Басқарудың округтық жүйесі енгізілетін болды. Сөйтіп жаңа округтар құрылды. Округтар болыстарға бөлінді, ал болыстар ауыл әкімшіліктерінен тұрды. Әр округта 15—20 болыс, әр болыста 10—12 ауыл, ал әр ауылда 50—70 үй болатын болды. Сыртқы округтағылар Сібір қырғыздары (қазақтары) облысына біріктірілді. Жаңа әкімшілік бірлігі орасан зор аумақты алып жатқан Омбы облысының құрамына кірді. Томск және Тобыл губерниялары мен Омбы облысы Батыс Сібір генерал-губернаторына бағындырылды. Оның орталығы Тобыл каласында орналасты. Әкімшілік бірліктерін құру кезінде патша үкіметі өзіне қолайлы жағдайды босқа жіберіп алмай, көшпелілердің рулық бөліністерін де ұмытқан жоқ, олардың қыстаулары мен жазғы жайылымдарын да мұқият еске алды. Далалықтардың бір округтың аумағынан екінші округқа ауысуына ондағы өкімет билігінің келісімі бойынша рұқсат етілді. Округтарды сайланып қойылатын аға сұлтандар, болыстарды болыстар, ал ауылдарды - ауыл старшындары басқарды. Болыс сұлтандары мен ауыл старшындары әкімшілік, шаруашылық және полицейлік қызметтерді қоса атқарды. Әр округта аға сұлтан басқаратын Округтық приказ (мекеме) құрылды. Оның құрамына Омбы облыстық басқарма бастығы тағайындайтын ресейлік екі заседателъ және сайланып қойылатын екі «құрметті қазақ» қатысуға тиісті болды. Ішкі күзет Сібір казактарынан іріктелді.
Кіші жүздегі хан билігінің жойылуы
Орта жүздегі хан билігінің жойылуы Кіші жүзде тап осылай әрекет жасауды әлдеқайда жеңілдетті. Бұл кезде Кіші жүз сұлтандарының арасындағы алауыздық әлі тоқтаған жоқ еді. Хан билігі әлсіреп, қол астындағы халық арасында беделінен айырылып тынған болатын. 1822 жылы Орынбор өлкесінің губернаторы П.К. Эссен Ресей астанасына «Орынбор қырғыздары (қазақтары) жөніндегі жарғының» жобасын жөнелтті. Бұл кезде Кіші жүзде Шерғазы әлі де хан болып тұрған еді. Қазақтардың шекара шебіне және Орынбор өлкесінің ішкі округтарына шабуыл жасауы жиі-жиі қайталанумен болды. Орынбор өлкесінің бастығы ұсынған жобатолықтыра түсу үшін Азия комитетіне қайтадан жіберілді. Жарғының түпкілікті жобасын Ресей патшасы I Александр 1824 жылы көктемде біржолата бекітті. Шерғазы хан Орынборға шақыртып алынды. Оған ғұмырының ақырына дейін ай сайын жалақы төленіп тұратын болды. Сөйтіп Кіші жүздегі хан билігі де жойылды. Бұл реформа бойынша Кіші жүз аумағы Жайықтың сырт жағындағы үш округқа бөлінді. 1828 жылы ондағы әкімшілік бірліктерінің аттары өзгертіліп, Батыс, Орта және Шығыс округтары деп аталды. Кіші жүздегі өкімет билігі Орынбор губернаторына тікелей бағынатын басқарушы-сұлтандардың қолына көшті. Басқарушы-сұлтандарға казактардың жасақтары да бағындырылды. Ондай жасақтардың әрқайсысында 100-ден 200-ге дейін адам болды. Басқарушы-сұлтандар казак станицаларында және шекара шебіндегі бекіністерде тұратын болып белгіленді. Мұның өзі олардың патша үкіметіне тәуелді болуын күшейте түсті. Басқарушы-сұлтандардың атқаратын негізгі қызметі өздеріне қарайтын халықты «тәртіп сақтайтын және патша үкіметіне әрқаиіан адал әрі айтқанын екі етпейтін бағыныста» болатындай етіп ұстау еді. Кіші жүздегі ауыл старшындарынан бастап, баскарушы сұлтандарға дейінгі барлық лауазымды тұлғаларды Орынбор губернаторының өзі тағайындайтын болды. Сайлау жүйесі жойылды.