§1 Жеткіншек жастар ұйымы
Жеткіншек жастар – мектеп оқушыларының ішіндегі тез жетіліп, заман талабына сай есейген, бой жеткен, бозбалаң жастар. Өз алдына бағыт-бағдар берер жолдың көрсетілуін қалағанымен, біреудің нұсқап көрсеткеніне пәлендей мойын сұнғысы келмейтіндер де осы жас аралығындағылар. Сондықтан, бұл жастағыларға мектеп қабырғасында өнер үйреніп, білім алып, мамандық таңдап, қоғамдық өмірде өз орныңды таба білудің қаншалықты қажеттілігін көрсете отырып, Ұлы Абай: «Сенде бір кірпіш дүниеге, Тетігін тапта бар қалан», (28/2) - деп өздеріне жауапкершілік жүктейді. Бұл жеткіншектерге мектепте білім алудың басты да түпкі мақсатының не екендігін ұғындырады.
Жеткіншектер ұйымына он төртке толған сегізінші сынып оқушыларының оқу озаттары мен екпінділері қабылданады.
Сегіз бен он бірінші (он екінші) сынып оқушылары, он төрт пен он жеті жас аралығындағы жастар жеткіншек жастар ұйымының негізі болып табылады.
Жеткіншек жастар ұйымына қабылдау
Сегізінші сыныптың ынталы оқу озаттары мен үздік оқушылары Жеткіншек жастар ұйымына қабылданады.
Қалған сегізінші сынып оқушылары тоғызыншы сыныпта сабақ үлгерімі мен ынтасына қарай қабылданады.
Қабылданушылар салтанатты жиында ант береді.
Жеткіншектердің омырауына ұйымның айшығы тағылып, ұйымның кітапшасы табыс етіледі.
Жеткіншек жастар ұйымының құрылымы
Әр сынып өз алдына бір жеткіншектер тобын құрайды.
Әр топтың өз топ басшысы сынып оқушыларының келісімімен шешіледі.
Әр жасөспірімдер тобына екі жеткіншек кеңесші болып тағайындалады. Оның бірі жасөспірімдер ұйымының алқасына кеңесші болады.
Әр топ басшысы және Жасөспірімдер ұйымының алқасындағы кеңесші жеткіншектермен бірлесе отырып топ алқасын құрайды.
Жеткіншек жастар ұйымының өзін-өзі басқару жүйесі
Сегізінші сыныптан он бірінші (он екінші) сыныпқа дейінгі жеткіншектердің жетекшілері мен Жасөспірімдер ұйымының алқасындағы үш кеңесші жеткіншектерден болатын ұйымның өзін-өзі басқару алқасы құрылады.
Алқа мүшелерінің саны жетіден кем болмауы шарт.
Ұйымның жетекшісі жеткіншек жастардың сайлауы арқылы анықталады. Ұйымның көшбасшылығына әр топ өз үмітерлерін ұсынады.
Үміткерлікке тәртібі жақсы, оқу үлгерімі жоғары, үлгілі де ынталы, ұйымдастырушылық қабілеті бар жеткіншектер ұсынылады.
Ұйымның көшбасшысы топ жетекшісі бола алмайды.
Ұйымның көшбасшысын не жетекшісін сайлаудың түрін ұйымның алқа мүшелері шешеді.
Жеткіншек жастар ұйымына мектеп директорының оқу ісі жөніндегі және тәрбие ісін ұйымдастырушы орынбасарларының бірі немесе мектеп директорының штаттан тыс оқушы жастар жөніндегі орынбасары, болмаса кәмілетке жасы толмағандармен жұмыс инспекторы кеңесші болулары шарт.
Ұйым алқасы жылдық жоспар жасап, жүргізілген жұмыстары жөнінде педагогикалық мәжілісте есеп береді.
Жеткіншек жастар ұйымы жылына екі рет салтанатты жиын өткізіп, өз қатарларына жасөспірімдерді қабылдайды.
Жеткіншек жастар ұйымының міндеттері
Ұйымның алқа мүшелері оқу-тәрбие жүйесіне негізделген секторлық міндеттерді атқарады.
Ұйым алқасы әр сектор бойынша қажетті кеңестерді мектеп басшыларынан алуға міндетті.
Жеткіншектер өздерін, оқу-құрал жабдықтарын ұқыпты ұстап, бүкіл мектеп оқушыларына өнегелі тұлға екендігін естен шығармауға тиіс.
Әр жеткіншек өз партасын, сыныбының тазалығын ұқыпты ұстап, барлық қоғамдық міндеттерді аса жауапкершілікпен атқаруға, мектеп ішілік мәдени шараларға белсене араласып, өздерін жоғары деңгейде ұстауға, мәдениетті сөйлеуге міндетті.
Өзінен кішілерге қамқор болып, үлкендерді құрмет тұтып, көмектесуге міндетті.
Жеткіншектер қоршаған орта мен табиғаттың тазалығын сақтап, табиғат әлемін аялап, қорғауға міндетті.
Жеткіншек жастардың ұраны
Отанымыздың келешегі үшін қоғамдық өмірді талаппен бастап, талғаммен тиянақты іс тындыруға дайынбыз!
Жеткіншек жастар ұйымының анты
Мен (аты-жөнін толық айтады) Қазақстан Республиасының Мектеп Оқушы Жастар Ұйымының Қоғамдық Бірлестігіндегі Жасөспірімдер ұйымының мүшесі жеткіншектер қатарына өте отырып:
Сапалы білім, саналы тәрбие беріп отырған Алтын ұя мектебім мен Ұлы Отаным – Қазақстан Республикасын мақтан етемін!
Отанымның игілікті дәстүрін жалғастыра отырып, ел рәміздерін құрметтеймін!
Қашанда сөз нарқын жоғары ұстап, өз ісіме берік болып, Қазақстан Жастарының ынтымақтастық бірлігін қадірлеймін!
Мен, әлемдегі әсемдік пен бейбітшілікті қалай отырып, болашақ Қазақстандық жеткіншек жастардың қатарында Отанымның келешегі үшін мамандық әлемін меңгеруге құштарлық танытамын.
Мен әрқашан Отанымның келешегі үшін «Ар ұялар іс қылмастыққа» өз бетіммен дағдылануға салтанатты түрде АНТ ЕТЕМІН!
Жеткіншек жастар ұйымының айшықтары
Жеткіншек жастар ұйымының туына Ел байрағы алынады. Кеуделеріне ел байрағының айшығы алынады. Ұйымның кітапшасына Абайдың: «Ар ұялар іс қылмас ақылы зерек» (29/3) сөзі алынып, анттары мен міндеттері көрсетіледі.
§2 Ел рәміздері – ел рухы
Тәуелсіз Қазақстанның келешегі үшін Елбасы атап көрсеткеніндей «күш-қуаты, қажыр-қайраты мол, дарынды жастар» керек. Ал, жастардың келешегі Ғабит Мүсірепов көрсеткендей «қандай идеал негізінде тәрбиеленіп, қалай өсуіне, кемелденуіне байланысты» болады. Олай болса, жастарды «Қазақстан Республикасының білім беруді дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасында» көрсетілген міндеттердің бірі – Қазақстандық патриотизмге тәрбиелеу қажет.
Жастарды Қазақстандық патриотизмге тәрбиелеуде алдымен мектеп оқушы жастары үшін ел рәміздерінің елге берер рухани қуатын негізге алу керек. Ол үшін ел рәміздеріндегі патриоттық тәлім-тәрбие беретін құндылықтардың бірі - Қазақстан Республикасының Мемлекеттік әнұраны мен ел байрағы болып табылады. Әнұран мен байрақ тұтаса келіп, халқымыздың ұлы тарихымен сабақтасып, келешек жастарды отаншылдыққа рухтандыратын тәрбие құралы болмақ.
Жаралған намыстан қаһарман халықпыз, Азаттық жолында жалындап жаныппыз, (30/18) - демекші берісі жоңғар шапқыншылығынан Қазбек бидің: «Қазақ деген мал баққан елміз. Елімізден құт-береке қашпасын деп, жеріміздің шетін жау баспасын деп, найзаға үкі таққан елміз, ешбір дұшпанды басындырмаған елміз, басымыздан сөз асырмаған елміз. Досымызды сақтай білген елміз, дәм-тұзын ақтай білген елміз, асқақтаған хан болса, хан ордасын таптай білген елміз. Атадан ұл туса, құл боламын деп тумайды. Ұл мен қызды қаматып отыра алмайтын елміз», (31/17) - деп өрнектелген қанатты сөзі, ел тарихының шынайы келбетіне айналды. Азаттық жолында халқымыз Қазбек би сынды сындарлы тұлғалардың қанатты сөздерінде өрнектелген ой өрісінен рухани азық алды. Азаттық жолында сан саналы азаматтарымыз «еркек тоқты құрбандық» болып, соңы 1986 жылғы желтоқсан оқиғасына дейін жетті.
«Еркіндік қыраны шарықтағанға» (32/18) дейін халқымыздың біртуар ұлдары – ұлтымыздың көрнекті ақыны Сұлтанмахмұт Торайғыровқа дейін де, кейін де «Қараңғылық көгіне күн» (33/18) болуды көксеген өркениеттілік пен мәдениеттілік, білімдарлық пен еңбексүйгіштік, ұлт азаттық пен тәуелсіздік – бүгінгі қазақ атаулыға арман мен аңсау емес. Бұл ұлттың қолы жеткен жетістігі. Ендігі кезекте осы жетістіктің баяндылық тұғырын сақтау – бүгінгі ұрпақ міндеті.
Ғаламшар өркениетінің шаңында қалмай, еуро-батыстық өркениеттің шылауына шырмалмай, сол өркениеттер мәдениетінің құрмады бір бөлімі болып танылып, адамзат әлемінің адамгершілік құндылықтарымен мәдени өркениетін жетілдіретін тұлғаға айналып, «Адамзаттың көгінде күн болуға» ұмтылу, ұлттық мәнедиеттің шығар шынар шыңы болуға тиіс.
Ел байрағы мен әнұранындағы үндестікпен сабақтастықты осылай танып, рухани тәрбиемізді осылай көтеруіміз қажет.
Елтаңбамыз тек ел тарихымен ғана емес, халқымыздың кәусар бұлағы мен ой-санасының қиялы, асқақ арман-тілегімен де сабақтас. Сонау адамзат санасының сәбилік шағынан ер қанаты – тұлпардың пырақтылығын көксеп, ашық аспан аясында «қара қазан, сары бала қамы» үшін ат сабылтып, елін қорғау мен киелі қара шаңырықтың қадірін бір білерге білсе, қазақ білетінін бедерлі бейнелеп тұрған елтаңбаның тәрбиелік мәні зор. Сондықтан, жалпы білім беретін мектеп қабырғасында Қазақстандық патриотизмді қалыптастыру негізінде ел рәміздерінің идеологиялық құндылықтарын басшылыққа алуымыз қажет.
Мектептің оқушы жастар ұйымын балдырған – жасөспірім – жеткіншек жастар ұйымы тұрғысында ала отырып, олардың айшықты белгілеріне «Ел рәміздері – ел рухын» басшылыққа алудың да тиімділігі осында. Бастауыш сынып оқушылары – балдырғандардың айшықтарына ел байрағының түсімен түстес мойынға тағатын үшбұрышты галстукты, кейінгі он екі жылдық мектептің негізгі мектеп курсының дайындық сатысы 5-7 сынып оқушылары – жасөспірімдерге ел байрағының шеңбер ішіндегі дөңгелек жұлдызшасын, ал қалған 8-11 (12) сынып оқушылары – жеткіншек жастар үшін ел байрағы толық бедерленген жұлдызшасын алу тиімді. Өйткені, мектептің оқушы жастары өздерін өз Отанының патриоты екенін шынайы сезінуі керек. Оның үстіне бұл жұлдызшалар еліміздің кеңсе тауарларын сататын дүкендерінде оқушылар үшін тиімді бағаға сатылатынын ескереген жөн. Мемлекет тарапынан оқушыны оқулықпен қамтамасыз етуге жасалған жағдайлардай ел рәміздерінің насихатталыуна да жағдай жасау қолға алынуы тиіс.
§3 ХІІ жылдық білім беру жүйесінде жеке тұлғаны әлеуметтендіру
Адам баласы педагогикалық тәрбиенің зерттеу объектісі емес. Адамзаттың сәбилік кезеңіндегі зейіні мен қабілетіне, өсе келе мінез-құлқының қалыптасуына әсер ететін тәрбиедегі келеңсіздіктер – педагогикалық тәрбиенің объектісі саналуы тиіс. Сондықтан, сәбидің бойындағы туа бітті табиғи қасиеті, болмаса өмірде қандай қасиеттер мен икемділікке бейімділігі сәбидің санасы ояна бастаған 2,5 – 3 жастан, кейде 3 – 3,5 жастан байқалады. Адам баласы сәби шағында, 2,5 – 3,5 жасқа дейін барлық сезім қабылдағыш ағзаларымен төрткүл дүниені толық қамтиды. Айналасындағы жағымды-жағымсыз, жарамды-жарамсыз әрекеттер мен құбылыстарды қабылдаумен болады. Бұл қабылдау өсе келе сананың оянуымен саналы түрде жүреді.
Сәбилік сананың оянуы үстінде сана оянғанға дейінгі қабылдау түйсіктерінің мәнді және мәнсіз әрекеттері көрініс таба бастайды. Бұл көріністер сананың толық оянуымен қалыптасуы барысында мазмұндық мәнге ие болады. Сана қалыптасқанға дейінгі мазмұнды мәнге ие болған әрекеттер баланың келешекке қалай қалыптасып келе жатқанын көрсетеді. Сананың сәбилік шақта қабылдаған түйсіктері сәбилік шаққа дейінгі сәби санасына табиғи жаратылысында берілген қасиеттердің мүмкіндіктері де көрініс тауып отырады. Нәтижесінде осы мүмкіндіктер адамның өзі үшін қызмет етіп, қоршаған ортасымен қоғамға пайдалы нәтижесін беруі үшін ата-анаға сәби психологиясының педагогикалық тәрбиесінен білім беріп, көмек көрсетіледі.
Бала мектепке дейін балабақшасында болады. Балабақшадағы психологтар мен тәрбиеші мамандар ғылыми негізде жұмыстанып, ата-анамен байланыс жасай отырып, бала тәрбиесінің төрткүл дүниесін шама келгенше түгел қамтуға тиіс.
Балабақшада мәнді-мәнсіз әрекеттеріне көңіл бөліп, оның бала бойында тұрақталу-тұрақталмауы үшін отбасы тәрбиесінде ата-анаға көмек беріп отырылады. Келешектегі мазмұнды әрекеттің сананы қалыптастыруға, кейін сананың тоқталып толысуына көмек беретін болады. Сондай-ақ, бастауыш сыныпта мамандардың неге басым назар аударулары керектігіне алғаш болжам бере алатын педагогикалық тәрбиенің нәтижесі керек. Балабақшасы жоқ жерде мұны мектеп алды дайындық сыныптарында әліппе кезеңі аяқталғанға дейін жүргізіп үлгеруі керек. Әліппе кезеңінен кейін әр пәнді жеке мамандар жүргізе отырып кәсіби бағдарламаның дайындық бөлімінде /5-7 сыныптарда/ қай бағытқа бағыттау керектігін анықтаумен жұмыстанылады. Психолог маман, сынып жетекшісі мен пән мұғалімдері бала зердесімен жұмыстанып, ата-анасына бағыт-бағдар бере отырып, бала тәрбиесінің дүниетану әлемін толық қамтитын болады. Сонымен бірге әліппе кезеңінен кейін мектеп оқытушылары өз пәндері бойынша бастауыш сынып оқушыларын қабылдап ала отырып, кәсіби бағдарламаның дайындық бөлімін аяқтағанға дейін бірге болады. Мұның өзі мектепте белең алып отырған бастауыш сыныптан негізгі мектеп курсына көшкендегі бесінші сыныпта оқушылардың үлгерім сапасының күрт төмендеуін тоқтатуға себепші болады. Ал, сынып жетекшісі бастауыш сыныптан негізгі мектепті бітіргенше, екінші сыныптан он бірінші сыныпқа дейін жетекші болуы арқылы баланың жас ерекшелік психологиясының өтпелі кезеңінде келесі тәрбиешіге беріп жатпай өзі алып жүретін болады. Бұл әдіс бала мен ата-ана үшін де тиімді.
Сынып жетекшісі сегізінші сыныптан оныншы сыныпты бітіргенге дейінгі үш жыл ішінде оқушыны жеке тұлға есебінде тәрбиелеп, ХІІ жылдық білім беретін мектептің 11-12 сыныптарында сынып жетекшісінсіз ұжымдық тұлға есебінде өзін-өзі алып жүре алатын деңгейге жеткізуі тиіс. Тәрбие үрдісінің өзектілігі де осында болмақ. Оқушыны, 11-12 сыныптардағы бозбалаң-бойжеткен жеткіншек жасты жеке тұлға есебінде өзін-өзі тани отырып, ұжымдасып, кәсіби оқу үрдісін меңгере алатын, оқу нәтижесін өз бетімен саралай алатын, өздерінің денсаулығы мен салауатты өмірін, рухани, мәдени байлықтары мен демалысын жүйелей алатын деңгейге көтеруіміз қажет. Нәтижесінде ХІІ жылдық жалпы отра білім беретін мектеп түлегіне соңғы екі жыл сынып жетекшісінсіз мектеп директорының тәрбие ісін ұйымдастырушы орынбасары не оның көмекшісі, не болмаса куратор есебіндегі маман, психолог мамандар мен пән оқытушылары, ата-ана, педагог-социолог мамандармен бірлесе жұмыс істеп, жеке тұлғаның келешек мамандығын кәсібі мен келешекте оқитын оқу орнын анықтай отырып, әлеуметтендіру мәселесін шеше алатын боламыз. Яки, 8-10 сыныптарда оқушының білім алу деңгейімен кәсіби оқу бағдарына қарай мамандардың ата-анамен байланысы нәтижесіне сүйене отырып педагог-социологтар кәсіптік мектептермен байланыс орнатып, бала мен ата-анаға жәрдем береді. Ал, ХІІ жылдық жалпы орта мектептердегі педагог-социологтар ЖОО-мен байланыс жасай отырып мектеп түлектеріне жәрдемдесетін болады.
Пайдаланылған әдебиеттер:
«Ақылдың көзі», Алматы – «Жалын» баспасы, 1980.
Н.Төреқұлов «Қанатты сөздер», «Жазушы баспасы, Алматы – 1980.
Қ.Өміралиев «Абай афоризмі», Алматы, «Қазақстан» баспасы, 1993.
«Қазақ халқының салт-дәстүрлері» Алматы «Рауан» 1994.
«Қазақ мектебі: бүгінгі жайы мен даму болашағы», Алматы, «Rond» 2002.
«Тәрбие құралы» 2003, 6-саны (15-21 беттер).
«Тәрбие құралы» 2004, 1-саны (14, 16-18 беттер).
«Тәрбие құралы» 2004, 3-саны (9-16 беттер).
«Тәрбие құралы» 2004, 5-саны.
«Ы.Алтынсарин тағылымы», Алматығ «Жазушы», 1991.
«Білім туралы» заң (1999 жыл).
«Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жастар саясаты туралы» 2004 жылғы Қазақстан Республикасының заңы.
«Қазақстан Республикасының білім беруді дамытудың 2005–2010 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасы» 2005 жыл.
«Қазақстан Республикасының азаматтарына патриоттық тәрбие берудің 2006–2008 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасы», 2006 жыл 10 қазан.
С.Төленбаев «Ою: балалар мен ата-аналарға арналған көмекші құрал» - Алматы, Өнер, 1989 ж.
«Бәсекеге қабілетті Қазақстан, бәсекеге қабілетті экономика үшін, бәсекеге қабілетті халық үшін», 2004 жылғы Елбасының жолдауы.
«Билер сөзі», Алматы, «Қазақ университеті», 1992 жыл.
Қазақстан Республикасының Әнұраны.
С.Торайғыров «Шәкірт ойы».
Достарыңызбен бөлісу: |