132
САТИРА МЕН ЮМОРДЫҢ ӘЗІЛ ӘҢГІМЕЛЕР ЖАНРЫНДАҒЫ
АРАСАЛМАҒЫ
Жолымбекова Айдана Жұмағалиқызы
Фариза Оңғарсынова атындағы № 29 жалпы білім беретін мектеп» КММ,
орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі, Ақтау, Қазақстан
Күлдіргі әзіл әңгімелердің сатиралық, юморлық образдар арқылы жазылып, жарыққа
шығатыны белгілі. Әрине, бұл екі образдың ұқсастығы комизмге неізделгендігінде. Сондай-
ақ, кейіпкерлерінің жағымсыз қасиеттерін сынап, мінін көрсету, қылықтарын әшкерелеп,
күлкі етуді мақсат еткендіктен кейде юмор мен сатира шығарма ішінде тұтаса бірлесіп
кететін тұстары да кездеседі. Дегенмен де юмордың көтерер жүгінің өзгешелігін ашып
айтқан ғалым А.Мұсав: «Юморлық образ – күлкілі бейне. Көп жағдайда күлкіде зор
қоғамдық сипат, әлеуметтік сыр жатады. Қоғам тіршілігіндегі кедергі атаулының бәрін
күлкімен түйреп, сын садағына алып отырады. Ондағы мақсат – алынған образды жерлеу
емес, оны түзету.
Сатиралық образдың юморлық образдан өзгешелігі – онда автор өзі бейнелеп
отырған адамына жаны ашымайды, оны өнегелі өмірге қайта қосу мүддесі болмайды, қайта
мұндай мүскін пенденің болмауын меңзейді. Ол ешуақыт ұнамды фактіге, қуанышты күлкіге
негізделмейді. Ал юморлық обарзда автор өзі жазып отырған адамына іш тартатын,
симпатиямен қарайтын болғандықтан ол оның жайсыз жағын ғана достық рәуіште іліп-
шалып, әзіл-әжуа етіп түзетуді мақсат тұтады»[1,161] деп сатира мен юмордың әзіл
әңгімелер жанрындағы арасалмағын ашып көрсеткен болатын.
Қазақтың шешендікке, тапқырлық, ділмарлыққа негізделген бай, әзіл күлдіргі
әңгімелері көпшілік халық пен көнекөз шежірешілер аузында, ғалымдар қаламында,
зерттеушілер назарында болып, ұзақ уақыттар бойы айтылып, жалғасып, жиналып,
жарияланып келе жатқан халықтың рухани қазынасы.
Сатира мен юмордың айқын көрінісін беретін, мазмұны мен маңызы келіскен күлдіргі
әзіл әңгімелер кезең таңдап, уақыт күттірместен ел арасына таратылып отырған.
Көптеген күлдіргі әңгімелер өсіп келе жатқан жас буынды жат қылықтан
сақтандырып, адал еңбек етуге, тапқырлыққа баулиды. Тосыннан тапқырлықпен айтылатын
жүйелі сөздер таза ой жүйріктігін талап етеді. Кез келген адамның ойына асқан
шапшаңдықпен келе қоймайтын, қисынын қиыстыра тапқырлықпен, дәлдікпен және
айтылуы қажет тұста ауыздан шыққан күлдіргі әзіл әңгімелер ауыз әдебиетінің тамаша бір
үлгісі қатарынан саналады. «Жау кеткен соң, қылышыңды тасқа шап» дегеннің кебін киген
шабан айтушылардың осы тұста қапы қалатыны да бар. Себебі, ұтырлы ой мен ұтымды
жауапты біріктіре беру де үлкен шығармашылық өнер.
Маңғыстау әдебиетіндегі сатира, юмор саласында Сержан Шәкірат, Көмек Ыбыраев,
Ерекен Қорабаев, Қыдырбай Тұрмағанбетов, Әзірбайжан Қонарбаевтар үлгілі жанның
антиподы – тоғышар, берекесіз, жалақор, дүниеқоңыз, қызғаншақ, іші тар, маскүнем тәрізді
адами қасиетке жат жандардың образын жасауда шынайы шығармалар бере алған
қаламгерлер қатарында деуімізге негіз боларлық тамаша туындылардың авторлары екендігі
белгілі.
