Б. Б. Ахметов Редакциялық алқа



Pdf көрінісі
бет28/69
Дата13.12.2021
өлшемі2,87 Mb.
#125769
1   ...   24   25   26   27   28   29   30   31   ...   69
Байланысты:
zhinak-kongress

 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 


99 
 
3-секция 
Ә:КЕКІЛБАЕВТЫҢ САЯСИ-ӘЛЕУМЕТТІК ҚЫЗМЕТІ ТӘУЕЛСІЗДІК 
КОНТЕКСТІНДЕ 
 
ӘОЖ 1.0.161 
 
ӘБІШ КЕКІЛБАЕВ ШЫҒАРМАЛАРЫНЫҢ ФИЛОСОФИЯСЫ 
 
Бекежан Ө.Қ. 
философия ғылымдарының докторы
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті 
 
Аңдатпа.
  Мақалада  жазушы  Ә.Кекілбаев  шығармаларының  философиялық  сипаты 
әлемдік  мәдениеттегі  философия  мен  әдебиеттің  тығыз  байланысы  контексінде  қаралады. 
Жазушы  шығармаларының  философиялық  мән-мағынасының  бағыттары,  сипаты 
көрсетілген.  Ә.Кекілбаевтың  «Аңыздық  ақыры»  романына  семиотикалық  талдау  жасау 
арқылы  романның  семиозисі  айқындалады.  Сонымен  қатар  жазушы  шығармаларының 
экзистенциалдық,  этикалық  проблемалар  көтерген  ерекшелігіне  назар  аударылды.  Жазушы 
аңыздар  мен  мифтер  арқылы  адамзатқа  ортақ  философиялық  проблемаларды  ұлттық 
мәдениет аясында интеллектуалдық деңгейде бере білгені көрсетілген. 
Түйінді  сөздер
:  Әдебиет  және  философия.  Ә.Кекілбаев  шығармаларының 
философиясы.  Семиотика.  Роман  семиозисі.  Ә.Кекілбаев  шығармаларындағы  рухани 
сабақтастық. 
 
Философия  өзінің  онтологиялық  сипаты  жағынан  барлық  рухани  саламен  сабақтас 
болып  келеді.  Соның  ішінде  оның  әдебиетпен  рухани  үндестігі  аксиома  деңгейіндегі 
феномен. Бұл жерде әрине, әдебиеттегі философия, философиядағы әдебиет сияқты ізденіске 
негіз  болатын  сұрақтар  да  туады.  Әлемдік  әдебиетті    қарасақ,  метафизикалық  жүк  арқалап 
тұрған,  классикаға  айналған  тізімді  көреміз.  Жалпы  әдебиеттің  философиямен  байланысы 
тарихи-мәдени  қалыптасқан  шығармашылық  тандем.  Бұл,  әсіресе,  ХІХ-ХХ  ғасырларда 
кеңінен  тараған  құбылысқа  айналды.  Әдебиетшілер  кең  көлемдегі  философиялық 
проблемаларды  көтерді.  Әдебиет  −  оқиға  жазу  емес,  оқиғаны  ойлаушы,экзистенциалдық, 
моральдық мәселені дүниетанымдық талқылаушыға айналды. ХХ ғасырда Б.Рассел, А.Камю, 
Ж.-П.Сартр сияқты философтар өздерінің әдеби шығармалары үшін Нобель сыйлығын алды. 
Достоевский,  Пруст,  Кафка,  Сартр,  Камю,  Бланшо,  Борхес,  Кортасар  шығармашылығы  − 
әлемдік философия мен әдебиетте бірдей қаралатын жоғары интеллектуалдық шығармалар. 
Әдебиет  пен  философияның  терең  байланысы  қазақ  әдебиетінен  де  тыс  қалмады. 
Басқасын  айтпағанда,  ғасырлар  бойғы  қазақ  халқының  даналығы,  яғни  философиялық  ой-
толғамдары  жеке  философиялық  мәтін  түрінде  емес,  ұлттық  әдебиетпен,  фольклормен 
синкреттік  түрде  біте қайнасқанын  айтсақ  та  жеткілікті  сияқты.  Міне,  осы  шығармашылық 
симбиоз  дәстүрі  ХХ  ғасырдағы  қазақ  әдебиетіне  де  кең  таралған  құбылысқа  айналды. 
Солардың  ішінде  шығармалары  философиялық  терең  мәнге  ие  жазушының  бірі  −  Әбіш 
Кекілбаев 
екені 
талас 
тудырмайды. 
Оның 
шығармаларының 
филлософиялық, 
интеллектуалдық  сипаты  алғашқы  туындылары  шыққаннан-ақ  сыншылар  назарынан  тыс 
қалмады.  Мүмкін  ол  сол  жағынан  да  олардың  назарына  тез  ілінген  шығар.  Әдебиет 
зерттеушілері  С.Әшімбаев,  М.Сқақбаев,  Г.Бельгер  және  шетелдік  зерттеушілер  бұл  туралы 
келелі  пікірлер  айтқаны  белгілі.  Мысалы,  С.Әшімбаев  «Аңыздың  ақыры»  жайлы:  «Роман 
бастан  аяқ  ойға,  толғанысқа  толы,  кәдуілгі  иетеллектуалдық  дәрежеде  шыққан 
философиялық  шығарма»,-дейді  [1,  418].  Ә.Кекілбаевтың  өзі  де  философияға,  әдебиеттегі 
философиялық  дискурске  көңіл  бөлетіндігін  үнемі  айтып  отырады.  Өзінің  «мәңгілікпен 
үндестік» деген мақаласында  Маркес пен Айтматовқа қалай қарайсың деген сұраққа жауап 
ретінде  мынандай  тұжырым  жасайды:  «Әрине,  бұл  екеуін  неге  қосақтап  отырғандары 


100 
 
түсінікті. Екеуі  қазіргі  рухани ізденістегі  ең басты тенденцияның жыршылары. Маркес пен 
оның  Латын  Америкасындағы  әріптестері  «каудильошылдықты»,  Айтматов  «мәңгүрттікті» 
бүгінгі саяси-философиялық ойға тұрақты ұғым қып қосты. Алдыңғысы – әсіре өктемдіктің 
философиясы. Соңғысы-құлақ кесті құлдықтың философиясы. Екеуі де менің творчестволық 
ізденістерімнің  басты  арналары»  [2,  451].  Сондықтан  оның  шығармаларынан  шығыстық 
каудилизмді  де,  өзіміздің  мәңгүрттікті  де  көре  аламыз.  Шынында,  жазушы  шығармалары 
моральдық-этикалық  проблемаларды  көтеруімен  ерекшеленеді  және    күрделі  жалпы 
адамзаттық  философиялық  ұғымдарды  көркем  шығарма  сюжетінің  желісінде  көрсетуімен  
айшықталады.  Кезінде  гуманитарлық  ғылымдарда  ұлттық  тілде    монографиялар 
жазылмағанына  қынжылып  жазушы  былай  деген  еді:  «Тілсіз  философия  ұлттық  санаға 
қандай  нәр  бере  алады?  Тілсіз  ғылым  ұлттық  дүниетанымды  қайтып  кеңейте  алады?»  [2, 
459].    Осы  жерде  Кеңес  кезінде  тілі  жағынан  шектелген  қазақтілді  философиялық  ой 
иірімдерінің,  дүниетанымдық,  моральдық-этикалық,  эстетикалық    танымның    «паналаған» 
жері  −  сол  кездегі  қазақ  әдебиеті  мен  поэзиясы  деуге  болады.    Қазақ  тіліндегі  ауыз 
тұщытарлық  философиялық-гуманитарлық  еңбектердің  орнын  осы  екеуі  толықтырды. 
Философиялық  ой,  әсіресе  ұлттық    дүниетаным  әдеби  шығармалар  ішінде,  поэзиялық 
шығармаларда  кең  өріс  табуы  халқымызда  бұрыннан-ақ  әдеби  жанрлар  аясында  дамып, 
ұрпақтан-ұрпаққа  жеткен  дәстүрлі  даналықтың  жаңа  мазмұнда,  жаңа  форматта  жол  табуы 
болды.  Сондықтан  шығар  ғылыми  философияны,  әлемдік  философияны  орыс  тілінде 
игерместен  бұрын  сан  қилы  философиялық  проблемаларды,  ұғымдарды,  терең  ой 
тұжырымдарын сол кездегі қазақ баласы әдеби шығармалардан оқып, өзінше топшылап өсті.  
Бұл,  әрине,    тек  қазақ  мәдениетіне  ғана  тән  болған  тенденция  емес  еді,  мысал  ретінде  
Ф.Достаевскийді,  Ж.-П.  Сартр  мен  А.Камюді,  жоғарыда  аталған  Маркес  пен  Л.Борхесті, 
Ш.Айтматовты  айтсақ  та  болады.  Осы  тұрғыдан  қарайтын  болсақ,  Ә.Кекілбаевтың 
шығармаларының  философиялық  мән-мағынасы,  көтерген  жүгі  аталған  әлемге  танылған 
жазушылардың шығармаларынан осал  емес. Әдебиет пен философия етене жақын, бірін-бірі 
толықтырып  отыратын  руханият  түрлері  екені  сөзсіз  және  «әдебиет  бірінші  ме,  философия 
бірінші ме» деген сұрақ орынсыз көрінеді.  Егер М.Хайдеггер  айтқандай  «тіл − болмыстың 
үйі»  болса,  соның  бір  мекені  әдебиет  екені  сөзсіз.  Қазақ  әдебиетіндегі  философиялық  ой 
тұжырымдары  әдеби  көркем  тілмен,  берілген  оқиғамен    ширыққан  жазушының  бірегейі 
Әбіш  Кекілбаев  екені  осы  қасиетінен  көрініп  тұр.  Жазушының  тәуелсіз  еліміздің  мемлекет 
қайраткері болған кезінде жазылған  публицистикалық ой-толғамдары да осыны дәлелдейді. 
Өзінің  әдеби  шығармаларында  автор  философиялық  ойларды  әдеби  көркем  жанрдың 
көмегімен берсе, публицистикалық еңбектерінде өзін гуманист ойшыл, әлеуметтік философ, 
саясаткер  ретінде  танымал  етті,  гуманитарлық  ғылымның  категориялық  жүйесін  еркін  әрі 
концептуальдық  дәйектілікпен  қолданғанын  әрбір  мақаласынан  байқауға  болады. 
Жазушының шығармалары терең философиялық ойларға, афоризмдерге толы болып келеді. 
Жазушының  философиялық  толғамдары  адамның  әртүрлі  жағдайдағы  сезімін,  көңіл  күйін, 
күйзелістерін,  жан  дүние  арпалыстарын  көрсетеді.  Бұл  жағынан  дәстүрлі  қазақ 
философиялық  ойына  тән  болып  келетін  экзистенциалдық  ізденістер,экзистенциалдық 
сұрақтар барлық шығармаларында дерлік орын тапқан. Сонымен қатар моральдық-этикалық 
мәселе де шығарма кейіпкерлерінің тіршілігінен, оқиғалар лейтмотивінен үнемі орын алады. 
Жазушы негізінен антропоцентрлік қағиданы ұстана отырып, жеке адам мен оны қоршаған 
қоғам,  жеке  адам  мен  саясат  қатынасы  сияқты  күрделі  мәселені    шығарма  кейіпкерлерінің 
болмысы,  тауқыметі  аясында  беріп  отырады.  Тағы  бір  маңызды  ерекшелігі  жазушы 
кейіпкерлерінің,  шығарма  оқиғаларының  ұлттық  дәстүрлі  тіршілікпен,  дүниетанымымен 
байланысы. Ә.Кекілбаев та сонау өткен ғасырдың  60-шы жылдары әдебиетке келген топтың 
барлық  өкілдері  сияқты  ұлт  басындағы  зор  әлеуметтік  тарихи  өзгерістері,  ол  өзгерістердің 
әкелген  жақсылығы  мен  зобалаңын  айналып  өте  алмады.  Егер  әлемдік  әдебиетті  алатын 
болсақ  ұлттар  тарихындағы  осы  бір  қиын  қыстау  мәдени  өлара  шықты  Латын  Америкасы, 
кеңес елдерінің жазушылары көркем шығармашылық құралдары арқылы кеңінен суреттеді. 
Кеңестік ұлттық жазушылардың ерекше еңбегі де осында болды. Сол идеологиялық қысым 


101 
 
уақытында  қоғамдық  ғылымдар  өкілдері  жаза  алмаған,  айта  алмаған  тарихи  шындықты, 
елдің  шынайы  жағдайын,  нәубет  жылдардың  құпияға  айналған  тарихын  оқиға  арасына 
кірістіріп,  кейіпкердің  жан  азабынан  туындаған  күйзелісі,  ойы  толғамы  түрінде  тек 
жазушылар  ғана  бере  алды.  Адам  тіршілігінің  мәнсізденуі,  оның  өмірінің,  қадір  тұтқан 
нәрселерінің құнсыздануы осының бәрі жазушы шығармаларында үлкен орын алды. 
Ә.Кекілбаев  шығармасында  көркемдік  бейнелеудің  әртүрлі  құралдары  кеңінен 
қолданылған.  Соның  ішінде  тұспалдың,  қазіргі  ғылыми  тілмен  айтқанда  семиотиканың, 
символдардың  кеңінен  қолданыс  тапқанын  айта  кеткен  жөн.  Батыс  әдебиеті  мен  өнеріне, 
философиясына кеңінен тараған әдіс дәстүрлі қазақ мәдениетіне де  жат  емес  еді. Қазақтың 
дәстүрлі сөз өнері, оның жанрлары қашанда белгілерге, ишараға, тұспалға толы болды және 
ұлттық  далалық  дәстүрлі  интеллектуализмнің  көрінісі  іспетті  саналды.  Сонымен  бірге 
тұспалдап  сөйлеу  қазақ  мәдениетінде  ойындық  сипат  алуымен  де  ерекшеленеді.  Сол 
себептен  Ә.Кекілбаевтың  шығармаларындағы  семиозис  тек  оның  әлемдік  әдебиеттен  алған 
үлгісі  деп  қана  есептемей,  жазушының  қоршаған  дәстүрлі  мәдени    ортадан,  халық  ауыз 
әдебиетінен үйренген, бойына сіңірген қасиеті десе де болады. Семиотикалық жүйе әлемдік 
әдебиетте  зор  көркемдік,  бейнелеушілік  роль  атқаратыны  белгілі.  Мысалы  ол  жөнінде 
М.Донези былай дейді:  «семиотика – не просто метод, который используют вымышленные 
детективы  для  раскрытия  тайн;  это  научная  дисциплина,  изучающая  самую  спорную 
составляющую человеческой разумности  – его способность создавать и использовать знаки 
(слова,  символы  и  т.д.)  при  размышлениях,  общении  и  передаче  опыта»  [3,  92].    Тағы  бір 
ойымыз,  сонау  идеологиялық  қыспақтағы  өткен  ғасырда  осылай  тұспалдап  айту  және  оны 
өткен тарихи заманның контексінде бейнелеу заман туғызған амалсыз қажеттіктен туған әдіс 
болған  шығар.  Жазушының  зерттеушілер  жиі  айтатын  ежелгі  мифтік-аңыздық  сюжеттерді 
қолдануы  да  осындай    ойға  меңзейді.  Сондай  үлкен  философиялық,  семиотикалық  жүк 
арқалап  тұрған  символдың  бірі-мұнара  бейнесі.  Мұнара  −  автордың  «Аңыздың  ақыры» 
романында  негізгі  әдеби,  мазмұндық  конструкцияның  бірі.  Егер  бұл  роман  мәтінін 
семиотикалық  оқу  жағынан  қарайтын  болсақ,  онда  тағы  бір  маңызды  белгі  бар,  ол-  «шірік 
алма»  бейнесі.  Егер  ұлттық    дүниетаным  позициясынан  қарар  болсақ,  «шірік»-қазақ 
этномәдениетінде  моральдық-этикалық  тұрғыдан  өте  ауыр  бағалау,  сөгу  түрі  болып  келеді. 
Бұл жерде романның орта ғасырлық түркілік қалада (далалық мәдениетте емес мағынасында) 
өтіп  жатқанын  ескерсек,  «алма»  белгісінің  коды  түсінікті  болады.  Романның  семиозисін 
қарастырар  болсақ  негізгі  семиотикалық  құрылымды  «шірік  алма»,  «мұнара»  құрайтынын 
көреміз.  Одан  басқа  жазушының  шығармаларынан  жиі  кездесін  түс  көру  және  оны  жору, 
күміс  жүзігін  жоғалту  сияқты  детальдар  да  романның  семиозис  жүйесінің  элементі  болып 
табылады.  
Енді  романды  семиотикалық  жүйе  тұрғысынан  талдасақ,  семантикалық  жағынан 
белгінің  яғни,  алманың,  мұнараның  махаббатқа,  сезімге,  ханшаға,  шеберге,  әміршіге 
қатынасы  романның  мазмұнын  құрайды.  Ал  синтактика  тұрғысынан  келер  болсақ,  «шірік 
алманың»  «мұнараға»  қатынасын  көреміз.  Әміршінің  толғанысы,  оқиғаның  өрбуі 
логикасымен  қозғала  отырып  мұнараның  шіріген  алмаға  («өзегінен  құрт  шыққан 
алма»)қатынасын  ашамыз.  Ең  маңызды  нәрсенің  бірі  романның  семиотикалық  жүйесіндегі 
прагматикамен  байланысты.  Жалпы  романдағы  негізгі  интерпретатор  −  Әміршінің  өзі. 
Әрине,  оның  образын  атақты  Умберто  Эконың  «Имя  розасындағы»  Вильгельм  бейнесімен 
салыстырмаймыз  (екі  романның  мақсаты  мен  жанры  бөлек  деген  мағынада-Ө.Б.).  Бірақ, 
детектив болмаса да, Әмірші өзін торлаған ауыр ойдан шығу барысында, сезім арпалысымен 
жүріп  біраз  семиотикалық  кодтарды  ашады  және  философиялық  толғамдарға  барады 
(«жауыз ойшыл» деңгейіне көтеріледі). Жалпы бүкіл романның сюжеттік желісі мұнараның 
әміршіге  интерпретатор  ретінде  семантикалық  мәндерді  ашуға  әсері  болып  шығады. 
Романның  сюжеті  даму  барысында  мұнара  белгісін  түсінудің  бірнеше  интерпретациясы,  
біріне-бірі  қарсы  кодтары  пайда  болып,  әртүрлі  трансформацияға  ұшырап  отырады.  
Әміршінің  мұнараны  қабылдаудағы  сезімі  мен  ойы  бірнеше  қарама  –қарсы  оппозициядан 
өтеді. Олар: ризашылық сезімі, күмән-күдік сезімі, қызғаныш, өшпенділік сезімдері. Мұнара 


