ӘОЖ 908 (045)
ӘБІШ КЕКІЛБАЕВ – ЗАМАНЫМЫЗДЫҢ ЗАҢҒАР ТҰЛҒАСЫ!
Серикбаева А. Қ.
Ш.Есенов атында Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университеті
Аңдатпа.
Бұл мақалада Әбіш Кекілбаевтың еңбек жолы, атқарған қызметі туралы
қарастырылған. Жазушының еңбектеріне талдау жасалған. Еліміздің бұған дейінгі де,
тәуелсіздік алғаннан кейінгі де ата тарихының сан қырынан бейнеленуінде, егемендігіміздің
мызғымас кірпіші қалануында ұлтымыздың ұлағатты ұлы Әбіш Кекілбаевтың атқарған ерен
еңбектері баяндалған.
Түйінді сөздер
: Әбіш Кекілбаев, жазушы, қазақ, шығармалары, мәдениет.
Әбіш Кекілбаев – төл әдебиетіміздің көрнекті өкілі, Мемлекеттік сыйлықтың
лауреаты, Халық жазушысы, әлемдік әдебиетте өзіндік орны бар кемеңгер жазушы.
Талантын алғашқы жазған шығармаларында-ақ байқатып, сөз еткен қай тақырыбын да
жоғары биіктікке көтеріп, көркемдік шешіміне оқырманды иландыра алатын шынайы
суреткер. Оның әңгімелерінен бастап повесть, романдары да жеңіл-желпі оқуға көнбейтін,
«қадалып, қайталап ой көзімен оқуды тілейтін», ирімдері мол, астарлы ой, күрделі
философиялық түйіндерден тұратын туындылары екені баршаға аян.[1]
Әбіш Кекілбаев – адам жанының шындығын танудың алуан түрлі тәсілін шеберлікпен
игерген жазушы. Ә. Кекілбаев кейіпкерлері қарапайым адамдар болғанымен, олардың өзіне
тән өмірі, тағдыры, мінез-құлқы бар. Жазушы олардың жан дүниесінің тереңіне барады.
Кейіпкерінің жеке басындағы түрлі сезім иірімін сипаттай отырып, олардың іс-әрекетіне баға
береді. Жазушы кейіпкерінің ішкі толғанысын, жан күйзелісін, жүрек тебіренісін қара сөз
құдіреті арқылы толғап жеткізеді.
Жазушы 1939 жылы 6 желтоқсан күні Маңғыстау облысы, Маңғыстау ауданы
(бұрынғы Гурьев облысы), Оңды ауылының Мырзайыр деген жерінде туған. Арғы атасы
Жанайұлы Қожаназар қазақтар көшін Маңғыстауға бастап келген. Белгілі, білікті, беделді,
дәулетті адам болған. Тектінің ұрпағы тектілік танытпаса, айыбы, аманатқа қиянат жасағаны.
Әбіштің әлемі сол текті бабаның көріп-білген дүниесін балаға аңыз бен ертегі, әңгіме ретінде
жеткізгенінен пайда болды. Әбіш әлемі - өзіндік бір пәлсапалық, дүниетанымға толы әлем.
Әбіш Кекілбаев өткен ғасырдың 70-80 жылдар аралығында мәдениет, әдебиет, кино
салаларында ұйымдастыру-шығармашылық қызметтерін атқара жүріп, өзінің жазушылық
116
кәсібін алдыңғы қатарға қоя білді. Партияның Орталық Комитетінің мәдениет бөлімінде
әдебиет секторының меңгерушілігіне Әбіш Кекілбаев жазушыларға да, қоғамға да сөйлесе,
сөзі өтетін, қажет кезінде басқарушы билікке олардың да талап-тілегін, сөзін өткізе алатын
беделді қаламгер, тәжірибелі саясаткер ретінде қызметке шақырылды. Ә. Кекілбаев Орталық
Комитеттен Мәдениет министрінің орынбасары қызметіне жіберіліп, қысқа мерзімде қыруар
істер атқара алды. Жаңа мемлекет тұсында да Әбіш Кекілбаев – депутат, Комитет төрағасы,
Жоғарғы Кеңес төрағасы, Мемлекеттік хатшы, Сенат депутаты сияқты лауазымды
қызметтерді атқарып келді. Оның «Аңыздың ақыры», «Үркер», «Елең-алаң» тарихи
романдары – тек тарихи шежіре емес, бүгінгі қоғам үрдісімен, ұлт мүддесімен астасып,
бостандық рухы мен өркениеттің өшпес құндылықтарына ұмтылатын мінез тәрбиелерлік
қуатты шығармалар. Әбіш Кекілбаевтың қай қасиетін сөз етсек те, ең алдымен, қазақ
санасында оның әдебиет сыншысы, шебер, көркем шығарма жазушылығы алғы кезекке
шығады. Әдебиетке бала кезінен мол дайындықпен келгені оның терең шығармаларынан
айқын көрінеді. Әдеттегідей жасқана, имене әдебиеттің есігін ашқан жас өскін емес, білімі
толық, кемелі келісті, қаламы төселіп, даусы орныққан дарын иесі екендігі шүбәсіз, нық
басқан салмақтылықпен келді. Ол өзінің көркем сөз зергерлігімен біздің рухани өмірімізді
байытты, көзімізді ашты, көкірегімізге ұлттық сенім, сана ұялатты.
Әбіш әлемін тану — әр қазақ үшін қажет дүние. Елдің, ұлттың рухын көтеретін
дүниелердің барлығы фольклордан, елдің ауыз әдебиетінен басталады. Халықтың санасына
сіңген нәрселерді әр уақытта түп-түбірімен жеткізе білген ақын-жазушыларға қазақ халқы
кенде емес. Бірақ осы ХХ ғасырдағы ірі тұлғалардың көрнекті өкілі – Әбіш Кекілбаев. Әбіш
Кекілбаевтың әлемдегі 100 жазушының қатарына кіруі – соның айғағы. Қалам ұстап жүрген
халық көп болғанымен, ел мойындағаны – шанда-шанда. Тәуелсіздіктің алғашқы
жылдарында «Бостандық ұлтты бодандықтан да қатты сынайды» деп, осынау ұлтымыз
ішінде жас тәуелсіз мемлекеттің Ақордасының керегесі кең, уығы тең, шаңырағы биік
болуына Елбасымен бірге барлық күшін жұмсады. Әбіш Кекілбаевтың туған елі, туған
топырағы Маңғыстау үшін жасаған еңбегі — ұшан-теңіз. Қазақ елінің тәуелсіздік алып, тәй-
тәй басқан тұста еткен еңбегі де көпшілікке белгілі. Сол уақытта Елбасының жанында жүріп,
бірге қызмет етті, Парламентте жұмыс істеді, Сенаттың депутаты болды. Келелі мәселелерді
көтерді. [2]
2006 жылдан бастап өлкенің тарихи-мәдени мұрасын қорғау туралы ғылыми-
әдістемелік кеңес құрылды. Әбіш аға сол кеңестің төрағасы болды. Тарихи-мәдени
ескерткіштер, мұраға байланысты қордаланып қалған мәселелер сол уақыттарда шешілді.
Оған еліміздегі әр саланың білгір мамандары тартылды. Зейнолла Самашев, Карл Байпақов,
Елена Корж сынды мамандар шоғыры осында жиналды. Арал, Каспий өңірінің тарихи
мұралары атты халықаралық деңгейдегі конференция да ұйымдастырылды. Сол уақытта
өңірдің халықаралық деңгейге шығуына, туристік әлеуетінің дамуына, ескерткіштердің
өзекті мәселелерінің жан-жақты зерттелуіне үлкен септігін тигізген кеңес болды. Қазіргі
таңға дейін бұл кеңес көптеген мәселелерді шешіп келеді.
Ақиқатында Әбіш Кекілбайұлы – бүтін қазақтың, бүкіл Қазақстанның мақтанышы.
Еліміздің бұған дейінгі де, тәуелсіздік алғаннан кейінгі де ата тарихының сан қырынан
бейнеленуінде, егемендігіміздің мызғымас кірпіші қалануында ұлтымыздың ұлағатты ұлы
Әбіш Кекілбаевтың кемеңгерлік іздері сайрап жатыр. Елі, жері, тіпті күллі адамзат үшін де
тындырған ісі тым мол, қомақты болса да, табиғатында бірегей, даңғаза мен дақпыртқа,
дандайсуға жаны қас, қай істе де ар мен адалдықты, сабыр мен салмақтылықты таразы
биігіне қоятын, ерен еңбегін елге жария етіп, жарапазан қылуды көңілі қаламайтын, қаншама
қыруар да іргелі елдік шаруалардың жүзеге асуына ұйытқы, көшбасшы болып жатса да,
кеуде керіп масаттануға, мақтануға, мардамсуға мүлде жұлдызы қарсы Әбіш Кекілбаевтың
адамгершілік қасиеттері өскелең ұрпаққа үлгі деп білемін.
Қорыта айтқанда, жазушы шығамашылығына негіз болған құбылыстардың басты
арнасы- халық тарихы, туған ел. Қаламгер Әбіш Кекілбайдың халықтың өткен тарихы ,туған
ел туралы шығармаларын жарыққа әкелуі жазушы мәртебесін көтереді. Жазушының туған
117
жер, ел тарихы жайлы жазған шығармаларын оқи отырып, бойымызда елге, туған жерге
деген патриоттық сезім оянады. Жазушының ұлы тұлға ретінде қалтырған мұраларын
көзіміздің қарашығындай сақтау бүгінгі жас ұрпақтың міндеті деп білеміз. Сол кездегі
жазушының шығармаларына арқау болған халықтар достығы, тәуелсіздік , туған ел
тақырыптары бүгінде орындалып қолымыз жетіп отыр. Әбіш Кекілбаевтың проза, әдеби
сын, көркем аударма саласында жемісті еңбегі бүгінде өз жемісін беріп, оқырмандар
көзайымына айналуда. Тарихи оқиғалардың түп негізінде жатқан көкейкесті ой мұраттардың
ерекшелігін, жеке адам мен тарих арасындағы қатынастың саяси- әлеуметтік және
психологиялық алғышарттары мен нәтижелерінің сырларын танытады. Соған орай, туған ел,
тарихи оқиғалармен өзектес, тамырлас алуан сипаттағы саяси әлеуметтік құбылыстар өзекті
мәселеге айналған жазушының шығармалары туған ел туралы терең мазмұнымен
ерекшеленіп, оқырманын баурап алады.
Саналы ғұмырын елін, жерін, Отанын сүюге, мемлекетімізді нығайтуға арнаған, қазақ
руханиятының өсіп-өркендеуіне үлес қосқан қазақ жұртының ардақтысы Әбіш Кекілбаевтың
жарқын бейнесі халқымыздың жадында мәңгі сақталып қалады.
Жазушының дана ойлары бүгінгі күні маңызын жоймай, одан әрі мән-мағынасы
тереңдеуде.
ӘДЕБИЕТТЕР
1.
Ж. Дүйсенбаева «Әбіш Кекілбаев суреткер», Алматы: Нұрлы Әлем баспасы –
2002 ж. – 260 бет.
2.
Ә. Спан «Заңғар» Алматы: Нұрлы Әлем баспасы – 2008 ж. – 304 бет.
Достарыңызбен бөлісу: |