Этномәдениет секциясы
Тақырыбы: «Оймақтының шеберi»
Қолөнер шеберi Құсайынова Сақып Рақымжанқызының өнегелi өмiрi мен өнерiне арналады.
Жұмыстың мақсаты:
1. Қазақстан Республикасында мәдени мұраларды сақтау және дамыту бағдарламасын мақсатымен жүзеге асыру мақсатымен туғанына 70 жыл толайын деп отырған Солтүстiк Қазақстан облысының әйгiлi қолөнер шеберi, Қызылжар аудандық «Мақсат» ұлттық-мәдени орталықтың жетекшiсi Қазақстан Республикасы әйелдерiнiң «Тауарлар мен идеялар жәрмеңкесiнiң» жеңiмпазы, «Қанатты әйел» сыйлығының, медалiнiң иегерi, «Өз мамандығының шеберi»
«Тәуелсiздiктiң 10 жылдығы» медалiнiң иегерi Құсайынова Сақып Рақымжанқызының өмiр жолы мен өнерiн зерттеу, мұраларын жинақтау, тәжiрибесiн тарату.
2. Ғылыми iздену зерттеу жұмыстарына үйрену, машықтану, дағдылану.
3. Белгiлi адамдардың өмiр жолын зерттеп, олармен кездесiп мағлұмат алып үйрену.
4. Жинақталған мәлiметттердi жүйелеуге, сараптауға үйрену.
5. Ғылыми жұмыстың жазу тәртiбi мен ережелерiн ұстануға үйрену.
6. Жұмысты жасау барысында – кейiпкермен кездесу, суретке, бейне таспаға түсiру, сұхбат алу.
7. Жұмыстың жасалу формалары:
а) Түрлi-түстi альбом.
ә) Кiтап
б) Бейнефильм жасап шығару.
Ғылыми жұмыстың жетекшiсi: қазақ тiлi мұғалiмi Ғалиева Б.Ж.
Ғылыми жұмысты орындаушылар: Кереева Динара, Ғалым Аида.
Өмiр жолы
Сақып Рақымжанқызы Құсайынова – 1964 жылы оныншы желтоқсанда Солтүстiк Қазақстан облысы Преснов ауданында Орталық ауылында дүниеге келген. Үлкен отбасында екiншi бала болған. Соғыс басталар алдында отбасы Қорған облысына қоныс аударады. Әкесi Рақымжан еңбек майданына алынады. Шешесi Қайриша бала-шағасын өзiнiң iс шеберлiгiмен асырап-сақтайды. Iс машинасында күнi-түнi өздерiне де өзгелерге де киiм тiгiп күн көредi. Анасы өте салмақты, ақылды, он саусағынан өнер тамған әйел болған екен.
«Бала тәрбиесiне зор мән берiп, талап қойып отырып, мәпелей алған аналардың бiрi едi», – дейдi анасы жайлы Сақып Рақымжанқызы. Iс машинасының босаған сәтiн пайдаланып кiшкентай Сақып та iс тiгуге құмартады, анасы оны iс тiгуге баулиды «Дұрыс тiкпесем, қайта сөккiзiп, бiрден сапалы тiгiп үйрен», -деп қатал талап қояды екен. Осы айтылған кеңестi қызы Сақып өмiр бойы ұмытқан емес.
Мектеп бiтiргеннен соң сол Макушинода тiгiн артелiне жұмысқа алынады. “Жас баланың қолынан не келушi едi, - деген пiкiр ол бiр көйлектi тiгiп болғаннан кейiн-ақ сейiлiп қоя бередi. Ол ерлердiң де әйелдердiң де киiмдерiн шеберлiкпен тiгiп төселiп кете барады. Оны анасы ғана үйреткенi болмаса, iс тiгуiне деген бейiмдiлiк, шеберлiк, табиғи дарын болғаны анық. “Жас кезiмнен матаны қолға алғанда, осы матадан тiгiлмекшi киiмнiң қандай болып шығатынын сезiнемiн,- қандай ұсақ бұйым болсын, мен оны үлкен сүйiспеншiлiкпен тiгемiн. Мен iс тiгудi керемет ұнатамын. Iс тiгiп отырғанда мен басымда бар барлық ауыр ойларды ұмытып кетемiн. Бiрақ, iс тiгуге өте ыждағат, ептiлiк, әр адамның жасына, дене бiтiмiне, талғамына сай етiп пiшу, тiгу керек. Тiгiп шығарған бұйымды жақсы көрiп, иесiне қайтарғанда бiр өзiмнiң қимасымнан айырылып қалғандай боламын”,- деп толғанады Сақып Рақымжанқызы.
Әдемi бұйым жасап шығару тек қана қолөнер шеберiнiң, суреткердiң, жаны сұлу адамның ғана қолынан келетiн iс.
“Еңбек түбi – зейнет, бедел, құрмет, халықтың сүйiспеншiлiгi”, - деп бiлетiн болсақ. Өз мамандығы бойынша сонау 1959 жылдан тек қана үздiк болып келе жатқан Сақып Рақымжанқызының еңбегi елеулi болды деуге сияды.
1959 жылы Ресей Федерациясының жеңiл өнеркәсiбi министрлiгiнiң бiрнеше құрмет грамотасымен тек қана iс тiккенi үшiн емес, жас шебердiң көркемөнер байқауына қатысқаны, комсомол жұмысына белсендi араласқаны, социалистiк жастарда жеткен жетiстiктерi әсiресе, әйелдер киiмiн сапалы тiккенi үшiн марапатталған.
1967 жылға дейiн Петропавл қаласындағы № 5 артельде, содан кейiн Бескөл аудандық тұрмыс қажеттерiн өтеукомбинатында киiм пiшушi, меңгерушi болып iстеген жылдарында өз жерлестерiн тек жемiстi еңбегiмен риза қылып, сәндiлiк сыйлап жүрдi деуге болады.
1970 жылы Солтүстiк Қазақстан облысының “Ең үздiк киiм пiшушi шеберi” атағын жеңiп алды.
Әсiресе, осы өңiрде Сақып Рақымжанқызы сол кездерде ұлттық киiмдердi әшекейлеп, өзiнше сәндiлiкпен тiгуде алдына жан салмады. Сергеев халық театры М. Әузовтың “Абай” пьесасын қою үшiн арнайы тапсырыс жасап, пьесаның сәттi шыққаны үшiн апайға зор алғысын бiлдiрдi.
1989 жылы 55 жасқа толуына байланысты ерен еңбегi, адал қызметi үшiн Құрмет грамотасымен марапатталды.
Iс тiге жүрiп Сақып Рақымжанқызы анасынан алған ұлттық тәрбиенi бiр сәт есiнен шығармай, өз ортасында насихаттай жүредi. Өз отбасында ұлт-дәстүрдi үш баласына, немерелерiне үйретiп, келiн тәрбиелеп қана қоймай, бүкiл облыс көлемiнде жалғыз дара “Мақсат” әйелдер шаңырағын құрумен ел құрметiне бөлiнiп, отырған нағыз отансүйгiштiктiң үлгiсi.
Бiздiң өңiрде егемендiктiң, тәуелсiздiктiң баянды болуына үлес қосқан берегей тұлға, қоғам қайраткерi де Сақып Рақымжанқызы.
“Мақсат” әйелдер шаңырағы 1989 жылдың мамыр айында құрылғаны белгiлi. Ол шаңырақ 15 жылдан астам ел өмiрiне белсендi араласып, қазақ халқының салт-дәстүрiн, ұлттық мерекелердi, ұлттың ою-өрнек, нақышты, ұлттық болмысты насихаттап, ұлттық рухты асқақтатып келе жатқан киелi орынға айналды.
Бескөл ауданының әр түрлi мерейтойларға, мерекелерге, спорттық жарыстарға, орайластрыған қазақтың баспанасы киiз үйiдiң көрмелерiмен жүлделi оралуы да осы Сақып Рақымжанқызының ерен еңбегiнiң арқасы. Сонау тәуелсiздiктiң алғашқы жылдарында арнайы көршi Қорған облысына барып халық қолында, өзiнiң ата-анасының қолында сақталған ұлттық киiм-кешек, ыдыс-аяқ, төсенiш-кiлем, ат әбзелдерiн жинап әкелiп, өзiнiң қолөнер бұйымдарының толықтырып әсем деген киiз үйдiң жасау-жабдығы көрген адамға мұражайда болғандай әсер етедi. Солардың бәрiн сақтап, қолымен жасап, қадiрлеп отырған Сақып Рақымжанқызының ұлтым деп соққан жүрегiне халықына деген iзгi ниетiне ешқашан баға жетпейдi.
Мысалы: М. Жұмабаевтың 100 жылдық мереейтойына, Қожаберген жыраудың мерейтойына, “Солтүстiк Қазақстанның рухани бойтұмары” халық кәсiбiнiң байқауларында Бескөл ауданы алдыңғы шепте болып отырды.
Бескөл ауданының iрге тасын қалағаннан берi жан аямай еңбек етiп, оның экономикасының, мәдениетiнiң, рухани байлығының дамуына, салт-дәстүрiнiң тамыр жаюына ауқымды үлес қосқаны үшiн, Бескөл ауданы әкiмiнiң Сақып Рақымжанқызына көптеген мәрте Құрмет Грамоталары мен Алғыс хат, бағалы сыйлықтарын ұсынып келедi.
Өзiңiзге арнап ақ тiлектi жыл құсын
Жасай берсiн деймiз, апа, нұрлы iсiң
Өмiрдегi осы сара жолыңмен
Бiзге өнегесiң, үлгiсiң.
Өмiр өзi ұста етiп жаратқан
Жас ұрпаққа iзглiк нұр таратқан
Апа, сенiң осы тойың үстiнде
Көңiл көкте, шарықтайды қанатты ән.
Құсайынова Сақып Рақымжанқызы әрi оймақтының шеберi, әрi өнегелi ана, әрi қоғам қайраткерi, әрi жас ұрпақтың ұстазы, - деп те айтуға болады.
Ол туралы тiптi АҚШ-ында да бiледi. 1997 жылы аудан әкiмiнiң орынбасары Қасымова Р.О. Америка Құрама Штаттарына барғанда Қызылжар ауданы туралы деректi жинақ ала барған болатын. Сол жинақта:
“Мақсат” шаңырағын басқарап отырған С.Р.Құсайнова ел iшiнде ұлттық салт-дәстүрдiң тұрмысқа енуiне жағдай туғызып отыр,” – делiген.
Тың игерудiң 40 жылдығына байланысты жинаққа да Сақып Рақымжанқызы туралы деректер енгiзiлген.
Ардагер ана аудандық ардагерлер комитетi пленумының “Асар” партиясының белсендi мүшесi.
“Сiздiң бар өмiрiңiз – қиыншылықтарды жеңу, өрлеу”, - деп бағалайды оның жерлестерi.
Сақып Рақымжанқызының мамандығы iсмерлiк, шеберлiк бола тұрып, жасы ұлғайып, зейнеткерлiкке жеткенiмен қазақ халқының болашағын ойлап, ана тiлiнiң тағдырын қайғырып, бұл мәселеден шет қалмай өзiнiң үнiн қосып, белсендi iс-әрекеттерiмен ел қамын жеп жүрген ұстаз-ана, олай дейтiнiм, Бескөл ауданының орталығында қазақ мектебiнiң iрге тасы қаланған жылдары ата-аналармен, ата-әжелермен сөйлесiп, баланың өз ана тiлiнде бiлiм алғандығының жөн екенiн талмай насихаттап, өзiнiң немерелерiн қазақша оқуға берiп, сол мектептiң өркендеуiне қомақты үлес қосқан ағартушы деп айтуға болады. Мектепте өткiзiлiп тұрған барлық тәрбие жұмысына арқау болатын, ұлттық нақыш беретiн бұл адамның жеке тұлғасы десек те болады. Алдымен, өзiнiң ұлттық киiмдерiмен, мiнез құлқымен, ақылды, әдемi сөзiмен жастарға, шәкiрттерге ұлттық болмыстан тағлым берiп та тұратын көрнекiлiк, көзайым деп түсiнуге де болады. Соңғы кезде аудандық мәдениет үйiнiң шаңырағының астынан “Мақсат” шаңырағының орын алғаны ол жерге оқушылардың, елдiң қонақтарының келiп, таңқалып, таңырқап, таным, тағлым алып кетуi де апамыздың еселi еңбегi емес пе.
Сол шаңыраққа келген азаматтар: келушiлер кiтабына қолтаңбалар қалдырып ризашылықтарын бiлдiрiп жатады екен.
Қазақстан Республикасы Президентi Әкiмшiлiгiнiң Бас Сараптамашысы Олег Дымов:
“Қазақ тұрмысының көрiнiсiне таңырқадым. Осы ұлттық мәдениет орталығын жасаған белсендi адамдарға алғыс бiлдiремiн. Бақыт, мейрiм тiлеймiн.
15.06. 2003 ж.
Облыстық С. Мұқанов атындағы қазақ сазды драма театрының директоры Оразалы Ақжарқын:
“Көненiң көзiн, қазағымның терең тамырын үзбей, бүгiнге жеткiзген, үй астынан шаңырақ тiгiп жайнатып отырған сiздердiң алдарыңызға театр ұжымы атынан бас иемiз. Әруақтар риза болсын!
14.11. 2003 ж.
Тағы басқа осындай жылы лебiздер Сақып Рақымжанқызының ерекше ұлтжандығына, ерекше қамқорлығына, мазасыз еңбегiне берiлген баға деп түсiнемiз.
Ел өмiрiнде аналардың мәртебесiн көтерiп жүрген Сақып Рақымжанқызының шаңырағында аққудай ақ кимешек ұлттық киiм киiп ұлт-дәстүрдi тұрмысқа енгiзуге ат салысып жүрген замандас-құрбылары, жерлестерi көп.
Олардың iшiнде: көркем сөз оқудың шеберi, Абай өлеңдерiн нақышына келтiрiп оқитын Нұғыманова Марияш, қазақ халқының ұлттық тәрбиесiне жетiк, әсiресе ұлттық тағамдардың шеберi, зейнеткер-ұстаз Қуандықова Шәмшия апай, әншi де, өнерлi Зайра Сағындықова апай, көп балалы ана, әншi де сүйкiмдi Алмай Майлин апа, жас болса да үлгiлi апа, әншi Мүслима, тағы басқа Бескөл ауылының қыз-келiншектерi Сақып Рақымжанқызының өнерiне қызығып, үлгi-тәрбие алуда осы орайда Сақып Рақымжанқызы – елiнiң Анасы, бетке ұстады. Елде өтiп жататын тойлар, қонақасылар, шiлдехана, бата оқыр болсын адам өмiрiнде болып жататын сан қилы оқиғалардың тәртiппен өтетiнi елдегi қариялармен осы аналардың тiкелей араласуымен әдет-ғұрып сақталып, мәдениет, тағлыммен өтiп жататыны басқа елдерге үлгi боларлықтай. Бескөлдегi келiңдердiң тәрбиесi өзгеше. Осы орайда апамыздың Сағила атты келiнi мен енесi арасындағы сыйластықты кең әңгiмелеуге болады. Келiнiн ол қызындай ұстаса, Сағила оны анасындай күтiп құрметтейдi. Қайыненесiне ұқсап Сағила да iс тiгедi. Сақып Рақымжанқызының үй тұрмысы да оюмен өрнектелген; Төр көрпелер, жастықтар, шымылдықтар, қоржындар бәрi әр түрлi жарқыраған оюлармен безендiрiлген. Ас үйде әртүрлi тұтқыш, ыдыстың астына қоятын кiшкене жаймалар көздiң жауын алады. Бiр айта кететiн жай, ол қолөнер бұйымдарын сыйламаған үй Бескөлде кездеспейдi. “Шебердiң қолы ортақ” – деген нақыл осыдан шыққан болуы тиiс. Тiккен ұлттық шапандары әр кезеңде облыс әкiмi Тайыр Аймұхаметұлы Мансұровқа, Қазақстан Мұсылмандары дiни басқармасының басшысы Әбсаттар қажы Дербiсәлiге тарту етiлген.
Осылай жомарттықпен ел атынан өз қолөнер бұйымдарын сыйлай отырып, тiлектерiн, алғыстарын айтып отырған.
Сақып Рақымжанқызының үйiнiң iшi ғана емес, сырты да жайнап тұрған гүлзар! Келiнi Сағила екуi өсiрген тамаша гүлдерден “Бейбiт шаңырақ астындағы көпұлтты Қазақстан” гүл композициясы аудандық көрмеде жүлдеге ие болды.
Аудан әкiмшiлiгi:
Сiз ғой бiздiң ардағымыз, арымыз,
Қандай жақсы сiздiң бiзде барыңыз
Әрқашанда ортамыздан табылып
Шатықпенен гүлдей берсiн, жаныңыз.
Арман, тiлек орындалып өмiрде
Бұлт баспасын сiздiң кәусар көңiлге
Ұрпағыңыз қызығына кенелер
Ұзақ ғұмыр, келер күнге сенiмде – дейдi.
Сақып Рақымжанқызы асыл әже, ол 1996 жылы өткен облыстық “Ал, қанекей, әжелер” сайысына қатысты.
“Халқымыздың болашағы-текті ұрпақ” тақырыбына арналған шеберлік сынып сабағы
Сабақтың мақсаты: факультативке қатысып жүрген балаларға «тектілік» туралы ұғым беру барысында, өзінің ата-анасынан осы туралы сұратып, отбасында осы мәселені көтеруге тарту, оқушылардың өзінің шыққан тегімен мақтанатындай, өзінің отбасын түсініп, сыйлайтындай етіп тәрбиелеу. Ұлттық ойлауға, өз ұлтының болмысын түсінуге, тәрбиелеу. Орысша оқығанымен өзінің тілін, салт-дәстүрін, тарихын білуге ынталандыру. Қазақша шешен сөйлеуге үйрету. Ән салуға үйрету.
Сабақтың әдіс-тәсілдері: Сұхбат, жоба жасап келу, ойларын кластермен жинақтау, сыни тұрғыдан ойлау және жазу әдісі
Көрнекіліктер – слаидтар, әдістемелік құрал «Халқымыздың болашағы – текті ұрпақ», бейне таспа, бейне магнитофон.
Сабақтың барысы
Мұғалімнің кіріспе сөзі: Әр халықтың тек өзіне ғана тән, өзге тілге қиын аударылатын сөздері бар.
Мысалы: Шаңырақ, дастархан, хан, би, күй, күйші, айтыс, домбыра, қымыз, шұбат, уық, кереге, т.б.
Ол сөздердің баламасы болуы мүмкін емес те? Өйткені, олар тек қазақ халқына тән сөздер. Басқа ұлттар, тіпті, оларды осы қалпында түсініп, қабылдайды. Каншама «айтыс» деген сөзді аударсаңыз да – импровизация, состязание акынов тағы. басқалай, оның кереметтігін көрсете алмайсың. Осы ұғымдар біздің ұлтымыздың болмысына қойылған «алтын кілттер» сияқты, информатика тілінде «пароль» деуге де болады.
Балалар, сондай бір керемет ұғымның бірі «текті» деген ұғым. «Халқымыздың болашағы – текті ұрпақ» деп айтамын да орысшаға текті деген сөзім тура аударылғысы келмейді. Сонда будущее страны - дети знающие свои корни, интересующиеся своими предками, т.б. болып сөзім сұйылып кетеді.
Ата – бабаларымыз адамды бағалағанда бір ауыз сөзбен не «текті» деп риза болып, не «тексіз» деп ренжіп теріс айналған.
Бүгінгі факультатив жұмысында осы ұғымның мағынасын, мәнін бірге ашайық.
Балалар, мен осы «текті» деген сөзге мән беремін. Қазір фамилия деген сөзді «тек» деп аударып жүрміз. Сол дұрыс па? «Тегің кім?» дегенде сен сол фамилияң барған жерде тоқталасың ба? Ол деген өз атың, әкеңің аты, немесе атаңның оның атасының аты. Мысалы Файзуллин. Демек, Аслан-Қайрат-Әбілшахман-Байзолла. «Тек» деген осымен шектеле ме екен?
Адам өзінің тегін тереңнен білуге тиіс, сондықтан қазақ жеті атасын жаттап өскен. (Раушан, Алмас, Олжас). «Жеті атасын білмеген жетесіз» деп қазақ наразылық білдірген. Ол туралы сендер жақсы білесіңдер.
Казақ халқы «текті» деп аңды, малды, құсты да айтқан.
Мысалы аққуды атуға рұхсат болмаған, оның себебі аққу – сұлу, тек таза айдында қалықтап жүзетін, өмір бойы жұппен жүретін қос адамның махаббатын «қос аққудай айдын көлде бір жүзген» деп ақын суреттеген.
«Күміс қанат» деп киікті атуға тоскауыл қойып, бастан ұруға тиым салған тағы да көп аң-құс, табиғат тамашаларын текті, киелі деп аялаған. «Нанды баспа», «Суға түкірме», «Айға саусағыңды шошайтпа» деген сияқты сөздер адам баласына «өзін аса биік ұстамасын, айналасыңа бағдармен қарап, аяласын деген керемет халықтық тәрбие.
Ал, енді сабағымыздың мақсатына оралсақ, біз бүгін
«Текті» деп кімді айтамыз?»
«Тексіз» деп кімді айтамыз?»
Сол туралы болмақ.
Осы туралы сізбен бірге ойланып, толғанып отырмыз. Бәріміз жұмылып осы тақырыпқа ой бөлісейікші.
Мұғалім: Ал, Айнұр, саған сөз беріледі? «Сен өзіңнің тегіңнің қайдан бастау алатынына ой жүргірттің бе? Текті болу жауапты ма?
Айнұр: Менің ата тегімде көп адамдар елдің қамын ойлаған, қазақ халқының бірлігін, тұтастығын, тыныштығын ойлаған. Біріншіден, қоғам қайраткері, болыс болған.
Мысалы, Құнанбай атам ел билеген, бай болған, Тәкежан атам, Әзімбай атам, Берлеш атам, тіпті, 18 жасынан бастап болыс болған адамдар.
Екіншіден, дін жолына шын берілген адамдар болған. Менің атам Құнанбай қатты болған, сонау Меккеде қонақ үй салған, ол қонақ үй осы күндерде де бар, онда Қазақстаннан барған адамдар жатқан; ол кісі тек қана Меккеде үй салмаған, ол Қазақстанның көп қалаларында бірнеше мешіт салғызған. Құнанбай атам -өз ұрпағына білім берген, өте парасатты адам болған кісі.
Ал әйгілі әлем таныйтын Абай атам артына өшпес мұра, тәрбие қалдырып кетті. Қазақ халқы десек, Абай дейміз; қазақ тілі десек, Абайдың тілі дейміз. Ал менің атам Шәкәрім - әрі ақын, әрі прозаик, әрі аудармашы, философ, тарихшы, журналист.
Осының бәрі менің ата-тегімнің биік рухты, ақылды болғанын білдіреді.
Текті болу-өте жауапты. Мен осы өмірде өзімнің аталарымның тектілігін жоғары ұстап, оны дамытуым керек. Ол үшін, біріншіден, терең білім алып, бір мамандықтың иегері болуым керек, елдің қамын ойлайтын аталарым сияқты қоғам қайраткері болғым келеді, сол себебті мен бұқарамен қарым-қатынас, не болмаса, мемлекеттік қызмет саласында еңбек еткім келеді. Менің атам Абай айтқандай, «мен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тауып қаланып», өзімнің Отаныма пайда әкелгім келеді.
Мұғалім: Раушан, сен өзіңнің шыққан тегіңді білесің бе?
Раушан: Мен текті ұрпақпын. Халқымыздың келешекте алдыңғы қатарлы елдермен терезесі тең болуы үшін мемелекетіміздің саяси және экономикалық жағынан дамыған елге айналуы үшін біздің қазіргі ұрпақтарымыз білімді, ақылды, дамыған текті жастар болу керек.
Қазіргі жастарымыздың тектілігі олардың шыққан тегімен тығыз байланысты.
Мысалы, менің әкем университеттің заң факультатін бітіріп, қазіргі қезде сот болып істеп жүрсе, ал менің атам Болат Орта Азияда Совет өкіметін орнатқаннан кейін 20 жылы жергілікті халықтардың ішінен шыққан студенттердің бірі болып аталған. Сол кезде ауыл шаруашылық институтының студенті болған, содан соңғы жылдары Ташкентте педагогикалық институтты бітіріп 35 жылдай мектепте тарих пәнінен сабақ берген. «Өзбекстан ССР-ына енбегі сіңірген мұғалім» атағын алған. Менің бабам Мамыраим 19 ғасырдың аяғында, 20 ғасырдың басында Ташкент генерал-губернаторының кеңсесінде қызмет атқарған. Сол кездерде ол 7-ден астам тілдерді жетік білген, орыс, араб, түркі, өзбек, тәжік, түркмен, қырғыз тілдерінде еркін сөйлеген. Аса білімді кісі болған. Мен осы зиялылар отбасынан шыққандықтан тектілік менің қанымда.
Мұғалім: Динара, сенің де текті қыз екеніңді білеміз, осы ата-бабаларыңның ішінде Екі мәрте Еңбек Ері болғанын естиміз. Бізге әңгімелеп бермейсің бе?
Динара: Біздің ұстазымыз Ботагоз Жағыпарқызының «Біздің балашағымыз – текті ұрпақ» атты кітабы жарық көрді. «Еліміздің болашағы – текті ұрпақ екеніне келісемін. Менің ойымша, мен де текті ұрпақтың баласымын. Оған себеп болған менің нағышыларым. Бүгін мен сіздерге аталарым туралы, соның ішінде менің тәрбиеме көп үлес қосқан анамның әкесі туралы айтқым келеді. Менің атам мен әжем 8 бала тәрбиелеп өсірді. Бәрі де жоғары білім алып, бәрі де өз өмір жолдарын тауып, еңбектерімен, жетістіктерімен әке-шешесін қуантады. Атам Қызылорда обласында туған, 1953 жылы Алматы университетін бітіріп Қызылту ауданындағы бірінші жоғары білімді сауатты адам болды өз өмір жолын мұғалімдіктен бастап, көп жылдары аудан басшылығында қызмет істепті. Атам мен апам еңбектерімен көп дәрежеге жетті, бүгін беделі жоғары адамдар. Атам ауданға келгенде, аудан орталығында ағаш болмапты. Атамның ұйымдастыруымен аудан орталығында үлкен парк салынды, ондағы кейбір ағаштар Америкада өсетіндер, мектептердің, аурухана, балабақшалардың жанындағы ағаштар атамның жоспарымен салынған. Қазір атам зейнеткер. Бар күшін әлі де жүмысқа береді. Бақытын еңбекпен тапқан атам «Құрмет белгісі» орденімен марапатталаған, ол кісі КР оқу ісінің үздігі, дербес зейнеткер.
Ал нағашы атамның ағасы Ыбырай Жақаев күріш өсірудің шебері еді, ақ күріштің атасы, «дала академигі» деп атанған, 2 рет Социалистік Еңбек Ері атағы берілді, мемлекеттік сыйлығымен марапатталған. Ол атамның атында аудан, мектеп, көше. Қызылорда өнеркәсіп институты бар.
Атамның інісі Жақанша атам өзі еңбегі үшін одақтағы ең жоғары «Құрметті теміржолшы» белгісі берілген. өмірден алған тәжірибесін орыс тілінде «Вася жизнь – дорога» деген кітабы жарық көрді. Осындай сауатты, еңбекқор нағашығаларым-менің өмірімнің үлгісі. Мен әрқашан сол кісілер сияқты Отаныма пайда тигізсем екен деп ойлалаймын.
Мұғалім: Мына өз елімізде тұрғанымызды кейде өзіміз бағаламаймыз. Ал Ресейде, Қытайда, Өзбекстанда тұратын қандастарымыз өзінің ұлтының тілін, салт-дәстүрін керемет қастерлейді. Сол туралы Шолпан бізге айтып та жүр, тағы да айтады – Дүйсенбинова Шолпан.
Шолпан: Менің атам, әжем Қорған обласында Частозер ауданында тұрады. Атамның да, әжемнің де руы Керей. Менің атам мен әжем қазақтардың салт-дәстүрін сақтайды. Ол кісілер балаларының үйлену тойын қазақша жасайды, құда түсіреді, шілдехана жасайды, айт шалады, құрмалдық береді, соғым сояды, келін түсіреді. Әрине, Ресейде қазақтар Наурыз тойын тойлайды. Менің әжем тойларға бауырсақ пісіреді, ет асады. Тағы ол кісі кұрт, ірімшік, қоспа пісіреді, қымыз жасайды. Әйелдер түбіт шәлі тоқиды, алаша тоқиды, киізге жүн иреді. Балаларды қазақ тілінде үйретеді, салт-дәстүрге үйретеді. Менің ойымша, текті адам өз халқының салт-дәстүрін білу керек, өз тілінде сөйлеу керек, өз Отанын сүю керек.
Текті адам ата-бабасынын тарихын зерттеу керек.
Мұғалім: Балалар, тыңдап отырып текті адам қандай деп қағыздарыңа жазып отырыңдар (таза қағаздар үстелде, қалам, кластер).
Мұғалім: Бәдишаның бойында бір қазақ қызына тән ұяңдық, сабырлылық, тектілік бірден байқалды. Бәдиша, сіздің отбасында ата-бабаларың қандай болған?
Бәдиша: Менің ұлы атам Қосмағамбет екі рет Меккеге кажылыққа барған. Көне араб тілінде оқи білген. өте сауатты болған. Менің атам Сейткері 1904 жылы туған. Ол окыған адам болған. Атам дің жолына шын берілген адам екен. Намаз оқитын, айт шалатын, өте еңбеккор, өте балажан болған. Оның он төрт баласы болған. Ұлы Отан соғысынан мүгедек болып келгеннен кейін ол молла болған, медаль, ордендер алып қайтқан. Ол 1995 жылы дүние салды. Ал, менің әкем де өте текті адам. Ол жоғары білімді әскери адам. Ол да дін жолын ұстайды. Ауыз бекітеді, айт шалады, мешітке садақа береді, қызметін өте жақсы істейді. Әкемнін аты – Жасұлан Қарбиұлы. Біздің отбасымызда ешкім арақ ішпейді, шылым тартпайды, нашақорлықпен айналыспайды. Өйткені, біздің тегімізге бұлар жат қылық.
Мен ата-бабамның өмірін әлі де зерттей беріп келеді. Өйткені, олар қиын да, қызық өмір сүрген. Олар өз халқының болашағын ойлаған. Менің жеті бабаларым: Жасұлан, Сейткері, Қосмағамбет, Биғожа, Қотаншы, Биғара, Семізбай, Арық, Қадірғұл.
Мұғалім: Ал, Нағима сен бізге өзіңнің жауынгер атаң туралы не айтасың?
Нағима: Менің атам Новоникольск ауылында өмір сүрген. Ол молла болған адам. Атам басқаларды да дінге үйреткен. Ол соғыста фашистер тұтқынына түседі. Сол кезде оған дінге сенгені өте көмектеседі. «Бірде оны фашистер бір жерді минадан тазартуға жібереді. Сол кезде ол аллаға сиына береді, сиына береді. Оның жанындағы адамдар минаға жарылып кеткенде ол аман калған екен». Ол адам мен 2 жаста болғанда қайтыс болған. Анам атам аят оқығында сен де қайталап отырасың, деп айтады. Сондықтан, менің ойымша, дінді, салт-дәстүрді құрметтеуіміз керек. Ол тектіліктін бір белгісі. Ал менің әкем мешітке садақа береді, айтта құрбан шалады, бізді де соған үнемі үйретеді.
Мұғалім: Аида, сенің Мағжан Жұмабаевтың туысы екеніңді білеміз. Сол туралы не айтасың?
Аида: М. Жұмабаев менің әкемнің нағашысы болды. Менің әкемнің әжесі Күләндам. Ал менің әжем Гүлзифа өте жақсы адам болды. Барлық туыстары «Мама» деп атайтын. Ол кісі 87 жасында қайтыс болды. Сондай, ел – жұртына қайырымды да қадірлі, байсалды, әр сөзін салмақтап, әр нәрсеге терең мән беріп сөйлейтін ақылды адам болатын. Ақсүйектігі, паңдығы, байдың қызы болғандығы, тектілігі ісінен де, сөзінен де, түрінен де, киім киюінен де, қонақ қарсы алуынан да, жөн-жосықты білетіндігінен де, кісі танитындығынан да көрініп тұрушы еді. Әңгімешіл болатын. Өзінің Ұлы нағашысы туралы айтқанда сол кездердегі естіген білгенін әсерлі етіп айтатын. Мағжанның, әсересе, көрген қорлығын, қуғын-сүргінде, өздерінің айыпсыз айыпты, жалалы болып күн кешкендерін, бүкіл әулетінің ұзақ жылдар бойы еңселерін көтере алмай жүргенін әңгімелейтін. Шешен сөйлейтін, домбыра тартып, әуелете ән де салатын, мандолино шерте де білетін.
Менің әкем Айвар жасында спортшы болды. Содан соң ол әскерге барды, өзінің әкесі сияқты болды. Менің әкем комсомолда жұмыс істеді.
Ал менің атам Ғалым әскери адам болған. Ол барлық адамдарға көмектесетін, ақ көңіл, үнемі күліп тұратын, мейрімді адам болатын.
Менің анамның шешесі Рахиля өте ақылды, мейірімді, қонақжай, халық дәстүрлерін білетін адам болған.
Сондықтан мен өзімді текті қызбын деп есептеймін. Болашақта да ата-бабаларым сияқты, салт-дәстүрді құрметтеп еліме адал қызмет еткім келеді.
Мұғалім: Ал, енді, тектілік дегенді біраз ашып айтып алдық, ал енді осы текті ұл-қыздың болашағынан не күтуге болады? Сол туралы осы үйірмеге көптен қатысып жүрген Олжас пен Регина толғанып көрсін, Гүлнәр мен Әсел қалай ойлайды?
Мұғалім: Алтыншаш, өлең оқып берші.
Ал енді «қазақ халқы қандай халық?» дегенде, «әнші», «күйші» дер едік. Динара, сен бір күй орындап берсең?
Қазақы ортада, ойын-тойда «Ауылдың алты ауызын айт» «Бір ән білмейтін не қылған қазақсың» деп айтылып жатады. Жуырда 1-2 ән үйреніп жатыр едік соны қосылып айтып берейік «Шынар-ай», «Ахау, Семей».
Қорытындылай келіп: Құрметті балалар, қыздар, жігіттер, халқымыздың болашақтары – текті ұрпағымыз сіздерге ата-бабаларың, әке-шешелерің бойларыңа дарытқан тектілікті биік ұстаңдар «тексіз» деген сөзден аулақ болыңдар. Келесі факультатив сабағында «Жоғалтпайық жер жүзінде қазақ атын» деп айтып кеткен Қожаберген жырау туралы, батырлық туралы сөз қозғаймыз «Батыр» деп кімді айтамыз?» «Батырлар не үшін күресіп кеткен?». Сол туралы ойлап келіңдер.
Тналина Меруерт, 9- сынып оқушысы
Сапенов Қанат Мәрденұлы - жетекші мұғалім, тарих пәні мұғалімі
Қостанай облысы, Жанкелдин ауданы, «Қаратүбек орта мектебі»
«ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ РӘМІЗДЕРІ МЕН ГЕРАЛЬДИКАЛЫҚ БЕЛГІЛЕРІНІҢ ТУУ ТАРИХЫ» ТАҚЫРЫБЫНДАҒЫ РЕФЕРАТТЫҚ ЖҰМЫС
Әлемдегі кез-келген жаңадан пайда болған мемлекет өзінің мемлекеттік рәміздер туын, елтаңбасын және әнұранын бекітеді. Бұл әрбір елдің саяси егемендігінің белгісі.
Мемлекеттік рәміздер - еліміздің егемендігі мен тәуелсіздігін паш ететін нышандар.
Бұл рәміздер – халқымыздың рухын, ұлттық санасын, қаһармандығы мен даналығын, болашаққа үмітін, арман-тілегін жеткізетін ерекше құнды белгілер. Желбіреген аспан түстес байрағымыз халқымыздың абыройын асқақтатып, қыран бүркіттей елімізді аспан әлемінде қалықтатып тұр.
1992 жылы 4 - маусымда тұңғыш рет тәуелсіз Қазақстанның жаңа мемлекеттік рәміздері бекітілді. Бұл күн жаңа мемлекеттік рәміздердің туған күні ретінде еліміздің тарихында мәңгі қалады.
Осы жылдар аралығында біз жаңа тәуелсіз, егеменді мемлекет құруға бет алдық. Нарықтық экономика жолына түсіп, демократиялы мемлекетті кұруға көштік. Елдегі қиын да күрделі жағдайдан Қазақстан лайықты өте білді.
Біздің зерттеу жұмысымыздың негізгі тақырыбы. Геральдикалық белгілерінің туу тарихын таныстыруға әрі мемлекеттік рәміздерімізді құрметтеуге арналған.
Зерттеу нысаны болып отырған тақырыптың өзектілігі сонда. Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерінің қоғамдық өмірде алатын орны, Республика халқы жұртшылығының рухын асқақтатты, ыстық сезімге орап патриотизмін қалыптастыратынын таразылап, сараптау және жаңаша көзқарас тұрғысында тарихи талдау жасауда.
Зерттеу жұмысымыздың негізгі мақсаты- Мемлекеттік рәміздер:
- еліміздің егемендігі мен тәуелсіздігіміздің нышандарының бірі;
- ежелден еркіндік, бостандық және егемендік аңсаған ата-бабаларымыздың биік мұраты;
- Қазақстанның дүние жүзіндегі жетістігі мен беделінің артуы,
- еліміздің жастарын өз еліне деген терең сүйіспеншілік пен шынайы патриотизмге тәрбиелеу құралы;
- Қазақстандық патриотизм елдің нық дамуының және өркендеуінің негізі;
-мемлекеттік рәміздер күні - 4 маусым жалпы халықтың сүйікті мерекелерінің бірі;
- мемлекеттік рәміздер күні жариялануы - жаңа тарихымыздағы айтулы оқиға;
-мемлекеттік рәміздерге деген құрмет отаншылдық пен елжандылық сезімінің аса бір жарқын көрінісі;
-мемлекеттік рәміздерге деген құрмет өз еліңе, жеріңе, тіліңе деген мақтаныш, оның рәміздеріне құрмет деген ұғымды қалыптастыру.
Қазақстан халқының отанға деген сүйіспеншілік сезімін қалыптастыру
Зерттеу жұмысымыздың тәжірибелік маңызына келетін болсақ, бұл жұмыстың жекелеген арнайы тарауларын арнайы оқу орындарында, жалпы білім беретін негізгі, орта мектептерде, сыныптан тыс жұмыстарда, факультатив сабақтарында тарих, әдебиет үйірмелерінде кеңінен қолданып, қосымша дидактикалық құрал ретінде пайдалануға болады.
Деректік базасы ретінде арнайы құжаттарды, «Егемен Қазақстан», «Қостанай таңы», «Біздің Торғай» газеттерінің жинақтарын пайдаландық.
Ұлттық болмысымыздың ұстындық үлгісі
Іргелі елдерде қандай заманда болмасын оның елдігін, егемендігін айқындайтын өз туы – байрағы, елтаңбасы, әнұраны болған.
Атақты Сүйінбай ақынның:
Бөрі басы - ұраным
Бөрілі менің байрағым
Бөрілі байрақ көтерсе
Қозып кетер қайдағым –
деп басталатын атақты жырының тек бір шумағы талай ойды қозғамай ма? Шәкәрім Құдайбердиев қажының «Еңлік - Кебек» әңгімесі «Ту тіккен Тобықтының қос басшысынан» басталуы неліктен? Себебі, онда мәңгі өлмес махаббат хикаясымен бірге туы жығылмай келе жатқан халықтың өткен тарихы жатқан жоқ па!?
Ал сол қолына желбіретіп ту ұстаған халықтың қасиетті елтаңбасы да, әнұраны да болған. Міржақып Дулатов бабамыздың :
Азаматы Алаштың
Аттанатын күн туды.
Тұлпар мініп, ту ұстап,
Баптанатын күн туды – деп келетін атақты өлеңі әнұран емей немене? Бірақ сонау ерте заманнан халықтың мемлекеттік нышан - белгілерін ардақтай білген еліміздің 1992 жылы 4 маусымда тұңғыш рет тәуелсіз Қазақстанның жаңа мемлекеттік рәміздері бекітілді.
Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері – Ту, Елтаңба, Әнұранның сипаттамалары және ресми пайдалану тәртібі конституциялық «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік рәміздер» туралы заңмен белгіленген. Бұл заң Қазақстан Республикасы рәміздерінің 15 жылдығына қарсы – 2007 жылдың 4 маусымында күшіне енген болатын.
Терминнің дұрыс пайдалануына байланысты 2007 жылғы 21 мамырда Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізілгенде «нышандар» деген сөз «рәміздерге» ауыстырылды.
«Рәміз» деген сөз грек тілінде «символ» деп аталынады. Рәміз – философия мен психология өнерінің ең басты дәрежелерінің бірі. Дүниежүзілік мемлекеттің рәмізділігі үш бірлікті білдіреді – Мемлекеттік Елтаңба, Мемлекеттік Ту, Мемлекеттік Әнұран. Олар елдің саяси тәуелсіздігінің, егемендігінің белгісі болып табылады.
Көптеген елдерде мемлекеттік рәміздерді жалпыұлттық және біріктіруші күш ретінде ұғынады. Рәміздер діни, партиялық, рулық бөліністерінен биік болып барлығын біріктіреді.
Жас мемлекеттің жасау тарихына бүкіл Қазақстанның халқы атсалысты. Оған сол кезде жарияланған байқау куә. Мемлекеттік рәміздерде эстетикалық талаптармен бірге тарихи, экономикалық, саяси мәні анық көрінетін шешімді табу қажет болатын.
Қазақстан Республикасында мемлекеттік рәміздерді құрметтеу Конституциялық нормаға жатады. Конституцияның 34-бабында: «Әркім Республиканың мемлекеттік рәміздерін құрметтеуге міндетті» деп жазылған2.
Елбасының «Қазақстан Республикасының рәміздері туралы» жарлығында «біздің еліміздің азаматтары және территориясында жүрген адамдар, Қазақстан республикасының мемлекеттік туын, елтаңбасын, әнұранын қастерлеуге тиіс» деп атап көрсетілген. Ел тірегі – елжанды ұрпақ тәрбиелеу. Президент Н.Ә.Назарбаев Қазақстан Республикасы мемлекеттік рәміздерінің 15 жылдығына арналған «Менің Қазақстаным» атты республикалық жастар форумында былай деді: «біздің бабаларымыздың мынадай сөзі бар: Егер сендер бір жыл алдағыны болжайтын болсаңдар – астық өсіріңдер, егер сендер жүз жыл алдағыны ойлайтын болсаңдар – Адам тәрбиелеңдер. Демек жастарды тәрбиелеңдер дегені»[3].
Болашақ ұрпақта жалпы адамзат құндылықтарын қастерлеумен қатар өз еліне, ұлтына, тіліне, салт-дәстүріне деген отаншылдық сезімін тәрбиелеудің маңызы зор.
Жастар бойына жоғары азаматтық ізгі қасиеттерді, елжандылық сезімдерін қалыптастыруда жалпы орта білім беретін оқу орындары мен мектептерде еліміздің мемлекеттік рәміздерін оқып үйренудің орны ерекше.
Қазақстан Республикасы мемлекеттік рәміздеріне шолу жасайтын болсақ, олар:
Ту – бейбіт өмірде тыныштықтың, күш-қуаттың, ал соғыс жағдайында ерліктің, батырлықтың, қайғы-қасіреттің белгілері.Туды вексиколог ғалымдардың айтуына қарағанда (вексикология – туларды зерделейтін ғылым саласы) біздің заманымызға дейінгі XII ғасырда ертедегі Қытайда Чэ-коу династиясы патшалық құрып тұрған кезде алғаш рет ту пайда болған.
Қазақстан аумағында ертеде мекендеген алғашқы адамдар тастарға ту ұстаған адамдардың бейнесін салған. Ал ата-бабаларымыз ру таңбаларын өздерінің жалауларында бейнелеген. Елімізде белгілі батырлардың, хандардың өз туы болған. Мысалы Абылай ханның ақ туы.
Әр халықтың сипаты: өзіндік ұлттық ерекшеліктері, тарихы, әдет-ғұрпы, салт-дәстүріне қарай тулардың түсі анықталған.
Анықтамалық еңбектерде тудың басты белгілері атап көрсетілген: бір немесе көп түсті мата, төрт бұрыш формалы, таяққа не жіпке орнатылған; көпшілік жағдайда эмблемасы бар мата делінген.
Әр мемлекеттің туының түсі сол ел туралы нақты ақпарат береді. Еліміздің мемлекеттік туының жобасын жасауға жарияланған байқауына 600-ден аса ұсыныс түсті. Соның ішінде Қазақстанның бейбітшілікке, бірлікке ұмтылуын көрсететін зеңгір көгілдір түс таңдап алынады. Біздің мемлекеттік туымыздың түсі аспан текті зеңгір көк.
Бұл түс – адалдықтың, тазалықтың, ынтымақ пен бірліктің көрінісі.
Күн бейнесі - өмірдің, береке-байлықтың белгісі, шеңбер - өміршеңдік нышаны. Біздің заманымызға дейінгі VI- IV ғасырда біздің аумағымызда мекендеген сақ тайпаларының әлемнің (космостың) құрылымы туралы өзіндік түсінігі болғаны белгілі. Есік қорғанынан табылған сақ патшасының бас киімінің алдында күн белгісі - күллі әлемнің тұтас бейнесі. Онда төрт қанатты пырақ пен төрт алтын жебе бейнеленген.
Күн – көшпенділер өмірінің кеңістік пен уақытты білдіретін бағдар ұғымы да болып саналған.
Қыран бүркіт – күш-қуаттың, қырағылықтың, биіктің, көрегендіктің көрінісі. Күлтегін ескерткішінде қанатын керіп қойып самғап ұшқан қыран бүркіт биліктің нышаны ретінде көрініс тапқан.
Қазақстан туында күн – бейбіт өмірді, бақыт пен берекеге ұмтылған ел мұратын, халық арманын байқатады.
Ұлттық өрнек (қошқар мүйіз) – жолақ қазақ халқының қолданбалы өнерінің жарқын бейнесі, ұлттық ерекшеліктің айқын белгісі.
Қазақтың ұлттық ою-өрнегі ертедегі сақ дәуірінен бүгінгі күнге дейін сәулет өнер туындыларында ерекше көрініс тапқан. Халқымыздың түрлі ою-өрнектері адамның киімінде, алтын-күміс, алқа-жүзіктерінде, өзі тұратын киіз үйінде, төрдегі кілем мен текеметте, ас ішетін тостағанда бейнеленген.
Сақ патшасының киімі Шығыс Қазақстан облысындағы «Қазақ Алтайы» ауылындағы қорғандардан табылған. Бұдан 2500 жыл бұрын жерленген патша және әйелдің мәйіті оған қоса жерленген 12 аттың денесі табылған. Үстіндегі киім-кешегі; әшекей бұйымдары, аттарға кигізілген маскалары мен ауыздықтары, жүгендері, ер тоқымындағы ою-өрнектердің әдемілігі көз тартады. Алтыннан жасалған түрлі бұйымдар, әшекейлер қолдан құйылып, сыртын алтын жалатқан, іші қуыс құстардың мүсіндерін ата-бабаларымыз аса шеберлікпен жасауы біздің заманымызға дейінгі III-V ғасырдың өзінде-ақ зергерлік өнер жетістіктерін жоғары деңгейде меңгере білгенін көрсетеді. Еліміздің түкпір - түкпірлерінен табылған сан алуан сәулет өнерінің ескерткіштерінде ұлттық өрнектің көріністері бейнеленген. Мемлекеттік туда алтынмен айшықталған ою-өрнектер зеңгір көк түспен үйлесім тапқан.
Мемлекеттік туымыздың авторы - республикалық өнер қайраткері Шәкен Оңдасынұлы Ниязбеков.
Бүгінгі Елтаңба - Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уалихан сәулетшілерінің шығармашылық ізденіске толы үлкен еңбегінің жемісі. Мемлекеттік Елтаңбамыз – дөңгелек нысанды. Дөңгелек – шығыс қазақтарының аса құрметінде, өйткені бұл нысан өмір шексіздігінің белгісі. Еліміздің елтаңбасының маңызды нышандарының бірі – шаңырақ.
Шаңырақ – отбасындағы амандық, береке-бірлік, тату өмір қоршаған орта, әлемдік сәулет өнерінің тамаша үлгісі, ортақ отанымыздағы тыныштық, тұрақтылық, беріктілік ұғымдарымен байланысты.
Сонау көне заманда қазақтың ру - тайпаларының өзіне тән таңбасы және ұраны болған. Ұлан-байтақ өңірді мекендеген көшпенділер үйір-үйір малдарымен өзіндік ерекшеліктері бейнеленген таңбаларды бірнеше ру келісім жасаған жерде, өлген адамның басына қойылған тасқа ойып орнатқан, малға басқан. Ұранды ат бәйгесі, балуандар күресі, соғысқа аттанарда әрбір рудың ата-бабалары, батырлары аталып үндеу ретінде шақырылған. Ру таңбалары олардың жалауында бейнеленген.
Көптеген қазақ ру аттары сол ру таңбасы арқылы аталған. Мәселен, бағаналы, шанышқылы, тарақты, ошақты және басқалар. Тік қос сызық (қос жіп) – қыпшақтардың, тік сыңар сызық – қаңлылардың, ағын су – үйсіндердің, наймандардікі – дөңгелек, арғындардікі – екі дөңгелек, қоңыраттікі – П әрпі және басқа да нышандары белгі ретінде қолданылған.
«Таңба» сөзі ертедегі Түрік қағанатында (551-630 жж.) кездеседі.
Махмұд Қашқари еңбегінде «Таңба - ел билеушілерінің ерекше белгілері» деп атап көрсеткен. Басқа елдерде таңба – билік ретінде пайдаланылған. Мысалы орыс князьдерінде осы мағынада көрініс тапқан.
Археологиялық зерттеулер нәтижесінде көне қалалар: Отырар, Тараз, Испиджаб, Яссыда теңге сарайлары жұмыс істеген, онда металл ақшалар жасалған. Мысалы Түркеш қағандығының теңгесінде ортасында төртбұрыш тесігі бар дөңгелек жармақ, бір бетіне «тургас қаған бай баға» («түркеш қағаны бай баға»), ал екінші бетіне «сатым – он оқ таңба» (затым он оқ таңба) деген жазу жазылған. Бұл Түркеш қағандығында қолданылған он оқ тайпасының таңбасы.
Мемлекеттік елтаңбасының жобасын жасауға жарияланған байқауға 245 жоба мен 67 суреттеме түсті.
Киіз үй – ата-бабаларымыздың басты баспанасы. Киіз үй қазақ халқының ғана емес, түркілердің және көптеген көрші елдердің киелі тұрақ-мекені болғаны мәлім.
Ғасырлар бойы көшпелі тұрмыс тәжірибесінен туған қазақтың киіз үйі оның қастерлеп ұстаған, киелі тұтқан тұрағы, мекені, баспанасы, мақтанышы болған. Киіз үй баспана ғана емес, сәулет, құрылыс, қол өнер жетістігінің тамаша үлгісінің туындысы да болып табылады. Баспана киіз үйдің үлгілері күмбез бейнесінде, Президент әкімшілігінде, Парламенттік қос палатасының біріккен мәжіліс залында, Президенттік мәдениет орталығында және тағы басқа құрылыстарда көрініс тапқан.
Біздің еліміздің мемлекеттік елтаңбасындағы шаңырақ бейнесі – қазақ халқы және республиканың басқа халықтарының ортақ Отанының көрінісі. Шаңырақтың беріктігі, мықтылығы оны қоршаған уықтарға, ал ортақ отанымыздағы татулық пен береке-бірлік еліміздің әр азаматының іс-қимылына, оның әрі гүлденуі үшін адал қызмет жасауына байланысты. Мемлекеттік елтаңбадағы ақ мүйізді, алтын қанатты қос пырақ - жылқы бейнесі батылдықтың, күш-жігердің, көркемділіктің, адалдықтың нышаны болып табылады.
Қазақ ұғымында жылқы - қасиетті жануар. Адамның өмірлік серігі, азығы, сұлулықтың, тектіліктің, еркіндіктің, жылдамдықтың, күш - қуаттың нышаны. Қанатты тұлпардың алтын қанаттары астықтың алтын масақтарын бейнелейді, олай болса ол молшылықтың, тіршіліктің нышаны деуге де болады.
Қос пырақтың қанаты – асқар биікке ұмтылған тәуелсіз мемлекетіміздің асыл мұратының, келешегінің нышаны.
Есік обасынан табылған сақ жауынгері басынан 200- ден аса алтын әшекеймен безендірілген шошақ төбелі (65-70 см) бас киімі барыстың, таутекенің, арқардың, аттың, кұстың, кескінімен бейнеленген. Еліміздің мемлекеттік Елтаңбасында сақ тайпасы жауынгерінің бас киімдегі қанатты тұлпары көрініс тапқан.
Мүйіз – айбындылықтың, күштіліктің, беделдіктің белгісі. Қазақстан ұғымында «мүйіз» - күш-қуат, ерлік, батырлық, айбаттылықты да білдіреді.
Қазақстанда түрлі мәдени ескерткіштерде, діни әдет-ғұрыптарды атқаруда, жартас суреттерде қайқы мүйіз таутеке, бұғы, жылқы сияқты хайуандар жиі кездеседі. Қос аттың мүсінімен безендірілген Елтаңбамыздағы жеті тармақты мүйізді тұлпарлар ата-бабаларымыздың түптамырын білудің қажеттілігінен туындаған. «Жеті» саны әлемдегі көптеген халықтар үшін киелі саналады, аспан әлемінің жеті қабаты және тағы да басқа мәліметтер береді.
Еліміздің мемлекеттік Елтаңбасындағы бесбұрышты жұлдыз – мемлекетіміздің бес құрлыққа да ашықтығын, еркін еліміздің ертеңі еңселі, ел өркениетін бұдан да биік нысанаға көтеруге шақырады.
Сонау көне заманнан бері барлық адамзат үшін жұлдыз – биіктіктің, биліктің, өмірдің бағыт-бағдарын айқындаушы, ақиқат пен әділдіктің белгісі болып табылады. Әр түрлі елдерде, мәселен, бірінде «ғарыш», екіншісінде «әділет», «тепе-теңдік саны», «денсаулық» ұғымын берген.
Бес санын – ақиқат пен әділдіктің өлшемі деп санауға байланысты білімді бес баллмен бағалау дәстүрі шыққан. Қазақстанда, мысалы, Күлтегін ескерткішінде бес бұрышты жұлдыз суреті бейнелеген.
Мемлекеттік Елтаңбамыздағы «Қазақстан» ел аты ретінде этно-мәдени рәміз болып саналады.
Зерттеушілер екі жүзге жуық уақыт бойы «қазақ» этносының терминінің шығуын түсіндіруге әрекет жасап келеді. Айтылған көзқарастардың ауқымы кең. Мысалы X ғасырдағы Византия императоры Константин Богрянородныйдың Кавказдың солтүстік батысында жатқан «Казахия елі» деп айтқан мәліметтері бар. Жазбаша әдебиетте «қазақ» термині 1245 жылы мәмлүктік Египет мемлекетінің қыпшақтар арасында жасалған араб - қыпшақ сөздігінде жазбаша деректемелер ішінде бірінші рет қолданылған деп саналып жүр. Онда «қазақ» сөзіне «еркін, кезбе» деген мән беріледі. XV ғасырдың екінші жартысында қазақ халқы құрылған соң, халықтық этногенез процесінің күрделі ерекшелігінің бірі болып табылатын «қазақ» атауы этникалық маңызға ие болды деп жазылған.
Әр мемлекеттің Әнұраны белгілі бір халық жайлы, оның арманы, болашағы туралы сипаттама береді.
Әнұран («гимн» - грек сөзі) – арнайы өлеңдерге жазылған салтанатты ән. Әнұран белгілі бір маңызды тарихи оқиғаға, батырларға, көрнекті қайраткерлерге арналған мемлекеттік, әскери, діни мәнде болады.
1944 жылы КСРО-да жаңа мемлекеттік Әнұран жарық көрді. Сол жылы Қазақ КСР-нің мемлекеттік әнұраны пайда болды. Оның сөзін Ғабит Мүсірепов, Х. Мұхамеджанов, Әбділда Тәжібаев, ал әнін Евгений Брусиловский, Мұқан Төлебаев, Латиф Хамиди жазды. Оның мазмұнында жеңістің рухы, халықтар достығы, фашизмге қарсы күрес, еңбек бастамасы көрініс тапты.
Әр мемлекет өмірінде Әнұран ерекше маңызды, өйткені әнұран Конституцияға сәйкес жаңа қоғам жасауға азаматтарды біріктіретін ұйымдастырушылық күш болып саналады. Сондықтан әнұран қабылдау әр мемлекет үшін аса маңызды да, жауапты болып табылады.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны – мемлекеттің тәуелсіздігі мен егемендігін паш ететін қайрат пен салтанаттылық сипаттағы әуен мен сөзден құралған музыкалық шығарма.
1992 жылы 16-желтоқсанда Мемлекеттік Әнұран қабылданды. Әнұранның сөзін (мәтінін) халқымыздың дарынды ақындары: Мұзафар Әлімбаев, Қадір Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиев, Жадыра Дәрібаева шығарды. Ал Әнұранның музыкасын атақты сазгерлер: Мұқан Төлебаев, Евгений Брусиловский, Латиф Хамиди жазған.
Мемлекетіміздің Әнұранына байқау жарияланғанда 750-дей жоба түсті. Солардың ішінен осы Әнұран мәтіні таңдап алынды. Бұл әнұран халықтың ұлттық рухын көтеруде үлкен үлес қосты. Осы мәтінмен жазылған әнұран егемендіктің алғашқы 10 жылдан астам уақыт аралығында елімізді еңселі етуде маңызды қызмет етті.
Елбасының әлемдегі мемлекеттік сапарлары мемлекеттік әнұранмен басталып, әнұранмен аяқталып келеді. Қазақстан бүкіләлемдік көптеген мүшелікке қабылданғанда, әлемдік олимпиядалық спорттық жарыстарда абыройы асқан ұл-қыздарымыздың құрметіне осы әуен орындалды.
Бүгінгі Қазақстан мемлекетінің әрбір азаматының жүрегіне жол тапқан, ерекше Отаншылдық рух беретін жаңа Әнұран қажет болды. Осындай өміршең әндердің бірі – «Менің Қазақстаным» туындысы болатын. Бұл ән жарты ғасыр бұрын жазылған. Оны жазған дарынды композитор Шәмші Қалдаяқов пен ақын Жұмекен Нәжімеденов. Бұл әнді жұрттың бәрі үлкен де, кіші де, жас та жатқа білетін, қалың көпшіліктің жанын да жүрегін де жаулап алған ән. Рухты ән. Бұл әнде туған ел мен туған жерге деген аса ұлы сүйіспеншілік пен отаншылдық сезім бар. Бұл әнмен еліміздің бірнеше ұрпақтары тәрбиеленеді.
Президенттің «Қазақстан Республикасының мемлекеттік нышандары туралы» Конституциялық заң күші бар жарлығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2006 жылғы 7-қаңтардағы Конституциялық заңға сәйкес, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранының музыкалық редакциясы мен мәтіні жаңа редакцияда жазылды. Бұрынғы Әнұранда композитор Ш.Қалдаяқов пен Ж.Нәжімеденовтің «Менің Қазақстаным» әні президентіміз Н. Назарбаевтың қолымен түзетілген нұсқасымен ауыстырылды. Парламентте қаралып, жұртшылық бірауыздан қабылдап, қолдау білдірді.
Мемлекеттік Әнұранның әнінің авторы: Шәмші Қалдаяқов. Сөзін жазғандар Жұмекен Нәжімеденов, Нұрсұлтан Назарбаев.
Бұл әнұранның сөзі де, музыкасы да халық рухын ерекше көтереді. Терең отаншылдық сезімдегі сөзі де, әуені де есте сақтауға жеңіл, ырғақты ән. Бұл әннің сөзі республикамыздың барлық халықтарының жүрегіне жақын. Қазақстандықтар бұл әнді ерекше сүйіспеншілікпен орындап, жұрттың бәрінің көңілінен шығып, игілігіне айналды.
Әнұран туралы сөз қозғаған сайын біздің ойымызға сол 1986 жылдың желтоқсаны оралатыны заңды еді. Еліміздің егемендігін, тәуелсіздігін ту етіп, алаңға шыққан жастар сонда «Менің Қазақстанымды» шырқаған. Бұл ән көтерілген жастардың жігеріне жігер қосты. Олардың жанын жылытты. Сол оқиғаны бүгінмен қарастыра айтсақ, тәуелсіздігімізді ту етіп алаңға шыққан жастар бұл әннің елдің Гимні болуына дауыс беріп қойғаны анық.
Мемлекеттік рәміздерді қадірлеу - тәуелсіз Қазақстанның әрбір азаматының қасиетті борышы. Мемлекеттік рәміздерді құрметтеу - елді, халықты, тарихты, әдет-ғұрыпты, салт-дәстүрді қастерлеу болып табылады.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туы мен Мемлекеттік Елтаңбасының эталондары Қазақстан Республикасы Президентінің Резиденциясында сақталады.
Қорытынды
Арайлап атқан таңы бар, ақсу бермес асқаралы елі бар, сайын дала, жазираны мекендеген мейірбан халқы бар ел – Қазақстан. Қазақстан Алатаудан Арқаға, Атыраудан Алтайға дейін созылып жатқан ұлан байтақ кең өлке, тарихы терең, салт-дәстүрі, әдет - ғұрпы, діні қалыптасқан ел.
Қазақстан сондай - ақ төскейде әні мен күйі шалқыған, сыры мен жыры толқыған ғажайып сұлу сахара. Қазақ халқы тәңірдің берген несібесімен тәуелсіздіктің ақ таңын қарсы алды. 1986 жылғы желтоқсан көтерілісі шын мәнінде Қазақтың ұлт тәуелсіздігі үшін ең соңғы күресі еді. Бізге тәуелсіздік аспаннан салбырап түскен жоқ. Көптеген жастар жанын қиып алды. Қанды желтоқсан көтерілісі соның соңғы айғағы. Ербол мен Қайрат, Сабира мен Ләззат қазақтың қайтпас қайсарлығын танытып, Алаштың рухын асқақтатты.
«Ақтабан шұбырындыны» еске алсақ денең түршігеді. Осындай тарихи оқиға халықтың есінде мәңгі сақталған. Атақты билеріміздің ұйытқы болуымен Қабанбай, Бөгенбай, Қарасай, Жәнібек, Райымбектер қорған болған қазақ халқы Абылайханның ақ туы астында күш біріктіріп ел – жер үшін жандарын құрбандыққа шалды.
Тәуелсіздік бізге не береді дегенге келер болсақ, үзіліп қалған алтын шынжырдай жеті қат жер астына кеткен тарихымызды қайта жалғады. Оның айқын белгісі – тарихи мұрағаттар, тасқа қашалып жазылған бабалар шежіресі, Алтын адам, үйірінен адасып қалып, қайта табысқан жылқыдай еліне оралып жатқан қандас бауырлар.Сондай-ақ, Азияның түп кіндігінде ай сайын өркендеп, көркімен көз тартып, тамашасымен таң қалдырып келе жатқан Қазақстанның елордасы – Астана. Міне бұлардың барлығы тәуелсіздігіміздің айшықты белгілері.
Асты мен үсті ен байлыққа толы қазақ даласына Алланың нұры төгіліп, шөлейттен мұнай атқылап, жазықтан газ лаулады. Бұлар да кешегі ата-бабаларымыздың бүгінгі біздің тағдырымыз үшін күресіп, жан алысып, жан берісіп қорғап, алдырып кеткен еншісі. Кең байтақ елдің иесі – қазақтың тәуелсіздігі арқасында қол жеткізген игілікті істері.
Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасы тәуелсіз еркін ел атанды. Бейбіт аспан астында көк туымыз желбіреп тұр, ашық күн нұрымен таласа әнұранымыз қалықтауда.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздерінің халықтың отансүйгіштік сезіміне қызмет етер өміршеңдігіне назар аудардық. Әрине біз ғана зерттеу жұмысымызда Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері мен геральдикалық туу тарихын егжейлі- тегжейлі қарастырып талдап шықтық деуден аулақпыз. Бұл белгі нышандар үшін түбегейлі әңгіме тарату мүмкін емес. Бұл мәселе келешіктің, келер күндердің еншісіндегі шаруа.
Сонымен сөзімізді қорытындылай келе туып - өскен жердің мемлекеттік нышандарын заңнамаға сәйкес кәдірлеп, қастерлеп, құрмет тұтуды қажет деп есептейміз.
Пайдаланылған негізгі әдебиеттер
1. Қазақстан Республикасының Конституциясы. Астана, 2002ж 4-бет.
2. Е.Шәймерденов. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері. Алматы. Ана тілі, 2002 ж 38-39 бет.
3. Қазақстан тарихы (әдістемелік журнал) 2008ж №3
4. Қазақ тарихы журналы 2001ж № 2. 2002ж №2ж. 2002ж №36, Ақиқат журналы 1991ж №12.
5. Егемен Қазақстан 2007ж 5 маусым. 2007ж 15 желтоқсан, Қостанай таңы 2008 ж. 4-6 маусым
Достарыңызбен бөлісу: |