Б. Мағзұмов МӘтін лингвистикасы



бет1/7
Дата25.12.2016
өлшемі1,25 Mb.
#4504
  1   2   3   4   5   6   7


О. Қ. Жармакин, Қ. Б. Мағзұмов

МӘТІН ЛИНГВИСТИКАСЫ

Павлодар


Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі

С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті

О. Қ. Жармакин, Қ. Б. Мағзұмов

МӘТІН ЛИНГВИСТИКАСЫ
Филология мамандықтарының студенттеріне арналған

оқу құралы

Павлодар

Кереку


2012

ӘОЖ 81.42 (075.8)

КБЖ 81.2-5-923

Ж 31


С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің Ғылыми кеңесімен басуға ұсынылды

Пікірсарапшылар:

З. Қ. Темиргазина – ф. ғ. докторы, профессор, Павлодар мемлекеттік педагогика институты;

А. Д. Әміренов – ф. ғ. к., доцент, Павлодар мемлекеттік педагогика институты;

Г. Т. Кәрімжанова – ф. ғ. к., доцент, С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті.




О. Қ. Жармакин, Қ. Б. Мағзұмов

Ж 31 Мәтін лингвистикасы : филология мамандықтарының

студенттеріне арналған оқу құралы / О. Қ. Жармакин,

Қ.Б. Мағзұмов . – Павлодар : Кереку, 2011. – 84 б.

ISBN

Оқу құралы филология мамандықтарының студенттеріне арналған. Материал мысалдар үлкен көлемімен түсіндіріліп, сипатталған.



ӘОЖ 658(075.8)

КБЖ 65.290я73

ISBN

© Жармакин О. Қ., Мағзұмов Қ. Б., 2012



© С. Торайғыров атындағы ПМУ, 2012
Материалдық дурыс болуына, грамматикалық және орфографиялық қателерге авторлар мен құрастырушылар жауапты

Алғысөз
Ұсынылып отырған оқу құралының басты мақсаты – жоғары оқу орындарының филология факультеттерінде оқытылатын «Мәтін лингвистикасы» пәні бойынша типтік оқулық бағдарламаға сәйкес дәріс және семинар сабақтарында қолдануға болатындай қажетті оқу материалын шағын да ұғынықты етіп жазып шығу. Мәтінтанушы Ресей және қазақ лингвист ғалымдарының соңғы 20–30 жылда жарық көрген ғылыми еңбектері мен оқулықтарының біразын талдап, оқу құралымыздың негізіне алдық. Мәтін деген көпжоспарлы жүйе, ол онтологиялық, гносеологиялық, лингвистикалық, психологиялық және прагматикалық тұрғыда зерттелу үстінде, әрі зерттеудің қазіргі антропоцентристік, когнитивтік бағыттарында да кешенді жұмыс тындырылуда. Осы жағдайларды ескере отырып, біз студенттер қауымына типтік бағдарламаға сәйкес оқу материалын ықшамдап, олардың тақырыптарды қажетті деңгейде игеруіне оң ықпал жасауға ұмтылдық. Осы оқу құралы және қосымшада берілген арнайы терминдік түсіндірме сөздігімен біз мәтін теориясына қатысты лингвистикалық терминологияны мемлекеттік тілде қалыптастыру үрдісіне мүмкіндігінше үлес қоса алсақ, алға қойған міндетімізді біршама орындаған боламыз.


Мәтін лингвистикасы ғылыми пән ретінде
Мәтін лингвистикасы – өзінің теориясы мен практикасы бар салыстырмалы түрде алғанда жас (ХХ ғасырдың ортасы) дербес ғылым және оқу пәні. Мәтін лингвистикасы мәтін ұғымына негізделіп, көбінесе оны талдаумен байланыстыратын филологиялық риторика аталатын риториканың тағы бір бағытының дамуына ықпал етеді.

Заманауи мәтін лингвистикасы мәтіннің өзі мен құрылымын, категориялары мен тілдік бірліктерін, сол сияқты мәтінді, ең алдымен көркем мәтінді құрастыру, тудыру және талдау тәсілдерін зерделейді.

Соңғы отыз жылда мәтін лигвистикасында үш дербес ғылыми сала анықталды:

- жалпы мәтін теориясы (И. Р. Гальперин);

- мәтін грамматикасы (О. И. Москальская);

- мәтін стилистикасы (И. В. Арнольд, В. В. Одинцов).

