Қосымша әдебиеттер
Қазақ балалар поэзиясының антологиясы, А., Жалын, 1977.
Қазіргі қазақ балалар поэзиясының антологиясы, А., Балауса, 1992.
Тұрманжанов Ө. Менің кітабым, ҚМКӘБ, А., 1962.
Тұрманжанов Ө. Таңдамалы шығармалар, А.,1965.
Тұрманжанов Ө. Жаңа туған жас бұлақ, А., Жазушы, 2003.
14-ДӘРІС
1960-80 жылдардағы балалар әдебиеті
1. М.Әлімбаев
2. Ә.Дүйсенбиев
1. М.Әлімбаев. 1923 жылы Павлодар облысының Шарбақты ауданындағы Маралды аулында туған. Мұғалім әкесінің, екі ағасының арқасында сауатын ерте ашады. Бес жасында кітап оқи бастайды. Мұғалімнің баласы болғандықтан оқытушы болуды мақсат еткен. Он бес жасында педучилищеге түсіп, оны аяқтаған. Педагогикалық трактаттарды көркем әдебиетпен бірдей көріп, іңкәрлана оқыған. Ұлы Отан соғысына қатысқан. Университет бітірген. Мұзафар – ұстаз, тәлімгер, қаламгер.
Балалар баспасөзінде 1948 жылдан 1989 жылға дейін жемісті, ізденісті қызмет атқарған. «Балдырған» журналын 28 жылдан астам уақыт басқарған. Балалар баспасөзіндегі ондаған жылдарға созылған қызметі, әсіресе 1958 жылдан тұңғыш рет шыға бастаған «Балдырған» журналында бас редактор болуы балалар әдебиетінің ерекшелігін, өзгешелігін, талап-тілектерін, мұң-мұқтажын зерттеуге себепші болды. Балалар әдебиетін қалыптастыру және дамыту мәселелерімен тікелей шұғылданып, белсенді атсалысады. Осының бәрі ақынның бүлдіршіндерге рухани азық беруге өз үлесін қосуға мүмкіндік тудырды, творчестволық ізденісіне жол ашты.
Ақынның алғашқы сыншылары – бауырлары. Бүлдіршіндерге дегенінің бәрін солар үшін жазған, алғашқы нұсқаларын соларға тыңдатқан, мектепке барған соң соларға оқытқан, соларға сынатқан, жаттай алмаса, не ұқпаса, солардың ыңғайына қарай өңдеген, қысқартқан. Кәдеге жарамағандарын лақтырған. Ақын әр жастағы баланың ақыл-ой тұрғысынан қабылдағыш қабілетін, белгілі бір өлеңге лайық түр қандай болуын бауырлары мен балаларының қылығына қарап зерттеп үйренгендігін айтады. Балабақша бөбектерімен, мектеп оқушыларымен кездесулер, ата-аналар комитетіндегі мүшелік – осының бәрінің шарапаты ақын қаламына тиген.
Қырық жыл бойы балалар басылымдарында қызметте болу – Мұзафар ақынды балаларға арнап шығарма жазуға итермеледі. «Балдырған» журналын 28 жылдан астам уақыт басқарған. Көп жылғы балалар әдебиетіне еткен еңбек М.Әлімбаевты балалар поэзиясының бірден-бір жасаушысы, классигі қатарына көтерді. Оның балажан жүрегі сәбилерге арнап талай-талай тілге орамды, оқуғажеңіл, ойнақы жырларды тудырды. Мұзафар – тумысынан дерлік ұстаз, тәлімгер, қаламгер. Ол өзі мұғалімнің баласы, кішкентайынан бала оқытуды армандап, педучилище бітірген, қолында бастауыш мектеп мұғалімінің аттестаты бар.
1948 жылдан 1986 жылға дейін жемісті, ізденісті қызмет атқарған. «Детская литература» баспасы 1978 жылы көп ұлтты кеңестік балалар әдебиетінің көрнекті өкілдері шығармашылығына арнап «Вслух по себя» атты екі томдық шеберханалық кітап шығарды. Аталмыш кітапқа Қазақстаннан бір ғана М.Әлімбаев «Вечно самим собою недовольный...» аталатын мақаласымен қатысты. Мұның өзі М.Әлімбаевтың қазақ балалар әдебиетінің көрнекті өкілі екендігін айғақтайды. 1985 жылы М.Әлімбаевтың «Аспандағы әпке» жыр жинағына Қазақстан Мемлекеттік сыйлығы берілді.
Кейінгі жылдары М.Әлімбаев балалар әдебиетіне ақын, жазушы, аудармашы, теориялық тұжырымдар айтар әдебиетші, зертеуші, тәрбие туралы ойын бөлісер педагог болып атсалысты. Әлімбаев қазақ балалар әдебиетін өркендетуге өз шығармаларымен бірге, әдебиетке жас дарындар тәрбиелеу арқылы да араласты. М.Әлімбаев аударған В.Маяковский, Ю.Тувим, С.Михалков, А.Барто, Қ.Мұхаммади, А.Қыдыров, Т.Махмуд, С.Баруздин т.б. өлеңдерін кішкентай оқырмандар сүйіп оқиды. М.Әлімбаев өлеңдері оқулықтарға тұрақты енген, мектеп және балабақша репертуарынан оның көптеген шығармаларын ұшыратамыз.
Ақынның балаларға арнап жазған кітаптары «Менің ойыншықтарым», «Жұмбақтар», «Биікке - биікке», «Шынықсаң шымыр боларсың», «Орақ – олақ», «Балдәурен, шіркін, балалық», «Ақсерек те көксерек», «Аспандағы әпке» деп аталады. Автордың отыздан астам өлеңі балдырғандардың сүйікті әніне айналған. Олар радио мен теледидар арқылы жиі орындалады. Ақынның шығармалары жиырмадан астам тілге аударылған. М.Әлімбаев балалар әдебиетіндегі көптеген саланы қазақ өлеңі үшін бірінші болып ашқан. «Арфа», «Медуза», «Баобаб ағашы», «Пони», «Ақсақалдың ақ батасынан», «Диалог өлеңдері», «Шнықсаң шымыр боласың», «Жаттығу – жанның тынысы», «Жаңбыршы», «Логарифтер», «Адас атаулар», «Қарама-қарсы қызық сөз», «Метаграммалар», «Шарадалар», «Сайқымазақ - клоун», «Инебалық» т.б. сондай тұңғыштар.
Бір тақырыптағы ізашалықты айтқанда көтерілген тақырыптың сонылығы өзінен-өзі шығармаға көркемдік қасиет дарытады, сған кепілдік береді дегеннен аулақпыз. Ал М.Әлімбаев жаңа тақырыптағы да, «жауыр» тақырыптағы да өлең-жырларын қашан да көрікті, ойлы етіп жазуды мақсат тұтады және сол мақсатқа қол жеткізеді де. М.Әлімбаев өлең-жырларын қашан да көрікті, ойлы етіп жазуды мақсат тұтады және сол мақсатқа қол жеткізеді де. «Сен мұндай сөздерді білесің бе?» және «Халық тағылыматынан» атты цикл өлеңдері үлкен жаңалық болып саналады. Мәселен «Дерһам» өлеңін алайық:Місе тұтпа дерһамды, Кеңге салма арқаңды...Дерһам – титтей, титімдей...Ізде үлкен мен шалқарды.Сөз зергері Мұзафар сөзбен сурет салады, оның балаларға арналған өлеңдерінің көбі өте бейнелі, сурет салуға лайық.Айдың беті аппақ,Аяның беті сатпақ.Неге олай?Ол былай:АйАунамайды жерге,Шомылады көлге.дейді «Ая мен ай» өлеңінде.
М.Әлімбаевтың өлең тақпақтары жаттауға жеңіл, ойда сақтауға оңтайлы. Мәселен, «Он саусақ» өлеңін оқып көрелік:Жалғыз саусақ тіпті деҰстай алмас жіпті де.Екі саусақ бірікті,Ине қолға ілікті.Үш саусағым орамдыЖүгіртеді қаламды.Өнерлі екен он саусақҚала салсақ, жол салсақ.«Мен дала бардым» өлеңін де мысалға келтірейік:Мен дала бардым,Қыр гүлін берді.Көл суын берді,Күн нұрын берді. М.Әлімбаев «Жақсы шығарма жас талғамайды» деген қағиданы ұстанады. «Жазған жырларымды жеті жастағы бала да, жетпіс жетідегі қария да оқыр болса екен!» - деп тілейді, соған талаптанады ақын. Бір заттың екінші затқа қандай ұқсастығы бар? Не несімен ұқсайды? Соны аңғару, өлең-жыр жазуға себепші болады.
Бірде ақын көк шағылды кешіп серуен құрады. «Көгал – жердің кілемі» деген бір жол тіліне оралады. Содан «кілемді біреу тоқиды ғой, ал жер бетіндегі кілемді тоқитын не?» деген сауал қояды. Сол сауалға жауап іздейді. Серуен соңында он екі жол ойша өлең әзір болады. Күн –Кілем тоқиды,Нұрмен тоқиды,Гүлмен тоқиды.Ол – Асыл зер кілем,Жалпақ кең кілем,Жерге тең кілем.Ол –Сен де сыярлық,Мен де сыярлық,Ел де сыярлық кілем.Ақын өлеңді «Күн тоқыған кілем» деп атайды. Соңғы шумақтағы идея, ой -бейбітшілікті, татулықты сақтайық, халықтарға жер үсті кең дегендік.
Ақынның өз көзімен көргені көбіне өлеңге арқау болады. Інісі Әнуардың Асқар деген кіші ұлы сурет салып отырады. Бір кезде «Жол жғалды, ата, жол қайда кетті, ата?» деп жылайды. Сөйтсе, парақтың ортасына көк қарындашпен көл салыпты. Күрең қарындашпен бір бұрыштан жол тартыпты. Жолы байқаусызда көлге келіп тіреліпті. Сөйтіп жол жоғалған. Ақын «Асқар, асықпа, жол қазір табылады» - деп көлдің арғы жағалауынан күрең қарындашпен жолды алып шығады. «Міне, көрдің бе, сенің жолың көлге шомылып шықты» дейді. «Алақай, алақай, жол табылды!» деп Асқар мәз болады. Арада бірнеше күн күн өткенде «Жол қайда жоғалды?» деген өлең жазады. «Жоғалды ма жол оңай?Суға кетті-ау, обал-ай!Іздеп жүрсек жан-жақтан,Сүңгіп шықты ар жақтан.»деп өлеңін аяқтайды ақын.
Мұзафар ақынның өзі куә болған көріністерінен жазылған қатарына жататындар: «Кітап та – жеміс ағашы», «Адалдық», «Мысық пен құмыра», «Қисыбай», «Пернебек пен Көбелек» және т.б. жүздеген өлеңдер. Ақын әр заттан, әр құбылыстан, әрбір ой-пікірден, әрбір көзқарастан поэзияны таба біледі. Өлең кейде өмір мұқтажынан туады. Мәселен, қазақта әлі де спорт жөнінде лең өте аз. Ал соның ішінде таңертеңгі денешынықтыру жайында өлең атымен жоқ. Ақын қолына жаттығулар тізілген кітап ала отырып, қолдан өлең тудырады. Кейін суретті кітапша болып басылған өлең «Шынықсаң, шымыр боларсың» деп аталды. Қандай тақырыптар қаламға оралмай жүр? Ақын соны іздеп тауып, жаңа жырлар жазуға, кемтікті толтыруға ынталы.
Шығармашылықтың тағы бір қайнар көзі – халық арасындағы аңыз-әңгімелер, әзіл-оспақтар, ертегі, хикаялар. Ақынның бірсыпыра шығармалары халықтық ертегі, аңыздардан алынған. Мысалы, «Мейман», «Жақсыбай батыр мен Елпекбай», «Аштың аңы жүрмейді», «Сараң», «Көк сиырды көтерген келіншек», «Бүркіт пен жапалақ» сияқты туындыларын атауға болады. Халық творчествосына еліктеп шығарған аңыздарының қатарына «Шөже мен Алшынбай», «Еріншектер елінің Ертеңбайы», «Қос керуен», «Күлдіргілер», «Кім ұтылды, кім ұтты» т.б.
Танымдық мәні бар нәрселерді кішкентайларға поэзиялық шығарма арқылы ұсынған жемістің пайдасы бар. Ол үшін ақын-жазушы аса білімдар, жан-жқты хабары бар адам болуы керек. Ақын ғылыми-көпшілік кітаптарға, оқымыстылар еңбегіне үңілгенді ұнатады. Солардан өлеңге нәр табады. М.Әлімбаевтың өлең-жырларының басты тақырыптары – еңбексүйгіштік, білім құмарлық, қаһарман ата-бабалар жолын ардақтау, солардың ерліктеріне еліктеу, Отанды сүю, оны қорғауға әзір болу, жер жүзі халықтарын, еңбекші балаларын бауыр тұту. Ақын ауыз әдебиетімен тілі шыға танысқан деуге болады. Анасы Зейнеп халық өлеңдерін құлағына ерте құйған. «Солардың пайдасын мен күні бүгінге дейін көріп жүрмін. Мысалы, өтірік өлеңдерді, жұмбақ-жаңылтпаштарды халықтық нұсқалардан үйрене отырып жаздым» дейді ақын. (М.Әлімбаев. Балаға жыр арнауды бақытым деп... Қазақ совет балалар жазушылары. А.Жалын. 1987. 43-б.) Ақын өлеңдерінде мақал-мәтелдік, афоризмдік жолдар, тұтас орамдар жиі ұшырасады. Спорт – күштің қайнары,Спортшылар жайдары.--- --- ---Қалың ну – халық саулығы,Көк орман – Отан байлығы тәрізді жолдар пікірдің айғағы. М.Әлімбаевтың өлең-жырлары халық өлеңдеріндей, мақал-мәтелдеріндей нығыз, ықшам, қысқа болып келеді. Мәселен, «Орманда» деп аталатын өлеңінің көлемі бас аяғы екі-ақ жол:Отын жардық жұмылып,Орман кетті жылынып.«Еңбек еткен адам тоңбайды, рахатқа батады, ешкімге емінбейді» деген идеяны еркін жеткізген. Көктемнің келбетін жалғыз-ақ шумаққа сыйғызады:Көлкіген су айнала,Малтығып тұр тал, қайың.Қарайды айдын – айнағаШымшық қағып таңдайын.«Тату бол» өлеңінде «бейбітшілік берекесі» деген үлкен ұғымды да шағын көлемге сыйғызады:Достар болса достық атын ақтаған,Алыс жол да – жақын жол.Қара бала, ақ балаТуыстардай тату бол!
Автордың көптеген өлеңдері әдетте, 4-8 жолдан әрі аспайды. Оның есесіне өлеңдегі ой-идея салмақты, туындының бітімі айшықты. «Бал араның жыры» өлеңінде былай дейді:Баратыным – қыр,Қонатыным – гүл.Теретінім – нәр,Беретінім – бал.Мұзафардың поэзиясында жағымды юмор, әзіл-қалжың бар. «Піл мен құмырсқа» өлеңі - сондай өлеңдерінің бірі. «Өтірікшілердің айтысынан», «Қайда кеткен қарындаш», «Бас пен қол», «Ұмытшақ», «Әдет қой» сияқты өлеңдері қалжыңға суарылған.
Қазір қазақ балалар әдебиетінің ірге тасын қалаушылардың бірі деп танылған М.Әлімбаевтың үздік туындылары оқулықтарға, мектеп және балабақша репертуарына тұрақты енген. Оның 60 шақты балалар жырына ән жазылып, айтылып жүр. Бірде ақын төменгі сынып оқушыларының айтуына лайықты мұғалім жайында ән жоқтығын байқайды. Әрі ойланып, бері ойланып «Мұғалім ол біздің» деген жыр жазады. Оған композитор Ибрагим Нүсіпбаев тәп-тәуір ән жазады. Білімнің кілтіндей«Әліппе» ұстатқан.Оқуға іркілмей,Тоқуға ұстартқан.Қамқоры ұл-қыздың –Мұғалім ол біздің.Қиынға төзугеҮйреткен қашан да.Жаманнан безуге,Жақсылық жасауғаҚамқоры ұл-қыздыңМұғалім ол біздің.Анам да сыйлайтынАтамның тұстасы.Папам да сыйлайтынАқылдың ұстазы.Қамқоры ұл-қыздыңМұғалім ол біздің.Қазір бастауыш мектеп оқушыларының сүйіп оқып, жаттайтын өлеңдерінің бірі – осы «Мұғалім ол біздің» ән-өлеңі. Мектептерде жиі айтылып жүр.
М.Әлімбаев өлеңдері негізінен мектеп жасына дейінгі балдырған мен бастауыш сынып оқушыларына арнап жазылды. Сонымен ақын шығармашылығы төмендегі ерекшеліктерден тұрады:
Достарыңызбен бөлісу: |