1.6 Өсімдіктері мен жануарлар дүниесі
Орман алқаптарында май қарағай, бал қарағай, шырша, самырсын өседі. Тау жоталарындағы шалғында мал жайылады, омарта шаруашылығы дамыған. Ең жоғарғы белдеу таулы тундрадан, жалаңаш тау басындағы қар мен мұздықтардан тұрады. Тау етегі мен аласа таулар құнарлы қара топырақты келеді, онда дала зонасының өсімдіктері – боз, бетеге және т. б, шөлейт зонада сортаң өсімдіктер өседі. Тоғайларда итмұрын, қарақат, жидек; тау аралық аудандарда күлгінді тарғақ шөп, қоңырбас т. б. шөп тектес өсімдіктер өседі.
Қарақат (Rіbes)– тасжарғандар тұқымдасына жататын бұта. Қазақстанда Алматы, Оңтүстік Қазақстан облыстарында өсірілетін 11 түрі бар. Биіктігі 60 см-ден 2 м-ге дейін жетеді. Бұтағы тікенекті, жапырағы жалпақ, 3 – 5 қалақшасы болады. Гүлі ұсақ, екі үйлі, көбінесе қос жынысты кейде дара жынысты. Маусым – шілде айларында гүлдеп, шілде – тамызда жемісі піседі. Жемісі – жидек. Жеміс шоғында 2 – 18 түйір жеміс болады. Жеміс құрамында 12 – 20% құрғақ зат, 78 – 83% су, 5 – 10% қант, 2 – 4% түрлі қышқылдар, витаминдер (В1, С, Р), сондай-ақ пектин, илік заттар, минералды тұздар бар. Қара қарақатты халық медицинасында кеңінен қолданады. Жидегі тәбет ашады, тер шығаратын және несеп жүргізетін қасиеті бар. Жидегі организмде витамин жетіспеген жағдайда, қан азайғанда және жүдеген кезде пайдалы. Қызыл және жабайы қарақат тек жемісін жинау үшін емес, будандастыру арқылы жаңа сорттар шығару үшін де пайдаланылады. Жидек ретінде қара, қызыл және ақ қарақат көп өсіріледі. Негізгі зиянкестері: бүршік кенесі, өрмекші кенесі, жылтыр көбелектер; ауруы: ақұнтақ кеселі.
Достарыңызбен бөлісу: |