Мәтін лингвистикасы мәтінде қолданылатын түрлі коннотация құралдары (функционалды-стилистикалық, эмоционалды-экспрессивті, бағалаушы) ең алдымен, функционалды стилистикада зерделенетіндіктен стилистикамен, нормаларын білмей қарым-қатынас мәдениетін меңгеру, сауатты және коммуникативті барабар мәтін құрастыру мүмкін болмағандықтан, сөйлеу мәдениетімен тығыз байланысты.

Шын мәнінде мәтін лингвистикасы (мәтінді лингвистикалық талдау да) бұрын оқылып, болашақ тілші-мамандардың санасында айтылған немесе жазылған сөйлеуге сергек қарауға, оқыған мәтінінің мазмұны ғана емес, терең мағынасына да үңілуге ерекше тілдік (стилистикалық) сезім қалыптастыратын лингвистикалық және әдебиеттану пәндерінің қорытындысын шығаратын жалпы филологиялық пән болып табылады.

Мәтін-мәтін лингвистикасы мен оның практикалық курсының, мәтінді лингвистикалық талдау мен әдебиеттанудың ортақ зерттеу объектісі.

Алайда әдебиеттану объектісіне қарағанда мәтін лингвистикасының талдау объектісі кеңірек, себебі ол:

- тек көркем шығарманы ғана емес, барлық сөйлеу шығармаларын қамтиды;

- мәтінді сол мәтінді тудырып тұрған барлық тілдік элементтердің комбинациясы ретінде зерттейді. Ол тілдік арақатынастардың өзгерістерін, мәтін ішіндегі олардың динамикасын зерделеп, мазмұн тұрғысында мәтіннің идеялық-тақырыптық және эстетикалық деңгейінде жасақталуын, айтылым тұрғысындағы функциясын белгілейді, осы тұста әдебиеттанумен ұштасады. Әдебиеттану мәтінді идеялық мазмұны, эстетикалық құндылығы, жанрлық артықшылығы, композициялық ұйымдастырылуы қырынан қарастырады. Басқаша айтқанда, өз талдауында формадан мазмұнға қарай, ал әдебиеттануда мазмұннан формаға қарай ауысады;

- лингвист өз талдауын көп жағдайда нақты мәтінді талдаумен шектесе, яғни зерттеудің имманенттік әдісін қолданса, әдебиеттанушы үнемі тарихи, әлеуметтік, философиялық сипатта экскурстар жүргізеді, яғни көбіне зерттеудің проекциялық әдісін қолданады (В .В. Виноградовтың терминдері);

- лингвист мәтінді ең алдымен оқырман (адресат) тұрғысынан, ал әдебиеттанушы ең алдымен автор (адресант) тұрғысынан талдайды.

Мәтін лингвистикасында мәтіннің негізгі екі объектісі айқындалады:

- тұтас сөйлеу шығармасы – сөйлеудің кең мағынасындағы мәтін, макромәтін;

- күрделі фразалық тұтастық немесе күрделі синтаксистік тұтастық –сөйлеудің тар мағынасындағы мәтін, микромәтін.

Күрделі фразалық тұтастық пен тұтас сөйлеу шығармасы шекараларының сай келуі мүмкін. Шағын көлемдегі тұтас сөйлеу шығармасының (газет мақаласы, қысқа әңгіме, ауа райы туралы хабар, хабарландыру, т.с.с.) жалғыз фразадан тыс бірліктен құралуы мүмкін. Дегенмен, бұл шағын жанрлы және шағын көлемді мәтіндерге ғана қатысты болғандықтан, мәтіннің екі объектісін-макромәтін мен микромәтінді айырған жөн, себебі күрделі фразалық тұтастық пен тұтас сөйлеу шығармасы-мүлде түрліше тәртіптегі бірліктер.

Күрделі фразалық тұтастық - синтаксистік ұғым, тұтас сөйлеу шығармасы - әлеуметтік-сөйлеу құбылысы, қоғамның түрлі салаларына қызмет ететін ең жоғары деңгейдегі коммуникативтік бірлік.

Байласымды мәтін мен байласымды сөйлеу (мәтін) құрау модельдері мәтін лингвистикасының нысаны болып табылады.

Бұл пәннің міндеттері:

- болашақ мамандардың бойына мәтінді (ең алдымен-көркем мәтінді), тілдік және мағыналық ұйымын талдаудың кәсіби дағдыларын сіңіру;

- олардың осы талдаудың теориясы мен әдістемесін меңгеруі.

Мәтін лингвистикасының негізгі мәселелері мен ұғымдары:

- мәтінді талдау;

- мәтін параметрлері;

- мәтін бірліктерін анықтау;

- мәтін категорияларын анықтау;

- мәтін бірліктерін грамматикалық және семантикалық зерттеу.

Мәтінді талдаудың негізгі аспектілері:

- лингвистикалық түсіндірме-қазіргі қазақ әдеби тілін қазіргі әдеби нормамен шендестіру тұрғысында тілдік бірліктерді, соның ішінде тілдік бірліктердің функциялық-стильдік және стилистикалық бояуын қарастыру;

- семантикалау, ұғымы көмескілеу сөздерді, сол сияқты идеялық-теориялық жүктемесі (лексика-фразеологиялық деңгейі) ауырлау сөздерді түсіндіру. Бұл мағынада сөйлем мәтіннің бейнелілігі мен тілдің эстетикалық тұрғысынан статикалы, шартты болып келуін көрсетеді (микробейнелерді, көркемдік және нақыш формаларын және т.б. табу).

Мәтінді талдаудың негізгі деңгейлері:

- бейнелік-тілдік (сөздің бейнелеу құралдары);

- құрылымдық-композициялық;

- идеялық-тақырыптық.

Мәтінді лингвистикалық талдаудың негізгі принциптері:

- историзм принципі (шығарма жазылған тілдік дәуірді ескеру);

- шығарманың формасы мен мазмұнының өзара байланысын, өзара шарттылығын ескеру принципі (мазмұнға, сондай-ақ, сол мазмұнның әсерлік сипатын күшейтуге, прагматикалық функциясына бағытталған тіл құралдарын ескеру);

- мәтінді талдауға деңгейлік принцип (мәтіндегі тілдік жүйенің барлық таңбалық деңгейлерін зерттеу);

- жалпы мен жекені үйлестіру принципі (мәтіндегі жалпы тілділік, жалпы стильдік, жалпы жанрлық пен жеке авторлықтың өзара әрекеттестігін ескеру).

Мәтінді лингвистикалық талдаудың әдістері мен амалдарына жататындар:

- стилистикалық эксперимент әдісі – синонимдерді іріктеу, мәтінді қысқарту мен кеңейту, мәтіндегі сөйлемдердің орнын алмастыру сияқты әрқилы аранжировка түрлері, сөйлемде компрессия қолдану: бағыныңқы сөйлемді көсемшелік және есімшелік амалдармен, детерминанттармен (сөйлемнің басында мезгіл және мекен пысықтауыштарын) алмастыру; мәтіндегі жай және құрмалас сөйлемдердің арақатынасын, гипотаксисті паратаксиске және керісінше өзгерту;

- семантика-стилистикалық әдіс – тілдік ережелерден ауытқу, мағынаның заттық және коннотативтік элементтерін үйлестіру; нақты мәтіндегі дара, көп мәнділік; сөйлеуді (мәтіндегі фразаны) бірнеше мәрте қайталау есебінен мағыналық элементтерді арттыру; бұл әдіс мәтін бірліктерін жалпы халықтық тіл элементтерімен (яғни мәтіндегі бірліктерді олардың сөздіктердегі мәнімен) салғастыру үшін қолданылады;

- салғастыру-стилистикалық әдіс – бір типті мазмұндағы мәтіндердің тілдік безендірілуіндегі ұқсастық пен айырмашылықты табуға көмектеседі, негізінен түпнұсқа мен аударма мәтіндерін салыстырғанда қолданылады, авторлық варианттарды салыстыру әдісі деп аталатын алғашқы және түпкі варианттарын салыстырғанда да қолданылуы мүмкін;

- мәтінді сандық талдау әдістері – сандық заңдылықтарды (сын есімнің, үстеудің және т.б.-ның санын) тауып, мәтіннің тілдік құралдарының сапалық айырмашылығын табуға көмектесетін ықтималды-статистикалық әдіс.



1 Мәтін және оның негізгі белгілері
1.1 Мәтін туралы ұғым

Мәтіннің тууы мен түсінілуі мәтінді зерттеудің орталық объектісі және негізгі проблематикасы болып табылады. Мағынаның мәнге (мәтіннің тууы) және мәннің мағынаға (мәтіннің түсінілуі) түрлену механизмдері «сана-тіл-әлем» триадасының шеңберінде қарастырылады.

Тіл қызметі-басқа қызмет түрлеріне сіңіскен мәтін қызметі. Мәтін - қарым-қатынастың негізгі бірлігі. Адамдар жекелеген сөздермен, сөйлемдермен емес, мәтіндермен қарым-қатынас жасайды. «Мәтін» ұғымы ертеден болғанымен, терминологиялық ұғымда бертінде қолданыла бастады.

«Мәтін» (текст) сөзінің этимологиясы латынның texo-«тоқимын», «тігемін», «өремін» етістігіне ұштасады, textus -«мата», («ткань») дегенді білдіреді (орыстың «текстиль» сөзін еске алайық»). Басқаша айтқанда, «мәтін» (текст) сөзі семантикасының негізінде «тігу», «өру» метафорасы жатыр. Салыстыру үшін: «мән-мағынасыз әлденені айтуды» білдіретін, «плести» етістігі, «сплетни» зат есімі немесе көне орыс кітап сөзі «плетение словес»; қазіргі лингвистер мен сыншылардың еңбектеріндегі «ткань текста» метафорасының қолданылуы.

Қазіргі мәтін лингвистикасында даулы мәселелер көп. Айырмашылық, ең алдымен, мәтіннің тіл мен сөйлеудің қайсысының жүйесіне жататындығында.

Мәтіннің коммуникация актісімен шендесуі, оның сөйлеу тудырушы сипаты, мәтіндік қызметтің функционалды қызметі мәтіннің сөйлеу және тек сөйлеу құбылысы екеніне сендіреді.

Алайда И. Р. Гальперин, О. И. Москальская, Е. И. Шендельс, Г. В. Колшанский және басқа ғалымдардың пікірінше, мәтін-тілдің модельдендірілген бірлігі, қарым-қатынаста коммуникативтік аяқталған ойға ие негізгі тілдік бірлік ретінде қоғамда қызмет ететін микрожүйе [1,18].

Мәтіндердің тілдік ұйымдастырылуына және айтушының (жазушының) коммуникативтік ниетіне қарай Г.А. Золотова бес мәтін (сөйлеу) типтерін немесе сөйлеу регистрлерін бөледі: репродуктивті (бейнелеу), информативтік, генеритивтік (ақпаратты жинақтау) – монологқа, волюнтивтік және реактивтік-диалогқа тән [2,28].

Осы типтердің әрқайсысының белгілі бір белгісі бар. Мәселен, репродуктивті регистрде айтушы байқағанын тілге тиек етеді. Репродуктивті типтегі (регистрдегі) айтылымдар мынадай болып келеді: «Менің көргеніме қарағанда...», «Менің естігенім...», «Менің сезгенім...».

Информативтік регистр айтушыға белгілі немесе ой елегінен өткізген фактілер, оқиғалар, қасиеттер туралы хабарды ұсынады. Информативтік регистр айтылымдары мынадай болып келеді: «Менің білуімше...», «...екені белгілі».

Генеритивтік регистрде айтушы өмірді тәжірибемен және әмбебап біліммен шендестіре отырып, жинақталған ақпарат береді. Генеритивтік регистрлер ой түйіні, қанатты сөздер, мақал-мәтел түрінде болады. «Ел болам десең, бесігіңді түзе» (М.Әуезов). «Ер елді қорғайды, ел ерді қорғайды» (Мақал).

Диалогта волюнтивтік және реактивтік регистрлер құралдары өткеріледі. Волюнтивтік регистрдің міндеті-адресатты іс-қимылға, ақиқат үзіндісін өзгертуге шақыру, реактивтік регистрдің міндеті-жағдайды бағалау болып табылады.



Мысалы

Маған күйеуге ти, - деді тырна. – Сендей ұзынтұраға қалай тимейін... (В.Даль. Ертегілер). Бұл диалогта волюнтивтік регистр тырнаның с өзі, реактивтік-құтанның сөзі түрінде берілген.

Предикативтік бірліктердің көптігінен немесе олардың бірігуінен дерексізденіп, бір типті мәтіндерде қолданылатын сөйлеудің коммуникативтік регистр ұғымы нақты айтылымдарда, мәтіндерде немесе олардың үзінділерінде беріледі. Бір жағдайда ол еркін, қозғалмалы, екінші жағдайда қатаң шектеулі комбинацияларда қоғамдық – сөйлеу практикасының әр түрлі текстер мен жанрларындағы мәтіндердің композициясын құрайды.

Сонымен, айтушының оқиғалар мен әлем туралы білімді қабылдауы мен мәтіндік түсінігі, біріншіден, сөйлеу қорындағы тілдік және сөйлеу құралдарының жүйесімен, екіншіден, хабарға және сөйлеудің интенциясына қатысты кеңістік-уақыт ұстанымымен айқындалады, бұл көзделген коммуникативтік типтердің (сөйлеу регистрлерінің) шеңберінде реттелуіне кедергі келтірмейді.

Мәтінді сипаттаудың мұндай жолы оның тек сөйлеудің нақты актісімен байланысты нақты бірлік қана емес, ең жоғары деңгейдегі тілдің абстрактілі бірлігі ретінде де көрінетінін дәлелдейді.

О. А. Лаптева мәтінге «вербальды қатынастың барынша кешенді бірлігі» деген анықтама бере отырып, мәтінмен қоса «сөйлеу шығармасы» ұғымын ұсынып, «мәтіннен айырмашылығы оның басталуы-ортаңғы бөлігі-аяғы болады, ал мәтінге қатысты мұндай талаптардың болуы міндетті емес. Бұл кез-келген шығарма мәтін бола алады, алайда кез-келген мәтін шығарма бола алмайды дегенді білдіреді»,-десе, зерттеушілердің көпшілігі мәтін - әрқашан тақырыптың басталуы, дамуы және аяқталуы бар сөйлеу шығармасы деп есептегендіктен, бұл тұжырым даулы [3].

Соңғы жылдары лингивистикалық әдебиетте мәтін терминімен қоса дискурс (фр. discours – сөйлеу) термині пайда болды. Дискурс-экстралингвистикалық факторлар жиынтығындағы байласымды мәтін; оқиға аспектісінде алынған мәтін; нысанды әлеуметтік іс-қимыл ретінде қарастырылатын сөйлеу; адамдар мен олардың сана механизмдерінің әрекеттестігіне қатысушы компонент, яғни «нақты өмірмен байланысты» сөйлеу.

Коммуникативтік лингвистиканың барлық зерттеулерінде сөйлеудің ғана емес, тілдің де негізгі бірлігі болып мәтін танылады. Тілдің әлдебір деңгейлеріне қызмет ететін тілдік варианттар коммуникация процесінде мәтін құрауға қатыса отырып, жаңа қасиет пен функцияны иеленіп, мәтіннің элементтеріне айналады.

Осылайша мәтін барлық деңгейдегі тіл мен сөйлеу варианттарын синтездеп, «өзіне тілдік мағына мен сөйлеу ерекшеліктерін біріктіреді. Ол-бір мезгілде тіл бірлігі және сөйлеу шығармасы».

Ғалымдардың бәрі бірдей мәтінді сөйлеудің әрі ауызша, әрі жазбаша формадағы шығармасы деп есептей бермейді. Бір зерттеушілер (И. Р. Гальперин, Л. М. Лосева) мәтінді сөйлеудің тек жазбаша формасында таныса, басқалары (И. В. Арнольд, О. А. Лаптева) ауызша сөйлеу шығармалары, негізінде монологтық шығармаларды да мәтін деп есептейді. Кейбір ғалымдар оны кез-келген сөйлеу ниетін, соның ішінде жай сөйлесу ретінде түсініп, диалогта мәтіннің болатынын айтады.

Ғалымдардың көпшілігі белгілі бір түрде құрастырылған сөйлеуді мәтін деп есептейді.

Мәтін тек жазба құжат түрінде объектіге айналады деп кесіп айтуға болмас. Жазбаша да, ауызша да қарым-қатынас жасаймыз. Демек, жазбаша айтылымдар (мәтіндер) ғана емес, оқушыларға (студенттерге) көркем және публицистикалық шығармалардан үзінді түрінде ұсынылатын грамзапистер мен таспаға жазулары, сол сияқты таспаға жазылған ауызша айтылған сөйлеулер де талдау тақырыбы болуға тиіс.

Сөйлеу шығармасы ретінде мәтіннің негізгі белгілері:

- тұтастығы (яғни байласымдылығы мен композициялық аяқталуы);

- аяқталуы, яғни автор ойының (мазмұнның) айтылып бітуі;

- модальділік (автордың хабарға көзқарасы, авторлық баға және өзіндік баға);

- нысандылық және прагматикалық ұстаным.

Мәтін – мағыналық және құрылымдық аяқталуымен, автордың хабарға көзқарасымен, хабардың нысандылығымен және прагматикалық ұстанымымен сипатталатын ауызша немесе жазбаша формадағы хабар.

Сонымен бірге, мәтін ұғымына қатысты көптеген тұжырымдарды қарастыра келе, біз мәтінге тән категорияларды ерекше назарға ала отырып, ресей мәтінтанушы ғалымдарының бірнеше анықтамаларын ұсынамыз. Алдымен, Лингвистикалық энциклопедиялық сөздікте «Текст (от лат. textus – ткань, сплетение, соединение) объединенная смысловой связью последовательность знаковых единиц, основными свойствами которой являются связность, цельность» [4, 507]. И. Р. Гальперин мәтінді аяқталған, объективтелген жазба құжат ретінде,... бірқатар ерекше бірліктері мен атауы бар, түрлі лексикалық, грамматикалық, логикалық, стилистикалық байланыстармен біріктірілген, белгілі бір мақсат пен прагматикалық бағыты бар сөйлеу шығармашылығының туындысы деп анықтайды [1, 17].

О. И. Москальская мәтіннің коммуникативтік маңыздылығын айқындай отырып,... « «мәтін» деп бір жағынан, бір немесе бірнеше сөйлемдерден тұратын, сөйлеушінің ойы аяқталған, кез келген айтылған пікірді түсінсек, екінші жағынан, повесть, роман, газет немесе журнал мақалалары, ғылыми мақалалар, түрлі құжаттар тағы басқа осы сияқты тілдесім (речевые) туындылары» деген анықтама береді [5, 12–14 б.].

А. Ф. Алефиренко мәтінді төмендегідей анықтайды: «Мәтін – бұл тұтастық, коммуникативті құрылым, оның компоненттері автордың коммуникативті интенциясымен ұйымдастырылып, иерархиялық, семантикалық құрылымға бірлескен» [6, 4].

«Мәтін» ұғымын қалыптастыруда, түсіндіруде, талдауда қазақ лингвист ғалымдары да айтарлықтай еңбек етіп келеді, әсіресе соңғы жиырма жыл көлемінде ғылыми сапасы жоғары талай-талай зерттеулер жарық көрді. Осы тұрғыда Р. Сыздықтың, Б. Шалабайдың, С. Мұстафинаның, З. Ерназарованың, Г. Әзімжанованың, Г. Есмағұловтың, Д. Әлкебаеваның, Г. Әбікенованың, А. Әділованың, М. Маретбаеваның, Г. Смағұлованың, Ж. Қайшығұлованың, Г. Кәріпжанованың және т.б. еңбектерін атаймыз.

Қорыта келгенде, мәтін – көпаспектілі, әр түрлі бағытта зерттелетін күрделі лингвистикалық құбылыс, ең жоғары коммуникативтік бірлік.


1.2 Сөйлеу жанрлары мен мәтін жанрлары. Мәтін типтері

Қазіргі мәтіндер сөйлеу формасына қарай ауызша және жазбаша болып бөлінеді.

Сөйлеудің ауызша формасындағы мәтіндер жазбаша формадағы мәтіндерден мүлдем өзгеше. Жазбаша мәтін алдын-ала ойластырылады, қабылдаушының қатысуынсыз түзетіледі, ал ауызша мәтінде барлық түзетулерді тыңдаушы қабылдайды. Жазбаша мәтін көру арқылы қабылдауға арналған, сондықтан онда бөлімдер, үзінділер және т.б. тақырыптар мен тақырыпшалар, абзацтар, шрифтік айшықтау мен астын сызу т.с.с. ажыратылады. Ауызша мәтін тыңдап қабылдауға есептелген, сондықтан айтылғанды түзету, «қайта тыңдау» (таспа жазуы болмаса) болмайды; сонымен бірге мәтіннің тыңдаушыға тәуелділігі (түсінбегенін қайта сұрау мүмкіндігі, айтушының мимикасының тыңдаушыға әсері т.б.) байқалады, монологтік емес сөйлеуде әңгімеге араласу мәтіннің тұтастығына ғана емес, әңгіменің аяқталмай қалуына да әсері айқын сезіледі. Ауызша мәтіннің жазбаша мәтіндегі амалдардан бөлек риторикалық амалы да бар.

Заманауи жанртану сөйлеу жанрлары мен мәтін жанрларын қызықты жіктеуді ұсынып отыр. Бұл жіктеудің негізінде М. М. Бахтин қабылдаған сөйлеу жанрлары мен оның бірінші (қарапайым) және екінші (күрделі) сөйлеу жанрлары туралы идеясы жатыр.

М. М. Бахтиннің пікірінше, сөйлеу жанрлары дегеніміз, «айтушы үшін өзі жасамаған, оған берілген», «айтылымның берік тақырыптық композициялық және стилистикалық типтері», «сөйлеу тұтастығын жасаудың типтік модельдері». «Егер сөйлеу жанрлары болмаса сөйлеу қарым-қатынасының болуы мүмкін емес еді» [7, 242].

Солай бола тұрса да, зерттеулерде сөйлеу жанрларына түрліше түсініктемелер беріледі. Ол ең алдымен зерттеушілердің жанртанудың басты термині-сөйлеу жанрын түрліше түсіндіріп жүргенінен туып отыр. Кейбір зерттеулерде «сөйлеу жанры» кең мағынада түсіндіріледі, басқаларында «сөйлеу жанры» ұғымын сөйлеу актісіне балама ретінде түсіндіріледі, үшіншісінде мәтін типтерімен байланыстырылады.

Ғалымдардың көпшілігінің пікірінше, сөйлеу жанрының басты нышандары-адресат, адресант, бақылаушы, референттік жағдай, байланыс арнасы, әрекеттестіктің жалпы контексті, уақыт, орын және қоршаған ортадағы ахуал, коммуникативтік мақсат, автор бейнесі, адресат бейнесі, өткендегінің бейнесі, келешек бейнесі, диктумдық (оқиға) мазмұнының типі, сөйлеу жанрының тілдік жүзеге асырылуы.

М. М. Бахтиннің негізгі және қосымша сөйлеу жанрлары туралы идеясы ғалымдардың отандық жанртанудың дамуын дәстүрлі семиотикалық жүйеде - семантика (жанрдың аты) – синтактика (жанрдың композициясы) - прагматика (айтушының мақсаты және оның тиісті жанрды таңдауы) қарастыруына және олардың сөйлеу жанрларын зерттеуді үш бағытқа бөлуіне мүмкіндік береді.

Бірінші бағыт (семантикалық): сөйлеу жанрлары адамдардың әлеуметтік әрекеттестігінің типтік жағдайын вербалды безендіру ретінде анықталады. Қосымша жанр негізгіден функциялық саласымен немесе стилистикалық өңделуімен ерекшеленетін онтологиялық туынды ретінде түсіндіріледі.

Бұл бағыт қазіргі жанртанушыларға (әсіресе күнделікті коммуникация саласында):

- информативтік және нақты сөйлеу жанрларын;

- субжанрлар (бір актілі айтылымдар), гипержанрлар (мысалы, дастархан басындағы гипержанр-тост, дастархан басындағы әңгімелер жанры және т.б.) жанроидтар (түрлі жанрлардың элементтері енген гибридтер, мысалы, өсек-аяң, ақтарыла сырласу, ұрыс-керіс пен отбасы әңгімелері), протожанрлар (негізінен жеті жасқа дейінгі балаларға тән жанрлы формаларды меңгеру);

- сөйлеу немесе арнайы жоспарланбаған, риторикалық немесе саналы түрде жоспарланған, элементарлық, кешендік және басқаларын бөліп, сипаттауға мүмкіндік берді.

Жағдайлар, оқиғалар (қарапайым және күрделі) аттары, коммуникативтік әрекеттер аты, сол сияқты сөйлеу шығармалары-мәтіндерінің әр типті түрлерінің аты сөйлеу жанры атының ролін атқарады. Мысалы, әңгіме, уағыз, кешірім, жауап сияқты сөйлеу әрекеттері мен оқиғалары, және мәтіндер-өтініш, реферат, бұйрық, анекдот, құттықтау сөйлеу жанрларының да аттары болып табылады, мысалы, әңгіменің, уағыздың, өтініштің, бұйрықтың, рефераттың, анекдоттың және т.б. сөйлеу жанрлары.

Екінші бағыт (синтактика): Г. И. Богин мәтіндер типологиясын дихотомия принципі бойынша: жеке және ұжымдық, табиғи және жасанды, моноадрестік және полиадрестік, көркем және көркем емес, толық және толымсыз түрінде анықтайды және сөйлеу жанрларының жазбаша түрлерін төмендегідей топтастырады:

- сөйлеу субъектісі бойынша (бүркеншек, бейтарап, ұжымдық, жеке авторлық);

- объект бойынша (жеке бағытталған-жеке хат, көпшілікке бағытталған-кітаптар, газеттер, жазылымдар, белгісіз бағдарлы, екі- жақты бағдарлы-жаздым және дереу жауабын күтемін);

- уақыт бойынша (дереу оқу үшін-төралқаға хат, дереу оқып, сақтау үшін, сақтамай баспалық жаңғырту үшін-газет, баспалық жаңғырту үшін-кітап);

- мәтін ішіндегі автор сөйлеуі бойынша: субтілді, әлеуметтік диалект, ақпараттық қуат [8, 12–22 б.].

Үшінші бағыт (прагматикалық): қосымша сөйлеу жанры негізгі сөйлеу жанрының құрылымдық элементі болып саналатын мәтіндер типі ретінде сипатталады. Сөйлеу жанры ұғымын сөйлеу әрекеттерімен емес, мәтіндермен байланыстырған жөн және сөйлеу жанры қажетті әрі прагматикалық мәнде көрінетін үш аспектіні белгілейді:

- когнитивтік –құрылымдық аспект (жанрлық қағидаттары сол социумға тән сөйлеу әрекеттерінің жасалу тәсілдері мен өтуінің әдеттегі тәртібін тіркейтін сценарийлер, коммуникативтік жағдайлар модельдері);

- әлеуметтік-психологиялық аспект сөйлеу жанрының таңдалуы белгілі бір шамада субъектіні сипаттайды және тұлғалық қасиеттің көрсеткіші ретінде «автор бейнесін» жасауға ықпал етеді;

- әлеуметтік-мәдени аспект, мұнда сөйлеу жанры - сөйлеу әдібінің мәні, әр социумның маңызды конститутивтік белгісі, осы белгілер арқылы «менікі», «бөгде», «біздікі» анықталады.

Сонымен, сөйлеу жанрлары ұғымында түрлі мәтін жанрларын зерделеуге болады:

- функционалдық стиліне қатысты (іскерлік жанрлар: хаттама, өтініш, іскерлік хат, т.б.; публицистикалық: хроника, мақала, сұхбат, портреттік очерк, т.б.); көркемдік: әңгіме, ертегі, мысал, т.б. ғылыми: пікір, рецензия, аңдатпа; ауызекі тілде: жеке хат, альбомдағы жазу, күнделік жазбалары);

- сөйлеудің функционалды-мағыналық типіне қарай (суреттеу, әңгімелеу, пайымдау);

- адресанттың, адресаттың прагматикалық ұстанымына байланысты (қолпаштау, тост, әңгіме, пікірталас жанрлары және т.б.);

- қарым-қатынас саласына қарай (әлеуметтік-саяси, әскери, академиялық, сот, діни, т.б.).

Әдеттен тыс мәтіндер де болады, мысалы, фотографиясы немесе суреті бар мәтіндер, фотозарисовка, фотографияның астына қол қою, мәтінді көркемдеуші, фотографиялар.

Сөйлеу жанрларымен салыстыра отырып, біз тіл білімінде қолданыста жүрген түп нұсқалы (первичные) мәтіндер және оларға комментарий ретінде көрінісі бар екінші қатардағы (вторичные) мәтіндер классификациясын ұсынамыз. Түп нұсқалы мәтіндерге: авторлық өмірбаян, хат, БАҚ-тардағы мақалалар, әңгіме, күнделік жазбалары, жарнамалар, ал екінші қатардағы мәтіндерге: пікір, аннотация, рецензия, мазмұндама, конспект, инсценировка, түйін сөздер жатады. Мәтін лингвистикасы үшін ең маңызды топтастыру – ол көркем және көркем емес мәтіндер.

Бұл жерде біз Г. Әбікенованың еңбегінде мәтін типтеріне арналған 1-кестесін ұсынамыз [9, 17]
1-кесте – Мәтін типологиясы

Стиль түрлеріне қарай:

ғылыми, көсемсөз, іскери, көркем мәтін

Ақпаратты тасымалдау түрі бойынша:

ауызша, жазбаша, электронды т.б.

Көлеміне қарай:

макромәтін, микромәтін, күрделі синтаксистік тұтастық т.б.

Қарым-қатынас тақырыбы мен сөйлеу тәсіліне қарай:

гуманитарлық, тарихи, танымдық, аргументтік т.б.

Берілу тәсіліне қарай:

диалог, монолог, полилог




Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет