзімдікі болса, жер ол халықтың игілігі, ұлтарақтай болса ата қоныс жер қымбат деп, оларға тұрысатын жерін айтсын деп соғыс ашқанын ежелгі дәуір әдебиетіндегі аңыздардан жақсы білеміз[2.50]. Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы Жұмабек Тәшенев еліміздің байлығы шикізат қылып игеріп отырған Мәскеуге ешқандай қарсылық таныта алмағанымен, жер мәселесіне келгенде ғұн патшасы Мөде қағандай қайсарлық танытып, қарсы шықты. Бұл да Ғұндар дәуірінен келе жатқан ғұрыптың, баһадүр батыр бабаларының қайсарлығы ұрпақтар сабақтастығы мен тарихи жалғастығын тапқанын көрсетеді.
Жазушы Бауыржан Момышұлының «Жұмабек Тәшенев» деген әңгімесінде Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы Жұмабек Ахметұлының батырды өзінің қабылдауына шақырғандығы Баукеңнің азаматтығы мен ерен ерліктерін ерекше құрметтейтінін айта келіп, оның денсаулығына алаңдап «сіз бізге керек адамсыз»,- деп, Министрлер Кеңесінің ауруханасына жатқызуға бұйрық бергендігі, қаламгердің халық үшін жазатын дүниелері де қымбат екенін ескертіп, Бауыржан Момышұлының Кеңес Одағының батыры атағын ала алмай жүргендігінін себеп салдарын біліп, Ворашиловпен сөйлесетіні туралы айтылады. Кабинетке шақырғандағы басты мәселе ол Рейгстагқа алғаш ту тіккен қазақ батыры Рақымжан Қошқарбаевтың ерлігінін ескерусіз қалғандығын, ол туралы дәлелді құжаттарды жинап, зерттеу үшін үкіметтен қаржы бөлдіруге дайын екенін айтып және де бұл тапсырманы басқа адамға емес Баукеңнің өзіне міндеттегені туралы айтылады. Әңгімеге арқау болған Министрлер Кеңесі төрағасының кабинетінде аз ғана уақыт ішіндегі болған жайттан Жұмабек Тәшеневтің сол кезде майдангерлерге деген құрметі оның ішінде ерліктері ескерілмей жүрген, батырлғы бағаланбай қалған қазақтың жігіттеріне қамқорлығы көрінеді. Бауыржан Момышұлы осы бір әңгімеде Жұмабек Тәшеневтің азаматтық тұлғасын аша білді. Кейіннен Жұмабек Ахметұлының Қазақстан жерінде жасақталаған Понфиловшылардың ерен ерлігін ұрпаққа үлгі етуде, оларға мәңгілік ескерткіш қою керек деген идеяны қозғап оны күн тәртібіне қойып, оның іске асауына өзі тікелей басшы болғандығы туралы да Баукең әңгімеге арқау еткен болатын[3. 86].
Белгілі айтыскер ақын, манасшы, жырау Баянғали Әлімжановтың «Жұмабек Тәшеневтің жұлдызы» атты поэмасын мемлекет және қоғам қайраткерінің тарихи тұлғасын, ұлт қаһарманының образын көркем суреттеп аша білген туындылардың санатына жатқызуға болады.
Ақын қазақ даласына тың игерудің қашан, қалай басталғанын оған ел ішінен наразылық білдірген ерлердің шыққанын:
...Мың тоғыз жүз елу төрт
Жылқы жылы келгенде.
Қазақстан жерінде
Тың игеру басталды.
Осының бәрін көргенде
Сабыр сақтау оңай ма
Зерек туған беренге,- деп баяндап тың игерудің туған жерге тигізген зардабын, елдің аяншты хәлін
... Тың төсін тілген кезде түренімен
Қазақтың қан саулаған жүрегінен,- деп жырлайды.
... Кең дала төңкеріліп шыр айналды,
Тың өлкесі - Цилинный крайланды.
Қазақтың бес облыс Солтүстігін
Қосуға Россияға ыңғайланды[4.211].
Тың игерудің аржағында қандай жымысқы саясат жатқанын ақын жыр барысында астарлап жеткізеді. Сол кезе Совминнің Мәскеуге Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы Жұмабек Ахметұлы Тәшеневті Солтүстіктегі бес облысты Ресейге қосу ұсынысына қол қоюға шақыратыны баяндалады.
... Бір бауыр тату-тәтті болайық та,
Жер де ортақ, су да ортақ қой халайыққа -
Бірінші секретарың күлімдейді
Кеңесі жүріп тұрған талай ұлтқа.
Сыздатпай Солтүстікті соқыр шектей,
Ресейге тұтас қоса салайық та.
Сіздің ғана қаулыңыз керек боп тұр,
Қайтеді көнбегенде Қонаев та,
Бұл өзі негзінде шешілген іс,
Қағаздап, заңдастырып алайық та[4,211],- деген Хрущевтің сөзін естігендегі Жұмабек Ахметұлының сол сәттегі қимыл әрекетін ақын былай суреттейді: ...Кремль көк тіреген кемел сарай,
Екі етпей дегеніне көнгем талай.
Сіз басшы, сөзіңіз заң... Кешіріңіз,
Бөлшектеп туған жерді берем қалай?!
Қалса да амал қанша көңіл мейлі,
Әділет ойыңыздан көрінбейді.
Біртұтас Республика Қазақстан
Жырымдап жер мен суы бөлінбейді,-деп қарсылық танытқан Тәшенвтің «Қылып ал, қыларыңды, пісіріп же,
Тірідей отқа қақтап, тұшынып же,
Уатып сүйегімді, күлімді шаш,
Көнбеймін мұндай қорлық ісіңізге,
Қазақтың жерін қылғи салам деген
Ой кірмесін өң түгіл түсіңізге! »,- деген Ахметұлының ойын өлеңнің өрнегіне сиғызып, әдемі жеткізе білген.
Кеңес үкіметінің бірінші хатшысына қарсы шығып, арыстанның аузынан туған жерін қорғап қалған ер жүрек батырды мың қолмен жалғыз алысқан ертедегі аңызға айналған батырлардай бейнелейді.
Атамекен жер үшін,
Исі қазақ ел үшін,
Шыбын жаны шырылдап,
Жалғыз шықты майданға
Жалаңтөс батыр Жұмабек.
... Ерлігі Тәшеневтің тым ерекше
Намыстың оты болып жанып қалған.
Шайқасып жалғыз өзі жаннан кешіп,
Қазақтың жерін аман алып қалған! [4,212].
... Тәшенев келіскенде бас сауғалап,
Қалып ед қазақ мәңгі масқараға.
Ресейдің меншігі боп кетер еді,
Тау, орман, көл мен дала, баспанаң да.
Көкшетау, Бурабай мен Қызылжарың,
Ақмола, Павлодар мен Қостанай да.
Басқаның босағасы болар еді,
Бүгінгі бәйтерегің - Астанаң да,- деп жүрегі қазағым деп соғып тұраған Жұмабек Тәшеневті қазақтың аспанындағы жанып тұрған ең жарық жұлдыздарының бірі деп суреттейді[4.213].
Жүз жылда бір туатын Жұмабек Тәшенев сияқты батырдың көркем бейнесі қазіргі ақындар айтысында да назардан тыс қалмай келеді. Тәуелсіздіктің 20 жылдығына арналған ЕлОрдамыз Астана қаласында өткен Республикалық аламан айтыста Қарағандылық Айтбай Жұмағұлов Оңтүстік Қазақстанның өкілі Маржан Есжановамен айтысында бес бірдей облысты сақтап қалған Тәшеневтің есімі Тәуелсіздік күнінде неге ескерусіз қалады, Тәшеневтің ерлігі болмағанда Астананың өзі арман болып қалар ма еді деген ой айтқан болатын.
...Тәуелсіздік тойында ой айтайық
Кей тойдан ойланбастан тарқағанбыз.
Бұл жерде Тәшеневтей батыр өткен
Ерлігі мен еңбегі баршаға аңыз.
Сол Жұмабек Тәшенев болмағанда
Айырылар ек бес облыс арқадан біз.
Тоғызыншы орында тұрмақ түгіл
Көрінбей қалар едік картадан біз,- деп дүниежүзі бойнша
жер көлемінен тоғызыншы орын алатын болсақ, оған бірден бір еңбек сіңірген қайраткер ол Тәшенев екенін ашық айтады.
Өлмейді жақсылардың ісі неге
Көрмейді кейбір оны кісі неге.
Сол Жұмабек Тәшенев сыйлы болған
Қазақта үлкенменен кішіге де.
Киліккен Хрущевтің кесірі ғой
Биліктен әйтпесе оны түсіре ме.
Есіл ердің ерлігін ескермесек,
Келер ұрпақ тарихты түсіне ме.
Ақмоланы ап қалған каһарманға
Астанада жоқ ескерткіш, мүсін неге.
Тәшенев болмаса егер бұл Астана
Қазақтың кірмес еді түсіне де.
Жоғарыдағы жыр жолдарынан шынында да қазіргі Астанамыздың асқақтап тұруына да бірден бір себепші болған осы Жұмабек Ахметұлы екенін көреміз[5].
Биылғы жылдың қыркүйек айының 20-21 күндері Алматы қаласында «Азаттықтың алтын бесігі» атты республикалық ақындар айтысы өткен болатын. Сол аламан жыр додасында да азулы ақындар Аспанбек Шұғатаев пен Еркебұлан Қайназарлар Жұмабек Тәшеневтің 100 жылдық мерейтойынын аталмай жатқанын айтысқа арқау етіп, оның қазақ халқы үшін жасаған өлшеусіз еңбегі мен ерлігін асқақтата жырлаған болатын.
Айтысты алғаш бастаған Еркебұлан:
Ойлаған тек мемлекет, тек ұлтты,
Кешегі қасқалардың дені мықты.
«Северян», «южан» болып біздің қазақ,
Советтің дәуірінде бөлініпті.
Өйткені КСРО-ның саясаты
Қазақты жегі құрттай кеміріпті.
Хрущев солтүстіктің бес облысын
Ресейге қосамын деп емініпті.
Маңғыстауды түркіменге, оңтүстікті
Өзбекке беремін деп желігіпті.
Хатшыға қарсы шығар адам болмай,
Төрелер айтқанына көнігіпті.
Сол кезде шешесі бір қалжа жеген
Қазақтың бір жігіті көрініпті.
«Туған жерімді ешкімге бермеймін» деп,
Аттан салып мінбеде тебініпті.
ГААГА – мен соттатамын дегеннен соң,
Амал жоқ Хрущев та жеңіліпті,- деп Жұмекеңнің керек болса Біріккен ұлттар ұйымына шағымданатынын да айтқанын ақын Еркебұлан Тәшенев туралы көп ізденгендігі байқалады жіне де ары қарай қайраткердің қазақтың ақын, жазушыларға жасаған қамқорлығы да жырға арқау болған.
Ол кешегі Жұмабек Тәшенов еді,
Тәубесіне келтірген көп ұлықты.
«Қазақ ауыл» салам деп Алматыда,
Мұнда да маңдай тері төгіліпті.
Сол үшін де қуылып қызметтен,
Жер ауып, жай жұмысқа жегіліпті.
Соңғы өмірін өткізіп Шымкентте,
Асы да сол маңайдан беріліпті.
Бар болса биыл жүзге келер еді,
Жоқ болғасын кім айтсын жөн үгітті?
Тоқалға күнде бір той жасап жүрген
Төрелер осы жайлы не біліпті?
Ат шаптырып, ас беру былай тұрсын,
Есімін атауға да ерініпті.
Мың жылдығын болжағыш мырзаларым
Жүз жылдық Жұмабегін неге ұмытты?!,- деп ескерусіз қалып бара жатқан есіл ердің ерлігі неге дұрыс бағасын алмайды деп назын білдіре келе, оның адамгершілік қасиетін асқақтата жырлайды.
Адамға зияны жоқ адам едім,
Ініні іні, ағаны аға дедім.
Өзі азғантай қазақты жерге бөлмей,
Салтыңның сақтасаңшы сәл әдебін.
Бес облыстың бірінен келіп тұрсың,
Сөзіме тиек болған жаңа менің.
Бауырым, осы күнге тәубе деші,
Шүкірлікпен қанағат табар едің.
Кешегі Тәшеновтер болмағанда,
Сен қазір қай мемлекет болар едің?
Туысқаныңды бір көру арман болып,
Дұшпаныңның табанын жалар едің.
Шымкентті шеттету былай тұрсын,
Сенің өзің шетел боп қалар едің!,- деген Еркебұлан Тәшенев Павлодарыңды алып қалмағанда сен Аспанбек көрші Ресей мемлекетінен келер едің деген ойды астарлайды.
Оның қарсыласы Аспанбек Шұғатаев болса:
Арындап біраз сөйлейін,
Домбыра алғандай қолға Әсет.
Жұрттың баптаған жорғасы ек.
Келіп отырған жеріңіз,
Астанадай төр басы ед.
Шетел боп кетер едің деп,
Өз қазағыңнан болма шет.
Артында жақсы ат қалса,
Бес облысты ап қалса,
Тәшеновтердің олжасы ед.
Жұмабектерді тудырған
Арғын деген ауылдың
Топтан озған жорғасы ек.
Жүз жылдығын тойламай,
Өткен күнін ойламай,
Ертеңге қазақ бармас ед,- деп елдің ертеңі үшін жан аямай күрескен Тәшеневтің тойы неге тойланбай жатқанын ащы да болса ашық айтып
...Жұма сайын шашылып
Той жасайтын Астанаң
Жұмабекке бір той жасаса
Кедейленіп қалмас ед.
Сен айтып тұрған Павлодар
Сарыарқаның жалғасы ед.
Ол рас дұрыс айтасың,
Бес облыстан айрылса
Қазақтың жайы оңбас ед.
Төрде отырған төрелер
Салтанатын құрмақ түгілі
Сарыарқаға қонбас ед.
Айналайын, Ереке,
Павлодар болмаса
Астанаң да болмас ед!
Жеріміздің кең, тереземіздің тең болуы осы жаужүрек батыр, тау тұлға Жұмабек Ахметұлының арқасы екенін ұмытпауымыз керек дейді[6].
Қорыта келгенде Жұмабек Ахметұлының қазақтың елі мен жеріне сіңірген еңбегі мен ерең ерлігі әлі де өз бағасын ала алмай келеді. Жоғарыда тақырыпқа арқау қылған ақын, жазушылардың көркем шығармалары мен айтыскерлердің сахнада сомдағын саф алтындай жырлары болмаса Жұмабектей батырдың образы қазақ әдебиетінде де әліде болса жаңа туындыларға сұранып тұрғандай. Туған елі мен туған жерін қорғап, оны қадірлеп, қастерлеп сүюдің керемет үлгісі болған Жұмабек Ахметұлы Тәшенев қазақ халқымен мәңгі бірге жасай бермек.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Жұмабаев М. Шығармалары. - Алматы: Жазушы, 1989. - 347 б.
2. Келімбетов Н. Ежелгі дәуір әдебиеті. - Алматы: Мектеп, 1991. – 264 б.
3. Момышұлы Б. Ұшқан ұя. Алматы: Өнер, 2008.- 156 б.
4. Әлімжанов Б. Қиянатқа қарсылық. -Астана: Фолиант, 2014.- 1072б.
5. Қазіргі ақындар айтысы. - Астана: Фолиант, 2014. - 325 б.
Отарбаев Қанат Жариясұлы
Нұра аудандық мәслихатының депутаты,
«Отқанжар» ЖШС-тың директоры,
«Құрмет» орденінің иегері
Құрметті конференцияға қатысушылар!
Ұлтының мұң-мұқтажын жоқтап, еліне аянбай еңбек еткен азаматтар қазақта қай заманда да болған, қазір де жоқ деуге болмайды. Бірақ, ел мен жер мәселесі дауға түскен сын сағатта өмірін қатерге тігіп, ұлт тағдыры үшін басындағы бақты да, астындағы тақты да құрбан еткендері некен саяқ.
Сондай алаш арыстарының ізін жалғастырушылардың бірі, һәм бірегейі кешегі кеңес заманында республика билігінің биігінде қызмет еткен мемлекет және қоғам қайраткері Жұмабек Ахметұлы Тәшенев. Ол кісі қол жеткізген лауазымды қызметтерін ешқашан жеке басының мүддесіне жұмсамай, халқына игілікті істер жасап, ұлтына жанашыр болуға тиімді пайдалана білген. Ең бастысы Қазақстанның тың өлкесіне қарайтын 5 облысты Ресейге қосу туралы Н.С. Хрущевтің шешіміне жалғыз өзі қарсы тұрып, аман алып қалды. Бұл әрине, айтуға ғана оңай нәрсе. Бәлкім, сол кезде осы жанқиярлығы арқылы Жұмабек ағамыз бүгінгі күні жерімізде болуы ықтимал қантөгіс пен соғыстың (Құдай бізден оның бетін әрдайым аулақ қылсын!) алдын алған шығар, кім біледі. Жұмабек Ахметұлының осы ерлігі үшін қазақ халқы, яғни Ұлы даланың бүгінгі мұрагері болып отырған біздер мәңгі қарыздармыз, ағайын! Жоғары биліктің басында болған аз уақыттың ішінде ол кісі қазақ халқы үшін қолынан келген көмектің бәрін жасады. Ендігі біздің міндет абзал азаматтың халқына жасаған қызметі мен ерлік ісін өшпестей етіп ұрпақ жадына сіңіру. Бүгінгі күні пікірталас тақырыбына айналып, көп қаузалып жүрген «қазақстандық патриотизмді» қалыптастыру үшін бұдан артық қандай тарихи айғақ немесе қолайлы құрал керек? Зымыран уақыт тоқтамайды. Арыс азаматымыздың туылғанына 100 жыл толған ағымдағы жыл да тарих қойнауына сіңіп барады. Осындай айшықты кезеңде арысымызды ардақтау мүмкіндігін толық пайдалана алмай отырғанымыз өзкінішті. Бұл орайда Ж.А.Тәшеневтің өмірбаяны, қызметі туралы деректерді Қазақстан тарихы оқулығына енгізу кезек күттірмейтін мәселе деп ойлаймын. Астана қаласында және өзі қорғап қалған облыс орталықтарында ескерткішін орнату да күн тәртібінен түспеуі керек.
Кеңестік жүйеде тәрбиеленген біздер үшін осындай теңдесі жоқ ерлік істің жария етілмегені жасырын емес. Енді міне, тәуелсіздіктің арқасында ұлыларымызды ұлықтап, арыстарымызды ардақтап жатқан жайымыз бар. Жұмабек ағамыз туралы оқып, біліп, тани түскен сайын оның білімділігіне, парасаттылығына, қайсарлығына, ұлтын шексіз сүйетін қасиетіне қайран қалып, басыңды иесің.
Сондай, тебіренген сәттерде менің де көкірегімде жыр шумақтары өріліп (әрине, өзімді ақынмын деп айтудан аулақпын) кейін ол Амангелді інімнің көмейінде ән болып бүлкілдеді. Осылай, «Дәуір дарабозы» атты марш жанрында жазылған жаңа ән дүниеге келді.
Біз Тәшеневтің 1935-36 жылдары небары 20 жасында Нұра аудандық жоспарлау бөлімінің бастығы болып қызмет атқарғанын әрдайым мақтанышпен айтамыз. Биылғы жылдың 11 маусым күні Изенді ауылында Ж.А.Тәшеневтің 100 жылдық мерейтойына арналған мәдени шара өткіздік. Көршілес жатқан 5 ауылдың жастары «Тәшенев кубогы» үшін футбол жарысына түсті. Ауыл тойханасында ас беріліп, қайраткер тұлғаның рухына құран бағышталды. Мәдени шараға халықаралық алаш сыйлығының лауреаты, ақын Серік Тұрғымбекұлы, жазушы, тәшеневтанушы Мейрам Байғазин, мемлекет тарихы институтының аға ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Қанат Еңсенов, ҚР Ұлттық мұражайының «Қазақстан тарихы» бөлімінің бастығы Жанар Бейсова және Жұмабек Ахметұлының келіні Фатима Сыдыққызы қатысып сөз сөйледі.
Өмірін ерлік істерімен өрнектеген, осындай, біртуар тұлға, саясат майданының баһадүрі үшін қандай іс-шара өткізіп, қалай құрмет көрсетсек те артық етпейді. Соның бір парасы бүгінгі өтіп жатқан ғылыми-практикалық конференция. Конференцияны ұйымдастырып отырған ҚарМТУ ұжымына, оның ректоры Арстан Мәуленұлы Ғазалиевке шынайы ризашылығымды білдіремін. Еңбектеріңіз жанып, білім беру жолындағы биік белестерді бағындыра беріңіздер.
Қорыта айтқанда, Тәшенев рухына тағзым етіп, одан тағылым алу арқылы елдің еңсесін көтеріп, тарихи санасын жаңғыртып, жастарды Отанын, ұлтын сүюге тәрбиелейтініміз анық.
Тыңдағандарыңызға рахмет!
Жұмабек Ташеневтің 100 жылдығына арналған
Дәуір дарабозы
Сөзі: Қанат Отарбаев.
Әні: Амангелді Шахарбаев.
Бес ғасыр бұрын еншілеп,
Бабалар алған кең жерді.
Бет қаратпас билік кеп
Бестен бірін бер деді.
Атамекен – кең өлке,
Түсті талас тартысқа
Қоспақ болды Ресейге,
Күресуге қол қысқа.
Жер сатпаған қазақтың,
Жер шұқыды жанары.
Отына күйіп мазақтың
Тарқағандай базары.
Қабыланның жүрегін,
Жерік қылған анасы.
Түрініп шықты білегін,
Қазақтың бір баласы.
Қайырмасы:
Басын тікті қатерге
Қымбат оған ар-намыс.
Мансапты байлап белдеуге
Еліне қылды қолғабыс.
Ұлтын сүйген өлердей,
Қазанат шықты торыдан.
Ұлтарақтай жер бермей
Қазақтың жерін қорыған.
Кісендеулі жолбарыс,
Қымбат оған ар-намыс.
Озып шықты ортадан,
Орда бұзып отызда.
Қара үзіп қатардан
Қамал алды қырқында.
Айтқан сөзі алдаспан,
Суарылған намысқа.
Шаужайына жармасқан,
Қорқақты тықты қамысқа.
Қонған бақты басына
Мансұқ қылып елі үшін.
Астындағы тақты да,
Құрбан етті жері үшін.
Біртуар, қайсар азамат,
Тартқан күрес азабын.
Ерлік ісің аманат
Қарыздар саған қазағың.
Қайырмасы:
Басын тікті қатерге
Қымбат оған ар-намыс.
Мансапты байлап белдеуге
Еліне қылды қолғабыс.
Ұлтын сүйген өлердей,
Қазанат шықты торыдан.
Ұлтарақтай жер бермей
Қазақтың жерін қорыған.
Кісендеулі жолбарыс,
Қымбат оған ар-намыс.
Достарыңызбен бөлісу: |