30. Педагогикалық тәжірибені зерттеу әдістері дегеніміз не?
Педагогикалық тəжірибені зерттеу əдістері – білім беру процесін ұйымдастырудың көз алдымызда қалыптасқан тəжірибесін зерт-теудің жолдары. Зерттеуге озат тəжірибе, яғни танымал мұғалімдер мен қатардағы тəлімгерлер қызметтері бірдей алынады. Олардың жұмыстарында кезігетін қиындықтар педагогикалық процесс қайшылықтарымен, пайда болған не енді туындауы мүмкін проблемалармен байланысты келеді. Педагогикалық тəжірибені зерттеу барысында келесідей əдістер қолданылады: бақылау, əңгімелесу, интервью, анкеттеу, оқушылардың жазба, графикалық жəне шығарма жұмыстарын көзден өткеру, педагогикалық құжаттармен танысу.
Бақылау – зерттеу барысында нақты дерек материал жинақтау мақсатымен қандай да педагогикалық құбылыстың назарға алынуы. Бақыланған құбылыстар міндетті түрде хатталады. Бақылау нақты нысанмен жете танысуға орай алдын ала белгіленген жоспар бойынша жүргізіледі. Бақылау жұмысы келесі кезеңдерге бөлінеді: 1) міндеттері мен мақсаттарын айқындау; 2) бақыланатын объект, оның элементтерін жəне ситуацияларын таңдастыру; 3) бақылау жəне оның барысында ақпарат топтастыруға оңтайлы əрі тиімді тəсілдерді іріктеу; 4) байқалғандарды хатқа түсіру формасын ойластыру; 5) жинақталған ақпараттарды өңдеу жəне дəйектеу.
Бақылау түрлері: араласа бақылау – ізденуші зерттеу жүргізіп жатқан топтың мүшесі ретінде қатысады; сырттай бақылау- зерттеуші ізденіс жұмыстарына тікелей араласпайды; ашық жəне жасырын бақылау; тұтастай жəне таңдамалы бақылау.
Бақылау – орындалуы тұрғысынан ең оңай əдіс, бірақ өзіндік кемшілігі де жоқ емес: көп жағдайларда бақылау барысындағы не соңғы нəтижеге зерттеушінің тұлғалық-əлеуметтік жеке –дара бітістері (көзқарасы, мүддесі, жан толғанысы) ықпал жасап, оның қандай да шынайылылықтан ауытқуына себепші болуы мүмкін.
Сұхбат əдісі - қажетті ақпаратты алу немесе бақылау барысында түсініксіздеу болған құбылыстың мəнін аша түсу мақсатымен дербес не қосымша қолданылатын зерттеу тəсілі. Сұхбат айқындалуы тиіс нақты сұрақтар бойынша күні ілгері түзілген жоспармен орындалады. Əңгімелесу еркін жүргізіліп, сұхбаттас кісінің жауаптары хатталмайды. Сұхбаттасудың екінші бір түрі педагогикаға əлеуметтану саласынан енген – интервью алу. Бұл əдісте сұрақтар алдын ала түзіліп, бірізділікпен қойылып барады. Интервью жауаптары анық жазылып, хатталады.
Анкеттеу – ауқымды материал жинақтау үшін қолданылады. Сұрақ жауаптары жазба күйінде қабылданады. Сұхбаттасу мен интервью алу бетпе-бет əңгімелесумен жүргізіледі, ал анкеттеу – сырттай орындалады. Аталған əдістердің нəтижелі болуы қойылатын сұрақтардың мазмұны мен құрылымына тəуелді. Сауалнама түзуде ескерілетін жəйттер: 1) алынатын ақпараттың сипатын анықтап алған жөн; 2) қойылатын сұрақтың бірнеше баламалы өрнегі болғаны қажет; 3) сауалнаманың бірнеше жоспары түзіліп, ол алғашқы тексеруден өткізілуі тиіс; 4) сауалнама кемшіліктері түзетіліп, пайдалануға ақырға редакциясының ұсынылуы дұрыс.
Құнды материал оқушылардың шығармашылық туындыларын зерттеу əдісімен де алынады. Олар: шəкірттер орындаған жазба, графикалық, шығармашылық жəне бақылау жұмыстары; балалардың суреттері, сызылмалары, жасалған қосалқы бөлшектер, кейбір пəн дəптерлері. Мұндай жұмыстар оқушылардың даралық қабілеттерінен дерек береді, олардың қандай да бір саладағы ептілік жəне дағды жетістіктерінің деңгейін көрсетеді. Мектеп құжаттарымен танысу əдісін қолдана отырып, оқушының жеке ісі (личное дело), дəрігерлік карта, күнделік, жиналыс не отырыс хаттамалары жəне сол секілді мектеп хат-қағаздарымен танысу арқылы зерттеуші оқу-тəрбие , білім игеру процесін ұйымдастыру практикасында нақты қалыптасқан объектив жағдайлар жөніндегі ақпараттармен қаруланады.
Педагогикалық зерттеудің қандайда бір əдіс не тəсілінің педагогикалық тиімділігін анықтау үшін арнайы ұйымдастырылған тексеру түрі- эксперимент ерекше маңызды. Педагогикалық эксперимент міндеттері:1) жобаланған педагогикалық құбылыс жəне оның іске асуында көрініс беретін себеп-салдарлы байланыстар мəнін зерттеу; 2) педагогикалық құбылысқа зерттеушінің белсенді ықпал жасауы; 3) педагогикалық ықпал мен ықпалдастықтың нəтижесін өлшестіру. Эксперимент келесі кезеңмен өткізіледі: – теориялық (проблема қою, зерттеу мақсатын, нысанын жəне денін анықтау, міндеттер мен гипотеза белгілеу);
- əдістемелік (зерттеу əдістемесі мен оның оның жоспарын айқындау, бағдарлама түзіп, алынған нəтижелерді өңдеу əдістерін нақ-тылау);
- эксперимент жұмысы – бірнеше тəжірибелік зерттеу əрекеттерін орындау (ситуация түзу, бақылау, тəжірибені басқару жəне зерттеушілердің жауап əрекеттерін бағалау);
- талдау – сандық жəне сапалық сарапқа салу; алынған деректерге түсініктеме беру; қорытынды жасап, практикалық ұсыныстар енгізу.
Эксперимент түрлері: табиғи (қалыпты оқу-тəрбие процесі жағдайында) жəне зертханалық – қандай да əдістің тиімділігін тексеру үшін жасанды жағдайлар түзу (экспериментке алынған балалар тобы өз алдына бөлектенеді). Көп жағдайларда табиғи эксперимент қолданылады. Ол зерттеуге алынған педагогикалық құбылыс мазмұны, мақсаты жəне т.б. орай ұзаққа созылған не қысқа мерзімді болуы мүмкін.
Егер эксперимент педагогикалық процестің нақты жағдайымен танысуға бағытталған болса, деректеуші (констатирующий) аталып, ал оқушы не сынып ұжымының дамуына қажет жағдайларды анықтауға арналған күнде мұндай эксперимент- қайта жасаушы (дамытушы) деп аталады. Қайта жасау экспериментінде салыстырып баруға керек бақылау топтары түзіледі. Эксперименттік əдістің қиындығы: оны жүргізу техникасын жете білу қажет, бұл зерттеу барысында ұйымдастырушының аса үлкен сыпайылығы мен əдептілігі, көрегендігі мен егжей-тегжейлілігі, зерттеудегілермен қатынас түзу қабілеттілігі де маңызды келеді.
Достарыңызбен бөлісу: |