Қазақстан Республикасындағы тарихи сананы қалыптастыру тұжырымдамасы 1995 жылы Президенттің тапсырысымен Президент жанындағы мемелекеттік саясат жөніндегі Ұлттық кеңестің «Қазақстанда тарихи сананы қалыптастыру тұжырымдамасы қабылданды. Мұнда тарихтың, әсіресе, қоғам дамуының өтпелі кезеңдерінің ерекше маңызы көрсетілген, тарихи білімнің негізгі басымдықтары, тарих ғылымының проблемалары, тарихи білім беру мен ағарту ісінің келешегі белгіленген болатын.
Елбасы Н.Назарбаевтың жарлығымен үш жыл қатарынан тарихи танымға айрықша назар аударылды. Олар: 1997 жылы – Қоғамдық келісім және саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу; 1998 жыл – «Халық бірлігі мен ұлттық тарих жылы», 1999 жыл – «Ұрпақтар бірлігі мен сабақтастығы» еді.
Ұлттық тарихқа стратегиялық тұрғыдағы өзінің көзқарасын Мемлекет басшысы 1999 жылы шыққан «Тарих толқынында» кітабында баян етіп берді.
2003 жылы Қазақстан халқына Жолдауында Президент Н.Ә.Назарбаев бұрын-соңды болып көрмеген «Мәдени мұра» бағдарламасын қабылдау керектігін жариялады. Бағдарлама жүзеге асырылған 2004-2011 жылдар аралығында – Қазақстанның тарихы мен этнографиясы бойынша 26 арнаулы зерттеу жүргізілді. Дегенмен, мұның бәрі – тарихи жады мен тарихи әділеттілікті қалпына келтіру жолындағы ауқымды жұмыстың басы ғана еді.
Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Қазақстан–2050» Стратегиясында «Біз ұлттың тарихи санасын қалыптастыру жұмысын жалғастыруымыз керек» – деген тұжырым жасаған. Міне, осыған орай, Мемелекеттік хатшы М.Тажиннің баяндамасында айтылғандай, Президенттің тапсырысымен «Тарих толқынындағы халық» бағдарламасы жасалмақшы. Бұл бағдарламаның негізгі мақсаты ретінде Қазақстанның тарих ғылымының алдыңғы қатарлы әдіснама мен әдістеме арқауында сапалы секірісті жүзеге асыруына жағдай жасауды; қазақтардың ұлттық тарихының көкжиегін нығайту, ұлттық жаңа дүниетанымын қалыптастыруды; Қазақстанның жаңа тарихының жиырма жылының мәнін пайымдауды айтуға болады. Бір сөзбен айтқанда, бұл бағдарлама Қазақстанның тарих ғылымына сапалық секіріс әкелетіні сөзсіз.
Мемлекеттік хатшы М.Тажиннің баяндамасының негізгі түйіні – ұлттық сананы қалыптастыру болып табылады. Талай жылдар құлдық психологияда өмір сүрген халық үшін сананың қолма-қол өзгеруі қиын. Бірақ 20 жыл елімізге көптеген өзгерістер әкелді. Меніңше, тарихи сананы өзгертуді жоғарыдағы қолында билігі бар үкімет шенеуніктерінен бастау керек. Мемлекет талабын үстірт орындайтын да, ғылым-білім жүйесіне өзгеріс әкелетін де солар.
Марат Тажиннің баяндамасында, одан кейінгі тарих мәселесі бойынша арнаулы комиссияның екі отырысында қарастырылған таяу арада қандай жұмыстар жүргізілетіндігі туралы жоспарлары біздер, ЖОО-ның оқытушы үшін зор үміт туғызады.
Алқалы жиыннан кейінгі күндері баспасөз беттерінде ғылымдар, оқытушылар жариялаған мақалаларындағы ортақ пікір – тарихты зерттеуде, оқытуда үлкен өзгерістер керектігі, ұлттық тарих қоғамдық ғылымдардың арасында орталық буынға айналуға тиістігі.
М.Тажин мырза тарих ғылымына неліктен ерекше мән беруіміз керектігіне байланысты пікірін «Тарихқа арқа сүйемесе, болашақ бұлдыр. Планетада мән-мағына мен құндылықтардың мылтықсыз майданы күн сайын жүріп жатқан қазіргі күнде тарихи жадыны сақтап қалу – жалпы, өзіңді-өзің сақтап қалудың жалғыз жолы» деп дәйектеген болатын. Бұл мемлекет тарапынан айтылған сөз.
Кезінде жоғары оқу орындарында тарих кафедраларын жөнсіз қасқарту, сағаттарын қысқарту ұлттың жоғалтқан рухани-мәдени құндылықтарын қайтадан қалпына келтіруге үлкен соққы болды деп есептеймін. Ежелгі Қазақстан тарихын жоғары оқу орындарынан алып тастағанда, оқу стандарттарын жасаған кезінде министрліктегі шенеуніктер шетел (Польша, Америка, т.б.) өкілдерінің ұсыныстарына сүйенген. Бұл Қазақстан тарихын оқытудың ерекшелігін, Қазақстан тарих ғылымының жаңа ғана қалыптасып келе жатқанын түсінбеген технарлардың ой-өрісінің көрінісі еді. Ұлттық сананы қалыптастырудың ең негізгі жолы – тарихи білім. Ол жүйелі түрде мектептерде, ЖОО-да іске асады. Сондықтан тарих пәнін оқытудың маңыздылығын түсінудің маңызы ерекше.
Жоғары оқу орындарының Қазақстан тарихын оқытуда тарихшылар жастардың ұлттық намысын тәрбиелеуге, ата-баба рухы деген қасиетті сөздерді жоғалтпауға тәрбиелейді. «Қазақ – үлкен ел, ақ тілеулі, рухы күшті ел! Қаншама қансырасақ та көктемгі көктесіндей қайта көктейміз, қайта өрлейміз» деген болатын Төле би.
Тарих – шын мәнінде ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеудің негізгі қайнар көзі. Елбасы тарих туралы тағы бір сөзінде «Өркениетті алға бастырар ғылым десек, соның бірден-бір саласы жас ұрпақты дәл тарихтай отаншылдыққа, ұлтжандылыққа, әділдікке тәрбиелей алмайды», – дейді.
Қазір өмір көрсетіп отырғандай, патриотизмді тәрбиелеу ұрпақты еліміздің тарихи жақсы дәстүріне сүйіспеншілік сезімін дамытып, қалыптастырумен ғана бітпейді, оған отанымыздың прогрестік жолмен дамуына кеселдік жасап отырған күштермен күресуге шақырады.
Тарихтың осы рөлін, қазіргі шындықты айтып отырғандай, ХІХ ғ. ағылшын тарихшысы Актон былай деп жазған: «Тарих бізді өткен замандардың ғана жөнсіздіктерінен емес, осы бүгінгі күнгі жүгенсіздіктерден де, жұтқан ауамыздың қысымы мен қоршаған ортамыздың озбырлықтарынан да құтқарады».
Бұл пікір – қоғам мен халық ортасында жүріп, елі үшін емес, қара басының қамы үшін туған пиғылын жоғары қойып, ұлттың рухани арман-аңсарын аулақ қойып, қомағайлықпен, арамзалықпен және жылпостықпен күн кешетін билік басында жүргендерден арылуымыз керектігін еске салады.
Өткен тарихымызды терең түсінікпен тани алсақ, өткеннің өнегесіне ден қойып тыңдай білсек, ата тарихының ұрпағына айтары баршылық екенін көріп отырмыз.
Тарихтағы өз орныңды білу, бабаларыңды ру төмпешінің деңгейінде емес, жалпыұлттық өреде мақтан тұту, ұлан-байтақ Евразия тарихында ұлы істерге ұйытқы болған қазақтар мен олардың бабаларының өзіндік орнын танып-түсіну, ұлттық қадір-қасиетіңді қорлайтын жаттанды жаралардан арылу, міне, ұлттық тұтастыққа кепіл болатын бүгінгі күннің ең қуатты тетіктері осылар» – деп жазды Н.Назарбаев.
Сөз соңында айтарымыз, мына бір жағдайды есте тұтқан дұрыс. Бұрын-соңды ұлттың рухани оянуына мемлекет тікелей өзі мұрындық болған емес. Бұрын-соңды мемлекет пен қоғамдық ғылымдардың түбегейлі мүдделері бүйтіп бір жерден шығып көрген емес.
Ал енді мемлекет тарапынан жасалған зор мүмкіншілікті пайдалана отырып, қазақтың шын тарихын жазу, оны саясаттандырмау бағыты күн тәртібіне қойылып отыр. Ғабит Мүсіреповтың тарихқа байланысты мына пікірі өзектілігін бүгінде жоғалтқан жоқ. Жазушы: «Тарихты жасау дәуірі бар, жазу дәуірі бар. Жасаушы қателесіп, жазушы түзетемін деп әуреленбеске керек» – деген болатын.
Қабылдайын деп отырған «Халық тарих толқынында» деген бағдарлама қазіргі өмір сүріп тұрған ортаға, халық пен оның тарихына деген көзқарас отанын сүйетін азаматтарға түбегейлі өзгеріс әкелетініне толық сенімдемін.
Әрбір мемлекет алдымен өзінің ұлттық мүддесін қорғайды десек, тарих ғылымының міндеті де – тәуелсіздікті баянды ету.