Бағдарламасы «Дене шынықтыру және спорт түрлерінің физиологиясы»



бет4/10
Дата28.12.2019
өлшемі336,53 Kb.
#55226
түріБағдарламасы
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10
Байланысты:
fb714dfe-0d18-11e6-b19f-f6d299da70eeУМКД Физиология Физ ВОспитания
fb714dfe-0d18-11e6-b19f-f6d299da70eeУМКД Физиология Физ ВОспитания

2.Циклдік жаттығулардың жіктелуі

Циклдік қозғалыстар тұтас қозғалыстың жеке фазаларының немесе циклдердің өздерінің бірізділікпен кезектесуімен және өзара байланысымен сипатталады. Әр циклдің алдыңғы және кейінгі циклмен өзара байланысы осы циклдік жаттығулардың негізгі ерекшелігі болып саналады. Циклдік қозғалыстардың физиологиялық негізі ырғақтық қимыл рефлексі болып табылады.

Организмнің (жұмыс атқарушы бұлшық еттердің) энергетикалық сұранысы екі негізгі анаэробтық және аэробтық жолдар арқылы қанағаттандырылатыны баршамызға белгілі. Энергия өнімділіктіңбұл екі жолының қатынасы түрлі циклдік жаттығуларда бірдей емес.

Кез келген жаттығуды орындау кезінде барлық үш энергетикалық жүйелер іске қосылады:

1. Анаэробтық фосфагендік (алактаттық);

2. Лактацидтік (гликолитикалық);

3. Аэробтық (оттектік, тотығу).

Сондықтан энергетикалық жүйелердің әсіресе салыстырмалы аз шекті ұзақтықты жұмыстар кезінде әрқайсысының «таза» үлесін бөліп көрсету қиындыққа әкеліп соғады. Осыған байланысты көбінесе энергетикалық қуаттылығы жағынан (әсер аймақтары) «көршілестерді» яғни, фосфагендікті лактацидтікпен, лактацидтікті оттектікпен бірге жұптастырады. Мұнда энегетикалық үлесі көп жүйе бірінші болып көрсетіледі.



3.Ациклдік жаттығулардың жіктелуі

Ациклдік жаттығуларды олардың кинематикалық және динамикалық сипаттамасы негізінде 4 топқа бөлуге болады:



  1. Жарылыстық жаттығулар;

  2. Стандартты-үзілістік жаттығулар;

  3. Стандартты емес-үзілістік жаттығулар;

  4. Интервалды қайталау жаттығулары.

Жарылыстық жаттығуларға секірістер және лақтырыстар жатады. Секіру жаттығулары тобын жеңіл атлетикадағы секірулер (ұзындыққа секіру, биіктен секіру, үш дүркін секіру, сырықпен секіру), шаңғымен тақтай серіппеден секіру, су шаңғысы спортында тақтай серіппеден секіру, суға секіру, гимнастикалық және акробатикалық секірулер құрайды. Лақтыру жаттығулары топтарына жеңіл атлетикалық: табақша, найза, балға лақтыру, ядро серпу жатады. Лақтырудың жеке жағдайы болып ауыр атлетикалық жаттығулар (жұлқу мен серпу) табылады. Жарылыстық жаттығуларға тән ерекшелік спорттық снарядпен қол жылдамдығын және (немесе) бүкіл дененің үлкен жылдамдығын көрсететін бір немесе бірнеше баса көрсетілген қысқа мерзімдік жоғары қуаттылықты («жарылыстың») күш салудың болуы. Бұл жарылыстық бұлшық еттік күштенулер:

  1. ұзындыққа немесе биіктіккке секіру алыстығына;

  2. суға секіру, гимнастикалық және акробатикалық секірулер кезінде ауада күрделі қозғалысты орындау кезіндегі ұшу ұзақтығына;

  3. жеңіл атлетикалық лақтыруларда максималды немесе ауыр атлетикалық жаттығуларда қажетті алыстыққа спорттық снарядтың ұшуына жағдай жасайды.

Барлық жарылыстық жаттығулар бірнеше секундтан біраз ондаған секундқа ғана созылатын өте қысқа ұзақтықта өтеді. Көптеген жарылыстық жаттығулардың көп бөлігі циклдік қозғалыстардан (екпін алу немесе қарқын алудан) тұрады. Мұндай қозғалыстарды үйрету ерекшелігін анықтайтын әр жарылыстық жаттығу біртұтас ретінде орындалады.

Стандарттық-үзілістік жаттығуларға спорттық және көркем гимнастикадағы, акробатикадағы (секіруден басқа), конькимен және су шаңғысымен мәнерлеп сырғанаудағы, синхронды жүзудегі жарыс жаттығулары жатады. Бұл жаттығуларға әр түрлі күрделі әсерлердің (элементтерінің) үздіксіз, қатаң бекітілген, стандартты тізбекке бірігуі тән. Бұлардың әрқайсысы аяқталған өзіндік әрекет болып табылады. Сондықтан жеке үйретілуі немесе сан алуан комбинацияларға (кешенді жаттығуларға) компонент ретінде кіруі де мүмкін.

Стандартты емес-үзілістік (ситуациялық) жаттығуларға барлық спорттық ойындар мен спорттық жекпе-жектер, сонымен қатар тау шаңғысы спортының барлық түрлері жатады. Бұл жаттығуларды орындау барысында қысқа мерзімдік жарылыстық сипаттағы (үдету, секіру, соққы) максималды күш салудан салыстырмалы төмен қарқынды дене жүктемесіне, тіпті толық тынығуға (боксшылар мен күрескерлердің минуттық үзілістері, ойынның тоқтатылуы, спорттық ойындардағы таймдар арасындағы тынығу кезеңдері) дейін қозғалыс әрекетінің сипаты мен қарқындылығы түрліше болып келетін кезеңдердің шұғыл және стандартты емес түрде кезектесуі орын алады. Осыған байланысты стандартты емес-үзілістік жаттығуларда қозғалыс белсенділігі ерекше қарқынды болатын жұмыс кезеңін және аралық, яғни салыстырмалы қозғалыс белсенділігі төмен кезеңдерін бөліп көрсетуге болады.

Интервалдық қайталау жаттығуларына толық немесе жарым-жартылай тынығу кезеңдеріне бөлінген әртүрлі немесе бірдей элементтердің стандартты комбинацияларынан тұратын жарыс, сонымен қатар кешенді жаттықтыру жаттығулары жатады. Мұнда осы комбинацияларға кіретін элементтер (сипаты мен қарқындылығы бойынша) біртектес циклдік немесе ациклдік жаттығулар болуы мүмкін. Интервалдық-қайталау жаттығуларына толық немесе жарым-жартылай тынығу кезеңдерімен арақашықтықтың белгілі бір бөлімдерін жоғары жылдамдықпен жүгіріп (жүзіп) өтумен қайталана кезектесе орындалатын жаттықтыру жаттығулары жатады. Басқа мысал ретінде штанганы бірінен-соң бірін бірнеше рет көтеруді келтіруге болады. Жарыстық интервалды-қайталау жаттығуларына биатлон мен спорттық бағдарлау жатады. Егер кешенді жаттықтыру жаттығуларын орындау кезінде жұмыс кезеңдері толық тынығудың аралық кезеңдерімен кезектестірілсе, онда мұндай жаттығулар қайталама-үзілістік жаттығулар деп белгіленеді. Қайталама-өзергіштіктік жаттығулардан жаттықтыру мен жарыс кездерінде бірдей сол немесе түрлі жаттығуларды қайталап орындауды ажырата білу керек. Егер жаттығуды орындау кезінде жұмыс кезеңдері айтарлықтай төмен қарқынды жұмыспен, яғни жарым-жартылай тынығудың аралық кезеңдерімен (мысалы, жортақтап жүгірумен) алмасса, онда мұндай жаттығуларды интервалды үзілістік жаттығулар деп белгілейді. Кешенді жаттықтыру жаттығуларының көпшілігі мен әр жаттықтыру сабағы тұтас алғанда мәні бойынша интервалдық қайталау жаттығулары болып табылады.
Бақылау сұрақтары:

1. АТФ-ң қайта түзілуінің анаэробты және аэробты жолдары қандай?



2.Тізбекті козғалыстарға сипаттама беріңіз

3.Таптаурынды тізбекті емес қозғалыстардың атаңыз?

Дәріс 5
Тақырыбы:Спорттық қызмет кезіндеп ағза күйінің физиологиялық сипаттамасы
Мақсаты: Студенттерді спорттық кызмет кезіндегі ағзаның күйімен таныстыру

Негізгі сұрақтар:



1.Спорттық кызмет кезіндегі ағзаның күйі. Сөре алдыңғы күй. Физиологиялық қызметтердің ерекшеліктері. Сөре алдыңғы күйдің әртүрлілігі және оларды басқару әдістері.

2.Бабына ену. Бой жазу. "Өлі нүкте" және "Екінші тыныс алу". "Өлі нүктені жеңу жолдары".

3. Қажу . Шаршаудың анықтамасы және физиологиялық маңызы. Шаршау механизмдері туралы қазіргі кездегі көзқарастар.

4.Қалпына келу. Жұмыс алдында, жұмыс кезінде және жұмыстан кейінгі қалпына келу процестері.

5.Қалпына келу процестерінің және тынығудың тиімділігін арттыру жолдары.



1. Спорттық кызмет кезіндегі ағзаның күйі. Сөре алдыңғы күй. Физиологиялық қызметтердің ерекшеліктері. Сөре алдыңғы күйдің әртүрлілігі және оларды басқару әдістері.

Бұлшық ет әрекеті организмнің көптеген функционалдық жүйелерінің айтарлықтай өзгерістерін тудырады. Бұл өзгерістер динамикасында 3 негізгі кезеңдерді бөліп көрсетуге болады:



  1. сөре алдыңғы күй;

  2. негізгі (жұмыс) кезең;

  3. қалпына келу кезеңі.

Сөре алдыңғы күй жұмыстың басталуының (жаттығудың орындалуының) алдындағы функционалдық өзгерістермен сипатталады.

Жұмыс кезеңі ең бастапқы кезеңінде қызметтердің тез өзгеруімен сипатталатын бабына келу күйінен және келесі одан кейін негізгі физиологиялық қызметтер салыстырмалы өзгеріссіз болатын (нақтылап айтқанда, баяу өзгеретін) тұрақты жұмыс қабілеттілік күйінен тұрады. Жаттығуды орындау процесінде оны ары қарай қажет жағдайдағы қарқындылық деңгейінде жалғастыра алмаумен немесе сол жаттығуды мүлде жалғастыра алмаумен, яғни жұмыс қабілеттілігінің төмендеуімен көрінетін қажу пайда болады.

Бастапқы, жұмыс алдыңғы деңгейге дейін қызметтердің қалпына келуі жаттығуды тоқтатқаннан кейінгі белгілі бір уақыт мерзімі барысындағы организмнің күйін сипаттайды.

Организм күйінің көрсетілген кезеңдерінің әрқайсысы түрлі жүйелер, мүшелер мен тұтас бүкіл организмнің физиологиялық қызметтерінің ерекше динамикасымен сипатталады. Бұл кезеңдердің болуы, олардың ерекшелігі мен ұзақтығы орындалатын жаттығулар сипатымен, қарқындылығы мен ұзақтығымен, оның орындалу жағдайымен және сонымен қатар спортшының жаттықтырылу дәрежесімен анықталады.

Бой жазу.Жаттығуларды (жаттықтыру немесе әсіресе жарыс) орындау алдында температуралық гомеостазды реттеу үшін сөре алдыңғы (алдын ала) тірек-қимылжәне кардиореспираторлық жүйелер дайындығының, яғни бой жазудың маңызы зор.

Бой жазу (разминка) дегеніміз жарысқа немесе жаттықтыру сабағының негізгі бөліміне түсер алдында орындалатын жаттығулар. Бой жазу сөре алдыңғы күйді жақсартуға мүмкіндейді, бабына келу процестерінің жылдамдауын қамтамасыз етеді және жұмысқа қабілеттілікті жоғарылатады.

Бой жазу арнайы жаттығулардан (жүгіру, секіру, жалпы дамытушы жаттығулар, созғылау жаттығулары т.б.) тұрады және 2 бөлімнен құралады: 1. Жалпы;

2. Арнайы.

Жалпы бой жазу спорттың барлық түрлерінде бірдей болуы мүмкін. Ол дене температурасының жоғарылауы, ОЖЖ қозғыштығы, оттегі тасымалдау жүйесі қызметінің, бұлшық ет және басқа мүшелер мен ұлпалардағы зат алмасудың күшеюіне әкелетін әр түрлі жаттығулардан тұрады.

Арнайы бой жазу спорт түрлерімен тығыз байланысты. Ол өзінің сипаты бойынша орындалатын әрекетке жуықтау болуы керек. Жұмысқа сол негізгі (жарыс) жаттығуларды орындау кезіндегі қатысатын жүйелер мен дене мүшелері қатысуы керек. Бой жазудың бұл бөліміне ОЖЖ қажетті «құрылуларын» қамтамасыз ететін координациялығы жағынан күрделі жаттығуларды кірзізген жөн.

Бой жазудың ұзақтығы, қарқындылығы және бой жазу мен негізгі әрекет арасындағы интервал көптеген факторлармен: орындалатын жаттығу сипатымен (спорт түрімен), спортшының функционалдық (жаттықтырылу дәрежесімен) және эмоционалдық күйімен, сыртқы жағдайлармен (ауа температурасы, ылғалдылығы және т.б.), жасы, жынысы және жарыс масштабымен (облыс біріншілігі, Қазақстан чемпионаты, құрлық (Азия, Европа) біріншілігі, Әлем немесе Олимпиадалық ойындар) анықталады. Бой жазудың ұзақтығы жеке түрге тән болады. Бой жазу мен жарыс арасындағы үзіліс 15 минуттан аспау керек. Үзілістің неғұрлым ұзақ интервалы барлық функционалдық жүйелердің, әсіресе кардиореспираторлық және жылу реттелу жүйелерінің қалпына келуіне әкеледі. Мысалы, 45 мин үзілістен кейін бой жазудың әсері жоғалатыны, бұлшық ет температурасының бастапқы, бой жазу алдыңғы деңгейге оралатыны байқалған.

Бой жазудың әр спорт түрінде және түрлі сыртқы орта жағдайларында рөлі бірдей емес. Әсіресе ұзақтығы салыстырмалы аз жылдамдықты-күштік жаттығулар алдында бой жазудың жағымды ықпалы байқалады. Бой жазу бұлшық ет күшіне қандай да бір нақтылы жағымды ықпал етпесе де, бірақ жеңіл атлетикалық лақтыру сияқты жылдамдықты-күштік күрделі координациялық жаттығулардың нәтижесін арттырады. Орташа және қысқа арақашықтыққа жүгіруге қарағанда ұзақ қашықтыққа жүгіру алдында бой жазудың жағымды ықпалы айтарлықтай азырақ көрінеді. Осымен қатар жоғары ауа температурасында ұзақ арақашықтыққа жүгіру кезінде бой жазудың жылудың реттелуіне теріс ықпалы байқалған.

Адамның кез келген дене жүктемесін орындауға, соның ішінде бой жазу кезінде де энергия жұмсайтыны белгілі, сондықтан да оның қажытпайтындай болуын ескеру қажет. Осыған орай бой жазудың жалпы бөлімінде спортшы жаттықтыру (жүн киім жақсырақ) киімін, ал желді салқын күні желден қорғайтын костюм қоса кию керек.

2.Бабына келу

Бабына келу – жұмыс кезінде жүретін функционалдық өзгерістердің бірінші фазасы. Бабына келу процестерімен «өлі нүкте» және «екінші тыныс алу» құбылыстары тығыз байланысты. Ол дене жаттығуларын орындау кезінде байқалатын жұмыс қабілеттілігінің біртіндеп жоғарылау процесі. Бабына келу нәтижесінде организм алдында тұрған жұмыстың орындалуына бейімделеді. Ол процесс барысында:

1) қозғалысты және вегетативтік процестерді басқаратын жүйкелік және нейрогуморалдық механизмдердің құрылулары;

2) қажетті қозғалыс стереотипін (сипаты, түрі, амплитудасы, жылдамдығы, күші және ырғағы бойынша) біртіндеп қалыптастыру, яғни қозғалыс координациясын арттыру;

3) бұлшық ет әрекетін қамтамасыз ететін вегетативтік қызметтің қажетті деңгейіне жету жүреді.

Бабына келудің бірінші ерекшелігі – аталмыш кезеңдегі вегетативтік процестердің жүйкелік және гуморалдық реттелуі сипатымен айтарлықтай шамада байланысты осы процестердің күшеюіндегі салыстырмалы баяулығы, вегетативтік қызметтің инерттілігі.

Бабына келудің екінші ерекшелігі – гетерохронизм, яғни организмнің жеке қызметтерінің күшеюінің бір уақытта болмауы. Қозғалыс аппаратының бабына келуі вегетативтік жүйелерге қарағанда тезірек жүреді. Вегетативтік жүйелер қызметінің түрлі көрсеткіштері, бұлшық ет пен қандағы метаболикалық заттар концентрациясы әртүрлі жылдамдықпен өзгереді. Мысалы, жүректің минуттық қан көлемі мен қан қысымына қарағанда ЖЖЖ тезірек өседі, оттегі пайдалануға қарағанда ӨВ тезірек күшейеді (М.Я.Горкин, 1986).

Бабына келудің үшінші ерекшелігі – орындалатын жұмыс қарқындылығымен (қуаттылығымен) физиологиялық қызметтер өзгерістері жылдамдығы арасындағы тура тәуелділіктің болуы, яғни орындалатын жұмыс қарқынды болған сайын соғұрлым оның орындалуымен тікелей байланысты организм қызметінің бастапқы күшеюі тезірек жүреді. Сондықтан бабына келу кезеңі ұзақтығы жаттығу қарқындылығымен (қуаттылығымен) кері тәуелділікте болады. Мысалы, оттегі пайдаланудың қажет деңгейіне жету үшін бабына келу кезеңі аз аэробтық қуаттылықты жаттығуларда шамамен 7-10 мин, орташа аэробтық қуаттылықты жаттығуларда 5-7 мин, субмаксималды қуаттылықты жаттығуларда 3-5 мин, максималдыға жуық аэробтық қуаттылықты жаттығуларда 2-3 мин дейін, максималды аэробтық қуаттылықты жаттығуларда 1,5-2 мин созылады.

Бабына келудің төртінші ерекшелігі – спортшының жаттықтырылу деңгейі жоғары болған сайын соғұрлым сол бір жаттығуды орындау кезінде бабына келу процесі тезірек өтеді.

Жұмыс атқарушы бұлшық еттерге оттегі жеткізілуін қамтамасыз ететін тыныс алу және жүрек-тамыр жүйесінің қызметі біртіндеп күшейеді. Кез келген жұмыстың басында бұлшық ет жиырылуы негізінен анаэробтық механизмдер энергиясы есебінен, яғни сүт қышқылының түзілуімен анаэробтық гликолиз, АТФ, КрФ ыдырауы есебінен жүзеге асырылады. Жұмыс басындағы организмнің (жұмыс атқарушы бұлшық еттердің) оттегіге қажеттілігімен бабына келу кезеңіндегі олардың арасындағы шынайы қанағаттануының сәйкес келмеуі оттектік тапшылыққа әкеледі.

Ауыр емес аэробтық жаттығуларды (тіпті субмаксималды аэробтық қуаттылықты жұмыстарға дейін) орындау кезінде оттектік тапшылық «тұрақты» күйдің бастапқы кезеңінде оттегі пайдаланудың біраз артық мөлшері есебінен сол жаттығу кезінде-ақ жабылады («төленеді»). Максималдыға жуық аэробтық қуаттылықты жаттығуларды орындау кезінде оттектік тапшылықтың тек біразы сол жұмыс кезінде-ақ жабылуы мүмкін, ал оның көп дәрежеде қалпына келу кезеңіндегі оттектік қарыздың айтарлықтай бөлігін құрай отыра жұмысты тоқтатқаннан соң жабылуы орын алады. Максималды аэробтық қуаттылықты жаттығуларды орындау кезінде оттектік тапшылық оттектік қарыздылықтың өте елеулі бөлігін құрай отыра қалпына келу кезеңінде тұтасымен жабылады.

Оттегі тапшылығы түзілуіне әкелетін жұмыс басында оттегі пайдаланудың баяулап артуы ең алдымен тыныс алу және қан айналу жүйелері қызметінің инертті күшеюімен, яғни бұлшық ет әрекетіне оттегі тасымалдау жүйесінің баяу бейімделуімен түсіндіріледі. Бірақ оттектік тапшылық туындауының жұмыс атқарушы бұлшық еттердегі энергетикалық метаболизмінің өзінің кинетикасы ерекшеліктерімен байланысты басқа да себептері бар.

Бабына келу процестері неғұрлым тезірек (қысқарақ) болған сайын соғұрлым оттектік тапшылық азырақ болады. Сондықтан бірдей аэробтық жаттығуларды орындау кезінде оттектік тапшылық жаттықпаған адамдарға қарағанда жаттыққан спортшыларда азырақ болады.

«Өлі нүкте» және «екінші тыныс алу». Жаттықпаған адамда ұзақ және ауыр бұлшық ет жұмысын орындай бастағаннан бірнеше минуттан кейін жұмысты ары қарай жалғастырудың мүмкін болмауы мен толық әлсіреуді субъективті сезінуімен қатар жүретін жұмыс қабілеттіліктің шұғыл төмендейтін ерекше күйі туындауы мүмкін. «Өлі нүкте» деп аталатын бұл күй кейде жаттыққан спортшыларда да байқалады. Жұмысты шектен тыс қарқынды бастау бұл күйдің көріну мүмкіндігін жоғарылатады. Ол ауыр субъективті сезімдермен, солардың ішінде бастысы ентігуді сезінумен сипатталады. Осымен қатар адамда кеуденің қысылу сезімі, бас айналу, ми тамырларының лүпілін сезіну, кейде бұлшық ет ауырсынуын сезіну, жұмысты тоқтату ниеті байқалады. «Өлі нүкте» күйінің объективті себептеріне жиі және салыстырмалы беткі тыныс алу, оттегі пайдаланудың жоғарылауы, дем шығарған ауадағы СО2 бөлінуінің артуы, жоғары оттегінің вентиляциялық эквиваленті, ЖЖЖ жоғарылауы, қанда және альвеолалық ауада СО2 мөлшерінің жоғарылауы, қандағы рН төмендеуі, тер бөлінудің артуы жатады.

«Өлі нүктенің» пайда болуының жалпы себебі бабына келу процесінде туындаған жұмыс атқарушы бұлшық еттердің оттегіге жоғары қажеттілігі мен организмді оттегімен қамтамасыз ететін оттегі тасымалдау жүйесі қызметінің жеткіліксіз деңгейі арасындағы сәйкессіздіктен туындауы ықтимал. Нәтижесінде бұлшық ет пен қанда анаэробтық метаболизм өнімдері, ең алдымен сүт қышқылы жинақталады. Бұл жұмыс басында активті және активті емес дене мүшелері мен ұлпалары арасындағы жүректің қан айдауының (жүректің минуттық қан көлемінің) баяу қайта таратылуынан салыстырмалы гипоксия күйін сезінетін тыныс алу бұлшық еттеріне де қатысты.

Уақытша «өлі нүкте» күйін жеңу үлкен ерік күшін қажет етеді. Егер жұмыс жалғаса берсе, онда ең алдымен және көбінесе қалыпты («комфортты») тыныс алудың пайда болуымен көрінетін кенеттен жеңілдену сезіміне ауысады. Сондықтан «өлі нүкте» ауысқан күйді «екінші тыныс алу» деп атайды. Бұл күйдің пайда болуымен ӨВ көбіне азаюы, тыныс жиілігінің баяулауы, ал тереңдігінің артуы, ЖЖЖ біраз төмендеуі жүреді. О2 пайдалану және дем шығарған ауаға СО2 бөліну азаяды, қандағы рН өседі. Тер бөлінудің күшеюі байқалад «Екінші тыныс алу» күйі организмнің жұмыстардың орындалуын қанағаттандыру үшін жеткілікті мобилді екенін көрсетеді. Неғұрлым жұмыс қарқындырақ болса, соғұрлым «екінші тыныс алу» ертерек пайда болады.

3.Қажу. Қажу процесі – дене жұмысын орындау кезеңінде түрлі мүшелер, жүйелер және тұтас организмде жүретін ақыр аяғында оны жалғастырудың мүмкін болмауына әкелетін өзгерістер жиынтығы. Қажу күйі жұмыс әсерінен шаршауды субъективті сезінумен көрінетін жұмысқа қабілеттіліктің уақытша төмендеуімен сипатталады. Адам қажу күйінде қажетті жұмыс қарқындылығы деңгейін және (немесе) сапасын (орындау техникасын) ұстап тұруға мүмкіндігі жетпейді немесе оны жалғастырудан бас тартуға тура келеді.

Қажу – жұмыс салдарынан және қайта қалыптасу процестерінің жеткіліксіздігінен туатын жағдай. Ол жұмысқа қабілеттіліктің төмендеуі реттеуші механизмдер мен жүйелердің, мүшелердің өзара әрекеттестігінің бұзылуы және шаршау түйсігі арқылы сипатталады.

Қажу жұмыс кезінде организмді әлсіретпеу және оны әсіресе стрестен сақтау әрекеттерін жасайды. Сонымен бірге ол организмнің қосалқы мүмкіндіктерін іске қосып, жұмысқа қабілеттілікті көтеретін қайта қалыптастыру процестеріне аса зор ықпалын тигізеді.

Қажу күштің және төзімділіктің азаюымен, қозғалыс координациясының төмендеуімен, сол бір жұмысты орындау кезінде жұмсалатын энергияның артуымен, ақпаратты қайта өңдеу жылдамдығының баяулауымен, естің (зерденің) төмендеуімен және зейіннің шашырауымен т.с.с. көрінеді. Қажу критериі жұмыстың сандық және сапалық көрсеткіштерінің, сонымен қатар жұмыс кезіндегі дене қызметінің немесе арнайы қойылатын сынақтарға (тест) жауап берудегі өзгерістер болып табылады.

Кез келген жұмыс түрінде қажудың алдын алудың тиімді тәсілі еңбек мотивациясын және дене дайындығын жоғарылату болып саналады.

Шаршау – ұзақ немесе қарқынды жұмыс кезінде туындайтын физикалық, биохимиялық және психофизиологиялық қызметтер өзгерістерінің жиынтығымен көрінетін қажуды субъективті сезіну.

Сол бір жүктемеге туындаған қажудың тереңдігі белгілі бір жұмыс түріне бейімделу мен спортшының жаттықтырылу дәрежесіне, физикалық пен психикалық күйіне, мотивация және жүйке-эмоционалдық абыржу деңгейіне байланысты. Дене еңбегінде, кез келген ауырлықта (қарқындылықта) орындалатын жаттығуларда, сонымен қатар ой еңбегінде қажу дәрежесі жалпы дене жұмыс қабілеттілігінің деңгейі төмен болған сайын жоғары болады.

Қажу локализациясы (жинақталуы) және механизмдері. Сипаты мен қуаттылығы бойынша әр түрлі жаттығуларды орындауда физиологиялық жүйелердің қатысу деңгейі бірдей емес. Кез келген жаттығуды орындау кезінде функционалдық мүмкіндіктері адамның сол жаттығуды қажетті қарқындылық пен (немесе) сапа деңгейінде орындау қабілетін анықтайтын негізгі жетекші жүйелерді бөліп көрсетуге болады. Бұл жүйелердің олардың максималды мүмкіндіктеріне қатысты жүктелу дәрежесі сол жаттығуды орындаудың шекті ұзақтығы мен (немесе) сапасын анықтап қана қоймай, яғни қажу күйінің туындау кезеңін анықтайды. Сонымен, жетекші жүйелердің функционалдық мүмкіндіктері сол жаттығудың орындалу қарқындылығын, шекті ұзақтығын және (немесе) сапасын анықтап қана қоймай әрі лимиттейді.

Әр түрлі жаттығуларды орындау кезінде қажу себептері әркелкі болады. Қажудың негізгі себептерін қарастыру екі негізгі түсінікпен байланысты. 1-түсінік – қажу локализациясы (жинақталуы), яғни сол жетекші жүйелердің (немесе жүйенің) функционалдық өзгерістері қажу күйінің туындауын анықтайды. 2-түсінік – қажу механизмдері, яғни жетекші функционалдық жүйелер қызметіндегі сол нақты өзгерістер қажудың дамуын негіздейді.

Қажудың жинақталуы бойынша кез келген жаттығудың орындалуын қамтамасыз ететін жүйелердің 3 негізгі тобын қарастыруға болады:



  1. Реттеуші жүйелер – орталық жүйке жүйесі, вегетативтік жүйке жүйесі және гормоналдық-гуморалдық жүйе;

  2. Бұлшық ет әрекетін вегетативтік қамтамасыз ету жүйелері – тыныс алу, қан және қан айналу жүйелері;

  3. Орындаушы жүйе – қозғалыс (перифериялық немесе шеткі жүйке-бұлшық ет) аппараты.

Қажудың пайда болуында жоғары жұмыс қабілеттілігі сақталатын, ерік күшімен демелетін жасырын, жеңуге болатын қажу болады. Қозғалыс әрекетінің үнемділігі бұл жағдайда төмендейді, жұмыс жоғары энергия жұмсалумен орындалады. Бұл өтелетін қажудың түрі. Жұмысты ары қарай орындау кезінде өтелмейтін қажу пайда болады. Бұл күйдің басты белгісі жұмыс қабілеттілігінің төмендеуі болып табылады. ОЖЖ-гі қорғану тежелуінің дамуы жұмысты тоқтатуға әкеледі. Өтелмейтін қажу кезінде бүйрекүсті безі қызметі төмендейді, тыныс алу ферменттері белсенділігі азаяды, анаэробтық гликолиз процестерінің екіншілік күшеюі жүреді. Дене жаттығуларын орындау кезінде дамитын қажу олардың тиімділігінің және спорттық нәтиженің төмендеуіне әкеледі.

Қажудың даму механизмін тереңірек ұғынбай жаттықтыру процесін дұрыс ұйымдастыру мүмкін емес. Қажу физиологиясында кеңінен тараған нейрогендік қағиданың негізін қалаушы И.М.Сеченов. Ол өзінің эргографиялық жұмыстары арқылы белсенді тынығу феноменін ашып, бұлшық ет жұмыс қабілеттілігінің төмендеуі жүйке орталығына байланысты екендігін көрсетті. И.М.Сеченовтың бұл көзқарасы басқа физиологтардың еңбегінде одан әрі дамыды.

И.П.Павлов қажу мен қалпына келуді бір процестің екі жағы деп қарастырады. Олардың қатынастары – тірі құрылымның әрекет күйі немесе төмен белсенділікке ауысуы негізі. И.П.Павлов идеяларын Г.Ф.Фольборт дамытып, қажуды түгесілу мен қалпына келу процестері арақатынастарына тәуелді күй ретінде қарастырудың принциптік дұрыстығын көрсетті.

Н.Е.Введенский мен А.А.Ухтомскийдің зерттеулері бойынша, қажу орталық тежелуден және жұмыс әрекетінің үйлеспеушілігінен шығады. Л.А.Орбели және оның шәкірттері қажуды жүйке орталығына әсер ететін шашыраңқы вегетативтік әсерленістерден туады деп санады.

Кез келген жаттығуды орындау кезінде бұлшық ет әрекетін және оның вегетативтік қамтамасыз етілуін реттейтін жүйке орталықтары күйінің функционалдық өзгерістері жүреді. Мұнда қажуға неғұрлым «сезімтал» ми қыртысындағы жүйке орталықтары болып табылады. Орталық жүйкелік қажу қызметтердің, соның ішінде қызметтер (соның ішінде, қозғалыс) координациясының бұзылуымен, шаршау сезімінің туындауымен көрінеді. И.М.Сеченов (1903) өз еңбектерінде «шаршауды сезіну көзі кәдімгі жұмыс атқарушы бұлшық еттер болса, мен оны . . . ОЖЖ жатқызамын» деп жазған.

Орталық-жүйкелік қажу механизмдері көп қырынан әлі де ашылмаған. И.П.Павлов теориясына сәйкес жүйке жасушаларының қажуы – олардың қарқынды немесе ұзақ белсенділік әсерінен туындайтын қорғаныс тежелуінің көрінуі. Мұндай тежелу жұмыс кезінде ОЖЖ барлық деңгейіне, тіпті ми қыртысына дейін жеткізілетін жұмысшы бұлшық ет, буын рецепторларынан қарқынды пропиоцептивті импульсация нәтижесінде туындайды. Тежелу – жүйке жүйесін сақтайтын, ал ол арқылы нәтижесі организмнің тіршілік қабілеттілігін жоғалтуы мүмкін болатын барлық мүшелер мен ұлпаларды түгесілуден қорғайтын әмбебап механизм.

Қажу вегетативтік жүйке жүйесі және ішкі секреция бездері қызметтерінің өзгерістерімен байланысты болуы ықтимал. А.А.Виру бойынша екіншісінің әсіресе, ұзақ жаттығулар кезінде маңызы зор. Бұл жүйелер қызметінің өзгерістері бұлшық ет әрекетінің энергетикалық қамтамасыз етілуін, вегетативтік қызметін реттеудегі бұзылуларға әкелуі мүмкін.

Қажудың туындау себептері вегетативтік қамтамасыз ету жүйелері, ең алдымен тыныс алу және жүрек-тамыр жүйелерінің қызметінің көптеген өзгерістері болуы мүмкін. Мұндай өзгерістердің басты салдары жұмыс атқарушы адам организмінің оттегі тасымалдау мүмкіндіктерінің төмендеуі болып табылады.

Қажу орындаушы аппараттың, яғни жұмыс атқарушы бұлшық еттің өзінде жүретін өзгерістермен де байланысты болуы мүмкін. Мұнда бұлшық еттік (шеткі) қажу әлбе бұлшық ет талшығы жиырылу аппаратының өзіндегі, әлбе жүйке-бұлшық ет синапсындағы, әлбе бұлшық ет талшықтарының электрлік-механикалық байланыс жүйесіндегі туындайтын өзгерістер нәтижесі болып табылады. Кез келген осы локализациялар кезінде бұлшық еттік қажу бұлшық еттің жиырылу қабілетінің төмендеуімен көрінеді.

Соңғы жылдары адам бұлшық етінің қажуын түсіндіру үшін ұсынылған ми қыртысы теориясы бойынша, қажуға орталық жүйке жүйесінің күйі (эмоция, сезу тітіркендіргіштері, белсенді тынығу, автоматты (дағдылы) қимылдар т.б.) зор ықпалын тигізеді. Өйткені қажудың орталық механизмдері ми қыртысы деңгейінде тұйықталатындығы көрсетіледі. Қажу кезінде жұмыс қабілеттіліктің динамикасы қозғалыс талдағышының тежелуші элементтерімен байланысты. Жұмыстың бастапқы кезінде жоғары өрлейтін импульстер қозғалыс талдағышының орталығын сергітеді, оның қабілетін арттырады. А.А. Ухтомскийдің айтуынша, жүйке орталығының нәрленісі (трофикасы), ширақтығы көтеріледі, ол ырғаққа үйрену деп аталады. Жұмыс үстінде бұрынғы қалпына келу белсендіріледі, ол іс-әрекеттің физиологиялық ырғағын жеделдетеді.

Нейрофизиологиялық зерттеулер торлы құрылымның жоғары жүйке орталықтарын сергітетін, яғни жеңілдеткіш ықпалын көрсетеді. Қажу кезіндігі ми қыртысы орталықтары жұмыскерлігінің төмендеуі тек мүмкіндік қорының азаюымен ғана емес, оларда туатын тежелу процестеріне байланысты. Олар өзара шиеленісіп, жүйке орталығының ширақтығын, яғни әрекеттер көрінісін әлсіретеді.

Өткен ғасырдың өзінде бұлшық ет қажуының 3 негізгі механизмі қалыптасқан:

1. Энергетикалық ресурстардың түгесілуі, әлсіреуі;

2. Энергетикалық заттар ыдырау өнімдерінің жинақталуынан бітелу немесе улану;

3. Оттегінің жеткіліксіз түсуінен тұншығу.

4.Қалпына келу

Жаттығуды тоқтатқан соң сол жаттығудың орындалуын қамтамасыз ететін функционалдық жүйелер қызметінің кері өзгерістері жүреді. Осы кезеңдегі өзгерістер жиынтығының барлығы қалпына келу түсінігіне келіп саяды. Қалпына келу кезеңі барысында жұмыс метаболизмі өнімдері жойылады және бұлшық ет әрекеті кезінде шығындалған энергетикалық қор, пластикалық (құрылымдық) заттар (белок және т.б.) мен ферменттер толтырылады, яғни бұзылған гомеостаз жұмысының қалпына келуі жүреді. Бірақ қалпына келу организмнің тек жұмыс алдыңғы күйіне оралу процесі ғана емес. Осы кезеңде организмнің функционалдық мүмкіндігінің жоғарылауын, яғни жаттықтыру әсерінің тиімділігін қамтамасыз ететін өзгерістер де жүреді.



Жұмысты тоқтатқаннан кейінгі қызметтердің қалпына келуі. Жұмысты тоқтата салысымен түрлі функционалдық жүйелер қызметінде алуан түрлі өзгерістер жүреді. Қалпына келу кезеңінде 4 фазаны бөліп көрсетуге болады:

1.Тез қалпына келу;

2.Баяу қалпына келу;

3.Суперкомпенсация (немесе «қайта қалпына келу»);

4. Ұзақ (кеш) қалпына келу.

Әртүрлі қызметтерде бұл фазалардың болуы, олардың ұзақтығы мен сипаты түрліше болады. Алғашқы екі фазаға қажытатын жұмыс нәтижесінде төмендейтін жұмысқа қабілеттіліктің қалпына келу кезеңі, үшінші фазаға жоғары жұмысқа қабілеттілік, төртіншіге жұмыс қабілеттіліктің қалыпты (жұмыс алдыңғы) деңгейіне оралу сәйкес келеді

Активті (белсенді) тынығу. Жұмыстан кейін бұрынғы күйге жетудің маңызды әдісі – активті тынығу. Активті тынығу феноменін, яғни активті әрекеттен демалыс кезінде жұмыс қабілеттілігінің жоғарылауын И.М.Сеченов ашқан болатын.

Қалпына келу процестерінің сипаты және ұзақтығы жұмыстан кейін қалпына келу кезеңінде спортшы әрекетінің режимімен байланысты өзгеруі мүмкін. И.М.Сеченовтың тәжірибелері бойынша, қажыған бұлшық еттердің жұмыстан кейін бұрынғы қалпына келуі толық тыныштық сақтағаннан гөрі, басқа бұлшық еттерді жұмысқа қосқан кезде тезірек жүреді. Ол бұлшық еттердің өзара алмасып, нәтижелі жұмыс істеу сапасын көтереді.Қол эргографында жұмыстан қажыған қолдың жұмыс қабілеттілігі тынығу кезеңінде басқа қол жұмысымен айналысқанда тезірек және толығырақ қалпына келетінін байқаған. Бұл феноменді И.М.Сеченов талдай отырып, тынығу кезінде басқа жұмыс атқарушы бұлшық еттерден түсетін афферентті импульстер оларды энергиямен зарядтай отыра жүйке орталықтарының жұмыс қабілеттілігінің жақсы қалпына келуіне мүмкіндейтінін жорамалдады. «Энергиямен зарядталуды» қажыған жүйке жасушаларының жұмыс қабілеттілігі мен белсенділігінің жоғарылауына әкелетін торлы құрылымның үлкен ми сыңарлары қыртысының қозғалыс орталықтарына арнайы емес ықпалы ретінде қарастырған жөн. Активті тынығу феномені жүйке орталықтары арасындағы индукциялы қатынаспен де түсіндірілуі мүмкін. И.П.Павлов теріс индукцияны қажыған жүйке орталықтарын «энергиямен зарядтауды» жүзеге асыратын потенциалды резерв ретінде көрді.

Сонымен қатар бір қолдың жұмысы басқа қол тамырындағы қан айналымының артуын тудыра отырып, қажыған бұлшық еттердің жұмыс қабілеттілігінің неғұрлым жылдам қалпына келуіне мүмкіндік береді.

Тынығудың мәні орындалатын жұмыстың сипатына байланысты. Жалпы алғанда пассивті (селқос) тынығу тиімсіз келеді, өйткені одан кейін іске қосылу баяулайды және қиындайды. Бұл кезеңде бұлшық еттердің жұмысқа қабілеттілігі төмендегенмен, олардың өте жоғары электрлік белсенділігі байқалады. Сонымен қатар пассивті тынығудан кейін ол баяу қалпына келеді.

Сондықтан пассивті тынығу ауыр және қолайсыз өндіріс жағдайларында істелетін жұмыстан кейін орынды. Тынығу кезінде шаршаған бұлшық еттерге демалыс беру үшін, дене қалпын өзгертіп отыру керек. Ал ой еңбегінен кейінгі тынығу кезінде, керісінше дене жүктемелері қосылуға тиіс. Мұндай жағдайда жұмысқа кіріскен бұлшық еттердің рецепторлары жүйке орталығына импульстер жіберіп, оларды қоздырады. Ал қозу толқыны жайылған ми қыртысының аймақтары индукция заңына сәйкес тежелу процестерін жаңғыртады, сөйтіп қайта қалыптасу жақсарады, олардың қозғыштық қасиеті артады.

Тынығуды белсендіру іс-әрекет түрлерін өзгерту мен өндірістік гимнастика арқылы қамтамасыз етіледі. Жұмысқа қабілеттілікті жоғары деңгейде сақтау мен денсаулықты нығайту үшін үнемі дұрыс қолданылатын өндірістік гимнастика көп пайдалы болады. Ол әсіресе аз қимылдайтын жұмыстарда, ақыл-ой еңбектерінде өте тиімді.

Ал жүйкеге тиетін және зор зейінді талап ететін жұмыстарда, саусақтың жоғары ырғақты, дәлме-дәл, ұсақ қимылдарында, бірсарынды істерде жиі және қысқа (5-10 мин) үзілістер енгізілу керек. Өте қатты қажытатын жұмыстарда үзілістер жиі және ұзаққа созылуы тиіс. Жұмыстың статикалық түрлерін динамикалық түрлеріне, қол еңбегін ой еңбегіне алмастырып отыру қажет. Жұмыс қабілеттілікті көтеру үшін қолайлы гигиеналық, эргономикалық және психологиялық жағдайлар толық жасалуы керек. Бұл шаралар организмнің апталық немесе тәуліктік физиологиялық ырғақтарына сәйкес ұйымдастырылуға тиіс. Активті тынығудың оң әсері тек жұмысқа басқа бұлшық ет топтарының қайта қосылуы кезінде ғана емес, сол жұмыстың өзін азырақ қарқындылықпен орындау кезінде де көрінеді. Мысалы, жоғары жылдамдықпен жүгіруден жортақтап жүгіруге ауысса неғұрлым тезірек қалпына келу үшін тиімді болады. Пассивті тынығу кезіне қарағанда активті тынығу кезінде, яғни төмен қуаттылықты жұмыс жағдайында сүт қышқылы қаннан тезірек жойылады. Физиологиялық тұрғыдан алып қарағанда жұмыс соңында немесе жарыстан кейін орындалатын жоғары емес қуаттылықты аяқтау жұмысының оң әсері активті тынығу феномені көрінісі болып табылады.Активті тынығу спорт практикасында бұлшық ет жұмысының бір түрінің басқаға, қарқынды жүктеменің аз қарқынды жүктемеге ауысуы ретінде қолданады. Активті тынығу ретінде оптималды қарқынды жаттығулар ұсынылуы мүмкін. Дегенмен ұзақ бірсарынды (монотонды) жұмыстардан қажу кезінде қысқа мерзімдік қысқа жаттығулар неғұрлым тиімдірек болады. Спортшылар жаттығулар арасында активті үзілістермен қатар пассивті тынығу да қолданады. Жарыстың үзіліс кездерінде кейбір спортшылар аутогендік жаттығу және қысқа мерзімдік ұйқыны қолдана отырып толығымен қалпына келуге үлгереді. Активті тынығу әдістерін қолдану бойынша тәжірибелік ұсыныстар беруде спортшыларда активті және пассивті тынығу түрлерін кезектестіре отырып қалпына келу процестері өтуінің жеке-дара ерекшеліктерін ескеру қажет.

Қазіргі кезде спорт және еңбек физиологиясында адамның әр түрлі функционалдық күйін және сырқатқа шалдығуын болжау өте маңызды орын алады. Әсіресе бұл организм мен қоршаған ортаның арақатынасы өзгергенде, төтенше факторлар әсер еткенде, еңбек және жаттықтыру жүктемелерінен кейінгі қажу пайда болғанда қолданылады.

Организмнің әр түрлі функционалдық күйі вегетативтік (энергиялық), соматикалық немесе бұлшық ет (орындаушы) және психофизиологиялық (меңгеруші) жүйелер арқылы анықталады (П.К. Анохин, В.И. Медведев).

Қызметтердің энергиялық деңгейін ішкі мүшелердің (жүрек-тамыр, тыныс, эндокриндік, қан жүйесі т.б.) қызметі арқылы бағалайды. Оның орындаушы деңгейін рефлексометрия әдісімен бұлшық ет пен орталық жүйке жүйесінің психомоторлық көрсеткіштері арқылы бағалайды. Ал қызметтердің меңгеруші (психофизиологиялық) деңгейін ойлау, зейін, зерде ерекшеліктері көрсеткіштері арқылы тексереді. Осы комплексті әдістерді қолданып, адамның іс-әрекетіне, спортпен айналысуға мүмкіндігін және қабілетін болжауға болады.



5 Қалпына келу процестерінің және тынығудыц тиімділігін арттыру жолдары. Жұмысқа қабілеттілікті қалпына келтірудің биологиялық факторлары

Жұмысқа қабілеттілікті қалпына келтірудің биологиялық факторлары (көмірсуларға бай, дәруменделген тағам, кейбір биологиялық активті заттар) организмнің энергетикалық балансын жақсартатыны сөзсіз. Н.Р.Чаговец биологиялық активті заттар қатарына трикарбон қышқылдары цикліндегі метаболизм өнімдерін, соның ішінде жұмыс қабілеттілігін қалпына келтіруге тиімді әсер ететін янтарь қышқылын жатқызады. Аспарагин және глутамин қышқылдары қалпына келу процестерін жылдамдатады.

Дене жұмыс қабілеттілігінің биологиялық стимуляторлары организмнің энергиялық балансын жақсартады. Мәселен қалпына келу кезеңінде белокты артық қабылдау немесе оның синтезінің жылдамдауы кезінде спорттық жұмысқа қабілеттілік жоғарылайды. Бұған белок алмасуы күшейтілуімен стимулданған жылдамдатылған пластикалық процестер ықпал етеді.

Бұлшық ет әрекеті кезінде қуатты энергетикалық көз глюкоза болып табылады. Сонымен қатар оны артық пайдалану физиологиялық қалыпқа (нормаға) жатпайтын өзгерістер кешенін тудырады. Глюкозаны қабылдау қанның тұтқырлығы мен қан айналымдағы мөлшерін арттырады. Глюкоза электролиттік тепе-теңдікті өзгерте отырып гипокалиемияны тудырады және осылайша кардиопатиялық құбылыстардың дамуын мүмкіндейді. Стероидтық гормондар тепе-теңдігі бұзылады. Жүрек қызметінің электрокардиографиялық картинасында жүрекке күш түскен кездегі ошақтық өзгерістерге тән өзгерістер байқалады.

Қалпына келтірудің типтік биологиялық факторы пангам қышқылы (В15 дәрумені) болып табылады. Бұл стимуляторды қабылдау (100 мг-нан тәулігіне 3 рет 20 күндік курс) липидтер метаболизмін күшейтеді. Пангам қышқылы ұлпалардағы КрФ деңгейін жоғарылата және перифериялық ұлпалардағы қалпына келу процестерін жылдамдата отырып жылдамдық төзімділігін жетілдіруге мүмкіндік береді.

ОЖЖ арқылы жүзеге асатын анаболикалық әсерге элеутерококк ие. Ол КрФ пен гликоген шығынын төмендетеді, бұлшық еттердегі фосфолипидтер мөлшерін арттырады, сонымен бірге көмірсу алмасуынан көмірсу емес энергия көзіне қосылуын мүмкіндейді. Бұлшық ет жұмыс қабілеттілігінің стимуляторы рөлін және энергияның қосымша көзін бұлшық ет-аденил препараты атқарады.

Массаждың әр түрін (уқалау, ысқылау, вибромассаж), гидропроцедуралар (душ, шомылу, сауна) қолдану қалпына келу процестерін жылдамдатады. Олар психотерапиямен, гидроэлектролиттік теңгерілумен қатар жүру керек. Жүрек қызметін қалпына келтіру үшін оттектік терапия, сонымен қатар С және В дәрумендер тобын қабылдау пайдалы.

Дәрігердің нұсқауынсыз, өз еркімен дәрумендерді көп қабылдау зат алмасу процестерінің бұзылуларына әкелуі мүмкін. Мәселен, дәрумендерді артық қабылдаудан организмде субстраттық ферменттер өндіріледі. Олар дәрумендердің артық мөлшерін катализдеп, гиповитаминозға әкеледі.


Бақылау сұрақтары:

1. Спорттық кызмет кезіндегі ағзаның физиологиялық қызметтерінің ерекшеліктері қандай?



2Өлі нүкте" және "Екінші тыныс алу" механизмдерін түсіндіріңіз

3.Шаршаудың анықтамасы және физиологиялық маңызына сипаттама беріңіз

3.Қалпына келу процестерінің және тынығудың тиімділігін арттыру жолдарын атаңыз?
Дәріс №6
Тақырыбы:Дене сапалары дамуының физиологиялық механизмдері

Мақсаты: Студенттерді дене сапалары дамуының адам ағзасының физиологиялық механизмдерімен таныстыру

Негізгі сұрақтар:



1. Дене (кимыл) сапаларын арттырудың физиологиялык механизмдері. Бұлшық ет күшінің физиологиялық негіздері.

2. Күш сапаларын (морфологиялық, биохимиялык, физиологиялық) дамытуды анықтайтын факторлар. Статикалық максималді бұлшык ет күші, максималді ерікті күш және күш мұқтаждығы. Ерікті күштің орталық және шеткі факторлары. Динамикалық және жарылыс күші.



3.Төзімділікті анықтау. Төзімділіктің, шаршаудың және жұмыс қабілеттіліктің өзара байланыстары. Төзімділіктің ерекшелігі.

4. Бұлшық ет аппараты және төзімділік
1.Бұлшық ет күшінің физиологиялық негіздері

Бұлшық ет изометриялық жиырылу жағдайында максималды статикалық күшті көрсетеді.



Бұлшық еттің максималды статикалық күші және максималды ерікті статикалық күші. Бұлшық ет изометриялық жиырыла отырып ол үшін мүмкін болатын максималды ширығуды келесі 3 жағдай бір мезгілде орындалғанда дамытады:

1) сол бұлшық еттердің барлық қозғалыс (моторлық) бірліктерінің (бұлшық ет талшықтары) белсенуінде;

2) оның барлық қозғалыс бірліктерінің толық тетанусы (сіресіп жиырылуы) режимінде;

3) тыныштықта ұзындыққа бұлшық ет жиырылуында.

Осы жағдайларда бұлшық еттің изометриялық ширығуы оның максималды статикалық күшіне сәйкес келеді.

Бұлшық еттің жиырылу күші тітіркендіргіштің күшіне, жиілігіне және еттің құрылыс ерекшелігіне, функционалдық күйіне байланысты. Бұлшық ет мыңдаған ет талшықтары шоғынан (топтарынан) тұрады.

Белгілі бір бұлшық еттің қозу табалдырығын анықтаған соң тітіркендіргіш күшін біртіндеп көбейтсе, бұған сәйкес бұлшық еттің жиырылу күші біртіндеп өседі, бірақ тітіркендіргіштің күші белгілі бір деңгейге жеткен соң бұлшық еттің жиырылу күші одан әрі күшеймейді. Осыған орай тітіркендіргіштің ең төмен (минимальдік) және ең жоғары (максималдық) табалдырық күші болады. Бұлшық еттің құрамындағы моторлық бірліктің әр қайсысының қозу табалдырығы әр түрлі. Сол себепті минимальдік табалдырық ең қозғыш моторлық бірлікті қоздырады, ал максималдық табалдырық бұлшық еттегі барлық миоциттердің қозу табалдырығынан жоғары болатындықтан бәрін жиырылтады. Мұнымен бірге бұлшық еттің жиырылу күші тітіркендіргіштің жиілігіне байланысты. Еттің оптимум және пессимум жиілігі болатыны және оның себептері белгілі. Ұзын ет талшықтары қысқаларына қарағанда қаттырақ жиырылады. Қажыған еттің жиырылу күші біртіндеп азаяды.

Бұлшық еттің күші оның көтере алатын ең үлкен жүгімен анықталады. Бұл кезде ет талшықтарының бәрі қатысады, қатаяды. Мұндай күшті максималдық күш (МК) дейді. Максималдық күш сол бұлшық етті құрайтын бұлшық ет талшықтарының санына және оның әр қайсысының жуандығына байланысты.

Бұлшық еттің максималдық күшінің оның анатомиялық көлденеңінің ауданына қатысын бұлшық еттің салыстырмалы күші деп атайды. Бұл 1 см2-да күш ньютон немесе килограммен өлшенеді (Н/см2 немесе кг/см²). Бұлшық еттің анатомиялық көлденеңі деп бұлшық еттегі барлық талшықтардың көлденең кесіндісінің жинақы ауданын айтады, яғни бұлшық ет ұзындығына перпендикуляр жүргізілген оның көлденең кесіндісі ауданы ретінде анықталады.

Мұнымен қатар бұлшық еттің физиологиялық көлденеңі немесе көлденең ауданы деген де ұғым бар. Егер бұлшық ет талшықтары бір-бірімен қатар (параллель) жатса, онда бұлшық еттің жинақы физиологиялық көлденеңі оның анатомиялық көлденеңіне тең болады. Ал бұлшық ет талшықтары құстың жүні тәрізді қисық орналасса, онда әр талшықтың қақ ортасынан өтетін көлденең сызығының ауданы (физиологиялық көлденең ауданы) анатомиялық ауданынан жоғары болады. Сондықтан мұндай бұлшық еттер күштірек келеді. Бұлшық еттің максималдық күшінің физиологиялық көлденеңіне қатынасы бұлшық еттің абсолюттік күші деп аталады. Ол шамамен 0,5-1 Н/см2 аралығында болады.

Адамда бұлшық ет күшін өлшеу оның ерікті күш салып, қажетті бұлшық еттерді максималды жиырылтуға тырысуы кезінде жүзеге асырылады. Сондықтан адамның бұлшық ет күші туралы айтқанда максималды ерік күші (МЕК) туралы сөз болады (спорттық педагогикада бұл түсінікке «бұлшық еттің абсолютті күші» түсінігі эквивалентті қолданады). Ол 2 топ факторларына байланысты:

1. Бұлшық еттік (шеткі);

2. Координациялық (орталық-жүйкелік).

МЕК анықтайтын бұлшық еттік (шеткі) факторларға мыналар жатады:

А) бұлшық ет ауырлығы әсерінің механикалық жағдайы, яғни бұлшық ет күші оның сүйекке бекітілуіне де байланысты. Рычагты түрде бекітілгенде еттің күші жоғары болады;

Ә) бұлшық ет ұзындығы, өйткені бұлшық ет ширығуы оның ұзындығына байланысты;

Б) бұлшық еттің көлденең қимасы (жуандығы), ол қаншалықты жуан болса, оның бұлшық ет күші де соншалықты жоғары болады;

В) бұлшық ет композициясы, яғни жиырылған бұлшық еттегі жылдам және баяу бұлшық ет талшықтарының қатынасы.

Координациялық (орталық-жүйкелік) факторларға бұлшық ет аппаратын басқарудың орталық-жүйкелік координациялық механизмдері – бұлшық ет ішілік және бұлшық ет аралық координация механизмдері жиынтығы жатады.

Бұлшық ет ішілік координация механизмдері сол бұлшық еттердегі мотонейрондар импульсациясы саны мен жиілігін және олардың импульсациясының уақытпен байланысын анықтайды. ОЖЖ осы механизмдер көмегімен сол бұлшық еттердің МЕК реттейді, яғни осы бұлшық еттердің ерікті жиырылу күшінің қаншалықты оның МК-не жуықтығын анықтайды. Кез келген бұлшық ет тобының, тіпті бір буынның МЕК көрсеткіші көптеген бұлшық еттердің жиырылуы күшіне тәуелді болады. Бұлшық ет аралық кординация сол және басқа буындардағы «қажетсіз» антагонист бұлшық еттер белсенділігіне шек қоюда, «қажет» синергист бұлшық еттерді адекватты (барабар) таңдауда, аралас және т.б. буындардың бекітілуін қамтамасыз ететін антагонист бұлшық еттер белсенділігінің күшеюінде көрінеді.

Сонымен, бұлшық еттердің МЕК көрінуі талап етілетін кездерде оларды басқару ОЖЖ үшін күрделі міндет болып табылады. Осыдан кәдімгі жағдайларда бұлшық еттің МЕК олардың МК-не қарағанда неліктен азырақ екені түсінікті. Бұлшық еттің МК мен олардың МЕК арасындағы айырмашылық күштік тапшылық (мұқтаждық) деп аталады.

Бұлшық ет аппаратын орталық басқару неғұрлым жетілдірілген сайын сол бұлшық ет тобының күштік тапшылығы соғұрлым аз болады. Күштік тапшылық мөлшері үш факторларға байланысты:



  1. адамның психологиялық, эмоционалдық күйіне;

  2. бір мезгілде белсендірілетін бұлшық ет топтарының қажетті санына;

  3. оларды ерікті басқарудың жетілдіру дәрежесіне.

Бірінші фактор. Адам кейбір эмоционалдық күй кезінде кәдімгі жағдайдағы оның максималды мүмкіндіктерінен асып түсетін күшті көрсете алатыны белгілі. Мұндай эмоционалдық (стрестік) күйге соның ішінде спортшының жарыс кезіндегі күйі де жатады. Эксперименттік жағдайларда МЕК көрсеткішінің айтарлықтай жоғарылауы, яғни күштік тапшылықтың азаюы зерттелушінің күшті эмоционалдық реакциясын тудыратын жағдайларда, оның күшті мотивациясы (әуестігі) кезінде байқалады. Мысалы, күтпеген қатты дыбыстан соң және де гипноз, кейбір дәрілік препараттарды қабылдаған кездерде де аңғарылады. Мұнда оң әсер (МЕК артуы, күштік тапшылықтың төмендеуі) жаттықпаған адамдарда күшті, ал жақсы жаттыққан спортшыларда әлсіз көрінеді немесе мүлдем көрінбейді. Бұл спортшыларда бұлшық ет аппаратын орталық басқарудың жетілуінің жоғары дәрежесін көрсетеді.

Екінші фактор. Бірдей жағдайларда күштік тапшылық мөлшерін өлшеу неғұрлым бір мезгілде жиырылған бұлшық ет тобының саны көп болған сайын соғұрлым жоғары болады. Мысалы, тек қолдың бас бармағы иілуіне әкелетін бұлшық еттің МЕК өлшеген кезде түрлі зерттелушілерде осы бұлшық еттердің МК-нен 5-15% күштік тапшылық құрайды. Бас бармақ және оның шынашағының (фалангасының) бүгілуіне әкелетін бұлшық еттің МЕК анықтау кезінде күштік тапшылық 20% дейін артқан. Балтыр бұлшық еттері көп топтарының максималды ерікті жиырылуы кезінде күштік тапшылық 30% тең.

Үшінші фактордың маңызы түрлі эксперименттермен дәлелденген. Мысалы, аяқ-қолдың белгілі бір қалпында жүргізілген изометриялық жаттықтыру сол қалпында өлшенген МЕК айтарлықтай жоғарылауына әкеледі. Егер өлшеу аяқ-қолдың басқа қалпында жүргізілсе, онда МЕК жоғарылауы айтарлықтай болмайды немесе мүлдем өспейді. Егер МЕК өсуі жаттыққан бұлшық еттердің (шеткі фактор) көлденең қимасының артуына ғана байланысты болса, онда ол аяқ-қолдың кез келген қалпында өлшеу кезінде байқалушы еді. Сәйкесінше, аталмыш жағдайда МЕК өсуі жаттығуға дейінгіге қарағанда дәл сол жаттыққан қалыпта неғұрлым жетілген бұлшық ет аппаратын орталық басқаруға байланысты.

Координациялық фактор рөлі салыстырмалы ерік күші көрсеткішін анықтау кезінде де айқындалады. Ол МЕК көрсеткішін бұлшық ет көлденең қимасының мөлшеріне бөлумен анықталады. Изометриялық жаттығуларды қолдана отырып 100 күндік жаттықтырудан кейін жаттыққан қол бұлшық етінің МЕК 92%-ға, ал олардың көлденең қимасы ауданы 23%-ға өсті. Сәйкесінше салыстырмалы ерік күші орташа 6,3-тен 10 кг/см² дейін артты. Сонымен жүйелі жаттықтыру бұлшық етті ерікті басқарудың жетілуіне мүмкіндік жасайды. Жаттықпаған қол бұлшық етінің МЕК бұл қолдың бұлшық ет көлденең қимасының ауданы өзгермесе де соңғы фактор есебінен біршамаға артты. Бұл бұлшық еттерді неғұрлым жетілген орталық басқару симметриялық бұлшық ет топтарына қатысты көрінуі мүмкін екенін көрсетеді. Мұны жаттықтыру әсерін «тасымалдау» құбылысы дейді.

Бұлшық еттің жылдам қозғалыс бірліктеріне ең жоғары табалдырық күші тән екені белгілі. Олардың бұлшық еттердің жалпы ширығуына үлесі мол, себебі олардың әрқайсысы көп бұлшық ет талшықтары құралады. Жылдам бұлшық ет талшықтарында көп миофибрилдер бар, жуандау және сондықтан олардың жиырылу күші баяу қозғалыс бірліктеріне қарағанда жоғары. Осыдан неліктен МЕК бұлшық ет композицияларына тәуелді екені түсінікті, яғни оларда неғұрлым жылдам бұлшық ет талшықтары көп болса, соғұрлым олардың МЕК жоғары болады.

Спортшының алдында жарыс жаттығуларын орындау кезінде айтарлықтай бұлшық ет күшін дамыту міндеті тұрса, онда ол жаттықтыру кезінде жоғары бұлшық ет күшімен (оның МЕК 70%-дан аз емес) орындалатын жаттығуларды жүйелі түрде қолданып отыру керек. Бұл жағдайда бұлшық етті ерікті басқару, атап айтқанда негізгі бұлшық еттердің қозғалыс бірліктерінің, соның ішінде неғұрлым табалдырық күші жоғары, жылдам қозғалыс бірліктерінің көп мөлшерінің қатысуын қамтамасыз ететін бұлшық ет ішілік координация механизмдері жетіле түседі.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет