ТАЛАНТТЫҢ КЕМЕЛ ШАҒЫ
Әдебиеттанушы ғалым Рымғали Нұрғалиев үнемі ізденіс үстінде жүретін, дер кезінде «сылдыраған өңкей келісімге толы дүниелерін оқушыларына ұсына қоятын кемел шағына келген ұстаз. Ол келісті келбет, салмақты ой, шынайы сөзімен, алдымен, ұстаз. Ізденуші шәкірттерінің жоғын қолына ұстатқан, жөн сілтеген ұстаз ғалым, білімдар әдебиеттанушы. Ақтаңдақтар аршылып, әдебиетіміздің алыптары қайта оралып жатқанда Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаевтарды еліне алғаш таныстырған ғалым Рымғали Нұрғалиев болды. «Әдебиет танытқыш» оқулығын жазған Ахаңды «қазақтың ұлттық әдебиеттануының ғылыми-методологиялық негізін қалаған, басты терминдері мен категорияларын түп-түгел қалыптастырған» деп таныстырды, Мағжанды «мөлдір сезім, биік парасаттың» ақынымен қайта қауыштық деп ой қорытты, Жүсіпбекті «сегіз қырлы, бір сырлы» деп бағалады. Бұл ойларын нақты мысал, орамды ойларымен түсінікті етіп дәлелдеп те шықты. Ғалымның бұл еңбектері әдеби дәстүр мен даму проблемаларына көзқарас кітабы «Телағысқа» да арқау болып кірген.
Рымғали Нұрғалиев «Әдебиет теориясы» аталатын нұсқалықты жинақтап құрастырды. Шәкірттерге таптырмайтын оқулық. Көне дүниелер ғалымдары мен біздің заманның әдебиеттанушылары – бәрі де қазақша сөйлеп тұр. Олар: «Суреткер», «Мазмұн мен пішін», «Жанр», «Әдеби процесс», «Тіл мен стиль» туралы ой біліседі. Аристотельден басталып Қ.Жамағалиевпен қорытындылаған ғалымдарды әдеби теориясы туралы ой-пікірлері жинақталған. Танымдық, тамаша оқулық.
Өткен жылы ғана Рымғали Нұрғалиев қазақтың жүз жазушысының жүз романына шолу жасап «Қазақтың 100 романы» анықтамалық оқу құралын шығарды. Жүз жазушының жүз кітабына жүйелі шолу жасалған. 1910 жылы шыққан Міржақып Дулатовтың «Бақытсыз Жамал» романынан бастап 2001 жылы дүниеге келген Тұрсынхан Зәкенұлының «Көк бөрілердің көз жасы» аталатын романына дейін кітапқа арқау болған. Кеңестік кезеңнен өзімізге әбден танымал қазақ қаламгерлері романдарымен қатар, Қытай, Моңғол қазақ жазушыларының да біздің көпшілік оқырманға етене таныс емес романдары да ұсынылған. Іздесек таптырмайтын кітаптарға академик қаламгер шолу жазып, жүз романды оқушысымен таныстырады. Үлкен ауқымды еңбек, романдар энциклопедиясын жасаған Рымғали Нұрғалиевтің бұл білімдарлығымен, ізденісінің жемісі.
Қаламгер академик, тума талант Рымғали Нұрғалиев бүгінде кемел шағында тұр. Ұлағатты ұстаз ғалымның шәкірттеріне бергенінен берері көп, айтары ауқымды, ізденісі үзілмейді деп сенеміз.
А.Қажыбай
ҒАЛЫМ. СЫНШЫ. ҰСТАЗ.
Әлімсақтан жеткен толғауы тоқсан әдебиеттің асыл мұрасы эпикалық мол мұраларымыз кейіннен тасқынды судай ақын-жыраулар поэзиясына ұласты да, ХІХ ғасырдың екінші ширегінде ұлттық рухани олжалы аңсарларынан хакім Абай қалаған тың жаңаша сападағы әдебиетке ауысты. Кемел бітімді қазақтың жазба әдебиеті ХХ ғасырдың басынан осы ғасырдың аяғына дейін көркемдік дамудың эволюциясын басынан кешірді. Осы толықсып-жетілу, кемелдену, көркею үрдісінде төл әдебиеттің алдынан дәуірдің талай алмағайып бұралаң-бұлтарысы, асу бермес өткелі мен шың-құздары, ылдиы мен өрі, еңісі мен биігі кездесті. Уақыттың сонау өліара, қытымыр мінезі, замана бұрқағы бұршақтай соғып, азаттыққа, рухани дербестікке бет алған талай алаш арыстарын солдырып тастады. Ғасыр басында аққан қанда толас болмай, ел азып, ер тозып, ең сорақысы ай мүйізді, көк серкелерімізден, рухани көшбасшыларымыздан айырылған нәубеттен, тығырықтан шығар жол сұрқия идеологиялық қасапхана дәлізінен бір-ақ шықты. Бірақ алаштың өр рухы, жаны сірі екеніне сан мәрте көзіміз жетеді. Тәңірдің алқауымен, ғайыптап тайып, Алланың көзі түзу болсын дегенді медеу еткен қазақ әдебиеті өзінің көркемдік даму бағдарынан жаңыла қойған жоқ. Әдебиеттанудың өсу, жетілу жолында сойқанды жылдардың, желбуаз зымиян ұрандары да, «түрі ұлттық, мазмұны социалистік» гомосоветикустардың утопиясына бөленген әсіресе тапшылдық гөй-гөйлерді айналып өтпеген. Алайда тәкәппар уақыттың ұлы тегеуріні бәрін де өз өніне қойды. Тезіне салды. Оң мен солдың, ақ пен қараның ара жігін айырып бергендей. «Сөз жүзінде бостандық, іс жүзіндегі бодандық» билеген саясаттың қиянпұрыс ұлы зәрі бір күнгідей болмай үрген көбітей жоғалып, құрдымға сіңді.
Әдебиеттің аламан бәйгесіне алпысыншы жылдардың бас кезінде Ахмет Байтұрсыновқа айтқызсақ «Тұқымын адамдықтың шаштым, ектім, көңілін көгертуге құл халықтың» демекші әдебиеттанудың «адамдық диқаншылары», арғымақтарын алыстырған, жүйрік тұлпарларын жарыстырған, ерекше феноменді бір сеңгер баһадүр толқын қосылды. Қаңси бастаған тамырларға қан жүгірді. Әдебиеттің тақырыптық-идеялық өрісі кеңіді. Тар идеялық өрістен адамзаттық құндылықтарға бет бұрды. Кешегі атылған, асылған, айдалаған аға буын абыздардың орнына өртеңге шыққан өскіндей кейінгі толқындар, кейінгі алыптар басты. Бұл – пәрменді де қуатты буындар еді.
Біз бүгінгі мақаламызда жаһан соғысы кезінде туған буынның ішінде әдебиетте салғаннан өзіндік айшықты қолтаңбасын танытып, оқырманды елең еткізген, әдебиет сүйер қауымның ыстық ықыласына бөленген талантты, дарабоз ғалымдардың бірі де бірегейі – Рымғали Нұрғалидың қызметі мен шығармашылығындағы қадау-қадау желілерге кідіріп, өз шәкірттік пікірімізді ортаға салуды құп көрдік. Әдебиетші-ғалым заңғар тұлға ретінде танылған уақыттан-ақ ғылымдық «мені» арқылы өмір айнасы һәм оның ілеспе шежіресі әдебиет пен замана ағымының бұрқ-бұрқ қайнаған ортасында гармониялық үйлесімді үндестіктің дәнекершісі қызметін атқара бастаса керек. Әлемдік әдебиеттанудың шежірелік ғұмырындағы көптеген мысалдарға ой қыдыртып, көзіміз жетіп, көңіліміз сенген бір шындық - әр зерттеушінің нақты кесек туындысы, өзін-өзі тануға жасалған ұмтылысы яки қадамы. «Әлем – деген менің түсігінім ғана» (А.Шопенгауэр) деген қағидаға жүгінсек, отандық әдебиеттанудың да бүкіл болмыс-бітімін әйгілейтін, адамгершілік, әділеттілік, парасаттылық параметрі әдебиеттің көкжиегін кеңейтуге қомақты үлесін қосқан біртуар тұлғалардың творчествосындағы моральдық тазалық пен ой тереңдігінің өлшемімен айқындалады.
Әдебиетіміздегі алыптар тобы атанған кешегі Ахмет, Міржақып, Жүсіпбек, Мағжан, Сәкен, Бейімбет, Ілияс, Сәбит, Мұхтар, Ғабит, Ғабидендердің өз дәуіріне сай «новаторлық» сипатын толыққан, жаңғырған, кемелденген рухани ізбасарлары еді. Қазіргі дәуірдегі қазақ әдебиетінің асылы да, бары да, нары да осылар екендігін халайықтың жүрегіне сіңіріп, әсіресе ауыз толтырып айтуымыз қажет сияқты. Осы алыптардың ізін өкшелеп басқан әдебиеттанудың іргетасын қаласып еңбек торысы атанған Бейсенбай Кенжебаев, Қажым Жұмалиев, Темірғали Нұртазин, Мәлік Ғабдуллин, Есмағамбет Ысмайылов, Белгібай Шалабаев, Айқын Нұрқатов т.б. болды. Осынау ғаламат ұстаздардан тәлім алып «аузына Мағжан түкірген кешегі Кенжебаевтың бел баласы» Рымғали Нұрғали болғандығы әмбеге аян. Қазақтың жазба әдебиеті көне дәуірдегі Орхон-Енисей жазба жәдігерлерінен бастау алатынын, оның жүйелік классификациясын тұңғыш ұсынып, дәйекті дәлелдермен шегелеген, ұлы әдебиетші, Сұлтанмахмұттанушы Бейсенбай Кенжебаевтың үлкен жүректі ұстаз болғандығын академик Р. Нұрғалидың мынадай бір ғиззат лебізін айтып, ырыздық несібесін білдіргені бар. «Ойпырмай, Бейсекең жарықтықты мен, Мұхтар, Мырзатай үшеуіміз кезек-кезек емдік қой езуімізден ақ сүт аққанша. Таусылмаушы еді жарықтықтың сақтағаны. Сарқыты Құлбеке дейін жетті ғой». Осы бір көкіректі кере шыққан шәкірттің ұстазына деген бүкіл толғауы мың тірлік пен бұлтарысы болмыстың қадір-қасиеті бір-ақ ауыз сөздің қауызна сыйып тұр. Бұған біздің алып-қосарымыз жоқ.
Ғалым хақында сөз басталып, әңгіме арқаны ағытылса әдебиетшілеріміз «ғылымға не жаңалық әкелдіге» ұқсас әбден жауыр болған, айта-айта мезі қылған сұрақтарды жалаңдатып, сол сауалдың жауабын табамыз деп ығыры шығады.
Р.Нұрғалидың ғылыми қызметі жөнінде ойымызды білдіруге кіріспес бұрын, бір нәрсенің бетін ашып алсақ дейміз.
Бек ғылымның сөзіне сүйенсек, жаңалық ғасырдың еншісіне тиеселі жүк. Әдебиет айналымының үлкен иіріміне түскен дүниелерді ғана жаңалық деп тану парыз. Әдеби-сын құбылыстың жаңалық деп мойындалуы үшін аралық қажет. Аралық ұлғайғанда ғана асқар таудың сұлбасы, барша пошымымен көзге шалынбақ.
Әдебиетші ғалым, сарабдал сыншы, кәнігі аудармашы Р.Нұрғалидың алуан арналы да салиқалы, ажарлы да базарлы туындылары, жілігін шағып, майын тамызған сындарлы талдау еңбектері, қазақ, орыс екі тілді тең, тел емген түпнұсқадан айнымаған кәсіби аудармалары, мол эрудиция мен жоғары талғамды шығармалары оқырман қауымның көзайымына айналып, ыстық ілтипатқа бөленгеніне қырық жылдан астам уақыт та болып қалған екен. Қырық жылға ұласқан ғылыми ізденіс жолында Р.Нұрғали талғамы терең оқушы жүрегіне тура жол тауып, сыршыл да сыншыл әдеби зерттеулерімен, ойшыл да шұрайлы кесек монографияларымен, өткір де өзекті публицистикаларымен кеңінен танылған сыншы, қаламгер, журналист. Кең құлашты энциклопедист ғалым Р.Нұрғалидың тілге тиек болар кітаптары жетіп артылады. Зердеге салар болсақ бұл еңбектерде автордың неше алуан эстетикалық, моральдық-этикалық, патриоттық қуаты ескерілген. Сайып келгенде әдебиеттану саласының төрт тағаны - Әуезовтану һәм Алаштану, драматургия поэтикасы, «Қазақ революциялық поэзиясы», көркем әдеби-сын жанрлары турасында ғалымның із қалдырмаған ашық алаңқайын таппайсыз. Үлкен талант рухы, шығармашылық шабыт, терең теориялық білім, үздіксіз іздену, өнердің, әдебиеттің даму процесіне әлемдік биік талап тұрғысынан қарау Р.Нұрғали қаламгерлігінің шығармашылық кредосы, өнегелік сипаты болса керек. М.Әуезов трагедияларын жан-жақты саралаған «Трагедия табиғаты» (1968), өнер деген өресі заңғар құдіреттің бір пұшпағы – театр саласының белді дәулескері, «Қазақтың Станиславский» атанған еліміздің халық артисі, драматургы қазақ ұлттық театрының алғашқы режиссері Жұмат Шаниннің ғибратты өмірі мен шығармашылық жолын суреттеу арқылы театр өнерін дәріптеген «Талант тағдыры» (1969), қазақ драматургиясының поэтикасын зерттейтін «Күретамыр» (1973), әдебиет пен эстетика негіздеріне талдау жасайтын «Өнер алды-қызыл тіл» (1974), «Өнердің эстетикалық нысанасы» (1979) кітаптары әдебиеттану ғылымын тың парасатты-пайым, дәйекті тұжырым, көкірегі қордалы соны ой-пікірлермен байытты.
М.Әуезов шығармашылығын зерікпей зерттеу барысында автор ұлы қаламгердің публицистикасын, драматургиясын, прозасын алаш ұранды әдебиетпен байланыстыра қарады. «Абай», «Сана», «Сарыарқа», «Ақ жол» секілді тиым салынған мерзімді басылымдарды пайдаланды. «Көксеректі», «Хан Кенені», «Қилы заманды» трагедиялардың тырнақ алды нұсқаларын жаңаша пайымдады. Жас ғалымның қия жолындағы мұндай ізгілікті ізденіс әрекеті «Өз ауылының иттері үріп қапқан» ескі көзқарастағы әдебиетшілердің, ресми мекеме қызметкерлердің тарапынан аяқтан шалар содыр наразылығын тудырды. Зерттеушінің табысы саяз біреулердің көзіне күйік болып, Мәскеуге арыздар айдалды. Іргелі еңбектің мәйегі бағаланбай, автордың «ұлтшылдығы», «саяси шикілігі» туралы небір қисынсыз, опасыз ғайбат қалыңдап, 5 жылға созылған сергелдең жас жігітке ауыр соққы болып тиді. «Ананың құрсағына сыйғызып, қазақтың маңдайына сыймай» кеткен ғалым домалақ арыздың бекерлігіне, жөнсіздігіне налыса да, жасыған жоқ. Қайта жігерленіп, қайраттанып, еселі тер төгіп үш жаңа ғылыми монография (екеуі қазақ, біреуі орыс тілдерінде) жазып, досын да, қасын да әбден мойындатып, екінші қайтара диссертация қорғап, 1983 жылы ғылым докторы дәрежесін алады. 1984 жылы 1984 жылы профессорлық атағы беріледі, ал 1989 жылы ҚР ҒА корреспондент-мүшелігіне сайланады.
Ғалымның ҚР Мемлекеттік сыйлығын алған (1988) «Айдын. Қазақ драматургиясының жанр жүйесі», «Телағыс. Әдеби дәстүр мен әдеби даму», «Қазақ революциялық поэзиясы» ғылыми трилогиясы және кең құлашты сүбелі «Арқау», екі томдық шығармалар жинағы (1991) автордың әдебиет тарихын, теориясын, жанрларын зерттеу арнасындағы көп жылғы тынымсыз еңбегінің, табанды өрлеуінің бір тобықтай түйіні іспетті. Бұл көлемді, іргелі еңбектер шоғырында нақты әдістемелік тәсілдер арқылы бүгінгі әдебиеттанудың аса маңызды ғылыми-эстетикалық проблемасы шешілген болатын.
Р.Нұрғали 1962-1965 жылдары «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш») газетінің тың өлкесі бойынша меншікті тілшісі, 1966-1968 жылдары Қазақстан Жазушылар одағында сын секциясының меңгерушісі, 1968 жылдан Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінде аға оқытушы, доцент, профессор, филология факультетінің деканы, 1986-1997 жылдары Қазақ Энциклопедиясының бас редакторы болды. Энциклопедия редакторы болып, өзінің барлық қалам қуатын, тума талантын сарапқа салған соңыра республика Мемлекеттік сыйлығына ие болған Абайтанушы ғалымдармен бірлесе шығарған ұжымдық кесек туындысы – «Абай» есімнамалық энциклопедиясы еді. Жоғарыда сөз болған көл-көсір еңбектің бәрін былай қойғанда жалғыз «Абай» энциклопедиясының өзімен-ақ талай қайраткердің аты тарихта қалар еді. Қазақ мәдениетіне алтын дінгектей асыл мұра болып қосылған бұл ғажайып басылым профессор Р.Нұрғалиұлының жөн-жобасымен тікелей қатысуымен түркі әлемінде алғаш рет жарық көрді.
Р.Нұрғалидың кәсіби, шебер тәржімасында Лев Толстойдың «Әзәзіл» повесі, Николай Погодиннің «Салтанат жыры» драмасы, Әлім Кешоковтың «Соңғы шақырым» пьесасы, эстон әңгімелері, «Әшкерелеу», «Бағзы күндер істері» фильмдері қазақша сөйледі.
Қоғамдық ойдың антологиясы, әдебиетіміз бен мәдениетіміздің алтын қоры, алып бәйтеректері 30-шы жылдар саяси қуғын-сүргіннің құрбандары Ш.Құдайбердиев, Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Ж.Аймауытов, М.Жұмабаевтарды ақтау жөніндегі Мемлекеттік комиссия мүшесі болған ұлтжанды азамат Р.Нұрғали қажетті құжаттарды дайындауға белсене ат салысып, тұңғыш ғылыми-зерттеу кітаптар жазып, мақалаларын жариялады. Заңсыз қудаланып, ақталған, ортамызға қайта оралған алаш арыстары, Ж.Шанин және М.Әуезов шығармаларын талдағанда («Әуезов және Алаш» монографиясы) Р.Нұрғали ең алдымен әдеби мәтінге, шығармалардың шығу төркініне, түрлі нұсқаларына, жанрлық формаларға, сюжеттік-композициялық ұқсастықтарға, типологиялық қайталауларға, әдеби дамудың ерекшеліктеріне мән беріп, әлеуметтік-қоғамдық идеяларды қарастырып, ғылыми қорытындылар мен байламдар жасайды.
Автордың орыс тілінде жарияланған үш монографиясы – «Поэтика драмы» (1979), «Древо обновления» (1989), «Вершины возвращенной казахской литературы» (1998) кітаптары әлемдегі өзге ұлттарға қазақ әдебиетінің қазына байлығын таныстыруда таптырмас аса зәру еңбектер.
Қай кезеңде болмасын қаламгер санаға дегбір бермеген, жүрегін сыздатқан жайды бейнелеуді қолайлы санайды. Сыншы сыры да, ерекше қыры да осы сыздауық-нүктеден басталса керек. Бұл сыздауық қазақ драматургиясы еді.
Алғашқы ғылыми дүниесі «Трагедия табиғатында» сыншы негізінен, Әуезов драматургиясының жеке саласын – трагедияларын ғана зерттеу нысанасына айналдырған. «Еңлік-Кебек», «Бәйбіше-тоқал», «Қаракөз», «Түнгі сарын», «Абай» туындыларындағы образдар галереясы, дәстүр мен жаңашылдық, қаламгер эволюциясы, реалистік арналар, характер, сюжет және композиция, конфликт мәселелері, суреткер шеберханасының қыр-сыры ықтиятпен, қадағалана тексеріліп, «қазақ әдебиетінің алтын жамбыдай қымбат, асыл шығармалары», Әуезов трагедиялары – шын мәнісіндегі ғылыми, сыни сарапқа түскен еді.
«Трагедия табиғатынан» бастау алған үрдісті арна-драматургиядағы образ табиғаты, өнердің болмысы, поэтика төңірегіндегі тұжырымдар әзіл мен сықақтың эстетикалық мәні, дәстүрдің жаңғыруы «Өнер алды – қызыл тіл», «Күретамыр» монографияларында бедерлене айшықталып, кең жоспарлы, соны мазмұнды ғылыми-зерттеу трилогиясы «Айдын», «Телағыс», «Қазақ революциялық поэзиясы» монументальды кітаптарын туғызды.
Қазақ драматургиясының жанрларын («Трагедия», «Комедия», «Драма») жүйелі түрде зерттеу, бүгінде жанрлық дамуды басты тенденцияларын ашып көрсетуді басты нысанаға ала отырып «әдеби-көркем процесс диалектикасына» бойлап енуді, ұлттық және халықаралық дәстүрлердің ара қатынасын көрсетуді белгілі кезеңдердегі әдеби даму заңдылықтарын ашуды міндетіне алған.
Сын - өнер. Сын уақыт қажеттілігінен туған, қоғамдық, эстетикалық, философиялық ой-сананың өзгеше бір формасы. Әдетте, көркем шығарманың эстетикалық әсер-ләззаты көп айтылады. Осы әсер сынға жат па? Жоқ! Сынның да өз эстетикасы бар. Ол әсердің кілтипаны – парасатты сыншы ойларының тереңдігі мен сыншылдығы. Ұлы сыншы В.Г.Белинский айтқандай, әр сыншының өз қолтаңбасы, өз сезім-тұжырымы, ой-талғамы, өз биігі болсын. Демек сыншы әдебиет мерейі үшін күрескер. Көркем шығарманың құбылмалы сырын, эстетикалық сипатын, өнер гармониясын, сезімтал жүрек жылуына, қатал талап сарабына салу қасиет болса, күрделі әдеби құбылыстың барыс-бағдарын, жеміс-жетістігін, кем-кетігін байқап, даму үрдісін кең арнаға жайып салу – сын міндеті болмақ. Бұл ретте «Телағыстың» әдебиет көкжиегінен көрінуі - өнер сүйер, сөз өнерін қастерлер қалың көптің рухани сұранысын өтеуі орынды. Шынтуайтында, әдеби дәстүр мен әдеби даму – сөз өнерінің өткенін, бүгінін, болашағын тұтастай қамтитын ұғымдар. Ал осы ұғымдардың тізбек-тізбек, тарам-тарам теориялық түйіндерге ұласып, суыртпақтала шешілуі «Әдеби дәстүр», «Әдеби байланыс», «Әдеби шығарма», «Әдеби тұлға», «Әдеби қозғалыс» тарауларының сыбағасында. Әдеби сынға, теориясына, поэтика, текстология, аударма мәселелеріне назар аударылып, алма-кезек сөз жүйесіне еніп, ортақ байламға әдеби дәстүр мен әдеби даму деп түюге қызмет жасаған. Поэзия сынына қатысты зерттеушінің «Қазақ революциялық поэзиясы» монографиясы ешкімді бей-жай, енжар қалдыра алмасы анық. «Қазақтың революциялық поэзиясы – сан алуан ғылыми-теориялық, әдеби-сын, философиялық-эстетикалық зерттеу еңбектерге объект бола беретін күрделі де қызықты проблема. Бұл мәселенің таратып әкететін жүйе-жүйе, сала-сала тармақтары бар. Алғаш Сәкен, Ілияс сынды алып ақындар әкелген соны тақырыптар, жаңа образдар, символдар, идеялар, сарындар, мотивтер кейінгі поэзиямызда қандай көріністер тапты деген сұраныстардың жауабын әр кезеңдегі талантты ақындардың поэзиясын зерттеу арқылы ұғар едік», - деуі әбден орынды.
Сөз түйіннің соңғы желісі Ұстаз Рымғали туралы...
Журфакты бітіріп түлеп ұшқан болашақ аспирант, әзірше талап білдіруші абитуриенттей кандидаттық минимумдадың соңғы арнаулы пәнін тапсыру ниетімен емтихан қабылдаушы-ғалым Р.Нұрғалидың алдына келіп жайғасты. Билеттің сұрақтарын көзбен шолып, ой елегінен өткізіп, рет-ретімен жауап бере бастады. Алдында отырған ғұлама ғалымның беделі мен марапатынан сасқандықтан болар, сұрақтардың тоқетерін айтпай алыстан сілтегендей болды. Ақ иық ақын Мұқағалидың бір өлеңіндегі: «Барлық ісім, басталған, басталғанмен тасталған, ойым менің тас-талқан» дегендей күй кешуде. Лепірме сөзге әуестігін доғарып, тоқетерін айтты әйтеуір, сұрақтарға шала-пұла дайындалса да.
– Қарлығаш, – деп ассистентіне қарап, – мынаны білгеніне шүкір, бес қоялық. Жауабы үшке тартса да. Біздің журналистерге әдебиетті оқытпайды. Ат үсті бірдеңе бомаса, – деп сөзін аяқтады ғалым аға. Шәкірт қара қылды қақ жарарға балап:
– Ағай, тиісті бағаңызды қойыңыз, қанағат, - деді.
– Жоқ, жарапты... Соңсоң Мұқалидың «Менің анкетамындай» бірқыдыру сұрақ-жауаптарға ұласты.
– Қай мектепті бітіріп едің? – деп сұрады ғалым.
– Көкшетаудағы М.Ғабдуллин атындағы № 3 қазақ орта мектебін.
– Мәлік атындағы деймісің. Ендеше, Мәлік атаңдай үлкен ғалым болуыңа жазсын.
– Өлең жазасың ба?
– Жоқ, ондай өнер бізге дарымаған.
– Жақан атаң, ғажап ақын еді. Әттең аққа жақын еді. Сен атаң ішкен арақтан аулақ бол. Аталарың сендердің нормаларынды да өтеді.
– Көкейінде қордаланған тақырыбың бар ма?
– Әзірше, жоқ-ау деймін.
– Мақұл, саған өзім көп ізденетін, көздің біраз майын тауысатын тақырып ойластырармын. Онысы: «Белгібай Шалабаевтың әдеби-сын, көркем аударма еңбектері» болып шықты.
Қазір осы тақырыпты зерттеп, Белағаңның шығармашылық зертханасын зерделеп, жазу үстіндемін.
«Шәкіртсіз ғалым тұл» демей ме, ұлы Абай. Ұстаздың үлкен жүректі азаматтығы, «ұлық болсаң, кішік болғайдың» керемет қарапайым тұлғасы пір тұтарлыққа әбден лайық. Жақсының аты, ғалымның хаты барда, әдебиетіміздің мерейі үстем болып, көсем сөздің тірмізік тіршілік туы жығылмай рухани айдынға бастайды. Бүгінде алпыс бестің биігіне алқынбай көтерілген, ұбақ-шұбақ әдеби көш-керуеннің тұрманы түгел, көлігі аман, Рекеңнің «қағазына қабірі қазылмас» қазасыз мәңгі ғалым хаты мен «Сырлы сөзі» еліне, жеріне, халқына, тіліне деген шексіз ардың ісі, адал тілектің сыбағасындай сезіледі.
Рымғали Нұрғали қазақ рухани кеңістігін өзінің өршіл, талапшыл, өміршең талдау – пікірлерімен байытты.
Н.Оразалин
ІІ. ҒАЛЫМ
Б.Майтанов
Р.НҰРҒАЛИЕВ ЖӘНЕ ҚАЗАҚ ДРАМАТУРГИЯСЫ
Қазіргі әдебиеттану ғылымындағы айшықты тұлғалардың бірі – ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, филология ғылымдарының докторы, профессор Рымғали Нұрғалиев. Ол көркем өнердің әр түрлі салалары туралы ой толғады. Ал ерекше ден қойып, түбірлей зерделеген тақырыбы – қазақ драматургиясының тарихы мен теориясы.
Рымғали Нұрғалиев Мұхтар Әуезовтің сахналық туындыларын зерттеп, саралауға зор үлес қосты. “Трагедия табиғаты” (1968) – осы тұрғыдағы алғашқы әрі елеулі монографиясы. Ұлы қаламгердің бес шығармасын әр алуан нұсқалары, шығармашылық тарихы, әлем әдебиетіндегі дәстүрлермен үндестігі, жанрлық табиғаты, образдар болмысы тұрғысынан жан-жақты талдау драманы зерттеудегі жаңа ұстаным пайда болғанын көрсетеді. Ол – әдеби шығарма сюжетін негізге ала отырып, бірақ сол ізбен ғана толғанысқа түсіп кетпей, сан алуан логикалық, фактологиялық шегіністер жасау арқылы, жекелеген көріністер, диалог үлгілерін арнайы зерделеу барысында, мәтіннің лексикалық, стилистикалық, интонациялық деңгейлеріндегі ерекшеліктерді ашуға күш салу. Сол кездегі (1960-1970 жылдар) ғылыми үрдіс үшін әдемі тіл өрнегіне құрылып, қызықты оқылатын еңбек жазу екінің біріне тізгін бермейтін. Р.Нұрғалиев шешендігі әрі тапқыр, аңғарғыш ойларымен қалың жұртшылық қана емес, әдеби қауым арасында зор беделге ие болды. Университеттегі шәкірттері үшін дәріскерлік шеберлігі мол жас ғалым-ұстаздың қағаз бетіне түскен сөз, пікір, мақалалары ерекше еліктеушілік сезім тудырды. Драма жайлы байламдар әрі ділмар тіл, әрі өткір танымға негізделе бастағаны аңғарылды. “Еңлік-Кебек”, “Бәйбіше-тоқал”, “Қарагөз”, “Түнгі сарын”, “Абай” пьесаларындағы тартыс арналары, мінездеу сипатын, дәуір шындығын жазушы талантына дәйек ыңғайында саралау бар. Автор “Трагедия табиғаты” арқылы М.Әуезовтің 1920-30 жылдардағы күрделі дүниетанымдық, көркемдік–эстетикалық ізденістерін әдеби тәжірибе негізінде дәлелдеп берді.
“Талант тағдыры” (1970) атты шағын кітап көненің көзі болмаса, жас толқын үшін ұмытыла бастаған есім – Жұмат Шанин өнерін тірілтуге арналды. “Арқалық батыр” трагедиясы, Ж.Шаниннің драматургтік, режисерлік ерекшеліктері, қиын тағдыры, әсемдікке толы асқар мұраты көрікті стиль бедерімен баяндалды. Бұл еңбекте театр сахналарында қойылып жатқан жаңа пьесалардың сыр-сипатын, ішкі табиғатын, актер ойыны мен декорацияға дейінгі амал-тәсілдер айналасында өнертану ғылымы әрі театр сыны тұрғысынан пікір толғау дәстүріне өзіндік тыныс қосты. Ол да зерттеушілік назар тереңдігі мен кең алқаптылығы, сахнадағы таңбалық белгілердің түйткілін өрісті идеялармен ұштастыру, бар тұжырымдамаларды танытумен шектелмей, мәтіннен тыс мәдени семантиканың ассоциативті астарларын аңдату, рецептивті эстетика амалдарына жүк арту сияқты ұтымды кәсіби толысым нақыштарына мегземек.
Р.Нұрғалиевтің жүйелі ғылыми-танымдық ізденістерін заңды түрде жалғастырған – “Күретамыр” (1973) атты монография. XX ғасырда туып, кемеліне жеткен қазақ драматургиясына автор теориялық мәселелер ыңғайымен тоқталады. Ол мұнда да (“Реалистік драма жағында”) Мұхтар Әуезов шығармашылығының социалистік реализм ұстанымдарына бейімделу кезеңдерін байқатар “Октярь үшін”, “Тартыс”, “Шекарада”, “Асыл нәсілдер” пьесаларына тоқталады.
Қазақ зиялылары бастан кешкен адасу мезеттерін суреттейтін “Тартыс” драмасы кейіпкер психологиясын саралау ретімен қарастырылса, “Тас түлек” пьесасын ғалым жекелеген эпизодтарға кідіре отырып, көркемдік нанымдылық тудыру жолдарын көрсету түрінде талдайды. Қай шығарма туралы сөз қозғамасын, Р.Нұрғалиев әрбір реплика, әрекет, оқиғаның шығу тегі мен даму өрісін, қаламгерлік көзқарастың бейнелеу жүйесіндегі орны мен маңызын анықтауға күш салады. Кейіпкер әрі оқырман, әрі зерттеушінің нақты бір жағдайларға қатысты әсер-сезімін біте қайнастыра табыстыра пайымдау Р.Нұрғалиевке тән герменевтикалық зерттеу ерекшелігін аңғартады.
Өзге жанрларда диалог әр алуан құрылымдық қызмет атқарса, драмада ол сюжет өрнектерін қалыптастыру үшін қажет. М.Әуезов пьесаларының тіл айшығы, ерекше көркемдігі ерекше қатарлы шешендік тіркестердің стилистикалық мәні, эмоционалдық ажар, бояуымен дәлелденеді.
Р.Нұрғалиев “Өнердің эстетикалық нысанасы” (1979) атты еңбегінде Сәкен Сейфуллиннің “Бақыт жолында”, “Қызыл сұңқарлар” драмаларына назар аударады. Шығармалардағы тұрмыстық, психологиялық тартыстар табиғатын характерлер, дүниетаным қақтығыстарымен сабақтас алып, қаламгер тұғырнамасының көркемдік мәтінмен арасалмағын ашу, образдардың тарихи-көркемдік қайнар-көздерін іздестіруге ден қойылады. Драматургиядағы ремарканың мәні, кереғарлық тәсілдерінің орындалу тәртібі, жазушы идеясы мен кейіпкер тұлғасының байланысы, композициялық амал-тәсілдер жаңашылдық сипаттарды айқындау биігінен сараланады.
Ғалым Ілияс Жансүгіров пьесаларындағы поэзия элементтері мен оның ақындық туындыларындағы драмалық қасиеттердің өзара тамырлас суггестивті роліне тоқталады, текстологиялық зерттеу нәтижелері мен шығармашылық психология сырларын әртүрлі салыстырулар арқылы түсіндіреді. Жазушының өлең үлгісімен, сатиралық сарында туған бір перделі шығармаларынан (“Мін де, шап”, “Мектеп”, “Колхоз тойы”) автор фольклорлық дәстүр мен мезгіл рухына сай ізденістердің сәттілікпен тоғысу үрдісін көрсетеді.
“Райхан” пьесасы композиция, тартыс құрылымы бойынша талданса, “Кек” драмасын негізінен нақты оқиғалар, түптұлға және қаһарман диалектикасын бейнелеу тартымдылығы жөнімен қарастыру бар. Қазақ әдебиетіндегі эпикалық, қаһармандық дәстүрлер мен реалистік әдістаным сабақтастығы ашылады. І.Жансүгіровтің “Түрксиб” пьесасы тақырып ерекшелігімен ғана емес, бұқаралық сценалар жасауда жазушының полилог үлгісін, қайым айтыс түрлерін пайдаланудағы соны қадамымен бағаланады.
І.Жансүгіров “Исатай – Махамбетте” Махамбет монологтарының жанды өзегі етіп ақын жырларын алатындығымен, өзіндік дара қоспа, дамыту тәсілдерімен соқталы көрінсе, автор Сәбит Мұқанов “Қашқар қызы”, “Шоқан Уәлиханов” драмаларындағы мол тарихи деректермен бірге Шоқан жазбаларындағы шындық мәліметтерін сюжетке деталь, штрих ретінде табиғи кіріктіру, диалог, монологтардағы тілдік құрылым мен ұлттық менталитет өзгешелігін байланыстыра сурет салу арқылы жаңа көркемдік–эстетикалық шешімдер тапқанын айқын түйіндейді.
Р.Нұрғалиев “Өнер алды – қызыл тіл” (1974), “Айдын” (1985) атты көлемді кітаптарында да драматургияның жанрлық-эстетикалық проблемаларын, поэтика, стиль мәселелерін әр тараптан зерделейді. Ғалым назарына ілігетін қаламгерлер қатары мол: С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, Б.Майлин, Ғ.Мүсірепов, З.Шашкин, Ә.Тәжібаев, Т.Ахтанов, Қ.Мұхамеджанов, С.Шаймерденов, Қ.Мұқашев т.б.
Тарихи трагедия, лирикалық комедия, фантастика тақырыбына арналған немесе замандас бейнесін мүсіндейтін пьесалар туралы бағалы байлам, толғамдар жаңа нысан мен мысалдар негізінде өсіп, толысып отырады.
Р.Нұрғалиев драматургиядағы күлкінің эстетикалық табиғатын тану мақсатында Бейімбет Майлин мен Қалтай Мұхамеджанов шығармашылығын кеңінен барлайды (“Күретамыр”). Ол күлкіні жеңіл мағынада түсінуге қарсы, күлкінің тамырын тереңнен қазып, әлеуметтік себеп-салдарларға ой жібереді. Қоғамдық ойдың айрықша формасы есебіндегі күлкінің әр алуан эмоционалды – аффектілі ахуалдармен тамырластығын аңғартатын зерттеуші Б.Майлин комедияларында зілді күлкінің жоқтығына назар аударады. Қоғамдық өмірдегі өзгерістерге байланысты адамдар психологиясындағы үдерістер, қызықты жағдайлар, оғаш мінез, қылықтар, теріс сөздер езу тарттыратынына көңіл бөлінеді. Ал Қалтай Мұхамеджанов күлкісінің тасасында ащы да есті кекесін тұрады. Масапқұмарлық, ұсақтық, жағымпаздық, аярлық сыналады. Осындай белгі-қаситеттер ғалым-сыншы тарапынан сұңғыла, білікті талдау назарынан өтеді.
Академик Рымғали Нұрғалиевтің ауқымды зерттеу еңбектеріндегі басты арқау – драма эстетикасы мен қазақ драматургиясының даму, қалыптасу жолдары, жанрлық, стильдік ерекшеліктері. Зерттеуші ұлттық драматургия жетістіктерін әлемдік дәстүрлер сабағымен бірлікте қарастырады. Оның тыңғылықты дәлел, дәйектері бойынша драма – өмір шындығы, эстетикалық шындық, көркемдік мұрат пен өзгеше нарративтік жүйеге тән ұтымды тәсілдер жиынтығы, драма – сан алуан сарындар мен құнарлы идеялардың үйлесімі, шынайы тартыс пен нанымды мінездердің айшықты көрінісі, драма – ұлттық сана мен психологияның мейлінше айқын әрі шартты бейне – нақыштарын әйгілемек ойындық өнер, кәсіби өнер. Драма – рухани мәдениет асқарына айғақ көне де жаңа, табиғи және қажетті, жан-жақтылық сипаты мол синкретті өнер.
Д.Ысқақұлы
ҒАСЫР ӘДЕБИЕТІ
Көрнекті әдебиетші-ғалым, ұлттық Ғылым академиясының академигі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Рымғали Нұрғали соңғы үш жылда үш іргелі зерттеу еңбек бастырды. Жинақтаушылық мәні бар «Сырлы сөз» деген бір томдығы «Жазушы» баспасынан 2000 жылы шықты. Осынау зерттеу еңбегіне автордың бұрын газет-журнал, жинақтарда басылғанымен, жеке кітапқа енбеген дүниелері сұрыпталып, жинақталып, алғаш рет топтастырылып берілген. Жеті желіге бөлініп, әр тарауда тектес, сарындас, жүйелес материалдар жыл ретімен, хронологиялық сабақтастықта орналасқан.
Бірінші желіде жеке шығармалар туралы жазылған рецензия, мақала, ой-толғаулар бар. Мұнда «Абай жолы» роман-эпопеясы, «Қилы заман» хикаяты, «Хан Кене» трагедиясы сияқты классикалық туындылармен қоса, «Қаһар», «Алмас қылыш», «Жанталас» секілді әйгілі романдар, «Кездеспей кеткен бір бейне» хикаяты жан-жақты талданады. Ал Абай, Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Сапарғали Бегалин, Төлеужан Ысмайылов тағдырлары, шығармашылық ғұмыры «Тұлға» тарауында сарапталады.
«Төрттаған» деп аталған үлкен бөлімде поэзия, проза, драматургия, сын жанрларының көкейкесті проблемалары нақты мәтіндерді текстологиялық талдау арқылы ашылады. «Шартарап» тарауында әлем әдебиетінің үздік үлгілері айтылса, «Сұхбат» бөлімінде сан алуан толғақты ойлар бар. «Абай» энциклопедиясына жазылған мақалалар, «Екі сөздік» абайтануға қосылған үлес десе артық емес.
Кең көлемді «Драма өнері» («Санат», 2001) монографиясы – қазақ драматургиясының жанрлық жүйелерін зерттеп-саралауға арналған. Онда қазақ топырағында дүниеге келген пьесалар түгенделіп, түсі түстеліп қана қойылмайды, әрбір пьеса өзі дүниеге келген уақытпен, тарихи кезеңмен (ситуациямен) бірлікте қарастырылып, қоғамдық-әлеуметтік контексте зерттеледі. Сонымен қатар, автордың талданып отырған пьесаның өмірде болған барлық нұсқаларын мысалға алып, оларды бір-бірімен салыстыра отырып зерттеуі де – шығарманың көркемдік құнының арта түсуін, автордың шығармашылық лабораториясының құпияларын бағдарлап-бақылап отыруға мүмкіндік береді. Монографияда ең бастысы, қазақтың драмалық шығармалары жүйеленіп, хронологиялық тәртіпте жанрларға жіктеледі. Пьесаларды жанрға бөлуде де қазақ әдеби ойының ұлттық ерекшеліктері, тарихи даму жолы толық әрі диалектикалық тұрғыда ескерілген.
Қысқасы, «Драма өнері» монографиясы тек қана драматургия теориясы саласында ғана емес, бүкіл қазақ әдебиеттану ой-өрісінде өз орны бар салмақты туынды дейміз. Өйткені, мұнда жалпы әдеби көркем ойдың жаңа ізденістері, эстетикалық табыстары мол.
Қолымызға жыл аяғында тиген «Қазақ әдебиетінің алтын ғасыры» (Астана, 2002, «Күлтегін» баспасы) монографиясында ХХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің ұлы өкілдерінің өмір жолы мен шығармашылық жолы тығыз байланыста алынады. Әлеуметтік күрес пен көркем шығармашылық диалектикалық бірлікте қарастырылады.
Жаңа эстетитикалық игіліктердің тууы, әдеби-қоғамдық ағымдардың күресі, қаламгерлердің шығармашылық тағдыры сияқты соқталы проблемалар жаңа тұрғыдан қарастырылып, соны пікірлермен түйінделеді.
Алаш ұранды әдебиет концепциясының негізгі принциптері, эстетикалық ұстындары Ахмет, Әлихан, Міржақып, Жүсіпбек шығармалары арқылы көрсетіліп, олардың кейінгі әдебиеттегі дәстүр жалғастығы нақты, деректі материалдармен дәлелденген болса, кеңестік дәуір әдебиетінің негізгі жетістіктері Сәкен, Ілияс, Бейімбет, Сәбит, Ғабит, Ғабиден шығармаларымен сабақтас қаралады.
Ал әлемдік әдеби процеске қазақ өнерінің ықпалы Мұхтар Әуезовтің туындыларын талдау арқылы көрсетілген. Кітаптың ғылыми құндылығын арттырып тұрған бағы бір ерекшелік – ХХ ғасыр әдебиеті туралы зерттеулердің жан-жақты, толымды библиографиялық көрсеткішінің берілуі дер едік.
А.Еспенбетов
М.О.ӘУЕЗОВ ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫНЫҢ СЕМЕЙ
КЕЗЕҢІН ЗЕРТТЕУ МӘСЕЛЕЛЕРІ
М.Әуезовті жазушылық жолға жетелеген, өрелі азамат болып қалыптасуына негіз болған - ұлы Абай мекен етіп, оның озық идеясы салтанат құрған Семей жері.
М.Әуезовтің рухани жетілуі қазақ азаматының рухани есею, толысуы кезеңімен сәйкес. Жазушы шығармаларында ұлттық болмысты сөз өрнегімен өріп, әдебиеті мен мәдениетін жаңа сатыға көтере дамытты. Бүкіл халықтың ой-санасының негізі болған фольклорлық ерекшеліктерге жіті мән бере зерделеді, өзгеге таныта отырып, саясат майданы тұсында ұлттық құндылықтарымыздың жоғалып, сағымдай бұлдырап кетпесіне барынша ықпал етті.
М.О.Әуезовтің шығармашылық өмірі жайлы жазылған еңбектер саны бүгінде төрт мыңнан асқан. Кемеңгер жазушының өмірі мен шығармашылық еңбегін тұтас қамтыған зерттеулер, сонымен қатар жекелеген жанрларға қатысты арнайы зерттеулер жазылды.
1917 жылы «Сарыарқа» газетінде «Еңлік-Кебек» пьесасын Ойқұдықта қойған М.Әуезов жайлы жазылған мақаладан бүгінге дейін ұлы жазушының өмірі мен шығармашылық мұрасы жөнінде талай толымды еңбектер жарыққа шығып, әуезовтану саласы нығайып, беки түсті. Бұл орайда әуезовтануға қомақты үлес қосқан филология ғылымдарының докторы, профессор Рымғали Нұрғалидың еңбегі ерекше.
Р.Нұрғали қазақ әдебиетінің ұлы классигі Әуезов шығармашылығы жөніндегі зерттеулерімен әуезовтануға қомақты үлес қосты.
М.Әуезовтің қазақ әдебиетіне сіңірген еңбегі, әдеби жанрлар, олардың даму кезеңдері жөнінде жазған Р.Нұрғалидың құнды зерттеулерімен бұл салаға қосылған сүбелі үлестің салмағын анықтауға болады.
Ғалымның «Трагедия табиғаты», «Әуезов және Алаш», «Арқау», «Телағыс» монографиялары, сын-зерттеу мақалалары М.О.Әуезовтің шығармашылығына берілген байыпты баға, жазушының публицистік еңбектері, прозалық, драмалық шығармаларына арналған сүбелі зерттеу.
Тыңнан түрен салу, жаңа, жақсыға ұмтылудың әсіре қажеттілігіне өзгені тәнті етіп, еліктіру – кез келгеннің бойына дарымаған қасиет. Бұл – табиғаттың тым сирек құбылыстарының бірі. Олай болса, халықтың рухани дамуына ұлы Абайдан кем үлес қоспаған Әуезовті табиғат ананың халқына берген үлкен сыйы деп қабылдаған абзал. Қазақ драматургиясының алтын тасын М.Әуезовтің қалауының өзі - оның өзгеден биік өресі мен парасаттылығының айғағы.
М.Әуезовтің драмаға, тұңғыш еңбегінің заманалар қойнауына кеткен ғашықтық жайлы ауыр оқиғаға арналуы да - тарихын таразылап білуге, кешегісінің ақиқатына жетуге ұмтылған азамат ісі. «Ұлттық топырақта драматургиялық дәстүрдің жоғына қарамай, елдер әдебиетінен үйрене отырып, Әуезов жанр шарттарына толық жауап бере алатын трагедия жасады, - дейді ғалым Р.Нұрғали. Сюжеттік желінің тартылуы, композиция құрудағы шеберлік қаламгердің драма заңдылықтарын жақсы білгендігін көрсетеді».
М.Әуезовтің драматургиядағы қарымды еңбегін түпкілікті зерттеген ғалым Нұрғали Семей жерінде жазылып, алғаш сахналанған «Еңлік-Кебек», «Бәйбіше-тоқал», «Қаракөз» пьесаларының ішкі ерекшелігін, тұтынған мақсатын, жазылу жайын үңги қарады.
ХХ ғасырдың басында орын алған саяси өзгерістің еліміздің рухани тыныс-тіршілігі, әдебиеті мен мәдениетінде де көрініс тапқаны аян. Әдебиет жаңару, түлеу шағын басынан өткеріп, бұған дейін қазақ тарихында болмаған әдеби жанрлардың тұсауы кесілді, көне Грецияда сан мыңдаған жылдар пайда болған театр өнері қазақ даласында да өмірге келді. 1917 жылдарға дейін қазақ жерінде орыс, татар өнер труппалары қалыптасып, олармен үзеңгі қағыстыра қазақтан шыққан зейінді жастар да сахна өнерін жасауға талпынса, М.Әуезов те бұл кездері театрдың дәндері егілген дәстүрлік ерекшеліктер мен театр өнері дамып, қалыптасқан іргелі елдер тәжірибесін ұштастыра, байланыстыра отыра сапалы да бағалы туынды жасауға ден қойған еді. Бұл талпынысын шыңдай отыра қазақтың бай дәстүрі мен ұлттық қасиеті айрықша көрсетілген, мақтау мен сүйсінуге лайық, мәні мен маңызы биік шығармаларын дүниеге әкелді. Ұшқыр ойлы дарын иесі алғашқы драмалық шығармалары арқылы-ақ қазақ әдебиетіне жаңа жанр түрін енгізіп, ұлттық өнердің негізін қалады.
С.Мұқановтың «Қазақ әдебиетінде драматургия жанры - тек Мұхтар Әуезов қана ашқан жаңалық» дегені - ұлы тұлғаның драматургтік қасиетінің шынайы бағасы. Қазақ жерінде сахна өнерінің қызығын қадағалап, оның ілгері дамуына барша ықыласын салған М.Әуезов Эсхил, Софокл, Шекспир трагедияларынан, Аристофан комедияларынан үлгі алып, ұлттық санамызға, әдет-салтымызға сай өмірлік тарихи деректерге толы драмалық шығармалар жазды.
Әуезовтің шығармашылықта шәкірттік шағының болмағанын қазақтың қасиетті қазынасына, мақтанына айналған ілкі туындылары «Еңлік-Кебек», «Бәйбіше-тоқал», «Қаракөз» пьесалары дәлел. Қазақ даласында М.Әуезовке дейін шебер драматург те, режиссер де болмаған, оның үлгі алар тұнық бастауы - туған топырағының бай дәстүрі, аңызы, әңгімесі, ертегісі, ұлы Абай өскен ортаның даналығы. Мұның бәрі хас дарынның қайсар өр мінезі, ой-қиял ұшқырлығымен үндесіп, балаң шәкіртті үлкен тұлға дәрежесіне көтерді.
М.Әуезовтің драмалық шығармалары ерекше мәнімен де, тың жаңалығымен, адамгершілік рухани қасиеттерінің басымдылығымен халық жүрегіне жол тапты. Бұл жөнінде Ғ.Мүсірепов: «Қазақ драма» театрының шымылдығын Еңлік – Кебек ашса, музыкалық театрымыздың шымылдығын 1934 жылы Айман-Шолпан ашты. Бұл сынғаның екеуі де кездейсоқ емес еді. Бұл тұстарда аяқтанып қалған драматургиямызды іріктеп келгенде «театр шымылдығын ашуға ең толымдысы Мұхтардың шығармалары» деген еді.
«Еңлік-Кебек» пьесасының шын мәнінде асыл туындыға айналуына автор бар ықылас-пейілін салған. Ол жөнінде Ы.Дүйсенбаев: «М.Әуезов өзінің ең көрнекті шығармаларының бірін пьеса түрінде жазды. 1917 жылы қағаз бетіне түсіп, сол жылы Әйгерім ауылында сахнаға тұңғыш рет қойылса, 1922 жылы Орынбор қаласында жеке кітап ретінде басылып шықты. Содан кейін драматург осы туындысына қайта оралып, оны бес рет өңдеді де, соңғы нұсқасын 1957 жылы театрға қайта ұсынды» деп жазды.
Еңлік-Кебектің дүниеге келуі – қазақ әдебиетіндегі ерен құбылыс. Әрине, Еңлік-Кебек туған тұста қазақ қалам иелерінің біршама пьесалары жазылып, сахналанған. Асылы, сырының тереңдігі, сарынының сонылығы, татаусыз төгілген тіл өрнегінің сұлулығы халықтық поэзияның бай үлгісін жиған М.Әуезов шығармасының өзге қаламгерлер туындыларынан көш бойы ілгері болуының мәніне көз жеткізген болса керек.
Ұлттық өрнектің бар бояуы шығарма ұзынырғасында көл-көсір төгілген. Шығарма бойында поэзия үлгісі, халықтың тылсым қасиет иесі Абыздың болжамына сенуімен жалғасатын нанымы, біріне-бірі тізгін бере қоймауға тырысқан батырлар өршілдіктері, жер мен жесір дауы, жуандар бәсекесі жалғаса келіп қазақ дәстүрінің тұтасқан болмысына саяды.
Салт пен санаға қарсылық драматург тенденциясы емес тәрізді. Автор өткенді өз өрнегінде жеткізуші, заман шындығын нанымды көрсетуші ғана.
Алуан бейнелердің алуан мінезіне сай өрнектер беріп, бойындағы қасиетіне қарай әрекетке түсіріп, аузына сөз салу, дау-дамайды поэзиялық сарынға жеткізу – драматург шеберлігінің бір қыры.
Р.Нұрғали «Еңлік - Кебек» пьесасын эпикалық трагедияға жатқызады. Сонымен қатар профессор Нұрғали Әуезовтің драмалық шығармаларының тақырыбы, ішкі мазмұны, құрылымын саралай келе бірнеше түрге бөледі. Оны тарихи революциялық тақырыптағы және аңызды, эпосты арқау еткен шығармалары, кеңестік өмір кезеңін бейнелейтін шығармалары, фантастикалық пьесалары, ақындар өмірі туралы пьесалары және сценарийлерден бөлуі орынды.
Ұлы Әуезовтің шығармашылықтағы алғашқы қадамы, публицистік еңбектері жөнінде де ғалым Р.Нұрғали сындарлы пікір білдіреді: «Көптеген мақалалардан Әуезовтің таланты, білімі, прогресшілдігі көрінсе, кейбір еңбектерден жас ойшылдың күрделі әлеуметтік құрылыстарды терең барлап жіті ұғына алмағандығын байқатады». Бұл тұжырымдар профессор Р.Нұрғалидың ғалымдық жолында қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезовтің әр жанрда осалдық танытпаған еңбектерін жіті зерттеп, өз дәрежесінде лайықты баға бергендігін айғақтайды.
Адамзат баласының жер бетінде тіршілік етуіне табиғат-ананың қаншалықты маңызы болса, қазақ азаматының рухани баюы, өсуі, өмірдің шынайы рахатын танып, қуат алуы үшін М.Әуезовтің қаламынан туындаған мұралары соншалықты маңызды болмақ.
Өнер бәйгесінде алдына жай салмай, адамгершілік, азаматтық қырынан да асқақ ұстанылып, биік тұғырдан көрінген М.Әуезов бейнесі көркемдікті құдірет тұтып, асылды бағалай білген адам жүрегінен орын табары сөзсіз.
Ұлы Абайды үш қайнар бұлақтан сусындады, Шығыс және Батыс әдебиетінен, халықтың бай ауыз әдебиетінен нәр алды дейміз. М.Әуезов болса Абай сусындаған бұлақтан қанып ішіп, ұлылықтың үлгісін бойына жиған Абай дәстүрінен ғмбрат алды. М.О.Әуезовтің шығармашылық мұрасы -таусылмайтын, сарқылмайтын кәусар бұлақ десек, ол бұлақ бастауын ұлы Абай дүниеге келген қасиетті топырақтан алғаны күмәнсіз. Шежіреге толы Шыңғыстау жерінің құлақ құрышын қандырар әсем әні мен тәтті күйіне, ертегісі мен аңызына қанық боп өскен Мұхтардың Абай өлеңдерінің мәні мен маңызына ерте елігуі оны үлкен шығармашылық сапарға жетеледі.
Түрлі қоғамдық өзгерістерді бастан өткерген М.Әуезов әрбірінің өзіндік сипатына терең үңіле қарап, қоғам шындығын, халық тұрмысын шығармаларының тамыр соғысына айналдырды. Батыс пен Шығыс ойшылдарының еңбектерімен танысып, таным көкжиегін кеңейте, әдебиет әлемінің құдіретіне бас иді. Бала кезде оқып үйренген шығыс әдебиетінің өкілдері: Әл-Фараби, Әбуғали ибн Сина, Қожа Ахмет Иассауи, Махмұд Хайдар Дулати сынды шығыс ғұламалары мен Гете, Жан Жак Руссо сынды батыс ойшылдарының, Пушкин, Толстой, Тургенев, Достоевский сынды орыстың сөз зергерлері еңбектерінің Мұхтар Әуезовтің шығармашылық өмірінде белгілі орны бар деп білеміз.
Орыс әдебиеті сыншысы В.Г.Белинский Пушкинді мәңгі өмір сүруші және дамушы құбылыс санап, ол жөнінде әр дәуірде толымды дәлелдер айтылғанмен, келер дәуірдің де жаңа баға, сапалы теңеу беретінін айтқан еді. Дәл осындай пікірді Әуезов жайында да айтуға болады. Шыңғыс Айтматовтың «Орыс мәдениеті үшін Әуезов сондай» деуі де - жазушы қасиетін шынайы бағалай білуінен туындаған тұжырым. М.Әуезов дүниежүзі әдебиетіндегі Стендаль, Дж.Лондон, Толстой, Достоевский сынды ірі жазушылар еңбектерінен үлгі алғанымен, ол әдебиетке өзіндік қасиетімен, тереңдігімен келді. Бұл жазушылар да замана шындығын реалистік түрде шебер сипаттап, классикалық туындылар мен әлемдік әдебиеттің төрінен көріне білді, өз халқының тіршілігін, бесіктегі баланың уілін, шолпысын сылдырлата, бұрала басқан сұлуды, жас жігіттің толқынысын, қысастық көріп, етегі жасқа толған кедейдің зарын, ұзатылар қыздың жан тебіренісін, туған даланың аңызақ желі мен үскірік аязын шығармаларында асқан сүйіспеншілікпен суреттеді.
Мұхтар Әуезов: өзінің өлмес-өшпес шығармаларымен Абай да аз көмектескен жоқ маған деуі – ұлы ақынның даналық үлгілерінің ғұмырлық азық, рухани тірек болғандығының айғағы. Оның қасиетті ортада тәрбиеленуі қазақтың төл өнерін сүйіп өсуіне, қасиетіне барлай, бағамдай қарап, рухани толысып, кемелденуіне игі ықпалын тигізді. Әуезов әдебиетке тың жаңалық, серпіліс әкелді, әдеби тіліміздің қалыптасып, қазақтың профессионал прозасының буыны бекуіне негіз болды. Ұлылықтың белгісін таныта туған шығармасы «Қорғансыздың күні» арқылы-ақ танылып, әлем әдебиетіндегі көрнекті өкілдердің шығармаларымен қатар салыстырылды. «Қорғансыздың күні» үлкен жүк арқалай туды, қорғансыздар әлемінің тұңғиыққа батқан сүреңсіз қырын көрсетіп, үміті де жойылған сормаңдайлардың тірлігін көз алдымызға аса нанымды етіп жеткізді.
М.Әуезов ұлылық үлгісін Семей жерінде танытып, бүкіл халық өмірінің қилы кезеңдерін, ұлттық дәстүріміздің құпия-сырын, адам жанының психологиялық тебіренісін құнарлы, құдіретті сөз асылымен өрнектеді, ауқымды өзгерістерді, замандастар келбетін тереңірек қамтуға бой ұрды. Жазушыны бүкіл шығармашылық ғұмырында алғашқы шығармаларының орны үлкен - бояулы, сұлу, көркем суреті мол, сыры терең, құпиясы көп туындылар.
Жазушының қаламгерлік құдіретінің бастау алған шағы жер жаһанда үлкен төңкеріс орнаған аласапыран күндермен тұспа-тұс. Елдегі атқамінер азаматтар Алаш атын ұрандап, ұлттық сана-сезімді қалыптастыру, ағарту, қайта түлету, ақиқат жолын іздеуді мақсат тұтып, дербес мемлекет құруға ұмтылуы замана тудырған заңдылық еді. Бұл алпауыт өзгерістің М.Әуезовтің саяси өсуіне, ысылып-жетілуіне әсерін тигізгені хақ. Алаш атын ардақтаған ел ұлдарымен ой түйістіріп, пікір алмастырып, қадамын қатар алды, «ел болам десең, бесігіңді түзе» деген өзіндік қағидасын бетке ұстады.
М.Әуезовтің әдебиет бәйгесіне қатар түскен құрбыларының оқ бойы алда жүруінің өзі кездейсоқ құбылыс емес. Болашақ ғалым мәдениет көкжиегіне қара күшпен емес, сындарлы білім, биік парасат арқылы жету мүмкіндігін ұғынды, елін құлдырауға жеткізер кесапат күштерге қарсы тұра кеудесін тосты.
М.Әуезовтің өнер жолындағы беташар еңбегі ұлылыққа жеткізер алғашқы қадамы болды. Жас жігіт қазақтың жұпыны жұтаң күйі, қиындықтан бас көтермеген дала тірлігін публицистикасында да аса біліктілікпен көрсете білді. Оның алғашқы көсемсөздерінің өзінде толысып кемелденген, білімі жетік азаматтың пікірі бар. Мұнымен ой-өрісінің кеңдігін, білімінің молдығын, мәдениеттілігі мен парасаттылығын аңғартты.
Ұлттық дербес мемлекет құрудағы мақсат орындалмаған тұста қазақ зиялыларымен бірге Әуезов те әр таңның елінің кейінгі өмірінде айрықша маңызы барын, бүгінгі қаракетсіз тірліктің кейін өкіне өксік жұтуға әкелетінін бажайлап, билік басына келген Кеңес өкіметінің құрамына амалсыз енді.
Бұл тұста қырдағы қазақтың оқығанға иек артып, сене қарауы, арыз-шағымын, шерін жеткізіп, көңіліне жұбаныш іздеуі заңды құбылыс еді. Жазушы осы шығармалары арқылы «ел сенген оқығанның бәрі халық үшін жанқиярлық жасап жүр ме» деген сауалға жауап іздегендей. Әңгімелерінде таяз ойлап, шолақ шешім қабылдап, қолынан келмейтін ісіне кеудесін соға ұмтылушы әумесерлердің ісін мінеу бар.
Мұхтар Әуезов - әлемдік тұлға. Оның қаламынан туған әр туындысында бүкіл халықтың тұрмыс-тіршілігі, рухани-адамгершілік сипаттары қордаланған. Жазушы шығармашылық жолын публицистикадан бастап, баспасөз арқылы қоғамның келелі кемшін тұстарын сынады, даму жолында артта қалған халқының рухын көтеріп, ғылым жолына түсуге үндеді, қазақтың да шығар биігі, алар тауы барын айтып, санасын оятып, көкірегіне үміт отын жақты.
ХХ ғасырдың 17-жылдына дейін ұлттық демократтық бағытта дамыған әдебиет төңкерістен кейінгі жаңа құрылыстың әсерімен өзге бағытта дамыды. Кеңес дәуірі тұсында қазақ әдебиеті көпұлтты кеңес әдебиетінің бір бұтағы есебінде ғана қаралды, дарынды ақын-жазушыларымыздың бірқатарының есімдері де аталмады. Дегенмен, кеңес дәуірі тұсында туған келелі әдебиет те басым, тіпті, қазақтың әлемге танылған әдебиеті де сол жылдардың жемісі екені рас.
М.Әуезов қазақ атты ел барын әлемге танытып, талай «Тар жол, тайғақ кешуден» өтсе де, халқының бақыты жолында ізгілікті іске барды. Көрікті ойын қағаз бетіне өзіндік сиқыр өрнегімен түсіріп, көркем шығарманың сәнін де, құнын да келтіре білген М.Әуезовтің әдебиет пен мәдениетке қосқан өлшеусіз үлесі қай замандарда да биік тұғырдан орын алып, ұрпағының асыл да сарқылмас қазынасы болып қала бермек.
Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрегін халқын сүюге, оның барлық ұлттық құндылықтарына аялай қарауға бағыттап, бар ғұмырында елдің тамырын тереңге жайып, дертке айналған кертартпа мінезіне тоқтау салып, олқылығына тосқауыл қоюмен, даналығына сүйсіне қарап, сұлулығына табына бас июмен болды. Қазақтың күнделікті күйкі тірлігін, ақ түйенің қарны жарылған ұлан асыр той үстін, қара жамылған қайғысын, тұнжыраған табиғат келбетін сұлу сөзбен кестелей жазып, сөз өнерінің қасиеті мен халқының жан сұлулығын көрсете алды. Мұхтар Әуезов - өзгеге еліктемей, өзіндік соқпақ салып, сан мыңдаған ілімдерден нәр алған білімдарлығы, өнердегі біліктілігі арқасында өзіне мәңгілік ескерткіш орнатқан дара тұлға.
Рымғали Нұрғали зерттеулеріне үңіле қарағанда ойлантатын жайлар осындай.
Р.Нұрғалиевтің еңбегін мен аса қызыға және зор қуанышпен, разы болып, адал көңілмен оқып шықтым, бір сөзбен айтқанда, бұл – тамаша еңбек, үлкен табыс.
М.Ғабдуллин
М.Хамзин
ӘДЕБИЕТТАНУ ЖӘНЕ Р.НҰРҒАЛИ
Сонау көне заманнан бастап сөз болып, бертінге дейін күрмеуі шешілмей келген проблеманың бірі - әдебиеттану ғылымындағы стиль ұғымы екені белгілі. Стиль проблемасымен айналысқан ғалымдар көп болды, бір зерттеуші стильді қаламгер дүниетанымымен байланыста қарастырса, екіншісі көркемдік тәсілдер жүйесінен іздестірді. Әлемдік әдебиеттану ғылымында стильдің күрмеуі мол, күрделі ұғым болғандығы жасырын емес. Бірде Бюффонның: “Стиль - адам”, Платонның: “Мінез қандай болса, стиль де сондай”, Стендальдың: “Адамның күллі қасиеті стильде тұрады” деген қағидаларына сүйенген кезіміз де көп болды. Қалай болғанда да бұл айтылғандардың барлығы да стильдің аса кең де күрделі ұғымға жататынын көрсетсе керек.
Қазақ әдебиеттану ғылымында А.Байтұрсынов, Е.Ысмайылов, Қ.Жұмалиев, М.Қаратаев, З.Қабдолов т.б., сондай-ақ басқа ел ғалымдары Аристотель, В.Жирмунский, Гете, М.Храпченко, В.Гусев, А.Чичерин т.б. стиль ұғымына анықтама беруге недәуір еңбек сіңірді. Өткен, XX ғасырдың орта тұсында чех зерттеушісі К.Гаузенблас “...для стиля характерны следующие черты: а) Стиль – это специфически человеческое явление. б) Сфера стилевых явлений – это сфера интериндивидуального контакта, при котором действуют в разной степени обязывающие нормы (поэтому не говорим, например, о стиле сновидений); центральное место здесь принадлежит области семиотики. в) Стиль имеет отношение к деятельности человека, и именно к такой, которой человек может управлять (эта деятельность, конечно, может быть сильно автоматизированной) и для которой, в общем, свойственна целенаправленность (не всегда осознанная). г) Под стилем следует понимать определенный способ, принцип прохождения этой деятельности, который выступает как один из возможных. Деятельность имеет определенную структуру; она состоит из отдельных частей, следующих в определенном порядке. Целое создается путем отбора составных частей и их комбинаций (обо явления, отбор и комбинация, одинаково важны для характеристики стиля)…” дей келіп, “Стиль произведения несет на себе отпечаток деятельности человека, но не показывает пути возникновения ее результата, метод же отражает именно этот путь” деп қортындылайды (1).
Осынау күрделі проблема туралы терең ой-пікір айтқан ғалымдардың бірі – Р.Нұрғали. Академик Р.Нұрғали әдебиеттану ғылымында өз анықтамасын алуда кемшіндік көріп жүрген ұғымдардың бірі – стиль екенін айта келіп, төмендегіше анықтама береді: “... әдеби ұғымдағы стиль ең алдымен, эстетикалық категория... Стиль жазушының авторлық мұратымен, эстетикалық идеалымен жанды түрде байланысып жатыр. Өйткені көркемдік процесте механикалық сипат жоқ”(2,204-205).
Ғалым Р.Нұрғали, мейлі, әдеби процестің белгілі бір уақыт аясындағы негізгі даму бағыты болсын, мейлі, ұлттық әдебиет тарихының өзекті мәселелері болсын, қандай мәселеге еңбек арнаса да көркем мәтінді талдау арқылы автордың көркемдік әлеміне, стильдік қолтаңбасына, түрлі ізденістер жүйесіне ерекше мән беріп отырады.
XX ғасырдың алпысыншы жылдарынан басталатын қазақ әдебиетінің жаңа даму кезеңі ерекше бір серпінді, серпілісті кезеңге жататыны мәлім. Қоғамдағы “жылымық” сәттің сол тұста әдебиетке келген қаламгер болмысына серпіліс пен сілкініс әкелгені және белгілі. Бұл құбылыс сол тұста орыс әдебиетінде де, сондай-ақ бүкіл әлем әдебиетіне де тән болғанын айрықша айту қажет. Аталмыш кезеңнің осындай ерекшелік, сипаттарына, роман жанрының көптеп тууына айрықша назар аударған да академик Р.Нұрғали екені белгілі.
Сол кезеңде қазақ әдеби процесіне келіп, араласқан Ә.Кекілбаев, О.Бөкей, Д.Исабеков, Ә.Сараев, Қ.Ысқақов, М.Мағауин, Қ.Жұмаділов, Ә.Тарази, Т.Әбдіков т.б. бүгінде алды алпыстан асқан қаламгерлерге айналды. Бұлар ұлттық әдебиетіміздің мақтанышы десек, ешкім де дау айта алмас. Осылардың әдеби-шығармашылық жолы туралы қалам сілтеген Р.Нұрғали олардың шығармаларындағы өзгеше бір серпінді, айрықша серпілісті, ұлттық әдебиетке әкелген әдеби жаңалықты баса көрсетеді.
Роман – күрделі жанр. Жоғарыда аттары аталған қаламгерлер әдебиеттің шағын жанрларында бақтарын сынап, романға ойысты. Роман – ұлттың кемелденуінің, рухани өре-деңгейінің көрсеткіші. Н.Добролюбовтің пікіріне ден қойсақ, роман туады сол уақытта, “...когда народное сознание обращается к воспоминанию своей прошедшей жизни” (3,528)
Ә.Тарази - XX ғасырдың сол 60-жылдары ұлттық әдеби процеске араласып, бүгінде танымал болған қаламгерлердің бірі. Жазушының “Тас жарған”, “Қорқау жұлдыз” сияқты романдары ішінде ерекше орны бар “Кен”шығармасына, ондағы жекелеген кейіпкерлерге зерттеуші Р.Нұрғали төмендегідей баға береді: “Оның қаламынан туған әңгімелердің, повестердің, романның, пьесалардың негізгі тақырыптық өрісі – адамгершілік мәселесін қамтиды. Дүниеқоңыздық (вещизм), мещандық өзімшілдікпен күрес сарыны – авторлық мұратпен сабақтасып жатады. Жиырма жылдан астам қаламгерлік сапарда жазушы стиліне көп өзгеріс түскен жоқ. Сол алғашқы шығармаларындағы жинақылық, шымырлық, динамизм бәз қалпында” деп жазады ғалым Р.Нұрғалиев Ә.Таразидың шығармашылығы жайында (2,437).
Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары үлкен әдебиетке келіп, қазірде аса көрнекті жазушыға айналған осынау серпінді топтың, оның ішінде Ә.Таразидің романдарын талдағанда, академик Р.Нұрғалидің терең ойлы пікірлеріне сүйенгенімізді баса айтқымыз келеді.
Жазушының баяндаумен кейіпкерлер сөзінде бәлендей алшақтық байқалмайды, авторлық баяндау көп реттерде полифониялық сипат алған. Қаламгер “Тас жарған” немесе “Кен” романдарында болсын, кейіпкерлері бастан кешкен оқиғаларға, түрлі өмірлік құбылыстарға өз қатынасын, өз бағасын беріп қалуға асығады. Баяу ғана дамып келе жатқан оқиға кенеттен шиыршық атып шыға келеді. Қос романда да бей-жай жүрген бірде-бір қаһарманды көрмейміз. Жазушы өз кейіпкерлерін түрлі драмалық коллизиялар ішінде ұстауға тырысады. Сол арқылы әр адамға, ішкі дүниесіне, жан әлеміне суреткерлік зерделілікпен үңіледі. Әр қаһарман өзін-өзі тануға тырысады, ал жазушы сол арқылы адам мен қоғам қарым-қатынасын саралап, түрлі келеңсіз жайттардың себебі мен салдарын ашып көрсетуге тырысады. Қысқаша айтсақ, Тарази романшының стиліне тән осындай ерекшеліктерді байқауға болады.
Д.Исабеков, О.Бөкеев, Т.Әбдіков, т.б. сияқты Ә.Тарази де өз таланты мен талабын әдебиеттің шағын жанрларында сынап көрді. Образдар сомдау, характерлер жасауда жоғарыдағы қаламгерлер сияқты ол да өз кейіпкерлерінің көкірек көзіндегі кенді ашу үшін Жақсылық пен Жамандық деген өлшемдермен келді. Соның нәтижесінде қазақ әдебиетіне жан дүниесі тап-таза Аяз бен Бибі келді, оқырманды бейтарап қалдырмайтын аса күшті бейнелер – Сәнжан, Қодарқұлдар келді және ең бастысы – бір дегенде Жақсылықтың немесе Жамандықтың аулынан деп айдар тағу аса қиынға соғатын Кірпішбай келді. Сондай-ақ Әкім жасаған образдар галереясына Перизат, Ораз, Еркебұландар енді.
Егер кез келген қаламгердің ертелі-кеш жазылған шығармаларын бірлікте қарап, біртұтас дүние деп қарау қағидасын басшылыққа алсақ, сол алғашқы шығармаларынан бастап Ә.Таразидің стильдік ерекшеліктері қалыптасу кезеңінен өткен.
Ә.Тарази романдарының қаһармандары советтік дәуірде тәрбиеленгендер, кешегі соғысты, одан кейінгі қиындықтарды көрмеген жандар. Кейіпкерлерін сомдау барысында автор адамдардың ғана емес, қоғамның да ішкі қайшылықтарын ашуға әрекет жасаған. Басқа да қаламгерлерге тән қаситтердің бірі – ұлттың көркеюін, ұлттың бірлігін көргісі келушілік Ә.Таразиге аса күшті жеке басты (личность) сомдауға ұмтылыс жасатқан. Міне, осынау міндеттің ауқымында болған жазушы өз қаһармандарын бейнелеу барысында аса ірі тарихи тұлғаларды үлгі-өнеге ретінде ұсынады. “Қос шынар” повесіндегі Қодарқұлдың көз алдынан Хемингуэйдің кетпей қоюы. Міне, осындай атақты тұлғаларды идеал тұтатындар Тарази романдарында көптеп кездеседі.
Адамның басына іс түскенде немесе өлімге бет бұрғанда санасына неше түрлі жайттардың, өткен оқиғалардың елес беріп өтетіні мәлім. Осы уақытқа дейін кешкен ғұмырына сын көзімен қарушылық, кей ісіне өкінішпен қарайлауы, күнделікті күйбең тіршіліктің арқасында, “уақыт жетпейді” деп жанталасудың нәтижесінде ұзақ уақыт бойы іске асырсам деген арман-тілегі және санасында оянатыны рас. “Тас жарғанның” бас қаһарманы Омар “қаршадай баланы өлтірді” деген жаланың тұсында жүнжіп, күйремейді. Керісінше, “қызмет”, “жұмыс” деп жүрген күнделікті тауқыметінен аз да болса босағандай, ендігі бос уақытын өзін-өзі сынауға, басқа уақытта уақыт жетпегендіктен түп-тамырына жете алмай жүрген қыруар сұрақтарына жауап іздеуге жұмсайды, өз мүмкіндіктерін, өзінің күш-жігерін барлауға бағыштайды. Омар – күрделі тұлға, депутат, басшы, жан-жақты жетілген, білімдар инженер, түр-тұлғасы да аса сымбатты азамат. Оның көп қылықтары коммунистік мораль, идеология рухында тәрбиеленген оқырман үшін оғаш көрінеді. Ұлмекенмен байланысы, купеде бейбастақ бұзақылармен төбелесуі, милиционер жігіттің зәресін алып, адамды ойланбай жұтатын өзен оппасына сүңгіп кетуі, аңшылықтың нәтижесінде опық жесе де, жақсы мылтыққа құмар болуы т.б. қылықтары бір түрлі әсер тудырады. Н.А.Бердяев былай жазады: “Я никогда не скажу, что человек, выпавший из общеобязательного нравственного закона, есть несчастный отверженный. Я скорее, скажу что хранитель общеобязательного нравственного закона есть совершенно безнравственный человек, кандидат в ад, а отверженный общеобязательным нравственным законом есть человек нравственный, исполнивший свой священный долг беззакония” (4,99).
Философия тарихында қақтығыстың, даудың философы аталған Бердяевтің осы пікірі Омардың болмыс-бітіміне дәл келеді. Омар – аса жоғары эрудицияның адамы. Ерік-жігері аса күшті оны автордың тағдырдың талай тәлкегіне салып, сынап, биік міндеттер жүктеуге тырысқандығы байқалады. Мұндай күшті адамдарға дәуірдің, қоғамның салмақты жүк артатыны және мәлім. Міне, осылайша қоғам артқан жүкке авторлық позиция шебер ұштасады. Омарға деген “іш тартуын” автор өзі де жасырып қала алмайды. Соның нәтижесінде Омар басындағы түрлі драмалық коллизиялар романшы Таразидің шығармашылық лабораториясынан берік орын алады, жазушы Омардың “ықпалынан” шыға алмай қалады. Осы жәйт қаламгердің стиліне полифониялық тәсілді енгізген. Бұл, сөз жоқ, тиімді тәсіл, тәп-тәуір көркемдік ізденіс.
“Ұмытарсың, ұмыттым деп ойларсың, өзімді-өзім жеңдім деп масайрарсың, Омар! Бірақ жүрегің әлі де талай Ұлмекеннің бейнесін танып, әлі талай қуанарсың, қуанарсың да шошынарсың! Машинамен зулап бара жатып, шоферыңа әлі талай “тоқта” деп айғайларсың, талай рет түс көріп, қызық киноның лентасы үзілгендей өкініп оянарсың әлі.
Өмір бойы қиналарсың, Омар, қиналарсың, құтылмассың бірақ, құтылмассың” (5,369).
Омар – романдағы басты тұлға. Әлидің, Мамыржанның, Аблездің, Ұлмекеннің, Жексеннің т.б. жолы не тікелей, не қосымша түрде осы Омардың жолымен түйісіп жатады. Романда Омарға қарсылас ретінде көрінетін аса күшті бейне жоқтың қасы. Аблез де, Мәтеков те, Кашафов та, Оразхан да тек бүгінгі күнін ғана медет тұтып жүргендер. “Абай жолындағы” аса күшті характерлер Құнанбай, Оразбайлар жоқ. Жазушы осыны сезіне отырып, басқаша жол таңдаған. Омар да, Әли де, Ұлмекен де өздерімен-өздері күреседі, өздерін-өздері тануға тырысады. Ә.Таразидің осы орайда әдебиетімізге әкелген жаңалығы – Аспанбай бейнесін жасауы.
Мыңдаған түрлі тіршіліктің күнделікті күйбеңімен жүрген қыруар адамдарға Аспанбай басқа дүниеден, басқа әлемнен көз салып, сол адамдардың іс-әрекетіне, қылық-қаракетіне баға бергендей болып тұрады. Сондықтан да Аспанбай ғарыштық адамның сипатына ие болған.
“Адамдар да біздің Галактикадағы жұлдыздар сияқты, бір-бірінен алыстай береді, алыстай береді” (5,340). Бұл сөздердің иесі – Бөпе деген келіншек. Сол Бөпенің осы толғам-пікірі Аспанбай ойымен үндес.
“Адамдар қызық, осы!.. Адамдар бірін-бірі итеруге, қағып кетуге, артта қалдыруға құмар. Сыйласып қана, өзара жақсы көрісіп қана сыпайы жүруге болады ғой...” (5,376) немесе “Осы адамдардың іс-әрекетінде, тірлігінде ешқандай логика болмайтыны несі екен?.. Әсіресе әйелдер... жөн-жосық дегенді білмейді ғой, шіркіндер. Ненің жақсы, ненің жаман екенін ажырата алмайды. Біздің мына екі қыз нағыз соқыр тауық. Анадай йәхулармен қатар отырудың өзіне намыстанбай ма, әтір сасытып!”(5,378).
Қазіргі заманның қаһармандарын сомдау барысында жазушы бірде оптимизмге, бірде романтизмге бейім тұратын кейіпкерлерді бейнелеген. Қаламгерлердің “Тас жарған”, “Кен” романдарында бұл ойымызға дәлел боларлық образдар жеткілікті. Таразидің кейбір кейіпкерлері күрестің, сұлулықтың романтикасын бойына сіңірген жандар. Қалалық Советтің бастығы Омар, Пірәли ақсақалдың артист ұлы, немересі Сағат, орманшы Даразов, Әли т.б. осындай кейіпкерлер. Осындай тұлғаларды бейнелеу барысында жазушының стилі ерекше байқалады.
Стиль ұғымының кең екендігін жоғарыда айттық. Ғалым З.Қабдолов: “Сонымен, біз әрбір жазушының күллі творчествосының өн бойынан идеялық-көркемдік негіздің (идея-тақырып-тіл) тек сол жазушыға ғана тән ерекшелігін аңғарамыз... Міне, стиль - әр суреткерге тән осындай творчестволық ерекшелік” деп жазады (6,355)
Ә.Таразидың стилі туралы сөз еткенде, “Тас жарғандағы” Аспанбай образының тиімді алынғанын айттық. Жер бетінде тіршілік етіп жатқан миллиондаған, миллиардтаған адамдар өз қылығына өздері есеп беріп жата ма? Адам деген жаратынды алдында не нәрсе күтіп тұрғанын біле ме? Немесе сол адам бақыт деген ұғымның өзін толықтай танып біле ме? Адам өмірінің мән-маңызы неде? Мүмкін, оның бұлтартпас қағидасы, заңдылығы, ережесі бар шығар? Адам сол қағидаларды орындамағандықтан бақытсыздыққа душар болып жүрген шығар?
Міне, Аспанбайдың ой-түсінігі, толғам-талпынысы – бәрі-бәрі жер бетіндегі адамдардан өзгешелеу көрінгендіктен бе, автордың стилі оның идеясымен шебер ұштасқан. Аспанбай бейнесі ғарыштық, басқа планетаның адамдарына көбірек келіңкірейді.
Жалпы, қыбырлап, жер басып жүрген адамдарға сын көзімен қарау, олар білмейтін, сезбейтін жайттарды алдын ала біліп отыратын образды жасау, сондықтан да ғарыштық адамға, ғарыштың өзіне қол созу - Ә.Тарази стиліне тән қасиеттер.
Ұлмекеннің терең тербеністен, ұзақ толғаныстан соң туған мына сөздері және авторлық баяндау – осы ойларымыздың нақты дәлелі.
“Ай өтер, жыл өтер, кәдімгі ет пен сүйектен жаралған қатын екеніме көзің жетер, жылатып кеткен жарыңды, зарлатып кеткен перзентіңді сонда ойларсың. Аһ ұрып ойларсың. Айтпасаң да ішіңде жатар. Ол өмір бола ма? Омаржан бүгінгі түніміз ақтық түн, ақырғы түн. Мен сенімен қоштасуға келдім. Сен де менімен қоштас. Қайда жүрсең де тілектесің боламын. Тек – тілектесің. Көмекшің болмаймын, бола алмаймын. Сүйемін, сүйемін, сүйемін. Сүйгендіктен енді сенімен қоштасамын. Мені енді жайыма қалдыр. Тірі мүгедек күйеуімді ая... от пен мұздың арасында енді мені күйдірме, азаптама, қалдыр, қалдырып, өз жөніңе кет, өтінемін. Жалынамын”. Бұл – Ұлмекеннің сөзі.
“... Енді мен көретін қызық қалмады дегендей Ғарыш та сығырайған жалғыз көзін жұмыпты” (5,365).
Бұл авторлық баяндау, автор сөзі.
Асылы, шетінен романтик, бірдеңені іздеп жүретін, көп нәрсені білгісі кеп жүретін кейіпкерлерін бейнелегенде автор стилінде байқалатын ойнақылық, шымырлық, сол қаһармандардың “от пен мұздың арасында” тұрғанын суреттеу барысында, солардың толғанысын, тебіренісін, жүрек сөзін, сырын беру барысында үлкен салмаққа, ойлылыққа ие болады. Осынау екі сипат жазушыға өз кейіпкерлерінің ішкі әлеміне, жан дүниесіне үңілуде, “әр адамның жанында ашылмай жатқан кенді” жарқыратып көрсетуде ұтымды үйлесім тапқан.
Ғарыш дегеннен шығады, академик В.И.Вернадский биосферада ұлы геологиялық, тіпті космостық күш бар екенін айта келіп, былай деп жазды: “Эта сила есть разум человека, устремленная и организованная воля его, как существа общественного...”.
Пірали балаларының соңғы буынына жататын Сағат та қиялшыл. “Сол сәтте жігіт айдың жалғыздығын айқын сезінгені сонша – жүрегі дір етіп, тұла бойы түршігіп кетті. “Егер мен ақын болсам, космоста ағып бара жатқан Жер шарын айдалада жалғыз шауып бара жатқан шаңқан боз құлынға теңер едім... Әттең амал қанша ақындықты құдай маған жазбапты!” (7,178). Бұл – Сағаттың толғанысы.
Жазушының стиліне тән нәрсе: автор өз шығармаларындағы кейіпкерлерге ұзақ-сонар мінездеме беруден, кеше қалай болғанын, бүгін кім болғанын, қысқасы, тарихын баяндап жатудан бойын аулақ салған. Тіпті қаһарман (мысалы, Кәкіш) неліктен өзгеге қиянат жасауға бел байлады, міне, осының түп-төркінін, себебін сараң ғана баяндайды да, оның жаңағы белін бекем буған ісін қалай жүзеге асыра бастағанына көшеді. Кез келген қаһарманға, оның іс-әрекетіне, пиғыл-пейіліне қарап отырып, мінездеме беретін, өз ой қазанында қорытатын – оқырманның өзі.
Профессор Р.Нұрғалиев Тарази романындағы осы образға тоқтала келіп: “Жоғары ауыл шаруашылық білімі бар, кезінде комсомол қызметінен сүрініп кетіп, ендігі нәпақасын орманшылықтан тапқан Кәкіш - Ә.Таразидің “Мейірім” романындағы қызықты кейіпкер ғана емес, соңғы жылдардағы қазақ әдебиетіндегі сәтімен табылған әлеуметтік тұлға десек артық болмас. Түп төркінін бұрынғы Кірпішбайлар әулетінен шықса да, бұл қарға тамырлы емес, қарағай тамырлы мықты, қастасқан адамын құртпай тынбайтын кекшіл, жеке меншік малы тау-таста, орман-тоғайда өсіп-өніп жатыр, оның есебін өзінен басқа ешкім білмейді, білдірмейді де. Ақшасына, дәулетіне ғана сенген сасық байлық иесі емес, бұл мың ойланып, жүз толғанып, көп нәрсені ақылмен, айламен шешетін жырынды” деп тұжырым жасайды (2,438).
Өзін-өзі иттің етінен жек көретін Стасик те осы Кәкіштің қол жаулығына оп-оңай қалай айналып кеткенін білмей қалады. Стасик болсын, Сәтімбек болсын, Коля болсын, Лена болсын, Пірәлінің ұрпақтары: Нұрәли, Нарали, Балбала т.б. болсын – бәрі-бәрі өз істеріне сын көзімен қарап, бірде риза боп, бірде наразы боп, өз істеріне өздері үңіліп, үнемі ізденуші жандар боп бейнеленген.
Жазушы Ә.Тарази тек адамдар әлемін ғана емес, жер бетіндегі барлық тіршілік дүниесін бірлікте, тұтастықта қарауға тырысады. Қызғылтым деген жас құмырсқаның Бозғылтым деген қыпша бел бойжеткен құмырсқаға ғашық болып, сол бойжеткен үшін тау басына өрмелей жөнелуі, сол сәтте Кәкіштің қолынан мерт болуы, тереңірек үңілсек, жай ғана алына салған эпизод оқиға емес. Шынайы махаббат, сүйіспеншілікті оп-оңай тамырынан қия салатын күштің бар екенін және біреу емес, көп екенін, өмір бар жерде, адам бар жерде Жақсылық пен Жамандықтың қатар жүретінін көрсетуді автор мақсат тұтқан. Әр кейіпкердің сөйлеген сөзі, яғни диалогы, толғанысы, яғни монологы арқылы кім екеніне, қандай жан екеніне ғана көз жеткізіп қоймайсыз, сонымен бірге автордың стиліндегі психологизм, интеллектуалдық сарынның, философиялық сипаттың да басым екенін байқайсыз.
Пайдаланылған әдебиеттер
Гаузенблас К. К уточнению понятия “стиль” и к вопросу об объеме стилистического исследования //Вопросы языкознания, 1967, №5, С. 70-71.
Нұрғалиев Р. Телағыс. Әдеби дәстүр мен әдеби даму: Монография. А., 1986.
Добролюбов Н. Полн.собр.соч. М., 1934, т.I.
Бердяев Н. Самопознание. М., 1991.
Тарази Ә. Тасжарған. А., 1980.
Қабдолов З. Сөз өнері. А., 1970.
Тарази Ә. Кен. А., 1984.
Үздіксіз іздену, өнердің, әдебиеттің күнделікті даму процесіне жіті ой, биік талап тұрғысынан қарап араласып отыру, қаламгерлік қайрат таныту оның өнерпаздығының өнегелі сипаты болса керек. Р.Нұрғалиевтің қаламынан туған сын, зерттеулер мен көркем туындыларға көз жіберсек, қажырлы таланттың куәсі болғандаймыз.
З.Ахметов
К.Бейбытова
КЛАССИЧЕСКИЕ ТРАДИЦИИ В ТВОЧЕСТВЕ
ИЛЬЯСА ЖАНСУГУРОВА
Достарыңызбен бөлісу: |