Абай айтқан шын ұяттың екінші түрі – өзің үшін ұялу. "Ол сондай ұят – шариғатқа теріс, я ақылға, я абиұрлы бойға теріс, я адамшылыққа кесел қылық, қатеден яки нәпсіге еріп ғапылдықтан өз бойыңнан шыққандығынан болады". Яғни, өз жасаған ісіңнен ұялу.
"Мұндай ұят қылық қылғандығыңды бөтен кісі білмесе де, өз ақылың, өз нысабың өзіңді сөккен соң, іштен ұят келіп, өзіңе жаза тарттырады. Кірерге жер таппай, кісі бетіне қарай алмай, бір түрлі қысымға түсесің" дейді Абай. "Мұндай ұяты күшті адамдар ұйқыдан, тамақтан қалатұғыны да бар". Бұл да Абай сөзі. Осындай ұялу бар ма өзі қазір біздің бойымызда?
Елорда мен Алматы карантинге жабылды. Қаладағы студенттер, тағы басқа да адамдар өздерінің қалаларына, ауылдарына қайтып жатыр. Сондағы таксидің бағасының көтерілгенін көрсеңіз, масқара. Кемі 3 есе өсіріп жіберген.
Ақтөбені су басқан кезде, 2-3 мың тұратын резеңке етікті 10 мыңнан сату, Қордай асуында қарға қамалғандарға бір бөлке нанды 2 мың теңгеге саудалау секілді мысалдарды естіп жатамыз.
Бұл да сол ұятсыздықтан, ынсапсыздықтан, арсыздықтан туған дүние. Ұяты болса, ары жібермес еді. Елдің басына осындай дүрбелең келіп жатқанда, ар мен ұятымыз сыналатын кезде, ондай ең аяулы қасиеттерді ысырып қойып, бір күндік тамағымен осындай дүниеге бару – адам ұяттан күсіп қалған жағдайда болатын нәрсе.
Ұятмен деген секілді теріс насихаттар болса, енді бірі – "басқалар да істеп жатыр ғой, онда тұрған не бар?" деп жатады. Бұл да – бір сұмырай ақталу. "Елдің бәрі пара алып, пара беріп жатыр ғой. Елдің бәрі заң бұзып жатыр ғой. Елдің бәрі некеге дейін ардан аттап жатыр ғой. Елдің бәрі аборт жасатып жатыр ғой, онда тұрған не бар?".
Осылайша, өтірік, өсек, мақтаншақтық, жігіттің сөзінде тұрмауы, уәдеден тайқу, аманатқа қиянат, осалдық, ата-анаға құрметсіздік, досқа сатқындық, қыздың арын сатуы, зина, алаяқтық, пара тағысын тағы, бұның бәрі ұят емес жағдайға жетті қазір. Кәдімгі нормаға айналдырады кейбір ұятсыздықтар. МАЙ тоқтатады, берген шопыр ұялмайды, алғанына анау ұялмайды. Қияметтің белгісін баяғыда шалдар айтқанда, мысал үшін "әділетсіздік, арсыздық нормаға айналады" дейді ғой. Арсыздық нормаға айналған қоғамның болашағы, түсінікті, бұлыңғыр.
Қазір жаһанданып жатырмыз дейміз, еліктейміз, дамыған қоғамнан үлгі алып жатырмыз дейміз. Не пайда сенің дамыған қоғаммен жағаласа жарысқаның, егер адами құндылықтарыңның қазынасы ортайып жататын болса.
Абай: "Ұят деген – адамның өз бойындағы адамшылығы, иттігіңді ішіңнен өз мойныңа салып, сөгіс қылған қысымның аты. Ол уақытта тілге сөз де түспейді, көңілге ой да түспейді. Көзіңнің жасын, мұрныңның суын сүртіп алуға да қолың тимейді, бір ит боласың. Көзің кісі бетіне қарамақ түгіл, ешнәрсені көрмей қалады" дейді. Қылған ісіне осыншалық деңгейде ұялатын адам бүгінде біздің арамызда бар ма, ағайын? Болса, бар ғой енді, ел болған соң болатын шығармыз енді, бірақ некен-саяқ. Кейбіреуі болмаса, анда-санда.
Керісінше, ұялмайтын нәрсеге қызарып, ұялатын нәрсеге ұялмайтын деңгейге тереңдеп түсіп кеткен жоқ па екенбіз деген ой келеді. Қорқасың.
"Ұят игіліктен басқа ешнәрсе алып келмейді" деген хадис бар. Ұят деген – тәртіп. Ұят деген – таразы. Ұят деген – реттеуші. Ұят деген – ешкімнің зорлығынсыз адам баласын дұрыс жүріп, дұрыс тұруға қамшылайтын күш. Ұят деген – намыспен ықпалдас ұғым өзі. Ұят бар жерде бүкіл дүниенің пердесі, бүкіл дүниенің қалқаны, адамшылықтың, иманның қалқаны – ұят. Сондықтан Абайдың осы ұятқа келгенде ерекше бір толғануы бекер емес.
Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының: "сөзі жоғалған жұрттың өзі жоғалады" деген сөзі бар. Бұрын осы "ұят" сөзі жүз адамның ортасында жүз рет айтылады десек,шартты түрде, қазір он рет айтылуы мүмкін. Оның бесеуі "ұятмен" мағынада айтылуы мүмкін. Қазақ бала тәрбиесінде "ұят болады" дегенді көп айтады. "Әй елден ұят", "әй, мынауың ұят болады". Ұяттан адамның жүзі қызарып кетеді. Неге? Өйткені ол сөзде, ұят деген сөз энергетикалық қуатқа ие, энергиялық қуаты бар ол сөздің, тірі сөз. Яғни, ұяты бар деген сөз. Әжелеріміз "ұят болды" дегенде өзінің жүздері қызарып кеткенін де бала күнімізде көрдік.
Ал, ұят сөзі айтылып жатқанда еш әсер бермейтін болса, онда ол сөз бойымыздан жоғалып барады деген сөз. Адам бойынан күнде өлетін клеткалар секілді осындай сөздеріміз де өліп жатқанға ұқсайды. Яғни, бойымыздан сөз жоғалып жатыр, сөз дегеніміз біздің болмысымыз, болмысын жоғалтқан ұлт ол азғындайды, жоғалады. Ахаң айтып отырған "сөзі жоғалған жұрттың өзі жоғалады" дегені осыны меңзейтін сияқты.
Ұяты бар ұл мен қыз ұлт сапасын көрсетеді, ерекшелігін әйгілейді, бірден бір көрсеткіш. Қанша жерден қыңыр тартсаң да, өзгермейтін қағида. Осыны ұмытпайық. Ұятымыз бойымызда болсын.Қазақтар қыз абыройына да ерекше мән берген. Қыз баланың тәрбиесінде, өзін күйеуге шыққанға дейін ер адамнан сақтауын қазақтар: абыройы өзінде, абыройын сақтаулы, - дейді.
Пайдаланылған әдебиеттер: Айбын. Энциклопедия. / Бас ред. Б.Ө.Жақып. - Алматы: «Қазақ энциклопедиясы», 2011. - 880 бет.ISBN 9965-893-73-Х