102 
 
ғашықтық сезім объектісі ретінде романдағы үш кейіпкердің тарапынан әртүрлі либидо мен 
сублимация  туғызады.  Әсіресе,  мұнараның  сублимациясы  шеберге  тән.  Әлеуметтік 
фрустрациядан либидосын өзінің ең керемет туындысы −- мұнара арқылы жүзеге асырады. 
Мұнара  бірнеше  трансформациядан  өткен  символ.  Мұнараның  үш  кейіпкер  тұрғысынан 
әртүрлі  оқылуы  бар  екенін  айттық.  Негізінен,  ол  Әміршінің  тарапынан  көбірек  оқылып  ең 
соңында  оған  деген  жеккөрінішке  де  әкеледі  және  жауыздық  жаза  қолдануға  себепші 
болады. Осы жағынан мұнараның бірнеше семиотикалық мәнін байқауға болады. 
1.Мұнара − Ханшаның Әміршіге деген сағыныш көрсету объектісі. 
2. Әміршінің Ханшаға (және шеберге) ризашылығын туғызу символы. 
3.Ханшаның шеберге қызығушылығы белгісі. 
4. Шебердің Ханшаға ынтықтығын білдіруші символ. 
5. Әміршінің Ханшаға күмәнмен қарау(опасыздық)символы. 
6.  Әміршінің  шеберге  жеккөрініс  символы.  Баяғы  Бабылдың  мұнарасы  сияқты  бұл 
мұнара  да  ақыры  түсінбестік,  араздық  объектісіне  айналады.  Мұнараны  қабылдау, 
интерпретациялау барысында Әмірші қызу тартысты, қарама-қарсы сезімге толы ой кешеді. 
Мұнара  тек  сезім  ғана  емес  интеллектуалдық  толғаныс,  моралдық-этикалық  құндылықтар 
таласын,  жан  азабын,  экзистенциалдық  күй  туғызады.  Жазушы  әміршінің  толғаныстарын 
беру  барысында  философиялық  ұғымдарды  да  кеңейтіп,  толықтырып  отырады.  Олардың 
қатарына:  алмаға  байланысты  әміршіде  қастандық,сатқындық,  опасыздық  ұғымдары 
туады.Ой  барысында  шексіз  билік,  зұлымдық,    жалғыздық,  билеуші  мен  бағыныштылар, 
биліктің мәнсіздігі, айналып келгенде адам-пенде тіршілігінің мәнсіздігі жайлы ой толғамдар 
туады. Осы жерде жазушыға тән бір әдеби әдіс кейіпкер ретінде жауыздарды  алуы екеніне 
назар  аударған  жөн  сияқты.  Мүмкін  бұл  әдісті  де  жазушы  ХХ  ғасырдағы  екі  диктатордың 
(Гитлер,  Сталин)  адамзатқа  (соның  ішінде  қазаққа)  жасаған  жауыздығын  әдеби-
философиялық  тұрғыдан  зерделеудің  жолы  ретінде  алып  және  ой  азабын  тартуды  өздеріне 
берген  шығар.  Осылайша  автор  шығыстық  «каудильошылдықтың»  ақырын,  жазасын  өз 
толғаныстары, өз  оқиғасы арқылы жеткізеді. «Ханша-Дария хикаясынан » да соны көреміз. 
Демек,  өзі  айтқандай  «өктемдік»  пен  «құлдық»  философиясын  шығармаларында  терең 
талдау жасайды. Мұнара бейнесінің диалектикасы да көңіл аудартады. Әміршінің мұнараны 
қабылдауы  оқиға  ширыққан  сайын  өзгере  түседі.  Әуелі:мұнара  күлімдеген,  биік,  сұсты, 
шалқалаған, тәкаппар, әйелге тән паңдық пен сүйкімділік, келе гөр деп жалбарынған жас ару, 
арудың  білегі  түрінде  әлдебір  интимдік  нышанда  қабылданады.  Антипод  ретіндеаяғында 
табалаушы, әжуалаушы, табалаушы болып көрінеді. Ханшаның мұнараны «оқуы»: сағыныш 
белгісі,  мұнара-хат  сияқты,  мұң,  құштарлық,  наз,  жанар,  ғашықтық,    шебердің  ханшаға 
сезімі.  Мұнараның  «кетігі»  және  оның  семиотикалық  мәні  және  романдағы  оқиғаның 
шиленісуіндегі  рөлі  де  маңызды.  Себебі,  «кетік»  айналып  келгенде  опасыздыққа  итереді 
(басқа әйел арқылы болса да). Тағы бір назар аударатын белгі-«жанар»,«жазықты-жазықсыз  
жанар» символы(концептісі) және шебердің жазалануы (соқырлық).  «Мұнара-шебер-жанар-
махаббат»  және  «Мұнара-жанар-өшпенділік»  бинарлық  оппозициясы.  Романдағы  тағы  бір 
семиотикалық нышан: түс. Түсті Ханшада, Әмірші де көреді. «Ханшаның түсі» сублимация 
ретінде,  түс-күнә  және  түс  –  қылмыс  сипатын  алады.  Әміршінің  түсі  моралдық  этикалық 
жазаға  меңзеу  болып  табылады.  Осылайша  бір  ғана  шығармадан  жазушының 
символикаларды  асқан  шеберлікпен  қолданып,  романның  бүкіл  оқиға  желісінің  мазмұнын 
ашуға тірек қылғанын көреміз. Талай шығарма өзегі болған мұнара бейнесі романда жаңаша 
шешім алады және философиялық концепция деңгейіне көтерілді. 
Әрине,  жазушының  әрбір  шығармасынан  көптеген  ой  толғамдарын  табуға  болады. 
Мысалы,  зерттеушілер  оның  аңыз-мифтік  оқиғаларды  жиі  қолдануы  жайлы  айтады.  Бұл 
әлемдік әдебиетке көп тараған әдіс және жазушының зияткерік ой өрісін, таным көкжиегін 
көрсетеді.  Біз  қазір  рухани  жаңғыру,  рухани  құндылықтар  сабақтастығы  жайлы  айтамыз. 
Осы  рухани  құндылықтардың  адам  тіршілігіндегі  және  әділетсіз  әлемдегі  жасампаз  мәнін, 
өмірмәндік орнын жазушының «Күйші», «Аңыздың ақыры» және басқа да шығармаларынан 
көреміз.  Автор  қолданған  миф,  аңыздардың  маңызы  да  осында.  Бұл  Ницщенің  атақты 


103 
 
«мәңгілік оралу» идеясымен де ұштасып жатыр. «Пусть все беспрерывно возвращается. Это 
есть  высшая  степень  сближения  между  будущим  и  существующим  миром,  в  этом  вечном 
возвращении  –  высшая  точка  мышления!»  деген  Ницще  сөзі  автор  қолданған  ескі  аңыздар 
мен мифтердің қатігез өткен ғасырларда,  қазіргі заманға да өз үндестігін табарын көрсетеді. 
Адамзат тарихында ремифология құбылысы жиі көрініс береді, автор осы бір қоғамдық сана, 
мәдениет  заңдылығына  айналған  феноменді  қазақ  өмірі,  дәуір  шындығы  арқылы  сипаттай 
білді. Ол да жазушы шығармаларының бір философиялық қыры болып табылады. 
Ойшыл  жазушыныңшығармалары  қашанда  мән  мағынасы  терең  философиялық 
толғаныстар  мен  эстетикалық,  этикалық  дүниетанымға  толы.  Тіпті,  сюжеттік 
қақтығыстардың,  оқиғалардың  орнын  ой  толғанысы,  интеллектуалдық  ойын,  сезімдер 
шытырманы толықтырады. Ондай жағдайда шығарманың «заттық» әлемі де, кейіпкерлері де 
минимум  көлемде  болады.    Сондықтан  ондай  шығармалар  әлем  мен  адамның  болмысына 
үңілу, адам пенденің өмірінің мәнін толғау, жақсылық пен жамандық, сенім мен опасыздық, 
махаббат пен өшпенділік, ақиқат пен жалған, әділетсіздік, уақыт пен кеңістік, заман сияқты 
философиялық  абстрактілік  категориялар  шеңберінде  ой  кешуге  құралады.  Оқиға  бірінші 
орынға шықпайды, алдыңғы орынға сол минимум оқиға (сюжет) туғызған шектелген кеңістік 
пен уақыттағы аз ғана «зат» айналасындағы экзистенциалдық күй, психологиялық жан дүние 
әлемі тартысы шығады. Терең зерделі жазушы қарапайым оқиғадан астарлы философиялық 
дүниені,  адамзатқа  ортақ  болып  келетін проблеманы  байқайды  және  өзінің  тұжырымдарын 
әдеби шығармадан өрелі философиялық туындыға айналдырады. Ұлт жазушысының көркем 
шығармасы  соның  арқасында  өзінің  ұлттық  менталитет  орбитасынан  шығып,  әлемдік 
деңгейдегі  жалпыадамзатқа  ортақ  мәселені  көтерген  әдебиет  деңгейіне  жетеді.  Ондай 
шығарманың авторы ұлтының да, адамзаттың да мақтанышына айналары сөзсіз. Қазақ халқы 
үшін  Әбіш  Кекілбаев  сондай  интеллектуал  жазушы.  Жазушының  шығармалары 
философиялық  дискурске,  символдық  бейне-образдарға,  адамзатқа  ортақ  идеалдар  мен 
философиялық  категорияларға  толы.  Оның  кейіпкерлерінің  ой  тұжырымдары,  ішкі 
монологтары  өзінің  индивидуалдық  жағдайын  адам  баласының  бәріне  ортақ  болмыстың 
сұрақтары дәрежесінде толғануымен айшықталады. Әлем мен адам қатынасының түйткілдері 
локалды ұлттық кеңістік пен уақыттың шеңберінде көкейкесті сұраққа айналады. Теориялық-
концептуалдыққа негізделген таза философиялық еңбектен айырмашылығы көркем шығарма 
сюжет пен сезімдік-эмоциялық дүниеқабылдау, дүниекешу арқылы әлемді тек рационалдық 
емес  көркем  образды  түрде  әлдебір  заттық-физиологиялық  нақтылық  немесе  эмпириялық 
айқындылық түрінде қабылдауға мүмкіндік береді. Ә.Кекілбаев шығармалары осы қырымен 
ерекшеленеді.  Жазушының  шығармалары  сонау  кеңестік  қасаң  идеология  мен  цензура 
кезінде  жазылды.  Бірақ  құндылығы  сол  заманда  да,  қазір  де  жойылған  жоқ.  Неге?  Себебі, 
автор өткінші дәуірлік, саяси конъюнктуралық тақырыптарға бармады. Қай заман адамын да 
толғандыратын  философиялық,  антропологиялық,  экзистенциалдық  құндылықтарды 
қамтитын туындыларды жазды. Сонысымен де құнды. 
 
ӘДЕБИЕТТЕР 
 
1. Әшімбаев С. Ой мен оқиға.//Кекілбайұлы Ә. Он екі томдық шығармалар жинағы. – 
Алматы: «Өлке» баспасы. – Т.3. – 1999. -400б. 
2. Кекілбаев Ә.Заманмен сұхбат ой-толғамдары – Алматы: Жазушы, 1996 – 592б. 
3. Данези М. В поиске значения. Введение в семиотическую теорию и практику / пер. 
с  англ.;  под  общ.ред.  С.  Г.  Проскурина.  Новосибирск:  Новосибирский  государственный 
университет, 2010. 192 с. 
 
 
 
 
 


104 
 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   24   25   26   27   28   29   30   31   ...   69




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет