Бағдарламасы Негізгі сұрақтар: Өлкетану курсын оқытудың маңызы


Дәріс№4. «Өлкетану» курсы және оның жасөспірімдерді тәрбиелеудегі маңыздылығы



бет2/6
Дата12.10.2019
өлшемі138,74 Kb.
#49692
1   2   3   4   5   6
Байланысты:
e79c1ef1-8b03-11e6-8573-f6d299da70eeдәріс Географияны окытуда өлкет ізде


Дәріс№4. «Өлкетану» курсы және оның жасөспірімдерді тәрбиелеудегі маңыздылығы

Негізгі сұрақтар:



  1. Мектепте өлкетану курсы бойынша білім беру мен тәрбиелеу

  2. Мектептегі өлкетану жұмысының өзіндік міндеттері

  3. Мектептегі өлкетану жұмысын мазмұнына қарай жіктеу

Өлкетану – белгілі бір жердің, қаланың, елді мекеннің бір бөлігін оқып білу. Мұндай жұмыспен жергілікті тұрғындар айналысады, себебі бұл аймақ оқушылар мен мамандар үшін (тарихшылар, биологтар, геологтар, архитекторлар, этнографтар, экологтар) туған өлке болып саналады. Мектептегі өлкетану пәні білім беру мен тәрбиелеуді өмірмен байланыстыратын маңызды құрал болып табылады. Өз өлкесінің бұрынғы және қазіргі өмірін білу, өлкенің жаңаруына тікелей ат салысуымыз үшін қажет, өйткені туған өлке – шегі жоқ әлемнің бір бөлігі. Өлкетану отансүйгіштік сезімді – Отанға деген терең махаббатты тудырады. Мектептегі өлкетану, жалпы өлкетанудың бір бағыты болғандықтан, оқушының адамгершілік, интеллектуалдық, эстетикалық, еңбексүйгіштік, тұлғалық дамуының маңызды факторы болып табылады. Туған өлкенің өткенімен, қазіргі кезімен және жорамалды болашағымен, табиғи, экономикалық, тарихи, мәдени және басқа да ерекшеліктерімен танысу оқушының дүниетанымын қалыптастыруға жағдай жасайды. Бұл оқушының өзінің бір нақты ұлт өкілінің қатарына жататындығын түсінуіне және ол үшін мақтаныш сезімінің туындануына көмектеседі.

Нормативтік-құқықтық құжаттарға, вариативтілік ұстанымына сай, жалпы білім беретін мектепте білім беру мазмұнының аймақтық компонентін жетілдірудің мақсаты өз өлкесін, елді мекенін, қаласын не ауылын жақсы білетін және сүйетін, оның әдет-ғұрыптарын сыйлайтын, табиғи, тарихи, мәдени ескерткіштерін қорғайтын, көпұлтты Қазақстанның отаншыл азаматын тәрбиелеу.

Мектептегі өлкетану жұмысының өзіндік міндеттері бар. Бұл міндеттер оқушылардың өмірге, қоршаған ортаға деген көзқарасын қалыптастыруды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Білімдік міндеттері:

– өз елді мекенінің, өлкесінің тарихымен және қазіргі кездегі өмірімен, экономикасымен таныстыру;

– туған өлкенің табиғи ортасының алуан түрлілігі жайлы көзқарас қалыптастыру;

– тірі табиғат нысандары мен құбылыстардың бір-біріне тәуелділігін, байланысын, табиғат заңдарын оқып-білу;

– биология, география, химия, физика сабақтарында алынған білімді өмірлік тәжірибеде қолдана білу;

– өз елді мекенінің, ауданы мен облысының қазіргі кездегі өмірі және экономикасымен таныстыру;

– туған өлкесінің дамуы проблемаларын оқып-білуге жетелеу:

– табиғатқа дұрыс қарау нормаларын меңгерту;

– алынған білімді қазіргі кездегі экологиялық проблемаларды шешу барысында қолдана білу;

– туған өлке табиғатының ерекшеліктерін оқу;

– қажетті ақпаратты іріктеу дағдысын меңгеру.

Тәрбиелік міндеттері:

– өзінің туған өлкесіне, туған елі Қазақстанға деген патриоттық сезімін, сүйіспеншілігін тәрбиелеу;

– төзімділікті, өлкенің көпұлттылық және көпмәдениеттілік жағдайында төзімді мінез-құлық қалыптастыру;

– отбасылық қарым-қатынасты нығайту, пәннің мазмұнымен тек оқушыны ғана емес, оның ата-анасын да қызықтыру, отбасылық мұрағаттар, аталар мен әжелердің басқа да туыстардың әңгімелері арқылы өлкенің тарихы жайлы білімді тереңдету;

– отбасы мүшелерімен бірге өлке туралы әдебиеттер оқу, фильмдер, бейнефильмдер тамашалау;

– өлкенің табиғатын, тарихи және мәдени ескерткіштерін сақтау мен қалпына келтіру жұмыстарына оқушылармен қатар ата-аналарды да қатыстыру;

– жергілікті халықтың алдында тұрған проблемаларды шешуге атааналармен бірге оқушыларды да қатыстыру;

– экологиялық мәдениет қалыптастыру;

– патриоттық және эстетикалық, сонымен қатар табиғат алдында жауапкершілік сезімін тәрбиелеу;

– ұжымда бірігіп жұмыс істеу, бір-біріне көмектесу, қолпаштау сезімдерін тәрбиелеу;

– балалардың бойында жақсы көру, барлық тіршілік атаулыға аяушылықпен қарау сезімдерін тәрбиелеу.

Дамытушылық міндеттері:

– туған өлке туралы неғұрлым көп білуге деген ұмтылысты, танымдық қызығушылықты, интеллектуалдық және шығармашылық қабілетті дамыту;

– тақырыптық акцияларға және жобаларға, кітапханалардың, ұлттықмәдени орталықтардың іс-шараларына, сайыстарға, олимпиадаларға қатысу арқылы туған өлке жайлы білімді тереңдетуге деген ұмтылысқа ынталандыру;

– болашақта білімді жалғастыру, мамандық және жұмыс орнын таңдау сұрақтарын шешуге бағыттау;

– күнделікті өмірде өлкетанушылық білім мен біліктілікті қолдана алу, жергілікті жердегі туындайтын проблемаларды шешуде өзінің орнын білу дағдысын қалыптастыру;

– туған өлкесінің өмірін жетілдіруге үлес қосуға деген ұмтылысты дамыту .

Өлкетану жұмысында тағы бір міндетті қосуға болады, ол – зерттеушілік сипаттағы міндеттер:

– қоршаған ортаның ластану деңгейін анықтау және туған аймақтың экологиялық жағдайын жақсарту бойынша ұсыныстар әзірлеу;

– логикалық ойлау қабілетін дамыту арқылы, проблема қою және оны шешудің жолдарын іздеу;

– оқығанды, танығанды, түсініксіз жағдайларды, мәліметтерді өз шығармашылығында көрсете білу;

– ізденіс арқылы таныс емес, белгісіз, түсініксіз құбылыстарды тануға, білуге, түсінуге ұмтылу.

Мектеп пәндерінің мазмұнындағы өлкетануды сипаттайтын ерекшеліктер:

– тарихи және ұлттық-мәдени өлкетану (ата-бабалар тарихы, шығу тегі, тарихи ескерткіштер, ежелгі қоныс-мекендер, салт-дәстүр, әдет-ғұрып, өнеге, өмір сүру салтының ерекшеліктері және құндылықтары);

– табиғи-географиялық өлкетану (жергілікті жердің климаты, жер бедері, топырағы, өзен-көлдері, пайдалы қазбалары, экологиясы, экологиялық проблемалары);

– биологиялық өлкетану (өсімдік түрлері, жануарлар әлемі);

– әдеби өлкетану (жергілікті ұлттардың әдеби мұралары және ауыз әдебиеті, жергілікті ақын-жазушылардың шығармалары);


– химиялық өлкетану (ауыз суының сапасы, ауаның ластануы, жергілікті жердегі тау-кен өнеркәсіптері т.б.);

– әлеуметтік-географиялық өлкетану (халықтың тығыздығы, елді мекендердің орналасу сипаты, ұлттық қолөнер түрлері, басқа елді мекендерден, аймақтардан алшақтығы, байланыс құралдары);

– әлеуметтік-демографиялық (ұлттық құрамы, жастық-жыныстық құрамы, көші-қон үдерісі, халықтың ұдайы өсуінің сипаты);

– әлеуметтік-экономикалық (халықтың өмір сүру деңгейі, еңбек ресурсы, кәсіби-мамандық құрамы, экономикалық даму келешегі);

– аймақтың экономикалық салаларының (ауылшаруашылық, құрылыс, таукен, химиялық т.б.), шығаратын өнімдері;

– әкімшілік-саяси (өлкенің шекарасы мен аумағы, инфрақұрылымының түрлері, басқару органдарының қызметі және жұмысты ұйымдастыруы);

– мәдени өлкетану (жергілікті ұлттардың ұлттық әндері мен билері, бейнелеу және сәулет өнері, қолөнері, жергілікті сазгерлердің музыкалық шығармалары, суретшілердің, мүсіншілердің, архитекторлардың туындылары т.б.);

– саяси (саяси факторлардың өлкенің өміріндегі рөлі, аймақтармен, елдермен қарым-қатынасы). Өлкетанудың түрлерін математикалық, физикалық, технологиялық деп жалғастыра беруге болады.

Аталған бөлімдерге сәйкес материалдарды іріктеп пән тақырыптарына кіріктіріп оқытудың мақсаты, мектептегі өлкетану жұмысын, оқушылардың өлкені білуге деген қызығушылығын арттыру болып табылады.

Өлкетану жұмысын мазмұнына қарай келесі топтарға бөлуге болады: – табиғатты және өзара байланыстың нәтижесінде ландшаф пен биогеоценоздарды құрайтын оның барлық элементтерін (геология, жер бедері, жер қойнауының байлықтары, климат, су қоймалары, топырақтар, өсімдік және жануарлар дүниесі) оқу, адамның іс-әрекетіне байланысты болатын табиғат өміріндегі жаратылыстану процестерімен танысу;

– өлкенің тарихи өткенін және халқын оқу, зерттеу (этнография, қалалар, ауылдар, топонимика);

– экономикалық өмірі мен шаруашылық құрылымын, сонымен қатар табиғат пен шаруашылықтың, шаруашықтың жеке салаларының өзара байланысын зерттеу;

– халықтың мәдени және рухани өмірі мен шығармашылық әрекетін зерттеу (ұлттық мәдениет, фольклор, сәулет өнері, қолөнері). Жоғарыда аталған өлкетануды сипаттайтын ерекшеліктерге сүйене отырып, мұғалімнің алдында тұрған маңызды мақсаттың бірі – баланы дамыту, оған халықаралық аренада өзінің туған мәдениетін таныта білу біліктілігімен негізделген патриоттық тәрбие беру болып табылады. Оқушыларды туған және басқа да мәдениет әлеміне кіргізу, олардың тіл құралы арқылы ойлау қабілеттерінің дамуына ықпал етеді, оқушылар туған халқының менталитетін түсінуге үйренеді. Жеке тұлғаның дүниетанымының қалыптасуы және мәдени дамуы оқушының туған өлкесінің мәдениеті, әдет-ғұрпы, салт-дәстүрлері, тарихы, тұрмысы туралы білімінің кеңеюі барысында жүзеге асады. Сондықтан да өлкетану материалдарын қолдану өзекті мәселе болып табылады.

Өлкетану жұмыстарын жасөспірімдерді тәрбиелеудегі ерекшеліктері:

– тарихи мәліметтермен тығыз байланыста болғандықтан, тарих ғылымдары және тарих оқу пәнінің негізгі ұстанымдары, әдістері, құралдарымен сипатталады;

– оқушылардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруда өлкетану жұмыстары жетекші фактор болып табылады;

– өлкетану жұмыстары экологиялық мәдениетті қалыптастыруда жаратылыстану пәндерімен, әсіресе географиямен, биологиямен және экологиямен тығыз байланыстылығымен сипатталады;

– өлкетану жұмыстарының ерекшелігі топонимика (гректің «топос» – орын, жер, «онома» – атау деген екі сөзінен тұрады, яғни жер-су атаулары деген сөз), ономастика (гректің onomastike – ат беру өнері, тіл білімінің жалқы есімдерді зерттейтін саласы) сияқты ғылымдардың, білімдердің өзгешеліктерімен анықталады.

Демек, топонимдер тарихи, географиялық және лингвистикалық мәннен хабар беріп тұрады деген сөз. Мұның өзі белгілі бір өңірдің топониміне қарап сол өңірде мекен еткен ұрпақтың тарихы туралы, тіршілік көзі жайында, ой-өрісі хақында, тіптен сезім сұлулығына дейін тамаша хабардар болып, белгілі бір қорытынды жасауға мүмкіндік береді;

– сыныптан тыс уақытта танымжорық, оқу-танымдық соқпақ, саяхат, экспедициялар сияқты жұмыс түрлерін ұйымдастырылуымен байланысады;

– мектеп оқушылары өзінің тұрғылықты жерінің тарихы, әдебиеті, қолөнер түрлері, табиғи жағдайы, табиғат ресурстары, жергілікті тұрғындардың тұрмыстіршілігі, олардың табиғатпен бұрынғы және қазіргі қарым-қатынастары бойынша әр түрлі дерек көздерін, мұрағат қорларын, мұражай материалдарын қолданумен ерекшеленеді; – өлкетану жұмыстары оқушылардың алған теориялық білімдерін практикада қолдануға нақты мүмкіндік беріп, туған жеріне, отанына деген сүйіспеншілігін арттыруға, ұлттық құндылықтарға баулуға бағытталған өзіндік ерекшелігі бар оқу-тәрбие процесіне айналады.

Өлкетану материалдары арқылы отансүйгіштікке тәрбиелеу педагогикалық үдерістің: түсінік қалыптастыру – білім беру – біліктілік – практикалық ісәрекетке баулу атты тізбегін құрастыруды көздейді. Мұғалім алдымен оқушылардың бойында:

‒ Отан адамның дүниеге келген жері ретінде, туған жердің табиғаты, ана тілі, салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптар, тарих, туған өлке тұрғындарының өміріндегі ұлттық ерекшеліктер, отансүйгіштік сезім туған өлкеге деген көзқарас түсініктерін қалыптастыру;

‒ ұжымда және өздігінен жеке жұмыс істеу барысында оқушы «Отан», «туған жер» ұғымдарын меңгеруі тиіс, оқушыны туған өлкенің тарихын, өзінің ата-тегін, олардың тарихын өз бетімен оқып-білуге, Отанға, еңбек етуге, қоршаған адамдарға қарасты өзінің көзқарасын анықтауға, саралауға қажетті білімді қалыптастыру;

‒ оқушы саралау, түсініп оқу, ерінбей тірнектеп материал жинау, мұрағатта жұмыс істеу, экскурсияны жүргізуші дағдыларын үйрену арқылы біліктілігін арттырады;

‒ өлкетану жұмысының түрлері: саяхат, экскурсия, бақылау жүргізу, кеппешөп жинау, тәжірибелер жасау, мамандық иелерімен кездесулер тағы басқа практикалық іс-әрекеттерді оқушылардың жас ерекшеліктерін ескере отырып, құндылық көзқарастарын қалыптастыруға, білуге деген қызығушылықтарын арттыруға бағыттау.


Дәріс№5. Өлкетану оқыту құралдары. Өлкетану кабинеті.

Негізгі сұрақтары:



  1. Географиялық  өлкетану кабинеттің жабдықталуы.

  2. Географиялық өлкетану кабинетке қойылатын талаптар.

  3. Географиялық  өлкетанулық алаң жасау жолдары.

  4. Географиялық өлкетану кабинеттің географияны оқытуда алатын орны.


Оқу құралдарын толық пайдалануда, оларды іріктеп алуда белгілі бір шарт болуы қажет. Оқыту құралдарын оқу процесінде толық пайдалану үшін, еңбекті ғылыми негізде ұйымдастыру принциптеріне сүйеніп жасайды. 

1.    Оқыту құралдарының мазмұны диалектикалық мүмкіндіктері жағынан астарласып жатуы керек.

2.    Құралдарды оқу процесінде тез пайдалану керек.
Бұл шарттар тек кабинеттік жүйе жағдайында ғана іске асады.

География кабинеттері мынандай талаптарға сай келуі керек:

1.    География кабинеті арнайы мебельдермен, жұмыс істеуге қажет тетіктермен, техникалық құралдармен, жұмыс және тәжірибе жасайтын столдармен  (стол, басқару пульті, графопроектор үшін керек тумбадан құрастырылған) жабдықталуы керек.

2.    Кабинет оқытудың арнаулы құралдарымен - аспаптар, модельдер, коллекциялар, гербарийлер, макеттер, карталар, суреттер, кестелер, диафильмдер, диапозитивтер,  графопроектор үшін транспоранттар, кинофрагменттермен қамтамасыз етілуі тиіс.

Оқыту құралдары - мұғалімге оқытуда көмектесетін аспаптар мен тұп деректер, яғни оңушылардың танымдық іс-әрекетін ұйымдастыруға көмектесетіндердің бәрі. Оқыту құралдарына мұғалімнің сөзі, оқулықтар, оқу құралдары, кітаптар, анықтамалық әдебиет, оқу жабдығы мен көрнекі құралдар, оқу киносы, радио, дыбыс таспасы, теледидар, т.б. техникалық құралдар, бағдарламалық оқытудың арнаулы құралдары - бағдарламалық оқулықтар, оқу құралы, үйрететін машиналар жатады

ХХІ ғасыр – бұл ақпараттық қоғам дәуірі, технологиялық мәдениет дәуірі, айналадағы дүниеге, адамның денсаулығына, кәсіби мәдениеттілігіне мұқият қарайтын дәуір. Осыған орай, әр бір оқытушының алдына қоятын мақсаты бұл ақпараттандыру технологиясы дамыған заманда мемлекетіміздің болашағы студенттерге заман талабына сай білім беру.


Кабинетте жалпы білім беретін мектептерге арналған оқу – көрнекі құралдар және оқу жабдықтарының үлгі тізіміне сәйкес оқытудың арнаулы құралдарымен жабдықталады.

3.    Кабинетте ішкі және халықаралық өмірді баяндайтын:

А. Географияның халық шаруашылығы проблемаларын маңызы, «география  және экономика»

Б.   Шәкірттерді оқу жұмысының тәсілдеріне баулуды ұйымдастыратын «Білім алып үйрен», «Бүгін сабақта».

В.  Өз өлкеңді оқып үйрену мақсатында қойылатын экспозициялық материалдар болады.

4.    Кабинетте қоғамдық-саяси анықтамалар, ғылыми-бұқаралық әдебиеттер, оқулықтар, ғылыми-әдістемелік құралдар болады.

А. Кабинетте оқушылардың практикалық және жеке бастарының жұмыстарының жақсы үлгілері, олимпиада тапсырмаларының топтамалары  және басқалары сақталады.

5.    География кабинетіндегі оқыту құралдары:

А. Олардың түрлері (карталар, картиналар, кестелер, модельдер, оқытудың техникалық құралдары).

Б. Курстар бойынша жүйеленіп қойылған  қолда бар құрал-жабдықтардың картотекасы оқыту құралдарын оқу процесінде тез қолдануға мүмкіндік береді.

6.    Кабинетте жеке топ болып және жаппай дербес оқыту жұмысын ұйымдастыру үшін қажет үлестірме материалдар, оқушылардың білімдері мен дағдыларын тексеру үшін қажет карточка-тапсырмалар. Мысалы, журнал материалдары, алдын-ала тапсырмалар даярланған, атластар, минералдар мен тау жыныстарының коллекциялары, гербарийлер, т.б. болады.

7.    География кабинеттері санитарлық-гигиеналық шарттарға, эстетикалық және техникалық талаптарға сай келуі керек.

Географиялық өлкетану кабинеттің географияны оқытуда алатын орны ерекше. Кабинет – бұл құрамына жиһаз, оқу құрал-жабдықтары, экпозициялық материалдар, оқу-әдістемелік комлектісі бар бар күрделі жүйе. Қазіргі заманға лайықты географиялық кабинет оқушылардың  «география» пәніне деген қызығушылығын арттыруға, оқу процесін жаңашалауда, оның тиімділігін арттыруда орны ерекше болу керек. Қазіргі заманғы география кабинетінде мынадай жабдықтар болуы керек:

Кабинет барлық талаптарға сай болуы үшін мына құрал-жабдықтар болу керек:

-оқулықтар, оқу-әдістемелік кітаптар, анықтама, географиялық сөздік, ғылыми және жаңа оқулықтар, әдеби кітаптар;

-дидактикалық материалдар (оқушылардың өзіндік және практикалық жұмыстарын тиімді жүргізу мақсатында);

-география курстары бойынша тематикалық (пәнаралық) материалдар;

-Қазақстан Республикасындағы баллдық системаға сәйкес анықтама материалдар, практикалық жұмыстар, контур карталармен жұмыс істеу, дәптер жүргізуге арналған баға кретерийлері;

- дәптер жүргізуге, практикалық, сарамандық жұмыстар, контур карталармен істелінетін жұмыстар, реферат жазу және қорғау, тағы да басқа оқушылардың өзіндік жұмыстарына қойылатын талаптар;

-олимпиада, жарыстар өтізуге арналған материалдар;

-сыныптан тыс жүргізілетін тапсырмаларға арналған материалдар (мейрам, географиялық кеш, КТК, ойындар, үйірме программалары, географиялық апталықтар, т.б.);

-өлкетану зерттеу жұмыстары, туристік экскурсиялар жоспарлары.

Кабинетте мына талап бойынша документация болуы шарт:
1. Кабинет паспорты (кабинеттің көлемі, жиһазбен жабдықталуы, қараңғылау мүмкіндігі, экран (егер бар болса), таблица, карточка, картина, карта салатын суырмалар.

2.Кабинеттегі құрал-жабдықтардың рұқсат қағазы.

3.Оқу жылына арналған кабинет жоспарлары.

4. Кабинеттің жұмыс істеу графигі.

5. Техника қауіпсіздік шаралары жайлы анықтама.

Жоғарыда көрсетілген материалдар және көрнекіліктер стендтер мен сөрелерде сақталынады, оларды тақырып бойынша бөлуге болады:

-оқушылар бұрышы («Оқуды үйрен», «Бүгінгі сабақта» тақырыптары бойыншы оқушыға жәрдем);

-«Экологиялық білім беру», «Экологиялық проблемалар» немесе «экология және табиғат» бұрыштары;

-географиялық газеттер,журналдар;

-өлкетану бұрышы

Бұл бұрышта келесі материалдар болуы мүмкін:

-өз облысының карталары (физикалық, экономикалық);

-өз облысының әлеуметтік-экономикалық обьектілері көрсетілген картосхемасы,;

-Өлкетану бойынша ғылыми, анықтамалық әдебиеттер, әдістемелер, мақалалар, БАҚ беттеріндегі жаңалықтар;

-фотоматериалдар, өз өлкесінің табиғат ерекшеліктері, тарихи-архитектуралық ескерткіштері суреті;

-Табиғи қорықтар,өлкедегі өнеркәсіп орындарына жасалған экскурсия материалдары;

- жергілікті жердің өсімдік гербарийлері, табиғи жыныстардың комлекті,;

-оқушылардың өзіндік жұмыстары (рефераттар, проект, анықтамалар, ғылыми зерттеу жұмыстары, суреттер, сұрақтар, ойындар);

-күнтізбе және ауа-райы

Кабинетке баға берерде мына кретерийлер бойынша қаралады:

1.    Кабинет құжаттамасы.

-Паспорты

-оқу жылына арналған жұмыстардың жоспары

-жұмыс істеу уақыты

-Кабинетте бар құралдардың паспорты

-санитарлық гигиеналық талаптар және техника қауіпсіздік ережелері сақталынуы тиіс.

2. Кабинет жабдықталуы:

-Эстетикалық жағынан

- мәліметтер базасы

- экспозиция материалдарының ауысуы, жаңаруы, қазіргі заманға сай болуы

3. Оқу-тәрбие процесі бойынша:

-мәліметтік-техникалық базасының болуы

-оқу-тәрбие кезеңдерінде бар құрал-жабдықтың қолданылуы

- дидактикалық-көрнекілік материалдар

-өзін-өзі оқыту бойынша жүргізілген жұмыстар

  Өлкетану – жергілікті халықтың туған өлкесі болып саналатын елдің белгілі бөлігін, қала, ауыл т.б. қоныстарды жан-жақты зерттеу.

Өлкетану – табиғи және қоғамдық зерттеулердің комплексі. Өлкетану туған өлкенің табиғатын, халқын, шаруашылығын, тарихы мен мәдениетін зерттейді. Комплекстік өлкетану осылардың бәрін бір-бірімен байланыста қарастыратын болса, салалық өлкетану, географиялық өлкетану, тарихи өлкетану, этнографиялық өлкетану, топонимикалық өлкетану сияқты жеке салаларын зерттейді. Қазіргі кезде өлкетанудың табиғатты және мәдени ерекшеліктерді қорғау міндеттеріне байланысты түрі дамып келеді. Өлкетанудың негізгі міндеті - өлке жөнінде, оның шаруашылығы мен мәдениетінің дамуы жөнінде білімнің артуына ықпал ететін түрлі ақпараттар, мәдениет, пайдалы қазбалардың үлгілері т.б. мәліметтер жинақтау. Өлкетанудың қоғамдық-саяси және мәдени-ағарту жұмысында да оқу тәрбие процесінде де маңызы зор.

Өлкетану жұмыстарының түрлі салаларын үйлестіре жүргізетін бірден-бір орын кітапхана. Кітапхана қызметкерлері өлкетану тақырыбын меңгере отырып әр өлкенің, облыстың, республиканың экономикасының дамуы, оның тарихы, табиғи қорларын пайдалану мәселелерін еңбекшілер арасында кеңінен насихаттап отырады. Кітапханалардағы өлкетану жөніндегі барлық жұмыстар халыққа жалпы білім беру, бұқараның мәдени дәрежесін арттыру, қазіргі заманның алға қойып отырған келелі ғылыми өндірістік мәселелерін қамти отырып жүргізіледі.

Географияны оқытуда өлкетану кабинеті және оның оқу тәрбие жұмыстарын ұйымдастырудағы маңызы қазіргі таңда өте зор болып табыладу. Карта, сызба нұсқа және қабырға суреттерін сақтауды ұйымдастыру керек. Технмкалық оқыту құралдары  комплекстісі, оларды орналастыру қажет.

География оқытушысының өлкетану кабинетіндегі шаруашылық ұйымдастыру жұмысы және оның компоненттерінің орындалуын қадағалап отырады. Кабинент құрудың негізгі кезеңдерін орындау арқылы жүзеге асырып отырады.

Өлкетану кабинетін оқу және сыныптан тыс жұмыстар жүргізуде пайдалану үшін жоғары деңгейде безендіріліп, пәнге сай құралдармен безендірілуі тиіс.
Дәріс№6. Орта мектепте өлкетану жұмысын жоспарлау, мазмұнын іріктеу және ұйымдастырдың әдістемелік негіздері

Негізгі сұрақтары:



  1. Өлкетану жұмысын жоспарлау сипаты

  2. Өлкетану жұмысында өлкені зерттеу әдістері

  3. Өлкетану туралы материалдарды жинақтау, іріктеу

Өлкетану жұмысы мектеп тәжірибесінде мемлекеттің саясатын және білім беру мазмұнына қойылатын жалпы талаптарды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Мектепте өлкетану жұмысы негізгі үш түрде:

– пән сабақтарының мазмұнын аймақтық компонентпен жетілдіру арқылы;

– «Өлкетану» жеке факультативтік сабақ ретінде;

– сабақтан тыс уақытта, мектептің тәрбие жұмыстарының құрамында жүргізіледі.

Өлкетану материалымен жұмыс істеу сабақтарының түрлері:

‒ кітаптармен және құжаттармен өздігінен жұмыс істеу;

‒ экскурсиялар;

‒ мәдениет тарихы ескерткіштерін тамашалау;

‒ экспедиция құрамында туған өлке аумағын зерттеу жұмыстарына қатысу;

‒ оқушылардың зерттеулері, жоба жұмыстары, ғылыми-тәжірибелік конференциялар (жергілікті ақын-жазушылардың, суретшілердің, сазгерлердің, қол өнер шеберлерінің, жалпы өлкеге әйгілі адамдардың өмірін, шығармашылығын зерттеу);

‒ пән үйірмелерінің жұмысы;

‒ өлкеге танымал адамдармен кездесулер және әңгімелесулер;

‒ сабақтарда өлкетану туралы қызықты, белгісіз болған деректерден хабарламалар, баяндамалар жасау;

‒ бейне фильмдер түсіру;

‒ өлке тарихын, мәдениетін, әдебиетін бейнелейтін мерекелер;

‒ бұқаралық ақпарат құралдары беттерінде басылымдар және тағы басқа жұмыстар.

Мұғалім өлкетану жұмысын жандандыру мақсатында білім берудің тиімді заманауи әдістерін: проблемалық оқыту, жобалау әдістерін, рөлдік ойындар, ақпараттық, ізденушілік, зерттеушілік технологияларды қолдана алады, сонымен қатар оқушының бойында өзін-өзі бағалай алу қабілетін қалыптастыруға жағдай жасауы және мұғалім әрқашан ізденісте болуы керек. Туған өлкенің тарихы, мәдениеті, тұрмысы, адамдары туралы ақпаратты ғаламтордан, энциклопедиялардан, анықтамалықтардан алуға болады. Туған өлке туралы ақпараттың тағы бір көзі, ол – жергілікті тұрғындардың отбасылық альбомдарындағы фотосуреттер, бұлардың бәрі мұғалімге туған өлке туралы ақпарат алуға мүмкіндік тудырады. «Туған өлке» ұғымына қандай аумақты кіргізу керектігін алдын-ала шешіп алған жөн.

Кейбір жағдайларда өлке деп үздіксіз және нақты бақылау жүргізетін мектептің маңайын айтады. Ал кейбір жағдайларда бұл ұғымды ауданның немесе облыстың әкімшілік аумағына дейін кеңейтеді. Көпшілік жағдайда мектеп орналасқан маңайда зерттеу немесе бақылау жүргізу үшін облыс көлеміндегі мағлұматтарды білу қажет болып шығады. Сол себепті мектептегі өлкетану курсы бұл екі көзқарасты да қамтуы тиіс.

Мектепті қоршаған ең жақын орта бақылаулар жүргізу және білім беру процесінде қолдану үшін қолайлы, сондықтан өлкетану жұмысын мектеп орналасқан жерді терең оқудан бастаған дұрыс. Ал мектептен қашықтағы аудан немесе облыс аумағымен танысу, туған өлкемен танысудың бірізді жалғасы болуы керек.

Өлкетану жұмысында өлкені зерттеудің барлық негізгі әдістері қолданылуы мүмкін, олар: әдеби, далада бақылаулар жүргізу, картографиялық, статистикалық, көзбен шолу (визуалды), әңгімелесу және сауалнама жүргізу, фотосуретке және бейнефильмге түсіру. Әдеби тәсіл дегеніміз оқылатын аумақ туралы әр түрлі баспа материалдарын қолданумен байланысты. Әдебиетпен танысудың маңызы өлке туралы білімді алдын-ала алуға мүмкіндік туғызатындығында және ол өлкенің даму тарихы туралы сұрақтарды шешуге көмектеседі.

Сонымен қатар әдебиетті оқу өлкені зерттеуден алынған нәтижелердің қорытындысын негіздеу үшін де қажет.

Далада бақылау жүргізу әдісі негізінен табиғат жағдайларын зерттеу үшін қолданылады. Ол мектепте бар техникалық құралдарды қолдану арқылы дала жағдайында әр түрлі зерттеу жұмыстарын жүргізуге бағытталған.

Зерттеудің картографиялық әдісі өлке аумағындағы шаруашылық пен табиғаттың арасындағы кеңістіктік үйлесімділікті ашу мақсатында қолданылады. Өлкетанулық зерттеу жұмыстары картадан басталуы және нәтижелер картаға түсірілуі тиіс. Зерттеудің маңызды бөлігі – жергілікті жердің планын қағазқа түсіру және әр түрлі карталар құрастыру.

Статистикалық әдіс әсіресе халықты, шаруашылықты, экономикалық байланыстарды оқу барысында жинақталған сандық көрсеткіштерді іріктеп алу және олардан қорытынды шығарумен анықталады. Бұл әдіс әр түрлі сандық мәліметтерді санау, орташа көрсеткіштерді шығару, кестелер құрастыру және олардың графикалық бейнесін сызудан тұрады.

Көзбен шолу (визуалды) әдісі – бұл оқылатын құбылыстар мен заттарды бақылауға бағытталған әдіс. Ол мектептегі өлкетанулық зерттеулерде, саяхаттарда, экскурсияларда өте жиі қолданылады. Бірақ ол басқа әдістермен үйлестірілмеген жағдайда, қажетті сапалық нәтиже бере алмайды. Жергілікті тұрғындармен, өлкетанушылармен әңгімелесу және сауалнама жүргізу әдісі тарихи және тұрмыстық деректерді қалпына келтіруге, бұрыннан белгілі ақпаратты анықтауға мүмкіндік береді. Фотосуретке және кинофильмге түсіру – өлкетану зерттеу жұмыстарын жүргізудегі маңызды құралдардың бірі.

Өлкенің нысандарын, халқының өмір сүру салтын, күнделікті өмірін фотосуретке немесе кинофильмге түсірудің нәтижесі қызықты монографиялық альбомдар жасауға, өлкетану мұражайының экспонатына арналған материалдар жинақтауға және жекелеген сұрақтар бойынша кино көрсетуге бағытталған. Сонымен, өлкенің өмірін, ондағы болып жатқан өзгерістерді, табиғаты мен шаруашылығындағы жағдайларды толығырақ сипаттау үшін, өлкенің қазіргі кездегі және бұрынғы өмірінен деректер мен материалдарды үздіксіз жинап, оқып, зерттеу қажет.

Олар келесі сипатта болуы мүмкін:

– ғылыми еңбектерден және ақпараттан, көркем шығармалардан әдеби материалдар жинақтау;

– журнал және газеттердің мақалалары;

– географиялық карталар;

– әр түрлі хаттар, жылнамалар және басқа да жазбалар, газет-журналдар беттерінде жарық көрген фотосуреттер.

Мұрағаттарда, әкімшіліктерде, отбасылық мұрағаттарда сақталған құжаттар, өлкеде ұзақ уақыт өмір сүріп жатқан қарт адамдардың естеліктері, сипаттамалар, жиынтықтарды оқу және қорытынды жасау. Әрине, бұл ауыр жұмыс болғандықтан мұғалім өзі жүргізгені дұрыс болады, бірақ оқушыларды қатыстыруы міндетті шарт.

Өлкетану туралы материалды іріктеу өте маңызды болып саналады, өйткені оқушының өз өлкесі туралы әңгімелеу қабілеті, әңгімелеудің мазмұны оқушы үшін қызығушылық тудырған жағдайда және әңгімелеуге негіз болатын жағдай жасалғанда ғана жетілдіріледі. Келесі факторлардың нәтижесінде өлкетану тақырыбы сабақта коммуникативтік белсенділік тудырады: – оқушылар не туралы айтып тұрғандарын толық түсінген жағдайда; – оқушылар өздері үшін маңызды әрі қымбат нәрсе туралы әңгімелеген жағдайда.

Сондықтан өлкетану материалын іріктеу барысында келесі себептерді ескерген жөн:

* оқушылар үшін материалдың шынайылығын, яғни оқушылар әңгіменің не туралы екендігін нақты елестете алулары керек;

* ұсынылған материалдың оқушылар үшін қызықты болуы (осы ақпаратты білгім келіп еді деген талаптың болуы);

* ұсынылған материал туралы ақпараттың толық болмауын (оқушыларды ізденушілікке ынталандыру мақсатында);

* берілген материалдың бағдарламалық тақырыпқа сәйкестігін;

* берілген материалдың әлеуметтік құндылығын;

* тапсырмаларды орындау барысында оқушылардың ата-аналарымен тығыз байланыстың орнауын.

Мұғалім өлкетану материалының бағдарламаға сәйкестігіне көп көңіл бөліп, өлкенің ерекшелігін, оның қайталанбас сипатын бейнелейтін материалдарды іріктеп алуы қажет. Сонымен бірге өз өлкесін білуге деген құштарлықты ояту, оқушының жалпы мәдени деңгейін көтеруге жағымды ықпал жасайды. Оқушыларды география, тарих, әдебиет, биология, музыка басқа да пәндерден алған білімдерін кез-келген сабақта, өмірлік тәжірибеде тиімді пайдалана білуге үйрету керек. Өлкетану материалдарын сабақта қолдану, білім беру үрдісіне қойылатын жалпы дидактикалық қағидалармен негізделеді. Ол қағидалардың түрлері:

* пәнаралық байланыс қағидасы, бұл – мектеп бағдарламасындағы пәндердің мазмұнында өлкетану материалдарын қолдану арқылы басқа пәндермен байланысты жүзеге асыруды болжайды;

* жүйелілік-құрылымдылық қағидасы, өлкетану материалдарын білім берудің әртүрлі кезеңдерінде нақты мақсат қоя отырып, жоспарлы түрде қолдануды және аумақты географиялық негізді құрайтын нақты сипаты бар нысан ретінде зерттеуді көздейді;

* тақырыптық қағидасы, оқулықтың әр тақырыбына сәйкес келетін материалды әзірлеуді қарастырады;

* толеранттылық қағидасы, оқушылардың бойында өзге ұлт мәдениетін түсіну және қабылдау қабілетін дамытуды қарастырады;

* когнитивтік қағидасы, оқушылардың білім алу үрдісі барысында өлкетану материалдарының көмегімен жаңа ақпаратты, жаңа білімді түсінуін қарастырады;

* кешенділік қағидасы, өлкенің қоршаған ортасында болатын барлық жағдайларды, өзгерістерді кіріктіріп оқытуды көздейді;

* ізгілендіру қағидасы, өлкені тұлғаның дамуындағы өмірлік-мәнді құндылықтар жүйесінде оқудың мағынасын түсінуді қамтамасыз етеді;

* табиғи және мәдени түсінік қағидасы, табиғатты қорғау және экологиялық білім мазмұнын кіргізуді қарастырады;

* іс-әрекеттік қағидасы, білім беруді практикалық, коммуникативтік, жобалық-шығармашылық тапсырмалар жүйесі арқылы жүзеге асырады;

* тарихилық қағидасы, әлеуметтік-табиғи ортадағы өзгерістерді, аумақтың даму болашағын қарастыру арқылы орындалады;

* проблемалық қағидасы, нақты проблемалық тапсырмаларды шешу көздейді.

Аталған қағидаларды жүзеге асыру арқылы, оқушылардың өздіктерінен білім алу, сыни тұрғыдан ойлау, шешім қабылдау, практикалық іс-әрекеттерді орындау қабілеттерін дамыту мүмкіндігі туындайды. Анықталған қағидаларды ой елегінен өткізіп түсіну және өмір сүру ортасындағы мінез-құлық ережелерін сақтау, өз іс-әрекетінің мәні мен жауапкершілігін түсіну, өзінің кіші отанына деген сүйіспеншілік әр адамның мәдениетінің ажырамас бөлігі болуы тиіс.

Қазіргі кезде білім берудің өлкетанулық мазмұны, туған өлкедегі алуан түрлі үдерістер мен құбылыстарға біртұтас кешенді-жүйелі көзқарасты қалыптастыруы тиіс. Мұндай көзқарас оқылатын аймақтың жағдайын қалыптастырушы және өзгертуші факторларды, олардың өзара тең байланысында табиғи, экономикалық, әлеуметтік және мәдени факторлар тұрғысынан қарастыруға мүмкіндік береді. Бұл ғылыми дүниетанымдық көзқарасты, өмір сүру ортасының біртұтас бейнесін, ғылыми негізделген экологиялық және әлеуметтік-мәдени көзқарас жүйесін, оқушылардың туған өлкеге тек қана эмоциялық тұрғыдан емес, тиімді пайдалану тұрғысынан да қарау сияқты құндылықтарды қалыптастырудың неғұрлым тиімді жолы болып табылады.

Көрсетілген көзқарастарды жүзеге асыру келесі әдістерге сүйенуді қарастырады: Жалпы бағыттылыққа:

– өлкетанудың тәрбиелік міндеттерінің елдің, өлкенің (аймақтың), ауылдың патриотын қалыптастыруға бағытталуының басымдылығын мойындау;

– өлкетануды оқу барысында мақсаттар мен қағидалардың тұтастығын, оқушыларды дайындау сатыларында сабақтастықты сақтай отырып, бұл сатыларда оқушылардың жас ерекшеліктеріне сәйкес білім беру және тәрбиелеудің нақты міндеттерін анықтау арқылы өлкетану дайындығының кезеңдерін атап көрсету.

Мазмұнында:

– мазмұнын аумақтық-хронологиялық тұрғыдан баяндау;

– өлкетануды оқушылардың өз өлкесін (аймағын) күрделі, алуан түрлі, қарама-қайшылықта, бірақ біртұтас әлем ретінде көре білуге жағдай жасайтын курс ретінде түсіну.

Алайда, мектеп пәндерінің мазмұнына, олардың аймақтық компонентіне сүйене отырып, бұл пәндердегі мағлұматтардың қайталамасы болып шықпай, жаңа деректермен толықтырылуы керек;

– өлке туралы мағлұматтар мектеп пәндерінде қарастырылмайтын сұрақтармен толықтырылуы тиіс;

– өз елді мекенінің, ауданының тарихындағы мәліметтермен, қазіргі кездегі өмірінің қызықты, болашақта өлкенің тарих беттеріне енгізуге болатын деректермен толықтыруға көңіл бөлу.

Ұйымдастыруда:

– оқушыларға таулар, көлдер, ормандар, шаруашылық және мәдени орындар, тарихи ескерткіштер және тағы басқаларды оқудың нақты нысандары ретінде таныстыру;

– мектеп пәндерін оқу барысында аудио, бейне материалдарды, мультимедиялық технологияларды қолдану арқылы көрнекілікке ерекше көңіл бөлу;

– ғылыми жобалар жазу, экспедиция (археологиялық, экологиялық, этнографиялық, фольклорлық) жұмыстарына қатысу, экскурсиялар мен туристік саяхаттарға шығу арқылы туған өлкені оқып-білу әрекетіне тарту.

Сонымен, туған өлке жайлы білім беру оқытудың жобалық, коммуникативтік, тәжірибелік әдістерін оңтайлы және тиімді пайдалану арқылы, сыныпта және сыныптан тыс әрекеттердің әр түрлі тәсілдері арқылы жүзеге асырылуы тиіс.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет