Ды-сДз-кДз - ауыр түйық буын.
Дз-Ды-сДз-қДз - ауыр бітеу буын.
Мұның алдыңғысы үш дыбысты: дауысты, дауыссыз, дауыссыз соңғысы төрт дыбысты: дауыссыз, дауысты, дауыссыз, дауыссыз.
Ауыр буыңдарға мына төмендегілер үлгі бола алады:
5-түрде: айт, елт, өрт, әіп!, аңқ.
6-түрде: қайт, қант, селт, тарт, қыңқ, қаңқ.
Осы мысалдардан бұл екі түрлі буынның табиғатын аңғаруға болады. Бұлардың бірінші өзгешелігі - дауысты дыбыстан кейін сол буынның өз ішінде екі дауыссыз қатар келеді (Ды-Дз-кДз). Екінші көрінген дауыссыз қатар келмейді, белгілі түрлері ғана келеді. Дауысты дыбыстан кейін, соңғы дауыссыздың алдында й, л, м, ң, р, у, м дабыстары ғана тұра алады. Бұл дауыссыздарды ғылым тілінді сонор дауыссыздар, казақша айтқанда - созымды дауыссыздар дейді. Сондықтан оларды сДз (созымды дауыссыз) деп белгіледік.
Дауыссыз дыбыстың бәрі бірдей мұндай созымды болмайды және буынның соңында да бірыңғай сонорлар қатар тұра алмайды, әдетте сонор дыбыстардан кейін тек қатаң дыбыстар ғана келе алады. Сондықтан соңғы дыбысы кДз (қатаң дауыссыз) болады.
Сонымен қазақ тілі буындарының 5-түрі дыбыстардың тізілу тәртібі жағынан Ды-сДз-кДз (дауысты-созымды дауыссыз - қатаң дауыссыз) болады. Айт деген буында а дауысты (Ды), -й -созымды -дауыссыз (еДз) -т - қатаң дауыссыз (кДз). Екі дауыссыз қатар келгендіктен мұны ауыр буын дейміз. Екінші түрден айыру үшін ауыр тұйық буын дейміз.
6 - түрлі буынның айырмасы тек сол: мұнда буын дауыстыдан басталса, онда ол дауыстының алдынан тағы бір дауыссыз қосылыл не бәрі 4 дыбыс болады.
Мысалы: қарт, селт, жент, қайт, дүңк, күмп сөздері. Қайт буынының бас дыбысы дауыссыз (Дз) - екінші дыбысы дауысты (Ды) үшіншісі - созымды дауыссыз (сДз) - төртіншісі қатаң дауыссы (қДз), сондықтан бұл түрдің формуласы Дз-Ды-сДз-кДз болады. Екі дауыссыз қатар келгендіктен, мұны да ауыр буын дейміз. Алды-арты бірдей дауыссыз болғандықтан бітеу дейміз. Сонымен бұл буын – ауыр бітеу буын болады.
Бұл арада бір ескертіп кететін нәрсе сол: бұл ауыр буындардың соңғы екі дауыссызының алдыңғысы созымды, соңғысы қатаң болады деп едік. Негізінде мұнымыз дұрыс. Бірақ соңғы дыбыстың көп ұшырайтыны т да, сондықтан ілгері дыбыстың ішінде ең жеңіл кездесетіні –р, л, н, й дыбыстары. Бұлардан басқа созымды, қатаң дыбыстардың қай-қайсысы да белгілі жағдай табылғанда ғана кездеседі. Ол жағдай: бірінші.- одағай сөздер болу, мәселен: каңк дүмп, әуп, күмп сияқты, екіншісі - созымды мен қатаң ұялас дыбыстар болуы керек, мәселен әуп, күмп деген буындарда созымды у мен м екеуі де еріншіл болса, қатаң п ол да еріншіл дыбыс; қаңқ буынының созымды дауыссыз дыбысы (ң) көмейшіл болса, оған жалғас келетін қатаң (ң) ол да көмейшіл. Бір буында ң тек қ мен к-нің алдында ғана келе алады. Ұяластықтың керегі сонша, қай кезде ұяласы табылса, аяққы дыбыс қатаң болмай да ауыр буын келіп шығатыны бар. Шәуім-шәуім! Деген одағай да осылай, бірақ бұл жалғыз осы сөзде ғана. Ауыр буындардың өзгешеліктері мыналар: бірінші - ауыр тұйық буын жалаң өзі бір сөз болып тұрғанда ғана (ант, айт, елт сияқты), немесе сөздің бас буыны болғанда ғана ұшырайды да, сөз ортасында, не аяғында еш уақытта да кездеспейді.
Екінші - ауыр бітеу буын жалаң өзі де (қарт, сүйт), сөз басында (тарт-тыр, қант-ты), ортасында да (ал-дырт-шы, қын-жылт-шы) аяғында да (күң-гірт, сал-дырт) келе береді. Бірақ соңынан келетін буын дауысты дыбыстан келетін болса, оңда сөздің басы мен орта буыны ауыр буын бола алмайды. Өзінен соңғы буын не бітеу (Дз-Ды I Дз-Ды-сДз-кДз), не ашық (Дз-Ды) буын болғанда ғана ауыр буын болып тұра алады.
Бұлай болу себебі - қазақ тілінің буындары сірә де не жалаң, не ашық болуды сүйеді. Сондықтан тұйық, бітеу буындардың соңғы дауыссыздары, бұған жалғаса дауысты дыбыспен басталған буын келе қойса, жылысып жалғас буынға ауысып кетеді. Сонымен, өзі бітеу буын болған болса, енді ашық буын болып, түйық буын болған болса, жалаң буын болып, ауыр буын болса, жеңіл буын болып калады да ана жалғас буын тұйықтан бітеуге, жалаңнан ашыққа айналады. Сөйтіп, қазақ буындары сөз өзгерген сайын өзгеріп, жылжып отырады: Бір деген бітеу буын. Бұған -ақ деген жалғау косса, бір-ақ болып (Дз-Ды-Дз)+(Ды-Дз) күйінде қалмайды, буын қалпы өзгеріп, бір -ақ болып (Дз-Ды)+(Дз-Ды-Дз) қалпына көшеді. Осы сияқты әрбір түбір сөздің соңғы буыны тұйық я бітеу болса, оған жалғанатын жалғау дауысты болып басталса, буын қалпын өзгертіп жібереді. Өйткені бітеу, түйық буындармен жалғаса жадаң, ашық буындар қазақ тілінде тұра алмайды. Мұны жылысу заңы дейміз.
Қазақ тілінде жалаң, ашық буындардан соң жалаң, тұйық буындар да келе алмайды. Сондықтан мұндай ұшырастарда қатар келген екі дауыстының бірі (көбінесе алдыңғысы) жойылып кетеді. Алдыңғы буынның соңғы дауыстысы жойылып кеткенсін, ана айтылған жылысу заңы бойынша, дауыстының алдында тұрған дауыссыз мына буынға көшеді. Сөйтіп, бір буынның саны солайымен кеміп қалады. Ба-ра-ал-май-ды дегенде 5 буын бар еді; енді онда 4-ақ буын қалады. Өйткені 2 мен 3-буындар ашық пен тұйық болып (Дз-Ды)+(Ды-Дз) кездескен. Бірінің аяғында, бірінің басында дауысты дыбыстар болып, олар қатар келіп қалған. Сондықтан екі дауыстының бірі (ра-буынының а-сы) жоғалып кетеді де, қалған дауыссызы (р) келесі буынның бас дыбысы болып кетеді. Сонымен ба-ра-ал-май-ды (5 буын) орнына ба-рал-май-ды (4 буын) буындары келіп шығады. Мұны буындардың кірігуі деп атаймыз.
Қазақ буындарында сөз түрлену кезінде тап болатын өзгерістер негізінде осы екеуі: бірі - жылысу заңы, екіншісі - кірігу заңы. Жылысса буынның қалпы өзгереді де, саны өзгермейді. Кіріксе, қалпы да, саны да өзгеріп кетеді. Жылысудың формуласы: (Ды+Дз)+(Ды)+(Дз+Ды); кірігудікі: (Ды)+(Ды)= (Ды).
Қазақ тілі буынының осы жылысу, кірігу қасиеттерінен ақындар көп пайдаланады. Өйткені ауызекі сөйлеген сөзде буындардың жылысуы мен кірігуі бір сөздің ішінде қалып қоймай, қатар келген екі сөздің арасында да болып отырады. Осындайды пайдаланып, II буынды өлең жазған ақын кей жолдарында буын санын арттырып, кейде кемітіп жіберсе де кірігу заңын жамылып, өлең өлшеуін дұрыс көрсетіп отырады.
«Та-рих бе-тін жыл-дан жыл-ға жа-ңа-лап, Бұ-дан -да ә-рі тәт-ті ө-мір-ді ел кү-тет».
(Бейімбет - «Қанап». Толық жинақ, I, 345-6.) Бұл өлеңнің алдыңғы жолында буын саны дұрыс — II. Бірақ соңғы жолының екі буыны артық - 13. Сөйтсе де мұнда өлшеу заңы бұзылмаған. Өйткені соңғы жолда 3 жерде кірігу мүмкіншілігі бар; 4-3-7-8, -9-10-11-нші буындар кіріге алады.
«Бұдан да әрі» (56) орнына «бұдан дәрі» (46), «тәтті өмір» (46) орнына «тәт-ө-мір» (36), «өмірді ел» (46) орнына «өмір-дел» (36) бола алады. Сонда үш буынның саны кеміп 13 буын орнына 10-ақ буын қалады. Бұл арада ақынға екі-ақ буынды кеміту керек болған. Кеміткен. Соның өзінде бір мүмкіншілік ауысып та қалған.
Біз тілімізде бір сөздің екінші сөзге жасаған ықпалын елемейміз. Сондықтан екі сөз аралығындағы буын алмасулары да қағаз бетіне түспейді. Бірақ әрбір жеке сөз жалғаумен жалғанып, немесе бірнеше түбірден құралып, түрленіп болмағандықтан, оның буындары өзара шығысқан: жылысары жылысып, кірігері кірігіп болған. Сондықтан бір сөз ішінде буын тізілісі заңына қайшы келерлік тіркестер ұшырамайды.
Достарыңызбен бөлісу: |