3. Спорт физиологиясы зерттеу әдістері
Физиология ғылымының басқа салалары іспеттес дене тәрбиесі мен спорт түрлерінің физиологиясы келесідей көптеген физиологиялық, клиникалық және психологиялық ғылыми зерттеу әдістерін пайдаланады: бақылау, табиғи және лабораториялық тәжірибе (эксперимент), антропометрия (дененің физикалық көрсеткіштерін зерттеу), эргометрия (дене қызметінде жүктеме мөлшерін анықтау), динамометрия, рефлексометрия, электромиография (бұлшық еттердің электрлік процестерін тексеру және жазу), электроэнцефалография (мидағы электрлік процестерді тексеру және жазу), электрокардиография (жүрек соғу жиілігін тексеру), спирометрия (өкпенің тіршілік сыйымдылығын тексеру), циклография, тензометрия, гониометрия (қимылдың сыртқы құрылымын зерттеу), дағдының моторлы және вегетативті құрылымдарын жинақты тіркеу, механография (бұлшық ет жиырылуын тіркеу), күш пен жылдамдық сапаларын бағалау үшін қолданылатын тест стандарты, қимылдардың кеңістікті, күшті, уақытты өлшемдерін бағалау әдістері, спироэргометрия, термометрия (температураны өлшеу), тер бөлінуді бақылау әдістері, оксигемометрия (оттегі мен гемоглобинді өлшеу), пневмотахометрия (максималды тез тыныс алу және тыныс шығару кезіндегі ауа бағытының жылдамдығын анықтау), реоэнцефалография (церебралды қан айналымын зерттеу), хронаксиметрия (тітіркендіргіштің әсер ету уақытына байланысты жүйкедегі қозу дәрежесін зерттеу), теппинг-тест (қол басы қозғалыстарының максималды жиілігін анықтау), треморография (қол мен саусақтың механикалық тербелісін анықтау), актография (ұйқы кезінде қозғалыс белсенділігінің динамикасының анықтау), функциялық жүктеме немесе сынамалар (Розентал, Штанг, Генци, Ромберг, Яроцкий, саусақ – мұрын), рефлекстерді (құрсақ, тізе, ахиллов, тері, жергілікті дермографизм, Ашнер рефлексі, Даниелопол клиностатикалық, Превел ортостатикалық және қарашық рефлекстері) зерттеу әдістері және т.б.
Жоғарыда көрсетілген көптеген физиологиялық, клиникалық және психологиялық әдістерді пайдалана отырып, спорт физиологиясы пәні дене жаттығуларының, спорттық шынығудың және қоршаған ортаның әр түрлі жағдайларының спортшылар организміне әсерін анықтап, денсаулығына қажетті қолайлы жағдай тудыруды көздеуді мақсат етіп қояды.
Бақылау сұрақтары:
1. Дене тәрбиесі және спорт түрлерінің физиологиялық негіздері- қолданбалы ғылым ретінде, оның міндеті, басқа ғылымдармен байланысы қандай?
2.Спорттық физиологияның дене мәдениеті және спорт теориясы мен практикасы үшін маңызы қаншалықты?
3.Дене жаттығулары және спорт физиологиясының даму тарихы кезеңдеріне сипаттама беріңіз
3.Зерттеу әдістерін атаңыз?
Дәріс №2
Тақырыбы:Дене жаттығуларының ағзаға әсері. адамның қозғалыс -қимылдарын басқару. қимыл дағдылары дамуының физиологиялық механизмдері
Мақсаты: Студенттерді дене жаттығуларының адам ағзасының физиологиялық жүйелеріне әсерімен таныстыру
Негізгі сұрақтар:
1. Дене жаттығуларының адам ағзасының физиологиялық жүйелеріне әсері. Ағзада болатын физиологиялық ығысулардың жалпы сипаттамасы. Жұмыс кезіндегі физиологиялық ығысулар дамуындағы орталық жүйке жүйесінің реттеушілік маңызы. Бұлшық ет жұмысы кезіндегі кимыл жаттығуларының әсерінен қан айналым, қан, тыныс алу, биоэнергетика, зәр шығару, эндокринді жүйелердің өзгеру ерекшеліктері.
2.Қимылдарды баскарудың физиологиялық негіздері. Қимыл бірліктері және дағдылары - спорт техникасының негізі. Қимылдарды басқарудың рефлекторлық механизмдері. Шартты рефлекторлы механизмдердің қимыл бірліктері және дағдылары түзілуіндегі маңызы, талдағышты және оперантты шартты рефлекстердің маңызы. Қимылдың динамикалық қалыптылығы.
3.Қозғалыс - қимылдарды баскарудағы жүйелі механизмдердің ерекшеліктері (П.К.Анохин), Афференттік талдаудың басымдылык мәнінің,зерденің және эмоциялардың, экстраполяция мехаиизмнің және қимылдарды сөзбен реттеудің маңызы. Қимыл дағдыларының қалыптасу кезеңдері (тарату, жинақтау және тұрақтандыру). Қимыл дағдысының соматикалық және вегетативтік құрылымы, олардың қалыптасуындағы жайттары. Спорттық іскерліктің артуы бойынша қимыл дағдыларды жетілдірудің физиологиялық негіздері. Спортшының жұмыс қабілеттілігінің жоғарылауы кезіндегі кері байланыстың, косымша және жедел хабарламаның, ұзақ және қысқа уакытты қимылдарды талдағыштармен бейнелеудің, спортшының жұмыс қабілеттілігін арттырудағы динамикалық (қимылдардың негізгі сатыларын бекіту, хабарды қайта қарастыруды және қуат жұмсалуын үнемдеу).
1.Дене жаттығуларының адам организмінің физиологиялық жүйелеріне әсері
Дене жаттығуларының барлық түрлерінің адамның қозғалыс әрекеті арқылы атқарылатыны баршамызға белгілі. Спорттық жаттығуларда ең әуелі вегетативтік (қан айналу, тыныс алу) мүшелер қызметімен неғұрлым тиімді қамтамасыз етілетін бұлшық ет жүйесі белсендіріледі. Кез келген жұмыс әрекеті талдағыштардың және орталық жүйке жүйесі қатынасуымен жүреді. Өйткені сыртқы мәліметтер сезім мүшелері арқылы қабылданып мида өңделеді, сөйтіп жауапты қимыл әрекеті ұйымдастырылады.
Жұмыстың барлық түрлері қозғалыс аппаратымен атқарылады. Физиологияда қозғалыс аппараты деп кеңістікте тұлға орнын ауыстыруды және сыртқы әсерлерге белсенді қимыл әрекеттің туындауын қамтамасыз ететін мүшелер мен ұлпалар жиынтығын айтады. Қозғалыс аппаратына бұлшық еттер, оларды жиырылтатын мотонейрондар және қаңқа жатады. Сондықтан спортшыларды жаттықтыруды жоғары деңгейде өткізу үшін бұлшық еттің маңызды физиологиялық қасиеттерін, оның күші мен жылдамдығын ескеру қажет. Бұлшық еттердің жиырылуына орташа жүктеме мөлшері тиімді келеді.
Бұлшық еттің ұзақ уақыт жиырылу күшін жүзеге асыратын және сақтайтын қабілетін, яғни оның төзімділігін статикалық жұмысты орындағанда, жүкті мығым жағдайда ұстап тұратын немесе тұрақты қысым күшін сақтайтын мерзімі арқылы анықтайды. Ол үшін уақытты күш көрсеткішіне көбейтеді. Егер жұмсалған күш максималды күштің 20%-на тең болса, тұрақты қалыпты жұмыс ұзақ уақытқа созылады.
Динамикалық жұмыстарда төзімділік ең ақырғы уақыт және шегіне жеткен қажетті қуатпен бағаланады. Динамикалық төзімділік орындалған қимылдың ең жоғары мөлшерімен сипатталады. Мұндай жұмысты орындау кезіндегі төзімділік велоэргометрдің көмегімен өлшенеді.
Cпорт физиологиясында жұмысқа қабілеттілік өте маңызды орын алады. Жұмысқа қабілеттілікті арттыру және қозғалыс дағдыларын қалыптастыру үшін үнемі жаттықтырудың мәні өте зор. Өйткені жаттығулар адам организмі қызметін тереңірек қайта құрады. Жаттықтыру кезінде организм қызметінің дамуы мен оның жоғары сатыға көтерілуі әр түрлі болады. Бұлшық еттер жұмысы энергия шығынын көбейтеді. Мәселен, бұлшық еттің 70-90% қатысатын ауыр жұмыстарда энергия шығыны 12-20 кДж/м, ал 30-60% қатысатын жеңіл және орташа жұмыстарда 8-12 кДж/м-ге тең келеді. Энергия шығыны «отырып» істейтін дене еңбектерінде (бұлшық еттің 5-15%-да шамамен 1-4 кДж/м) аз болады. Энергия шығынының мөлшері интегралды көрсеткіш болғандықтан ол еңбек және спорт физиологиясында жиі қолданылады.
Дененің энергия шығыны бұлшық еттер қызметінен ғана тумайды, оған адамның эмоциялық күйі де әсер етеді. Ол организмнің негізгі зат алмасу деңгейін қалыптағыдан 10% көтереді. Дене жаттығулары кезінде жұмыс атқарушы бұлшық еттерге оттегі, глюкоза және т.б. қажетті заттар дер кезінде жеткізіліп, организмнен ыдырау өнімдері жедел шығарылады. Сондықтан тыныс алу және жүрек-тамыр жүйелерінің қызметтері күшейеді.
Қарқынды жұмыс кезінде сүт қышқылы толық тотығып үлгермейді. Сондықтан ол жұмыс аяқталғанда да оттегіні пайдаланып тотыға береді. Мұны «оттектік қарыздылық» деп атайды, ол ауыр жұмыс істегенде 15-20 литрге жетеді.
Организм мүшелері қимыл рефлекстер арқылы әрбір әсерленіске қатысады. Мұнда кері байланыстар қозғалыс жүйесінің вегетативтік әсерленістеріне ерекше ықпалын айқындайды. Жұмыс (жаттықтыру) туралы алдын ала ойлаудың өзі вегетативтік өзгерістер тудырады. Ол қозғалыс әрекетінің ми қыртысы арқылы ұйымдастырылатынын көрсетеді.
Дене жаттығулары ықпалынан қан айналысы қатты өзгереді. Бұлшық ет жиырылуы әуелі қан ағысының жылдамдығы арқылы қамтамасыз етіледі. Жұмыс кезінде жүректің минуттық қан көлемі 4-8 есе артады, сөйтіп газ алмасуы 5-10 есе жеделдейді. Жүректің систолалық көлемі ауыр жұмыстарда 1,5-3 есе көбейеді, ал жүректің жиырылу жиілігі (ЖЖЖ) минутына 160-240 ретке жетеді. Нәтижесінде қанның ағысына жеңілдік туады. Өйткені жұмысқа кіріскен бұлшық еттердің ұсақ талшықтарының көбісі ашылып, тамырлар тонусы төмендейді. Дені сау және еңбекке жарамды адамдарда қанның диастолалық қысымы аз өзгереді немесе 5-15 мм сын. бағ. көтеріледі. Систолалық қысым 150 және тіпті 200 мм сын. бағ. жетеді, ол істелетін жұмыстың алымына сәйкес келеді.
Жұмыс кезінде жүректің жиырылу жиілігіне организмнің сезім күйі мен тұлға қалпы әсер етеді. Отырған кезбен салыстырғанда тұрып жұмыс істегенде жүрек шамамен 10-15 рет жиі жиырылады. Ер адамдар мен әйел адамдарда жүректің жиырылу жиілігі қозғалыс әрекеті нәтижесінде әр түрлі өзгереді. Мәселен, әйелдер мен ер адамдарға бірдей жүктеме берілген кезде біріншілерінде жүрек жиырылу жиілігі орта шамамен минутына 10-15 рет артық болады. Дене жұмысы кезінде жүректің жиырылу жиілігіне қоршаған ортаның температурасы да әсерін тигізеді. Температура 25-30 ºС, не одан жоғары болса, ол минутына 10-15-ке жоғарылайды. Жаттықтыруға дейін және жаттығу барысында ЖЖЖ анықтау, тіркеу организмнің физиологиялық күйін бақылауға мүмкіндік туғызады.
Дене жаттығуларымен айналысу кезінде организмнің газ алмасуын қамтамасыз ететін тыныс алу жүйесі де өзгереді. Берілген жүктемеге сәйкес өкпе вентиляциясы (желдетілуі) және оттегіні пайдалану арта түседі. Қалыпты жағдайда өкпенің 5-8 л/мин вентиляция көлемінен 3-4% оттегі пайдаланылады. Ал дене жүктемесінің әсер етуі кезінде өкпе вентиляциясы минутына ондаған литрге көбейеді, оттегіні пайдалану 4-8%-ға тең болады. Өкпе вентиляциясы тыныстың тереңдеуі мен жиіленуі арқылы көбейеді. Жұмыс істегенде тыныс тереңдігі адамға тән өкпенің тіршілік сыйымдылығының 30-40%-нан тұрады. Тыныс жиілігі жұмыс кезінде тыныштық күйдегі мөлшермен салыстырғанда 2-3 есе өседі.
Қарқынды жаттықтыру кезінде алғашқыда бейімделу кезеңі байқалады, онда тыныс тарылып, жеткілікті дәрежеде өкпенің желдетіліп үлгермеуінен тыныс жолдарында жағымсыз күй пайда болады. Содан кейін бұл құбылыстар жойылады, алайда 20-30 минуттан кейін «өлі нүкте» туады. Мұнда аталған жағымсыз жайлар күшейіп, адам жаттықтыруды жалғастырудан бас тартуы мүмкін. Егер оны жеңіп жаттықтыру жалғастырылса, бұл сезім тыйылады. Сөйтіп, «екінші тыныс алу» ашылады. Мұның физиологиялық мәні вегетативтік әрекеттің қайта құрылуында.
Жаттықтыру кезінде жұмысқа қабілеттілікті қамтамсыз ету үшін энергия қорын іске тартатын эндокриндік жүйенің белсенділігі артады. Әр түрлі қозғалыс процестерін орындағанда гипофиз-бүйрекүсті бездерінің (симпато-адреналдық жүйенің) белсенділігі күшейеді. Көптеген жағдайда атқарылған жұмыстың ауыртпалық дәрежесіне сәйкес келеді. Өйткені бұл ішкі секреция бездерінің гормондары адамның бейімделу әрекетін жүзеге асырады.
Жұмыс кезінде қанда тироксиннің мөлшері көбейеді. Дене жүктемесінің ұзақ уақыт әсер етуі салдарынан қанда инсулиннің мөлшері азаяды және оның ыдырауы күшейеді. Сонымен эндокриндік жүйенің аталған өзгерістері жоғарыда көрсетілген бейімделу реакциясын көрсетеді. Егер жаттықтыру жүргізілген ортада температура жоғары болса дене температурасы онан сайын өседі. Ауыр дене жұмысында температура 1,0-1,5 ºС-ға жоғарылайды. Мәселен, орта жылдамдықпен жаяу жүргенде дене температурасы 0,5-0,6 ºС, ал ұзақ жүргенде не жүгіргенде ол 39-40 ºС дейін көтеріледі.
Өте салқын микроклиматта жаттықтыру дене температурасының төмендеуіне, тіпті дененің тоңазып, жаттықтыруды жалғастыру мүмкін болмайтын күйге әкелуі ықтимал. Адам температурасын тыныштық күйде және жаттықтыру кезінде өлшеу арқылы, көптеген әр түрлі орта жағдайларында бейімделуді қамтамасыз ететін ұсыныстар енгізіледі.
Дене жұмысы салдарынан қан жүйесінде көптеген өзгерістер байқалады. Қанның газ тасымалдау қызметі (эритроциттер, гемоглобин мөлшері) артады, оның жасушаларының жаңару қарқыны үдейді, қанның морфологиялық құрамын реттейтін жүйке орталықтарының тонусы күшейеді. Сонымен қатар эритроциттің осмостық төзімділігі артып, қанның тұтқырлығы көбейеді, оның оттектік сыйымдылығы кеңейеді. Сөйтіп қан жүйесі жүктемеге сәйкес бейімделеді.
Сайып келгенде адам организмі өзінің табиғаты арқылы қарқынды бұлшық ет әрекетіне бейімделеді. Динамикалық қарқынды физикалық жүктеме организмнің жүйке, жүрек-тамыр, тыныс алу жүйелеріне қолайлы әсер етіп, қоршаған ортаның жағымсыз факторларына төзімділікті арттырады.
2.Қимыл дағдылары дамуының физиологиялық механизмдері
Балада үйретудің ерте кезеңдерінде қалыптасатын ерікті қозғалыстардың барлығы шартты рефлекторлық қызметтің жалпы заңдылықтарына бағынады. Жасқа сай даму мен сананың қалыптасуы барысында бұл заңдылықтар жаңа сапалы мазмұнға ие болады. Қозғалысты саналы ерікті бақылай білу үйретудің табысты болуының басты қағидасы болып табылады.
Қимыл дағдысының сезгіш (сенсорлық) және орындаушы (оперантты) бөлімдері. Жаттықтырылу дәрежесінің физиологиялық механизмі шартты рефлекторлық жолдар арқылы пайда болған байланыс болып табылады. Шартты рефлекстің физиологиялық негізі уақытша байланыстың тұйықталу қасиеті болып табылады. Шартты рефлекстің пайда болуының негізі – ми қыртысындағы жүйке орталықтарының арасындағы уақытша жүйкелік байланыс дегеніміз шартты және шартсыз тітіркендірулерді ұштастырғанда пайда болатын, әр түрлі ми құрылымдары арасындағы белгілі қарым–қатынасын қалыптастыратын мидың нейрофизиологиялық, биохимиялық және құрылымдық өзгерістерінің жиынтығы. Ерікті қозғалыстардың рефлекторлық табиғатын И.М.Сеченов ашып көрсеткен болатын. Кейін И.П.Павлов шәкірттерімен шартты рефлекторлық байланыс механизмдері бойынша қозғалыс әрекеттерінің жаңа түрлерінің түзілуінің негізгі заңдылықтарын ұсынған. Ғалымның пікіріне сүйенсек, уақытша жүйкелік байланыс ми қыртысының шартты және шартсыз тітіркендірілуін қабылдайтын орталықтарының арасында тапталым жолдары пайда болуы салдарынан қалыптасады.
Сезгіш шартты рефлекстерде афферентті сигналдарға жауап беру (мысалы, сілекей бөліну, тітіркендіргіштер әсер етуінен қолды тартып алу) шартсыз рефлекторлық немесе ертерек жүре пайда болған шартты реакция болып табылады. Олардағы жауап организмдегі бұрынғы болған реакция ретінде қолданылса, тек сигнал, яғни сезгіш бөлім жаңа шартты рефлекторлы қасиетке ие.
Бірақ қимыл дағдылары туралы сөз болғанда оперантты немесе мануалды, уақытша байланыстың түзілуі қатар айтылады. Бұл байланыстар қозғалыстың жаңа түрімен немесе сол организмде осы уақытқа дейін болмаған жаңа күрделі қозғалыс актысының белгілі элементтерінен комбинация түзілуімен сипатталады. Демек, бұл жағдайда уақытша байланыстар тек афферентті (сезгіш) ғана емес, сонымен қатар эфферентті, яғни қозғалыс рекцияларының орындаушы буындарына да қатысты.
Адамның қимыл дағдылары оларда уақытша байланыстың екі түрінің де бір мезгілде сәйкес келуімен сипатталады. Бір жағынан бірінші және екінші сигналдық жүйелер арқылы спортшы үшін талғаусыз (индифферентті) тітіркендіргіш пен келесі әрекет (уақытша байланыстың сезгіш бөлімдері) арасында байланыс қалыптасса, екінші жағынан тек қозғалыс ғана емес вегетативтік қызмет сипатына да сәйкес жаңа жауап қимыл реакциялары (уақытша байланыстың оперантты бөлімдері) пайда болады.
Адамда спорттық және т.б. қимыл дағдыларының түзілуі барысында тек бірінші ғана емес, екінші сигналдық жүйенің де әсер етуі арқылы қалыптасатын жоғары қатардағы уақытша байланыстың маңызы өте зор.
Қимыл дағдысының қалыптасуы әсіресе циклдік ұзақ жаттығулар кезінде қозғалыстың вегетативтік мүшелер қызметімен неғұрлым тиімді қамтамасыз етілуіне мүмкіндік беретін уақытша байланыстың түзілуіне әкеледі .
Қимыл дағдысының моторлық және вегетативтік бөлімдерінің бір мезгілде қалыптаспауының өзіндік маңызы бар. Салыстырмалы қарапайым қозғалыс дағдыларында (мысалы, жүгіруде, шаңғы тебуде) моторлық (қимыл) бөлімдері, ал күрделі қозғалысты дағдыларда (мысалы, гимнастикада, күресте, спорт ойындарында) вегетативтік бөлім ертерек қалыптасады.
М.Е.Маршак пікіріне сүйенсек, дағдының қалыптасуынан кейін вегетативті бөлімдер қимыл бөлімдеріне қарағанда неғұрлым инертті болып келеді. Мысалы, үйреншікті әрекет түрінің өзгерісі кезінде, яғни үздіксіз жұмыстан үзілісті қарқынды жұмысқа ауысса қимыл қызметтері жылдам, кейбір жағдайларда сол сәтте-ақ өзгереді, ал вегетативті мүшелер ұзақ уақыт бұрын қалыптасқан қозғалыс сипатына сәйкес қызмет етеді.
Қимыл дағдысы элементарлық емес, бір-бірімен байланысты бірнеше фазалардан тұратын кешенді біртұтас қимыл актысы. Ациклдік жаттығуларда жеке фазалар белгілі тәртіпте бірізділікпен бір-бірін алмастырып отырады. Циклдік жаттығулардың да әр циклінде фазалардың қайта-қайта бірнеше рет қайталануымен жүретін белгілі бір заңдылықты байланыс болады (толығымен 4-тарауда баяндалған).
Қимыл дағдыларының қалыптасуы барысында қозғалыстың жеке фазалары өзіне тән реакциялар тізбегін түзіп динамикалық стереотип (лат. динамика – қозғалыстың, әрекеттің көптігі; грек. стерео – қатты, типос – таңдау, із) қалыптасады. Сыртқы ортадан организмге жүйелі және дәлме-дәл бірізділікпен белгілі бір мерзімде әсер ететін тітіркендіргіштердің әрқайсысы ми қыртысындағы тиісті қозу мен тежелу процестері арқылы организмнің белгілі бір реакциясын туғызады. Сондықтан сыртқы стереотипті (таптаурынды) тітіркенуге сәйкес, мида осы сияқты функционалдық қатынастардың бірізді өзгерісі пайда болады. Олар сол тәртіппен бірнеше рет қайталанған жағдайда біртұтас біріккен рефлекстер жүйесіне айналады. Мұндай қозу мен тежелудің мидағы бекітілген белгілі бірізділікпен қалыптасуы динамикалық стереотип деп аталады.
Дене жаттығуларында динамикалық стереотип қозғалыс фазаларының жүзеге асырылуының тек бірізділігіне қатысты екенін атап өткен жөн. Мәселен, жүгіру, жаяу жүру, жүзу және т.б. барысында бұл фазалардың бірізділіктері ғана бәрінде бірдей болады, ал олардың арасындағы уақыт қатынастары, қадам жиілігі мен ұзындығы үнемі түрленіп отырады. Қозғалыстың ішкі құрылымы, яғни қозғалыс әрекетіне қатысатын бұлшық еттің құрамы және сол бұлшық еттегі қимыл бірлігінің жиырылу саны ұдайы өзгеруі мүмкін.
Динамикалық стереотип сыртқы құрылымдық фазалардың бірізділігі белгілі стандарт бойынша өтетін дағдыларға (циклдік жаттығуларға) тән болып табылады. Сонымен қатар жиі өзгерістердің болуына орай жаңа қозғалыстардың қайталануын қажет ететін басқа да дағдылар (ациклдік жаттығулар) кездеседі. Мұндай тектес дағдыларға жекпе-жек түрлері бокс, семсерлесу, күрес пен спорттық ойындар футбол, хоккей, баскетбол және т.б. жатады. Оларда қозғалыс фазаларының алмасуы тұрақты біртұтас жүйе ретінде болатын динамикалық стереотип түзілмейді. Тұрақтылық күрделі қозғалыс комбинацияларынан көрінбей, тек жеке құрам элементтерінен (мысалы, баскетболда айып добын лақтыру кезінде) көрінеді.
Адамның қимыл әрекеті көп түрлілігімен сипатталады. Жаңа құрылымдық моторлық актының көп бөлігі ОЖЖ жоғары серпімділігінің арқасында экстраполяция жолымен жүзеге асырылады. Ол дағдылардың тасымалдануын қамтамасыз етеді және «сол орыннан» жаңа қозғалыстарды іске асыруға мүмкіндік береді.
Экстраполяция дегеніміз жүйке жүйесінің бұрын болған тәжірибе негізінде келесі туындаған қозғалыс міндеттерін барабар шешу қабілеті болып табылады. Меңгерілген қозғалыс қорларының артуы адамның бұрын шешілген міндеттерге ұқсас жаңа қимыл міндеттерін арнайы үйретусіз дұрыс шешу мүмкіндігінің айтарлықтай жоғарылауына ықпал етеді.
Экстраполяция түрлері сан алуан. Олар тек жаңа қозғалыстар ғана емес, сонымен қатар үйреншікті қозғалыс әрекетін орындау кезінде де (мысалы, жаяу жүріс кезінде) кең қолданылады.
Экстраполяцияның қозғалыс әрекеті сыртқы сипатының айтарлықтай вариацияларымен қатар жүретін қимылдарды орындау барысында маңызы орасан зор. Мысалы, футболист допты аяғының түрлі бөлімімен, әр түрлі күшпен және әр түрлі бастапқы жағдайда тұрып тебе алады. Осындай әр алуан қозғалыс міндеттері тәсілдердің салыстырмалы шектеулі санын үйретуден соң экстраполяция арқасында шешіледі.
Қимыл актыларын меңгерудегі адамның экстраполяция қабілеті біраз дәрежеде ғана тұқым қуалайтын ақпарат негізінде пайда болған. Бұл ретте уақытша байланыстың қалыптасуының маңызы зор. Қозғалыс әрекетін біркелкі орындау кезінде экстраполяция мүмкіндігі төмендесе, ал әркелкі орындау барысында бұл мүмкіндік кеңейеді. Сондықтан тек спорттық ойындар мен жекпе-жектерде ғана емес, циклдік қозғалыстар кезінде де жаттықтыру (жылдамдығы, ұзақтығы, салмақтары бойынша) түрліше өткізілуі қажет.
Экстраполяция диапазоны үнемі біршама шектелген. Мәселен, футболист меңгерген дағдылар экстраполяция жолымен күрескер немесе боксшылардың (және керісінше) тәсілдерін орындау үшін қолданылмайды. Сондықтан экстраполяцияны даярлық жаттығулары кешендерін таңдауда ескеру керек. Бұл кешен негізгі жаттығуларды меңгеруге жағымды ықпал ететін жаттығуларды қамту қажет. Егер бірнеше көмекші жаттығулар экстраполяция механизмі бойынша бірдей нәтиже берсе, онда олардың санын кеміткен жөн. Даярлық жаттығуларын таңдауда экстраполяция механизмі бойынша қозғалыс әрекеттерін қамтамасыз ететін вегетативтік қызметтің (қан айналу, тыныс алу т.б.) дамуына ықпал ететін әсерлерді әрқашан ескеру қажет.
3. Қозғалыс - қимылдарды баскарудағы жүйелі механизмдердің ерекшеліктері Қозғалыстың автоматтандырылуы (дағдылы әрекеттенуі)
Спорттық қозғалыстар техникасын толық жетілдіру қозғалыс актысының көптеген бөлімдерінің автоматтандырылуымен, яғни адамның еріксіз, мақсатқа лайық және ішкі ортаның әсерінен дағдылы әрекеттенуімен өте тығыз байланысты. Адам организмінде еріксіз туындайтын рефлекторлық актылар көптеп кездеседі. Бұлар вегетативтік және кейбір қозғалыс қызметтерін (кірпік қағу, жұту т.б.) реттейтін түрлі туа пайда болған шартсыз рефлекторлық реакциялармен байланысты біріншілік автоматизмдер. Осымен қатар бұрын саналы, ерікті өтіп, тек одан кейін ғана автоматты түрде іске асырылуы мүмкін болатын реакциялар, яғни екіншілік автоматизмдер де бар. Міне, осыларға соның ішінде қозғалыс дағдылары жатады. Қалыптасқан қозғалыс дағдылары берік бекітілген уақытша байланыстармен сипатталады және олардың көптеген бөлімдері еріксіз, яғни автоматты түрде орындалады.
Адамдағы ұсақ бұлшық еттік құрылымдар қызметі жеке функционалдық моторлық бірліктер немесе олардың кішігірім топтары секілді көбіне сезілмейді. Арнайы жаттықтырусыз көптеген жеке бұлшық еттер қызметі де сана сферасында көрінбейді. Тек тұтас дене мен ірі мүшелердің ғана қозғалыстары анық сезіледі. Дағдылардың вегетативтік компоненттері санада өте әлсіз көрініс береді.
Жүйке жүйесінде қозғалыстың автоматтандырылған және автоматтандырылмаған компоненттерін басқару процестері бір-бірімен тығыз байланысты. Үйрету және жаттықтыру кезінде қозғалыстың орындалуының жалпы сипатына саналы бақылау жасаудың маңызы өте зор. Спортшының қозғалыстың жалпы құрылымымен байланысты алдына қойған міндеттерін саналы қалыптастыруы жүйке орталықтарындағы, бұлшық еттер мен вегетативтік мүшелердегі адамға жете сезілмейтін көптеген автоматтандырылған процестерге жағымды ықпал етеді. Дене жаттығуларын орындау ерекшеліктерін санаға дейін жеткізуде (мысалы, спортшының жіберген қателігінің сипаты) процесс кезінде немесе жаттығуды дереу аяқтағаннан кейін алынған жедел ақпараттың маңызы зор (В.С.Фарфель). Дағдылы әрекеттенген қозғалыс актысының бөлімдері қозғалысты аяқтаған соң жекелей немесе кейін толығымен сезілуі мүмкін болатынын атап өткен жөн. Мысалы, кенеттен оқыс жағдайдағы қақпашы немесе күрескер әрекеті.
Адамдағы сезім алаңы салыстырмалы тар болып келгендіктен, ол бір мезгілде көптеген сипаты бойынша әр түрлі қозғалыс актылары компоненттерін қабылдай алмайды. Сезім алаңын моторлық актының бір бөлімі алса, одан сол уақытта басқасы шығады. Сондықтан да қозғалыс техникасын үйрету кезінде неғұрлым бұл компоненттердің көпшілігін автоматты түрде орындағанға дейін жеткізу керек. Сонда спортшының сезім алаңында жаттығуды орындаудың негізгі міндеттерімен байланысты ең басты қозғалыстар енетін болады.
Дене жаттығуларын орындаудың энергетикалық үнемділігі
Қозғалыс әрекеті кезіндегі энергия жұмсалуының үнемділігіне қозғалыс пен вегетативтік қызметтердің үйлесімділігі есебінен жетуге болады.
Энергия жұмсалу бірінші кезекте дене жаттығуларын орындау техникасын жетілдіру есебінен төмендейді. Толық жетілдірілмеген техника кезінде жүйке орталықтарындағы иррадиация (қозудың таратылуы) салдарынан қозғалысқа артық бұлшық еттер мен қозғалыс бірліктері қатысуы мүмкін. Мұндай жұмыс энергия шығынының жоғарылауымен сипатталады. Қозғалыс актысын орындау техникасының жетілуіне байланысты жүйке жүйесіндегі концентрация (қозудың жинақталуы) процестері нәтижесінде жұмысқа тек қажетті бұлшық ет талшықтары тартылады. Нәтижесінде энергия жұмсалу төмендейді.
Қозғалыс техникасын жақсы меңгерген спортшыларда энергия жұмсалудың үнемделуі тек қозғалыс ғана емес біраз шамада вегетативтік қызметтердің үйлесімділігінің артуымен де байланысты.
Олар қозғалыс әрекеті процесінде шартсыз рефлекстер механизмі бойынша белсендіріледі (мобилденеді). Сонымен бірге қозғалыс дағдысының қалыптасуы кезінде вегетативтік шартсыз рефлекстердің өту сипаты, олардың бұлшық ет жұмысына емес аталмыш қозғалыс әрекетінің сол түріне бейімделуі өзгеруі мүмкін. Нәтижесінде жүрек, тыныс алу, бұлшық ет және т.б. вегетативтік мүшелердің энергия пайдалануы төмендейді.
Дағдылардың қалыптасуы процесінде жүре пайда болған вегетативтік мүшелер қызметінің бұл ерекшеліктері қозғалыс актысының шартты рефлекторлық тыныс алу, жүрек-тамыр және т.б. вегетативтік компоненттерін құрайды.
Достарыңызбен бөлісу: |