Б. Б. Ахметов Редакциялық алқа


ӘОЖ 82.09  Ә.КЕКІЛБАЕВТЫҢ ӘДЕБИ БОЛМЫСЫ



Pdf көрінісі
бет29/69
Дата13.12.2021
өлшемі2,87 Mb.
#125769
1   ...   25   26   27   28   29   30   31   32   ...   69
Байланысты:
zhinak-kongress

ӘОЖ 82.09 
Ә.КЕКІЛБАЕВТЫҢ ӘДЕБИ БОЛМЫСЫ 
 
Миров М.О. 
ф.ғ.к, доцент, Баишев Университеті 
Аблаева З.Р., Достанова А.М., 
Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығының 4 курс студенттері
 
Аңдатпа.
 Бұл мақалада қазақ әдебиетінің абызы Әбіш Кекілбаевтың қаламынан туған 
көркем шығармалары әдеби талдаулармен кең көлемде баяндалады. 
Түйінді сөздер
: тәуелсіздік, поэзия, лиризм, ұлттық құңдылық, әдеби тіл. 
 
Қазақ  елі  өз  егемендігін  алғаннан  кейінгі  жылдарда    поэзия  әлемінде  ұлттық 
тәуелсіздік  жаңа  көркемдік  мазмұнмен  жырланды.  Поэзияда  ұлттық  рух,  ұлттық  мұрат, 
тәуелсіздік  деген  ұғымдарға  ерекше  екпін  түсіре  жырлаған  жас  ақындар  келіп  қосылды. 
Солардың  бірегейлері  С.Адай,  Ғ.Әріп,  Ж.Сәрсен,  М.Райымбекұлы,  Ж.Әскербекқызы, 
Н.Бердалы,  А.Исаділ,  Б.Айболатұлы,  А.Шегебай,  С.Қамшыгер,  Б.Алдияр,  А.Бабажанұлы, 
Т.Қамзин, Б.Беделханұлы, М.Құнапияқызы т.б. болатын. Осы аталған ақындар өлеңдеріндегі 
жаңаша  пайымдаулар  рухани  жағынан  түзудің  жаңа  бір  кезеңі  басталып,  қазақ  әдебиетінде 
көркем ойлардың серпінін туғызды. 
Әбіш Кекілбаев «Алтын шуақ» атты сыршыл лиризмге толы өлеңдер жинағымен ақын 
ретінде  танылды.  Дүниенің  жарқын  жағы  ақынды  қуантып,  көңілін  көтеріп,  шабытына 
шабыт қосады. Ол күн сайынғы жаңалыққа үміт артады. Айға ұшқан ұрпақтың сөзін сөйлеп, 
жер-анасына табынады. Өзінің туған жерін әрбір шөбіне дейін әдемі образдармен суреттейді. 
Мысалы, «Туған жер» өлеңінде былай деп толғайды: 
Өстім қырда, қиырда, 
Естімей орман шуылын. 
Жүзімді қақтап құйынға, 
Селеудің тыңдап суылын. 
Теңізден шетпін бұрқақты, 
Тәнімді толқын көмбеді. 
Сусай қалсам, су тарттым 
Шыңыраудан шөлдегі. 
Тақырға асық иірдім, 
Құмақта қудым қозыны. 
Күн жеп қойған киімнің 
Иықта кеткен тозығы. 
Қиып та кеткем қиясын, 
Шағылын, тауын, обасын, 
Шағынып тамған көз жасым 
Бабамның  қара  моласын,  -  деген  шумақтарды  оқып  отырғанда  М.Лермонтовтың 
поэзиядағы дауысын естігендей боласың [1.5]. 
Ақынның поэзиясындағы соны дүниесі «Дүние ғапыл» [2] жинағында философиялық 
ой-танымға құрылған, даналыққа тұнған ойшыл өлеңдері  арқылы  дана ақынға айналғанын 
көре аламыз. 
Біз Ә.Кекілбаевты тек  жазушы, драматург, әдебиет  сыншысы, қоғам қайраткері  ғана 
емес,  сонымен  бірге  шебер  аудармашы  ретінде  де  танимыз.  Ірі  суреткер  қай  жанрда,  қай 
тақырыпта жазса да, соның бәрінде ол негізгі  бір өзекті  идеяны , идеалды нысанаға  алады. 
Осы  ретте  жазушы  қаламынан  туған  аударма,  пьесалары  мен  аударма  романдарының  мәні 
зор.  Өйткені  жазушы  аударма  саласында  да  суреткерлік  қабілет  танытады.  Әбіштің 
аудармадағы  суреткерлік  еңбегі  түпнұсқадағы  шығармашылық  тұтастықты  сақтауымен, 
өзінің ойын және ол діттеген шындықты көркем түрде суреттей алуымен, оны жанды бейнеге 


105 
 
айналдыру  өнерінің  биіктігімен,  талғамының  озықтығымен  көрініс  тапқан.  Ә.Кекілбаевты 
аудармашы  ретінде  ерекшелейтін  маңызды  жайттың  бірі  -  оның  өрнекті  көркем  тілі.  Ол  өз 
ойын бейнелі  жеткізуге, әрбір нәрсені жанды суретке айналдыруға өте ұста. Ұлттық тілдегі 
сөз  саптаулармен  әдеби  тілдегі  мың  иірімді  оралымдарды  қиюын  тауып  қиюластырып, 
тәржімаларында да асқан дәлдікпен бере алған. 
Осы  ретте,  Әбіш  Кекілбаев  -  көркем  аударма  өнерінің  де  үздік  шебері.  Ол  орыс, 
жапон, Батыс пен Шығыс поэзиясының классикалық туындыларын: лирикалық өлеңдер мен 
поэмаларын қазақ тіліне зор шабытпен аударды. Оған жапон поэзиясының көрнекті өкілдері: 
Кобояси  Исса,  Нюдо-Саки-Но  Дайдзедайдзин,  Сайге-хоси,  Исикава  Тонудокидың,  әлем 
поэзиясының  жауһарлары  М.Лермонтов,  Г.Гейне,  Р.Ғамзатов,  О.Сүлейменовтің  өлеңдері 
енген.  Ә.Кекілбаевтың  тәржімалау  барысында  әр  жолды  сөзбе-сөз    аударып  қана  қоймай, 
көркемдік  ерекшелігін,  поэтикалық  құрылымын  сақтай  отырып,  сөздердің  баламасын, 
ұғымдарды  нұсқаға  сай  бергендігі  көрініп  тұрады.  Жазушы  әр  жылдары  дүниежүзі 
әдебиетінің  таңдаулы  үлгілерінен  прозалық  шығармаларды  да  аударып  отырды.  Әбіш 
Кекілбаевтың аударуымен Г.Мопассанның «Өмір», «Пьер мен Жан», Л.Толстойдың «Соғыс 
және  бейбітшілік»,  Ш.Айтматовтың  «Ерте  келген  тырналары»  қазақ  тілінде  сөйледі. 
Солардың ішіндегі ерекше назар аудартатыны «Өмір» романының тәржімасы. Олай болатын 
себебі,  бұл  шығарманы  аудару  барысында  Ә.Кекілбаев  өзінің  ұзақ  жылғы  тәжірибесінен 
түйген  ойлары  мен  пікірлерін  қорытып,  жинақтаған  күш-қуатын  іс  жүзінде  тұтастай 
қолданған  екен.  Осымен  бірге  ол  классикалық  драматургияны  жақсы  білді  және  оның  көп 
үлгілерін  қазақ  тіліне  аударды.  Оның  аудармаларының  ішінде  У.Шекспирдің  «Ромео  мен 
Джульеттасы»,  «Король Лирі»,  «Кориоланы», Г.Ибсеннің   «Үрейі», К.Гоццидың «Турандот 
ханымы»,  М.Фриштің  «Дон  Жуанның  думаны»,  Л.Дарконың  «Сүйіктім  менің  Электрасы»,  
В.Буэроның  «Бүгін  мейрам,  бүгін  тойы»,  М.Кәрімнің  «Ай  тұтылған  түні»  сияқты  әртүрлі 
стильдік үлгілері болды.  
Әбіш Кекілбаевтың драма саласына да сіңірген еңбегі мол. Оған дәлел «Абылай хан» 
драмасы.  Драмада  ақ  пен  қараның,  сезім  мен  сананың,  жан  мен  тәннің  қалауы  арасындағы 
мәңгі  бітпейтін  арпалыс  суреттелген.  Шығармада  Абылай  осынша  сынақтың  бәрінен 
сүрінбей өтіп, өзінің һәм қазақ халқының тағдырын пәле-жаладан аман сақтап қалады. Бұл 
асқақ  образ    кемеңгер  Кекілбаевтың  қиялында  ғана  емес,  осы  өмірде  де  болатыны  белгілі. 
Дегенмен,  «Абылай  хан»  драмасы  арқылы  автор  жас  ұрпақты  жақсылыққа  шақырып, 
жасампаздыққа бастап, жамандықтан тыюға ұмтылады. 
Әбіш Кекілбаевтың «Абылай хан» пьесасын драмалық  дастан деп атап, кең ауқымды 
құбылысты  суреттеуге  бүгінгі  күннің  биік  талап-талғамымен  келген.  Автордың  өткенімізді 
айта  отырып,  пьесаның  кейбір  тұстарында  бүгінгілік    астар  мән-мағына  беруі  –  сол  идея 
айқындығынан туындаған. 
Жазушы  драмада  қазақ  халқы  өмірінің  сан  алуан  қырларын  үлкен  шеберлікпен 
көрсете  білген.  Оған  қаламгердің  әлем  әдебиетіндегі  классикалық  драматургия  үлгілерін 
оқып,  аудару  арқылы  шеберлік  мектебінен  өткендігі  себеп  болған.  Академик  С.Қирабаев: 
«Қазақтың ұлттық драматургиясында  Жүсіпбек Аймауытов бастап жазған өлең мен ұйқасты 
проза  тілінде  жазылған  шығармалар  дәстүрін  кейін  жоғалтып  алған  сияқты  едік.  Оны 
Мұхтар, Ғаббас, Әбділда сияқты қаламгерлер пайдаланған. Солармен бірге кеткендей болған 
осы көркемдік үлгінің Әбіш пьесасымен қайта тірілгендігі қуантады. Тумысында шешен,дау 
мен тартыстардың бәрінде билердің тіліне сүйенген диалог, монолог бүкіл қазақтың рухынан 
туындайтын еді, Әбіш осыны тірілтті, әдемі жаңартты деп білеміз». 
Ақынның  «Абылай  хан»    туындысы  1993    жылы  қазақтың    М.Әуезов  атындағы 
Ұлттық академиялық драма театрында қойылды. Бұл халықтың азаттық жолындағы шынайы 
күресінің  бір  кезеңін  көрсететін  қаһармандық  драмалық  дастан  болып  шықты. 
Ә.Кекілбаевтың    прозалық  шығармаларында  қазақ  халқының  ғасырлар  бойы  арман  етіп 
аңсаған  рухани  тәуелсіздігін  негізгі  мәселе  етіп  көтеріп,  сол  сарғайып  күткен  армандарды 
сахнаға алып келгені айдан анық. 


106 
 
2015  жылы  Қазақ  хандығының  550  жылдығына  орай  «Абылай  хан»    пьесасы  Ақтау 
қаласындағы  Н.Жантөрин  атындағы  Маңғыстау  облыстық  музыкалық    драма  театрында 
қойылды. 
 Кемеңгер  Кекілбаев  «Абылай  хан»  пьесасында  ұзақ  қазақ  елінің  XVIII  ғасырдағы 
жоңғар  басқыншыларына  қарсы  ерлік  күресінің  көріністерін  жыр  етеді.Абылайдың 
ақылдылықпен,  айлакерлікпен  жүргізген  күресінің  арқасында  қалмақтардың  жеңілуі 
баяндалады.  Ғұлама  Әбіш  Абылайдың  ерлік  істерін  қазақ  халқының  азаттық  жолындағы 
туына айналдырады. 
Тәуелсіздік қазақ елінің тұғырының биік болып, мемлекетіміздің нығаюына өлшеусіз 
зор үлес қосқан қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаев  халқымыздың бейбіт өмір сүруі жолында, 
ауыз  бірлігі  жолында  да  аянбай  еңбек  етті.  Ол  кешегі  ел  билеген  патшаларға  ақыл  қосқан 
данагөй билердей мемлекеттік қызметтерге де бар қайратын салып араласты. Артына өшпес 
із  қалдырды.  Қазақ  сөзінің  зергері  алмағайып  уақытта  елдік  мүддені  қорғау  барысында  да 
әрқашан азаматтықтың, даналықтың үлгісін көрсетті. 
Мемлекет  және  қоғам  қайраткері  Сауытбек  Әбдірахманов  Әбіш  туралы  сөзінде: 
«Алайда тарихтың осынау өтпелі, екі ұдай кезеңінде, бір жүйеден бір жүйеге ауысып, жаңа 
қоғам құрылып жатқан шақта жаңа қоғам құрылып жатқан шақта бізге прозашы Кекілбаев, 
сыншы  Кекілбаев  көбірек  керек  пе  еді,  әлде  саясаткер  Кекілбаев,  тарихшы  Кекілбаев, 
философ Кекілбаев, әлеуметтанушы Кекілбаев, мәдениеттанушы Кекілбаев көбірек керек пе 
еді  десек,  осы  жылдарда  бізге  оның  қаламгерлікке  суарылған  қайраткерлігі  керегірек 
болғанына көзіміз жетеді» деген сөзіне қарап та Кекілбаевтың қазақ мемлекетін нығайтудағы 
еңбегінің зор екендігін байқаймыз. 
Әбіш  Кекілбаев  жас  республика  –  Қазақстанның  аяқтан  тұрып,  қалыптасуына  бар 
күш-жігерін  салды.  Бір  сөзінде:  «Егер  әдебиетші  болмасам,  саясатқа  келмес  ем.  Мені 
қаламгер  ретінде  де  алаңдатуға  тиіс.  Көркем  шығармаларымда  қазақтың  түйін  мәселелерін 
шешкенмен, былайғы өмірде өзімді ұлтыма қалайша арнамаймын?» деген екен[3.13]. 
Ә.Кекілбаев  Егемендіктің  ақ  таңында  «Ұлт  үшін  ендігі  ең  маңызды  қызмет  – 
Тәуелсіздікті орнықтыру» деп, осы іске Елбасымен бірге бел шешіп, білек сыбана кіріскен. 
Сонда «Артымыздағы ұрпаққа аз күндік ырзақ қана тастап кетпей, баянды болашақ қалдыра 
алсақ,бұл  дүниеге  босқа  келіп,  босқа  кетпегеніміз»  деп,  ақтарыла  сөйлеп  еді  ғой.  Содан 
кейін-ақ,  «Демократия  көктен  түспейді»,  «Ұлтты  ұлы  мұраттар  алға  жетелейді», 
«Отаншылдық  мұраты-жасампаздық»,  «Өткеннен  тағылым,ертеңнен  үміт  іздегендер  ғана 
ілгері  баса  алады»,  «Ел  тағдырын  шешетін  жасампаз  кезең  енді  келді»  деп,  көпшілік 
қауымның көкірегіндегі күпті ойлардың түйінін шешіп, жігерлендірген болатын. 
Әбіш  Кекілбаев  Қазақстанның  алғашқы  сайланған  Парламентінің  Төрағасы, 
Мемлекеттік  хатшы,  Президент  кеңесшісі,  сенатор.  1997  ж.-  Ұлттық  татулық  пен  саяси 
қуғын-сүргін  құрбандарын  еске  алу  жылы,  1998  ж.-Халық  бірлігі  мен  ұлттық  тарих  жылы, 
1997 ж., -Ұрпақтар бірлігі мен сабақтастығының жылы. Елбасының арнайы жарлығымен әр 
жылды  атап  өту  жөнінде  мемлекеттік  комиссия  құрылып,  оны  Мемлекеттік  хатшы  Әбіш 
Кекілбаев  басқарған.  Осындай  жұмыстарды  атқару  жолында  Әбіш  Кекілбаев  жан  аямай 
еңбектенген. Мемлекет басқару жолындағы қызметтерді атқарудағы ұсыныс пікірлері, ақыл 
қосқан  ойлары  ақпарат  беттерінде  жиі  жарияланып,  Қазақстан  халқына  зор  шабыт  беріп 
отырған. 
«Өз мемлекетінің Тәуелсіздігін қастерлеу, өзің тұратын елдің егемендігін құрметтеу-
тек патриоттық парыз ғана емес, үлкен гуманистік жауапкершілік... 
Мың  жылдап  күткен  арманды  бір  күнде  жүзеге  асыра  салмасымыз  белгілі.  Олай 
болса,  уақытша  қиындықтарға  бола  мәңгілік  мұраттарымызды  тәрк  ете  алмаймыз.  Тәуелсіз 
еліміздің көгеріп-көркеюі жолында күш-жігерді аямаймыз» деп жазды бір мақаласында Әбіш 
Кекілбайұлы [4.35]. 
Әбіш Кекілбаев – философ, ойшыл, шешен, терең жазушы, үлкен саясаткер,   көрнекті 
мемлекет әрі қоғам қайраткері. 
Шәкәрімнің мына бір өлеңі ойыңа оралса, Әбішті айтып тұрғандай болады: 


107 
 
Адамдық борышың - 
Халқыңа еңбек қыл 
Ақ жолдан айнымай 
Ар сақта, оны біл. 
Талаптан да білім мен өнер үйрен, 
Білімсіз, 
Өнерсіз, 
Болады ақыл тұл. 
Өміріңді сарп қыл өлгенінше, 
Жоба тап, 
Жол көрсет, 
Келешек қамы үшін. 
Қайталап, қайырылып 
Қауымға келмейсің, 
Барыңды, 
Нәріңді, 
Тірлікте бергейсің. 
Ғибрат алар артына із қалдырсаң- 
Шын бақыт, 
Осыны ұқ. 
Мәңгілік өлмейсің 
Расында  да,  қамшының  сабындай  қысқа  ғұмыр,  баянсыз  дүниені  жобалау  да, 
мөлшерлеу  де  баянсыз.  Сол  қысқа  жіп  күрмеуге  келмейтін  ғұмыр  мен  алдамшы  фәниден, 
өтпелі  уақыт  пен  кеңістік  шегінде  өшпейтін  шырақ  жағып,  өлмейтін  іс  жасауға  Алланың 
пенделерінің  ілуде  біреуінің  ғана  қолы  жетеді.  Әбіш  Құдайдың  өзіне  өлшеп  берген  жылт 
еткен жарығында өлмейтін өнер құдіретін артына қалдырып кетті.[5.120] 
 Қорыта  айтатын  болсақ,Әбіш  Кекілбаевтың  шығармаларының  негізгі  идеялары 
ұлтшылдық,  отансүйгіштік,  тарих  сахнасына  үңілген  кеңінен  талқылауға  түсіре  алатын 
өзекті  мәселелер  толқынынан  тұрады.  Кемеңгер  Әбіштің  шығармалары  өзге  ақын-
жазушылардың шығармаларынан өзіндік ерекшелігімен озады. 
Киелі  Маңғыстау  топырағында  дүниеге  келген  сыршылда,  сыншыл  Әбіш 
Кекілбаевтың  зерттелмеген  қырлары  әлі  де  болса  көп.  Әулиелі,  қасиетті,  тарихи,  сыршыл 
мекенде дүниеге келген ғұлама Әбіш Кекілбаевтың шығармаларын әлі де тереңінен зерттеуді 
қажет ететіні айдан анық. 
 
ӘДЕБИЕТТЕР 
 
1.
 
Ана тілі газеті, №37 (1502), 12-18 қыркүйек, 2019 ж. 
2.
 
Кекілбаев Ә. «Дүние ғапыл», Алматы: «Арыс», 1999ж 
3.
 
Үш таған  \ рухани-танымдық журнал\  №2 (2) қазан, 2016 ж. 
4.
 
«Әбіш  Кекілбайұлы  –  Қаламгер.  Қайраткер.  Саясаткер»\  Құраст.  Жоламан 
Болашақов. -Алматы: «Ана тілі» баспасы ЖШС, 2009.-416 б. 
5.
 
Кекілбайұлы  Ә.  Сыр  десте:  Әлеуметпен  әңгіме-дүкен  (Сұхбаттар).-Алматы: 
«Нұрлы Әлем», 2009.Т.2-216 б. 
 
 
 
 
 
 
 
 


108 
 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   25   26   27   28   29   30   31   32   ...   69




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет