Бағдарламасы бойынша басылып шығарылды «Торғай кітапханасы»



бет15/19
Дата11.01.2017
өлшемі4,14 Mb.
#6804
түріБағдарламасы
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   19

БАЛА ҚЫЗБЕЛ



«Құлақтал» «Төңкеріс»2 пен бір қосылып,

Той жиын орталықта бірге ашылып

Сөйлеуге шаруашылық мүдделерін,

Біреуі бірінен соң тұрды асығып.


Маңдай қарт сақалдарын біраз тарап,

Сөйледі күлімдене көпке қарап.

- Ортаға механизм күші кепті,

Бір өзін сексен атқа тұрған балап.


Сегіз шал сергелдең боп елді бастап,

Арқалап ала қаппен топырақ тастап,

Ертеде екі өзенмен сан алысып,

Тоздырдық түйтелентіп талай аспап.


Баяғы атамыздың аталары,

Кезінде жер сусырап қаталады.

Тасқынға тоған салып тоқты сойған,

Болмаған сірә қабыл баталары.


Бала қарт басын қосып құла қақтан

Шұбырып сансыз сала «Шұбар аттан»

Қыдырып қыңыр тауды шыр айналып,

Ылдиға ылай «Теке» құлай аққан.


Сай басы қосылып ап сан бұлақтан

Жартастан жарыс салып қарғи аққан.

Тас қалап, талай тосқын салынса да,

Сақпандай аспанға атып жар құлатқан.


Ағады ол, жардан аспай ойға жылжып,

Тартады обырлана құрдым қылғып.

Үзіліп ұзын сала төрт аптада,

Шүңейтте балықтары қалар мүлгіп.


Таусылған тоқтата алмай жұрт айласы,

Тимеді тіршілікке бір пайдасы,

Атпа атып, кездей атыз суға салып,

Қырық тостақ тары алушы ек қырман басы.


Ертеден арман еткен ел осыны,

Халыққа тимей судың себесіні.

Текені-тегін су қып бөгеп алсақ,

Қырық жылғы өтер еді ол бересіні.


Көп өтті басымыздан мұндай қалып,

Қалса егер сүбеліне бір байланып.

Құрдымға жалғыз қасық су бермесек,

Ақтеңіз жатар еді шыр айналып.


Жайлаған біздің колхоз бұл Текені

Толтырып көлге айнала «Әлдекені»,

Оралып «Үркімбайды» жатыр еді,

Бұл ара қырық мың қойлық жер мекені.


«Бес тамақ», Қазалы мен Бестарауға,

Шалқар көл орнатылса Майқарауға.

Құт орнап Құлақталдан егін салып,

Басқадан сұрамас ек судан сауға.


Текенің жайлау ашып саласынан,

Қаратал қайың егіп жағасынан,

Отарлап отыз мыңдай жылқы ішкенде

Ортаймас алты ай жазға сабасынан.


Ертеде ел ынтыға еткен арман,

Кезі жоқ көп тілегі жерде қалған.


ТАҢАТҚАН БАЛУАН

Аңсаған атар таңды сан ғасырда,

Қаптаған қайғы бұлты ел басында.

Ат қойды ел Таңатқан деп туған ұлға,

Ғасырдың жиырмасыншы жыл басында.
Қойған ат үмітпенен Таңатқанға,

Бақытты ұл болсын деп таң атқанда.

Арқалап ақ бесікті аунайды екен,

Анасын емшек сұрай оятқанда.


Бес жаста ағаш атқа жіпті байлап,

Он жаста бесті асауға мініп жайдақ.

Талдырып кетеді екен талайларды,

Таңатқан бармағымен шерткенде ойнап.


Келгенде он алтыға оның жасы,

Көрінді саңылақтанып ер тұлғасы.

Түрініп ақ балтырын топқа түсіп,

Атанды Арқа еліне «Палуан басы».


Отты көз, ер көкірек, жар қабақты,

Бүйрек бет, ер мұрынды, ұзын жақты.

Қайратын Таңатқанның аңыз қылып,

Әртүрлі мақтаулармен қойған атты.


Таңатқан - дейді халқы сүйікті адам,

Талайлар күш сынасып иықтаған.

Төрт кісі төсек салып жата қалса,

Кең сиып, кеудесіне ұйықтаған.


Жайлаулай жауырыны кең көкіректі.

Ойнатқан ортекедей бұлшық етті.

Топ көрсе екі иінінен демін алған,

Жоталы жолбарыстай сом білекті.


Ас пен той бола қалса әлде қандай,

Ол тойдың қызығы жоқ Тәкең бармай.

Майданда шарт жүгініп отырғанда

Көрінер дулығалы шөккен нардай.


Келгенде түйе палуан қойнын ашып,

Бурадай буырқанып, көбік шашып,

Теңселіп төсін керіп, қолын созып,

Барады ол ұстасқалы маң-маң басып,


Қаратқан қайратына барлық жанды,

Бұлшық ет, бүлкілдетіп бура санды.

Ақырып арыстандай «әуп» дегенде

Көресің бұрқ-бұрқ етіп шыққан шаңды.


Айқайға көтеріліп арқаланып,

Қалма деп берік ұста қамтамалық.

Қаңбақтай мұзға түскен домалатып,

Төңкеріп тастаушы еді төстеп барып.


Айтулы Ақанбайды аспанға атты,

Сібір мен Сыр палуанын жығып қайтты.

Оралдан іздеп келген өгіз палуан,

Мертігіп бие сауым талып жатты.


Айқындап алысқанды жығып үнем,

Жан шықпай күресуге қалды мүлдем.

Алған ол бас бәйгеге талай тойда

Ат-шапан, қара нар мен қалы кілем.


Атағы Таңатқанның ұшып жүрген.

Аңыз ғып елден-елге түсіндірген.

Өңгеріп атан өгіз ат үстінен

Қозыдай қолтығына қысып жүрген.


Дейді ел - Таңатқанның қолы қатты,

Тоқтатты білекке орап жеккен атты,

Атанды өркешінен бір сіліккенде

Бақырып шөңкеріліп, жүре жатты.


Қайтқан жоқ қайраты оның күні бүгін.

Әлі де көрсетіп жүр палуандығын

Мейлің арт арқасына, мейлің тартқыз

«Көтерген күндік жерге нардың жүгін».


Жарты асам жайшылықта етке тойған,

Сынауға алдына әкеп болсаң қойған

Сорпаны ішіп, сүйегін таза мүжіп,

Түк қоймай жеп кетеді құнан қойдан.


Атағы Таңатқанның шетке кеткен.

Өңірін Ұлытаудың дүбірлеткен.

Күшіне қорғасындай мінезі сай.

Табанды, тайынбайтын алған беттен.


Колхозда қазір жұмыс атқарып жүр.

Ер деген ұлы еңбекте атты алып жүр.

Ел үшін жұмсаған күш-қайратына

Барлық жұрт аңыз қылып мақтанып жүр.



1947 жыл.
Сәт пен Нұрхан
Омар Шипиннің айтысты ашқаны:
Бұл айтыс атамыздың ата салты,

Айтысты әдет еткен қазақ халқы,

Шортанбай, Шөже, Орынбай, Базар жырау

Ақындық ел ішіне шыққан даңқы.


Ақын қыз Дәме, Ырысты - Қызылқұмнан,

Кеншімбай, екі Жүсіп шыққан Сырдан.

Айтысқан Жарылқасын, Айымторы,

Өлеңі Әсеттің де бұлтты ысырған.


Тобылдан - Өскеменен туған Нұржан,

Айтысқа Сапарғали белін буған.

Жұмбақты Сапар айтып, Нұржан шешіп,

Өлеңмен Наушабаев жауын ұрған.


Сара мен Біржан салдың айтысқаны,

Көрсеткен атпағанын әйел таңы.

Ол кезде аяқ асты жүрген ақын,

Жалғыздай үн, жаяудай шықпай шаңы.


Халыққа қырық бір жыл таң атқалы,

Ғасырдан артық минут сағаттары.

Жапырып жан таласқан талай жауды,

Жер жүзі Октябрьді мадақтады.


Ақындар, айтысқаның, - амандасқан,

Қарасып бір-біріңе хал сұрасқан.

Ағаңның айтар осы беташары,

Болмасын ешбір ақын сыннан қашқан!


Сәт:

Көркем ән көкке өрлеп шалқығандай,

Аймалап Айдың бетін шарпығандай.

Самсаған сұлу әнді құлақ сүйіп,

Естіген есі кетіп балқығандай.

Көңілін тыңдаушының, құмартатын,

Жүрекке барғанында тиіп балдай.

Сөзіммен көп көзіне көрінейін,

Жорғадай дөңгелеген аяқ шалмай.

Ауданның Аманкелді ақынымын,

Сан топта сайрайтұғын бұлбұл таңдай.
Қиялым қияға өрлеп шалқып-тасып,

Арнасын ақындықтың сөзбен ашып,

Өткізіп ой електен өлеңімді,

Қайраткер қаламыммен ақылдасып.

Бұл күнде сөз базары көтеріңкі,

Жүлде де жүйріктермен тақымдасып,

Жасаған қырық жылдың жеңістерін,

Аймаққа жырдан маржан шашу шашып.

Облыс ақындары айтысына,

Арнаулы келіп тұрмын қадам басып.


Сайысып сынасуға бірі-бірін

Тереңнен сөз асылын теретұғын.

Шешендер ойы алымды, сөзі шырын,

Домбыра қызықты етіп айтыс күнін.

Ақыны Жанкелдиннің інім Нұрхан,

Сөйлеші ауданыңның шаруашылығын.


Нұрхан:

Топ көрсем тоты құстай таранамын,

Қырандай қиқу шықса қаранамын.

Желдетіп жыр нөсерін төге салсам,

Көлдетіп толтырамын жер алабын.

Самсаған қиялыммен көкті шарлап,

Басында бұлғыр шыңның дем аламын

Сайраған сан бақшада мен бір тоты,

Жайлаған гүл райхан, көк алаңын.
Сәтеке, маған бір сөз арнап едін,

Жарыста жаннан кейін қалмап едің.

Ұлы шу, той-томада топтан озып,

Желіспен жер таныған тарлан едің.


Кешегі кер заманның, ақындары,

Жағынып жауыздарды мақұлдады.

Мадақтап маңғазсынған манаптарды,

Сұранып сұр таңдайлар тақылдады.

Бір есер бір сом ақша тастай берсе,

Зар-жағы жалыққанша қақылдады.

Жамандап жарым теңге бермегенге,

Қазбалап көп алдында тақымдады.


Айтысып талай ақын ерегісті,

Егесті жөндейміз деп жөн еместі.

Ежіктеп елді екіге бөліп алып,

Бергісіз айтыстары төбелеске.

Ақыны біздің заман жүзі жарқын,

Өзінің мадақтайды туған халқын.

Сауыққой, салтанатты, көңіл ашар,

Қостайды қазағымның сүйген салтын.


Елімнің бұлттан асты бел өркеші,

Секілді алтын қанат көк еркесі.

Әлемге нұрын шаша соқты самал,

Секілді жер жаннаты көлеңкесі.


Өсті елім шұғла жайнап шырайланып,

Жау шіркін, қалды білем бір ойланып.

Жасанды жер серігі жұлдызша ағып,

Шыққанда жердің шарын шыр айналып.


Суайттар соғыс құмар судай тынды,

Аузына өсекшінің құйды құмды.

Жаһанға жаңа ғылым жарық еткенде,

Селк етіп, зәресі ұшып көзін жұмды...


Қарасам таңғажайып жастарыма,

Ғылымның шыққан биік асқарына,

Талпынып таң нұрына қанат сермеп,

Жетті еркін ғұламаның аспанына.


Нұр жанған ауылымның түні күндей

Қарайды түндігімнен Күн күлімдей.

Тұтқасы алты әлемнің Совет елі,

Айналған жер шарының кіндігіндей.


Жиналды облысымның ақындары,

Сыр ашып сынасуды мақұлдады.

Торғайдың топтан озған жорғасымын,

Жанкелдин Әлібидің атындағы.


Ауданым Алатаудың алқабындай,

Көлдердің аумағы мол шалқарындай,

Келеміз табиғатты бағындырып,

Өмірде қонған бағым шайқалынбай.


Алатау Талғарының тұлғасындай,

Ауданым облысымның құбыласындай,

Бәрінен дулығасы асқақ тұрған

Үдетіп екпініміз бір басылмай.

Қар суы - қатық болып құт орнаған,

Ырыстың, алтын қазық шынғасындай.


Бұл өзі қилы заман көрген Торғай,

Жайратып жау жазасын берген Торғай.

Өткізіп бір басынан талай тартыс,

Қария жүз он беске келген Торғай.


Болды оның нелер жүйрік шешендері,

Тербелген тал-қайыңдай көшемдегі.

Торғайдың күнгейіне көлеңдетіп,

Ту тіккен революция жаса ерлері!


Ақыным, біздің жаққа қарасаңыз,

Сөйлеп бақ, теңдесуге жарасаңыз.

Табысым таудан биік болса-дағы,

Таспаймыз, кішіпейіл - аласамыз.


Мәдениет сән-салтанат сауық құрған,

Біздің көп танғажайып тамашамыз.

Келсе де Қазақстан қай түкпірі,

Тайқымай табан тіреп таласамыз.


Көрдіңіз ел аралап талайларды,

Тағы да сіз көрмеген талай қалды.

Нақыштап, әшекейлеп зәулім биік,

Салдырдым сауық үйі сарайларды.


Жайнаттық гүлдендіріп көк алаңды,

Айнала колхоз елі қалаланды.

Радио үй басына саңқылдайды,

Жеп-жеңіл жер бетінен хабар алды.


Көріп пе ең «Партсъездің» зор қаласын,

Көркіне көзің тоймай таң қаласын,

Жалықпай «Жаңа тұрмыс», Шұбалаңға,

Жеті күн тамашалап айналасың.


Біреуі Жанкелдиннің жаңа ауылы,

Толтырған байлықпенен ел қанбасын.

Атақты алтын кентті Албарбөгет,

Дер едім көрмей жүрсің, құр қаласың


Барып қайт, тілімді алсаң тағы аралап,

Осыдан таңғажайып үлгі аласың.

Ғажайып төрт түлікті мекен жайы.

Салдырттым салтанатты мал қорасын


Менде бар толықсыған тоғыз қала,

Өтінем, тілімді алсаң, бір барарсың.

Бар десем кей ісіңде кемшілігің,

Несіне мойындамай арланасың?

Салақсың, кем-кетікті санамайсың,

Радио колхозыңның көбінде жоқ.

Жым-жылас құлаққа ұрған танадайсың.
Бар екен колхозыңда қамыс қора,

Халыққа аты мәлім таныс қора.

Әйтеуір әлеуметтің көзін алдап,

Салыпсың ауданыңда он үш қора.


Таң қалдым сіздің елдің қорасына,

Келмепті жаңа құрылыс жобасына.

Жарбиып жар басында жантайып тұр,

Ұқсайды Қожанасыр моласына.


Жарылып бүйірінен дал-дал болған,

Тәсілін таба алмапсың о басында.

Кеткендей қасқыр талап қабырғасы,

Жазылмас май жақса да жарасына.


Сәт:

Көп сурет беріп өзің ауданыңа,

Биік шың, теңеп құздың аңғарына.

Байлықты, берекені, көркемдікті,

Алыпсың бәрін жиып албарыңа.
Қала ма барлық аудан артта сонда.

Кеткенде бәрі саған аударыла.

Кетіпсің шығыңқырап шеңберінен

Көлеңке келем беріп аумағыңа.


Жалғыз-ақ өзің ғана араласып,

Қырық жыл табыспенен толғанына,

Тілде сөз, қаламда із көп деген рас,

Сенің бұл айтқаныңнан аңғарыла.


Мәдениет баспалдағын басып көшіп.

Көрсеткіш артық үлес табыс қосып.

Ғылымның салмақты көп саласына,

Мәдениет баспалдағын басып көшіп.


Ақыным, құлағың сал, қара маған,

Түрлерін жұмысымның салалаған.

Келісті көңілі зерек, қолы шебер,

Меңгерді техниканы үш жүз адам.


Ешкім жоқ сырттан келген осыларда,

Өзімізден оқып шыққан кадр - маман

Ойы алымды, өнерпаз жетік ұста,

Тудырған осыларды жаңа заман.


Қостамдағы Молдаштың қойыменен,

Кіріп шық, жатқан шұқыр қазбасына,

Сауысқандар тұғыр ғып күлісіп жүр,

Қотыр қойдың мініп ап таз басына,

Сұлулап салдым дейсің сәнді сарай,

Сөз бен шаруаң арасы алшақ қалай?


Нұрхан:

Ақын сейлер халыққа пайдалыны,

Таппаса талғап-талғап ойдағыны.

Сөйлессе әдеппенен бір ғанибет,

Соқпаса қайдағы мен жайдағыны.
Көріп пе ең «Аққұм», «Тосын», «Қарақұмды»,

Сыртында қоңыр бұйрат «Балақұмды».

Жерінің жемісінен шық тамшылап,

Май қылған кебісім мен балағымды.


Көріп пе ең Сары тосын дүлейімді,

Жаз көшіп, қыс қыстайтын тың ойымды.

Ішіне тал, көк теректі, көк ырғайы,

Бұтадан аттың басы бұрылмайды.

Салбырап мәуелері тәжім етіп,

Сыбдырлап жас арудай сыбырлайды.


Гүл майса шырмауықты талға бөлеп,

Қайтады қарашада қаз бен үйрек.

Білгендей ел келерін ертең-бүгін,

Батысқа аң жосиды тау жебелеп.

Түскенше боқыраудың бозқұрауы,

Тұрады мұнарланып алқара көк.


Жаз жайлап Қарасайды, Майқараны,

Ерте өргізіп, кеш қойын қайтарады.

Болғанша күзгі мезгіл күзем айы,

Теңелді ақауызға марқалары.

Шел басып тұла бойын туырлықтай,

Мамықтай ырғалады арқалары.

Ерқаттың етке берген бағландары

Кір тартып алты пұттан шалқалады.

Ғажайып сиырымның сүті артты,

Бұзауым құлан-өгіз гірін тартты.

Түйедей ту сыртына қом арқалап,

Шыға алмай өрге басып жүре жатты.

Жылқым бар сәйгүлікті қазан аттан,

Жығылмас шабуылда қазақ аттан.

Тай қымыз, құнан қымыз, дөнен қымыз,

Тең-теңдеп қара нарға сабаны артқан.


Қарттарым жиналысып ертеменен,

Шаттықта жүрегінде жел кернеген.

Тегештей тай жүзгендей қымыз құйып,

Алыңыз, алыңыздар, кел-кел деген.

Әңгіме-думан қызып қызғылықты,

Жатқаны ажуаласып тең-теңімен.

Түндігі ақбоз үйдің желпілдеген,

Осындай салтанатың бар ма сірә?

Озбасаң бүгін қалып, ертең менен.
Сәт:

Аралап барып қайттым Сіздің елге,

Екеулеп зер салайық осы жерге.

Үйінде Алпысбайдың алты бұзау,

Бірге отыр адамымен бұ да жөн бе.

Тұтасқан қотыр барлық денелері,

Әлі жоқ алдындағы шөбін жеуге.

Сыпыртып осы сөзді Қайырбегің

Жұмсамай мал дәрігерін емде деуге.

Қораның қидан қалап қабырғасын,

Дедің де суық соғып дамылдасын.

Ақ боран, үскірікте қора салып,

Сақтайсың қалай аман малдың басын?!

Қыс күндер қора салу, айғағы ғой

Өрісі шаруашылықтың тарылғасын.

Шырағым, ал мойныңа кемшілікті,

Айтылған анық факт, сөз расын,

Еске сап ескертемін достықпенен,

Түзет деп кеміс-кетік шаруасын.

Жөні жоқ жаурап өлген сегіз жүз бас,

Бұл қойлар мойындайсың, шындық рас.

Күзетпей түнде қойын жалқаулықпен,

Қасқырдан көп шығынды көрді Молдаш.
Нұрхан:

Тұра ма сөз қуған соң бадаладай,

Сыпайы сөйле, ақыным, қараламай.

«Хан сыртынан жұдырық» соқпа, Сәке,

Аймағын ауданымның араламай.
Осы ма өтірікпен мықтағаның,

Аға деп көңіліңді жықпағанмын.

Жағалап өтірікке жамбастадың,

Білмеп пе ең қортынды әлі шықпағанын.


Бұл сөзің халыққа шын көрінген жоқ,

Дәл бүгін еңбекке ақша бөлінген жоқ.

Сен өзің жасадың ба бұл есепті,

Отырсың сырттан соғып мақтаған боп.


Сенің де қойларыңда күй қалмапты,

Күй түгіл, бойда қуат, жәй қалмапты.

Жылы су, жем жегізіп байқайды екен,

Малға жай жанын күтіп үйге алмапты.


Менің бір құмартатын аңсағаным,

Соларды көрсем сүйіп, тамсанғамын.

Колхоздың шаруасын басқаруда,

Менің бар жүз қаралы комсомолым.


Мақтасам артық емес Қоныспайды,

Ай сайын шүйгін жайып қоныстайды,

Жұтқызып Қошалақтың құдық суын.

Жас жігіт көріп пе едің Шортанбайды.


Ол өзі тірі жаннан қорқа алмайды.

Жарылып қошқарлары құйрығынан,

Таяқтап қуаласаң жорта алмайды.

Сарагүл оның сүйген келіншегі,


Майысып сынғалы тұр шеміршегі

Жарыста одан озған ешбіреу жоқ,

Бордақтап баққан малын семіртеді.

Қалаңда қыз-келіншек көп-ақ екен,

Бозбала, жастың жалқау еріншегі.
Бозбала Бұзауғали бұзау бақты,

Әкесі алпыс сиыр бұзаулатты.

Болған соң малы семіз көңілі жай,

Өзіне бір жан жолдас қыз аулапты.

Қалайша қызымды айтпай жай қалайын,

Көргенде балаларымды аймалаймын.

Кой бақты орта мектеп бітірген соң,

Қарағым, Күнжамалым, айналайын.


Оңай ма жеті жүз қой жас балаға,

Ер жүрек туған бала жасқана ма?

Бәрі де сыйлық алып қырық жылдықта,

Атағы мәлім болған астанама.


Қарасаң жас сәбидің қабағына,

Күн сүйіп, ай қонғандай тамағына.

Ойланып осы жылы кіргізіпті,

Малшылық мамандықты сабағына.


Ата мен мұғалімдер анасындай,

Бәрі де мәпелейді баласындай.

Ғылымның кең бұлағын ағытты олар,

Сан өлке, тоқсан судың саласындай.


Менің көп таңғажайып мектептерім,

Көп әлі бізге қуып жетпекке елің.

Сен-дағы жеңілместің қамын істеп,

Бір талай омыраулап текпектедің.


Сәтеке, нағыз заржақ шешен едің

Мен сендей көшеге гүл төсемедім.

Ескі үйде есігі тар әлі отырсың,

Қалаңның қоқыс басқан көшелерін.


Қатты айтам, құлағың сал, естідің бе,

Кірсейші бір шатырлы есікті үйге.

Аралай клубыңды барып едім,

Ишанның әлі отырсың мешітінде.


Сөйлесе жиып-теріп сөз қала ма?

Сен-дағы құрғақ даумен созбалама,

Қойсайшы, егіз қозы секілді едік.

Мен қойдым, сен де енді қазбалама.


Сәт:

Отырған Аманкелді ауданы елдің,

Ерекше бір байлығы тағы жердің.

Бәрі де дүнияға шығып жатыр,

Тығылып жер астында жатқан кеннің.

Пайдасы мемлекеттік қаншама көп,

Бокситтен жасалатын алюминің.

Қызылқозы және де Қызылталдың,

Байлығын іздеп тапқан өзің көрдің.

Алюминнен жасалған самолетпен,

Қалаға екі сағат ұшып келдің.

Завод үшін керекті көп материал,

Күнде алып жатқаны инженердің.
Нұрқаным, елу сегіз осы жылда,

Табыспен тасқындаймыз өрлеп шыңға.

Ынтаның, ынтымақтың салтыменен,

Ерекше қой өсірмек болдым тыңға.

Көбейтіп көлдің түрін, малдың санын,

Береміз сонда саған тура сынға.

Белгісі байлығымның осы емес пе,

Жаңа жылда ие болдым Қызыл туға.

Қызыл ту қызықтырып бар әлемді,

Бөленді менің халқым асыл нұрға.


Партия съезінің тапсырғанын,

Орындау осы жылы түгел бәрін.

Табыстың тасқындайтын кілтін бұрап,

Жасаймыз қаһарман күш, жігер жалын.


Нұрхан:

Елге бір жаңа хабар сөз келіпті,

Зор бақыт ырысыма кез келіпті.

Бестаудан жаңа совхоз ашылмақ боп,

Бұл хабар қуанышты тез келіпті.

Кеудесін мақтаншылық жел керіпті,

Болады табыспенен ел көрікті.

Келеді енді қашан деп тұрғанда,

Біз көрдік жалғыз келген Қарбеновты.
Бір сыр бар ел көңілінде көтермелі,

Сансыз күш сар даланы күңірентіп,

Жиналды жаңа қоныс мекенге елі.

Халыққа келді тосын бір сын қатты,

Деп сызды қала орнайды бір сымбатты,

Ақорқаш алпыс көлдің айналасы,

Ай болмай айқай-сүрең, гүрсіл қақты.
Таң қалдым өнерпаздың келбетіне,

Қор төкті таң-тамаша жер бетіне.

Ғалымдар қазық қағып, сымдар керді.

Ақбелес, Арал көлдің жел бетіне.

Қолданып жеңіл тәсіл - амалдарды,

Орнатты айналаға қамалдарды.

Қаратас, асыл болат тау-тау болып,

Сырғытты қолдан-қолға самандарды.


Бұралап фундаментті жатты төсеп,

Қаланды қабырғаға тас пен кесек,

Бір күнде үшкүндікті орындады,

Еңбегін ешбіреуі етпейді есеп.


Сайыстың сан алуан батырлары,

Жалықпай жанын салып жатыр бәрі.

Сырылдап нәскүріктер, балта шауып,

Басында балға, қашау шақылдады.


Арқасын күнге төсеп шағаладай.

Жарқырап жабылуда шатырлары,

Аз уақыт ауқаттанып алғаннан соң

Түкіріп асыққаннан қақырмады.


Мынау күш таңқалдырды тамам елді,

Толтырды тамашаға Алакөлді.

Түскендей ел басына көк жүзінен,

Ғажайып бір сәулетті қала келді.


Гүрілдеп тракторлар тыңды айырды,

Ел бетін ауыр істің бір қайырды.

Теңіздей тербетіліп егіні өсті,

Шұбыртып жүргізді көп комбайнды.


Ел жұмсап қолға түсіп табылғанын,

Еңбекке көрдім елдің, жабылғанын.

Үйілді тау-тау мая баз басына,

Білмеймін қалай жиып шабылғанын.


Күркіреп көкке атылды күш борасын,

Зырқырап «Победа» мен шыр айналып,

Қар түспей көріп қайттым үш қаласын.

Жайлады Қайыңды мен Мүлкіләнді,

Қосқыз бен Бөбекейге жылқы барды.

Ақшақұм, Қарасайдың арасында,

Қой қаптап, майға пісіп былқыған-ды.
Сиырлар Базылбек пен Жалау барды,

Ентікті майға пісіп танаулары.

Қарқынның қаһармандық арқасында

Еңбектің жанған оты алаулады.


Жырластық елдің күшін біраз сермеп,

Ортайды ойдағы сөз жүрген кернеп.

Сәтеке, аяқтайық осы айтысты,

Айқаймен ауыз кеуіп, кеттік терлеп.



1957 жыл.

ДАСТАНДАР

ҚАРҒА ҰРЫ
Ертегі естімеген елден шығар,

Асыл тас айдын шалқар көлден шығар.

Тарихты тәтті сөзбен таңырқату

Көзі ашық, тілі орамды ерден шығар.


Біреуге ажал - судан, біреуге - оттан,

Кейбіреу майып болған бір апаттан,

Дүние кейбіреуге кең жай беріп,

Кейісін тар қапаста зар жылатқан.


Сонымен заман озып бара берген,

Бірінің біреуі орнын ала берген.

Тамаша талайлардың еткен ісі

Аңыз боп ел аузында қала берген.


Ертеден шығармаған ел есінен,

Әр түрлі әңгіменің келесінен,

Батырдың, бай, жарлының уақиғасын

Қарттардың көп есіттім кеңесінен.


Қарт Мұрат шарт жүгініп бір тізесін,

Келтіріп кестесімен сөз жүйесін.

Бір топта тамсандырып айтып өтті,

Қарғаның бір ғажайып әңгімесін.


Атағы ер жігіттің өнерінде,

Өмірге кім араша сөнерінде,

Айтыпты бір әңгіме Қарға дейді,

Халыққа сырын шешіп өлерінде.


Қарғаның бәйбішесі қасында отыр,

Мәпелеп, сусын беріп басында отыр,

Ақсақал, игі жақсы жиналысып,

Қарғаның көңілін сұрай осында отыр.


Бәйбіше айдын көлдің қоғасындай,

Алтынды асыл тонның жағасындай,

Халықты қайрымымен қандырушы ед

Ортаймас отыз бие сабасындай.


Ұлықтап үлкен келсе сыйлаушы еді,

Кішінің көрінуші ед анасындай.

Алдына бәрі келіп еркелеуші ед,

Өзінің бір жансүйер баласындай.


Жөн-жүйе әлеуметке үлгі берді,

Ұстаздың ұлы ғалым данасындай.

Қылығы қартайса да қыздан артық

Он бес пен жиырманың арасындай.


Қарға мен Гүлсін аты қатар шықты,

Әйел деп төмен етек қорашсынбай.

Сұқтанып ерлі-зайып арасына

Сүйсең жар деуші еді жұрт бол осындай.


* * *
Көтеріп төсегінен Қарға басын,

Бір шолып қарап алып айналасын,

Халыққа өсиетін айта келіп,

Сөйледі көзіне алып Қарға жасын.


- Ей, жұртым, пенде бар ма өлмейтұғын,

Алланың аманатын бермейтұғын,

Жаралып бұл дүниеге келгеннен соң

Жан бар ма көресісін көрмейтұғын?


Көп еді қателікпен еткен ісім,

Бұл күнде сырқаулықтан кетті күшім,

Аяқты шалыс басқан ғарып пенде

Ақырда еттім демек соның үшін.


Армансыз өткен кім бар жалғаныңнан,

Бақ қонып, құтың аумай албарыңнан,

Дүниенің домбырасын бұрай-бұрай,

Жанталас, таптым жарық жанжалымнан.


Бермеді жаста тәңірім несібіме,

Кедергі тұсау салды кәсібіме,

Пендеге пенде болмай өтейін деп

Байлардың жалданбадым есігіне.


Он беске жетімдікпен жетті жасым,

Жоқтықтан жүдеушілік көрді басым,

Халықтың қазынасынан не пайда бар,

Бермейді бейнеттенбей бай дағы асын.


Қолыма он жетімде жүген алдым,

Жоқтықтан жұрт малына құрық салдым,

Бүтіндеп бой-басымды жанталасып

Жексұрын малдыларға ұры атандым.


Сараң бай деді мені ұры Қарға,

Жүргенде қара таппай ұрынарға,

Құтты бай құрығымнан сескенген соң,

Деген жоқ жаман атақ мұны Қарға.


Мен кеттім бір заманда елден жырақ,

Құла түз, құз бен шыңды қылдым тұрақ,

Бірдікін бірге әкеп матастырып,

Соқтықпай момындарға жүрдім бірақ.


Қараөткел, Қызылжар мен Қыр дуаннан,

Орынбор, Омбы, Сібір, Сыр, Қуаңнан,

Келемін жылқы тартып топтап айдап,

Алғандай қалың малға бір құдамнан.


Түн қатып, түсім қашып ел ақтадым,

Орман, тау, сай-саланы қонақтадым,

Кісіге көңіл еткен бөліп беріп,

Көбісін өз бойыма жаратпадым.


Қуғыншы болушы еді құмарларым,

Талайын тізеге сап нығарладым,

Болса да қандай алып асқан балуан

Қос қолдап бір ұрғаннан шығармадым.


Аударып ала алмаушы ед ешкім аттан,

Болған жоқ жолға бөгет, қанды қақпан,

Талайы қараңғыда қарсыласып,

Боп жүрді бір салғаннан қаза тапқан.


Осындай көп жүрістің біреуінде

Жерім бар өлмей кеткен бір ұяттан.

Кетейін жан барында сіздерге айтып

Кейінгі кеңес қылсын біздің баптан.


Бір жылы Ұлытауда жылқы тартып,

Келемін топтап айдап күн-түн қатып,

Үстіне қалың елдің келіп қаппын.

Қарасам түн түріліп, таң да атып.


Ағарып күн шығуға қалды таң да,

Көрінді оны-мұны жақын маңда,

Болған соң көзге түсіп қалатындай

Мен келдім паналауға бір көп тамға1.


Күн шығып, сәске қызды быж-быж қайнап,

Қойшылар өрістетті қойын айдап,

Ұңғыны өрлей қонған қалың ауыл

Шаңдатып жылқы қуды, бие байлап.


Бір кезде ақ киімді, ақ боз атты,

Ақсақал қыр мұрынды, ұзын жақты,

Боз атты қамшысымен сипай түсіп,

Ырғалып аяңдатып келе жатты.


Жақындап келіп қалды тамға таман,

Қашуға келмей қалды менің шамам,

Белгілі «ұры қуыс, бөрі жалтақ»

Қысылып мен барамын онан жаман.


Сыртымен көп моланың жағалады,

Жан-жаққа мойнын бұрып қарамады,

Қаңтарып ақ боз атқа шідер салып,

Қорымды жаяу кезіп аралады.


Отырып бір молаға шарт жүгініп,

Бір тұрып, аяқ жақтан тағы отырып,

Оқыды ұзын сүре соза тартып,

Көп уақыт отырарын алдым біліп.


Ойладым осы тамға келеді-ау деп,

Тығылып жатқан мені көреді-ау деп.

Қалың ел хабарланып ұстап алса,

Сазамды ұмытпастай береді-ау деп.


Отырып әрбір түрлі ойға қалдым,

Бір айла тапқаныма мен қуандым,

Еңбектеп молалардың арасымен

Бір көрге үңірейген кіріп алдым.


Бұрын да талай қулық баққан едім,

Молаға ақ киініп жатқан едім,

Көрқап боп көрден шығып, елді үркітіп

Көп олжа қорқақтардан тапқан едім.


Соны істеп тыр жалаңаш көрде жаттым,

Ысқырып көрдің ішін ызыңдаттым,

Аузымды қисаңдатып, тісім қайрап

Көтеріп көрден басым жылмаңдаттым.


Бір бейітке жаңа қойған тұрып барып,

Оқыды қирағаттап кәлам шәріп,

Көр ішін күңірендіріп бір көрінсем,

Қарайды, сескенбейді көзін салып.


Құранды үш қайырып әлгі батыр,

Қауіпсіз еш нәрседен болмай ғапыл,

Қағынып етек-жеңін түрегеліп

Аяңдап маған таман келе жатыр.


Қысылдым өнерімді енді сарқып,

Құтылам бұл қу шалдан енді қайтып,

Еңкейіп тесіктен кеп қолын сұғып,

Шап беріп сирағымнан алды тартып.


Тартып алған бетімен кетті үйіріп,

Саусағы сирағыма кетті кіріп,

Ақырып бір қолымен айналдырып,

Қамшымен шыпылдатып қояды ұрып,


- Я, шайтан, лағынет, ит, малғұн!- деді,

- Төңірден не деп қарғыс алдың?- деді.

Бауыздап сен залымды жоқ қылайын,

Жан беріп жаһаннамға барғын-деді.


Үйіріп әрлі-берлі қамшылады,

Қамшыдан оңай қайтіп жан шығады,

Тұла бойым көк ала қойдай болып,

Қан шұбап қабырғамнан тамшылады.


- Тақсыр-ай,- дедім сонда,- адам едім,

Іс қылған бос қулықты надан едім,

Әл білмей ақымақтықпен түстім қолға,

Мал ұрлап, елге қайтып барам- дедім.


Адаммын, шайтан емен, атым Қарға,

Құдайым кездестірді мұндай зарға,

Шыбындай бір жанымды құтқара көр,

Жылқымның жетектегі бәрін ал да.


- Ә, бәсе, солай ма екен!- деді,- балам,

Егер де көрқап болсаң, басыңды алам,

Екінші мұндай іске үйір болма,

Өзіңнен зорлар шықса, келмес шамаң.


Нәнталап сен дағы бір ер екенсің,

Әркімнен айлаң асып жүр екенсің,

Талабың тай жегендей, тауға өрлеген,

Тауаның қайтпай жүрген неме екенсің.


Кетейін бір сапарға арың төкпей,

Жастықтың кім жүреді қосын жекпей,

Әр істі аңғарына өлшеп істе,

Арасы әр адамның жер мен көктей.


Дедің бе бір жан үшін жалынайын,

Байқадың қарт ағаңның мәні-жайын,

Еңбек қып алғаныңды шығындатып,

Сен иттің малыңды алып не қылайын!


Көрдім деп мен айтпаспын мұны біл!- деп,

Шал сонда атқа мініп болды жүрмек,

Мен сонда қол қусырып сөз сұрадым:

- Көрдім деп қалар екем сізді кім?- деп.


Шал айтты:- Пайда бермес ұсақ айла,

Ғибрат бұл ісіңнен таптың пайда,

Сұрасаң, менің атым Төлек Жәуке,

Мерт болдың арыстандай шапқан айға!-


Мұны айтып өз жайына кете барды,

Ешкімге білдірмедім бұл хабарды,

Ұяттан өлмейді екен адам ғапыл,

Қайтейін, әттегене-ай, ұрдым санды!


Бір ісім осы менің айтпай кеткен,

Бұған да әжептәуір мезгіл өткен,

Тағы да бір сырым бар Гүлсін жайлы,

Айтылмай жүрегімде жүрген көптен,

Кетейін тіл барында сіздерге айтып,

Кейінгі кеңес қылсын біздің кептен.


* * *
Арқада ардагермін арқыраған,

Ақырсам айдай әлем қалтыраған,

Жасым бар сол уақытта отыз бесте,

Өзімнен кетпейтін кез артып адам.


Айбастың бір атасы Сіргелі еді,

Қашаннан қара тамыр іргелі еді,

Қан тамып қылышынан қылшылдаған

Қарғаның қағындырған күндері еді.


Мен болдым Алатаудың бойын өрлеп,

Сыйғызбай ыстық қайрат бойды кернеп,

Ішінде қалың ағаш паналаймын,

Ауылдан жылқы алуға шыққан желдеп.


Ағаштың біраз жатып арасында,

Тасалап жас қарағай панасында,

Аттанып шөлдегенсіп елге келдім,

Аяңдап намаздыгер шамасында.


Аңқиған бір ақ орда шетке таман,

Баруға соған тура ұрдым қадам,

Осы үйден сусын ішіп шығайын деп,

Атымды байлап тастап, кірдім соған.


Есіктен сәлем бердім кіріп барып,

Бір кемпір қарсы шықты құман алып,

Қайрылмай өте шықты әлгі кемпір

Келіп ед есендескім тұра қалып.


Оң жақта бір қыз отыр белі қындай,

Ақ білек, ақ саусағы тартқан сымдай,

Аққудың көгілдірі секілденіп

Жан-жаққа көзін салып мойнын бұрмай.


Көргенде бұл сұлуды болдым дертті,

Жүрегім төмен тартып, бойым елтті,

Түймесін мақпал пешпент қадап отыр,

Сүп-сүйір саусақтары инеге епті.


Мен қалдым қызды көріп тамашаға,

Жат қызға жат жолаушы жанаса ма!

Біреуі босағада, бірі төрде

Лықып тұр сырлы піспек қара саба.


- Құдаша, аманбысың?- дедім қарап,

Жолаушы ем, жоқ қараған бір нән талап,

Күн ыссы шөлдеген соң жолым жырақ,

Келіп ем жұтайын деп сусын шалап...-


Бұл сөзге құлақ салып қыз бақпады,

Ол түгіл елең етіп міз бақпады,

Өзінің ісіменен бола берді,

Назарлап қарау түгіл, тіл қатпады.


Орнымнан сол уақытта тұрдым ұшып,

Шараға қымыз құйдым пісіп-пісіп,

Қыз сонда маған қарап езу тартты,

Жатқанда тегешімен қымызды ішіп.


Есіктен бір жігіт кеп жылмаң етіп,

Ол қызға көзін қысып ыржаң етіп,

Түймесіп қадап қойған шапанды алып

Киді де, үйден шығып қалды кетіп.


Сонан соң атқа мініп мен де кеттім,

Баяғы өзім көрген жөнге кеттім,

Кешкілік жылқы өрісін бетіме алып,

Ағаштың арасында тағы күттім.


Күн батып, ымырттанып, көз байланды,

Қараңғы жарық айсыз түнге айналды,

Пысқырып қалың жылқы желдегелі

Ағашқа бетін бұрып ыңғайланды.


Жылқышы бұра салып кетті қайтып,

Әндетіп, жортақайлап, өлең айтып,

Үстімді басып жылқы өтіп жатыр

Қараймын бір тасада мен де жатып.


Ел жатып ұйықтаған кез жұрттың бәрі

Күзетсіз, иесіз жатқан елдің малы,

Ызыңдап құлағыма естіледі

Біреудің баяулатып салған әні.


Тыңдадым сыбырымды білдірместен,

Келеді қаннан-қапер дым білместен,

Бір жігіт қосарында бір аты бар

Жанымнан өте шықты кідірместен.


Ағашқа кіргеннен-ақ жүрді баяу,

Жағалап мен де жүрдім оған таяу,

Екі атты бір ағашқа байлап тастап,

Жүгіріп жігіт кетті елге жаяу.


Ауылға әлгі жігіт қалды кетіп,

Келмеді, кетті біраз уақыт өтіп,

Аттары бір ағашқа байлаулы тұр,

Келер деп мен ойладым әлде нетіп.


Ел жатып ұйықтаған кез бәрі тыныш,

Тыңдасаң, білінбейді ояу дыбыс,

Байтөбет анда-санда бір маңқ етіп

Қара мал түн ортасы тартқан күйіс.


Аяңдап аттарына келіп жақын,

Қарадым назар салып көріп атын,

Ат-тұрман, әшекейлі алтын жабдық,

Жігіттің тамаша еттім салтанатын.


Ойладым, бұл да мендей ұры ма деп,

Ел кезген қарақшының бірі ме деп.

Болмаса бір сүйгені мұның болып,

Қыз алып қаша жүрген түрі ме деп.


Көрмедім өмірімде мұндай малды,

Салпы ерін, салқы төсті, бөкен санды,

Оқтаудай бауырынан жарап қалған

Қыл сағақ, қамыс құлақ, майда жалды.


Бірі көк, көрінеді бірі күрең,

Сұп-сұлық тұр байлаулы қылмай елең,

Ығысып, құлақ тігіп, шошайысып

Көрген соң ысырылды келген менен.


Ойладым: осы ат маған жарамай ма,

Біреуін он жылқыға баламай ма,

Екеуін ұрлап кетіп, елге барсам,

Біріне бір қыз беріп қаламай ма?


Ендігі малдан тумас мұндай құлын,

Келмеген дүниеге мұнан бұрын,

Бір-біреуі жесірлік малдар екен,

Бара ма күйіп кетіп берген бұлым?-


Дедім де аттарды кеп алдым шешіп,

Жетекке тартынбайды желдей есіп,

Екі атты бір тасаға байлап тастап

Болар деп артын күттім тағы нешік.


Бір-екеу келе жатты ауыл жақтан,

Күлісіп, әзілдесіп, күбірлесіп.

Жалтақтап көрінгеннен үрейленіп

Бірі алда, бірі артында жүр-жүрлесіп.


Шегініп, кейінірек тұрдым тайып,

Бір жігіт, бір қыз бейне ерлі-зайып,

Манағы қойған атын таба алмай жүр,

Жым-жылас орынынан болған ғайып.


Дағдарып жігіт сонда тұра қалып,

Тыңдады жан-жағына құлақ салып,

Шайтан ба, жын көтеріп әкетті ме,

Байлаған осы еді ғой жерім анық.


Қызға айтты осы арада отыр күтіп,

Ол екі ит кетіп қалды қайда зытып,

Деді де жолға түсіп жігіт кетті,

Қыз қалды, орынында үні бітіп.


Мен дағы тұрмын тыңдап салып құлақ,

Сырлары мағлұм болды оның бірақ,

Өкшесі тық-тық етіп ол жігіттің

Алыстап бірталай жер кетті жырақ.


Ойладым қыздан бір сөз сұрайын деп,

Кез қылған оңашада құдайым деп,

Қапыда қараңғыны пайдаланып,

Бұйырса қызды да олжа қылайын деп.


Үстіне көк домбайдың мініп алдым,

Шылбырын қос бедеудің іліп алдым,

Манағы жігіт кеткен дабыл жолмен -

Қайдасың, жүр деп қызға жетіп бардым.


Қыз сонда арам қатқыр мұнша зар қып,

Жүрген деп бағанадан қайда қаңғып?,-

Көтеріп қол боқшасын маған беріп,

Үстіне қыз күреңнің мінді қарғып.


Көргенде қызды бойым кетті балқып,

Бұрыла алға түсе кеттім тартып,

Қыз мені қараңғыда аңғармады,

Тілдесіп сөз айтпадым «жүрден» артық.


Құдайым бір сұлу қыз берді қолға,

Қарғаға кез болмаған мұндай олжа,

Қыз мінген күрең атқа көзім түссе,

Шалмайтын бір көк айыл шаңқан жорға.


Тас жүген, алтын алқа алқылдаған,

Қолында алтын қамшы жарқылдаған,

Қайшылап қос құлағын арындайды,

Қара жер дүбірінен солқылдаған.


Келеді қыз қайқая кере тартып,

Сүзгілеп пысқырады жерді тарпып,

Ойқастап бір бүйірлеп бұлаң қағып,

Оралып қыз келеді қайта шалқып.


Көк домбай шоқытады елбең-елбең,

Жұқпайды мысықтай боп жарлау жерден,

Оқ бойы қыз алдында кетіп барам

Бір жан жоқ түн ішіпде бізді көрген.


Кім білсін, ішіндегі қыздың дертін,

Қыз атқа ие болды емін-еркін,

«Басыма мына құрғыр тұрмады» деп,

Қолға алып қыз ұсынды кәмшат бөркін.


Атымның басын тартып шегіншектеп,

Артыма қолым созып кейіншектеп,

Қойныма қыздың бөркін тыға салып,

Жөнелдім «ілесе жүр, келіншек» деп.


Келемін ауыздыққа сүйей шауып,

Кейде бір тілдескім кеп кеулім ауып,

Қан күрең дөңгеленіп келе жатыр,

Ақ көбік омырауын кеткен жауып.


Қоңыр жел таң сазының самалы есіп,

Жымыңдап көк жұлдызы күлімдесіп,

Күлдірлеп күміс әбзел қоңыраулатып

Бейне бір жөнелгендей шайтан көшіп.


Сыбанып ақ білегі оқа жеңнен,

Сүйеді таң шапағы бидай өңнен,

Еліктей шыңнан қашқан елең-алаң

Кезінде асып түстік қоңыр дөңнен.


Сол кезде таң сарғайды құланиек,

Тартқандай берен тонға оқа жиек,

Оқ бойы қыз алдында домбай көкпен

Ағызып ауыздыққа келем сүйеп.


Ақбоз ат қосарымда ойнай басып,

Күлдірлеп күмбездері көңіл ашып,

Тәңірінің бергеніне шүкірлік деп

Келемін шаттық кернеп судай тасып.


Күндік жер қысқа таңда кеттім жүріп,

Түнімен тоқтамадым бір кідіріп,

- Сұлуым, танимысың жарыңды?- деп,

Оралып аттың басын келдім бұрып.


Сонда қыз ұрылғанын білді бір-ақ,

Жас тамды көздерінен мөлдір бұлақ,

- Япыр-ай, не жазығым бар еді?- деп

Қыз сонда аттан талып түсті құлап.


Көз жасы омырауына кетті көлкіп,

Жығылды ғапылдықтың уына елтіп,

Секіріп түсе қалып, қыз қасына

Отырдым, орамалмен бетін желпіп.


Шаң жұққан ақша жүзін, қалам қасын,

Отырдым сипап қыздың маңдай шашын,

Түймесін ағытқанда демін алып

Көтеріп алды «уһ» деп жерден басын.


Еңкейіп тізесіне сүйеп басын,

Ағызды мөлдіретіп көзден жасын,

- Бар еді не жазығым айырғандай

Зарлатып сүйгенімнен, замандасым?


Менің жоқ, сірә, саған бағынбағым,

Жар етіп, жақсы көріп жағынбағым,

Айырып алғанымнан зар жылатып

Мұншама қор еткенің не қылғаның?


Ер болсаң елден сұлу таппадың ба,

Қыздарға қылығыңмен жақпадың ба,

Кім едің елге сыймай шығып жүрген

Барыңды маған бола сақтадың ба?


Сен мені мал дедің бе ұрлайтұғын,

Бұл дәурен қолда үнемі тұрмайтұғын,

Қан ішкен, қара жүрек залымбысың,

Жазықсыз жанға рақым қылмайтұғын?


Отырды осыны айтып қайғыланып,

Дидарын таң атқан соң көрсем анық,

Кешегі менменсінген кербез сұлу

Қарасам көз тоқтатып, назар салып.


- Жасаған, көп-ақ екен көрмегенім,

Жазғандай жаратқаным мен не дедім,

Жас балғын жазығы жоқ бейшараңа

Жазғырып жарық сәуле бермегенің...


Болмады бұл сөзді естіп менде төзім,

Бар еді ашушаңдық бір мінезім,

Қыз сөзі шымбайыма батып кетіп

Мінеки сонда қызға айтқан сөзім:


- Аружан, сөзіңді айтшы маған жөндеп,

Емеспін сүйген жарың жүрген кел деп,

Аулыңа кеше кешке барып түстім,

Жолаушы жан едім деп жүрген желдеп.


Адам деп маған жауап қайырмадың,

Шапанын тамырыңның қылып ермек,

Көсілген аяғыңды бір жимадың

Көргенсіз кісілердей жаттың көлбеп.


Жақсының жөн білетін міндеті еді,

Жағымды жат мейманға жауап бермек,

Мас болып махаббаттың сырасына

Кепиет кеудеңізді кеткен кернеп.


Ақымақ бір жігітке мас болғаның,

Бойды алып тәкаппарлық тас болмағын,

Айламды сол жігіттен асыруға

Менің сол сеніменен қас болғаным.


Жақсы қыз жақсы сөзбен жауап берер,

Сынатпай сыпайы боп түзу келер,

Басына заманақыр түскен кезде

Сен болдың ардақты қыз сөзге шебер.


Қу сайқал, тастайын ба басыңды алып,

Көрер ме ед жүрегіңді сенің жарып,

Өзіңнің еткеніңді өзің білмей

Сөйлейсің әр неменің басын шалып.


Қанағат еттің бе, қыз, амалыма,

Мен сенің қызықпаймын жамалыңа,

Алдырған аңғалдықпен бір ақылсыз,

Атқа мін, апарайын жаманыңа.


Мен дағы өз елімнің Қарғасы едім,

Ерлердің елеп сүйген жолдасы едім,

Тәңірі айдап сені маған кездестірді,

Болмаса ат саурына салмас едім.


Жүруші ем жортуылда жиһан кезіп,

Тұрмаушы ед ерегіссем жаным төзіп,

Қыздардың осындай бір опасыздық

Мінезінен жүруші ем мен де безіп.


Басымның қуанбаушы ем аманына,

Кіруші ем қорықпай жаудың қамалына,

Мен саған, сірә, құмар емес едім,

Атқа мін, апарайын жаманыңа.


Шыныңды айт махаббаттың отын жақсаң,

Сөндіріп тек қалмайын обалыңа.

Болмаса сөзіңді қой ер өзіме

Тап қылған төңірім шығар талайыма.


* * *
Сонда қыз адақтады мәні-жайын: -

Жаратқан қызды сорлы бір құдайым,

Қарғажан, айтқан сөзің кетті батып,

Тыңдаңыз, мен жайымды баяндайын.


Әкеттің мені айырып айлаң асып,

Амал не, тәйірім сізге қылса нәсіп,

Қапастан қашып жүрген мен бір тоты

Ол жігіт жарым емес болған ғашық.


Бұл елде бір ру бар Абақ, Тарақ,

Оларға дәулет берген құдай қалап,

Бар екен Қожакелді деген байы

Бықсыған өзі сараң, өзі салақ.


Елдері «Байқожекем» дейтін оны,

Жүреді көше жайлап ылғи соны.

Үстінен ала жаздай түспеуші еді

Көн шалбар, тері тымақ, сеңсең тоны.


Жамбасы бір жатпаған жерге тиіп,

Жаз шілде, қыс аязда, күнге күйіп,

Қорек қып өлген малдың өлексесін

Жемеген бір семізін ерні жібіп.


Бар екен соның саңырау бір баласы,

Бұл күнде жиырма алтыға келген жасы,

Кәсібі қауға тартып, қой бағады,

Өсірген осылай қып ата-анасы.


Сөзіңді айқайлаған естір зорға,

Ас, тойда мінеді екен жайдақ нарға,

Ет салып құрбан айтта алатұғын

Белінде жүреді екен шекпен дорба.


Үстіне бір боз шекпен киеді екен,

Аяққа көн шабата іледі екен,

«Па, шіркін, Қожекеңнің мырзасы» деп

Көрінген мазақ қылып күледі екен.


Әкемнің өз көзінің тірісінде,

Жақтырмай елдің жақсы бір ісін де,

Мал беріп Қожагелді құда түсті,

Әкемнің жұрт күйінді бұл ісіне.


Сол жылы дүниеден қайтып кетті,

Мал үшін жалғыз қызын сатып кетті,

«Ей, кемпір, ақ батамды бұзбаңдар!»- деп

Өлерде өсиет қып айтып кетті.


Бір бай бар Ошақтыда, аты Ботпай,

Бар екен жалғыз ұлы жанған оттай,

Ешкімге құда түспей жүрген кезде

Келуші ед әкемізге ат құрғатпай.


Айтқанын оның қабыл көрмеген-ді,

Қызым жас, қоя тұр деп бермеген-ді.

Өкпелеп тең көрмедің бойыңа деп,

Өлгенде әкеме олар келмеген-ді.


Былғайғы бір жаман ат рулы елді,

Болар ма дәурен сүріп жүруге енді,

Қасына бір жас жігіт жолдас алып,

Бір күні саңырау күйеу ұрын келді.


Шешеміз қонақ асы сойып қойын,

Елеулі есік ашар етті тойын,

Жеңгелер желпілдеп жүр алым сұрап,

Түңілді көргеннен-ақ менің бойым.


Сыбырлап күйеу келмес сырласуға,

Болмады көңілдегі сырды ашуға,

Отырдым тәуекелге белді буып,

Болар ма амал таппай құр жасуға.


Дастарқан бізге жайды тамақ жайлап,

Ыңырсып сары самаурын келді қайнап,

Алдына жеміс қосып төккен нанды.

Жем жеген мәстек аттай былш-былш шайнап.


Егер де болсаң барып сынағандай,

Болар ең көрсең түрін жылағандай,

Сөйлегенде өгізше мөңірейді

Ұр да жық сөзі жардан құлағандай...


Жалындым бір жеңгеме қайтайын деп,

Әжеме бар мұңымды айтайын деп,

Жаны ашып, жақын жеңгем алып келді:

«Тіл алса мен дағы айтып байқайын» деп.


Жыладым мен анама үйге келіп:

Қойыпсың бір құзғынға жемге беріп,

Жанында оның дәурен сүргенімше

Қалармын ебін тауып бір күн өліп!


Шешеміз естіп, біліп күйеу жайын,

Өзі де отыр екен етіп уайым.

Жата ғой төсегіңе ренжімей,

Көрерсің күнің туса, қалқатайым!


Сонан соң күйеулерге берді хабар:

«Бұл жолы қалыңдығын көрді, жарар,

Тағы да мұнан кейін жасырын кеп,

Сүйсініп сүйгенімен мейірі қанар.


Аттансын әзірінше, айыптамай

Қазақтың қағидасы солай болар.

Емес қой ат жетпейтін ауыл алыс

Берермін келсін десем өзім хабар».


Аттанып күйеу кетті кінә қоймай,

Етіне бір бағланның қалды тоймай,

Дариға, күнім қашан туады деп

Жыладым әбден жүдеп ойлай-ойлай.


Күн бар ма малға сатқан қыз бейбаққа,

Барады көнбей тулап қыз қай жаққа.

Бар еді қыз ұзатқан тартыс ойын,

Мен бардым бой көтерер қыз ойнаққа.


Ортада біреу отыр тойды бастап,

Қосады домбыраға әнді жастап,

Аяғын Гүлсін-ай деп қайырады

Салмағын сөздерінің маған тастап.


«Аулым көшті Ақсудың аңғарына,

Сөз айтамын сұлудың заңғарына.

Құба жонда құланның қодығындай

Аршалының жем болдың аңдарына.

Ойпырым-ай, ойпырым-ай, Гүлсін-ай,

Көрген де күнің құрсын-ай.


Мейман болды-ау, меңіреу сал албарыңа,

Күйінемін қамалып қалғаныңа,

Жарық көрмей жалғаннан өткеніңше

Иман сұра құдайдан жалбарына.

Ойпырым-ай, ойпырым-ай, Гүлсін-ай,

Көрген де күнің құрсын-ай!»


Дегенде жұрт шу етіп деді, пәлі,

Дұрыс айтады деп күліп елдің бәрі,

Сондағысы осы қыз ба екен деген

Кісідей қарай қапты жас пен кәрі.


Мұны естіп үйге жылап қайтып келдім,

Жігіттің айтқан жырын айтып келдім,

Алдына қамқор ана жасым төгіп

Дедім мен жан күйігін тартып келдім.


Анамның жүрегіне түсті жалын,

Жалғыздың көтердім-ау деп обалын,

Ән салған сал жігітті сұрастырса,

Ботпайдың жалғызы екен, аты Ғалым.


Шақыртты бір жеңгемнен түн ішінде,

Анамның ризамын бұл ісіне.

Жігітті жеңгем байғұс алып келді,

Домбыра етегінің жүр ішінде.


- Шырағым, шақырдың деп қылма өкпе,

Шешеннің тілі ортақ деген көпке,

Барып тыңдап қайтатын уақытым жоқ,

Ән салсаң ұнатар ем тым әлбетте.


Дегенде домбырасын Ғалым алып,

Жіберді толғай шертіп әнге салып,

Жұмбақтап бір-екі ауыз өлең айтты,

Басқаға түсініксіз, біздерге анық.


- Сөзімнің әуелгісі айым-қайым,

Біреудің біреу білмес мәні-жайын,

Бұлт басқан бір бейбақтың күн мен айын

Басқаны айтып, ана, не қылайын.


Абайсыз бір ақ сұңқар түсті-ау торға,

Аяусыз, айуанға жем, болған олжа,

Бұғаудан босанарға жәрдем таппай

Жем болған жапалақ пеп құзғындарға...


Деді де домбырасын сүйей салды,

Еш адам білмей қалды бұл хабарды,

Ғалымға қымыз құйып, анам сонда

Азырақ бір күрсініп ойға қалды.


- Шырағым, өкінгенмен құр не пайда,

Қол созған талапкер көп аспанда айға,

Қапаста тұтқын болған ақ сұңқарды

Бұғаудан босататын ерлер қайда?


Бұл бейбақ қалып еді жастай жетім,

Тартып тұр қасіреттің зор бейнетін,

Әншейін аяқ асты қылман деуші ем,

Кешегі әкесінің өсиетін.


Қайтейін надандықпен айтқан сөзін,

Болар ма мұны көріп менде төзім,

Қайратың жетсе сен ал Гүлсінімді,

Ақтарсың ақ сүтімді келсе кезің.


Күн-түні қайғыда отыр көзін ілмей,

Жас жаны жазылар ма дәурен сүрмей,

Бұл қызға қайын да жау, төркін де жау

Уақиға бұл ісіңді қалсын білмей.


Ботпай жүр өкпелеумен үйге келмей,

Ақыры алыс қалды бізді көрмей,

Тағында тәңірі саған жазған шығар

Шын сүйсең не қыламын сізге бермей.


Орнынан жігіт сонда түрегелді,

Кемпірден бата тілеп сұрады енді,

«Өмірлі, бақытты бол, балларым» деп

Риясыз анам байғұс бата берді.


Сол-ақ ед бұл жігітпен кездескенім,

Асығыс аттанғанша тілдеспедім,

Сертім жоқ өз аузымнан менің берген

Анамның сөзін бұзып тіл кеспедім.


Қатені сізге істеген мойынға алам,

Құдірет жазса солай бар ма шарам,

Қолына қарақшының түсіп барып

Мен қалай ақтығыма сендіре алам.


Бұрыннан мағлұм емес оған сырым,

Солған жоқ әлі жас ем қызыл гүлім,

Нахақтан мені жігіт бос күйдірер

Ер жеткен ер біле ме қыздың сынын.


Басыма барсам қайғы салмаймын ба,

Құтылмас қу жалаға қалмаймын ба,

Бәрібір қайда кетсем хақ бұйрығы

«Ат сауыры» деген атақ алмаймын ба?


Кездескен болды бір іс таланыма,

Жеткізсін тәңірі сені талабыңа,

Екі елді жауықтырып кеттім бірақ

Анамның қалдым тағы обалына! -


Мұны айтып орнынан қыз түрегелді,

Мінеки алыңыз, деп қолын берді,

Ақ жүзін аймаладым қалқи жүзіп,

Аққудай мекендеген айдын көлді.


Сонан соң атқа мініп жүріп кеттік,

Арада ай жарымдай сапар шектік,

Арқада жайлап жатқан қалың Жаппас

Ауылға сәске түсте келіп жеттік.


Күн шыжып, шілде түсті, аспан қайнап,

Ылдида отырған ел жаздай жайлап,

Шалқыған шаңқай түсте шағаладай

Көрінді ақ боз үйлер андағайлап.


Айтпағам өз жайымнан бір сыр ашып,

Қанша ойнап-күлсек тағы сыр сұрасып,

Менде жоқ маңырамаға жетім тоқты,

Және жоқ паналайтын жыртық лашық.


Белгілі Бұхар бай мен Сейіл байлар,

Көп жылқы көк алалы мыңдап айдар,

Екеуі екі көлдің бетін алып

Қозы қос іргелес боп бірге жайлар.


Оларға менің еркім алынбаған,

Қызығып байлығына жалынбағам,

Арланып есігіне жалдануға

Ешкімге күнім салып табынбағам.


Айналды сұм жүректі жаралауға,

Болар ма жылу сұрап аралауға,

Амалсыз тұрмыс айдап көндірмекші

Біреудің босағасын паналауға.


Бар еді Қалша деген бір құрдасым,

Ол менен аямаушы ед мал мен басын,

Кісі еді кедей, жомарт, ер көңілді,

Түсуге кетті соған ықыласым.


Қызға айттым - мынау қараша үйге түсіп,

Демалып аттанайық сусын ішіп,

Барамыз барар жерге кешке қарай

Барады аспан қайнап, күн тағы ысып.


Қыз айтты - ауылыңыз болса қашық,

Барармыз дәм бұйырып болса нәсіп,

Өзімнің сүйіп алған жарым деңіз

Айтпаңыз басқа жайды бір сыр ашып.


Біз түстік іздеп келіп замандасты,

Шын достың уағдасы жоғалмас-ты,

Үйінен жүгіре шығып Қалша байғұс

Көрісіп бізбенен кеп амандасты.


Ақсиып анадайдап күле келді,

Түсініп біздің жайды біле келді,

Сырт қызға сыр білдіріп қалмастай боп

Ішіне бір сұмдықты түйе келді.


- Қарғажан, құтты болсын алғаныңыз,

Осы еді біздің дағы арманымыз,

Алдыңда көп әлеумет күтіп отыр

Ас ішіп аздап үйге алданыңыз!


Шешініп біз отырдық үйге жайлап,

Жиналып келіп қалды ауыл-аймақ,

Тетелес тең құрбыға хабарлауға

Бір атқа Қалша кетті мініп жайдақ.


Біреу келіп, біреулер қайтып жатыр,

«Алғаның құтты болсын!» айтып жатыр,

«Япырым-ай, мұндай сұлу көрмедік!» деп,

Кейбіреу келіп шегін тартып жатыр.


Шашуға бала-шаға тойып жатыр,

Самаурын қатар-қатар қойып жатыр.

Бір жігіт бір бағланды алып ұрып,

Шиге сап домалантып сойып жатыр.


Бесінде Қалша үйінен атқа міндік,

Шеттегі бір ауылға тура жүрдік,

Келеді аттанған соң Қалша бастап

Ауылға бір бүйірлеу жақын келдік.


Келеді аттанған соң Қалша бастап,

Қу Қалша сөз айтпайды бір сыр тастап,

Оңаша оқшау қонған бір ауылға

Қалшекең келе жатыр бір жамбастап.


Күмбездей тұр ақ отау тіккен сайлап,

Желілеп жағалауға бие байлап,

Қыз-қатын шағаладай дөң басында

Келеді алдымыздан андағайлап.


Түсірді ойпаң жерге Гүлсінді аттан,

Шешініп, асыл киім алды жайлап.

Қалша да қыз қасында бірге қалды,

Артыңнан барармын деп жеңгетайлап.


Іс еткен секілді бір алдын ойлап,

Қайғысыз жүрген бір жан күліп-ойнап,

- Бар дағы ақ отауды иеленіп,

Түсе бер,- деді Қалша атты байлап...


Ақ отау алтын оқа дөдегелі,

Күмістен күмбез қаққан керегелі,

Сом темір босағасы дауыл жықпас

Болыскей шекетулі шегелері.


Тастаған асыл кілем, айнала ұстап,

Жинаған көрпе-жастық шаймен тыстап,

Не керек бұйымдарын дайын еткен

Ауызбен бітіре алмас бәрін нұсқап.


Боп қалды келін түсіп той-тамаша,

Жыршылар, жырлай келді бетін аша,

Біреу ат, біреу шапан алып жатыр,

Әлеумет жиналып кеп дабырласа.


Ән шырқап ақ боз үйден айқай салып,

Сырттағы сыймаған жұрт түрді жабық,

Бір жүзік, бір орамал алмаған жоқ,

Балалар омырауына теңге тағып.


Бұл дәулет бұған сая болды нағып,

Мерейі болған үстем отын жағып,

Тыңдаушы, таң-тамаша отырсыңдар,

Ақыннан әлі күтіп артын бағып.


Мәнісі бұл жұмыстың былай болған:

Көз жасын төгіп Қалша жылай барған.

Жиналған бозбаланың ортасына

Сүйінші мана Қалша сұрай барған.


Қасында бір сұлу бар Қарға келді!

Ат соғып шаршағаннан зорға келді.

Сұлудың әзіліне ортақ болып

Ер Қарға жығылатын орға келді.


Қызы екен Ұлы жүздің аты Гүлсін,

Жалғанда өлмей Гүлсін тірі жүрсін,

Дүниеде мұндай сұлу болады екен,

Қарғаның арманы жоқ, ойбай құрсын!


Кешегі Ләйлі сұлу, Баяннан да,

Сымбаты артық Бәдіғұл-Жамалдан да,

Қыз Құртқа, сұлу Жібек пар келе алмас,

Теңі жоқ тірі жүрген адамдарда.


Құрбылар, бекер емес мұным анық,

Көргенде болар емес көзің қанып,

Егер де осы айтқаным жалған болса

Мойныма өлтіріңдер шылбыр салып.


Қарғаның қорғалайтын панасы жоқ.

Буылған бұлқынарға шамасы жоқ,

Біреудің босағасын паналай ма?

Қайтеді онан басқа шарасы жоқ.


Қалшекең айтар сөзге қандай епті,

Отырған тамсандырды мына көпті, -

Қор болған кедейліктен, сабаз-ай!- деп,

Солқылдап Қалша жылап, жасын төкті.


Бұл сөздің анығына олар жеткен,

Ер үшін тартынар ма ел көмектен,

Етелік деді бұған ағайындық

Қарғадай бірің бар ма, ерлік еткен.


Бізге де алыс емес осы Қарға,

Қарғаның бізден артық досы бар ма?

Елдессең, белдессең де, бәйгелессең

Жарайды қай ісіңе қосыларға.


Бұл Қарға қызды әкелді елім бар деп,

Дейтұғын алтын Арқа жерім бар деп,

Бір қызға сөзге бай боп айтқан шығар

Тең құрбы, талай дос-жар ерім бар деп.


Ел кезген есерлікпен ер едім деп,

Елеулі елде екінің бірі едім деп,

Ол қызға сөзге бай боп айтқан шығар,

Қыз таңдап бір жаратпай жүр едім деп.


Жиналған кіші інілер, үлкен аға,

Қарғаның ерлігіне етсең баға,

Қыз қызылшыл әзілге ортақ етер

Бұл қызға етеміз бе мұны таба?!


Жігіттер осы сөзді көпке салған,

Бәрі де бұл тілекті қабыл алған.

Қырық жылқы, жүз елу қой жинап алып

Қазына он бес нарға жүгін таңған.


Ерлердің жомарттығын елі көрген,

Бәрі де сөзге келмей соңына ерген.

Кіргізіп жас келінін оң жағына.

Отауын кіші ұлының бірі берген.


Мал қосып біреуі бес, біреуі оннан,

Қарғаның туған екен жұлдызы оңнан,

Болғанша қожа бесін бәрін байлап

Қарғаның аулы екен жаңа қонған.


Білмейді бұл сырымды мынау Гүлсін,

Ешбір жан айтпаған соң қайдан білсін,

Гүлсінді қалай алып келгенімді,

Әлеумет, әлі күнге білмей жүрсің.


Бұл кемпір сүйтіп алған Гүлсін еді.

Алаңсыз мені дәйім бұл сүйеді.

Үш тәулік өтіп еді арасында,

Бір күні Гүлсін қатты күрсінеді.


Бұрынғы қалыбынан айрылып жүр,

Қабағы түсіп, қатты қайғырып жүр.

Тұнжырап түсі қашып түтіккендей

Қайғыға тұла бойын алдырып жүр.


Сұрадым:- Гүлсін, саған не қылды?,- деп,

Көз жасың мұнша неге төгілді?- деп,

Сарғайып сар сүзектей кеттің жүдеп,

Гүлсінжан, кімнен тауың шағылды көп.


Орынсыз біреу тілін тидірді ме,

Жаманат, өсек тонын кидірді ме,

Болмаса сүйген жарың еске түсіп

Дауасыз жүрегіңді күйдірді ме?


Сөйледі сонда былай маған Гүлсін: -

Жарамды жаны басқа қайдан білсін,

Ойлаймын шарға түскен сорлы анамды

Сен жетіп арманыңа мәз боп жүрсің.


Сорлы анам ақылы ауып кеткен шығар,

Алжуға әлі бітіп жеткен шығар,

Барымта, дау жанжалмен әркім тонап

Атаның аз дәулеті біткен шығар.


Жолыңнан қорықпасаң қауіп қылып,

Барып кел, сорлы анамды сауықтырып,

Есіңде бар ма, сірә, жаным Қарға,

Кеткенің барлық елді жауықтырып.-


Мұны естіп атқа мініп жүріп кеттім,

Біріне сездірмедім жүрген көптің,

Ай жүріп, арасында сапар шегіп,

Аулына қайын-енемнің келіп жеттім.


Үйіне өзім көрген танып кірдім,

Есіктен сәлем беріп барып тұрдым.

- Шырағым, жоғары шық,- деді анам,

Қорғалап төменірек жерге отырдым.


Мен үйге кіргеннен-ақ ашып есік,

Кемпірдің кеткен мені көзі тесіп.

- Отырған босағада себебің не?

Шықпайсың төрге, балам?- деді,- нешік?


- Мен келдім, қамқор ана, алыс жақтан,

Хабарым бар жігітпін әр тараптан.

Отырған босағада себебім сол,

Қорқамын төр аттауға аруақтан...


Кемпір айтты:- Берірек келші жуық,

Жақсы болсаң жібермес аруақ қуып,

Гүлсінім жоқ болған күн келдің-ау, сен,

Көзіме көрініп ед түсің суық.


Білсең айт, Гүлсінімді, қайда кетті?

Айрылып жалғызымнан болдым дертті,

Қақбас ит, қатынымды тауып бер деп

Тап берген Тарақтының азары өтті.


Бүлінді өрде жатқан барлық халық,

Нақақтан Ошақтылар жатыр жанып,

Ботпайға қызыңды алып қашырдың!- деп

Ол жатыр Сіргеліден барымта алып.


Сіргелі тартпақ болды қалыңмалын,

Ошақты қызды өлтірген «болды залым»,

Қалыңмал адам құнын қоса даулап,

Екі рет тартқызбағы болды мәлім.


Сол күні сен осы үйге келіп едің,

Жүзіңді шала-шарпы көріп едім,

Келді-ау деп сол шіркіннен сорлы Гүлсін

Өзімше жорамалдап біліп едім.


Шырағым, жөніңді айтшы, неткен жансың,

Сүйіндір, аңсаған бір мейрім қансын.

Мен сені текке келген жан демеймін

Талабың тәңірі алдыңда жарылғасын! -


Орнымнан түрегелдім қол қусырып,

Анаға тағзым еттім басымды ұрып,

Ұлықтан рұқсат алып кішілікпен

Сөйледім босағада тіке тұрып.


- Ей, ана, бұл күнамды ғафу еткін,

Ғафулық сұрайын деп сізге жеттім.

«Махфузда» тәңірім солай жазған болар,

Өзіммен Гүлсініңді жүптіленттім.


Өлген жоқ, Гүлсін тірі осы күнде,

Оның жоқ менен бөтен досы мүлде.

Келгенде сонша жерден тілегім сол,

Жүрейін құлшылықта есігіңде.


Руым Алшын, Ұлы жүз үлкен ағам,

Бергелі аруағына келдім сәлем,

Үш жүздің баласына мәлім болған

Жон кезген, жолым сұйық едім жаман.

Ғафулық алдыңыздан сұрай келген

Ғайыбынан тәңірі берген Қарға балаң.-


Сонда ана саулы інгендей боздады иіп,

Өзінің омырауына жасын құйып,

Орнынан тұрып келіп мейірі түсіп,

Үш рет маңдайымнан алды сүйіп.


- Қарағым, Қарға десем Қарғам екен,

Қарғаның жаманаты жалған екен.

Өлсем де енді менің арманым жоқ,

Гүлсінжан өз теңіне барған екен.

Қарғажан, өрт екенсің жанып тұрған,

Бетіңнен ерлік сесі тамып тұрған.

Құдай-ай, тіл-аузым тасқа тисін

Қабыл ет көз жасымды ағып тұрған!-


Мұны айтып тәтті тағам дайындады,

Жүрегім енді орнығып байымдады,

Кемпірге арқа сүйеп алғаннан соң,

Қаймығып Қарға жаудан тайынбады.


Бұл үйден тамақтанып жүріп кеттім,

Жиынға жылдам жүріп келіп жеттім,

Төбеге топ жиналып жатыр екен,

Шетінен келіп тұрдым қалың көптің.


Жақындап келдім жуық сәлем беріп,

Бәрі де таңырқады мені көріп,

Қырмызы қызыл шапан, жібек белбеу,

Басымда мақпал тысты сусар бөрік.


Алыстан жүріп келген атым жарау,

Көрінді әлеуметке салтым бөлек.

Бәрі де елең қылып амандасты

Жан-ау деп жүзі басқа жүрген келіп.


Сұрады билер сонда атым-жөнім,

Жүрсің деп не жұмыспен, қай жерде елің?..

Сұраған сұлтан, төре, билеріне

Жауабым сонда мынау берген менің:


- Бір аққу ұшқан екен айдын көлден,

Дәмелі бір қаршыға соңына өрген,

Қалыңға қаңғалақтап адасқанда

Аққуға кез келіпті бір сұр мерген.


Бір атып топшысынан түсіріпті,

Өлмесін аққу маңғаз түсініпті,

Аққуды алып кетіп емдеп жазып

Ойнатып бақшасында ұшырыпты.


Өтіпті сонан бері талай заман,

Көңілі шат, бақшада ойнар болмай алаң,

Хабарын иесіне айта келдім,

Құсыңды өзің ал деп тұрғанда аман.


Руым Алшын, сұрасаң атым Қарға,

Арқада сайран салып өстім арда,

Болған соң кісі хақы иеленіп,

Кететін шынымды айтпай жыным бар ма?


Бұл елге бұзылғанды жөндей келдім,

Жарасын, жаралысын емдей келдім.

Ақ ниетке қаралық ойлағанның

Артыма өлексесін теңдей келдім.-


Сөйледім сонша топты таңырқатып,

Шөлдетіп кещелерді шаңырқатып,

Шешуін бұл жұмбақтың бірі таппай

Шулады әр нәрсенің басын шатып.


«Осы итің не деп кетті?» деді халық,

Қамалап тұра қалды ортаға алып,

Сен жынды кімді теңдеп кетесің деп

Ұмтылды кеппелері ашуланып.


Сөйледі бір жас жігіт сонда шеттен,

Халыққа тұра тұр деп айқай салып,

Атына қамшы басып омыраулап

Ортаға келді жігіт топты жарып.


- Ол жынды емес ақымақ, сендер жынды,

Ит деп сөгіп, қамайтын, ол не қылды!

Түйінін осы даудың осы шешер,

Сонан соң мейлің кімнен алсаң құнды!


Аққуы көлден ұшқан Гүлсін екен,

Адасқан қаршығасы мен сұм екем,

Тап келген бір сұр мерген өзі болды,

Ерлікпен айла асырған бір қу екен.-


Жұрт тұрды мына сөзге аң-таң қалып,

Қайтадан қамаласты ортаға алып,

Жоқ қылып қарақшыны кетелік деп,

Жіберді қамшыменен бір-бір салып.


Тұрғам жоқ онша олардан мен де сасып.

Жібердім көк домбайға қамшы басып.

Қамшымен бір-бір салып кеткенімде

Жығылды бірталайы омақасып.


Тоқтатты әлгі жігіт арашалап,

Көп халық келіп тұрды тамашалап,

Баяғы қызды ұрлатқан Ғалым екен,

Билерге келді жақын жанасалап.


- Ей, жұртым, қыздың көрдің өлмегенін,

Мен сорға бекер болды-ау сенбегенің,

Билігін осы даудың мен айтайын,

Тұрыңдар әділдігім көр де менің.


Қыз үшін Тарақтылар қайғырмасын,

Бұрынғы абыройынан айрылмасын.

Көрсеттің көзімізге ерлігіңді

Жарайсың, бәрекелде, жан құрдасым.


Айтпаймын мен де алам деп сүйгенімді,

Мен дағы сөндіремін күйгенімді.

Бұл жігіт осы ауылға күйеу болсын,

Тоқтаңдар, Тарақтың да, Сіргелің де.


Гүлсіннің көкірегінде зар болмасын,

Айырма сүйіп қосқан жан жолдасын,

Бұғаудан босатылған бір көгілдір

Шарықтап шалқар көлде сайрандасын.


Ер-тоқым, екі атымның көзін берсін,

Әлеумет әділдікті көзің көрсін.

Әуелде ақ батаны бұзған өзім,

Сондықтан бұл қалыңмал менен өнсін.


Қайрылып ынтымаққа ары болса

Тарақты көп сөйлемей енді келсін,

Шешілді дау түйіні, шер тарады,

Ағайын ендігісін өзі білсін.-


Шу етті Сіргелі мен Ошақтылар,

Тарақты жеке қалып нені қылар.

Билер де бұл билікке қанағаттап,

Тоқтатты даудың артын ұмар-жұмар.


Баяғы даукес салақ Қожагелден

- Билерім, билік тыңда енді менен,

Даушылар өз билігін өздері айтып

Тыныссыз, тындырмай ма әділ төрем.


Қарғаның батырлығы болды мәлім,

Жомарттық жұрт алдына етті Ғалым,

Сүйгенін бір біріне қиысқанды,

Қисық қой бұл билікке тынбағаным.


Гүлсіннің менің балам теңі де емес,

Қайтейін кем жаралған қор жаманын,

Ғалымның мен алмаймын жалғыз тайын

Бейқұттан бір жұтаған болсын малым...-


Орнынан жұрт қуанып түрегелді,

Мінеки, билік-ақ деп бәрекелді,

Жездем деп Ұлы жүздің жігіттері

Кемпірге той жаса деп үйге келді.


Гүлсінді мен сыйладым жолдасым деп,

Дұшпанға Гүлсін таба болмасын деп,

Бұл сырды айтпай кеттім әлеуметке

«Ат сауыры» деген атақ алмасын деп.


Талпындым шыдай алмай азар кекке,

Сондықтан ұры атағым кетті шетке.

Кедейге кесірімді тигізбедім,

Жүргіздім құрығымды бай мен бекке.


Жасымнан түзулікті ұнатамын,

Жақсыға жан сырымды сынатамын,

Жігіттер, тіршілікте түзулік бақ,

Алмаңдар маған ұсап ұры атағын.


Үйленіп отыз бесте аттан түстім,

Ақтан тілеп несіпті адал іштім,

Сырымның айтылмаған бірі осы еді,

Бір саласы жастықта еткен істің.


Аты екен атамыздың Құлмағамбет,

Білмеймін арғы жағын мен де жөндеп,

Келімсек деген жан жоқ осы елде,



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   19




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет