БІЛІМ МЕН ТӘРБИЕ - ЕГІЗ ҰҒЫМ
Халабаева Қарлығаш Мәденовна
Балқаш қ., В.В.Маяковский атындағы «№17 ЖББОМ» КММ
Баланың бойында адамгершілік қасиеттердің негізі отбасында қалыптасады. Ата-
ананың аялы алақаны, туған үйдің жылуы баланың көкірегінде өмір бойы сақталып, мәңгі
есінде қалады. Отбасындағы адамдармен қарым-қатынаста бала мәдениетті болуды үйренеді,
жеке адамға тән ар-ұяты, ақыл-ойы, адамгершілік қасиеттері қалыптасады. Ал балабақшада
бүлдіршін отбасында ата-анасынан алған тәлім-тәрбиені одан әрі жалғастырып,
жандандырады. Дер кезінде берілген мектепке дейінгі білімнің әр бүлдіршін үшін маңызы
өте зор. Балабақшаның ең басты мақсаты - мемлекеттік білім беру бағдарламасына сай
мектеп жасына дейінгі бүлдіршіннің жан-жақты, эстетикалық дамуын қамтамасыз ету болып
табылады. Кішкентай бүлдіршіндердің алғашқы даму кезеңінде білім мен тәрбие беру
жұмысы жан-жақты болуы заман талабы. Тәрбие жұмысын әдетте мектепке дейінгі
тәрбиеден, яғни балабақшадан бастаған дұрыс. Әдетте, адамның жеке басының қасиеттері
бес жасқа дейін қалыптасады екен. Сондықтан баланың жан-жақты қалыптасуы үшін мектеп
жасына дейінгі бүлдіршіндердің бойына жақсы, жағымды қасиеттерді сіңіре білу керек. Бала
әр нәрсеге құмар, қызыққыш, ол өзінің бойында болып жатқан өзгерісті, тамаша
құбылыстарды сезінуге тырысады. Оның жан-жақты дамып, жеке тұлға болып
тәрбиеленуіне, тілінің дамуына ең алдымен ата-анасы міндетті.
181
181
Ұлы бабамыз Әбу Насыр әл-Фараби: «Адамға біліммен қатар, тәрбие берілуі керек,
тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың хас жауы», – деген екен. Ұрпақ тәрбиесінде ежелден
қалыптасқан халқымыздың жақсы дәстүрлерін оқып үйрену, өнеге тұту, жас ұрпақты
ізгілікке баулу үлкен жауапкершілікті талап етеді. Ұлттық тәрбиенің құдыретін қанша айтсақ
та, тауысу мүмкін емес. Осындай ұлы тәрбие ізгіліктері бала кезден, бұла кезіңнен бастау
алмаса, кейін өте қиынға соғатыны – дәлелдеуді қажет етпейтін ақиқат.
Қазақ халқының ұлттық тәрбиесі – әлемде теңдесі жоқ тәрбие. Жалпы «ұлттық» деген
сөздің астарында елге, жерге, тілімізге, дінімізге деген құрмет жатыр. Ал осы ұлттық
тәрбиені бала бойына сіңіруде мектепте атқарылатын жұмыстың орны ерекше. Яғни, тәрбие
алуды сәби ана құрсағынан бастаса, оны білім алу мекемесінде ұлттық құндылықтарымызбен
жетілдіру өте маңызды. Балабақша, мектептерге ұлттық тәрбие енгізу арқылы біз ұлтжанды,
парасатты ұрпақ өсіретініміз айдан анық. Рухы асқақ, іргесі берік ел боламыз десек, ең
алдымен ұрпағымыздың тәрбиесі мен біліміне сергек қарауымыз керек. Бұл жөнінде Абай
атамыз: «Балаға мінез үш алуан адамнан жұғады: бірінші – ата-анасынан, екіншісі –
ұстазынан, үшіншісі – құрбысынан», – деген екен. Ұлттық тәрбие атауын алғаш әдеби-
педагогикалық оқулықтарға енгiзген М.Жұмабаев болды. Ол педагогиканың ұлттық
тәрбиеден бастау алатыны жайлы айтқан. «Педагогика» атты еңбегінде былай дейді: «Ұлт
тәрбиесі баяғыдан бері сыналып, көп буын қолданып келе жатқан тақтақ жол болғандықтан,
әрбір ұлттың баласы өз ұлтының арасында өз ұлты үшін қызмет ететін болғандықтан, әрбір
тәрбиеші баланы сол ұлт тәрбиесімен тәрбие қылуға міндетті» [1].
Ұлттық тәрбие барысында ұлттық сананы қалыптастыру ең маңызды шарттардың бірі
десек қателеспейміз. Қазіргі жаһандану кезіндегі Батыс өркениетінен біздің алатынымыз да
бар, ысырып тастайтын тұстарымыз да жетерлік. Алатын тұстарымыз қатарына батыстың
технологиялық жетістіктерін, экономикалық өндірісті ұйымдастыру тәжірибелері мен
ғылыми-техникалық мәдениетін қабылдау сияқтыларды атауымызға болады. Батыстың
білімі, ғылымы, техникасы, технологиясы, біздер үшін өте қажет десек те, Батыс өркениетіне
шамадан тыс еліктеушілік – жақсылықтың нышаны емес. «Батыстың технологиялық
жаңалығына ұмтылу, экономикалық өндірісті ұйымдастырудағы жетістіктерін игеру –
қажеттілік, ал одан керісінше бүгінгі күнде рухани тапшылыққа айналып отырған ізгілік,
кісілік, адамгершілік, бауырмалдық, әдептілік, тәрбиелік мазмұн іздеу – бос әурешілік.
Өкінішке орай, Батыс өркениеті бұл тұрғыда ешқандай жетістікке жеткен жоқ, қайта
тоқырауға ұшырады. Мысалы, дәстүрлі қазақ қоғамы мәдени құндылықтарды ешуақытта
тауар деп қабылдамайды, негізгі ұстанымы бойынша қоғамның шаңырағын шайқалтпай
ұстап тұруға тиіс тетік, өмірлік ұстаным ретінде қарастырады. Ал Батыс өркениетінде бұл
тұрғыдағы ұстаным мүлдем басқа, олар мәдени құндылықтарды тауар ретінде қабылдайды,
мақсат – сату (сатылу) және пайда табу. Уақыт қанша аз жұмсалса, сонша пайдасы көп» [2].
Қазақ қоғамы қазір қарқынды түрде жүріп жатқан жаһандану үрдісінің ықпалынан өзі
қаламаса да, оқшау бола алмайды. Жаһанданудың қауіпті тұсынан арылу үшін, әрбір ұлт,
әрбір этнос, әрбір мемлекет өзінің болмысына бейімдеп сіңіре алу керек.
Әрине,
жаһанданудан ешкім де құтыла алмайды. Оған тек бейімделу керек, ал бейімделе алмағандар
құриды. Бірақ бейімделу дегенді өзгенікін толық қабылдау деп ұқпау керек. «Бізге дәл қазіргі
заманда батыстың желімен домалай жөнелетін қаңбақ ұрпақ керек емес, пайдасын алып,
зиянын бойына дарытпай, дауылына міз бақпай қасқайып қарап тұратын тамыры ұлт рухына
терең бойлаған мәуелі бәйтерек керек. Сондықтан біздің міндетіміз – рухы биік ұрпақ
тәрбиелеу» [3, 5-б.].
182
182
Білім мен тәрбие қашанда егіз ұғым. Оны бір-бірінен бөліп қарауға болмайды.
Тәрбиенің өзі күнделікті сабақтың әрбір кезінде-ақ оқушы бойына сіңе бастайды. Қазіргі
кезде ұлттық тәрбиенің көздері – фольклор, ауыз әдебиеті, ұлттық әдебиет, әдет-ғұрып, салт-
дәстүр, ұлағатты қағидалар, шешендік сөздер, өнеге-өсиеті бар мақал-мәтелдер, туған
топырағымызда дүниеге келген ойшыл ғұламаларымыздың еңбектеріндегі тәрбие
қағидалары элементтерін кеңінен қолданудың маңызы артып келеді. Қазақ халқының өмір
кешкен тарихында ұлттық ойындардың көптеген түрлері бала тәрбиесіне пайдаланылады.
Ойын тек көңіл көтеру, шаттандыру ғана емес, ол өзінше ерекше қазақ халықының
әлеуметтік өміріне байланысты тәрбиелік мағынасы зор жеке адамның дамуына, жетілуіне
әсер етуші фактор. Қазақ тілі мен әдебиет сабақтарында ұлттық ойындарды жиі
пайдаланамын. Олар: «Ақ серек - көк серек», «Айгөлек», «Жаяу жарыс», «Соқыр теке», «Ақ
боран», «Төбетей», «Бәйге», «Орамал тастау», «Арқан тартыс» және т.б.. Сонымен қатар
қазақша мақал-мәтелдер, жаңылтпаштар, тақпақтар жаттау, жұмбақтар шешу, өтірік
өлеңдер, қазақ халқының ертегілерін оқып беру сияқты іс-әрекеттерді жиі ұйымдастырамын.
Себебі, санамақ, тақпақ, өлең, мақал-мәтелдер - тәлім-тәрбие құралы. Жаңылтпаштар
арқылы тіл ширатуды, жұмбақтар арқылы ой дамытуды, мазақтамалар арқылы намыс
оятуды, мақал-мәтелдер арқылы адамгершілікке баулуды, батырлар жырлары арқылы
ерлікке баулуды, терме-жырлар арқылы бірлікке, достыққа тәрбиелеуді, өтірік өлең арқылы
бала қиялын дамытуды, ертегілер арқылы алуан түрлі тәрбие беруді, аңыз әңгімелер арқылы
болашаққа сенуді, өткеннен үлгі — өнеге алуды үйретеді, тәрбиелік мақсатты орындайды.
Қазақтың айтулы қоғам қайраткері Мұстафа Шоқай былай дейді: «Ұлттық мәдениеттен
жұрдай рухта тәрбиеленген ұрпақтан халқымыздың қажеті мен мүддесін жоқтайтын пайдалы
азамат шықпайды». Яғни, елдің туын көтеріп, тәуелсіздік талаптарын орындау ісіне батыл
бетбұрыс жасаған бүгінгі таңда адамзаттық игіліктерді, халқымыздың ғасырлар бойы
армандаған мәдени-рухани мұрағаттары мен ұлттық тәлім-тәрбие саласындағы, білім
жүйесіндегі ізденістерін көрсету – басты міндетіміз [5].
Достарыңызбен бөлісу: |