Бағдарламасы бойынша басылып шығарылды «Торғай кітапханасы»


Қайдасың жаны жайсаң ақылдылар



бет11/19
Дата11.01.2017
өлшемі4,14 Mb.
#6804
түріБағдарламасы
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   19

Қайдасың жаны жайсаң ақылдылар

Пайымдап, парасатпен ақынды ұғар,

Қайдасың, жаны жайсаң ақылдылар.

Басшысы бүгінгінің қарап тұрсам,

Ақынды таяқтауға болған құмар.
Байынан баяғының кем болып тұр,

Сөйлейді көп алдында ер болып құр.

Жөн сөзге тоқтамайды, ұяты жоқ,

Қараймын істеріне таңғалып бір.


Өмірдің көрдім-ащы-тұщысынан да ,

Жігітің көрдім-қосшы, басшысын да.

Ол кезбен бүгінгіні салыстырсақ,

Тұрақ жоқ қазіргінің «жақсысында».

Кәсібі-көзді бояп, алдап-арбау,

Момынды жазығы жоқ, қинап-қорлау.

Бұл күнгі басшылардың әрекеті,

Ішіп-жеу мемлекеттік дәстүр болды-ау


Қазақта жоқ-ты бұрын мұндай кәсіп,

Бұл күнде өнер болды арам нәсіп.

Еңбексіз, маңдай терсіз талай қулар,

Елді жеп, бай болып тұр жұрттан асып.



Әбдіғапар хан. (поэма)

1

Бұл заман – байқасаңыз жұмбақ сапар,

Айламен жақсыларды болды матар.

Ел ұстап, тұлпар мініп, ту көтерген,

Есімнен шықпай қойды Әбдіғапар.
Патшаға екі ғасыр болдық отар,

Дәміміз осы болар әлі татар.

Хан болған он үш болыс, үш Торғайға,

Жігіттің сұлтаны еді-ау Әбдіғапар.


Еске алсам елжірейді жүрек-бауыр,

Дүниеге сирек келер ондай тәуір.

Сабырлы, ақыл иесі білімге бай,

Ерекше бір белгісі мінезі ауыр.


Кісі еді тұратұғын ішін бермей,

Жұпыны жүретұғын кеуде кермей.

Жан еді хан болса да қарапайым,

Күй кешкен ұсақ-түйек, жел сөзге ермей.


Кетсе де абыройы биікке өрлей,

Саспайтын көнтерлі еді қара жердей.

Өлген соң кей есуас кіналайды,

Қапардың кім екенін көзі көрмей.


Жазамын көзімменен көргенімді,

Тексеріп анық сөзін, білгенімді.

Ғазал ғып қалдырайын ақ қағазға,

Біреулер қарар бір күн еңбегімді.


Қоспаймын өтірік сөз арасына,

Әр сөздің көшкен дұрыс расына.

Тарихтың тегеріші айналмалы,

Қарасын кім де болса шамасына.


Ағайын, ешкімді де қаралама,

Өзіңді көп ішінен даралама.

Өмірден өтіп кеткен ерлер үшін,

Жаныңды бір-біріңнің жаралама.


Тексермей бұрынғыны кіналама,

Жалған сөз, ойдан пішіп, сыналама.

Бәріміз бір қазақтың баласымыз,

Руға, жүзге бөліп алалама.


Атаның бұрынғы өткен сөзін ұқсақ,

Әр істің қайыры бар артын бақсақ.

Мен үшін Хан мен Сардар бірдей еді,

Туыспыз атамыз бір – Ұзын Қыпшақ...


...Туыс деп мен бұларға бұра алмаймын,

Ақиқатты және айтпай тұра алмаймын.

Өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам,

Дәлелсіз жалған сөзге сене алмаймын.


Қулықпен келген байлық білсең арзан,

Ал шындық су түбінде жатқан маржан.

Көрсетті көп тарихты боямалап,

Қарамай обалына Ыбырай, Әлжан.


Кешер ме қос арыстың аруағы,

Білінер о дүниеде кімнің ағы.

Үндемей өтірік сөзді қостап кетті,

Жанкүйер туысыңыз Әли-дағы.


Мың шүкір жаратқан хақ бергеніңе,

Дүниені жақсы-жаман көргеніме.

Тұрлаусыз тайғақ кешу, тар жолдардан,

Аман-сау тірі қалып жүргеніме.


Демеңдер өтірік айтсам кім көреді,

Бір Алла бәрін көріп үлгереді.

Хаққа аян құмырсқаның тастағы ізі,

О дүниеде әр ісің тергеледі.


Айтылмас сөз болмайды адамзатта,

Біледі мұны түгел жамиғат та.

«Жалған сөзге кепілдік берме» деген,

Ғибратты нұсқа бар шариғатта.


Жігіттер бұл сөзімді деме бекер,

Бақ пен тақта баян жоқ тастап кетер.

Алып жесең харамнан елді сорып,

Сол қиянат түбіңе бір күн жетер.


Ұрпағың сонда елге қарай алмас,

Жұрт бетіне шіркеу ғып, жолы болмас.

Қара күйе секілді кетпейтұғын,

Соңынан өле-өлгенше оның қалмас.


Артқы жас кетпес үшін тегінде азып,

Бірліксіз, берекесіз шілдей тозып.

Көзбен көрген жайларды білгенімше,

Ақ қағазға белгі ғып кеттім жазып.



2

Жыл еді он алтыншы аты шулы,

Белгілі бесенеден дулы, булы.

19 бен 31 әскер болсын,

Тарады «Июнь жарлық» патша қаулы.
Талай ел түк түсінбей аңтарылды,

Белдеуде назбедеулер қаңтарылды.

Қайдан келген пәле? – деп аң-таң болып,

Әр ауылда болыс пен бай тарылды.


Сол кезде Ақташыда Бүркіт аулы,

Жинады Арғындарды жеті баулы.

Осылай қылушы еді ертеден-ақ,

Біреумен бітіспейтін болса даулы.


Бәйтәжі, Ақташы мен Тағышы, Таз,

Қараман, Қырықмылтық, Төлек біраз.

Жетеуі басын қосып Жалдамада,

Патшаның жарлығына іздеді лаж.


Бастады сөзін Бекіш, Мұхамеджан,

Қостады жеті рудан қалмай бір жан.

– Бермейміз антын бұзған патшаға әскер,

Садақа, – деп – жастардан малменен жан.


Жинайық он үш болыс жалпақ елді,

Жөн болар тізе қосып, бусақ белді.

Хан Нияз бен нәсілі Иман ердің,

Келсін деді Қапар мен Амангелді.


Жан-жаққа хабарлауға жаушы кетті,

Арада барыс-келіс екі апта өтті.

Хабарды алғаннан соң әр болыстан,

Белгілі азаматтар келіп жетті.

Демеңіз кез болады пәле қайдан,

Асынған елдің көбі қару-сайман.

Арғындардың бұл жолғы жиынына,

Риза болды тегіс Қыпшақ, Найман.


Бастады сонда сөзді Мұхамеджан,

–Хан тұқымы Қапар бек болсын деп хан.

Сардарлыққа ұйғардық Аман ерді,

Жолдрыңа құрбандық жан менен тән.


Осылай Мұхамеджан жол бастады,

Дұрыс сөз деп жиналған ел қостады.

Арғын, Найман тұрғанда бата беріп,

Біздің Қыпшақ ұрандап «Ойбастады».


Кетті ме қуаныштан босап жүйе,

Мақтаныш қып өзіне болмады ие.

Хан мен Сардар жолына құрбандық деп,

Сойды сонда Бегімбет ала бие.


Бұл сөзімде жоқ жалған яки қата,

Досай қажы екі ерге берді бата.

Он күннен соң қайтадан жиналуға,

Аттанды ерлер асығыс дәмнен тата.


Жақсы, жайсаң әр іске берген баға,

Бірі қаптал, бірі етек, бірі жаға.

Хан Сығайдың нәсілі әрі қажы,

Шымбергенді сайлады хан атаға.


Кез болдық па деп тегі қазған орға,

Я болмаса айламен құрған торға.

Жиналған ел жөнелтті қаржы жиып,

Смағұлын Төкенің Петерборға.


Айтты халық: – Смағұл барып қайт! – деп,

Не іс екенін көзіңмен көріп қайт,–деп.

Жолың болса жолығып ақ патшаға,

Кесімді бір жауабын алып қайт!– деп.


Бұл сапар қатері көп болса да ауыр,

Өтініп сұраған соң туыс-бауыр.

Жолдасы Плеваконы қуат көріп,

Жолға шықты сөз айтпай ер Смағұл.


Әр нәрсені, жігіттер, ішіңе түй,

Сүйсеңдағы, күйсең де жүрекке жый.

Он үш болыс бас қосқан бұл жиында,

Жоқ еді дуалы ауыз Дүйсеке би.


Сапарланып кеткен-ді Қызылжарға,

Өрдегі Арғын-Қарауыл туыстарға.

Үш ай жүріп аралап, жиын өтіп,

Кеткеннен соң қалжырап жеткен зорға.


Бекіш айтты: - жиналды ел керемет,-деп,

Қонды елдің басына берекет деп.

Дүйсеке айтты: - сойғаны ала бие,

Арты ала болмаса жарар ед, - деп.


Он күннен соң уәдені ішке түйіп,

Келді сарбаз қамданып, сауыт киіп.

Әбдіғапар, Аман ер күн-күн сайын,

Әскер ісін үйретті бәрін жиып.


Сарғаскері Әбіші Ырысбайдың,

Мыңбасылар Кейкісі Көкембайдың.

Өмені қажы ағамыз Мұсабайдың,

Және бірі Қосжаны манабайдың.


Ожаннан Әлжаны бар Қарабайдың,

Елбегісі Әбжаны Құндызбайдың.

Шыға келді ұлдары басшы болып,

Мыңды айдаған шұбар төс ылғи байдың.


Бір күні болады деп үлкен сиез,

Торғайдың қаласына шақырды үйез.

Губернатор сөзіне қарсы шығып,

Әбдіғапар көрсетті бөлек мінез.


Бермейміз! – деді,– әскерге бірде-бір жас,

Іс қылып отыр патша ойға қонбас.

Қазақтан әскер алмау заң болатын,

Анттан тайған деген бар патша оңбас.


Алмайсың бізден жігіт,–деді– өлмей,

Бұл жарлыққа халық тұр тегіс сенбей.

Губернатор қылса да түлкібұлаң,

Сөзіне Әбдіғапар қойды көнбей.


«Есіреді япырмай мынау қайдан,

Қорықпайтын кім еді Николайдан»

Деді ішінен сол сәтте губернатор,

«Орнатармын басыңа бір зор майдан»


Бейнет деген бұйырар әрбір жайдан,

Шуақ кетер бұлт басса күн мен айдан.

Губернатор жіберді 700 қол,

Жазалауға бұларды Қостанайдан.


Аяғы еді бұл уақыт ғинуардың,

Немесе басы ма екен февральдың.

Растығын білген соң шыққан әскер,

Әбдіғапар жол тосты орап алдын.


Қыстың суық күні еді тұрған қақап,

Үскірік қызыл аяз қарып, тұтап.

Хан мен Сардар шақырды жүз мергенді,

Бөлектеп көп ішінен атын атап.


Жүз жігіт жетіп келді Қапар ханға,

Мен мұндалап аттары аталғанда.

Кейкі менен Өменді басшы қылып,

50-ден аттандырды «Тышқантамға».


Қалған әскер Күйіктің қопасында,

Бой тасалап тұр қамыс арасында.

Бір кезде ұбап-шұбап қол көрінді,

Болжаммен ұлы бесін шамасында.


Алдында 700 қол шұбар атты,

Жол бастап оқшауланып келе жатты.

Мінгендей екі иығына екі кісі,

Бір жайсаң жігіт екен алапатты.


Мергендер там ішінде біраз күтті,

Тілектерін жаратқан қабыл етті.

Оқ жетерге келгенде Кейкі, Өменнің,

Жігіттері әскерді көздеп атты.


Шұбар атты бірден-ақ құлап түсті,

Оны көріп атты әскер кейін қашты.

Тығылып атқан тасадан оқ қойсын ба,

Аң-таң боп үрпиісіп қатты састы.


Кез еді күн батуға қалған таяу,

Мергендерде болмады дұшпанды аяу.

Өлгені-өліп немесе оққа ұшып,

Біразы солдаттардың қашты жаяу.


Сол кезде тамнан шығып Кейкі, Өмен,

Қыр басынан жосылтып түсті төмен.

Тұп-тура оққа ұшыпты екі солдат,

Санап еді есепші қара Көбен.


Шұбар ат шұбар байтал болып шықты,

Иесі оның шамасы нағыз мықты.

Орыс емес қалмақ па, татар ма әлде,

Не қыласың ер Кейкі атып жықты.


Сарбаздар қайтты кейін Қапар бекке,

Хан болған қарадан шығып асыл текке.

Бәрін көріп тұрыпты хан да байқап,

Қайтайық елге қарай деді көпке.


Тоңған ерлер заматта қонды атқа,

Түсіп алып зулады жол-торапқа.

Түн ортасы болғанда тас түйін боп,

Тышқантамнан құлады Баймұратқа.


Арадан он шақты күн тағы да өтті,

«Әскер келе жатыр» – деп хабар жетті.

Дайын болып тұрсын деп барлық сарбаз,

Әбдіғапар Аманға әмір етті.


Торғай менен Татырда болды соғыс,

Қатысты бұл соғысқа ерлер тегіс.

Қаша ұрсып Қапар менен әбдіғапар,

Жасады осы жолы бір қулық іс.


Құмкешуде бір тосып жар сап тұрып,

Кетті әскерін патшаның бөлщек қылып.

Қамысбайға келген соң оймен қашып,

Тайып тұрды әп сәтте сан соқтырып.


Патша әскері сонда да көп қарысты,

Осы жолы қазақпен текке алысты.

Жазықсыздан жазықсыз Қамысбайда,

Он шақты адам нақақтан оққа ұшты.


Осылай бір зор майдан болып қалды,

Мынау іс Айтқұл аулын еске салды.

Жұмабайдай қажымен ақылдасып,

Солдаттарды айтекең күтіп алды.


Патша берген медалін тағып алып,

Амандасты әскерге өзі барып.

Мал сойып қонақ қылды келесі күн,

Алып жүрді солдатты жолға салып.


Шара бар ма не істерсің мұндай күйге,

Айла қылған не етпексің Айтқұл биге.

700 қол тал түсте келіп жетті,

Батпаққарада отырған бидің үйге.


Келгеннен-ақ ақырып берді қысым,

Бір сұмдықтың боларын білді ішім.

Алып жүр деп Қапардың сарбазына,

Армансыз-ақ біздерден алды өшін.


Шетімізден жазалап қойды иіріп,

Түрлі-түрлі береді һәм бұйрық.

Әр жүздікке бір басшы жолсерікке,

Таңдап, екшеп тәртіппен алды айырып.


Бір басшысы жалма-жан беріп ақпар,

Іріктелді жүздікке бар солдаттар.

Ең алғашқы жүздікті жолға түсіп,

Алып жүрді жол бастап Әлиакбар.


Мақсұтына армансыз кім бар жеткен,

Өкіндіріп талайды өмір өткен.

Бұл жүздіктің басшысын аңдып жатып,

Кейкі батыр көздемей атып кеткен.


Құлатқан соң тағы да басшы дөйін,

Жүздік дереу бұрылып қайтты кейін.

Басқа жолмен қайтқанда бұлар қашып,

Екінші топ жүруге болды дайын.


Бұл жүздікті басшы ғып Ідірісті,

Жылдамдатып тастүйін жолға түсті.

Манағы өлген солдатқа келген кезде,

Бұл екінші жүздіктің зәресі ұшты.


Сірә қорлық болар ма мұнан өткен,

Бір сорақы іс болды емес күткен.

Кейкі батыр солдаттың шүметейін,

Кесіп алып аузына тығып кеткен.


Мұны көріп солдаттар қалды қатып,

Қасіреттің өшпейтін уын татып.

Көп ойланбай сол жерде Ідірісті,

Сөзге келмей бір ауыз кетті атып.


Солдаттар бұдан әрі шыдамады,

Жан сақтауды жалтақтап ойламады.

Тура тартып Доғалға, Торғайды өрлеп,

Қолға түскен қазақты аямады.


3

жағалап Доғал бойын әскер келді,

бұларды көрді Қапар, Амангелді.

Қапар айтты: – Қайтайық жар астымен,

Алармыз босқа қырып тамам елді.
Бұл сөзге мыңбасылар жарайды,-деп,

Жар астымен тізіліп, тарады көп.

Осы сәтте орыстар зеңбірекпен.

Гүрсілдетіп он рет түсірді дөп.

Көңінде Сандыбайдың барлаушылар,

Тұр еді бір айқасқа болып құмар.

Басшысы осы топтың Өмен менен,

Інісі Қапар ханның ер Жағыпар.


– Кетейік, жүр, Жағыпар, –деді Өмен,

түсейік жар астына біз де төмен.

–Жоқ, –деді ер Жағыпар, - соғысамыз,

Сияқты жігіт еді бұл бір Өмен.


Үш келді хабаршылар қайтыңдар, - деп,

Біріңе-бірің жылдам айтыңдар, – деп.

Бұл сөзді тыңдамады үш қайырған,

Жаужүрек , бірбет, қайсар Жағыпар бек.


Сол кезде 22-ге келіп еді,

Жасынан ерлік құрып жүріп еді.

Өмен де кете алмады оны тастап,

Боларын бір сұмдықтың біліп еді...


...Жағыпарды кете алмай тұрды тастап,

Бір көрейік деп үнсіз қолын ұстап.

Кетіп қалса жар бойлап түк те жоқ-тын,

Тұрғаннан соң не шара ажал бастап.


Жалма-жан жүгіріп кеп, үйге кіріп,

Екеуі сыртқы есікте қатар тұрып.

Қалғаны терезенің көздерінен,

Оқ зулатты атойлап майдан құрып.


Бұларды ала алмады қаптаған жау,

Талайы ажал құшып, қалмады сау.

Айла іздеп орыстар осы кезде,

Басталды ұрыс-керіс, қып-қызыл дау.


Біреуі айтты: – Ұстайық бәрін тірі,

Емес шығар бұлардың жаны сірі.

Жоқ, өртейік бұл жерді жермай шашып,

Әйтпесе жанбайды деді бірі.


Ақыры дұшпан үйге өрт қойды,

Қара жер айтшы қашан қанға тойды.

Шығармай үй ішінен оқпен атып,

Ақыры он бірінің көзін жойды.


Далаға шықты Өмен жалғыз өзі,

Бос тұрған бір тұлпарды көрді көзі.

Жетіп барып мінбек боп жатқанында,

Көріп қалды басшы Иван байқап өзі.


Табанда көздеп тұрып атып қалды,

Ух деп Өмен сабаз құшты жалды.

Қызыл қан атты шапшып ауызынан,

Қара жер қойынына оны да алды.


Кеш түсті күн де батты ұясына,

Соғыс бітті, түсті ел сабасына.

Әскер қайтты жинап ап өліктерін,

Белгілі Батпаққара қаласына.


Доғалға кірді Қапар жігіттері,

Қалған-ды осы жерде серіктері.

Санады орыстардың қырылғанын,

22 шана екен өліктері.


Жинады бұлар да енді шаһидтерді,

Қалдырмай бәрін санап өліктерді.

72 жан екен не барлығы,

жетеуі екен өрт шалған күйіктері.


4

Таң атты, Әбдіғапар қонды атқа,

Салауат айтты ішінен ғазауатқа.

Бермеді қазақ іші сол сүйеніш,

Өзінің туып-өскен жерін жатқа.
Соғыстың бұл өлкеде қалды ізі,

Өліпті орыстардың екі жүзі.

25-і кетіпті су астына,

Жарылғанда Торғайдың қалың мұзы.


Зеңбірек добы екен мұзды жарған,

Өзені де қазақтың жауын қырған.

Еске алып сарбаздарды шәйіт болған,

Қапар хан дейді халық әрең тұрған.


Жағыпар інісі ғой бірге туған,

Қапар хан екі бетін жаспен жуған.

Мұнан соң енді орыспен бітіспеске,

Сабазың қылыш ұстап белін буған...


...Қапардың арманы еді жеке ел болу,

орыстан қанап келген ірге бөлу.

Сөзіне қазақ ермей ақырында,

Дертіне таппай өтті ол да дәру.


Елім деп еңіреген қайран Қапар,

Әруағы бір қозғалмай қалай жатар.

Өтті ғой өле-өлгенше зар еңіреп,

Орысқа боласың деп мәңгі отар.


Шынында отар болып қалып қойдық,

Өтірік бос сөзіне әбден тойдық.

Алданып арбауына ел бола алмай,

Қапардай асылдардың көзін жойдық.


Бұл жырым келешекке жетер ме екен,

Жоқ әлде бір оқылмай кетер ме екен.

Қазағым үн шығармай бодан болып,

Бір күні әбден құрып бітер ме екен.


Саясат тұрса осылай болады бұл,

Қазақтың аты, заты қалады тұл.

Жеріңді алып содан соң тіліңді алып,

Бір заманда бұл қызыл қылады құл.


Кәпірге қатын болып кетер қызы,

Жігітін әтек қылар келер кезі.

Енді орыстың қалғаның табанында,

Жарылқар күн тумаса құдай өзі.


Ел болмай жеке дара мемлекет,

Еш ұлтқа келмек емес һәм берекет.

Орыстың еш елде жоқ зымияндығы,

Ісінде толып жатыр не бәлекет.


Қалайша тұра аламын жазбай мұны,

Еске ұста үлкен аға, кіші іні.

Ел болмай жеке, дара бодан болған,

Еш ұлттың болған емес әммә құны.


Арманы Қапар ханның еді теңдік,

Сол үшін өлгенін де көзбен көрдік.

Қазағым айтқаныма көнбеп едің,

Көргенің болмақ енді ылғи кемдік.


Атқызған Қапар ханды Әліби-тін,

Кетпейді көз алдымнан менің сол түн.

Қапар хан шәйіт болды бостандық деп,

Теңдікке жеткізем деп қазақ халқын.


Сондықтан халқым оны жау демеңдер,

Әруағын қорлап текке, тілдемеңдер.

Соғысты дербес мемлекет болу үшін,

Жан еді ақылды, ойшыл, шын кемеңгер.



Әлмұхаммед (Әлмағамбет) Оспанұлы

(1886-1966)
Алаш арыстарымен тілектес, ниеттес Торғай ақындарының бірі – Әлмұхаммед Оспанұлы. Файзолла Сатыбалдыұлы сияқты бұл кісі де "Алашордашыл ұйым мүшесі" деген айыппен сотталып, жер аударылып, сталиндік репрессияның құрбаны болған.

Әлмұхаммед Оспанұлы ғылыми ортаға белгісіз есім болғандықтан оның өмірбаянына қысқаша тоқталып өтелік. Әлмұхаммед ақын 1886 жылы Торғай уезі, Тосын болысының 4-ауылына қарасты Бестау өңіріндегі "Сасықсор" деген жерде дүниеге келген. 12 жасына дейін ауыл молдасынан хат танып, сауатын ашқан ол 13 жасында Торғай қаласындағы 4 кластық орыс қолөнер мектебіне түсіп "ағаш ұстасы" деген мамандық алып шығады. 17 жасында Торғай қаласындағы 6 жылдық орыс мектебінің 4-ші класына қабылданып, оны 1905 жылы бітіріп шығады. 1911 жылы Троицк қаласындағы Зейнолла ишанның "Расулия" медресесіне түсіп оны 1916 жылы аяқтайды. Оқуын тамамдағаннан кейін туған жеріне оралып "Бостандық" атты мешіт-мектеп ашып халықтың орысша-қазақша сауатын аша бастайды. Бұл мешіт-мектеп туралы Орынборда шығатын "Қазақ" газетінде "Игілікті істің бастамасы" атты мақала жарияланған [47, 6 б.].

1920 жылы Орынбордағы ағарту бөлімі мешітті қазақ тіліндегі бастауыш мектеп етіп ашып, осында үш айлық курс ұйымдастырылып, осы мектептен Торғай уезі бойынша 75 адам мұғалімдік куәлік алып шығады. Осы курста Әлмұхаммед Оспанұлы А. Байтұрсынов құрастырған емлемен бірінші рет сабақ береді. 1923 жылы Ақтөбе қаласында ашылған мұғалімдер курсында білімін жетілдірген Ә. Оспанұлы "Бостандық" мектебінің меңгерушісі болып тағайындалады.

1926 жылы Уфа муфтиінің жарлығымен Торғай уезіне мұхтасиф болып тағайындалып, бұл қызметті 1929 жылға дейін атқарады. 1929 жылы "ұлтшыл ұйым мүшесі", "Алашордашыл" деген айыппен 10 жылға сотталады. 1931 жылы бұл жаза жер аударылумен ауыстырылып, 1931-1934 жылдары Ырғызға жер аударылады. 1935 жылы елге оралып әртүрлі қызметтер атқарады. 1937 жылы зобалаңның алдын алып Троицкіге көшіп кетеді. 1939 жылы Қостанайға келіп ұстаздық қызмет атқарады. 1940 жылы "халық жауы" деген жала жабылып Қостанай түрмесінде екі жарым жыл отырып, 1943 жылы 8 жылға үкім шығарылып Маринскіге айдалады. Сонда жүріп арызданып 1944 жылы босанып шығады. 1944-1948 жылдары Қостанай төңірегінде әртүрлі жұмыстар істеп 62 жасқа келген Әлмұхаммед ақын елге оралады. 1956 жылы Қазақстан қазиының жарлығымен Семиозердегі мешітке имам болып бекітіледі. Біраз жыл имамдық қызмет атқарған ақын туған жеріне келіп 1966 жылы қайтыс болады [48].

ХХ ғасырдың басындағы әдебиетіміз негізінен екі бағытта: діни-ағартушылық және ағартушы-демократтық бағытта дамыды. Әлмұхаммед ақынның шығармашылығын қарастыра отырып біз оның осы екі бағытты қатар ұстанғанын байқаймыз. Діни-ағартушылық бағыттағы өлеңдерінде ақын имандылық, шариғат мәселелерін сөз ете отырып сол кезеңде қазақ арасына тарай бастаған маскүнемдікті сынайды. Мұндай өлеңдердің қатарында "Кел қолым, қалам ұста қылып ермек", "Ішкіліктің олжасы" сияқты өлеңдері бар. "Кел қолым, қалам ұста қылып ермек" өлеңінде ақын арақтың қазақ арасына тарай бастағанына нали отырып, оның қазақ сияқты көзі жаңа ғана ашылып келе жатқан ұлт үшін өте қауіпті дерт екенін айта отырып жастарды ондай әдеттен аулақ болуға үндейді. Шариғат, имандылық мәселелерін алға тарта отырып:
... "Айтады дос жылатып" деген де бар,

Кей сөзім, кейімеңдер, болса кермек.

Шын мақсат тіршілікте шырақтарым,

Үйреніп өнер-білім, өрге жүзбек.


Түзетіп мінез-құлық, тұрмысыңды,

Бір уақыт шын дос-жармен ойнап-күлмек,

Халық үшін болсын қылған қызметің,

Ұлтыңа, ұлысыңа көмек бермек [47, 34 б.] ,–


деп жастардың халық пен ұлт алдындағы негізгі міндетін айқындап береді.

Ал, "Ішкіліктің олжасы" атты өлеңінде ішімдіктің зардаптары туралы айта келіп, арақтың ұлттың санасын улайтын, мұсылманды иманнан айыратын аса қауіпті нәрсе екенін тілге тиек етеді:


... "Кел, қатын, төсек салшы", – деген бір шал

Бойжеткен өзінің қыз баласына.

Соны айтқан келініне және бір шал,

Сірә да, көз көрмесе нанасың ба?


Аз емес әзіл айтқан азамат та,

Өзінің "әйелім" деп анасына.

Осының бәрі арақтың әрекеті,

Кел, қарттар, құмарлықты қоясың ба? [47,39 б.].


Діни-ағартушылық бағыттағы ақын өлеңдерінің бір парасы түрмеде жазылған. "Жазушыдан соңғы сөз", "Туған жерге сәлем хат", "Тұтқындардың бірінші мүнәжаты", "Тұтқындардың екінші мүнәжаты", "Қоштасу", "Жол үстіндегі мүнажат" өлеңдерінде ақын өз туысқандарына, өзінің тілектес, ниеттес дос-жарандарына, тұтқында бірге отырған тағдырластарына жұбату айтып, сабырға шақырады. Бұл өлеңдердің әсіресе тар қапаста жазықсыз жапа шеккендердің қайрат-жігерін шыңдауда таптырмас құрал болғаны сөзсіз. Ақын:
... Болыңыз болған іске болаттай-ақ,

Бостықты бойға жуық жолатпай-ақ.

Қайғы ойлап, қасірет шегіп қажымаңдар,

Шіріген шырғай құсап құлатпай-ақ.


Күн санап көндігіңіз гүл-гүл жайнап,

Пірлерден болған жәрдем қуаттай-ақ.

Шыдаңыз шын жібектей ширатылып,

Бұйыға мінген байлап құр аттай-ақ.


Немесе:
... Ар-ұят, әдеп әркез азаматқа,

Жарасар жаңа таққан манаттай-ақ.

Бүгін бар, ертең жоқ боп туған заман,

Сыйлаңыз бір-біріңді қонақтай-ақ.


Алдағы жақсылардың жол жобасы,

Көрініп жатқан жоқ па сораптай-ақ.

Досқа күлкі, дұшпанға таба болмай,

Уайым ойламаңдар, олақтай-ақ [47, 33 б.], –


деп тағдырластарының жігерін жанып, дұшпанға сыр алдырмауға шақырып оптимизмге тәрбиелейді.

Әлмұхаммед Оспанұлының ағартушы-демократтық бағыттағы өлеңдерінде қазақ халқының өткен заманындағы қараңғылық пен надандық сынға алына отырып, халықтың болашағы өнер мен білімде екендігі, сол себепті қазақ жұртының білімге, өнерге ұмтылуы керектігі баса айтылады. Ақын өзінің қоғамдағы орнын дәл аңғарып ұлтты білім мен өнерге шақырып, үгіт-насихат жүргізуге белін бекем буады:


Ғазал жаз, Әлмұхаммед, қалам ұштап,

Доғарма зеһиніңді қараңғы ұстап.

Паш айла пікіріңді баян етіп,

Шықсын аз іштегі шер сыртқа тастап.

Артыңа аз да болса бір сөз қалдыр,

Көргендей кейінгі жас қолына ұстап...


...Не түрлі танимысың заманыңды,

Өлшеп піш заманыңа ғамалыңды.

"Айқаптың" журналына көмек көрсет,

Қостырып шашуға арнап шамалыңды.

Ғасырдың сөз өлшеген сыншылары,

Байқасын жүйрік яки шабаныңды...[47, 12 б.].


Жалпы Файзолла Сатыбалдыұлы мен Әлмұхаммед Оспанұлының ағартушы-демократтық бағытқа түсуіне сол кезеңдегі шығып тұрған "Айқап", "Қазақ" сияқты мерзімді басылымдардың ықпалы зор болды. Ү. Субханбердина құрастырған "Қазақ халқының атамұралары" деп аталатын мазмұндалған библиографиялық көрсеткіште осы екі ақынның аты да аталады. Мәселен "Айқап" журналының белді авторларының бірі ретінде Файзолла Сатыбалдыұлы туралы мынадай түсіндірме берілген:

Сатыбалдин Файзолла (1883-1959) – ақын-ағартушы. Торғай облысы, Батпаққара өңірінде дүниеге келген. "Айқап" бетінде жарияланған мақала-хабарларында оқу-ағарту, шаруашылық мәселелерін көтерген. Қуғын-сүргінді көп көрген [49, 85 б.].

Сонымен бірге ақынның фотосуреті де берілген.

Кеңес заманында жазылған көптеген зерттеулерде ХХ ғасыр басындағы әдебиетті сөз еткенде діни-ағартушылық бағыт пен ағартушы-демократтық бағытты бір-біріне қарама-қарсы қою басым болып келеді. Сонымен бірге діни-ағартушылық бағытты регрессивті бағыт, ал ағартушы-демократтық бағытты прогрессивті етіп көрсету де ғылымда орын алып келгендігі жасырын емес. Қалай десек те ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетінің, қазақ поэзиясының дамуында аталған екі бағыттың да маңызы зор екендігі ақиқат. Файзолла Сатыбалдыұлы да, Әлмұхаммед Оспанұлы да дін адамы болғандықтарына қарамастан, оларға ағартушы-демократтық бағыт жат емес. Керісінше бұл ақындар аталған екі бағытты бір-бірімен ұштастыра білген.

Әлмұхаммед Оспанұлы "Қазағыма" атты өлеңінде сол кезеңдегі әртүрлі тарихи оқиғаларға, қоғамдық-саяси жағдайларға халықтың назарын аударып, оны былайша суреттейді:
Қарашы, мынау халқым, неткен заман,

Көндіріп өз дегенін өткен заман.

Көл жайлап, бие байлап, толықсыған,

Дәуірі көшпелінің біткен заман.


Қармалап қараңғыда қазақ жатыр,

Басқалар бар мақсатқа жеткен заман.

Ішіп-жеп, басып-жаншып, пайдаланып,

Теңдіксіз ұрып-соғып кеткен заман.


Құмары азаматтың ала қағаз,

Сауы жоқ және ішімдік дерттен аман.

Қараңғы надан елдің күні құрсын,

Бұралқы қадірі жоқ иттен жаман [47,13 б.].


"Көл жайлап, бие байлап, толықсыған" көшпелі заманды аңсап "қараңғыда қармаланып" жатқан қазақтың, "басқалар ішіп-жеп, басып-жаншып, пайдаланып, теңдіксіз ұрып-соғып кеткен" қазақтың санасын оятып, отаршыл Ресейдің сұрқия саясатына үңілдіре отырып, көшпелі дәуірдің өткенін, қазақ жұртына өркениетке ілесіп, өнер-білімге ұмтылу қажеттігін насихаттайды:
Кел, қазақ, надандықпен қоштасалық,

Қайрылмас қанша айтқанмен кеткен заман.

Қатардан қалыспасқа қам етелік,

Қалмасын кейінгі жас тіпті надан.


Жастарды жасөспірім, жаңа талап,

Сақталық бұл адасқан беттен аман.

Үйреніп өнер-білім өрге жүзіп,

Сау қалсын, саналы жас дерттен аман [47, 14 б.].


Ақын өлеңдерінде сол замандағы өз құлқынының қамынан әрі аса алмағын би-болыстар, қожа-ишан, молдалар да ащщы сынға алынады. "Қатар-құрбы қазақ жастарына" атты өлеңде парақор би-болыстардың іс-әрекеттері әшкереленіп, сол заманның қоғамдық картинасы суреттеледі. Ақын:
...Жас сері, енді сенің сенерің кім,

Бар болса айтшы маған түсі барын.

Байларға малы бар деп сенемісің,

Отырған үнем қылып іші-қарын.


Басшы қып біздің халық бас иіп тұр,

Қасқырдай қарыс азу тісі барын.

Пара алып би-болыстар бөліп жатыр,

Бұрмалап бұзықтардың дау мен шарын.


Халық үшін қаны қызып қайғыра ма,

Таласқан дауға түсіп сатып арын.

Ерік бер ескілерге жата берсін,

Қожа, ишан қолына алып молдаларын, –


дей келіп, қазақ жастарын қазақ қоғамындағы парақор би-болыстар мен кертартпа, ескішіл қожа-молдалар сияқты "бітеу жараны" сылып тастауға шақырып, қазақ жастарының біріге қимылдап, халықтың халін, жұрттың қамын ойлауға насихаттайды:
...Тақырып халықтың халін, жұрттың қамын,

Талапты ойла өткір туғандарың.

Халық үшін ойдағы мен бойдағыны,

Жұмсалық құрастырып қолда барын, –


дей келіп, жастарды:
...Сералин, Байтұрсынов, Дулатовтың,

Жаны ашып, жазған әуел жұмбағын шеш [47, 15 б.], –


деп, Мұхамеджан Сералин, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов сияқты Алаш арыстарының соңынан еріп, олар бастаған ұлы істерге көмек көрсетуге, жалғастыруға үндейді. Бір қарағанда жоғарыдағы мысал-үзінділерге қарап отырып, бұл өлең кеңестік идеологияның ықпалымен жазылған өлең деп ойлап қалуға болады. Себебі бұл өлеңде де сол кезеңдегі көптеген шығармалардағы сияқты жағымсыз кейіпкерлер – байлар, би-болыстар, қожа-молдалар. Бірақ олай емес. Автор бұл жерде кейбір құлқын қамын ойлаған байлар мен парақор би-болыстарды, кертартпа қожа-молдаларды айтып отыр. Әйтпесе Әлмұхаммед ақын өзі де дәулетті десе дәулетті, әрі діни білімді нағыз пірадар молда кісі болған.
Сөз басы. Өзіме

І тақырып
Ғазал жаз, Әлмұхамбет, қалам ұштап,

Доғарма зеһиніңді қараңғы ұстап.

Паш айла пікіріңді баян етіп,

Шықсын аш іштегі шер сыртқа тастап.


Үндемей отыруыңды өнер көрмей,

Өзіңді тұтқын қылып өзің ұстап.

Артыңы аз да болса бір сөз қалдыр,

Көргендей кейінгі жас қолына ұстап.


Білемін талап етсең сөз табасың,

Алыстан тартпасаң да терең нұсқап.

Жоқ болса сауатыңда сөз самалы,

Мен сені ұстар ма едім, сонша қыстап.


ІІ тақырып
Не түрлі танимысың, заманыңды,

Өлшеп піш заманыңа ғаламыңды.

Сыр ашпай, жасырынып бұққанменен,

Білмей ме халық сенің жаманыңды.


“Айқаптың” журналына көмек көрсет,

Қыстырып шашуға арнап шамалыңды,

Ғасырдың сөз өлшеген сыншылары

Байқасын жүйрік, яки шабаныңды.





Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   19




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет