Қазақстанның казіргі заманғы тарихы



бет20/69
Дата08.05.2020
өлшемі0,57 Mb.
#66599
1   ...   16   17   18   19   20   21   22   23   ...   69
Байланысты:
HystoSovrKz (1)

Біріншіден, Н.Назарбаев Қазақстан Үкіметін басқарып тұрған кезінде шын мәнінде республикада қалыптасқан ахуалды толық анықтау мақсатын алдына батыл қойған. Ол туралы жазушы Шерхан Мұртаза: “Нұрсұлтан Назарбаев Республика Министрлер Кеңесінің Төрағасы болып тұрғанда өз бастамасымен тексеру жүргізіп, Қазақстанда жетпіс бір ауданның азып-тозып, артта қалғанын анықтады. Оның отызға жуығы өмір тынысынан айрылып мүшкіл қалғе жеткен екен. Содан кейін үкімет тарапынан аталған аудандарға экономикалық, әлеуметтік, мәдени жағынан өркендеуі үшін көмек көрсету жөнінде арнайы қаулы да қабылдаған. Шалғайда жатып, артта қалған аудандар дегеніміз – түптеп келгенде, негізінен қазақтар тұратын аудандар. Басқалар су ішкенде олардың у ішіп отырғаны келеңсіз-ақ болған, - деп жазған.

Екіншіден, ҚР Президенті мұрағатының құжаттары республика Үкіметі басшысы баяндамасында келтірген мәліметтердің әбден тексерілген дерек көздерінен алынған, яғни шынайылық деңгейі жоғары мәліметтер екендігін дәлелдейді. Мысалы, Қазақстан КП ОК бюросы 1985 жылы елдегі қалыптасқан жалпы әлеуметтік-экономикалық жағдайы аясында азық-түлік өнімдерінің халық тұтынуындағы аса қажетті ассортименттері (түрлері), әсіресе ет және сүт өнімдері бойынша сұранысты мүлдем қанағаттандырмады. Азық-түлік өнімдерін әдәуір мөлшерде өндіруді арттыру және олармен тұрғындарды қамтамасыз ету ісі ешбір сынды көтермеді, бұл қазақстандықтардың наразылығын жылдан жылға арттыра түскен. Азық-түлік тауарларын сауда орындарында әділетті сатуды ұйымдастыруда да елеулі кемшіліктер орын алған. Билеуші партия, сала басшылығы мен түрлі кәсіби және қоғамдық органдары 1985 жылдың жоспары мен көтермелі міндеттерді орындау мақсатында еңбек ұжымдарын жұмылдыру үшін қажетті ұйымдастырушылық және бұқаралық саяси шараларды құр ұран арқылы өрістетуге күш салып шумақ бұрынғы орнаған екіжүзділікке, көзбояушылыққа кең жол ашқан. Ал, Қазақстан КП ОК бюросы 1985 жылы наурыз айында өткен мәжілісінде Республикада мемлекеттік жоспарлар мен көтерме міндеттерді орындау туралы жалаң ақпарат беру жәйінің өршігенін, еңбек ұжымдарында еңбек тәртібінің күрт бұзылуын, маскүнемдік қанат жайғанын, қоғамдық мүлікке қол сұғу ұлғайып ұрлық саны күрт өскендігін ашық айтқан.

Үшіншіден, республикада өткен сол және басқа лауазымды орындары жиындарында сынға алынған келеңсіз жағдайлар 1985 жылдан кейін де жалғаса берген. Бұндай келеңсіз жағдайлардың кездейсоқ емес, жүйелі сипат алғандығын дәлелдейді. Мысалы, 1986 жылы маусым айында Қазақстан КП ОК бюросы Көкшетау облыстық партия комитетінің жұмысын жан жақты талдай келе иесіздіктің, қоғамдық меншікті талан-таражға салудың салдарында облыс экономикасына келген шығын бесжылдық ішінде екі есе өскенін, ал оның 90 пайызы агроөндірістік кешендердің үлесінде болғанын айқындаған. Жемқорлық әсіресе сауда мен тұрмыстық қызмет көрсету саласында, қөлік қатынасы ұжымдарында кең орын алған. Қызметі талданған өнеркәсіп объектілерінің әрбір екіншісінде, ал кеңшар мен ұжымшарларда түгелдей қаржы тәртібі бұзылған болып шыққан.

Бұндай өрескел, қоғамдық меншікке қайшы көріністер басшы кадрлар таңдау, оларды орналастыру мен тәрбиелеуде жіберілген елеулі кемшіліктер дәлелдейді. Басшылық қызметтерге қажетті моральдық және іскерлік қасиеттерден жұрдай адамдарды лауазымды қызметке тағайындау кең орын алған. Қоғамдык меншікке қол сұғушылардың әрбір төртіншісі жауапты адамдар, ал әрбір сегізіншісі – коммунистік партия мүшесі болған. Арқалық партия комитетінде 1986 жылы қылмыстық және заң бұзушылық өткен жылмен салыстырғанда 11,4 пайызға артқан, ондай келеңсіздіктердің бетін ашу тым әлсіреген. Қоғамдык меншікке қол сұғып оны жеке басқа иемдену салдарынан халық қазынасына келген шығын үш есе артқан. Жалпы, 1985 – 1986 жылдары мемлекеттік сауда мен тұтынушылар кооперациясы саласында әртүрлі қылмыспен айналысқан 30 мың адам партиялық жолмен және заң арнасында жазаланған.

Мұндай жағдай 1987 жылы да жалғасқан. Мысалы, Шымкент облысында қоғамдық малмен бірге 183 мың жеке меншік мұйізді ірі қара, 85 мың жылқы мен түйе, 1,2 миллион қой мен ешкі мемлекет есебінен бағылғандығын көрсеткен, маскүнемдікке қарсы күрес шаралары да көзбояушылыққа ұласып кері нәтиже берген. Бұл шара көлеңкесінде жаппай қолдан арақ өндіру ісі қанат жайған. Мысалы, жан басына шаққанда ішімдік көлемі 1,5 есе артып, адам денсаулығына кер әсері елеулі ұлғайған. Маскүнемдік және нашақорлықтың салдары тұрмыстық қылмыс, оның ішінде әдейі адам өлтіру, бұзақылық, зорлау сияқты қылымыстардың санын өсірген. Тек 1985-1987 жылдары аралығында тиісті орындарда тіркелген нашақорлардың саны да 1,5 есеге артып, ал олардың қатарының 40 пайызын әскер қатарындағы азаматтар құраған.

Дегенмен, “Қайта құру” бағдарламасы қоғамға біршама оңды өзгерістер де әкелгені айту керек. Әйтсе де, ол да КСРО-ны дағдарыстан алып шығып, ыдыраудан құтқара алмады. Елде қайта құру қажеттігін түсініп, оған ыңғай ілтипат болғанымен, билеуші партияның барша буындағы басшылығы тарпынан сол жетпіс жыл бойы терең бойлаған сол партия жарғысына қайшы көріністер жалғаса берді. Бұл орайда, бір жағынан, СОКП-ның басшылығында тоқырау заманындағы өзінің қателеспейтіндігіне кәміл сену, сын мен тың пікірлерге менсінбей қарап, оны қынжыла ауыр қабылдау сияқты жаңашылдық пен шығармашылықтан алшақ ескі әдеттердің қайталануымен болғанын құр байқаумен ғана шектелгенін атаған жөн. Екінші жағынан, ешқандай маңызды ұсыныстың жасалуы да мүмкін емес еді, өйткені СОКП ең биік буындарында замануи нақты ақыл-ой орталығы тапшы болған. Партияның орасан зор санды қызметкерлері бар аса ірі ғылыми-зерттеу мекемелері атам заманғы қасаң қағидалардан айырылмай, аппараттың ұсақ мүдделеріне ғана қызмет етуді одан әрі жалғастыра берді, замануи ғылыми және қоғамдық тәжірибе мен теориялық тұжырымдардан мүлдем алшақ болып артта қалып қойды. Осындай фактор біздің пайымдауымызша КСРО басшылығының ең осал буыны болған сияқты.

Сонымен қатар, «қайта құру» жылдарында экономика саласында өзін көрсете бастаған оңды жаңашылдық туралы да айту керек. 1987 жылы алдыңғы қатарлы озық жаңалықтарды өндіріске енгізуге, ескірген құрал-жабдықтарды және негізгі қорларды ауыстыруды жеделдету мақсатындағы ғылыми-техникалық озық технологияға бағытталған маңызды шаралар қолға алынған сыңайлы. Экономиканың жетекші және ғылыми техникалық тұрғыдан маңызды саласы – машина жасау өнеркәсібін жаңа сапалық деңгейге көтеру жөнінде де біршама талпыныс болды. Ауылшаруашылық өндірісінде бұрын соңды тежеуде болған сенімді тірек нүктесі іздеп табылды – ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдеу мен оны сақтаудың проблемаларын шешу қолға алынып алғашқыда ірі көлемдегі (71 млрд) қаржы бөлінді. Бұл орайдағы ең басты міндет –экономика нәтижесін адам мұңына бағыштау қажеттілігі мемлекет билеушілерінің санасына жеткендей болды. Адамдарға миллиондаған тонна болат, мұнай, көмір емес, қайта баспана, тамақ, киім-кешек, балабақша керек екені жөніндегі міндетке саналық ұстаным оңтайлана бастады. Әлемнің өркениетті елдер қатарындағы тәжірибесінде ұлттық табыстың 70-80 пайызы халықтың тұтынатын өнімдерін шығаруға жұмсалып, тек қалған бөлігі ғана қор жинауға арналса, КСРО тәжірибесінде бәрі де керісінше болып, өңін теріс айналдыру іс шаралары әрдайым үстем болған. Ақырында экономиканы соғыс қаруы мен жабдықтарын жедел қарқынмен өндіру (милитарландыру) ақылға қонымды шектен әлдеқашан асып кеткеніне көз жетті.Ұлттық табыстың қомақты бөлігі адамды құртуға арналған қару шығарушы салаларына жұмсалды, олар тек орасан зор материалдық қаржыларды ғана сүліктей сорып қоймай, сонымен бірге еліміздің интелектілік күш-қуатын да, ең үздік ақыл-ой иелерін де, жоғары маманданған инженер және орта буын мамандары мен шебер кәсіпкер жұмысшыларды да өз уысында ұстап отырды.

Бірақ, байқала бастаған бұл оңды көріністер де елде терең бойлаған экономикалық дағдарыстан алып шыға алмады. Жаңа бастамалар Кеңестік билік жүйесінде бойы қалыптасып, қатып-семген ұстанымдағы экономика енді ғана бой көтере бастаған нарықтық қатынас қарсылығына кездесті. Алайда, жан ауыртатын жыға таныс көріністер оқтын - оқтын өзін көрсетумен болды. Жаңа жобаны игі деп жоспарлап, іске кірісерде, оны тастай салып, басқа бір іс қолға алынып, осылайша шексіздікке дейін созыла беретін. Осыдан барып төніп келе жатқан дағдарысты кез келген тәсілмен тоқтатуға жан ұшыра әрекет жасалынды. Экономика бірінен соң бірі сәтсіздікке ұшыраған тәжірибелер тізбегінің аймағына енді. Экономиканың кооперативтік секторын жаңғырту әрекеті де ілкіде тым тиімсіз болып мемлекеттік секторды экономикалық талан-тараж өрті шарпып, бейберекеттілік жайлады. Мұндай жағдайда нарықтық экономика идеясының болашағы мен нәтижесі тиімді екені туралы ізденіс серпіндер басталды. Осы жылдары сыңаржақты идеология қыспағындағы халық санасы да бірталай уақытқа дейін саясаттың жаңа толқынына күдікпен қарады.

Міне, осылай, өмірдің өзі социалистік тіпті коммунистік руханиятқа күштеп азамат санасына күштеп сенім орнықтыру салдары елді нарықтық қатынастарға алып келген. Ең бастысы елде қалыптасқан әлеуметтік-экономикалық және саяси ахуал тәжірибесі өз уақытында КСРО ең жоғарғы билік мінбелерінде, яғни бүткіл Кеңестер Одағындағы халықтары алдында, сол экономиклақ-әлеуметтік жағдайды жақсарту мақсатында айтылған еді. Мысалы, билеуші партияның съезінде “Қайта құру» басталғалы бес жыл өткен кезде елеулі кемшіліктерсіз жүріп жатқан сала бізде жоқ екенінін билік басшылары ашық жария етуге мәжбүр болды. КСРО жоспарлы шаруашылықтан нарық түсінбестігіне көшу жолындағы осындай дүрлікпе, асығыс әзірлік ту сыртында күні бұрын әзірленген айқындамасыз әскер құрамының жанталаса шегінуіне тәріздес болды. Ал оның әлеуметтік салдары “Қайта құрудың» нақты айқындамасының жоқтығы ұлтаралық қатынастарды ерекше күйзелтіп ыстық ұмтылыстарды дереу суытты.

Саларалық өктемдік салдарында әлемдік рынокта жоғары сұранысқа ие шикізат қоры мол Қазақстан, өзінің әлеуметтік дамуы жағынан ауыр шеңберлі дағдарысқа және экологиялық апат қарсаңында екені КСРО Халық депутаттарының І съезінде айтылған еді. Яғни, Министірлік өзінің технологиялық қате іс харекеттері аясында Арал теңізінен экологиялық апатқа бет алды, Екібастұз өзінің күлін далаға шашты, мұнайдың өндірушілері үшін одан еш пайда таба алмайтын күйге жетті. Мал жайлымдары әртүрлі әскери сынақ орындары (полигондар) үшін алынып шеңбері шегерілді және өңірдің табиғи құнарлығы шектелді, ал оған өтемақы төлеу ешкімнің де ойына келмеген, Орталықтың шексіз билігінің Қазақстанға қандай “жақсылық” әкелгендігі туралы талай жиындарда, билік жиындарында айтылған. Ал, халық депутаттарының ІІ съезінде сөйлеген сөзінде экономиканың құлдырауына алып келген саясаттың халықтың тұрмыс-жағдайына тигізген әсері туралы: “Демократияландыру туралы әсем сөздердің сірнесіне шашалған еліміздің ырыздық іздеп Еуропаның бай “дастарқандарына” телміре қарап, қол жая бастаған саясатпен келісе алмайтындығы, зәбір шегіп, қорлық көрген халық КСРО басшыларын талай талай өткір сынға алған. Әсіресе сол сұраныстарда республика машина жасау саласын жаңғырту жөніндегі уәденің және соншалықты кеңінен жарнамаланған конверцияның түп түйіні уақыт өткен сайын алыстай түскен. Ғылыми-техникалық прогрестің өз кезінде белгіленген бағдарламасының нақты нәтижелері де құрғақ сөзге айналды. Мысалы, ауыл шаруашылығы өнімдерін ұқсату ісін дамытуға бөлінген 77 миллиард сомның да қажетті тұста ізсіз кеткені де экономиканың болашағын бұлдыр етті. Қайта құруды қолға алған кездегі мақсатты ұмтылыстар мен ізденістер, іс жүзіндегі оңды қадамдар, ізгі ниеттер, құмға сіңген судай, саяси көпірме сөздің астында қалғандай болды.

Осылай, тәуелсіздік қарсаңында елде қалыптасқан жағдайдың қайсыбыр жағыда мүшкіл сипат алған. Тәуелсіздік қарсаңында саяси және әлеуметтік-экономикалық салаларда қалыптасқан келеңсіз жағдайлар елдегі қалыптасқан көп бағытты дағдарысты, оларды түзету арқылы елді өркениет жолындағы мақсатты объективті болып КСРО-ның күйреуінің басты себебі ретінде талдау жасалып, талай рет анық көрсетілген еді.

Мысалы, КСРО-ның құлауы туралы айтқанда әскери, әскери-техникалық, стратегиялық аядағы екі жүйе арасындағы тайталастың сол кездегі сарапшылырдың назарынан тыс қалып жүргендігі, ал өзінің экономикалық әлеуеті әлдеқайда әлемнің дамыған елдермен әскери салада бәсекелесудің КСРО-ны әбден титықтатқанын да ескерген дұрыс болар. Қарулану жолындағы бәсеке - Кеңестер Одағы күйреінің басты себептерінің бірі екені де посткеңестік кезеңде отандық және алыс, жақын шет елдер ғалымдары мен саясаткерлері дәлелдеген. Осымен қатар күйреудің сан 0илы себептерін табуға болады. Бірақ соның ең бастысы - экономикамыз бен қоғамымыздың технологиялық салаларында дағдарыстың кең етек жаюы, сондай әлжуаз экономика мен қоғамның иығына жарыса қарулану салған салмақтың молая түсуі болғаны даусыз.

ХХ ғасырдың сексенінші жылдары басында әскери және әскери-экономикалық тепе-теңдікті сақтауға ұмтылыстың жедел қарқын алуы салдарынан, отандық экономика тұралай бастаған. Мамандар мен санаулы бірінші басшылар сол кездегі бір аса ірі кеңес республикасының экономика мәселелерімен шұғылданғандар зор жауапкршілікпен ол туралы куәлік бере алатынын бірнеше талдау елегінен өткен мәліметтермен дәлелдей білген.

КСРО күйреуінің экономикалық себептеріне аясында жүргізілген талдаулардағы тағы бір мәселені назардан қалдыруға болмайды. Танымалы ғалым саясаткерлер тұжырымы бойынша Қазақстандағы бір жұмыс орнының өнімділігі есептеу техника арқылы озат елдердегі жұмыс орнының өнімділігінің бір пайызын ғана құраған екен. Бұған не деп дау айта алмақпыз. Жанымызға жақсын, жақпасын, ақиқатты жағдайға өзіміз әбден қаныға түсіп, өзгелерге әдеппен түсіндіре білген ғалым мен тәжірибе айқындаған. Осындай фактілер арнасында елде қалыптасқан әлеуметтік-экономиклық және саяси ахуалдың қайда алып келгендігін де айтпауға болмайды. Қоғамды торығушылық кеңінен жайлай бастады. Жаппай енжарлық қауіпті мөлшерде етек жайды, ал бұрынғы кеңестік басқару жүйесі тез күйрей бастағанымен, жаңа саяси және экономикалық құрылымдар орасан зор кедергілермен баяу орныға бастады. Осындай көпсалалы келеңсіздік бүкіл елде ереуілдер мен пікірсайыстар толқынын күшейтіп, ұлттық қозғалыстар билікке қол жеткізіп, жекелеген республикалардың КСРО құрамынан шығатын пейілі танылған кезде, Кеңестер Одағының тынысының тоқтауына санаулы уақыт қалғаны әбден аян болды. Билік басындағы таза болашақты ойлайтын адамдарға не тарих қойнауына жылжып бара жатқан көне жүйедегі орнын сақтап қалу, не өз жауапкершілігіндегі елін - Қазақстанды жаңаша қалыптастыруы міндеті керек болды. Бұндай тұлғаларға сеніп тағайындаған халықтың – қазақстандықтардың алдындағы жауапкершілігін сезініп, шешімді әрекеттерге барудан басқа амал қалмады.

Ойшыл, тәжірибесі мол адамдардың белсенді әрекетінің арқасында Одақ бейбіт жолмен ыдырап, тәуелсіздік таңы да атты. 1991 жылдың желтоқсанында қабылданған Алматы Декларациясында: “Тәуелсіз мемлекеттер Достығының құрылуына байланысты Кеңестік социалистік республикалар одағы өзінің өмір сүруін тоқтатты” деп жазылды. Демек, КСРО-ның күйреуінің ең соңғы нүктесі Алматы қаласында қойылды. Ол туралы сол тарихи оқиғаның куәгері Ә. Келілбаев: “Жетпіс жылдан астам жер дүниені тітіреткен қызыл империяның жаназасы Алматы қаласының құрманғазы көшесіндегі Достық үйінің дөңгелек залында шығарылды. Жасы жетпіс төртке қараған әлемдік социализм мен алтыдан асып бара жатқан кеңестік қайта құрудың ала сапыранының ақтық сағаттары Алатау баурайында, қазақ топырағында аяқталды” - деп жазды ХХ ғасыр алып шығармашысы, зиялы қазақ перзенті.

Қорыта айтқанда, КСРО-ның ыдырауының саяси себептерімен қатар, әлеуметтік-экономикалық себептерін де көрсетіп, оларға жан-жақты талдау жасау арқылы Одақты күйреуге алып келген процестің объективті негіздері осылай болған. Егер, Одақтың ыдырауының әлеуметтік негіздерін ұлтаралық қатынастарда, әлеуметтік қамсыздандыру саласында, т.б. әлеуметтік салаларда жіберілген кемшіліктер құраса, экономика саласында жете әміршіл-әкімшіл орталықтан басқарылған жоспарлы экономиканың тоқырауы, жаппай көзбояушылық, талан-таражға жол беру т.с.с. құраған. Осының бәрі Казіргі Қазақстанның ширек ғасырлы тарихы нақты фактілер негізінде дәлелдеп берген. Демек, тәуелсіздік қарсаңында елде қалыптасқан әлеуметтік-экономикалық және саяси ахуалын объективті бейнелеп, шынайылық деңгейі жоғары дерек көзі арнасында толығымен дәлелделді деп ойлаймыз.

Өткен ғасырдың 70-шi жылдары басы жаңашыл үрдiстердiң едәуiр әлсiреуiмен, қоғамдық құрылыс қағидаттары (принциптерi) мен түрлерiнiң тоқырауға ұшырауымен ерекшелендi. Саяси өмiр қағидаттарына әлем дамуындағы озық тәжірибелер келе бастағанда саяси және экономикалық бетбұрыстың пайда болуы елеулі жаңалықтарға жол ашты. Өйткенi дәл осы кезде саяси құрылымды жаңартуға, нарықтық қатынастар жолымен экономикалық реформалар жүргiзуге бағытталған барынша ауқымды, түбегейлi ұмтылыстар күш ала бастады. Яғни, онда кеңестік социалистік құрылымның “сталиндiк”, “кеңестiк” нұсқасының дәрменсіздігі және сол арнада демократиялық қатынастар мен азаматтық қоғам орнату мүмкіндігі шегіне жеткені әбден аян болды.

Алайда КСРО басшылығымен бұл ұмтылыс 1968 жылы “Прага көктемiне” қарсы төндiрiлген “интернационалдық акцияның” салдарынан iске аспай қалды. Осының нәтижесiнде 60-шы жылдар ортасындағы бетбұрыс төрешiл кертартпа күштердiң құрсауында қалды. Бұл оқиғаның iзi суымастан “ревизионизмге” қарсы басталған идеологиялық науқан Чехословакиялық коммунистік партиясының ішкі дағдарысын жоюға, бiрқатар басқа сондай саяси ұйымдардың оппортунистiк күштерге теориялық соққы беруге, партия, оның социалистiк қоғамдағы жетекшi рөлi туралы “маркстiк-лениндiк” тұжырымдаманы қайта қалпына келтiруге жәрдемдесуге тиiс болды.

Алайда тарих тәжiрибесi коммунистiк құрылыстың КОКП Бағдарламасында белгiленген мiндеттерi өзiне сай саяси және тәжірибелік шешiмдер тапшы екенідігін көрсеттi. Ал мұның өзi көптеген сауалдың жауабын кемелденген социализм тұжырымдамасынан iздеу қажеттiлiгiн алдын-ала аңғартты. Кеңестік мемлекетті бiрте-бiрте жетiлдiру идеясы саяси бағыттың өзегiне айналды.

Билеушi партияның басшылығы Қазан (1917 ж.) оқиғаларының 50 жылдығына байланысты өткен салтанатты мәжілісінде жасалған баяндамасында, ешбір дәлелсіз Кеңестер Одағы тарихының басты нәтижесі кемелденген социализмнiң орнауына әкеледi деген тұжырымға тоқтады. Бұл “тұжырымдаманың” өзiнен бұрынғы теориялық ұстанымдары мен методологиясынан айырмашылығы, социалистік қоғам дамуының едәуiр ұзаққа созылатын кезеңi екендiгiн ашық мойындауынан пайда болған еді. Осы межеден бағалайтын болсақ “коммунизмге қарай алып адыммен секiру” идеясынан бас тарту жағдайына байыпты баға беру көрiнiсi болғандығы шүбәсiз. Бiрақ бұл тұжырымдама ХХ ғасырдың 30-40-шы жылдары мерейi үстем болған, өтпелi кезеңнiң бүкiл проблемалары шешiлiп бiттi, социалистiк мұраттар негiзiнен жүзеге асты және осының бәрi дәлелденген” деп санайтын әлеуметтiк-экономикалық даму пайымы негіз болған.

Ешбір адамзат тәжірибесі мен теориялық ұстанымы дәлелденбеген «тұжырым» салдарынан социализмдi жетiлдiру жолдарын iздестiру iсi (егер мұндай iздестiру жүргiзiлсе) ескiрген түсiнiктер аясында ғана қанат жаюға мүмкiндiк алды. Cоциализмнiң iркiлiссiз және қайшылықсыз үдере өркендеуi теориясы экономикалық және әлеуметтiк ұмтылыстарды асыра ұлғайтып сипаттауға, ақиқатты қосымша боямалап насихаттауға бағыт сілтеді. Қоғам өзегiне енген қайшылықтардың, тоқыраушылықтың, төрешiлдiктiң асқыну себептерiн екі жүзді жасырынды сипатта қалдыра бердi. Қоғамның даму құбылысы өткен кезеңдегi жетiстiктермен салыстыра қарастырылғандықтан, сөздер мен ұғымдар бiрте-бiрте шындыққа мүлде жанаспайтын дәрежеге ұласып, қолданған «теорияның» өзі де мақсат еткен мән-мағынасынан алшақтай түскен.

Қиялдағыны қолдағыдай етiп көрсетуге жалаң ұмтылыс барынша асқындаған көрiнiсi, КСРО-ның 1977 жылғы Конституциясында тіпті заңдастырылып бас құжатқа салынды. КОКП Орталық Комитетiнiң мамыр (1977 ж.) пленумында мақұлдаған Конституция жобасы бүкiлхалықтық талқыға ұсынылып оның барысында азаматтардан не бәрi 400 мыңға жуық ұсыныс келiп түстi. 1977 жылғы қазанның 7-i жұлдызында тоғызыншы сайланған КСРО Жоғарғы Кеңесiнiң кезектен тыс сессиясы Негiзгi Заңның мәтінiн қабылдады. Бұдан былай Кеңестер Одағында жаңа мереке 7 қазан Конституциясы күнi мәртебесін алды.

1978 жылғы наурыздың 17-i жұлдызында Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесiнiң Төралқасы республика Конституциясының жобасын бас-аяғы бiр-ақ айға созылған “бүкiлхалықтық талқылауға” ұсынды. Оның iргетасын Кеңес мемлекетiнiң Негiзгi Заңы құрады. Сыншыл рухтағы ресми қоғамдық пiкiрге кереғар келетiн материалдар, әлбетте, ескерусiз қалды. 1978 жылдың наурыз айының 18-20 жұлдыздарында Қазақстанның билеушi партиясының ОК-i мақұлдағаннан кейiн, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесiнiң кезектен тыс жетiншi сессиясы Жаңа Конституцияны қабылдады.

Демократияны шектеу, еңбек адамын меншiк пен билiктен іс жүзінде алшақ ұстау, адамның құқын аяқасты ету т.б.сияқты кеңес қоғамының саяси жүйесiне тән көріністер осындай болды. Жаттандық пен қасаңдыққа бой ұру демократиялық институттардың қатып-семуiне және тек қана формалдi арнада сипат алуын одан әрі нығайтты. Қалыптасқан жағдай Кеңестердiң демократиялық iшкi мүмкiндiктерiнiң тынысын тарылтып, адымын ашқызбауға айналды. 1970-1980 жылдары жетекшi органдар тарапынан Кеңестер жұмысын жақсарту жөнiнде ондаған құжаттар жарияланғанымен, олар күткен жаңалыққа жол ашпады және олай болуы да мүмкiн емес едi. “Мемлекеттендiру” процесi кәсiподақтарды, жастар одағын және басқа қоғамдық ұйымдарды да қамтыды. Қоғамдық ұйымдардың партиялық-мемлекеттiк аппаратпен тұтасуы, олардың дербес негiздерiн жоққа шығаруға әкеп тiредi.

Бұл кезеңге тән болған сөз бен iс, қабылданған шешiмдер мен олардың орындалуы арасындағы алшақтық кеңес адамдарының бойында самарқаулық пен немқұрайлықты тереңдете түсті. Өткен ғасырдың 50-60-шы жылдардағы реформалық әрекеттердің сәтсiздiкке ұшырауы, ауыз толтырып айтарлықтай нәтижелердiң болмауы, көпшілік жиындар мен еңбек ұжымдарында жарияланған мақсаттар мен ниеттерге сенiмсiздiкпен қарау көріністері тынысын одан әрі кеңейтті. Оның үстiне халықтың біршама бөлiгi әрекетсiздiк пен маскүнемдiкке бой алдырып, рухани жарымжандыққа ұшыраудың аз-ақ алдында тұрды.

Келеңсiз құбылыстар ұлтаралық қатынастар саласында да орын алды. Осы жылдары республика бойынша мектептерде ана тiлiнде оқытуды жақсарту жөнiнде бiрде-бiр құжат қабылданбады, оның есесiне мұндай құжаттар орыс тiлiн оқыту сапасын арттыруға байланысты молынан қабылданып жатты. Орыс тiлiнiң жағдайын ұдайы жақсартуға бағытталған “қысымшыл” саяси бағдар “ұлт мәселесiнiң толық және түпкiлiктi шешiлуiмен”, “халықтардың мызғымас достығымен”, “ұлттар мен ұлыстардың жақындасуы және бiрiгуi” арнасындағы жалаң және екі жүзді теориялар, мағынасы қасаңсып, тіпті әзіл шытырмақа әңгімеге айналған жалаң ұрандар қоғамда бой алды.

ХХ ғасырдың 70-80-шi жж. бас кезiнде Кеңес Одағында қос қабат қайшылықты жағдай қалыптасты: оның бұрын-соңды еш уақытта дәл осындай аса қуатты қорғаныс қабiлетi болып көрмеген едi, бiрақ нақ осыған байланысты соғыс қатерi, ядролық шабуылға ұшырау қаупi бұрынғыдан да ұлғая түстi. КСРО билеуші тобы мүшелерiнiң Ауғанстанға әскер енгiзу туралы шешiмi КСРО-ның халықаралық беделiне едәуiр нұқсан келтiрдi. Кеңестiк сыртқы саясаттың тағы бiр аса iрi және қымбатқа түскен жаңсақтығы орта қашықтықта зардап келтіруге қабілетті ракеталарды Еуропаға орналастыруы жөніндегі шешімі болды. Бұл елдегi жағдайды күрт тұрақсыздандырып, КСРО-ның сыртқы саясатына сенiмсiздiк пен екіжүздік сипат берді.

Бұл кезеңде әлемдiк социализмнiң даму қарқынының бәсеңдеуi байқалды. Әлеуметтiк-экономикалық және саяси салаларда қолайсыз бағыттар пайда болып, тереңдей түстi. Шығыс Еуропа елдерiнде орныққан тоталитарлық құрылыстар саяси басшылық пен мемлекеттiк басқару арналарын бiр уысқа шоғырландыра келе, бiрте-бiрте билік жүйесін халық бұқарасына қарсы қойды. Бұған, мәселен, Польшада болып өткен оқиғалар айғақ бола алады. Мұнда 1956-1980 жж. төрт рет дау-жанжал туындады. Бұл төңтерiстiк әкiмшiл-әмiршiл жүйенiң теориясы мен идеологиясының дағдарысқа ұшырағандығының белгiсi едi. Алайда мұндай “дабылдардың” бiрде-бiрiне саяси тұрғыдан лайықты жауап берiлмеді. Саяси-экономикалық құрылымды жаңартуға бағытталған ұмтылыстар оппортунизм, ревизионизм, яки “капитализмге қайта оралу” деген тіпті ешбір ойға сыймайтын құр сөздермен бағаланды.

Мұнда ел басқару жүйесiн сақтап қалудың барлық әдістері, тiптi әскери жағдай енгiзу де түгел қолданылды. Қасарыспа қасаңдық пен сыңаржақты идеологиялық шалықтау шылауында қалған КСРО мен социалистiк қосын елдерi басшыларының басым көпшiлiгi қоғамдық құрылысты түбегейлi өзгерту мiндеттерiн шешу биiгiне өре жеткiзе алмады. Сыңаржақты идеологиялық қысым көрсету мен әртүрлi жазаларға ден қою КСРОны қолдаушы елдерiндегi рухани өмiрдiң басты нышандарына айналды.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   16   17   18   19   20   21   22   23   ...   69




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет