Бағдарламасы Негізгі сұрақтар: Өлкетану курсын оқытудың маңызы


 Жаңа материалды пысықтау



бет4/6
Дата12.10.2019
өлшемі138,74 Kb.
#49692
1   2   3   4   5   6
Байланысты:
e79c1ef1-8b03-11e6-8573-f6d299da70eeдәріс Географияны окытуда өлкет ізде


4.  Жаңа материалды пысықтау.

Жаңа сабақты пысықтау кезіндегі анықталатындар: материал сабақтың қай бөлімінде пысықталды, қай материал қандай мақсатпен қайталанды, сұрақтар – оқылған білім ойша не жай елестетуге немесе оқыған жаңа білімді жаңа жағдайға қолдануға бағытталынуы керек. Картамен, таблицамен және т.б. жұмыс істеу кезінде қандай жаңа іскерліктер қалыптасты, оқушылардың ойын дамытатын, оның байқағыштығын арттыратын қызықты сұрақттар болды ма .  

  1. Үйге тапсырма.

Үйге тапсырмалар бергенде не істеулері керек, үйге берілген материалдың көлемі қандай, өздігінен оқитын материал тапсырылды ма, үй тапсырмасы қандай формада берілді деген мәселелерді анықтау керек.
Қай жолдармен мәтінді оқып қайталауы керектігі, нені және қалай дәптеріне жазып, кескін карталарына т.б. түсіруі тиіс екендігі туралы мұғалім түсіндіріп, нақты нұсқау бере алды ма, үй тапсырмасын беруге уақыт жеткілікті түрде бөлінді ме, оны оқушылардың бәрі бірдей түсінді ме және күнделіктеріне жазып үлгерді ме, -- деген мәселелерді анықтау. 

6. Сабақтың барлық кезеңінде оқушылардың жұмысын бағалау:

1.    Ұқыптылығы мен жинақылығы, саналылығы мен белсенділігі туралы жалпы пікір, сонымен бірге мұғалімнің сұрағына сыныптың әсер жылдамдығы және орнында тұрып бірден жауап беруі. 

2.    Тақта алдындағы жауап берушінің  жұмысын бағалау: жауап беру кезінде материалды толық және анық айту ептілігі, жауабын картадан үйлестіре отырып көрсету, өзінің әрекетін түсіндіріп, материалды бір жүйелілікпен баяндау ептілігі ол оқулықта қалай берілген. 

3.    Оқушылардың жұмысының қорытынды бағасын шығару; қайталау уақыты мен білім есебінен, мұғалімнің жаңа білімді түсіндіруінің, сабақтың қорытынды бөлімінің қорытындысын шығаруы керек.

7. Сабаққа мынандай көрсеткіштер бойынша жалпы баға беру.

Оқушылардың дамуы мен тәрбиесінде, оқытуында сабақтың тапсырмасы орындалды ма? Мұғалімнің іс-әрекеті осы сабақ үстінде мақсатпен, міндетпен және оқыту әдісімен үйлесті ме? Сыныпты және өзін басқаруда мұғалімнің іскерлігі неден көрінеді? Қандай қызық формалар мен жаңа методикалық әдістермен танысты. Неге үйренді? Жас мұғалімдер үшін мұғалімнің жеке өз басының құрметтейтін және еліктеуге тұрарлық қандай қасиеті  



Дәріс№10. «Өлкетану» курсы бойынша сабақтар мен сабақтан тыс жұмыстарын, жалпы мектепішілік іс-шаралар өткізу бойынша әдістемелік ұсыныстар.

Негізгі сұрақтары:



  1. «Өлкетану» курсы бойынша сабақтар өткізу әдістемелік ұсыныстар.

  2. «Өлкетану» курсы бойынша сабақтар мен сабақтан тыс жұмыстарын өткізу әдістемелік ұсыныстар

  3. «Өлкетану» курсы бойынша жалпы мектепішілік іс-шаралар өткізу бойынша әдістемелік ұсыныстар

2013-2014 оқу жылында жалпы білім беретін мектептердің 7-сыныптарында факультативтік курс ретінде кіргізілген «Өлкетану» пәнінің бағдарламасына тоқталар болсақ, курсты оқуға аптасына 1 сағат, жылына 34 сағат бөлінген. Бұл курстың мақсаты оқушыларға өзінің туған өлкесінің (ауылының, ауданының, қаласының) табиғаты, табиғат ресурстары, өнеркәсіптері, ауыл шаруашылығы, көлік жүйесі, тарихы, әдебиеті, мәдениеті, белгілі адамдары туралы білім қалыптастыру. Бұл білімді оқушылар мұғалімнің көмегімен, өздерінің үздіксіз ізденістерінің нәтижесінде, өз күштерімен жинақтаулары көзделген.

Өлкетану курсын оқу барысында пәнаралық байланыс жүзеге асырылады, тек география, биология, тарих, әдебиет, тілдер, музыка пәндері ғана емес, сонымен қатар бейнелеу өнері, технология, дене шынықтыру пәндерімен де байланыс бар. Оқушылар табиғатқа саяхат кезінде жинақтаған материалдарын альбомда безендірген кезде, жүрген жолдың планын сызған кезде бейнелеу өнері мұғалімінің көмегі қажет. Ол альбомды әдемі безендіруге қажетті пайдалы кеңестер бере алады. Ал дене шынықтыру мұғалімі жүру ережелерімен таныстырады.

Оқу процесіне өлкетануды енгізуге ықпал ететін жұмыстардың неғұрлым тиімді түрлері:

1. Өлкетану материалдарын география, биология, химия, физика, тарих, әдебиет, тіл пәндері басқа да пән сабақтарында пайдалану.

2. Табиғатқа және өнеркәсіпке саяхат жасау.

3. Табиғат құбылыстарына бақылау жүргізу: ауа райына, жергілікті жердегі су қоймаларының режиміне, халықтың шаруашылық өміріндегі өзгерістерге.

4. Жергілікті жерде практикалық жұмыстар орындау.

5. Өлкетану бұрышын немесе мектепте өлкетану мұражайын құру.

Жалпыбілім беретін мектептің 7-сыныбына арналған «Өлкетану» курсының бағдарламасындағы тақырыптарға байланысты төмендегі қосымша материалдарды ұсынамыз.

Туризм негіздерімен танысу және карталармен жұмыс істеу. Туризм – адамдардың шет елге немесе өзі өмір сүретін жерден өзгешелігі бар басқа жерге саяхат жасауы. Туризмнің түрлері мақсатына байланысты: медициналық, сауықтыру, рекреациялық, көңіл көтеру, спорттық, танымдық, діни және басқа түрлерге бөлінеді. Туризм жеке және ұжымдық жетілдіру құралы ретінде жоспарлануы мен тәжірибеде іске асырылуы тиіс демалыспен, бос уақытты өткізумен, спортпен, мәдениетпен және табиғатпен тікелей араласуға байланысты қызмет. Сонымен қатар жергілікті жердің аумағындағы табиғатқа бақылау жүргізу, нысандармен, ескерткіштермен танысу мақсатында жасалатын саяхатты да жергілікті туризмге жатқызуға болады. Өлкетану курсының мазмұнды бөлімдерін меңгеру үшін өлкенің бай әлеуетін пайдалану қажет. Олар бір-бірін толықтырып отыратын жұмыс түрлері (тарихи, географиялық, мәдени, техникалық сипатта) болуы мүмкін, мысалы:

1) арнайы тақырыптағы туристік саяхат;

2) мұғалім дайындаған тапсырмаларды оқушылар өз күштерімен орындауы арқылы, мұғалімнің басқаруымен өткізілетін – экскурсия;

3) жергілікті жердің аумағын таныстыру саяхаты;

4) зерттеу жұмыстарын жүргізу экспедициясы (мұғалімнің басқаруымен немесе жоғары оқу орындарының ғылыми экспедициясының құрамында).

Жұмыстың бұл түрлері жергілікті материалдарды меңгеру үшін ұсынылады. «Экскурсия» (excursio) латын тілінен аударғанда «серуендеу» деген мағынаны білдіреді. Экскурсия дегеніміз – табиғат, өнеркәсіп нысандарына, жергілікті жердің назар аударарлық жерлеріне ұжыммен ұйымдасқан саяхат жасау.

Мақсаты туған өлке туралы қосымша деректер, материалдар жинақтау арқылы өлкені тереңірек оқу, зерттеу. Бағдарлама бойынша жоспарлы жүргізілген экскурсиялар оқылған материалды тәжірибемен бекіту мақсатын көздейді, ал бағдарламадан тысқары экскурсиялар зерттеушілік сипатқа ие болады. Экскурсияның бірнеше түрлері бар. Олар: тарихи, кәсіптік, табиғи, архитектуралық, әдеби және т.б. Экскурсиялар тақырыптық және кешенді болып бөлінеді, нысанның орналасқан жеріне байланысты жақын және қашық болуы мүмкін. Экскурсия нысаны болып бір оқиғамен байланысты ғимараттар, түрлі құрылыстар, археологиялық ескерткіштер, өнер туындылары саналады. Экскурсия кезінде нысанды көрсету басты орын алады.

Нысандарды келесі топтарға бөлуге болады:

1. Өлке өмірінде болған тарихи оқиғалармен, қоғаммен, мемлекеттің дамуымен байланысты орындар.

2. Ғимараттар мен құрылыстар, мемориалды ескерткіштер, белгілі адамдардың өмірі мен қызметіне байланысты орындар: архитектуралық ансамбльдер, қоғамдық-инженерлік құрылыстар, мәдени саланың ғимараттары және т.б.

3. Табиғи нысандар: ормандар, саябақтар, өзендер, көлдер, қорықтар мен қорықшалар.

4. Мемлекеттік және халық мұражайларының сурет экспозициясы, тұрақты және уақытша көрмелер.

5. Археология ескерткіштері: ежелгі тұрақтар, қоныстар, қорғандар, киелі орындар.

6. Өнер ескерткіштері: бейнелеу, қолөнерінің туындылары.

Өлкетану мақсатында өткізілетін экскурсиялар барысында негізінен топографиялық карталар қолданылады, олардың географиялық картадан айырмашылығы – масштабында. Оларға: 1:25 000 – 1:100 000 масштабына дейінгі карталар жатады. Топографиялық картада жергілікті жер шартты белгілермен белгіленеді. Топографиялық картаның шартты белгілері – бұл графикалық, әріптік және сандық белгілеудің жүйесі. Олардың көмегімен картада жергілікті жер нысандарының орналасқан орны көрсетіледі және олардың сапалық, сандық сипаттамалары беріледі.

Ауданның немесе облыстың картасын (ауылдық жердің планын) қолдана отырып келесі жұмыс түрлерін өткізуге болады: – картадан өз елді мекенін (жуықтап болсын), ал егер план болса өз көшесін, мектебін табу; – картадан және планнан қажетті нүктелерді табу: біздің елді мекеннен оңтүстік-шығысқа қарай 18 км жердегі елді мекенді көрсет, елді мекенді ата. Бұл елді мекен несімен әйгілі? – (атауы) ауылында біздің танымал жерлесіміз дүниеге келген және өмір сүрген. Бұл ауыл бізден қай бағытта және қандай қашықтықта орналасқан? – әңгіменің ретін мұқият тыңдаңдар: «Біз ауылдан оңтүстік бағытқа қарай шықтық және 10 км жол жүрдік. Одан кейін біз оңтүстік-шығысқа қарай беталдық. Тағы 8 км жол жүрдік. Осы жерден шығысқа қарай 5 км жерде ... бар». Оқушылар нысанды атаулары керек. – түнде от жалыны А. ауылынан 600 азимутпен, ал Б. ауылынан 2700 азимутпен көрініп тұрды. От қай жерде жағылды және біздің елді мекеннен қандай қашықтықта орналасты? – біз біздің елді мекеннен 3600 азимут бойынша жүреміз. Бізге жолымызда қандай елді мекендер және тарихи ескерткіштер кездеседі? Осындай тапсырмаларды қаланың планына қарап та құрастыруға болады. Жергілікті жерде бағдарлау дегеніміз – көкжиек тұстарын және қоршаған жергілікті заттар мен жер бедерімен салыстырғанда, өзі тұрған жерді анықтау, қажетті қозғалу бағытын таңдау және сол жолмен адаспай жүру. Жергілікті жерге шолу жасағанда көзге анық көрінетін жергілікті жердегі кез-келген зат бағдар ретінде қызмет етуі мүмкін. Мысалы: елді мекен, көпір, тау жотасы, өзен тағы басқа нысандар. Жергілікті жерді топографиялық картамен және картасыз бағдарлауға болады. Картасыз бағдар жүргізген кезде көкжиек тұстарын анықтап алу керек. Көкжиек тұстарын компас бойынша, аспан денелері және жергілікті жердегі заттардың кейбір белгілері арқылы анықтауға болады. Көкжиек тұстарына қарап бағытты анықтау үшін солтүстік бағытын білу жеткілікті, егер ол анықталса, онда оң жақта шығыс, сол жақта батыс, ал солтүстік бағытқа қарсы жақта оңтүстік болады. Түнгі уақытта көкжиек тұстарын Темірқазық жұлдызы арқылы анықтауға болады. Ол әрдайым солтүстікте болады, ал оны Жетіқарақшы жұлдыздар шоғыры арқылы тауып алуға болады. Жетіқарақшының екі шеткі жұлдыздарының (альфа және бета) арасындағы кесіндіні ойша бес рет қосамыз. Анықталған нүкте Ақбозат-Көкбозат жұлдыздар шоғырына жататын Темірқазықты көрсетеді. Көкжиек тұстарын жергілікті жердегі заттар (белгілер) бойынша анықтау:

– құмырсқа илеуі жақын маңдағы ағаштардан, дің, бұталардан әрдайым оңтүстікке орналасады;

– құмырсқа илеуінің оңтүстік жағы солтүстік жағынан жазықтау болып келеді;

– мүк пен қыналар ағаштарды, тастарды, жоталар мен ертеректе салынған ғимараттарды солтүстік жағынан көмкереді;

– көктем айларында солтүстікпен салыстырғанда оңтүстік еңістегі қар жамылғысы тезірек ериді;

– оңтүстіктегілермен салыстырғанда солтүстіктегі ағаштардың қабығы бұжырлау және күңгірттеу болады;

– православ және протестант шіркеулерінің басы әрқашан шығысқа қаратылады;

– таудың оңтүстік етегіндегі қармен салыстырғанда солтүстігіндегі қар қаттырақ болып келеді.

Оқушылар демалысының қызықты түрінің бірі – жаяу саяхат, ол мектеп оқушысын халықтың ұлттық мәдени өмірімен, туған өлкенің табиғатының байлықтарымен, тарихи және табиғи ескерткіштермен таныстырады. Саяхаттың бұл түрі туған өлкеге деген сүйіспеншілік сезімін тәрбиелейді, төзімділікке, ұжым құрамында өзін ұстай білуге үйретеді, сондықтан саяхаттардың білім беру-тәрбиелік мәні зор. Өлке аумағына жаяу саяхат жасау уақыты мен қашықтығына қарай бір күндік немесе бірнеше күндік болады.

Бір күндік саяхаттар негізінен жексенбі күндері, нақты бір тақырыпта өткізіледі. Таңдап алынған тақырыпқа байланысты бұл саяхаттар оқушылардың географиялық немесе тарихи, әдеби білімдерін тереңдетуге көмектеседі. Бірнеше күндік саяхаттар негізінен каникул уақытында ұйымдастырылады. Оған өте жақсы дайындалу қажет. Бұндай саяхаттың танымдық, қоғамдық пайдалы, денсаулықты жақсарту сияқты мақсаттары болуы мүмкін. Танымдық мақсаты маршруттың жолындағы нысандармен танысуды және кешенді физикалықгеографиялық бақылаулар жүргізуді көздейді. Қоғамдық пайдалы – өлкетану материалдарын жинау немесе басқа ұйымдардың тапсырмаларын орындау. Денсаулықты жақсартудың мақсаты каникул кезінде оқушылар демалып, жаңа күшпен оқуға кірісуді көздейді. Бірнеше күндік саяхат барысында жүргізілетін жазба жұмысы келесі 1-кестеде көрсетілген. 1-кесте – Маршрут бойынша жүрудің кестесі

Күні Маршруттың бағыты, бір күнде өткен жолдың бөлігі, жолдағы нысандар. Өлкетану және қоғамдық пайдалы жұмыстар. (жүргізілген зерттеулер, материал жинау). Топтың жүрген жолы туралы мектепті хабардар ету. Түнеу орны.

Бірнеше күндік саяхат барысында, түнде ұйықтауға арналған шатыр болуы шарт.

Шатырды орналастыруға арналған жерді таңдау ережелері:

1. Шатырлы лагерьдің орнын орманның маңайынан таңдаңыз, өйткені орманның маңайына қарағанда орманның ішінде және өзеннің жағалауында сары маса көп болады. Сонымен қатар өзеннің маңында таңертең салқын.

2. Шатырды орнатуға жазық немесе дөңесті жерді таңдаңыз, жаңбыр болған жағдайда судың астында қалмайтындай және егер кішкене болсын төбе болатын болса басты сол төбеге қарай жіберіңіз, ұйықтауға ыңғайлы болады.

3. Мүмкіндігінше шатырды көлеңкелі жерге қойған жөн, бұл шатырды қатты қызып кетуден сақтайды.

4. Құмырсқа илеуінің болмауына көңіл аудару қажет, өйткені олар өздері жүретін жолдарын ауыстырмайды да жолындағы шатырды бірден жаулап алуы ықтимал.

5. Шатырды орнатардың алдында алаңқайды бүршіктерден, бұтақтардан тазарту керек, олардың үстінде ұйықтау өте қолайсыз.

6. Егер саяхат жылдың салқын мезгілінде болса, онда шатырдың астына құрғақ жапырақтар немесе шөп салып барып орнатқан жөн, бұл жерден келетін сыздан қорғайды.

7. Шатырды оттан алысырақ, оттың ұшқындары жетпейтін қашықтықта орнату қажет. Шатыр жаққа түтін келмес үшін желдің бағытын анықтап алу керек.

8. Қазықтарды жерге 450 бұрышпен қағу керек және қазықтың үштен төрт бөлігі жерге кіруі тиіс. Саяхатқа шығарда оқушыларды рюкзакқа (жол сөмкесіне) заттарды салу жолымен таныстыру:

– рюкзактың шеттері бос болмауы керек;

– аса қажет болмаса рюкзактың сыртына заттарды жіппен байлап ілмеген жөн;

– ең алдымен ұйықтауға қажет заттар салынады;

– шатырдың қазықтары рюкзактың шеттеріне салынады;

– қалған жерге тамақ салынған қапшықтар салынады, немесе алдымен тамақ пісіретін ыдыс салынып оның ішіне тамақтарды салуға болады;

– содан кейін адамға аса қажет болатын заттар салынады;

– жаңбыр болған жағдайда рюкзак су болып қалмас үшін сыртынан не ішінен су өткізбейтін полиэтилен қағазбен орауға болады;

– рюкзактың қалталарына жолда қажет болып қалатын заттар салынады (жиналмалы пышақ, фонарик т.б.);

– жұмсақ заттарды арқаға қарай, ауыр заттарды сөмкенің түбіне, ірі заттарды жоғары жағына, ал жиі қажет болатын заттарды қалталарға салған дұрыс.

Экскурсия кезіндегі жалпы және қауіпсіздік ережелері.

1. Белгіленген бағдардан шықпауға тырысу және топтан бөлініп кетпеу.

2. Қоршаған ортаны қажетсіз қатты дауыстармен, музыкамен мазаламау. Өйткені мазасы кеткен аңлар мен құстар өздерінің үйреншікті орындарын тастап кетеді.

3. Аңдардың індерін, құстардың ұяларын, құмырсқалардың илеуін бұзбаңдар. Ұядағы жұмыртқалар мен балапандарға тиіспеңдер, бұл олардың қаза болуына себепкер болуы мүмкін. Құмырсқалар – орманның санитарлары. Олар бір күнде 70 – 100 мың орман зиянкестерін жояды.

4. Жылан кездесе қалса оған тиіспе. Сонда ол сендерге тиіспейді. Жыландар өздері бірінші болып шабуыл жасамайды. Жыландар кесілген ағаштың ескі түбірінде, бұзылған үйлердің үйінділерінде, құздардың шығыңқы жерлерінде күннің көзіне қыздырынып жатқанды жақсы көреді, сондай жерлерден байқап, аяқтарыңның астына қарап жүріңдер. Жорғалап келе жатқан жыланды көрсеңдер жол беріңдер.

5. Қоршаған ортаға әрқашан қамқорлық жасауға, флора мен фаунаға зиян келтірмеуге тырыс.

6. Тамақ қалдықтарын ағаш түбіне жинап қою, олар орман аңдары мен құстарға азық болады. Қоқысты (қажетсіз заттарды) қалдырмай алып кету немесе жерге көму. Есте сақтаңдар! Толық шірігенге дейін қағаз қалдығы 2 жыл, қаңылтыр банка – 90 жылдан астам, полиэтилен пакет – 200 жылдан астам, шыны – 1000 жылдан астам уақыт жатады.

7. Жуынуға, ыдыс жууға арналған құралдарды су қоймасынан 100 метрден кем емес қашықтықта қолдану. Су қоймасына ешқандай затты төкпеу және тастамау.

8. Шыны ыдыстарды сындырмау, адамдар не орман жануарлары жарақаттануы мүмкін және шыны қалдықтары жазда өрттің шығуына себепші болады.

9. Тамақ пісіруге арналған отты ағаштан, орманнан 1,5 - 3 м қашықтықта жағу. Егер оттың бұрынғы орны болса, жаңа орын бастамау. От жағатын алаңқайды кепкен бұтақтардан, жапырақтардан тазарту керек және шөп өспейтін тақыр жерді таңдаған дұрыс. Отты аз уақытқа болса да қараусыз қалдыруға болмайды. Үйге кетердің алдында оттың орнына су құю. Тамақ пісіруге арналып жағылған оттан өрт шығу қаупі шыққан жағдайда оттың үстіне үлкен зат (мысалы көрпе) жаба салу керек, содан кейін үстінен су құю керек. Оттан шыққан қара түтінмен демалмауға тырыс. Қою түтін шыққан жағдайда мұрынды және ауызды ылғалды шүберекпен орап алған дұрыс. Отты шетінен бастап ортаға қарай сөндіру керек.

10. Әдемілігіне қызығып өсімдіктерді жұлмау, оларды балтамен, үшкір заттармен шауып-жарақаттамау. Жарақат алған үлкен қайың ағашынан бір маусым ішінде 200 л шырын ағып кетуі мүмкін. Ағаштардың жарақат алған діңіне ауру тудыратын организмдер кіреді.

11. Елді мекендерден тыс жерлерде жаяу жүргіншілер көлік жүретін бөлігімен қозғалған кезде көлік құралдарының қозғалысына қарсы бағытта жүруі тиіс. Өлкенің табиғат жағдайлары (жер бедері, пайдалы қазбалары, климаты, өзендері, көлдері, батпақтары, топырақ және өсімдік жамылғысы, жануарлар дүниесі) – зерттеудің маңызды бөлігі. Бұл зерттеу жұмыстары бақылау жүргізетін арнайы стансаларда немесе жергілікті жердің метеорологиялық стансасында, мектептің географиялық алаңында, арнайы экскурсия, саяхаттарда жүргізілуі тиіс. Бақылау жүргізілетін стансалар табиғатты бақылауға және сабақтар өткізуге қолайлы сәйкес құралдар-жабдықтармен жабдықталуы, сонымен қатар сынып оқушылары толық сиятын алаң, қауіпсіздік ережелері қарастырылуы тиіс. Өлке аумағының жер бедері Жер бедерін оқу барысында алдымен Қазақстан Республикасының, оқылатын өлкенің аумағын қамтитын жекелеген аймақтардың физикалық, геологиялық карталарының мәліметтері алынады. Даладағы зерттеу жұмыстары кезінде (неғұрлым жан-жақты) жер бедерінің әр түрлі формаларының (кеуіп қалған жерлер, төбелер, тау тізбектері, шұңқырлар, жылғалар, жыралар, көшкіндер, сайлар) шығу тегі түсіндіріледі, өлшеу жұмыстары жүргізіледі, олардың сыртқы бейнесі, пішіні суреттеледі және қағаз бетіне бейнеленеді. Жер бедерінің алуан түрлі формалары екі бағытта: морфологиялық және генетикалық белгілері бойынша жіктеледі. Морфологиялық жіктелу бойынша сыртқы белгілері және жер бедері формаларының өлшемдері ескеріледі, бірақ олардың шығуы мен өзара байланысына баға берілмейді. Жіктелудің бұл түрі топография мен картографияда қолданылады, өйткені топографиялық карталарда жер бедері формаларының сыртқы бейнесі мен өлшемдері көрініс табады. Жер бедері формаларының генетикалық жіктелуі олардың шығу тегін, жасын, өзара байланысын есепке алу негізінде жүргізіледі. Жүргізілетін (геоморфологиялық) бақылаудың маңызды жағы аумақтың геологиялық құрылымы мен жер бедерінің арасындағы қарапайым байланысты анықтау.

Жер бедерімен танысу барысында қандай пайдалы қазбалар бар және олардың кен орындары туралы мағлұматтар анықталады. Өлке аумағындағы пайдалы қазбалар не себепті пайда болғанын түсіндіру қажет, сонымен қатар олардың пайда болуының, геологиялық құрылыммен және жер бедерімен байланысы бар немесе жоқ болуы түсіндіріледі. Кен орындарын картада шартты белгілермен белгілеу қажет. Пайдалы қазбалардың үлгілері мектептің өлкетану мұражайына қою үшін немесе сабақтарда пайдалану үшін жиналады және олардың қай жерден алынғаны туралы мағлұмат толық жазылады. Өлкені зерттеу жұмысы қандай сипатта болса да, нақты оқылатын аймақтың картографиялық негізіне ие болуы тиіс. Карталар немесе картасхемалар мектепте немесе жергілікті әкімшілікте болуы тиіс. Ал егер жергілікті жердің қажетті масштабтағы картасы болмаған жағдайда, нақты бір жеке аумақтың топографиялық картасын оқушылар саяхат барысында өздері де жасай алады. Ол үшін қолда бар картаны (әрине жергілікті жердің планына, картасына неғұрлым жақынын) үлкейту әдісі қолданылады. Үлкейту келесі тәсілмен жүзеге асырылады: картаға жақтары 5х5 мм шаршылардан тұратын торлар сызылады. Картадағы әр шаршыны қажетті мөлшерге үлкейту арқылы, керекті пішіндер миллиметрлік қағазға көшіріледі. Егер үлкейту 1:500000 масштабты схемадан жасалса, онда 1:100000 масштаб үшін 5 мм тордың әр шаршысы карта-схемада 2,5 см-ге сәйкес, ал 1:50000 масштаб үшін 5 см-ге тең болады. Барлық деректер және қосымша ақпараттан жиналған деректер де дайын карта-схемаға түсіріледі. Бұл жұмыс өз өлкесі туралы карта дайындауға негіз болады, оны сабақтарда қолдануға және өлкетану мұражайына қоюға да болады. Туған өлке аумағына экскурсияға шығу барысында жүрген жолда көптеген тау жыныстарын (түйіршіктерінің түсі және көлемі жағынан әр түрлі құмдар, түсі әр түрлі балшықтар, әктас және басқалар) кездестіруге болады. Тау жыныстарының үлгілерін целлофан қапшықтарға жинап, әр қапшыққа үлгінің атауы және алынған жерін жазу керек. Осылайша туған өлкенің тау жыныстарының жиынтығын жасауға болады.

Өлкенің жер бедерін оқып-зерттеуді келесі жоспармен жүргізуге болады:

1. Жер бетінің жалпы сипаты (төбелі, жазықты, ойлы-қырлы).

2. Өзен аңғарлары, сай-жыралар жиі кездесе ме? Жергілікті жерді аз тілімденген деп санауға бола ма? Өзен аңғарларының жалпы сипаты.

3. Жер бетін жауып жатқан өсімдік түрлері (өсімдіктің ағашты, бұталы және шөптесін түрлерінің құрамын атап көрсету).

4. Өзен жағаларында, сай-жыраларда жер қыртысының кеуіп қалған бөліктері бар ма? Бар болған жағдайда әр қыртыстың қалыңдығын өлшеу, әр горизонттан тау жыныстарының үлгілерін алу.

5. Су айрықтарында қойтастар (жекелеген немесе үйінді түрінде) кездесе ме? Қойтас орындарын картаға белгілеу. Қойтастың үлгісін алу.

6. Жер бетінде төбешіктер кездесе ме? Көкжиек тұстарына қарай олардың бағытын анықтау.

7. Төбешік бетін қандай жыныстар құрайды (құм, балшық т.б.)?

8. Төбе бетін құрайтын жыныстардың үлгілерін жинау. Үлгілерді нөмірлеу және сол нөмірлерді картаға үлгі алынған жерлерге белгілеу.

9. Жекелеген төбелердің пішінімен және планнан олардың орналасуымен танысу. Олардың биіктігін, беткейлерінің құлдилығын, көкжиек тұстарына қарай бағыттарын, беткейлеріндегі өсімдік жамылғысының сипатын анықтау. Өлкенің табиғи ресурстары Табиғи ресурстар – табиғи ортаның, қоғамның материалдық және рухани мұқтажын қамтамасыз ету үшін, өндірісте пайдаланылатын бөлігі. Оларды тиімді пайдалану және адамзатты табиғи ресурстармен қамтамасыз ету өте күрделі мәселелердің бірі. Табиғи ресурстардың түрлері: отын-энергетикалық, минералдық, климаттық, су, топырақ-өсімдік, жануарлар дүниесінің қорлары. Жер қыртысының үстінде және жердің онша терең емес қойнауында жатқан минералды ресурстар ашық әдіспен өндіріледі. Ашық әдіспен негізінен құрылыста қолданылатын шикізаттар: ізбес, құм, бор тағы басқа ресурстар, сонымен қатар шымтезек, көмірдің, темір және мыстың кейбір түрлері өндіріледі. Ал жер қойнауының терең қабаттарында жататын қатты пайдалы қазбаларды жер асты шахталарында арнайы құрылғылардың көмегімен өндіреді. Сұйық және газ тектес пайдалы қазбалар жердің үстіне арнайы бұрғыланған скважиналармен шығарылады. Пайдалы қазбалардың кейбір түрлерін өндіру үшін қосалқы тәсілдер қолданылады. Мысалы тұз өндіру үшін оны жердің астында скважинаға су жіберіп ерітеді, ал күкірт сияқты шикізатты скважина арқылы берілген ыстық бумен ерітіп барып өндіреді. Өлкенің пайдалы қазбаларын, олардың өндірілу жолдарын оқыған кезде осы тәсілдердің қайсысы қолданылатынын, қандай әдіспен өндіру қолайлы болатынын, экологияға зиян келмейтін жағын қарастыру қажет. Оқушылар өз тараптарынан пайдалы қазбаларды өндірудің, еңбекті жеңілдетудің жолдарын қарастырып, жобалар жасайды, өз ойларын ортаға салады. Жергілікті жердің ауа райы және климаты

Ауа райын зерттеу адамның күнделікті тұрмысы мен шаруашылық әрекеті үшін қажет. Ауа райының жай-күйі тек қана бір белгісіне, мысалы, температураға немесе жауын-шашынға ғана емес, барлық элементтерінің жиынтығына қарап анықталады. Мысалы, ауа райына тек «салқын» не «жылы» деп баға беру жеткіліксіз. Салқын не жылы ауа райы желді, жаңбырлы,бұлыңғыр және тағы басқаша болуы мүмкін. Ауа райы жиі өзгеріп тұрады. Оның бір элементінің өзгерісі басқасының да өзгерісін тудырады. Оның толық сипаттамасын беру үшін ауа райын құрайтын элементтерді түгелдей бақылау қажет. Туған өлкенің климатын зерттеп-білу барысында ауа райын бақылау әдісін қолданған дұрыс. Жыл мезгілдеріне қарай ауа температурасының өзгерісіне, жауын-шашынның түсу мөлшеріне, желдің бағытына, бұлттылыққа бақылау жүргізу. Оқушылар жүргізілген бақылаулардың нәтижелерін ауа райы күнтізбесіне белгілеп отырып, соңынан ауа райының айлық, жыл мерзімдері бойынша орташа температураны, жауын-шашынның орташа мөлшерін есептеп шығарады. Ауа температурасының жылдық өзгерісінің, бұлттылықтың, жауыншашын түскен күндердің, желдің бағытының (жел өрнегі) диаграммаларын жасайды. Сонымен қатар оқушыларға өлкенің климатының қандай себептерге байланыстылығын анықтауды тапсыруға болады. Олар метеорологиялық стансаның (ондай станса болмаған жағдайда радио, теледидардың ауа райы мәліметтерін қолдануға болады) мәліметтері бойынша (күн сайын сағат 7-де, 13-те, 19-да) өлке аумағы жыл мезгілдеріне қарай қандай ауа массаларының ықпалында болатынын анықтайды.

Ауа райының жыл мезгілдері бойынша өзгерісінің сипаттамасын жасау қажет, ауыл мектептерінде бұл жұмысты ауыл шаруашылығымен де байланыстыруға болады. Ол үшін жыл мезгілдеріне қарай ауыл шаруашылық жұмыстарының күнтізбесін құрастыруға болады, мысалы көктемгі жер жырту, тұқым себу, өсу барысында өсімдіктерге күтім жасау, шабу. Климатты оқу барысында ауыл шаруашылығын дамыту үшін қандай жағдайлар бар, қолайсыз климат құбылыстарына қарсы қандай күрес жүргізілетінін анықтауға арналған жұмыстар жүргізу арқылы оқушыларды еңбек етуге, еңбексүйгіштікке тәрбиелеу де жүзеге асырылады. Оқушылардың жүргізген бақылау жұмыстарының нәтижесін жақын маңайдағы метеорологиялық стансаның мәліметтерімен салыстыру барысында туған өлке туралы мағлұматтардың құндылығы артады. Ауа райының сипаттамасы және әр түрлі геоботаникалық жағдайлардағы климат экскурсиялар мен саяхаттардың бағдарламасында бейнеленуі тиіс. Туған өлкенің ауа райы өзгерісін оқу және зерттеу кезінде оқушыларды жергілікті белгілер бойынша болжауға үйретуге болады. Ол үшін балаларға үлкен адамдардан, қосымша әдебиеттерден ауа райын болжаудың жергелікті белгілерін біліп келу тапсырылады. Жинақталған деректерді дәптерге жазып алып, күнделікті ауа райын бақылау жұмысында қолдануға болады.

Ауа райын болжаудың кейбір белгілері:

- будақ бұлттар кешке қарай тарап кетпей, керісінше қалыңдап, көбейсе;

- таңертеңгі және күн батар алдындағы кешкі күн көзінің шапағы қызғылт болса;

- күндізгі және түнгі температураның амплитудасы азайса;

- шық және қырау түспесе;

- кешке қарай жел саябырсымай, керісінше күшейе түссе;

- ауа қысымы төмендесе, бұлар – ауа райы бұзылар алдындағы белгілер;

- Күн көзі және айдың жан-жағындағы шеңберлер – циклонның жақындағанының белгісі, қатты жел тұрып, жауын-шашын болады;

- таң шапағы сары не қызғылт-сары түске боялса ауа райы құрғақ және ашық болады;

- Күннің көзі ұясына отырар кезде қызыл не қою қызыл түсті болса – циклонның жақындағаны, келесі күні қатты жел тұруы ықтимал;

- қолайлы ауа райының белгісі – алтын түсті Күн шапағы;

- Күннің не Айдың шеңбері ұясынан шығар не ұясына отырар кезінде формасын өзгертіп кішкене қисайса (сопақша, бас киімнің, саңырауқұлақтың түріне ұқсаса) немесе қара жолақшалармен бөлшектерге бөлінсе – бұл антициклонды сипаттағы құрғақ ауа райының белгісі;

- егер жұлдыздар мардымсыз жарқырап және жасылқай түске боялса – тұрақты қолайлы ауа райы орнайды;

- егер жұлдыздар жиі-жиі айқын жарқыраса – жауын-шашын түседі деп күтіледі;

- желдің күшінің кенет бәсеңдеуі – жуыр уақытта оның бағытының өзгеруінің белгісі;

- кешке қарай жел күшейсе – ұзаққа созылатын жауын-шашынның және дауылдың жақындағанының белгісі;

- егер дауылды жел кешке не түнге қарай күшін бәсеңдетсе не мүлдем тоқтаса – ауа райының бұзылуы ықтимал;

- жел кешке қарай күшін бәсеңдетпей және күннің көзімен бірге бағытын өзгертсе – циклон мен жауын-шашынның жақындағаны;

- жер жастанған тұман Күннің көзі шыққанға дейін түнде тарап кетсе циклонның жақындағаны;

- Күннің көзі ұясына кіргеннен кейін пайда болған және Күннің көзі шыққаннан кейін тарап кеткен жер үсті тұманы – қолайлы (жақсы) ауа райының белгісі;

- егер пештің мұржасынан шыққан түтін тура көтерілсе қолайлы тұрақты ауа райының белгісі, ал егер ол мұржадан шыққаннан үзіліп-үзіліп желдің бағытымен немесе жер бетіне төселіп ұшса бұл жауын-шашынды, желді қолайсыз ауа райының белгісі;

- табиғаттағы кейбір дыбыстардың жақсы естілуі – жауын-шашынның жақындығының белгісі;

- кешкі қараңғылық қысқа болса – ауа райы жақсы жағына өзгереді деп күтіледі. Өлкенің сулары және оларды пайдалану. Жергілікті жердің сулары (өзендер, көлдер, бұлақтар, батпақтар, жер асты суы, құдықтар) адам өмірінде үлкен рөл атқарады. Туған өлкені оқу барысында жергілікті жердің суларына қажетті деңгейде көңіл аудару керек, өйткені олар өлкенің табиғат жағдайларының ерекшеліктерін және адамның шаруашылық ісәрекетін сипаттайды. Осыған байланысты өлкетану негізінде жергілікті суларды және олардың жергілікті жағдайларға тәуелділігін оқу және зерттеу үлкен маңызға ие болады. Оқушылар мысалы, өзен ағысының жер бедеріне және өзен аңғарын құрайтын тау жыныстарына тәуелділігіне көз жеткізеді.

Оқушылар өзенге бақылау жүргізу барысында, бұл факторлардың өзеннің бұзғыш әрекетіне әсер ететінін де анықтайды. Сонымен қатар түсетін жауыншашын мөлшерінің өзен, көл, бұлақ суының деңгейіне әсер ететінін де байқайды. Жергілікті өзенді үлгіге ала отырып, адамның өзенді пайдалануы туралы түсінік беруге болады. «Өлкенің сулары және оларды пайдалану» бөлімін оқу барысында экскурсияға шығу арқылы жер асты суларының пайда болуы, шығуы, олардың өзендерді қоректендіру мен адам өміріндегі маңызымен танысады. Бұндай экскурсия өткізу мұғалімнен, оқылатын тақырыптың мазмұнын толық ашуға жағдай жасайтын нысанды тыңғылықты таңдауды және дайындықты талап етеді.

«Өлкенің сулары және оларды пайдалану» бөлімін оқу барысында өткізілетін жұмыс түрлерінің үлгілері:

Өлкедегі су қоймасына экскурсия жасаудың жоспары:

1) Су қоймасына дейінгі жолдың сызбасын жасау.

2) Өзеннің (су қоймасының) пайда болу себептерін анықтау.

3) Бұлақ көздері туралы түсінік беру, сонымен қатар су өткізгіш қабат, су өткізбейтін қабат, сулы қабаттар туралы да түсінік беру.

4) Бұлақ көзіндегі судың дәмдік сапасына анықтама беру.

5) Бұлақтың, өзеннің ағу бағыты мен жылдамдығын анықтау.

6) Су шығынын есептеу.

7) Су көзінің бастау алатын жерінен оның басқа суға құйылатын (қосылатын) жеріне дейінгі ара қашықтыққа бақылау жүргізу арқылы алап, су айрығы, өзеннің бастауы, сағасы, атырауы, аңғары, жайылымы сияқты ұғымдарды практикалық жолмен түсіндіру.

8) Ағын сулардың түбін, арнасын құрайтын жыныстарды анықтау.

9) Өзеннің қоректенуіне және жауын-шашын мөлшерінің жер асты суларының қорына тигізетін әсері туралы түсінік беру.

Өлкенің белгілі адамдары туралы мағлұмат беру барысында мұғалімнің және оқушылардың алдында тұрған міндеттер:

* өлкеге танымал адамның (жазушының, ақынның, суретшінің т.б.) өмір жолының оның шығармашылығына тигізген әсері туралы сұрақты айқындайтын арнайы әдебиеттерді оқу;

* жерлес ақын-жазушылар, суретшілер туралы нақты материалдар жинақтап, арнайы альбом әзірлеу, мұражайдың танымал жерлестерге арналған бөлімін толықтыру;

* халық ауыз әдебиеті және жерлес ақын-жазушылардың әдеби шығармалары арқылы оқушылардың туған өлке туралы білімдерін кеңейту;

* туған өлкені және әдебиетті олардың тарихи дамуының өзара байланысында көруге көмектесу;

* өлкетануға қоғамның дамуында ерекше рөл атқаратын жалпы адамзат мәдениеті ретінде қарауға және жеке тұлға мәдениетін тәрбиелеу.

Жер-су атауларын жинау, олардың шығу, пайда болу себебін анықтау, әрбір атаудың мән-мағынасын ашу, әсіресе, жастардың туған өлкеге деген ыстық ынта, патриоттық сезімін күшейтпек.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет