Бағдарламасы «Дене шынықтыру және спорт түрлерінің физиологиясы»


Бұлшық еттің ерікті күші мен төзімділігінің байланысы



бет5/10
Дата28.12.2019
өлшемі336,53 Kb.
#55226
түріБағдарламасы
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10
Байланысты:
fb714dfe-0d18-11e6-b19f-f6d299da70eeУМКД Физиология Физ ВОспитания


Бұлшық еттің ерікті күші мен төзімділігінің байланысы. Бұлшық еттің ерікті күші мен төзімділігі («локалды» төзімділік) көрсеткіштері арасында күрделі байланыс бар. Сол бір бұлшық ет тобының МЕК мен статикалық төзімділігі тура тәуелділікте байланысты: сол бұлшық ет тобының МЕК көп болған сайын соншалықты таңдалған күштенуді ұзақ ұстап тұруға болады («абсолютті локалды төзімділік»). Түрлі зерттелушілерде бірдей салыстырмалы бұлшық ет (мысалы олардың МЕК-нен 60%) күштенуін дамытатын ерікті күш пен төзімділік арасындағы басқа байланыс эксперименттерде байқалған. Мұнда зерттелуші күшті болған сайын соғұрлым ол абсолютті мөлшері бойынша бұл күштенуді көбірек ұстап тұра алады. Бұл жағдайларда жұмыстың орташа шекті уақыты көбіне МЕК әр түрлі адамдарда бірдей болады («салыстырмалы локалды төзімділік»).

МЕК мен динамикалық төзімділік көрсеткіштері түрлі мамандандырылған спортшылар мен спортпен шұғылданбайтын адамдарда тура байланыста болмайды. Мысалы, ерлер арасындағы сияқты әйелдер арасында да диск лақтырушылардың аяқ бұлшық еттері неғұрлым күштірек, бірақ оларда динамикалық локалды төзімділік көрсеткіштері ең төмен болады. Орташа және ұзақ арақашықтықта жүгіретін желаяқтардың аяқ бұлшық еттерінің күші бойынша спортпен шұғылданбайтын адамдардан еш айырмашылығы жоқ, бірақ алғашқыларында динамикалық локалды төзімділік ерекше жоғары. Сонымен қатар оларда қол бұлшық еттерінің жоғары динамикалық төзімділігі байқалмаған. Бұлардың барлығы жаттықтыру әсерінің жоғары арнайылығын көрсетеді: спортшының жаттықтыру кезінде негізгі болып табылатын бұлшық еттердің функционалдық қасиеттері барлығынан көбірек жоғарылайды. Бұлшық ет күшін дамытуға бағытталған жаттықтыру бұлшық ет төзімділігіне айтарлықтай аз ықпал ете отырып, бұл сапаны арттыруға мүмкіндейтін механизмдерді жетілдіреді және керісінше.



Бұлшық ет жұмыс гипертрофиясы. Бұлшық ет күші оның (жуандығына) көлденеңіне байланысты болғандықтан оның артуы сол бұлшық еттердің күшінің өсуімен сипатталады. Денені жаттықтыру нәтижесінде бұлшық ет көлденеңінің ұлғаюы бұлшық ет жұмыс гипертрофиясы (гр. «гипер»-артық, көп, «трофос»-қоректену) деп аталады. Жоғары мамандандырылған ажыратылған жасуша болып табылатын бұлшық ет талшығы жаңа талшықтарды түзе отырып жасушалық бөлінуге қабілетті емес. Қандай жағдай болса да бұлшық ет жасушаларының бөлінуі орын алса, онда ол тек ерекше жағдайда және өте аз мөлшерде болады. Бұлшық ет жұмысы гипертрофиясы сондағы бұлшық ет талшықтарының жуандауы (көлемінің артуы) есебінен жүреді. Бұлшық ет талшықтарының айтарлықтай жуандауы кезінде жалпы сіңірлермен «еншілес» талшықтар түзе отырып, олардың механикалық бойлай ыдырауы мүмкін. Күштік жаттықтыру процесінде бойлай ыдыраған талшықтар саны артады.

Бұлшық ет талшықтарының жұмыс гипертрофиясының екі типін бөліп көрсетуге болады: саркоплазмалық және миофибрилдік. Саркоплазмалық жұмыс гипертрофиясы дегеніміз бұлшық ет талшықтарының көбіне саркоплазма көлемінің, яғни оның жиырылмайтын бөлімінің артуы есебінен жуандауы. Бұл тип гипертрофиясы жиырылмайтын, атап айтқанда бұлшық ет талшықтары митохондриялық белоктары және гликоген, азотсыз заттар, креатинфосфат, миоглобин т.б. сияқты метаболикалық резерв мөлшерінің жоғарылауы есебінен жүреді. Жаттықтыру нәтижесінде капиллярлардың санының айтарлықтай артуы да бұлшық еттердің кейбір жуандауын тудыруы мүмкін.

Саркоплазмалық гипертрофияға баяу (І) және жылдам тотығытын (ІІ-А) талшықтар неғұрлым бейім келеді. Бұл тип жұмыс гипертрофиясы бұлшық ет күшінің өсуіне аз ықпал етеді, бірақ есесіне ұзақ жұмысқа қабілеттіліктерін айтарлықтай жоғарылатады, яғни олардың төзімділігін арттырады.

Миофибрилдік жұмыс гипертрофиясы миофибрилдер саны мен көлемінің артуымен, яғни бұлшық ет талшықтарының меншікті-жиырылу аппаратымен байланысты. Мұнда бұлшық ет талшықтарында миофибрилдердің орналасу тығыздығы артады. Мұндай бұлшық ет талшықтарының жұмыс гипертрофиясы бұлшық еттердің максималды күшінің (МК) айтарлықтай өсуіне әкеледі. Және де бұлшық еттердің абсолюттік күші айтарлықтай артады, ал бірінші типті жұмыс гипертрофиясы кезінде ол мүлдем өзгермейді немесе тіпті біраз төмендейді. Миофибрилді гипертрофияға жылдам (ІІ-В) бұлшық ет талшықтары барынша бейім келеді.

Бұлшық ет талшықтарының гипертрофиясы нақты жағдайларда олардың біреуі басым келетін екі аталған типтің комбинациясы ретінде болады. Жұмыс гипертрофиясының бірінші немесе екінші типінің дамуы бұлшық етті жаттықтыру сипатымен анықталады. Бұлшық етке салыстырмалы кішкене күш жүктемесімен әсер ету арқылы төзімділікті дамытатын ұзақ динамикалық жаттығулар ең алдымен жұмыс гипертрофиясының бірінші типін тудырады. Көп бұлшық ет (жаттықтырылған бұлшық ет тобының МЕК-нен 70% аса) күштенуімен жүретін жаттығулар, керісінше жұмыс гипертрофиясының екінші типінің айрықша дамуын мүмкіндейді.

Жұмыс гипертрофиясының негізінде бұлшық ет белоктарының қарқынды синтезі және аздаған ыдырауы жатады. Сәйкесінше гипертрофияланған бұлшық етте ДНҚ және РНҚ концентрациялары қалыпты бұлшық етке қарағанда көп болады. Мөлшері жиырылатын бұлшық етте артатын креатин актин мен миозиннің синтезделуін күшейте отырып, осылайша бұлшық ет талшықтарының жұмыс гипертрофиясының дамуына әкеледі.

Бұлшық ет массасының көлемін реттеуде, атап айтқанда бұлшық ет гипертрофиясының дамуында аталық жыныс гормондары – андрогендер өте маңызды рөл атқарады. Ерлерде олар жыныс бездерінде және бүйрекүсті безінің қыртыс бөлімінде, ал әйелдерде бүйрекүсті безі қыртысында ғана өндіріледі. Осыған сәйкес ерлер организмдерінде әйелдерге қарағанда андрогендер мөлшері көп. Бұлшық ет массасының ұлғаюындағы андрогендердің рөлі келесідей көрінеді. Бұлшық ет массасының жасқа байланысты дамуы андрогендер гормондардың өндірілуінің ұлғаюымен қатар жүреді. Бірінші елеулі көзге түсетіндей бұлшық ет талшықтарының жуандауы андрогендердің түзілуі күшейетін 6-7 жаста байқалады. Жыныстық жетілу басталуымен ұлдарда 11-15 жаста және одан кейінгі кезеңдерде де жалғасатын бұлшық ет массасының қарқынды өсуі басталады. Қыздарда бұлшық ет массасының дамуы негізінен жыныстық жетілу кезеңінде тоқталады. Мектеп жасында бұлшық ет күшінің өсуі де осыған сәйкес сипатта болады.

Тіпті күш көрсеткіштерін дене өлшемімен коррекциялаудан кейін де күштік көрсеткіштер ересек әйелдерде ерлерге қарағанда төмен болады. Сонымен қатар егер әйелдерде кейбір сырқаттар нәтижесінде бүйрекүсті бездердің андрогендер бөлуі күшейе түссе, жақсы дамыған бұлшық ет рельефі пайда болады, бұлшық ет күші артады.

Жануарларға жүргізілген тәжірибелерде андрогендік гормондар (анаболик) препараттарын енгізу бұлшық ет белоктары синтезінің айтарлықтай интенсификациясын тудыратыны дәлелденген. Нәтижесінде жаттықтырылған бұлшық ет массасы және олардың күші артқан. Сонымен бірге қаңқа бұлшық ет жұмыс гипертрофиясы андрогендік және басқа гормондардың (өсу гормондары, инсулин, тиреоидты гормондар) қатысуынсыз да жүруі мүмкін.

Басқа жаттықтыру түрлері сияқты күштік жаттықтыру да бұлшық еттердегі жылдам және баяу бұлшық ет талшықтарының екі негізгі типтерінің арақатынасын өзгертпейді. Сонымен қатар ол жылдам гликолитикалық (ЖГ) талшықтар пайызын арттыра және сәйкесінше жылдам тотығу-гликолитикалық талшықтар (ЖТГ) пайызын азайта отырып екі жылдам талшықтар түрінің арақатынасын өзгертуге қабілетті келеді. Мұнда күштік жаттықтыру нәтижесінде баяу тотығытын талшықтарға (БТ) қарағанда жылдам бұлшық ет талшықтарының гипертрофия дәрежесі айтарлықтай жоғары. Ал төзімділікке жаттықтыру гипертрофияға бірінші кезекте баяу талшықтарды әкеледі. Бұл айырмашылықтар бұлшық ет талшықтарының жұмыс гипертрофиясының дәрежесі жаттықтыру процесіне оның қолдану шамасына сияқты оның гипертрофияға ұшырау қабілеттілігіне де тәуелді екенін көрсетеді.

Күштік жаттықтыру жылдам бұлшық ет талшықтары сияқты баяу бұлшық ет талшықтары да қатысатын қайталана максималды немесе оған жуық бұлшық ет жиырылуының салыстырмалы аз санымен байланысты. Бірақ аз қайталаудың өзі жылдам талшықтардың жұмыс гипертрофиясының дамуы үшін жеткілікті. Бұл жылдам талшықтардың баяу талшықтармен салыстырғанда жұмыс гипертрофиясының дамуына аса бейім екенін көрсетеді. Бұлшық еттердегі жылдам талшықтардың жоғары пайызы бағытталған күштік жаттықтыру кезіндегі бұлшық ет күшінің айтарлықтай өсуі үшін маңызды алғы шарты болып табылады. Сондықтан бұлшық еттеріндегі жылдам талшықтардың пайызы жоғары болатын адамдар күш пен қуаттылықты дамыту үшін неғұрлым жоғары потенциалдық мүмкіндіктерге ие.

Төзімділікке жаттықтыру салыстырмалы аз күшті бұлшық ет жиырылуының қайталануының көп болуымен байланысты. Бұл негізінен баяу бұлшық ет талшықтарының белсенділігімен қамтамасыз етіледі. Сондықтан жылдам, әсіресе жылдам гликолитикалық талшықтардың гипертрофиясымен салыстырғанда осы жаттықтыру түрінде баяу бұлшық ет талшықтарының жұмыс гипертрофиясының неғұрлым айқын көрінуі түсінікті.



2. Күш сапаларын (морфологиялық, биохимиялык, физиологиялық) дамытуды анықтайтын факторлар. Жылдамдықты-күштік сапаның (қуаттылықтың) физиологиялық негіздері

Максималды қуаттылық (кейде «жарылыс» қуаттылығы деп те атайды) күш пен жылдамдықтың оптималды үйлесуі болып табылады. Қуаттылық лақтыру, секіру, қысқа қашықтыққа жүгіру, күрес сияқты көптеген спорттық жаттығуларда көрінеді. Спортшы неғұрлым қуаттылығын жоғары дамытса соғұрлым оның снарядты лақтыру немесе өзінің денесінің қозғалу жылдамдығы жоғары болады. Себебі снарядтың немесе дененің мәрелік жылдамдығы оған берілген күшпен, жылдамдықпен анықталады.

Қуаттылық бұлшық ет күшінің немесе жылдамдығының немесе екеуінің де өсуі есебінен артуы мүмкін. Көбіне қуаттылықтың айтарлықтай өсуіне бұлшық ет күшінің артуы есебінен жетеді.

Қуаттылықтың күштік компоненті (динамикалық күш). Бұлшық ет жұмысының динамикалық режимі жағдайында (концентрикалық немесе эксцентрикалық жиырылу) өлшенетін бұлшық ет күші динамиалық күш (Ғ) ретінде белгіленеді. Ол бұлшық еттің концентрикалық жиырылуы кезінде үдеумен (а), массамен (m) немесе бұлшық еттердің эксцентрикалық жиырылу кезінде масса қозғалысының баяулауы бойынша (кері белгімен үдеу) анықталады. Бұл анықтама физика заңына негізделген

Ғ= m х а. Мұнда көрінетін бұлшық ет күші орын ауыстыратын масса көлеміне байланысты: орын ауыстыратын массаның артуымен күш көрсеткіштері кейбір шекте өседі, ары қарай массаның артуы динамикалық күштің артуымен қатар жүрмейді.

Динамикалық күшті өлшеу кезінде зерттелуші күрделі бұлшық еттен тыс және бұлшық ет ішілік координациялы қозғалысты орындайды. Сондықтан динамикалық күш көрсеткіштерінің түрлі адамдарда айтарлықтай айырмашылықтары бар және сол бір адамды қайталап өлшеу кезінде изометриялық (статикалық) күш көрсеткіштеріне қарағанда көбірек болады.

Бұлшық еттердің концентрикалық жиырылуы кезінде өлшенетін динамикалық күш статикалық күшке қарағанда аз. Әрине мұндай салыстырулар екі жағдайда да зерттелушінің максималды күш салуы және бірдей буындық бұрыштар кезінде жүргізіледі. Эксцентрикалық жиырылу режимінде бұлшық еттер максималды изометриялық күштен айтарлықтай асатын динамикалық күшті көрсетуге қабілетті. Бұлшық ет жиырылуының осы режимінде қозғалыс жылдамдығы неғұрлым жоғары болған сайын соғұрлым көрінетін динамикалық күш жоғарырақ болады.

Зерттелушілерде статикалық және динамикалық күш көрсеткіштері арасында шамалы корреляция байқалады (корреляция коэффиценті шамамен 0,6-0,8).

Динамикалық жаттықтыру нәтижесінде динамикалық күштің артуы статикалық күштің жоғарылауын тудырмауы мүмкін. Изометриялық жаттығулар әлбе динамикалық күшті арттырмайды әлбе статикалық күшке қарағанда айтарлықтай азырақ арттырады.

Мұның барлығы жаттықтыру әсерінің төтенше арнайылығын көрсетеді: жаттығудың (статикалық немесе динамикалық) белгілі бір түрін қолдану нәтиженің неғұрлым айтарлықтай жоғарылауын тап сол жаттығу түрінде тудырады. Мұнымен бірге бұлшық ет күшінің барынша өсуі сол жаттықтыру жүретін қозғалыс жылдамдығы кезінде байқалады.

Бұлшық ет күшінің біріне бұлшық ет күшінің тез көрінуі қабілеттілігін сипаттайтын жарылыс күші жатады. Ол мысалы, түзу аяқпен жоғары секіруде немесе тұрған орнынан ұзындыққа секіруде биіктікті, максималды мүмкін болатын жылдамдықпен қысқа біртұтамға жүгіруде орын ауыстыру жылдамдықты едәуір шамада анықтайды. Жарылыс күші көрсеткіші ретінде күш градиенттері, яғни, максималды көрінетін күштің оған жету уақытына қатынасы ретінде немесе қандай да бір бұлшық ет күшінің таңдаулы деңгейіне (абсолютті градиент), әлбе максималды күштің жартысына, әлбе оның қандай да бір басқа бөліміне (салыстырмалы градиент күші) жету уақыты ретінде анықталатын оның өсу жылдамдығы қолданады. Күш градиенті жылдамдықты-күштік спорт түрлері өкілдерінде (қысқа қашықтыққа жүгірушілерде) спортпен айналыспайтын адамдарға немесе төзімділікке жаттығатын спортшыларға қарағанда жоғары болады. Әсіресе күштің абсолюттік градиенттерінде айтарлықтай айырмашылықтар болады.

Жарылыс күш көрсеткіштері максималды ерікті изометриялық күшке көп тәуелді емес. Мәселен, изометриялық жаттығулар статикалық күшті арттыра отырып, күш градиенттері көрсеткіштері бойынша немесе секіргіштік көрсеткіштері бойынша (биіктікке түзу аяқпен секіру немесе тұрған орнынан ұзындыққа секіру) анықталатын жарылыс күшін айтарлықтай емес өзгертеді. Сәйкесінше, жарылыс күштеріне жауапты физиологиялық механизмдер статикалық күшті анықтайтын механизмдерден ерекшеленеді. Жарылыс күшінің көрінуінде координациялық факторлар арасында активті бұлшық еттер мотонейрондары импульсациясы сипаты – разряд басында олардың импульсациясы жиілігі және түрлі мотонейрондар импульсациясы синхрондалуы маңызды рөл атқарады. Неғұрлым мотонейрондар импульсациясының бастапқы жиілігі жоғары болған сайын соғұрлым бұлшық ет күші тезірек өседі.

Жарылыс күшінің көрінуінде жылдам және баяу бұлшық еттер қатынасына, яғни олардың композициясына айтарлықтай шамада тәуелді бұлшық еттердің жылдамдықты жиырылу қасиеті өте үлкен рөл атқарады. Жылдамдықты-күштік спорт түрлерінің жоғары білікті өкілдерінде жылдам талшықтар бұлшық ет талшығының негізгі массасын құрайды. Жаттықтыру процесінде бұл талшықтар баяу талшықтарға қарағанда неғұрлым елеулі гипертрофияға ұшырайды. Сондықтан жылдамдықты-күштік спорт түрлерінің өкілдерінде жаттықпаған адамдармен немесе басқа спорт түрі өкілдерімен, әсіресе төзімділіктің көрінуін қажет ететін спортшыларымен салыстырғанда жылдам талшық бұлшық еттің негізгі массасын құрайды немесе көлденең қимасында айтарлықтай үлкен алаңды алып жатады.



3. Төзімділікті анықтау. Төзімділіктің, шаршаудың және жұмыс қабілеттіліктің өзара байланыстары. Төзімділіктің ерекшелігі. Организмнің аэробтық мүмкіндіктері және төзімділік

Аэробтық сипаттағы жаттығуларды орындау кезінде оттегі пайдалану жылдамдығы (л О2/мин) орындалатын жүктеменің (орын ауыстыру жылдамдығы) қуаттылығы көп болған сайын жоғары болады. Сондықтан жоғары төзімділікті қажет ететін спорт түрлерінде спортшылар көп аэробтық мүмкіндіктерге ие болу қажет:



  1. Оттегі пайдаланудың жоғары максималды жылдамдығына (көп аэробтық «қуаттылыққа»);

  2. Оттегі пайдаланудың жоғары жылдамдығын ұзақ ұстап тұру қабілетіне (көп аэробтық «сыйымдылыққа»).

Оттегіні максималды пайдалану (ОМП). Адамның аэробтық мүмкіндіктері ең алдымен оттегі пайдаланудың ол үшін максималды жылдамдығымен анықталады. Неғұрлым ОМП жоғары болған сайын соғұрлым максималды аэробтық жүктеменің абсолютті қуаттылығы жоғары. Бұдан басқа ОМП неғұрлым жоғары болған сайын соғұрлым салыстырмалы жеңіл және сондықтан аэробтық жұмысты орындау ұзақтау.

Сонымен, спортшыларда ОМП жоғары болған сайын ол соғұрлым сол арақашықтықта жоғары жылдамдықты ұстап тұра алады, сәйкесінше төзімділіктің көрінуін талап ететін жаттығуларда оның спорттық нәтижелері жоғары болып келеді. ОМП жоғары болған сайын соғұрлым аэробтық жұмысқа қабілеттілік (төзімділік) көбірек, яғни соғұрлым аэробтық сипатты көп жұмыс көлемін адам орындауға қабілетті келеді. Мұнда осы ОМП-ға төзімділіктің тәуелділігі неғұрлым аэробтық жүктеменің салыстырмалы қуаттылығы азырақ болған сайын соғұрлым көбірек (кейбір шекте) көрінеді.

Осыдан спортшыларда төзімділіктің көрінуімен қатар жүретін спорт түрлерінде ОМП басқа спорт түрлері өкілдеріне және сол жастағы жаттықпаған адамдарға қарағанда жоғары болатыны түсінікті. Егер жаттықпаған 20-30 жастағы ер адамдарда ОМП орта есеппен 3-3,5 л/мин (немесе 45-50 мл/кг-мин) тең болса, жоғары білікті ұзақ қашықтыққа жүгірушілерде (стайер) және шаңғышыларда ол 5-6 л/мин (немесе 80 мл/кг-нан аса) жетеді. Жаттықпаған әйел адамдарда ОМП орта есеппен 2-2,5 л/мин (немесе 35-40 мл/кг-мин) тең болса, ал шаңғышыларда 4 л/мин (немесе 70 мл/кг-мин аса) болады.

ОМП абсолюттік көрсеткіштері (л О2/мин) дененің өлшемімен (салмағымен) тура байланыста болады. Сондықтан ОМП неғұрлым жоғары абсолютті көрсеткіштері ескекшілерге, жүзгіштерге, велосипедшілерге, конькишілерге тән болады. Бұл спорт түрлерінде сол сапаны физиологиялық бағалау үшін ОМП абсолюттік көрсеткіштері барынша маңызды.

ОМП салыстырмалы көрсеткіштері (мл О2/кг·мин) жоғары білікті спортшыларда дене салмағымен кері тәуелділікте болады. Жүгіру және жүріс кезінде дене массасының вертикалды орын ауыстыруы бойынша айтарлықтай жұмыс орындалады және сәйкесінше қалған осындай жағдайларда (қайта қозғалу жылдамдықтары бірдей) неғұрлым спортшы салмағы көп болса соғұрлым олардың орындайтын жұмысы (оттегі пайдалануы) көбірек болады. Сондықтан ұзақ арақашықтыққа жүгіретін желаяқтардың ең алдымен май ұлпалардың минимальді саны мен сүйек қаңқасының салыстырмалы аз салмағы есебінен дене салмағы салыстырмалы азырақ болады. Егер 18-25 жастағы жаттықпаған ер адамдарда май ұлпалары дене салмағының 15-17%, ал айтулы стайерлерде (ұзақ қашықтыққа жүгірушілерде) тек 6-7% құрайды. ОМП ең үлкен салыстырмалы көрсеткіштері ұзақ қашықтыққа жүгіретін желаяқтар мен шаңғышыларда байқалады, ал ескекшілерде төменірек болады. Жеңіл атлетикалық жүгіру, спорттық жүріс, шаңғы жарыс сияқты спорт түрлерінде споршының максималды аэробтық мүмкіндіктерін ОМП салыстырмалы көрсеткіштері бойынша бағалау дұрысырақ болады.

ОМП деңгейі екі функционалдық жүйелердің максималды мүмкіндіктеріне тәуелді болады:

1.Сыртқы ауадан оттегіні абсорбциялап және оны жұмыс істейтін бұлшық еттер мен дененің басқа активті мүшелері мен ұлпаларына тасымалдайтын оттегі тасымалдау жүйесінің максималды мүмкіндіктеріне байланысты;

2.Қанмен жеткізілген оттегіні жинайтын және утилдейтін бұлшық ет жүйесінің, яғни оттегіні утилдеу жүйесінің мүмкіндіктеріне тәуелді. ОМП көрсеткіштері жоғары болатын спортшыларда осы екі жүйелер де зор функционалдық мүмкіндіктерге ие болады.

4.Бұлшық ет аппараты және төзімділік

Спортшының төзімділігі өз кезегінде бұлшық ет талшықтарының арнайы құрылымдық және биохимиялық қасиеттерімен анықталатын оның бұлшық ет аппаратының физиологиялық ерекшеліктеріне едәуір мөлшерде тәуелді болады.



Бұлшық ет композициялары. Адамның бұлшық ет талшықтары екі негізгі баяу (І) және жылдам (ІІ) типтерге жататыны белгілі. Жылдам талшықтардың 2 түрі бар: жылдам тотығу-гликолитикалық (ІІ-А) және жылдам гликолитикалық (ІІ-В). Баяу талшықтар жылдам талшықтарға қарағанда төзімділік жаттығуларын орындауға тән энергия өнімділіктің аэробтық типі басым келетін ұзақ, салыстырмалы күшті емес қайталап жиырылуға жақсырақ бейімделген.

Төзімділіктің көрінуімен қатар жүретін спорт түрлерінің айтулы өкілдерінде бұлшық ет композицияларының ажыратылатын ерекшелігі олардың бұлшық еттерін құрайтын баяу талшықтардың салыстырмалы жоғары пайызы болып табылады. Мұнда баяу талшықтар пайызы мен ОМП арасында тура байланыс бар. Осымен қатар спортпен шұғылданбайтын адамдарға қарағанда спортшыларда баяу талшықтардың бірдей пайызы кезінде ОМП жоғары болады.

Кейбір мәліметтер бойынша ұзақ қашықтыққа жүгірушілерде (стайер) жаттықпаған адамдарға қарағанда орта есеппен шамамен 1,5 есе көп болатын баяу талшықтар барлық зерттелінген бұлшық ет талшықтарының 80% жуығын құрайды. Мұның теориялық жағынан екі себебі бар. Бірінші себеп, бұлшық еттердегі баяу талшықтардың басым болуы туа пайда болған, генетикалық алдын ала анықталған болуы мүмкін. Бұлшық ет аппаратының мұндай ерекшеліктері бар адам атап айтқанда неғұрлым баяу («төзімді») талшықтардың белсенді қатысуын қажет ететін спорт түрлерінде жоғары нәтижелерге жетуде зор мүмкіндіктерге ие. Екінші себеп, баяу талшықтар пайызының артуы төзімділікке жаттықтыру салдары болып табылады және жылдам талшықтар санының сәйкесінше азаюы есебінен жүреді. Қазіргі уақыттағы бар мәліметтер бірінші жорамалды растайды.

Біріншіден, баяу талшықтардың өте жоғары пайызы ешқашан спортпен айналыспаған адамдарда да байқалады. Бұл жағдайда олар жақсы ұзақ қашықтыққа жүгіруші (стайер) болуға табиғат берген мүмкіндікті пайдаланбаған деп болжау орынды.

Екіншіден, тіпті көптеген айлар бойы төзімділікке жаттықтырудың өзі дегенмен төзімділікке қатысты айқын әсерлерді тудыра отыра, яғни спорттық нәтижені, ОМП, баяу талшықтардың жуандығын және тотығу метаболизмі ферменттерінің белсенділігін жоғарылатса да бұлшық еттердегі жылдам және баяу талшықтардың қатынасын өзгертпейді.

Үшіншіден, қарқынды жаттықтырылған бұлшық еттерде тотығу потенциалы және т.б. биохимиялық сипаттамасы жоғары болса да осы және аз жаттықтырылған бұлшық еттердегі баяу және жылдам талшықтардың пайызы бір маманданданған спортшыларда мөлшермен бірдей болады. Аяқ бұлшық еттеріне көп жүктеме түсе орындалатын жаттығушыларда бұл бұлшық еттердегі баяу талшықтардың пайызы қол бұлшық еттердегі шамасындай болады.

Төртіншіден, монозиготалы (генетикалық идентивті) және дизиготалы (генетикалық идентивті емес) егіздерді зерттеу нәтижелері біріншілерде бұлшық еттердегі талшықтардың екі типі қатынасының (тіпті егер екеуінің бірі спортпен белсенді шұғылданып, ал екіншісі шұғылданбаса да) өте таяу, ал екіншілерде бұлшық ет композицияларының көп вариациялы болуының мүмкін екендігін көрсетеді.

Сонымен бірге төзімділікке жаттықтыру кезінде жаттықтырылған бұлшық ет композициясында бәрібір де белгілі арнайы қайта құрылулар жүреді. Спортшының жүктеме түскен бұлшық еттерінде жылдам гликолитикалық талшықтар (ІІ-В) жоқ десе де болады және жылдам талшықтардың негізгі массасын жылдам тотығатын талшықтар (ІІ-А) құрайды. Осылайша төзімділікке жаттықтыру баяу және жылдам бұлшық ет талшықтарының өзгеріссіз қатынасы кезінде жылдам талшықтардың басым бөлігін (немесе бәрін) жылдам тотығатын талшықтарға (ІІ-А) айналуын мүмкіндейді. Бұл ұзақ төзімділік жаттығуларын орындауға неғұрлым бейімделген және негізінен аэробтық метаболизмге қабілетті талшықтардың жалпы пайызын арттырады.



Бұлшық ет талшықтарының құрылымдық ерекшеліктері. Төзімділікке жаттықтыру әсерлерінің бірі бұлшық ет талшықтарының жуандығының артуы, яғни жұмыс гипертрофиясы болып табылады. Бұл туралы спортшылар мен жаттықпаған ер адамдардағы түрлі типтегі бұлшық ет талшықтарының көлденең кесіндісі ауданындағы айырмашылықтар куәландырады. Төзімділікке жаттықтыру бұлшық ет талшықтары саркоплазмалық кеңістігінің ұлғаюымен көп мөлшерде байланысты саркоплазмалық типті жұмыс гипертрофиясына әкеледі.

Елеулі маңызды өзгерістер мұнда сонымен қатар бұлшық ет талшықтарының жеке фибрилдер аралық құрылымдық компоненттерінде, әсіресе митохондрияда жүреді. Төзімділікке жаттықтыру процесінде бұлшық ет талшықтарының митохондриялық мембранасын құрайтын белоктар синтезі күшейеді. Нәтижесінде бұлшық ет талшықтары ішіндегі митохондрия саны мен өлшемі артады. Жоғары білікті спортшыларда мысалы, орталық және шеткі митохондрияның көлемдік тығыздығы жаттықпаған адамдарға қарағанда сәйкесінше 50 және 300% көп болады. Спортшы және спортпен шұғылданбайтын әйелдерде митохондрияның көлемдік тығыздығы мен өлшемі ер адамдарға қарағанда азырақ болады. Қаншалықты митохондрия саны мен көлемі көп болған сайын (және сәйкесінше тотығу метаболизмі митохондриялық ферменттер белсенділігі жоғары), соншалықты бұлшық еттердің оған қанмен жеткізілген оттегіні утилдеу қабілеті жоғары болады.



Бұлшық ет талшықтарының капиллярлануы. Төзімділікке жаттықтыру бұлшық ет талшығын қоршап жатқан капиллярлар санының артуын тудырады, сондықтан ең әуелі бір бұлшық ет талшығына келетін капиллярлар саны өседі. Сондықтан талшықтардың жуандауына (гипертрофиясына) қарамастан капиллярдан неғұрлым олардың ішіндегі алыстау (орталық) митохондрияға дейін арақашықтық қалай дегенмен жаттықтыру алдындағы арақашықтықпен салыстырғанда азаймайды. Жаттықпаған адамдарда бұлшық ет талшығының көлденең кесіндісінің 1 мм² капиллярлардың орташа саны 325, ал жаттыққан адамдарда 400 болады.

Жақсы жаттыққан спортшыларда бұлшық ет талшығы 5-6 капиллярлармен қоршалуы мүмкін. Ер адамдарда бұл сан әйелдерге қарағанда бірнешеге жоғары болады. Баяу және жылдам талшықтарда ортақ капиллярлар болуы мүмкін, бірақ орта есеппен жылдам талшықтарға қарағанда (спортшылардағы сияқты жаттықпаған адамдарда да) баяу талшықтар айналасындағы капиллярлар тығыздығы жоғары, ал жылдам гликолитикалық (ІІ-В) талшықтар айналасына қарағанда жылдам тотығатын (ІІ-А) талшықтар айналасында көп болады.

Капиллярланудың күшеюінің тек төзімділік жаттығулары кезінде өте белсенді болатын бұлшық еттерде байқалатынын және жаттығуды орындауда белсене қатыспайтын бұлшық еттерде болмайтынын баса айтып өткен жөн.

Бұлшық ет капиллярларының жоғары тығыздығы диффузия беткейін арттырады және қан тамырларынан бұлшық ет жасушаларына молекулалар өтетін жолды қысқартады. Бұл аэробтық бұлшық ет жұмыс қабілеттілігінің жоғарылауына әкеледі, сөйтіп жұмыс атқарушы бұлшық еттерде қан айналымының жоғары сыйымдылығын қамтамасыз етеді және капиллярлық-жасушалық мембраналар арқылы энергетикалық заттардың, ең әуелі оттегінің тасымалдануын жеңілдетеді. Осыдан неліктен стайер-спортшыларда (ұзақ қашықтыққа жүгірушілерде) спортпен шұғылданбайтын адамдарға және спринтерлерге (қысқа қашықтыққа жүгірушілерге) қарағанда максималды бұлшық еттік қан айналымы мен капиллярлық диффузиялық қабілеттің айтарлықтай жоғары болатыны түсінікті.



Төзімділікке жаттықтыруға бұлшық еттердің биохимиялық бейімделуі. Жаттықтыру нәтижесінде төзімділіктің жоғарылауы жұмыс атқарушы бұлшық еттерге оттегінің жеткізілуі бойынша оттегі тасымалдау жүйесі мүмкіндіктерінің артуымен ғана байланысты емес. Қаңқа бұлшық еттерінде оттегі пайдалануда бүкіл тұтас организм мүмкіндіктерінің артуына, яғни жаттыққан спортшының аэробтық мүмкіндіктерінің (төзімділігінің) жоғарылауына әкелетін үлкен өзгерістер жүреді. Бұлшық ет төзімділігін жоғарылатуда жаттықтыру әсерінің олардың биохимиялық бейімделуімен байланысты басты механизмдері биохимия курсында толығымен қарастырылады. Мұнда тек осы биохимиялық механизмдердің негізгі физиологиялық салдарының әсері атап көрсетілген.

Төзімділікке жаттықтыруға тән барынша әсер жұмысшы бұлшық еттердің аэробтық метаболизмі жоғары сыйымдылығы мен қуаттылығы болып табылады. Осы әсерлердің басты биохимиялық механизмдері келесідей:



  1. Аэробтық (тотығу) метаболизм арнайы ферменттері мөлшері мен белсенділігінің артуы;

  2. Миоглобин мөлшерінің (максималды 1,5-2 есе) өсуі;

  3. бұлшық ет гликогені және липидтер сияқты энергетикалық субстраттар мөлшерінің (максималды 50% дейін) жоғарылауы;

  4. Бұлшық еттердің көмірсуларды және әсіресе майларды тотықтыру қабілетінің күшеюі.

Жаттыққан адам аэробтық жұмыс кезінде жаттықпаған адамдармен салыстырғанда майлардың тотығуы есебінен салыстырмалы көп энергия алады және сәйкесінше көмірсулар тотығуы есебінен аз энергия алады. Бұл бірдей абсолютті немесе салыстырмалы қуаттылықты жұмыс кезінде жаттыққан адамдарда жаттықпаған адамдармен салыстырғанда неғұрлым тыныс коэффицентінің төмен болуымен көрініс береді. Мұндай майларды басым қолдану жаққа субстратты энергетикалық ығысу «май ығысуы» ретінде белгіленуі мүмкін. Мұның неғұрлым шектеулі көмірсулар қорын сақтауда маңызы зор. Субмаксималды аэробтық жүктеме кезінде қажудың басты механизмдерінің бірі бұлшық еттік гликогеннің шығындалуы болып табылатындығы өткен 5-тарауда айтылған болатын. Төзімділікке жаттыққан спортшылардағы «май ығысуы» бұлшық еттік гликогеннің баяуырақ (үнемдірек) шығындалуына әкеледі және осылайша оның түгесілуі уақытын жылжытады, сәйкесінше жаттығуды орындау ұзақтығын жоғарылатады. Неғұрлым бұлшық еттің тотығу қабілеті жоғары болса, соғұрлым «май ығысуы» көбірек және соғұрлым сәйкесінше тапшы бұлшық ет гликогені аз шығындалады (көп сақталады).

Май қышқылдарын көп қолдану жұмысшы бұлшық еттердің глюкозаны пайдалануын азайтады және осының арқасында спортшыны жұмыс қабілеттілігін шектейтін (лимиттейтін) гипогликемияның дамуынан қорғайды.

Бұдан басқа, көмірсуларды азырақ қолдану бұлшық еттерде лактат мөлшерінің төмендеуіне әкеледі. Ақиқатында жақсы жаттыққан спортшыларда жаттықпаған адамдарға қарағанда бұлшық етте лактат мөлшері төмен болады. Тура осындай жағдай сол бір адамда төзімділікке жаттықтыру кезеңінен кейін байқалады.

Сонымен төзімділікке жаттықтыру екі негізгі әсерді тудырады:

1. Организмнің максималды аэробтық мүмкіндігін күшейтеді.

2. Аэробты жұмыс орындау кезінде организм қызметінің тиімділігін (үнемділігін) жоғарылатады.

Бірінші әсер туралы максималды аэробтық жүктеме кезінде ОМП (және басқа функционалдық көрсеткіштердің) артуы бойынша, ал екінші туралы стандартты максималды емес аэробтық жүктеме кезінде функционалдық көрсеткіштердің (ЖЖЖ, ӨВ, дене температурасы, қандағы лактат концентрациясы және т.б.) төмендеуі бойынша бағалауға болады.

Төзімділікке жаттықтырудың оң әсерлерінің негізінде оттегі тасымалдау, оттегі утилдеу және басқа физиологиялық жүйелердің құрылымдық-функционалдық өзгерістері, сонымен қатар аэробтық жұмысты орындау процесінде бұл жүйелер қызметінің орталық-жүйкелік және гуморалдық реттелуінің толық жетілдірілуі жатыр.


Бақылау сұрақтары:

1. Бұлшық еттің максималды статикалық күші

және максималды ерікті статикалық күші ерекшеліктері қандай?

2Бұлшық еттің ерікті күші мен төзімділігінің байланысын түсіндіріңіз

3.Организмнің аэробтық мүмкіндіктері және төзімділікке сипаттама беріңіз

3.Күш сапаларын (морфологиялық, биохимиялык, физиологиялық) дамытуды анықтайтын факторларды атаңыз?

Дәріс №7

Тақырыбы:Сыртқы қоршаған орта факторларының адам ағзасының жұмысқа қабілеттілігіне әсері

Мақсаты: Студенттерді сыртқы қоршаған орта факторларының адам ағзасының жұмысқа қабілеттілігіне әсерімен таныстыру

Негізгі сұрақтар:

1.Жылу реттелуі. Жылу балансы.

2.Ауаның жоғары температурасы және ылғалдығы жағдайында температураны реттеу ерекшіліктері.



3.Жылуға бейімделу (акклиматизация)

4. Орта биіктік және климаттық белдеулердің ауысуы жағдайларында спорттық жұмысқа қабілеттілік

5.Адамның биологиялык ырғақтары. Бейімделу және ырғактар. Тәулік бойғы жұмыс кабілеттіліктің өзгеруі. Десинхроноз және оның физиологиялық сипаттамасы.

1.Жылу реттелуі. Жылу балансы

«Микроклимат және спортшылар денсаулығы» қазіргі спорттық медицинаның маңызды мәселелерінің бірі. Жоғары білікті спортшыларды даярлауда сыртқы қоршаған орта факторларының адам организмінің жұмыс қабілеттілігіне әсері мен биоырғақты ескеру қажет.

Адам мен жануарлар денесінің тұрақты температурасы (изотермия) ішкі орта тұрақтылығы (гомеостазистің) негізгі көрсеткіштерінің бірі. Тіршілік бабында адам ауа райы қанша құбылмалы болса да төтеп береді. Қоршаған орта температурасына тәуелсіз адамның дене температурасы тұрақты болады. Қалыпты дене температурасы 36,6-37,0 ºС, ол көптеген ферментативтік реакциялар, ұлпалардың физико-химиялық қасиеттері (тұтқырлығы, беттік керілу, коллоидтар ісінуі), өткізгіштік, қозу, сіңіру, бөліп шығару т.б. физиологиялық процестер үшін қолайлы болып табылады.

Жылу реттелу – қоршаған орта температурасы мен ішкі жылу түзілу деңгейінің өзгерісі кезінде дене температурасын белгілі бір шектеулі диапазонда ұстап тұру. Яғни, жылу реттелу дегеніміз сыртқы температура өзгерсе де дененің ішкі, өз температурасының қалыпты тұрақты күйінде сақталуы.

Автономды жылу реттелу ішкі және сыртқы орта температурасының жоғарылауына немесе төмендеуіне белгілі бір жауап реакцияларымен қамтамасыз етіледі және жылу өндіру мен жылу шығару процестерін басқарудан тұрады (перифериялық және вазомоторлық тонус өзгерісі, тер бөліну, термиялық тахипноэ, суықтық дірілдеу). Автономды жылу реттеуші реакциялар сананың қатысуынсыз жүзеге асырылады және үлкен ми сыңарларын алып тастаған жағдайларда да бұзылмайды.

Сыртқы орта температурасы қаншама құбылмалы болса да (Жерде арктикалық қыс кезінде температура -50 ºС, кейбір шөлдерде жазда +60 ºС дейін болады) адам денесі температурасы өзгермейді. Дене температурасының мұндай тұрақтылығы жылу пайда болуы, оның сыртқа шығуы сияқты процестерге қатысатын бірқатар мүшелер мен мүшелер жүйелері қызметінің жүйке-қан арқылы реттелуіне байланысты. Олардың бір-бірімен байланысы өте нәзік, үйлесімді, сондықтан да температурасы бірқалыпты сақталады, яғни денедегі жылу реттеледі. Адам организмінде жылу өндіру мен оның сыртқа шығарылуы үздіксіз жүріп отырады. Мұнда энергия үнемі қандай да бір жұмысқа жұмсалады және жылу өндіру оның салдары (нақтырақ айтқанда оны қамтамасыз ететін химиялық реакциялардың салдары) болып табылады. Тыныштық күйде адамда жылудың 70% ішкі мүшелермен, ал 30% бұлшық ет арқылы өндіріледі. Дене жұмысы (жаттықтыру) кезінде жылу түзілу бірнеше есеге артады және бұл процесте бұлшық ет жұмысының үлесі мол. Жылу өндіру ең бастысы бұлшық ет жұмысы қарқындылығына байланысты.

Адамның қалыпты тіршілік әрекеті белгілі бір бірнеше градус температура диапазоны аралығында мүмкін болады. Дене температурасының 36 ºС-тан төмендеуі және 40-41 ºС-тан жоғарылауы қауіпті және организм үшін ауыр зардап тарттырады. Көбіне ұлпалардың тоңуы кезінде түзілген кристалдардың әсерінен нәзік жасушалық құрылымдардың бұзылатыны байқалған. Температура 45 ºС-тан жоғары болғанда белоктар денатурациясы жүреді. Белоктар барлық реттеуші қызметтерге аса жауапты болғандықтан олардың құрылымдық және функционалдық тұтастығының өмірлік қажеттілігі зор. Температура тірі ұлпалардың метаболизміне күшті ықпал етеді, өйткені биохимиялық реакциялар жылдамдығы қоршаған орта температурасына байланысты және көбіне ол температура әр 10 ºС жоғарылаған сайын 2-3 есеге артады.

Жылу реттелу жылу түзілудің күшеюі (немесе әлсіреуі) есебінен әлбе жылу шығару қарқындылығының өзгерісімен жүзеге асырылады. Организмде жылу шығару сәуле шығару, жылу өткізу, судың булануы арқылы жүреді.

Жылу түзілуі мен оның шығарылуы арасындағы қажетті баланс ОЖЖ арқылы сақталады. Және жылу реттелу процесінде ОЖЖ бақылауында болатын эндокриндік жүйе үлкен рөл атқарады. Мысалы, қалқанша безі гормондары зат алмасу қарқындылығын жоғарылатады, сәйкесінше жылу түзілуді күшейтеді, ал бүйрек үсті безі гормондары тотығу процестерін күшейтеді, тері тамырларын тарылтады, жылу шығаруды төмендетеді.

Дене температурасы сыртқы орта жағдайымен қатар оның дене белсенділігі күйіне де байланысты. Тыныштық күйде дене температурасы 37 ºС жуық болады, дегенмен тәулік барысында (ұйқы кезінде барынша төмендейді) өзгереді. Бұлшық ет жұмысы кезінде жылу өндірудің күшеюі салдарынан дене температурасы бірнеше градусқа жоғарылайды.

Температура дененің барлық бөлімінде бірдей емес және ішкі температураның таратылуы түрлі ұлпалардың күрделі қызметі болып табылады, қан айналымы нәтижесінде жылудың тасымалдануы және жергілікті температуралық градиенттерге байланысты. Егер бұлшық ет жұмысын есептемесе метаболикалық жылу өндірудің көп бөлігі ішкі мүшелерде, сонымен қатар мида жүреді. Дененің терең аймақтарында түзілген жылу немесе ішкі жылу дененің беткейіне өтуге тиіс. Перифериялық (шеткі) температура дененің терең аймақтарынан тасымалданған жылумен және ауа температурасымен анықталады. Сәйкесінше дене ішкі, салыстырмалы тұрақты температураға және организмнің энергетикалық балансына байланысты өте құбылмалы қабықшадан тұратын оқшаулайтын қабатқа ие деп есептеуге болады. Суық ортада периферияға қан келуі баяулайды және бұл перифериялық температураның төмендеуін тудырады. Қоршаған ортаның жоғары температурасы кезінде жылу шығару қиындайды және ішкі температура дененің барлығына дерлік бөлімдеріне таратылуы мүмкін.

Қалыпта (яғни тепе-теңдік жағдайында) организмде өндірілген жылу қоршаған кеңістікке дене беткейімен беріледі.

Аяқ-қолда бойлай тігінен (осьтік) температуралық градиент, сонымен қатар радиалды (перпендикулярлық беткей) температуралық градиент болады. Дененің геометриялық формасының дұрыс еместігіне орай дене температурасының кеңістіктік таратылуы күрделі үш өлшемді қызметпен сипатталады. Мысалы, жеңіл киінген ересек адам ауа температурасы 20 ºС мекен-жайда болғанда санның терең бұлшық ет бөлімінің температурасы 35 ºС, балтыр бұлшық ет терең қабаттары 33 ºС, табан орталығында тек 27-28 ºС жетсе, ал ректалды температура шамамен 37 ºС тең (H. Hensel et al., 1973). Өзгермелі сыртқы орта жағдайларына дене температурасының өзгерістері айтарлықтай жоғары дәрежеде дене беткейіне жақын жерлерде және аяқ, қол басында (акралды зоналарда) көрінеді.

Суретте көрсетілген изотермалар қоршаған ортаның төмен және жоғары температура жағдайларындағы адам денесіндегі температуралық градиенттерді сипаттайды.

Ішкі дене температурасының өзі тұрақты болып табылмайды. Тіпті термобейтарапжағдайларда ішкі аймақтарда температура айырмашылығы 0,2-1,2 ºС, мида орталықтан сыртқы бөлімге дейін 1 ºС-тан жоғары радиалды температуралық градиент болады. Неғұрлым жоғары температура тік ішекте байқалады (H. Hensel,1981). Адам денесіндегі әртүрлі мүшелер мен олардың жеке бөліктерінің температурасы зат алмасу деңгейіне байланысты да өзгереді. Мысалы, бауырда 37,8-38 0С, тері сыртында 29,5-33,9 0С, қолтықта 36,0-36,9 0С.



Жылу балансы. Дене температурасы тұрақты болу үшін жылу шығару сыртқы ортадан немесе метаболикалық жылу өндіру нәтижесінде келетін мөлшерге тең болу қажет. Егер жылудың берілуіне қарағанда келуі көп болса жылу жинақталып температураның жоғарылауын, яғни гипертермияны тудырады.

Гипертермия – термобейтарап жағдайда тыныштық күй үшін орташа түрлік арнайы қалыптан (нормадан) бір стандарттық ауытқудан асатын дене температурасының жоғарылауымен жүретін жылу шығарудың жеткіліксіздігі есебінен организмде жылудың аккумуляциялануы (шоғырлануы). Дене жұмысы кезіндегі жылу өндірудің жоғарылауы жұмыс гипертермиясы дами отыра жылу реттелудің қайта құрылуымен қатар жүреді.

Жылу сыртқы орта жағдайларына байланысты сәуле шығару, жылу өткізгіштік және конвекция жолдарымен берілуі және шығарылуы мүмкін. Жылу әрқашан организмде жүретін химиялық реакциялардың жанама (қосымша) өнімі ретінде түзіледі.

Температурасы абсолюттік нөлден (-27 ºС) жоғары барлық заттар энергияны сәулелену жолымен шағылыстырады (сейілдіреді) немесе қайтарады. Сәуле шығару (излучение) электрлік магниттік тоқындар түрінде жүреді. Жылу шығарудың радиациялық жолы жылудың инфрақызыл сәулелерін қызған дененің бетімен жан-жаққа сейілдіру арқылы тіршілікке бірден-бір қолайлы (қажетті) температураға (18-20 0С) сәйкес бөлінетін жылудың 66% сыртқа шығады.

Беткейдің сәуле шығару қабілеті сәуле шығарушы ретінде оның қасиеттерімен байланысты. Сәулелік энергияны сіңіретін және мүлдем шағылыстырмайтын беткей 1-ге тең болатын максималды сәуле шығару қабілеттілігіне ие. Егер беткей барлық сәулелік энергияны шағылыстырса оның сәуле шығару қабілеттілігі 0-ге тең болады.

Көбіне заттар толығымен бір ұзындықтағы толқындарды сіңіреді және сонымен қатар басқа ұзындықтағы толқындарды күшті шағылыстырады. Мәселен мысалға, адамның ақ түсті терісі сияқты пигментті терісі де күннің барлығына дерлік инфрақызыл сәулелерін сіңіреді.



Дене температурасы тұрақтылығына әкелетін жылудың келуі мен шығарылуын күшейтетін факторлар арасындағы тепе-теңдік. Егер бұл тепе-теңдік болмаса дене температурасы өзгереді (В.М. Смирнов бойынша).

Бір заттан екіншісіне олардың беткейлерінің жанасуы кезінде жылудың көшуі жылу өткізгіштік деп аталады. Денеге тиген заттарға жылу беруде жылу неғұрлым жылы заттан неғұрлым суық затқа жылу градиенті бойынша орын ауыстырады. «Жылы» немесе «суық» затқа жанасуды сезіну жылудың өту жолымен оның қозғалыс бағытымен байланысты.

Жақсы өткізгіштерге күміс, мыс сияқты металдар, ал нашар өткізгіштерге газдар жатады. Биологиялық ұлпалар мөлшермен су сияқты изолятор болады, май бұл жағынан алғанда бұлшық ет немесе сүйек ұлпаларынан 2 есеге тиімдірек келеді. Май қабаты болмаса тері температурасы ішкі дене температурасына (37 ºС) жуық және жылу жоғалу 10 есеге көп болушы еді.

Сұйық және газ тәрізді ортамен қоршалған заттан жылудың тасымалдануы конвекция арқылы жүреді. Жылу ағымы неғұрлым жылыдан неғұрлым суық учаскелерге қарай жүреді. Егер ауа температурасы дене температурасынан жоғары болса жылу денеге беріледі. Бұл жолмен пайда болатын барлық жылудың 15% кетеді.

Егер денені қоршаған ауа қозғалыссыз болған жағдайда теріден шыққан жылы ауа қоршаған ауаға өтіп, молекула сияқты энергияны да тасымалдайды. Мұндай процесс бос конвекция деп аталады.

Егер қоршаған ауа қозғалыста болса, онда мұндай процесс мәжбүр конвекция деп аталады. Күшті жел кезінде ауа суығырақ болып сезіледі.

Дене беткейінен судың булануы кезінде ол сұйықтықтың газ тәрізді күйге көшуге энергия жұмсауы салдарынан салқындайды. Тері мен өкпе арқылы жылу шығару жолымен сыртқы жылудың (бу арқылы шығатын жасырын жылудың) 19% шығады. Буланған судың (тердің) әр граммына мөлшермен 0,59 Вт/сағ кетеді (1 мл суды буға айналдыру үшін 0,53 ккал жылу жұмсалады). Қоршаған ортаның кез келген жағдайында су дене беткейінен толассыз буланады және жылу шығарудың маңызды механизмін құрайды. Судың жоғалу көлемі қоршаған орта факторларына, әсіресе ауа температурасы мен ылғалдылығына байланысты.

Егер ауа су буымен қаныққан болса (100% салыстырмалы ылғалдылық) тері беткейінен булану болмайды. Буланудың жоғары ауа температурасы кезінде аса үлкен мәні бар. Өйткені дене температурасына (немесе дәлірек тері температурасына) тең ауа температурасы кезінде жылу шығарудың кәдімгі механизмдерінің (сәуле шығару, жылу өткізгіштік, конвекция) ешқайсысы қызмет етпейді.


2.Ауа температурасы мен ылғалдылығының спорттық жұмысқа қабілеттілікке ықпалы

Ұзақ уақыт (мысалы, марафондық жүгіру) және күш салуды қажет ететін спорттық жүктемелер кезінде жұмыс атқаратын бұлшық еттердегі жылу өндіру негізгі алмасу жылу өндірілуінен 15-20 есе асады. Бұлшық еттердегі барлық түзілген жылу алдымен қанға беріліп, қан арқылы дене температурасын 39-40 ºС және одан да жоғарылата отырып (жұмыс гипертермиясы) дене ядросына тасымалданады. Мұндай жағдайларда организмнің жылу реттелуі жылу шығарудың күшеюіне бағытталған, яғни дене беткейіндегі жылудың артығы тері тамырлары торларында қан айналуды күшейту жолымен тасымалданады. Одан жылу ең бастысы тердің булануы есебінен қоршаған ортаға беріледі.

Қоршаған ауаның жоғары температурасы мен ылғалдылығы дененің қызып кету қатерін тудыра отырып, жылу шығаруды елеулі қиындатады. Неғұрлым сыртқы температура жоғары болған сайын соғұрлым дене температурасы көп көтеріледі. Ыстық және ылғалды күндері марафоншының дене температурасы 41 ºС-қа жетуі мүмкін. Тер булануының күшеюі дененің су балансының бұзылуына, яғни дегидратацияға әкеледі. Соның салдарынан жүрек-тамыр жүйесіне көп күш түседі. Сондықтан мұндай жағдайларда спорттық жұмыс қабілеттілік төмендейді және организмнің қызып кетуі – жылылық соққы қаупі туындайды.

Жоғары ауаның температурасы мен ылғалдылығы жағдайында спорттық жұмыс қабілеттіліктің төмендеуін үш негізгі факторлар анықтайды:



  1. Дененің қызып кетуі;

  2. Жылдам дегидратация;

  3. Жүрек-тамыр жүйесінің оттегі тасымалдау мүмкіндігінің төмендеуі.


3.Жылуға бейімделу (акклиматизация)

Адамда кәдімгі маусымдық климаттық өзгерістер физиологиялық өзгерістерді тудырады. Акклиматизация – жаңа, үйреншікті емес климаттық-географиялық орта жағдайларына бейімделу. Түрлі факторлардың ықпал етуінде байқалатын адаптивті өзгерістерді спортшыларды жарысқа дайындау кезінде білу қажет. Жасушалық, мүшелік, жүйелік және организмдік деңгейдегі процестердің барлық туа және жүре пайда болған бейімделу әрекетін бейімделу (адаптация) деп атайды (бейімделу туралы 3-тарауда толық баяндалған).

Барлық адамдар (спортшылар) бірдей сол орта жағдайларына бәрі бірдей жылдам және толығымен бейімделе алмайды. Ол адамның жасына, жынысына, жүйке жүйесі типіне, денсаулық күйіне, функционалдық күйіне (спортшының жаттықтырылу дәрежесіне), пихикалық-эмоционалдық тұрақтылыққа және т.б. байланысты.

Спортшыларға түрлі климаттық-географиялық жағдайларда жаттығуға немесе жарысуға тура келеді. Және осыған орай рецепторлар адаптациясы шапшаңдығының маңызы бар. Барлық рецепторлар жылдам және баяу бейімделетін (кезеңдік және тонустық) болып бөлінеді.

Жоғары ауа температурасы мен ылғалдылығы жағдайында үзіліссіз және қайталап болу сыртқы ортаның осы арнайы жағдайларына организмнің біртіндеп бейімделуін тудырады. Нәтижесінде жылылық стреске қарсы организмнің тұрақтылығы дамиды. Адамның ыстыққа бейімделуіне өзіндік арнайы сипат тән. Ол ыстықты барынша жеңілірек қабылдайды, жұмысты орындау объективті сияқты (жылу әсеріне физиологиялық өзгерістер азаяды) субъективті де аса қиын болмайды. Жылуға бейімделу күйі – акклиматизация жүреді.

Ыстық әсіресе ылғалдылығы жоғары ауа суыққа қарағанда спортшы үшін көп күш түсіреді. Орта температурасы дене температурасынан жоғары болғанда жылу қоршаған ортадан организмге өтеді. Мұндай жағдайларда жылуды бұрып жіберудің жалғыз тәсілі булану (тер бөліну) болады.

Ыстықтың (жоғары температура) әсерінің бас кезінде ректалды температура, оттегі пайдалану, ЖЖЖ және минуттық қан көлемі тез өседі. Тер бөліну көп емес және тұрақты дене температурасын сақтау үшін жеткіліксіз болады. Ыстық климатта 12 күн болған соң бейімделудің айқын белгілері басталады. Тер бөліну 2 есе артады, ал ЖЖЖ және оттегі пайдалану шамамен 40% түседі. Буланудың күшеюі және зат алмасудың төмендеуі ішкі температураның жоғарылауын азайтады. Неғұрлым тиімді реттелумен периферияға жылу шығаруды жоғарылататын және тер бөлінуді күшейтетін тамырлардың күшті кеңеюі байланысты (Р.D.Sturkie, 1981). Спортшыларда егер ыстық және ылғалды климат зоналарында алғашқы 5-7 күндері монша (сауна) және салқын (суық) душ (ұйқы алдында салқын душ және көмірсулы сусындар, ал таңертең суық душ және адаптогендер жень-шень, пантокрин, пантогематоген, аралия тұнбасы т.б.) қабылдаса бейімделу тезірек жүреді. Бұдан басқа сусындарды жеткілікті мөлшерде қабылдау (шай, минералды су, шырын) бейімделуді жылдамдатудың маңызды моменттерінің бірі болып табылады. Бейімделу принциптерін сақтамаған кезде түрлі асқынулар – жылылық, күннің соққысы және т.б. болуы мүмкін.
4.Орта биіктік және климаттық белдеулердің ауысуы жағдайларында спорттық жұмысқа қабілеттілік

Атмосфералық ауаның барометрлік қысымды анықтайтын айтарлықтай салмағы болады. Ол өзінің салмағымен сығылады, сондықтан оның қысымы мен тығыздығы жер бетінде (теңіз деңгейінде) көбірек және биіктеген сайын азаяды. Биіктікке байланысты барометрлік қысымның төмендеуі гипобаралық күйді тудырады. Биіктікке шығу барысында барометрлік қысымның азаюына пропорционалды түрде атмосфералық ауаны құрайтын газдардың парциалдық қысымы төмендейді. Адам үшін оттегінің парциалдық қысымының төмендеуінің және осымен байланысты дем алған ауа көлеміндегі оның молекулалары санының төмендеуінің, яғни гипоксиялық күйдің басты маңызы бар. Биіктікте адам өспелі гипобаралық гипоксия күйіне түседі. Мұндай жағдай герметикалық барокамерада ондағы қысымды төмендету жолымен жасалуы мүмкін. Кейде оларды қоспалардың қалыпты жалпы барометрикалық қысымы кезінде О2 мөлшері төмендетілген газ қоспаларымен тыныс алдыру жолымен модельдейді.

Биіктіктің артуымен атмосфералық ауадағы оттегі тапшылығы альвеолалық ауада оттегі парциалдық қысымының төмендеуін, артерия қанындағы оның мөлшерінің азаюын және соның салдары ретінде ұлпалардың оттегімен қамтамасыз етілуінің нашарлауын тудырады. Сондықтан тауда болу организмнің оттегімен барабар қамтамасыз етілуін ұстап тұру үшін арнайы физиологиялық бейімделуді қажет етеді.

Биіктікте атмосфера тығыздығының төмендеуінің басқа әсері қозғалатын денеге ауаның сыртқы кедергісінің азаюы болып табылады. Сондықтан бірдей жылдамдықпен орын ауыстыру кезінде сыртқы жұмыс жазыққа қарағанда биіктікте азырақ болады. Әсіресе бұл жоғары жылдамдықпен орын ауыстыру арқылы орындалатын спорттық жаттығуларда көрінеді. Қысқа қашықтыққа жүгіруде (спринтер), конькимен шапшаң жүгіруде, қысқа арақашықтағы велосипед спортында жазыққа қарағанда биіктікте неғұрлым жоғары нәтижелерге қол жеткізу мүмкін болады.

Ауа температурасы биіктік артқан сайын төмен болады. Егер теңіз деңгейінде орташа температура 15 ºС тең болса, ол биіктік әр 1000 м артқан сайын 6,5 ºС-қа тіпті 11000 м жуық биіктікке дейін көтерілу барысында төмендеуі мүмкін.

Биіктікте сонымен қатар ауаның салыстырмалы ылғалдылығы да төмендейді. Тауда ауа неғұрлым құрғақ болғандықтан бұл жағдайларда теңіз деңгейіне қарағанда дем шығарған ауамен судың жоғалуы көбірек болады. Егер жоғары биіктікте ұзақ жұмыс орындалатын болса, онда судың көп жоғалуы дегидратацияға және ауыз қуысының кеберсуі сезіміне әкелуі мүмкін.

Тауда күн және ультракүлгін радиациялары әсері жазыққа қарағанда неғұрлым қарқындылау болғандықтан қосымша қиындықтар, яғни күюді, қардан көздің қарығуын тудыруы мүмкін.

Тартылыс күші биіктік артқан сайын азаяды. Сондықтан орта биіктік жағдайында секіру, лақтыру сияқты спорттық жаттығуларды орындау барысында жоғары жетістіктерге жету қолайлы келеді.

Альпинизмнен (шыңға өрмелеуден) басқа спорттың барлық түрлерінде жаттықтыру мен жарыстар 2500-3000 м дейін биіктікте өтеді. Осыған орай спорттық практика үшін 1500-3000 м дейін орта таулы аймақ биіктігінің организмге физиологиялық ықпалының қаншалықты екенін білу өте маңызды.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет