Б. Б. Ахметов Редакциялық алқа



Pdf көрінісі
бет34/69
Дата13.12.2021
өлшемі2,87 Mb.
#125769
1   ...   30   31   32   33   34   35   36   37   ...   69
Байланысты:
zhinak-kongress

ӘОЖ 81.512.122(045) 
 
АЛАШТАНУШЫ ӘБІШ КЕКІЛБАЙҰЛЫ 
 
Ісімақова А. 
М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Бас ғылыми қызметкері, 
 ф.ғ.д., профессор 
 
Аңдатпа.
 Бұл зерттеу Тәуелсіз кездегі қазақ әдебиеттануындағы алаштану мәселесіне 
зор үлес қосқан, Алаштанудың негізгі ұстанымын айқындап берген сол кездегі мемлекеттік 
хатшы  Ә.Кекілбайұлының  «Ұстаз  ұлағаты»  атты  баяндамасының  мәні  мен  маңыздылығын 
ашуға  бағытталады.  Тәуелсіздік  кездегі  алаштанудың  негізгі  шарттары  осы  зерттеуде  орын 
алған,  сондықтан  еңбекті  қайта  бір  саралап  шығу  –  қазіргі  алаштанудың  негізгі 
концепциясын тағы бір анықтап алуға мүмкіншілік береді.  
Түйінді  сөздер: 
Әбіш  Кекілбайұлы,  әдебиеттану,  алаштану,  түркітану,  Ахмет 
Байтұрсынұлы. 
 
Тәуелсіз  қазақ  елінің  тұңғыш  президенті  Н.Ә.Назарбаев  «Ахмет  Байтұрсынұлы  – 
қазақ халқының ар-ожданы» деген жоғары бағаны ғалымның 125 жылдық мерейтойындағы 
баяндамасының атауына қойған еді. 
Мемлекет қайраткерлері Алаш ғалымдарының ғылыми еңбектері қайта оралғанына да 
биыл  30  жылдан  асты.  Содан  бері  бұл  ғылыми  мұраны  қабылдау  екі  түрлі  болып  келеді. 
Біреулер күні бүгін Ахмет Байтұрсынұлының «Әдебиет танытқышы» ескірген,  біздің ғылым 
одан  әлде  қайда  алға  кетті  деген  пікірден  әлі  жалыққан  емес.  Бұл  қауымның  ниетін  де 
түсінуге болады. Оның негізі  – кеңестік кездегі тілтану мен әдебиеттанушы ғалымдарының 
зерттеулері  екінші  кезекке  түсіп  қала  ма  деген  пендешілік.  Тәуелсіздік  кездегі  әдебиеттану 
саласында  Ахмет  Байтұрсынұлының  әдеби-теориялық  тұжырымдары  қазір  қажет  пе  деген 
пікір-талас жалғасып келеді.  
Ғалымның  тілтанулық,  әдебиеттанулық  пән  сөздерінің  (терминдер)  атын  атамай 
пайдаланып  келген  аға  ұрпақтың  ішінде  М.Әуезов,  М.Дулатов,  Е.Омаров,  Т.Шонанов, 
Е.Поливанов (1927), С.Сейфуллин, Н.Яковлев (1928), А.Н.Самойлович, А.Кононовпен қатар 
А.Байтұрсынұлының ғылымдағы реформаторлық қызметін тәуелсіздік кезде мойындағандар: 
Б.Кенжебаев, К.Нұрпейсов, М.Қозыбаев, М.Қойгелді, Ш.Қ.Сәтбаева, Р.Нұрғали, З.Қабдолов, 
З.Ахметов,  С.Қирабаев,  Т.Кәкішев,  Р.Сыздықова,  Ө.Айтбай,  С.Дәуітұлы  Ж.Ысмағұлов, 
Ө.Әбдиман, Қ.Сәрсекеев, Д.Досжан және Ә.Кекілбайұлы екен.  
А.Н.Самойловичтің «Байтурсынов является первым выдающимся казахским ученым-
лингвистом. Он реформатор орфографии казахского языка, основоположник его грамматики 
и  основатель  теории  казахской  литературы»  [1,  144]  деген  пікірін  тәуелсіз  кезде  алғашқы 
болып қазақ тілінде айқындап берген де Ә.Кекілбайұлы. 
Тәуелсіз  кездегі  қазақ  әдебиеттануындағы  алаштану  мәселесіне  зор  үлес  қосқан  бұл 
зерттеу  жоғарыда  аталған  халықаралық  ғылыми  конференцияда  оқылған  Алаштанудың 


124 
 
негізгі  ұстанымын  айқындап  берген  сол  кездегі  мемлекеттік  хатшы  Ә.Кекілбайұлының 
«Ұстаз ұлағаты» атты баяндамасы. Күні бүгін Алаш ғылымын мойындамай келе жатқандарға 
бұл зерттеу осыдан 16 жыл бұрын ғылыми негізделген тойтарыс беріпті («Егемен Қазақстан» 
– 1998, 15 қазан). 
Қазіргі  ғалымдардың  ішінен  Ахмет  Байтұрсынұлының  еңбектерін  мойындап,  бірақ 
кезінде  атын  атай  алмай  өттік  деп кешірім  сұрағандар  академиктер  З.Қабдолов,  З.Ахметов, 
Р.Нұрғали еді.  
Бүгінгі  әдебиеттану  ғылымында  ерекше  орын  алатын  Ә.Кекілбайұлының  еңбегінің 
мәні неде? Ел егемендігін аңсаған ғалымның мұрасын біз қалай қабылдауымыз қажет? 
Тәуелсіздік  кездегі  алаштанудың  негізгі  шарттары  осы  зерттеуде  орын  алған, 
сондықтан еңбекті қайта бір саралап шығу – қазіргі алаштанудың негізгі концепциясын тағы 
бір анықтап алуға мүмкіншілік береді.  
«Біз  бүгін  қилы  заманда  туып,  қиямет  кешіп,  мерт  тапқан  ғазиз  жанның  атын 
ардақтап,  аруағын  ұлықтауға  жиналдық».  Зерттеудің  алғашқы  сөздері  тәуелсіз  кездегі  ары 
таза қазақтың перзенттік  парызын осылай о баста айғақтап алады.  
Алаштың мұрасын тану бүгін бізге не үшін қажет? Ол туралы Ә.Кекілбайұлы былай 
депті:  «Құдайға  шүкір,  қазақ  даласы  қай  заманда  да  ондай  марқасқаларға  кенде  болмапты. 
Солардың ішінде дәл осы ғасыр басындағы аңтарылыста жұртына жоралылық көрсете алған 
жолбасшы  топтың  өмірі  мен  өнегесі  біз  үшін  тым  қымбат.  Өйткені,  ол  ұрпақ  пен  бүгінгі 
ұрпақ,  түптеп  келгенде,  бір  арқанның  екі  ұшын  ұстап  тұр.  Ол  –  ХХ  ғасыр  деп  аталатын 
қазіргі жер басып жүрген ұрпақтардың барған сайын ширыға түскен шытырман тіршілігінің 
арқауы» [2, 81-82].  
А.Байтұрсынұлы  ұлт  тәуелсіздігі  үшін  қандай  үлес  қосты?  Ол  өзі  қандай  тұлға? 
Осыған  байланысты  Ә.Кекілбайұлы  былай  дейді:  «Ол  –  кескекті  кезеңде  келелі  істер 
тындырған кемел ер. Кемеңгер ... Сондықтан, қалыс қауымды алысқа озып кеткен өркениет 
көшіне жетелеп апарып іліктіруге тәуекел ету үшін елден ерек ержүректік керек еді. Біз сөз 
еткелі  отырған  адам  да  сондай  сирек  сүлейлердің  сойынан-тұғын.  Оның  азаматтық 
тағдырының қаншалықты арасат қиындықтарға толы болғанын аңғару үшін ұлттық тарихпен 
шектелмей, ғалами тарихқа көз жүгіртуге тура келеді» [2, 82]. 
 «Құбылмалы  дүниенің  құйқылжыма  ықпалымен  өніп-өрбу  қажеттігі  сананы 
қалыптастырыпты»,  –  дейді  Ә.Кекілбайұлы.  Бұл  тұжырым  ұлттық  мемлекеттің  пайда 
болуына  байланысты  айтылған.  Ә.Кекілбайұлы  алаш  әдебиетшілері  сияқты  әдеби  мәселені 
қоғамдық, әлемдік деңгейде қарастырады. Ұлттық мәдениет пен ғылымды аталған ғаламдық 
контексте  қарастырады:  «Күллі  адамзатқа  дүниежүзілік  соғыстар  мен  әлеуметтік 
революциялар  ахуалы  күштеп  таңылды.  Оны  біреулер  өркениет  қамын,  екінші  біреулер 
езілген  тап  мүддесін  көздегендік  деп  түсінді.  Шын  мәнінде,  жер  бетіндегі  халықтардың 
көбіне  ұлт  ретінде  жойылып  кету,  мемлекеттерге  –  тәуелсіздігінен  айырылу  қаупі  төнді. 
Бұған  төтеп  берудің  жалғыз  жолы  –  өркениеттің  жаңа  жетістіктерін  өз  еркіңмен  меңгеріп, 
халықаралық  тиімді  еңбек  бөлісуге  тікелей  қатысуға  тезірек  жетілу  еді.  Мұндай  жағдайда 
біреулер  дүниежүзілік  соғыстарға  бой  алдырса,  біреулер  –  ұлт-азаттық  қозғалысын 
қоздыруға  мәжбүр  болды»
 
[2,  83-84].  Осы  тұста  тәуелсіз  кездің  саясаттанушысы 
Ә.Кекілбайұлы қазір қажет келесі пікір берген: «Өйткені, өзіңде бар экономикалық ресурсты 
басқалармен  тиімді  бөлісіп,  өркениет  игілігіне  қол  жеткізу  үшін,  сол  арқылы  өз 
отандастарының саяси-экономикалық мүдделеріне жауап бере алатындай кемелді дамуға ие 
болу  үшін,  ең  алдымен,  ұлттық  езгіден  арылу,  мемлекеттік  дербестік  пен  тәуелсіздік  керек 
еді.  Алайда,  оза  дамыған  дүниенің  идеологтары  азды-көпке,  әлсізді  күштіге  біржолата 
жығып беру арқылы жаһандық жарастыққа тезірек жетуге болады деп санады. Жарастықтан 
гөрі үстемдік көбірек күйттелді. 
Бірақ,  бұл  қай  жақ,  қай  тап  үшін  де  аса  қауіпті  ахуал  еді.  Өркениетті  – 
жалпыадамзаттық  құндылық  деп  қарамай,  оның  белгілі  бір  бөлігінің  басыбайлы 
монополиясы деп ұғатын жаңсақтықтан түбегейлі арылмай, аздың да, көптің де, әлсіздің де, 
күштінің  де  құлағынан  қиқу  кетпейді»  [2,  84].  Бұның  бәрін  Ә.Кекілбайұлы  қазіргі  қазақ 


125 
 
даласының жағдайын ойлаған алғаш Алаш саяси элитасының қалыптасуына себеп болғанын 
анықтау үшін ғана емес, қазіргі тәуелсіздіктің де негізгі ұстанымы ретінде айғақтап береді. 
ХХ  ғасырдың  басында  қазақ  зиялылары  қандай  еді?  Ол  туралы  былай  делінген: 
«Оқығандар шашыранды жұрттан шыққандықтан бас қосып, күш біріктіруге құлықты емес 
еді.  Мұндай  жағдайда  әлгіндей  тәуекелге  бел  байламақ  түгілі,  ол  жайында  ойланудың  өзі 
ақылға  сыймас  батылдық  еді.  Соған  айдаладағы  ауыл  мұғалімінің  қалай  жүрегі  тұрғанына 
қанша  таңғалсаң  да  көптік  етпейді.  Бұл  жағынан  келгенде,  Ахмет  Байтұрсынов  –  ұлттық 
тарихымызда  ешкіммен  салыстыруға  болмайтын  ерекше  тұлға»  [2,  85].  Осыдан  12  жыл 
бұрын замандасымыз Ә.Кекілбайұлы тәуелсіз кездегі Алаш атынан ұлт ұстазына өз бағасын 
осылай береді.  
Сол  жылы  қозғалған  менің  докторлық  диссертацияма  жазған  пікірінде  бүгінгі  бір 
академик  ағамыз:  «А.Байтұрсынұлының  «Әдебиет  танытқышы»  –  оқулық  қана,  филология 
ғылымы одан баяғыда алға кеткен. Ол ескірген мұраны сонша насихаттау дұрыс емес», – деп 
еді.  Бір  кезде  айтылған  екі  түрлі  пікір,  екі  түрлі  ниет.  Ә.Кекілбайұлы  осындай 
замандастарының пікірін ескеріп отырғандай былай депті: «Бәлкім, біреулерге бұл орынсыз 
тамсану  боп  көрінер.  Оған  дейін  де,  бұл  далада  Фараби,  Иасауи,  Қорқыт,  Асан  қайғы, 
Ыбырай, Шоқан, Абайлар да өтті ғой десер». 
Ә.Кекілбайұлы  осылардың  ішінен  А.Байтұрсынұлын  бөліп  алады.  А.Байтұрсынұлы 
неге  ұлт  ұстазы  атанды?  Ол  туралы  былай  делінген:  «Ол  рас.  Бірақ,  Ахмет  Байтұрсынов 
оларға  ұқсайды  да,  ұқсамайды  да.  Ұқсайтыны:  ол  да  аталмыш  алыптар  сияқты,  ұлттық 
дамуымыздың  үрдісі  мен  қарқыны  қалған  дүниедегі  даму  үрдісі  мен  қарқынына  сәйкес 
келмей кенде қалып, көрер көзге тығырыққа тірелген халқына адастырмас жол іздеді. 
Ұқсамайтыны: Ахмет Байтұрсынов ондай жол Қорқыт пен Асан қайғыдай үйреншікті 
үрдісті  аман  сақтап  қалатындай  жаңа  қоныс  іздеумен  табылады  деп  түсінбеді;  Фараби  мен 
Иасcауидей  өз  тұсындағы  кең  жайылған  антикалық  немесе  исламдық  дүниетанымға 
уақытылы  көшу  арқылы  барлық  мәселені  шешуге  болады  деп  ұқпады;  Абай,  Шоқан, 
Ыбырайлардай  теңдікке  жетудің  жолында  тек  ағартушылықпен  шектелгісі  келмеді.  Оның 
үстіне, бұлардың ешқайсысы да Ахмет Байтұрсыновтың рухани қалыптасуына тікелей әсер 
етті деу тым асыра айтқандық болар еді. Ол кезде жұрттың көбі Фараби мен Иасауидің заты 
түгілі, атына қанық емес еді. 
Шоқан  Уәлихановтың  атына  қанық  қазақ  оқығандары  еңбектерімен  соншалықты 
таныс  емес  еді.  Ал,  Абайдың  атына  да,  затына  да  Байтұрсынов  тым  беріде,  өз  таңдауын 
жасап,  сол  үшін  айыпты  боп,  Семейге  ауып  барған  кезде  қанығыпты.  Ал  бала  жасынан 
жақсы  білетін  Ыбырай  өнегесінің  жаңа  кезең  жағдайында  жеткіліксіз  екендігіне  бастапқы 
жылдары-ақ  көзін  жеткізіп  үлгерген-ді»  [2,  85-86].  Бұл  ғылыми  мәселе  осылай 
қойылғанымен әдебиеттануда әлі арнайы зерттелген жоқ. 
Осы  ретте  әдебиеттанушы  Ә.Кекілбайұлы  тарих  тұрғысынан  қазақ  даласындағы 
рухани  дәстүрдің  үзілмегенін  қазіргімізге  қажет  етіп  келтірген.  Кеңес  кезінде  Әл-Фараби 
есімі аталғанымен күні  бүгін одан үркіп жүргендерге Ә.Кекілбайұлы былай депті:  «Біз бұл 
арқылы  рухани  дамуымыздың  ойдағыдай  өрістеп  кете  алмауының  себебі  тарихи 
сабақтастықтың қайта-қайта үзіліп қала беретіндігінен, соның салдарынан әрдайым тыңнан 
бастап, өткендер біліп үлгерген ақиқатқа қайтадан өз күшіңмен жетуге тура келетіндігінен, 
сүйтіп, көп күш-жігердің босқа сарп болатындығынан екенін айтқымыз келеді» [2, 86]. 
А.Байтұрсынұлының  жоғарыда  аталған  киелі  ата-баба  жолындағы  орны  қандай?  Ол 
туралы  былай  делінген:    «Алайда,  бұдан  Ахмет  Байтұрсынов  алдыңғылар  салған  соқпақты 
қайта шиырлап шықты деген қорытынды тумаса керек. Ол – ешқандай атланттардың иығына 
шықпай-ақ, бұрынғылардың көздеріне іліге қоймаған соны көкжиектерге көз жеткізе білген, 
көрген. Ол, бар болғаны алты-ақ жыл оқыпты. Екі жылын Торғайда, төрт жылын Орынборда 
оқыпты.  Екеуінде  де  өз  заманының  интеллектілік  өрісін  толық  таныта  алған  ордалы  оқу 
орнын, өнегелі ұстаздар ортасын көре алмапты» [2, 86]. Бұл күні бүгін А.Байтұрсынұлы «біз 
сияқты университет бітірмеген, оған ғалымдық қайдан келді» дегендерге берілген жауап. 


126 
 
Сонда  А.Байтұрсынұлының  жанына  қандай  күш  әсер  етті?  Оның  асыл  жүрегі  нені 
армандап,  өзіне  қандай  мақсат  қойды?  Ғалымдық  оған,  әрине,  әуелі  Алланың  бұйрығымен 
берілді.  Одан  кейін  Ә.Кекілбайұлы  айтқандай:  «Ендеше,  Ахмет  Байтұрсыновтың  ендігі 
тағдыры  қыл  үстінде  тұрған  халқының  қамын  ойлап,  жанкешті  жолға  түсу  мен  азаматтық 
кемелділіктің мұншама шырқау биігіне көтерілуінің сырын тек тумысынан ерек қабілет пен 
абзал  жүрекке  ие  азаматтың  айрықша  ыждаһаты  мен  мігірсіз  ізденістерінен  іздегеніміз 
орынды.  Ол  бір  басының  тәуекелімен  бүкіл  бір  ұлттың  тәуекелінің  түгел  оянуына  түрткі 
болды. Бір өлеңінде ол:  «Оқ тиіп он үшімде ой түсіріп, бітпейтін жүрегімде бар бір жарам, 
алданып жегеніме оны ұмытсам, болғандай жегенімнің бәрі харам» [2, 86], – деп жазды». 
Бұл  қазіргі  әр  қазаққа  қажет  үлгі.  Қазіргі  Алаш  ұрпағы  тәуелсіздікті  көгерту  үшін 
әрқайсысы азаматтық таныту керек. 
Ата-бабамыздан келе жатқан қазақ үшін қасиетті сөз бар. Бұл туралы Ә.Кекілбайұлы: 
«Сол  бір  найзадай  түйрелген  намыс  сөзі  көкірегіне  мәңгі-бақи  қадалып  қапты.  Оқуға 
аттандырған  да  намыс.  Оған  қанағаттандырмаған  да  намыс.  Елің  теңелмей  тұрып,  өзің 
теңелмейтініңді ұқтырған да намыс. Жат оқудың жады пиғылын аңғартқан да намыс. 
Көршілес  екі  халықтың  мәдениеттері  үзбей  байланыста  болуы  нәтижесінде  әлсіз 
әлдісінің  ықпалына  жығылып,  бастапқы  айырмашылықтарының  бәрінен  айырылып,  ақыр 
соңында  бір  ұлтқа  айналады  дейтін  қисын  бел  алып  кетпей  тұрғанда,  апаттың  алдын  алу 
жолында  аласұртқан  да  намыс.  Әрі  мәдениетке  жетілу,  әрі  өз  қалпынан  айырылып,  өзге 
болып  кетпеу  сияқты  аса  шытырман  мәселенің  төңірегінде  ойын  он  саққа,  қиялын  қырық 
саққа  жүгірткен  де  намыс»  [2,  87].  Бұл  Алаш  ғылымына  бүгінгідей  күмәнданып 
қарайтындарға 
қаратып 
айтылғандай.  А.Байтұрсынұлының 
өзімен 
сырласқандай 
Ә.Кекілбайұлы қазіргімізге қажет ата-бабаның тектілігін осылай алға тартады. 
Заман мен саясиланған кеңес қоғамы қолын байлаған кезде ер азаматтың қолынан не 
келеді?  Ар-намысын  қара  басының  пайдасын  ғана  ойлаумен  шектемеген  А.Байтұрсынұлы 
туралы  осы  ретте  былай  делінген:  «Ендігі  жол  –  үкіметтің  емес,  халықтың  өзінің  көзін 
жеткізу  еді.  Елді  түзеудің  баланы  оқытуды  түзеуден,  ұлт  болудың  қазақша  оқуды  жолға 
қоюдан басталатынын ұғындыру еді... 
Ұлт тізгіні ұлттың өзіне тимей тұрып, ұлттық даму жүзеге аспайтынына көзі біржола 
жеткендей болды. Енді бостандық жолында ашық күресуге тура келді. Жоғарыда келтірілген 
бір шумақ өлең де сонда жатып анасына жазылған хаттан алынған-ды. Демек, дәл сол кезде 
баяғы  он  үш  жасында  жүрегіне  қадалған  оқ  ақыр  аяғында  ұлттық  тәуелсіздікті  көксейтін 
айықпас дертке айналды. Нені бастап, нені қолға алса да, сол өзек күйдірген арманнан бастау 
алатын еді» [2, 88]. А.Байтұрсынұлы туралы тәуелсіздік кезде көп көпірме сөздер айтылды. 
Бірақ тура Ә.Кекілбайұлы сияқты жанымен, рухымен түсіну әлі де сирек. 
Тәуелсіздік  кездің  әдебиеттанушысы  Ә.Кекілбайұлы  А.Байтұрсынұлын  дарынды 
тұлға деп санайды: «Бұл арада басын аша кететін бір жәйт бар. Байтұрсынов ықыласы ауған 
қай салада да ең үлкен беделге ие болды. Әдеби мұрамызды жазуда, зерттеуде, насихаттауда 
арғы-бергі  айтулы  шығыстанушылармен  қатар  тұрады.  Өнер  мен  мәдениет  теориясын 
жасақтауда күллі түркі дүниесінде ең бірінші боп батыл қадамдарға бара алды» [2,  88]. Бұл 
өнертану  мен  мәдениет,  әдебиет  теориясын  жасап  шыққан  А.Байтұрсынұлына  берілген 
тәуелсіз  кездегі  ғылымның  әділ  бағасы.  А.Байтұрсынұлының  әдебиеттану  мен  қазақ 
поэзиясындағы 
Т.Шонанұлы, 
М.Дулатов, 
Е.Омаров, 
Ж.Аймауытов, 
М.Әуезов, 
Қ.Мұқамедханұлылар  Абай  шәкірті  деп  анықтап  берген  қасиетті  орны  туралы  былай 
делінген:  «Оның  «Әдебиет  танытқышы»  енді  қаз  тұра  бастаған  көбен  әдебиет  түгілі,  әлем 
мойындаған  кемел  әдебиеттің  өзіне  де  көрік  қоса  алатын  сүбелі  еңбек  еді.  «Маса»  мен 
«Қырық мысал» өткелекте тұрған ұлт өмірінің ең зәру мәселелеріне ең дәру жауаптар іздеді» 
[2,  88].  Бұған  дәлел  қазіргі  ресейлік  ғалымдар  мойындап  отырған  А.Байтұрсынұлы  мен 
М.Бахтинның  әдебиет  пен  мәдениет  теориясының  негізгі  ұстанымдары,  екі  ғалымға  ортақ 
қоғамдық  ғылымды  ізгілікті  ғылым  саласы  ретінде  ғаламды  тану  жүйесімен  бірлікте 
қарастыру. 


127 
 
«Маса»  мен  «Қырық  мысал»  қазақтың  күні  бүгін  келе  жатқан  ұлттық  мәселелеріне 
арналған саяси астарлы азаматтық лирика үлгісі.  
ХХ  ғасыр  басында  А.Байтұрсынұлы  өзі  атауын  қойған  көсем  сөз  жанр  ретінде 
қалыптасты. Бұрын жырау мен ақын сөздерінде орын алған бұл жанрлық түр тұңғыш рет өз 
ресми құқықтық атауын А.Байтұрсынұлынан алды:  «Ол бұрын ұтқыр да өткір шешен сөзге 
ғана құлақ асып қалған жұртшылыққа енді істің байыбына барып, мәселенің мәйегін аршып, 
еліктіре  сөйлеудің  орнына  ежіктей  сөйлейтін  шынайы  көсем  сөздің  үлгісін  көрсетіп  берді» 
[2, 82] − дейді Ә.Кекілбайұлы. 
А.Байтұрсынұлы  елдің  көзін  қалай  ашты?  Ол  туралы  Ә.Кекілбайұлы  былай  дейді: 
«Ағарту ісінде көп мәселеде әлемдік тәжірибеден алға оза әрекеттенді. Көп халықтарда енді 
талқылана  бастаған  жәйттерге  ол  сонау  ғасыр  басында-ақ  өз  тұжырымын  айтты.  Кейінгі 
тәжірибе оларды дұрысқа шығарды» [2, 89]. 
Қазіргі  ғалымдарының  көбі  күні  бүгін  қимай  отырған  шындықты  Ә.Кекілбайұлы 
осыдан 12 жыл бұрын айтып беріпті: «Қазақ тілінің дамуына жер жаралып, су аққалы бергі 
қалған қазақтың қосқан үлесі бір пара да, Байтұрсыновтың бір өзінің сіңірген еңбегі бір пара. 
Сол  арқылы  түркітануға  да  келелі  үлес  қосты.  Жаңа  жазу.  Жаңа  әліппе.  Тұңғыш  емле. 
Тұңғыш  фонетика.  Тұңғыш  грамматика.  Тұңғыш  синтаксис.  Тұңғыш  терминология  мен 
әдістеме. Тіл ашарлар. Тіл танытқыштар. Тіл жұмсарлар. Ұлттық тіл біліміне түпкілікті темір 
қазық  болар  мәңгілік  үлестер.  Кейде  күллі  бір  ұлттың  талай  ұрпағының  қолынан  келе 
бермейтін  келелі  істерді  бір-ақ  адамның  тындырғаны  таңданбасқа  болмайтын  жәйт.  Кейде, 
шіркін,  сол  сабаз  қазір  тіріліп  келсе  ғой  дейсің.  Бізге  ұят  болғанымен,  ең  үлкен  мәртебеге 
енді ие боп, соны әлі дұрыстап игере алмай жатқан сорлы қазақ тілінің сауабына бір қалар 
еді-ау  деп  ойлайсың»  [2,  89].  Кім  біледі?  Доктор,  академик  емессің  деп  қазіргі  ғылым 
басындағылар бұған жол берер ме екен?  
Осы  тұста  Ә.Кекілбайұлы  А.Байтұрсынұлының  кәсібилік  деңгейін  нақтылап  береді. 
Сонымен қатар, қазіргі тіл тануға үлгі боларлық мысалдарына назар аударады: «Бір ғана «ш» 
дыбысы мен «ш» әрпіне қанықтыру үшін: «мынау сорлы шал, бойына назар сал, сақал-шашы 
ақ; қайраты шақ; баладан ада, қарадан таза; ауқаты – шабақ, сусыны – шалап, аяқта – шарық, 
қатқан аш, арық, шабақтан, шалаптан болсын ба қарық?» – деп, әлеуметтік тұрмыстың күллі 
бір  эпопеясын  көз  алдыңа  көлденең  тартатын,  тіл  таныта  отырып,  тіршілік  танытатын 
әліппелері,  «бақ-бақ  еткен  текені  қыс  келгенде  көрерміз,  батырсынған  жігітті  іс  келгенде 
көрерміз»,  «кісі  бір  көргенде  бұлан,  екі  көргенде  құлан,  үш  көргенде  адам»,  «ексең  егін, 
ішерсің  тегін»,  «түбі  бірге  түтіспейді»,  «ойнаңдар,  ойлаңдар»  деп  жататын  тіл  ашарлар, 
шіркін, салт өзгеріп, сана өзгеріп жатқан қазіргі заманда да көптеп шықса ғой» [2, 89]. Қазақ 
тілін  таныту  арқылы  ұлтты  таныту  мәселесін  Ә.Кекілбайұлы  осылай  еске  салады.  Бұл 
мойындау ғана емес, А.Байтұрсынұлының мұрасының тәуелсіз кездегі қажеттілігін айқындап 
беру.  Қазіргі  қазақ  тілін  таныту  осыларды  іске  асырумен  жалғасса  ғой...  Қаншама  жалған 
оқулықтардан  арылар  едік.  Осыған  орай  Ә.Кекілбайұлы  бүгінгі  ғылым  алдындағы 
мәселелерді де атап өткен: «Ахаңдар қазір арамызда жүрсе, баяғы «Қызыл әскер тіл ашары» 
сияқты «Кәсіпшінің тіл ашары», «Іскерлік тіл ашары», «Тәуелсіздік тіл ашары», «Демократия 
тіл  ашары»,  «Әділет  тіл  ашары»,  «Кеңсе  тіл  ашары»,  «Билік  тіл  жұмсары»,  «Құқ  әліппесі» 
қосылмасына,  тілтану  құралдары  тіршіліктану,  заңтану,  адамтану,  қоғамтану  құралдарына 
айналмасына  кім  кепіл?  Сондай  мемлекеттік  тілдің  жолындағы  талай  психологиялық 
тосқауылдың  өз-өзінен  аласталмасына  кім  кепіл?  Ал,  осы  ғасырдың  басында  Ахмет 
Байтұрсынов та отбасында омалып қалған ана тіліміздің жоқ-жітігін айтып, күні-түні зарлап, 
қол  қусырып  қарап  отырып  алса,  қазақ  тілі  мен  ол  туралы  ғылымның  әлі  күнге  кіндігі 
кесілмей, шырылдаған шарана халде жатпасына кім кепіл? Егер Ахмет Байтұрсынов осының 
бәрін  сол  кезде  дүниеге  келмек  түгіл,  әлі  ешкімнің  қиялына  да  келе  қоймаған  ұлттық 
мемлекет орнап, сол жасап берсін деп отырып алса, ұлттық мектеп, ұлттық баспасөз, ұлттық 
тілтану, елтану, өнертану, өзін-өзі тану бүгінге дейін болар-болмасына кім кепіл?» [2, 89-90]. 
Бұл қазіргі қазақ тілінің құқығы үшін дауласатындарға берілген жауап. Әр қазақ өзі нақты не 


128 
 
қосыпты  бұл  іске?  Ұрандап,  байбалам  салу  уақытты  өтті.  Әрқайсымыз  өз  саламызда 
тәуелсіздік үшін не тындырдық деп есеп сұрайтын кез жетті. 
А.Байтұрсынұлының  ұлт  тарихындағы  орны  қандай?  Күні  бүгін  пейіліміздің 
тарлығынан айтылмай келе жатқан пікірді осыдан бір мүшел бұрын Ә.Кекілбайұлы беріпті: 
«Иә,  Ахмет  Байтұрсынов  –  ұлттық  дамудың  талай  жыл  әбден  тот  басып  қараусыз  қалған, 
тіпті  қараң  қала  жаздаған  тегершігін  бір  өзі  айналдырып  көріп,  мігірсіз  қозғалысқа  қосып 
берген,  ертегінің  ерлеріндей  ерен  тұлға.  Туған  халқының  рухани  жаңғыруының  сырын  тап 
ондай  біліп,  сол  жолда  қалтқысыз  еңбек  етіп,  мәңгі  ескірмейтін  ағыл-тегіл  мол  үлес  қоса 
алған  қайраткер  қазақ  топырағында  оған  дейін  де,  онан  кейін  де  болған  емес.  Неліктен  ол 
мұншалықты жанкештілікке барып жүр? Бұның жауабын  оның арман мен арпалысқа толы 
өмірінің  ең  шынайы  шежіресі  –  өлеңдерінен  ізделікші»  [2,  90].  Бұл  әдебиетші 
Ә.Кекілбайұлының  Алаш  ақынының  басты  тақырыбын  айқындап  беруі.  Әр  ақынның  өзіне 
ғана тән ішкі тақырыбы болуының сырын әдебиетші Ә.Кекілбайұлы осылай аңғартады. 
Әдебиеттанушы Ә.Кекілбайұлы мемлекет қайраткері А.Байтұрсынұлы-ның қалыптасу 
жолын  оның  поэзиясында  айқындалғанын  дәлелдеп  шығады.  Бұл  тәуелсіз  кездегі 
әдебиеттанудың үлгісі болатын әдеби мәтінді талдаулар: «Мақтағандықтан ба?  Онда «Әзірге 
қолдан келген осы барым, қомсынып, қоңыраймай, құрбыларым, бабы жоқ жұмыстағы мен 
бір  арық,  күн  қайда  үздік  шығар  топты  жарып;  бар  болса  сондай  жүйрік,  қызар  деймін, 
естілсе  құлағына  дүбір  барып:  әйтпесе,  арық  шауып  оңдыра  ма,  жүргенде  қамыт  басып, 
қажып-талып», – деп қайғыра қаймығар ма еді? 
Масаттанғандықтан  ба?  Өйтсе:  «Қалтылдақ  қайық  мініп  еспесі  жоқ,  теңізде  жүрміз 
қалқып  кешпесі  жоқ,  жел  соқса,  құйын  қуса  жылжи  беру,  болғандай  табан  тіреу  ешнәрсе 
жоқ;  бұл  күнге  бүгін  емес,  көптен  кірдік,  алды-артын  аңдамаған  бетпен  кірдік,  жат  жақты 
жаратқанға  күзеттіріп,  жақынмен  ырылдастық,  иттей  үрдік...  білдірдік  елдің  сырын,  ердің 
құнын,  еліріп  ерегіске  екі-үш  күндік...  кіреді  тентек  есі  түстен  кейін,  мүшкілін  халіміздің 
енді білдік...», – деп күйзелер ме еді. 
Даңққұмарлықтан  дейін  десең,  «Жанға  көңіл  қалып  тұр,  жан  бұл  күйге  салып  тұр; 
тәнге көңіл қалып тұр, тән шыдамай арып тұр; жұртқа көңіл қалып тұр, жұрт жалғанға нанып 
тұр;  өтірік  өрлеп,  күшейіп,  шын  жеңіліп,  талып  тұр;  жала  деген  төбеті  балтырыңды  қауып 
тұр; табалаған жаманның шаян тілі шағып тұр; жаны ашыған жақынның жасы көзден ағып 
тұр...» – деп айтқаны рас болса, кімге сеніп атақ іздейді, кімнен даңқ дәметеді» [2, 90]. Бұл 
поэзия  талдау  үлгісі.  Мағынасыз  терминдердің  қалай  болса  солай  қолдануы  емес,  негізгі 
түпкі  ойды  анықтап  алу.  Өлеңдегі  мағына  мен  түрдің  үйлесуі  осылай  анықтала  түседі. 
Абайдан  келе  жатқан  мақтану,  масаттану,  даңққұмарлықтан  аулақ  болған  шынайы  поэзия 
сипаттары осылай айғақтала түседі. Ақынның өзін өзі атақ алуға ұсынуы деген сұмдықты біз 
бүгін ғана көріп келеміз. 
Кезінде  Т.Шонанұлы  талдаған,  бірақ  қазіргі  әдебиетшілер  назарынан  тыс  қалған 
«Адамдық  диханшысы»  өлеңіне  Ә.Кекілбайұлы  жаңа  баға  беріп  Т.Шонанұлының  басты 
ойын  жалғастырып  тәуелсіз  кезге  қажет  мазмұнды  анықтап  алады:  «Сонда  мұншама  сарп 
болып сарсылуда не мән бар? Сүйтсе, мән бар екен: «Адамдық диханшысы қырға шықтым, 
көлі  жоқ,  көгалы  жоқ  –  құрға  шықтым;  тұқымын  адалдықтың  шаштым,  ектім,  көңілін 
көтеруге  құл  халықтың»...  «рахатсыз  өтсе  де  өмір-жасым,  бұл  жөнімнен  Құдайым 
айырмасын...  шалдығатын,  шаршайтын  жерлер  де  бар...  шыққызбайтын  жолында  өрлер  де 
бар...  ел  бұнымды  білемін  ұқпайтынын,  көтермеге  қалғанда  шықпайтынын,  шалыс  басып 
аяқты  жығылғанда,  «жатқаныңнан  тұрма»  деп  мықтайтынын  ...мен  өлсем  де,  өлемін 
жөнімменен,  тәннен  басқа  немді  алар  өлім  менен,  тән  көмілер,  көмілмес  еткен  ісім, 
...ойлайтын да мен емес бір күнгі ісін, жұрт ұқпаса, ұқпасын, жабықпаймын, ел – бүгіншіл, 
менікі ертең үшін... 
Міне,  гәп  қайда?!  Шын  азаматты  пендешілікке,  шын  ерді  есерлікке  жібермейтін  де 
осы:  ертеңге  деген  сенім;  келешек  алдындағы  жауапкершілік.  Ендеше,  әңгіме  әлі  келе 
қоймаған  бостандық,  орнай  қоймаған  тәуелсіздік  жайында  болып  отыр»  [2,  91]. 
Ә.Кекілбайұлы  А.Байтұрсынұлының  аталған  өлеңінде  Абайдың  асыл  қағидасын 


129 
 
жалғастырып кеткенін ғана аңғармайды («Тәннен басқа немді алар өлім менен, тән көмілер, 
көмілмес  еткен  ісім»...  Тәуелсіз  кездің  әдебиетшісі  Ә.Кекілбайұлы  бәрімізге  қажет  ұлттық 
мақсатты осылай алға тартады: «ел бүгіншіл, менікі ертең үшін».  
Ә.Кекілбайұлы  А.Байтұрсынұлының  ғалымдық,  тұлғалық  істерін  қазіргі  мемлекеттік 
деңгейден бағалайды: «Өйткені, басқа бір өлеңінде: «Кім біліп, ер еңбегін сезіп жатыр? Кім 
шыдап жолдастыққа төзіп жатыр. Кешегі кеңшілікте керек қылған бостандық болмаған соң 
безіп жатыр» дейді. Осыған қарап-ақ, оның көп қырлы қызметінің қай саласына басым маңыз 
бергенін аңғарамыз. 
Олай  болса,  Ахмет  Байтұрсынов  бірінші  кезекте  халқының  азаттығы,  елінің 
тәуелсіздігі  мен  ұлттық  мемлекеттілігі  жөнінде  жан  аямаған  күрескер.  Бұлай  болатын  жөні 
де бар еді» [2, 91-92]. Алаш саяси тұлғаларының мемлекеттік істі ғалымдық, ақындық іспен 
ұштастыра  білгені  ғана  емес,  олар  тәуелсіздік  жолында  қолынан  келген  амалдардың  бәрін 
қолданған күрескерлер екені осылай анықталады. 
Әдебиеттану  ғылымы  күні  бүгін  әр  жазушының  шығармашылығын  тектік  түрлерге 
бөліп  қарастырады.  Ә.Кекілбайұлы  А.Байтұрсынұлының  өлеңдерінің  азаттық  рухы  ақының 
көсемсөзімен тікелей байланысты екенін аңғартады: «Бұндай тұста ағартушылықты тек сауат 
ашумен  шектемей,  ең  алдымен  заман  танытуға  бағыттау  керек  болды.  «Қамсыз  жатқан 
қазақтың  көңіліне  соңғы  кезде  ғана  қайғы  кіре  бастады,  басқа  келген  нәубәттің  қайдан 
келген, кімнен болғанын біле алмай, әркімнен көріп өкпеледі. Қазақтың өкпелеуінің жөні бар 
ма, жоқ па?», – деп толғанады бір мақаласында Ахмет Байтұрсынов. Бұл жайында толғана-
толғана келген қорытындысы «Өзімізге өкпелемесек, өзгелерге өкпелер рет жоқ... Өткен өтті
іздегенмен  таптырмайды,  қуғанмен  жеткізбейді...  Ендігі  әңгіме,  өткенді  көксемей,  сары 
уайым сала бермей, сағым қуып, сандала бермей, шалажансарланған шаруаны түзету... Жеке 
кісі түгілі, жалпақ ел – заманның бұйдалап жетектеген түйесі» [2, 92-93]. 
Бұл да Ә.Кекілбайұлының қазіргі замандастарына қаратып айтқаны. 
А.Байтұрсынұлының  жүз  жыл  бұрынғы  айтылған  тұжырымының  Ә.Кекілбайұлы 
тәуелсіз  кездегі  қазақ  үшін  қажет  екенін  осылай  айғақтап  алады:  «Бұдан  бүгінгі  біз  үшін 
шығаратын  қорытынды:  тіршіліктің  үйреншікті  үрдісін  заманға  лайықтап  түбегейлі 
жаңғыртпақ  шарт...  Ұлттық  сананы  заманға  лайықтап  қайта  қалыптастыруға  жұрт  боп 
жұмылмақ шарт. 
Өйткені,  біз  өкпеледі  екен  деп,  өз  өзегін  үзіп  бере  қоятын,  бопсалады  екен  деп 
болатынды болдыртпай қоятын заман бәрібір жоқ» [2, 93]. 
Қазіргі  қазақ  үшін  не  қажет  екені  туралы  ойын  Ә.Кекілбайұлы  А.Байтұрсынұлы 
пікірімен  түйіндейді:  «Әркім  өзіне  керегін  күйттейді.  Көптің  керегін  әркім  өз  шаруам  деп 
емес,  біреудің  шаруасы  деп  санайды.  Ол  үшін  біреулерге  өкпелеп,  біреулерді  сынайды. 
«Қазақ  балалары  қазақ  жұмысына  қолынан  келгенше  қарап  тұрмай  кірісіп  істей  берсе,  ұлт 
жұмысы ұлғайып толықпақшы. Іс қолынан келмейтініне сөз жоқ, іс қолынан келетіндері де 
қарап жатыр... Алға басып жұрт қатарына кіру керек. Басқадан кем болмау үшін біз білімді, 
һәм күшті болуымыз керек. Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға 
бірлік  керек.  Осы  керектердің  жолында  жұмыс  істеу  керек»,  –  деп  ренжиді  Ахмет 
Байтұрсынов»  [94].  А.Байтұрсынұлының  саяси  ұстанымдары  бүгін  де  ұран  болуға  әбден 
лайық екені осылай анықтала түседі. Ұлт жұмысы бәрімізге ортақ мүдде. Әр қазақ осы жолда 
нақты іс тындыруы қажет. Бірлігі бар ел ғана күшті бола алады. 
А.Байтұрсынұлының  көсемсөзінен  Ә.Кекілбайұлы  қазіргі  қазаққа  қажет  ел  бірлігі 
ойын осылай алға тартады: «Байтұрсынов бөліне-жарылушылық атаулыға атымен қарсы боп, 
бәрін де ұлттық жаңарысқа жұмылдыруға тырысты. Ол өтпелі кезең жағдайында кездеспей 
қалмайтын дәстүршілік пен жаңашылдық тайталасында жаңаруды жақтады. Жаңару жаппай 
жұмылмаса  жүзеге  аспайды.  Жиғанды  –  тойға,  білгенді  дауға  шашып,  ауыз  бірікпейді. 
Олжалы  жердегі  үлес  пен  жоралы  жердегі  жол  да  тек  білімдіге  ғана  емес,  біріккенге 
бұйырады. Ұлт мүддесі – үлкен міндет. Үлкен іске көп кісі керек. Көпті күшті билік жияды. 
Өз ісің өз билігіңді өз қолыңда бекем ұстай алсаң ғана өнеді. Ол үшін ұлт әуелі өз ахуалын 
өзі  терең  түсініп,  оны  түзетуді  бірлесе  ойластырып,  бірлесе  қамдастырмақ  шарт. 


130 
 
А.Байтұрсынов  жан-жақты  әдеби-ғылыми  шығармашылығы  мен  ұстаздық-қоғамдық 
қызметін – қандастарына осыны терең ұғындыруға арнады. Бұл оның ұлттық мемлекет билік 
жолындағы  жүйелі  күресіне  керекті  білім,  тәжірибе,  бедел  жиып  бере  алды»  [2,  95].  Бұл 
тәуелсіз кездегі басты көзқарас: ұлт мүддесі жолында ел болып бірігу. 
Алаш тұлғалары неге қара басының ғана қамын ойламаған? Ол туралы Ә.Кекілбайұлы 
былай дейді: «Байтұрсынов басшылығындағы «Қазақ газеті»: «Мұндай лайсаң заманда закон 
жоқ, жол жоқ, қорғалайтын пана жоқ. Әркім өзін-өзі  қорғайды. Әуелі  өлмеске, екінші  мал-
мүлкімізді  талауға  бермеске,  үшінші  осы  лаңның  ішіне  кірмеске  қолдан  келген  күшімізді, 
ісімізді  сарп  етуге  керек.  Данышпандар  білімін,  азаматтар  қайратын  ұлты  үшін  аямай 
жұмсайтын  орын  осы»,  –  деп  дабыл  қақты.  Құдайдан  басқадан  қорықпай,  бұрынғы 
айтыстарды ұмытып, халық бірлігін нығайтуды бірінші кезекке қойды. Сонда ғана ұлт тізгіні 
қолға  ілігіп,  оны  бекем  ұстауға  болатынын  ескертті»  [2,  96].  Соңғы  сөйлемдерде  тәуелсіз 
кездегі саясатшы Ә.Кекілбайұлының пікірі анық аңғарылады. Ел бірлігі болмай, ел көсегесі 
көгермейтіні осылай айғақтала түседі. 
ХХ  ғасыр  басындағы  қазақ  даласы  төртке  бөлінгені  туралы  қазіргі  саясаттанушы 
Ә.Кекілбайұлы  былай  дейді:  «Сібірдегі  Колчак  үкіметі  либералдықтан  гөрі  таза 
монархиялық  сипат  танытты.  Семейдегі  Алаш  үкіметін  жаптырды.  Түркістан 
автономиясында аз ұлттардың өзара қырқысы қоздады. Ондағы Уақытша үкімет басшылары 
Мұхаметжан  Тынышбаев  пен  Мұстафа  Шоқай  елден  аластатылды.  Батыс  Алашорда  мен 
дутовшылар  мәмілесі  де  ұзаққа  бармады.  Большевиктер  үстемдігі  тарихи  шындыққа 
айналды.  Ұлттық  автономиядан  не  атымен  қол  үзу,  не  большевиктермен  келіссөз  жүргізу 
керек  болды.  Бұған  дейін  автономия  төңірегіндегі  кереғар  пікірлерді  үйлестіруге  үнемі 
ұйытқы боп келген Ахмет Байтұрсыновқа бұл міндетті өз мойнына алуға тура келді. Ағарту 
ісіндегі,  әдебиет  пен  ғылымдағы,  әлеуметтік  қызметтегі  табандылығы,  білімдарлығы, 
бірлікшілдігі  арқасында  түрікшілдердің  де,  орысшылдардың  да,  қазақшылдардың  да, 
либералшылдардың  да,  тапшылдардың  да  алдында  үлкен  беделге  ие  айтулы  қайраткермен 
келіссөзге большевиктер де пейіл болды» [2, 97]. 
 «Алаш»  партиясы,  Алаш  Орда  мемлекеті  қазіргі  тәуелсіздік  үшін  қандай  міндет 
атқарды? Осыдан 20 жыл бұрын ол туралы анық айтқан Ә.Кекілбайұлы екен:  «Кейін біздің 
егемендік алып, тәуелсіздік жариялауымызға да сол бір жанқиярлық пен жүзеге асқан жағдай 
бірден-бір құқықтық негіз болды» [2, 98]. Бұл да есте сақтайтын нақты тарихи дерек. 
Сауатты адам өз ұлты үшін қандай қызмет атқара алады? Осы тұста оған кімдер үлгі 
бола  алады  деген  сауалға  Ә.Кекілбайұлы  былай    депті:  «Ахмет  Байтұрсынов  өз  арманы 
жолында  арыстанның  аузына,  зымыстанның  түбіне  бара  жүріп,  халқына  қалтқысыз  еңбек 
сіңіре білді. Елдің арасына алалық кіргізетін айтыс-тартыстан аулақ тұрып, тек қана ұлттық 
мүддеге қызмет етті. Кеңес үкіметімен мәмлеге де сол үшін барды. Ақ пен қызылға бөлініп, 
бір-бірін бүріп тастағалы тұрған үзеңгілестерін аман сақтап қалғысы келді. Бай мен жарлыға 
бөлініп, барынан айырылып қалғалы тұрған халқының ұйытқысының бұзылмағанын көздеді. 
Патша  кезінде  де  жан  аямай  қолға  алған  ағартушылық  реформаны  жаңа  жағдайда 
жалғастыра  беруге  тырысты.  Сол  үшін  де  ағарту  комиссары  болуға  келісті.  Сол  арқылы 
ұлттық  оқу-білім,  мәдениет,  өркениетті  дамыту  ісіне  ешқашан  естен  шықпастай  мәңгілік 
үлес  қосып  үлгерді»  [2,  98-99].  Алаш  тарихын  зерттеген  академик  К.Нұрпейісов  осыған 
байланысты  А.Байтұрсынұлының  кеңестік  академиялық  орталықтың  төрағасы  болғанын 
ұлттық ғылым академиясының басы деп айқындап беріп еді. 
Кеңес өкіметі неге алашты жоюды өзіне басты мақсат етіп қойды? Кеңестік саясаттың 
шын  пейілі  туралы  Ә.Кекілбайұлы  былай  дейді:  «Бірақ,  тапшыл  идеология  өліара  кезең 
өткен соң түбегейлі үстемдікке ұмтылды, кешегі  уәделер ұмытылды. Ұлттық автономиялар 
уақытша  шарттылыққа  айналды.  Бір  кезде  самодержавие  үлгере  алмай  кеткен  аздарды 
ұлтсыздандырып, көптің сойылын соқтыратын саясатқа көшті. Оған қарсы болатын күштер 
алдын  ала  есепке  алынып,  олардың  алдынан  арандар  қазылды.  Халықтардың  тарихи 
қалыптасқан  әлеуметтік  қатынастары  жаппай  тапшылдық  арнаға  көшіріліп,  ұлтішілік 
алауыздық  ашық  қолдау  тапты.  Ахмет  Байтұрсыновтың  үзеңгілестері  жаппай  жер 


131 
 
аударылды»  [2,  99].  Қазақтарды  жаппай  қыруды  Голощекин  іске  асырды.  Әуелі  ұлттың 
қамын ойлаған алаш қайраткерлерінің көзі жойылып, ғылыми, әдеби, саяси мұрасына қатаң 
тыйым салынды. 
Қазақ мемлекеті мен қазақ ұлтына қызмет  етудің осындай үлгілі  тұлғасы бар қазіргі 
біз  не  істеуіміз  керек?  Нені  есте  сақтап,  нені  басты  мақсат  етуіміз  қажет?  «Ол  сағат 
Байтұрсынов  ақырына  дейін  адал  қызмет  еткен  тәуелсіздік  жеңісімен  бірге  соқты.  Жетпіс 
жыл бойы тұншықтырылған егемен мемлекеттілік бәрібір жүзеге асты. Оны баянды ету үшін 
де  бір  кезде  Ахаңдар  айтқандай,  тағы  да  қапы  қалмастай  боп,  бір  Құдайдан  басқадан 
қорықпай,  араға  жік  салар  айтыс-тартысты  ұмытып,  халық  бірлігін  нығайта  беруге  тиіспіз. 
Сол  арқылы  өзгеріске  толы  дүниеде  өзгелерден  кем  қалмайтындай  боп,  өз  орнымызды 
иемдену  үшін  бір  кезде  олар  бастап  беріп  кеткен  түбегейлі  жаңарысты  жаңа  қарқынмен 
жалғастыруға міндеттіміз» [2, 100]. 
«Бір  Құдайдан  басқадан  қорықпаған»  қазіргі  алаш  өз  алдына    қандай  мақсат  қою 
керек? Ол туралы Ә.Кекілбаев былай дейді: «Біздің кемеміз үміт жағалауына жақын қалды. 
Бұндай кезде жауапкершілік бұрынғыдан да арта түседі. Өйткені,  сын кезең әлі  өткен жоқ. 
Тарихтың алдан қанша талқысы тосып тұрғанын ешкім білмейді. Сонда қалтылдақ қайықтың 
кебіне  түспес  үшін  тәуелсіздік  алғаннан  бергі  аз  жыл  ішінде  жинақталған  тағылым  мен 
тәжірибені  жете  байыптап,  әділ  бағалағанымыз,  бұдан  арықарай  да  тізгінімізді  сол  талай 
тығырықтан  аман  алып  өткен  саяси  реализм  мен  мемлекеттілігіміздің,  демократия  мен 
реформаның  мүдделерін  қорғаудағы  азаматтық  табандылықтың  сенімді  қолына  бекем 
ұстатқанымыз дұрыс болары даусыз. 
Тек  сонда  ғана  осындай  аса  бір  жауапты  кезеңде  бәріміздің  басымызды  маңызды 
мәслихатқа  жиып  отырған  Ұлттың  ұлы  Ұстазы  аруағы  алдындағы  шәкірттік  арымыз  таза, 
иманымыз кәміл болар еді» [2, 101]. 
А.Байтұрсынұлын тәуелсіз кезде «Ұлттың ұлы ұстазы» деп атаған Ә.Кекілбайұлы бұл 
бағаны  бүгінгі  қазақ  елінің  атынан  беріп  отыр.  А.Байтұрсынұлының  еңбегін  күні  бүгін 
біреулер  «ескірді»  деп  жоққа  шығарушыларға  осыдан  23  жыл  бұрын  осындай  кәсіби  әділ 
пікір білдіру екінің бірінің қолынан келмес.  
Ә.Кекілбайұлы осыдан 12 жыл бұрын Алаштанудың негізін осылай анықтап беріпті. 
Сондықтан біз Ә.Кекілбайұлына алғысымызды кеш те болса білдіруіміз қажет. 
А.Байтұрсынұлы  туралы  тәуелсіздік  кезде  көбіміз  жаздық.  Бірақ  ешқайсымыздың 
аузымызға  келесі  сөздер  түспепті:  «Ол,  бүгін  расында  да  мынау  бостандықтың  бозала 
таңында ақ бозға мініп, қыр басынан көрінген Қызыр Ілияс сияқты. Алдынан жүгіріп, аяғын 
құшқымыз келеді. Үзеңгісіне жабысып, әкеден балаға ауысып келе жатқан сағынышымызды 
басқымыз келеді. Қайтадан ақ жол үстіндегі бүгінгі ұрпақ ол жазып кеткен адамгершілік пен 
азаматтық,  жаңартушылық  пен  жасампаздық  әліппесін  жетік  меңгеріп,  жемісті  жүзеге 
асырарына сендіргіміз келеді.  
Сонда  рухани  піріміз  Ахаң  көк  аспандағы  көлеңдей  желпілдеген  көк  туымызға  көзі 
түсіп  сүйсінер.  Өздері  көре  алмай  кеткен  тарихи  дәуренге  біздің  жеткенімізге  еміренер  де 
тебіренер.  Бір  кезде  «Қазақ»  газетінде  берген  батасын  берер:  «Төңірекке  қарасаң,  түнерген 
бұлттар әлі бар... Түбі қандай болады деп қобалжымалық... Дауылды жауын ету қолымыздан 
келмесе  де,  үйімізді  үй  етіп,  шашылмай  қалудың  қамын  желік...  Дүниенің  төріне 
ұмтылғандар  төрден  орын  алып  жатыр.  Ұмтылмағандар  есікте  қалып  жатыр...  Қалмайық 
десек,  қарап  жатпалық...  Көп  ісіне  көп  болып  жабылайық...  Қолымнан  не  келеді  деп 
қорынбайық. Ұлтына қызмет етуге ниет болса, жұмыс табылады. Көп жұмыстың ауыры да, 
жеңілі де болады.  Қазақтың бітіп, тынып тұрған нәрсесі жоқ. Әркім әлінен келер жұмысын 
алсын.  Жадымызда  болсын,  аз  нәрсе  көпке  сеп  болмақшы.  Сәл  демеу  зорға  сүйеу  болады. 
Ұлы  іс  ұсақтан  ұлғаяды...  Ұлт  үшін  деген  күштің  ұлғаюына  үлес  қосу  қазақ  баласына 
міндет». «Елін қорғайтын ер болайық, Ерін қолдайтын ел болайық!», – дер» [2, 102].   
Алла  Тағала  А.Байтұрсынұлына  ұл  беріп,  ол  бүгінгі  күнге  аман-есен  жетсе  тура 
осылай  егілер  ме  еді?  Алаш  тұлғалары  атылып  жатқан  кезде  дүниеге  келген,  Әбіш  аға, 
осыншама адал перзенттік алғысыңыз үшін сізге Алла риза болғай!  


132 
 
А.Байтұрсынұлының  «Қазақ»  газетіне  берген  батасын  бүгінгі  қазаққа  ұлт  үшін 
күрестің  ұраны  ретінде  анықтап  бергеніңіз  де  саяси  көрегендік  пен  білгірлік. 
А.Байтұрсынұлының  ақындық,  көсемсөздік,  ғалымдық,  саяси  тұлғасын  осыншама 
жаныңызбен  түсініп  бүгінгі  санасы  таза  Алаш  ұрпағына  айғақтап  бергеніңіз  қазіргі 
тәуелсіздік  кездегі  ғылымға  қосылған  зор  үлес  қана  емес.  Бұл  бүгінгі  қазақтың  өзіне  үлгі 
тұтарлық  тұлға  –  ұлт  ұстазы  бар  екенін  анықтап  беру.    Шынында  да  әр  қазаққа  «ұлтына 
қызмет етуге ниет болса, жұмыс табылады». Ең бастысы «Елін қорғайтын ер болайық, Ерін 
қолдайтын ел болайық!».  
Осыдан 12 жыл бұрын: «Қай ісіміздің де Құдай сәтін салғай! «Әумин» деп қол жайып, 
«Әуп» деп күш қосып, «Алла!» – деп іске кіріселік», – дер. 
Бүгін бұны жете ұғынып, терең сезініп отырған халық та бар, қоғам да бар, азамат та 
бар.  Сондықтан  ұлтымыздың  кешегі  де,  бүгінгі  де,  ертеңгі  де  ұлы  ұстазына:  «Айтқаныңыз 
болсын!» – деп басымызды иіп, тағзым етелік!» [2, 103].  – деген сөздеріңізге де Алла разы 
болсын!  Атеисшіл  замандастарыңыздың  ішінде  алғашқылардың  бірі  болып,  Алаш 
ғалымдары  сияқты  сөзді  тура  осылай  Аллаға  мінәжат  етумен  қорытындылау  да  шынайы 
ғалымдықтың белгісі. 
Тәуелсіздік  кезде  бүгінгілердің  көбі  үн-түзсіз  келе  жатқанда  Алаштанудың  негізгі 
темірқазығын анықтап берген бұл зерттеуіңіздің арғы ғұмыры да сәулелі болғай!  
 
ӘДЕБИЕТТЕР 
 
1.Литературная энциклопедия. М., 1931, т. 5) А.Н.Самойлович // Литература Востока. 
Вып. І. П., 1919. 
2.Ә.Кекілбайұлы. Ұстаз ұлағаты. (А.Байтұрсынұлының туғанына 125 жыл толуына 
арналған халықаралық ғылыми конференция материалдары). 81-103 бет // Ұлттық рухтың 
ұлы тіні. Ғылыми мақалалар жинағы (қазақ, орыс, ағылшын т.б. тілдерде). – Алматы: Ғылым, 
1999.  
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 


133 
 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   30   31   32   33   34   35   36   37   ...   69




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет