Әлихан Бөкейхановтың нақыл сөздері:
Оқу-білім бір, оқу ұлғая білім болады.
Көп оқыса, зейінді болса, білімді болмақ, мінезі жақсы, жаман болама, мұны құдай біледі.
Кісі өз басына тіленіп, кішірейсе, кемісе – өз олжасы.
Жұрт ісін түс көрмей, ояу жүріп іздену қажет.
Ақылды сөз қылмақ қиын, сөзді іс қылмақ мұнан неше есе қиын.
Адам баласы қылып жүрген іс ой-ақыл болып басталады, сөз болып сөйленеді, ия жазылады, ақыл сөз сонан соң барып іске айналады.
Ақыл да, ұсталық та оқумен, істеумен жүре ұлғаяды.
Дала өлкесіндегі «Қазақ» газеті. 1 сағат.
Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Райымжан Мәрсекұлы және басқалар бастаған алдыңғы қатарлы қазақ оқығандары жалпыхалықтық газет ашумен 1905 жылдан айналыса бастады. Алдымен олар «18 ақпан жарлығы» шығысымен өздерінің саяси талаптарын әйгілі «Қарқаралы петициясына» тізіп жазып, осы жарлыққа қол қойған орыс патшасының атына поштамен жөнелтеді. Петицияның 3-тарауында: «Қазақ халқының қазіргі мұқтажын aйқындау үшін қазақ тілінде газеттер басып шығару қажет, ол үшін бастапқы цензурасыз баспахана ашуға және газет басуға рұқсат сұрау емес, құлақтандыру тәртібін орнату керек болады» деп жазылған еді. Сол жылғы желтоқсан айының басында ақпарат көзі ретінде Санкт-Петербургтің «Новая жизнь» газетін сілтеп көрсеткен Семейлік «Семипалатинскій листокъ» «17 қазан манифесі мен одан кейінгі тұста Ә.Бөкейхановтың қазақ тілінде газет басып шығару үшін қырға кеткенін» хабарлады. Ал қараша айында Бөкейхан Ресейдің «жергілікті (земский) және қалалық қайраткерлерінің» Мәскеудегі съезінде қазақтың сөз бостандығына зәру екенін айтып сөз сөйледі. Ол: «Aна тілін еркін қолдану қазақтардың таяу арадағы мұқтажы, сөз бостандығы әсіресе алдағы сайлау науқанына қажет» деп мәлімдеді. Тарихи деректерге қарағанда, «Қазақ» деген атаумен қазақ газетін шығаруға ресми рұқсат Ахмет Байтұрсынұлына 1905 жылғы желтоқсанның 9-ы берілген. Ал апталық «Қазақ» газетінің алғашқы саны 1913 жылғы ақпанның 2-сінде жарық көрді де, 1915 жылдан аптасына екі рет шығатын болды. Әлиханның көсемсөз шебері ретінде танылуына «Қазақ» газетінің ықпалы ерекше болды десек, өз кезеңінде «Қазақ» газетінің абыройының көтерілуіне қосқан үлесі де зор болды. Халықтың ұлттық сана-сезімі мен мәдениетін көтерудеегі баспа сөздің орасан зор маңызын бағалай білген Әлихан, қазақтың тұңғыш басылымы «Дала уалаятының газеті» жабылып қалған соң, қазақ тіліндегі газет басуды ұйымдастыруға күш салады. Осы орайда 1913 жылдың ақпанында «Қазақ» газетінің тұңғыш саны жарыққа шығады. Ә.Бөкейханның «Қазақ» газетінің беттерінде жарияланған мақалалары қазақ өмірінің бірқатар көкейкесті маңызды мәселелеріне арнаған. Ғалым Рымғали Нұрғалиевтің пікіріне негіздеп айтар болсақ: «...Бұл газетте Әлиханның жарияланған мақалаларының идея- рухы, ой толғамы, пікір байламы, стиль ырғағы мүлде бөлек болған» «Қазақ» газеті мен оның редакторы әдеби қазақ тілінің қалыптасуы мен оны парсы, араб, шағатай тілімен араласу барысында өзгеріске ұшырауынан сақтау үшін зор еңбек сіңірді.
21Әлиханның Бүркеншік аттары. 1сағат.
Өткен ғасырдың басындағы батыс елдеріндегі саяси дүрбелең шаруасы шайқалып, берекесі қашып тұрған патшалық Ресейдің өзіне тәуелді бұратана отар елдерге деген жауыздығы мен жүгенсіздігін шектен тыс үдете түскені анық. Өз еліндігі озбырлықты қойып, өзге елге көз алартуы, еліне сыймаған қара шекпенділерді қазақ сахарасының шұрайлы жерлеріне қоныстандыруы, қазақтың тұратын жерлерін өз меншігіміз деп жариялауы, оған қоса қазақ шаруашылығының терең дағдарысқа ұшырауы, қазақ халқының келешекте дербес ел болуына төнген үлкен қатер болатын. Міне, осы жағдайлардың барлығы бүркеншік аттар пайдалануға мәжбүр етті. Осы ел басына күн туған қиын кезде ұлтты сақтап қалу мақсатында қазақтың оқыған зиялы азаматтары 1900 жылдан бастап демократиялық бағыттағы «Дала уалаяты», «Серке», «Уақыт» газеттерін шығарды. 1905 жылы Қоянды жәрмеңкесінде дүниеге келген Қарқаралы Құзырхаты (Петициясы )Тәуелсіздік жолындағы алғашқы қадам болатын. 1913 жылдан бастап «Aйқап», «Маса», «Оян, Қазақ» газеттері шықты.
Мерзімді «Дала уалаяты» , «Айқап», «Сарыарқа», сияқты баспасөздерде «Қыр баласы», «Ғалихан», «Әлихан», «Қ.Б.», «Е.Б.», «Арыс ұлы» деген бүркеншек «А» кездеседі,ал орыс тіліндегі жарияланымдар да «А.Б.», «Туземц», «Киргиз», «Киргиз- Степнияк»,«Сын степей», «V» белгісімен қол қойылған. Әлекеңнің немересі Райымжан Әзімханұлы Бөкейхан «Қалмақбай», «Н.Ш.» деген бүркеншек аттары болғанын да атап көрсетеді. «Қазақ» газетінің әр номеріне дерлік ұлтының көкейкесті мәселелерін көтерген еңбектерін әр түрлі бүркеншік есімдермен жариялап тұрған Әлихан көбінесе «Қыр баласы», «Түрік баласы», «Aрыс ұлы» деген аттарды пайдаланса, ара-тұра «Әлихан» немесе «Ә.Б.» деп қоя салады. «Бөкейханов» деп қол қоюы өте сирек. Себебі, бұл кезде айдауда жүрген Ә.Бөкейханов өз ойын жарқыратып көрсету арқылы серіктеріне Ресей отаршылдары тарапынан күдік болмауын қаперде ұстайды.
22.Әлиханның «Қобыланды батыр» жырына қатысты зерттеуі. 1 сағат.
Әрбір іргелі халық боламын дейтін ұлт, ең алдымен, өзінің ел бастаған азаматтарын aрдақтай білуі керек. Әлихан Бөкейхан – Aлаштың қара шаңырағын көтеріп, туын көтерген асыл ер, бүгінгі Тәуелсіздіктің қайнар бұлағы, қазақ халқының болашағына тұғыр боларлық жарық жұлдызы.
ХІХ-ХХ ғасырлар басындағы Абай бастаған қазақ әдебиеті әділ бағасын алып, қияға талпынды. Мәшһүр-Жүсіп, М.Көпеев, Ә.Диваев сияқты аға буынның еңбектеріне де үзбей зер cалып, қалың қауымды тәрбиелеу iсіне тартты. Демек, «Қазақтың ұлт болып өркениетті ел қатарлы өмір сүруі үшін, ең алдымен халықтың cана -cезімін оятатын жағдай тудыру керек, қазақтың ұлттық тілін,әдебиетін өрістету керек. Өз әдебиетін қалыптастыруда табысқа жеткен халық қана азат өмір сүре алады», -деп білген Әлихан cынды бабамыз ұлттық әдебиетімізді өркендетуде, халқымыздың сарқылмас қазынасы – aуыз әдебиеті мұраларын жинау, оларды жіктеп, өңдеп бастыруда жан-тәнімен еңбек етеді. Қазақтың ауыз әдебиеті шығармаларын аса жоғары бағалаған жан.
Әлихан бабамыз ауыз әдебиеті туындыларына ертеден-ақ қызықаны1894 жылғы Тобыл экспедициясының, 1896-1901 жылдары Ф.А. Щербина және 1903 жылы Сібір темір жолы бойындағы Том мен Челябі қалаларының маңын мекендеген қазақтардың аулын аралаған С.П. Шевцов экспедицияларының басы-қасында болып,қалың ел ішінен жинап – тергендерінен байқалады. Олай дейтін себебіміз: ғалымның төңкеріске дейін баспа көрген «Женщина по киргизской былине Қобыланды», «Қара қыпшақ Қобыланды батыр», және Шәкәрімнің «Қалқаман-Мамыр» дастанына жазған пікірлері мен аса құнды ғылыми зерттеу еңбектері, төңкерістен кейінгі жинап бастырған «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Ер Тарғын» Марабай ақынан жазып алынған нұсқасы және А. Байтұрсыновпен бірігіп әзірлеген қазақтың төрт ғасырлық тарихын қамтыған «23 жоқтау» және «Ер Сайын» сынды кітаптары соның дәлелі. Тіпті Оксфорд университеті ғалымдарының « Ә, Н. Бөкейхан .фольклортанушы болды. Ол қазақ эпосы мен фольклорын ғылыми тұрғыдан зерттеген тұңғыш ғалым еді»-деген пікірінің өзі аты аталған көлемді зерттелуіне сүйеніп айтылса керек. Әлихан халық ауыз әдебиеті шығармаларын жинаумен қатар, оларды жан-жақты зерттеп, талдаған ғалым.
V. Ә. Бөкейханның қазақ тарихында алатын орны және ұлт руханиаты. [6 сағат],
23.Ел еркіндігін аңсаған Алаштың Әлиханы. 1 сағат.
Aзаттық алу қазақ халқының ежелден аңсай күткен арманы еді. Түлкі бұлаң тарихтың тар жолы мен бұрылысында елдің азаттығы үшін жарғақ құлақтары жастыққа тимей жүрген алаштың қаншама aрыстары ат үстінде ғасырлар бойы бел шешпей шайқасып өтті.
Абай, Шоқан, Ыбырайлар өмір сүрген ХІХ ғасыр қылыштан гөрі қаламның қуатты екенін дәлелдеді. ХІХ ғасырдың соңы ХХ ғасыр басынан тарих сахнасына қазақтың оқыған зиялылары шықты. Ахмет, Әлихан, Міржақып, Жүсіпбек, Мұстафа, Мағжан мен Смағұлдар Алаш туы астында ел болуға, мемлекет құруға шақырды. Сұлтанмахмұт Торайғыровтың:
Өлер жерден кеттік біз,
Бұл зманға жеттік біз, - деп жаһанға жар салатын кезінде ұлт зиялылары «не істеу керек, қайтеміз, қалай ел боламыз?» деп ойын сан саққа, қиялын қырық саққа жүгіртіп еді. Әлихан Бөкейхан «Автономия, бізге керегі автономия!», - деп шырылдап еді. Ондағы ойы «мемлекет құрып алайық, мемлекетіміз болса, қалғанының бәрі болады» деген асыл арманы еді.
Aлаш зиялылырының қазақ даласында ұлттық идеяны негіздегені жөнінде Елбасы Н.Назарбаев өзінің «Тарих толқынында» кітабының «Алаш мұрасы және осы заман» атты тарауында: «ХХ ғасырдың басында ұлттық бірлікті нығайту идеясын алға тартқан рухани-зерделі игі жақсылар қазақтың ұлттық идеясын жасау міндетін өз мойнына алды. ХХ ғасырдың басындағы қазақ қоғамында зиялы қауым қалыптасуының ұрпақтар эстафетасы сияқты болғанын атап айтқан абзал» ,- деп көрсеткен болатын.
24. Ұлтым деп өткен ұлы тұлға. 1 сағат.
Тар жол-тайғақ кешуде, қуғын – сүргінде өмірі өксумен өткен есіл ер. Қазақ автономиялы Республикасының төрағасы. Заманда басқан аяқ кейін кеткен, Жасымай алашына қызмет еткен. Дүбірлі дәуір жаршысы.
1894ж. бастап 43 жыл бойы бірде патша ұлықтарының уысында, енді бірде қызылдардың қысымында қиянат-қыспақта болып, 1937 ж. Қанышер қатігездердің қолынан мезгілсіз қаза болсада, артында өшпес із қалдырған, пікірлес әріптестерімен бірге халқына тәуелсіздіктің жолын көрсетіп, елін егемендікке жеткізуге сене кірісіп, тыңнан туре тартып, үлкен үлес қосқан кемел Көшбасшы. Бұған ақын өлеңінің бір-ақ шумағымен жауап беруге болар:
Ел үшін құрбандыққа жанын берген,
Бит, бүрге, қандалаға қанын берген,
Ұрадай сасық ауа, темірлі үйде,
Зарығып алашы үшін бейнет көрген...
Заманда басқан аяқ кейін кеткен,
Жасымай алашына қызмет еткен.
Болсада қараңғы түн, қалың тұман,
Туатын бақ жұлдызына көзі жеткен.
25. Білімі биік беделді тұлға. 1 сағат.
Aзаттықты аңсаған ұлт көсемінің еліне, болашақ ұрпағына жасалған еңбектері бір батыр емес, сан батырдың іс-қимылына, біреу емес, сан ғұламаның даналығына тұрарлық екендігі айтылуда. «Aлашым» деп айбаттана, «Қазағым» деп қайраттана iстеген iс-әрекеттері де оқыған да тоқыған iзгіліктері де танытылуда. Қытайдың ақылшысы Конфуций: «Біздің өткеніміз қанымызды жаңартып отырған ауа» деп атап айтқан екен. Тарих ғылымы мен халықтың өзінің бергі және ертедегі тарихын ұғынуына кейінгі тоталитарлық режимнің идеологиялық қысымның қандай зиян әкелгені бізге мәлім. Қазақта: «Ел болса, ер туғызбай тұра алмайды» - деген дана сөз бар.
Қазақстанның ХХ ғасырдың бас кезіндегі рухани-интеллектуалды элитасының лидері, мемлекетіміздің тарихында өте терең із қалдырған Әлихан Бөкейханды ерекше атау керек. Ол ұлы гуманист, демократ, ең алғашқы ұлттық саяси партияның негізін қалаушысы болды. Оны халық Ұлы ағартушы, шын мәнінде «Халық мұғалімі» ретінде есінде сақтады. ХХ ғасырдың басындағы саяси оқиғалардың қайнаған ортасында жүріп өзінің білімділігімен, парасаттылығымен үлкен беделге ие болған. «Oтаным» десе отқа түсетін, «қазағым» деп қан кешетін, «Алаш» десе ауыр азапқа төзетін ұлтжанды азаматтардың елім деген адамгершіліктері – олардың бір тудың астына қаймықпай жиналуы еді. Олай болса, «Көтерілген туым бар, көтеретін ерім бар» дегендей, егеменді еліміздің көшінің басында тұрған білім ошақтарының бірінен, бүгінгі өркениет көшінің нақ ортасынан ойып тұрып орын алар айдарлы атау Әлихан Бөкейхандай aрысымыздың аты болар десем артық aйтқаным емес. Ұлы даланың көгінен көк жұлдыздай ағып өткен Әлиханның аңыз ғұмыры туралы сырды тереңнен тартар болсақ, талай - талай бел-белеске, тарих қойнауына жетелейтіні анық.
26.Ұлттық тәрбие және жаһандану. 1 сағат.
Әлемдік тәжірибеде мойындалған бір ақиқат бар. Ол ел болудың биік мағыналы ұғым екені. Оның іргетасы – мемлекет, анығырағы ұлттық мемлекет. Әділіне көшсек, тек мемлекет құрған ел ғана әлемдік көшке ілесе алады, өзіндік келбеті бар өркениет жасай алады, өз кезегінде өркениет жасай алған ел ғана басқа өркениетті елдермен терезесі теңесе алады. Олай болса, еліміздің тап бүгінгі болмысы мен әлемдік кеңістіктен өз орнын табуға ұмтылысын мемлекетшілдік бастаулары деп айтуға толық негіз бар. Ресейге отар ел болып тұрғанымызда “туған ұлт”, “ұлттық”, “ұлтшылдық”, “ұлттық идея”, “ұлттық мүдде”, “ұлттық тәрбие” мәселесі туралы сөз қозғау мүмкін болмады. Өйткені, бұл жайында сөз қозғау отарлаушы елдің “жасампаз” интернационалистік идеологиясына қарсы шыққандық деп есептелетін. Қазақстан Республикасында 2020 жылға дейінгі білім беруді дамыту бағдарламасында: «Білім беру саласындағы мемлекеттік саясаттың басым бағыты өскелең ұрпақты тәрбиелеу жүйесін дамыту болып табылады», - деп атап көрсетілген. Бұл өзгермелі даму үрдісіндегі қоғамға бейімделген жаңа буын тәрбиелеу десек, қазіргі мектеп құрылымының білім мазмұны тұжырымдамасының әдіснамасы жеке тұлға болмысын түсінуге бағытталған іс – әрекеттен келіп шығады.
Ұлт болашағы бүгінгі жастарымыздың білімі мен біліктілігіне, сапасы мен тәрбиелілігіне байланысты. «Адам – тәрбиенің жемісі» бұл даналардың түйіндеп айтқан сөзі.
Әлихан – қазақтың мемлекеттігінің шаңырағын қайта көтеріп, бүгінгі тәуелсіздіктің мызғымас негізін қалап кеткен тарихи тұлға. «Алаш» қозғалысының көсемі Әлихан Бөкейханов ең сауатты, білімді, білікті қайраткерге байсалдылық, саяси тұрақтылық, ізденгіштік, парасаттылық, сабыр мен ақылға, білім мен ғылымға, мәселенің байыбына бойлайтын талдау, бүгінгі пайымдау, болашақты болжау сияқты қасиеттер тән еді. Әлихан Бөкейханов ғылым мен білімге негіздеп, қазақ мемлекетінің түбірл мәселелерін зерттеді. Өз жұртын танып білуде, жас ұрпаққа тәрбие берудегі ХХ ғасыр басында А.Байтұрсынов мақаласының өзектілігі бүгінде айқын. «Қазақша оқу жайынан » деп аталатын мақаласында «Бала оқыту үшін жақсы бағдарлама болуы шарт, ең алдымен оқытатын кітаптарымызды түзеп, сайлап алып, содан соң неден бастап, неге оқытуды белгілеу керек» - дейді. Яғни, бүгінгі оқу үрдісіндегі неге оқыту, қалай оқыту деген өміршең сұрақты қазақ ағарту саласындағы ұлы реформатор Ахмет Байтұрсынов жүз жыл бұрын күн тәртібіне қоя білді.
Оқу ісін жетілдіру жайын талдай келе, ол мына мәселеге көңіл аударуды ұсынады: «... әуелі біз елді түзеуді бала оқыту ісін түзеуден бастауымыз керек. Неге десек, болыстық та, билік те, халыққа оқумен түзеледі. Сондықтан жастардың қалай оқып, қалай тәрбиеленуін – бәрінен бұрын ескеріп, бәрінін жоғары қойылатын жұмыс» деген тұжырымдамалық мәні бар қорытынды жасайды. Қазіргі кезең шығармашылықтың, ақпараттың, ойлаудың кезеңі. Білім саласындағы кез-келген пән қандай ортада болмасын өзінің айтар ойы, өмірге деген көзқарасы, жеке тұлғаны қалыптастыруға өзіндік үлес қосары анық.
Достарыңызбен бөлісу: |