Сатирик ақын-журналист Әзірбайжан Қонарбаевтың сықақ әңгіме, өлеңдері мен әзіл-
қалжыңдары топтастырылған «Түрлі-түрлі Тәнтанай» атты жинағындағы «Пай-пай,
бастықтың оқуы болса» әңгімесінде күлкілі сюжеттен гөрі, қоғамдағы әлеуметтік-тұрмыстық
жайттардың жекелеген дертті көрінісі басым. Демек, автор туындының өткірлігін,
уыттылығын арттыру үшін күлкі шақыратын көңілді көріністерді емес, керісінше, кертартпа
құбылыстарды сынай отырып, жоғары моральдық сапаларды нығайту бағытын ұстанған.
Әңгіме кейіпкерлерінің диалогтері әшкерелеушілік экспрессиямен беріле отырып, мінездеме
оқырман ойымен жасалады. Әрине, «Сатиралық тапқырлық көрсетуде фантазиялық
шалықтау, ойдан шығару, ойдан қосу, шарттылық, әсірелеушілік орын ала береді» «Сатира
133
негіздері» [2, 59]деп ғалым Т.Қожекеев көрсеткендей, автор аталмыш әңгімесінде екі
кейіпкеріне барлық жағымсыз қасиетті үйіп-төгіп таңғаны, олардың жиынтық образ екендігі
белгілі.
«Сатира мен юморға объекті біздің өмірімізде жеткілікті. Соларды тап басып, жұртты
олардан бездіре, соған қарсы күреске көтере беру үшін нағыз сатира жасау керек.
Сатира өмірдегі кеселді, келеңсіздікті, кері кеткендікті қаза қопарып, көптің көз
алдына – көрініске шығарады, қағып сілкілейді. Мысқылмен түйрейді, сықақ етеді, көпті
одан түңілтеді. Сатираның юмордан өзгешелігі – мұнда қаламгердің өзі сықақпен сілейте
сынап отырған адамына жаны ашымайды. Оның кейпін түзеу, өзін өнегелі өмірге қайта қосу
мүддесі болмайды, керісінше автор мұндай жексұрындық өмірде болмауы керек деген қатал
үкімін шығарады; юморда түзету мақсаты жатса, сатирада жою, жоқ ету мақсаты жатады.
Әрине, сатирадағы күлкіде юмордағы күлкідей шындыққа негізделген шынайы күлкі,
жасанды қылжақ емес табиғи күлкі болу шарт» [1, 52]
Сонымен «Пай-пай, бастықтың оқуы болса» әңгімесіндегі Тәнтәнай мен Ойнакүл
мектеп бітіргелі отырған қыздары Мәмпәсиді қай оқуға түсіретіндігін талқыға салады.
« – Ымм, ымм... Дәрігерлік оқуға түсірсек қалай болар екен? Былай жалақысы да,
әптәритеті де жаман емес...Тіпті ақылы түріне түсірсек, құдайға шүкір, дорбалаған
долларымыз «қызыл диплом» алып бермей ме?» [3, 25]деп оң көзін көкке, сол көзін әйеліне
аударған Тәнтәнайдың бар саралы ойы осы боп шығады.
Күйеуінің дәрігерлік оқу таңдағанына долданған Ойнакүлдің бар тапқан тұшымды
жауабы: «Табысы тау қопарса да қаршадай жалғыз түйірімді ақсақ-тоқсақтың аяғын
сипатып, соқырішекті қасаптатып, ылғи көксау, көк аурулардың ішінде жүргізгенше мен
неге өле қалмаймын?!»[ 3, 26]. Ойнакүлдің осыншалықты өзіне күйінішті әңгімесінен оның
психологиясы, өмірге деген көзқарасы, жалпы өзгелерге деген қарым-қатынасы бірден
түсінікті болады. Әңгіменің басынан-ақ шайпау, тоғышар әйелдің образы ашылып сала
береді. Оқырман осыдан-ақ Ойнакүлден тұшымды пікір мен парасатты ой күтпесі анық.
Автор Ойнакүлдің аузына қызына дәрігерлікті таңдаған күйеуіне мысқылдай « – Иә,
жұмыртқа тауыққа ақыл үйретті тағы да!» деген интонациямен көтермелеген сөзді салуы да,
ер-азаматтың отбасындағы орнын қадірлемейтін көргенсіздік көрініс арқылы әдеп аулынан
алшақ жүрген адуын әйелдің сүйкімсіз образын оқырманына бірден таныстыра кетеді.
Ерлі-зайыптылардың өздерінше бала болашағын болжап, мамандығын таңдап беру
кеңесінің ішінде ағылшын тілі пәніннің мұғалімі, әнші, геолог, ұшқыш, журналист
...мамандықтарының басы шалынады. Тәнтәнайдың осы мамандықтарға қатысты табысы
көп, қып-қызыл дүниеге көміліп, қап-қап ақшаның астында қалар айлалы тұстарын
тізбелеген сөзіне қарсы Ойнакүл Мәмпәсиіне ауыр тиетін, қиын соғатын тұстарын санамалап
шаптыға түседі. Әке-шешенің ақырғы ойы «Пай-пай, шіркін, бастықтың оқуы болса... Оқуды
бітірген бойда күрп етіп отыра кетіп, жұртты бір шыбықпен айдап отырса, ақшаның астында
қалса...» [ 3, 27]. деген Ойнакүлдің арманына тіреледі.
Қыздары Мәмпәсиге мамандық таңдап беруде пасық, жымысқы ойдың тізгінін
тартпастан, айылын жимастан білек сыбана кіріскен екеудің сөзін бөліп, назарын аудартатын
тұсты да автор жағымсыз картинамен береді.
«Нақ осы сәтте түпкі бөлмеден қарақұйрықтың лағындай ойнақши басып, жартылай
жалаңаш Мәмпәси шықты. Ернін біресе жазып, біресе жымырып әкесі мен шешесіне еркелей
күлді де:
–
Әй, мені қай оқуға түсіретін болдыңдар? – деді
–
Әңгіме қып жатырмыз, күнішім...
– Мен дискотекадан келгенше шешіп қойыңыздар. Едик күтіп тұр екен. «Платный»
оқу жеңіл деседі ғой...
– Сонымен, Мәмпәсижанды қай оқуға түсіретін болдың енді?! – деп Тәнтәнай
Ойнакүлге ойлана қарады.
–
Айттым ғой әлгінде, бастықтың оқуы болса деп...
–
Бастықтың?!. » [3, 27]
134
Әдетте, қыз баланың әдемілігін, әсем келбетін, тазалығын беретін «еліктің лағындай»
деген теңеудің осы жерде «қарақұйрықтың лағындай» болып өзгеріп келуінде де мазаққа
ұшырауға дайын кейіпкер бейнесі көрінеді. Мансап пен жайлы қызмет жолында қандай іс-
әрекеттерден де бас тартпауға дайын отырған арсыз әке-шешенің тәрбиесін көрген қыздың
болашағынан да көрініс беретін деталь оқырман көз алдына келеді. Оған қоса «жартылай
жалаңаш» Мәмпәсидің үстіне киген киімі де аса мәнді емес. Оны елеп жатқан әке-шеше жоқ.
Олардың тәрбиесінің басты принципі – ақшасы көп мамандықтың тұтқасына қол жеткізу.
Әңгімедегі сатира поэтикасы – Тәнтәнай мен Ойнакүлдің өмір қызығы мен қуанышын
ақшамен өлшейтіндігі, ашкөздігі, тойымсыздығы, топастығы, дүнеқоңыздығы, мансапқа
жету жолындағы әрекетінде адамгершіліктен жұрдай қасиеттердің қай-қайсысына
дайындығы арқылы көрінеді. «Біздіңше, дүниеқұмарлық дегенің – дүние-мүлік, киім-кешек,
әдемі заттар жолында ата-ана, іні-бауыр, апа-қарындас,жора-жолдас, достық, махаббат,
рухани жан дүние – бәрін мансұқ ету. Яғни вещизм кісі қадірін білмеу, адамнан дүние құнын
артық көру» [4, 142] деген пікірі Мәмпәсилері үшін өліп-тіріліп оқу іздеп, мамандық әлемін
шарлап отырған әке-шешесіне бір ғана «Әй» деп мәдениетсіз, дөрекі тіл қатысының өзі
ойымызды түйіндеуге негіз болмақ.
Демек, Мәмпәси ар-ұят,намыс, саналы білім туралы түсініктен жұрдай, келешекте
ата-ана алдындағы перзенттік парызын өтеуді борыш санамайтындардың санатында тоғышар
дүниенің жетегінде кететін жан.
Автордың «– Бастықтың?!.» деп әңгіме соңын лепті кейіп танытып, сұраулы қалыптен
аяқтауы да Тәнтәнайдың ішкі жан-дүниесінде күдігі мен күмәнінің жоқ еместігін көрсетеді.
Әйелінен ығысып, жағымпаздана ақшасы көп болатын мамандық таңдауы да, ол
мамандықтардың жемқорлық жолмен ақша табу ретін санаған бейшара әкенің мүшкіл халін
де аңғартып отырады. «Тәнтәнайдың шүңірек көздері лай судың тамшысындай бұлдыр ғана
жылтырайды. Оң көзі көкке, сол көзі әйеліне қарайды. Бұл «нервничить» еткен түрі» [3, 25].
«домаланған төрт бұрышты әйелі сыңси сөйлеп ықылық атты» [3, 25]. Ә.Қонарбаев осы
сөйлемдерімен Тәнтәнай мен Ойнакүл бойындағы жағымсыз қасиеттерді оқырманға
жиіркеніш сезімін оята отырып, кейіпкерлерінің кескін-келбет, бет-пішіннің де оншалықты
оңып тұрмағанын көрсетуді ұмытпаған. Деформацияланған, карикатураланған екеудің сырт
бейне жаратылысының өзі – автор назарынан тұтас шығарма бойынан ешнәрсе қалыс
қалдырмағандығын, сатиралық проза поэтикасының кейіпкер портретін жасауда көркемдігін
тұтас сақтағандығын көрсетеді. Тәнтәнай мен Ойнакүлдің образын беруге қысқа ғана
портреттеуді шебер қолданған. «Оң көзін көкке, сол көзін әйеліне аударған» Тәнтәнайдан
жөні түзу ой, жібі түзу сөз шықпасы анық. Ал кейіпкерлерді тура мінездеуді артық санаған
автор одан әрі кейіпкерлерінің екеу ара диалогтары арқылы ащы мысқылмен оңбай түйреп
отырған.
Маңғыстау әдебиетінде сатиралық-юморлық әңгімелер жинағын топтастырған
қаламгерлеріміздің бірі – Ерекен Қорабаев.
Ерекен Қорабаев
шығармашылығының өнікті саласының бірі –сатиралық-юморлық
әңгімелері. Қаламгер бұл жанрда біршама ізденіп, сатирик ретінде де өзіндік қолтаңбасын
жасап, стильдік-тілдік мәнерімен ерекшеленіп, айрықша үлгісін сақтай білген. Осы орайда
жазушының сүбелі еңбектерінің қатарына «Маңғыстау әзілдері» деген атпен ел арасында
ауыздан ауызға тарап, айтылып жүрген күлдіргі әзіл әңгімелерін жинақтаған екі кітабын
жатқызуға болады. Аталмыш еңбекті саралай отырып, күлдіргі әзіл әңгімелерден ирониялық
бояудың образ табиғатын ашуда, кейіпкер бойындағы моральдық-этикалық сапаларды
көрсетудегі қаламгердің оқырман қабылдауына жеңіл, көпшілікке таныс көңіл-күй әлемін
аша түскен шығармалар екендігіне көз жеткіздік.
Жылы юмор мен жеңіл әжуаға негізделген әңгімелерінің тілі мен баяндау мәнері
анекдот стиліне келеді. Өзіндік ерекшелігі бар, қысқа да ұтымды сөзбен ұтырлы ой беретін
жанрға қалам тартқан Е.Қорабаев өзінің айналасындағы таныс адамдар аузымен айтылған
күлдіргі әзіл сөздерді әдеби қалыпқа түсірген.
135
Анекдот – көпшілікке ортақ түсінікті тілмен жазылған сатиралық-юморлық жанрдағы
көркем туынды.
Достарыңызбен бөлісу: |