1-сурет. Алтай-Саян таулы аймағы
1. 2 Жер бедері мен геологиялық құрылымы
Жер бедерінің ерекшеліктеріне қарай Қазақстандық Алтай үш ауданға бөлінеді. Олар – Кенді Алтай, Оңтүстік Алтай, Қалба жотасы. Оңтүстік Алтай солтүстігінде Бұқтырма өзені мен оңтүстігінде Зайсан, Қара Ертіс аралығында жатыр. Ертіс аңғары оны батыс жағынан Қалба жотасынан бөліп тұрады. Шығысында ол Үкөк тау қыратымен шектеседі. Осы жерден батысқа және оңтүстік батысқа қарай екі тау жотасы тарайды. Оларды Күршім мен Қарақоба өзендері бөліп жатады. Тарбағатай (2739м), Сарымсақты (3373м), нарын (2386м) жоталары солтүстік тау бөлігіне кірсе, оңтүстік Алтай жотасы (3483м), Сарытау (3300м), Күршім (2644м) жоталары оңтүстік бөлікті құрайды. Асу жотасы мен Сарытаудың аралығында 1449 м биіктікке Марқакөл қазаншұңқыры орналасқан. Бұл ауданның биік бөлігі шығыс жағында; батысқа қарай біртіндеп аласарып, тау қыратына айналады. Тау шыңдары аралығында көлемі шағын, онша терең емес көлтабандар, батпақты көлдер мен шағын тақырлар кездеседі. Олардың өзі 2300 - 2500 м биіктік шамасында жатыр.
Ауданның батыс шекарасы Холзун тау тізбегінен өтеді. Оның жер бедері адырлы келеді. Жоғарғы жағы толқынды кең қыраттардан тұрады. Одан жоғарыда жалаңаш шыңдар орналасқан. Таудың оңтүстік беткейлері тік және күшті тілімденген. Тау етектері біршама жазықтау. Кенді Алтай – Оңтүстік Алтайдың солтүстік - шығыс бетінде Үлбі (2300м), Иванов (2775 м), Үбе (2100 м) тау жоталарынан тұрады. Олар Қатынтау жотасы мен Үкөк тау қыратынан тарайды. Олардың жер бедері әр түрлі. Оның жеке бөліктерінің жер бедері әбден тілімделген биік таулы болып келеді. Көп жерлерін қылқан жапырақты орман жапқан таулардың беткейлері – көлбеу, төбелері доғалды - дөңесті, кей жерлерінде тегістелген үстірттер ұшырасады.
Қалба жотасы Ертіс өзенінің сол жағында жатыр. Оның ең биік нүктесі – Сарышоқы (1558 м). Қалба жотасы батыс жағында Шар аңғары арқылы Сарыарқамен шектеседі. Тау төбелері жұмырлау, беткейлері әбден тілімделген, кей жерлері жазық келеді. Қазақстандық Алтай тауы герцин қатпарлығында түзілген, олар тегістеліп аласарған жоталармен кезектесіп отыратын бірнеше көтерілудің нәтижесінде пайда болған. Мезозой дәуірінің аяғында мүжіліп, үгітіліп, жазыққа айналған өлке неогеннен, антропоген кезінде қайта көтерілген. Кей бөліктерінде опырылып үлкен блоктардың ығысып төмен түсуінен өркешті тау қалыптасқан. Тау шатқалдарының дамуына өзен эрозиясы, әсіресе неоген дәуірінде кең тараған мұздықтар эрозиясы әсер еткен. Ежелгі мұздықтар әсері циркті және карлы жер бедерінің түрлерімен бірге тау басында тегістелген жазықтарда кездеседі. Геологиялық құрылысы жағынан олар метаморфтанған палеозойлық саз балшықты кремнийлі тақтатастан, әктастан, гранитті, гранитоидты интрузиядан, жанартаулық эффузиялық тау жыныстарынан түзілген.
Достарыңызбен бөлісу: |