Кірпікті дененің негізін кірпікті бұлшықет құрайды. Кірпікті дене көзбұршағының қапшығымен байланысып тұрады. Кірпікті бұлшықет жиырылып босансығанда көзбұршақтың пішінін өзгертіп тұрады. Кірпікті дененің алдыңғы бетінде 70 радиарлы орналасқан кірпікті өсінділер болады, олар көздің камераларын толтырып тұратын сұйықтық бөледі.
Меншікті тамырлы қабық тамырларға бай болып келеді.
Торлы қабық офтальмоскоп арқылы қызыл-қошқыл болып көрінеді. Осы қызыл фонда көз түбінде көру нервісінің торлы қабықтан шығатын жері ақшыл дөнгелек дақ болып көрінеді, одан 4мм. самай жаққа қарай орталық шұңқыр бар, оның ортасында сары дақ орналасқан-бұл көздің ең өткір жері.
Торлы қабықшада таяқша мен сауытқа ұқсайтын жарық сезгіш жасушалар жатады. Олар пигментті қабатқа жанаса торлы қабықтың сыртқы қабатында орналасқандықтан, жарық сәулелері оларға жету үшін бүкіл торлы қабық қабатынан өтуі керек.
Көздің ішкі ядросына көз камераларын толтырып тұратын сұйықтық, көзбұршақ, жарықсындырғыш ортасы жатады. Жарықсындырғыш мөлдір және пішіні қос дөңесті шыны тәрізді дене, ол жұқа мөлдір капсуламен қапталған. Кірпікті белдекше арқылы ол кірпікті денемен байланысқан. Көзбұршақ өзінің қабығының серпімділігі арқасында алысқа немесе жақынға қарауымызға байланысты, өзінің дөңестігін өзгертіп отырады. Бұл құбылыс аккомодация деп аталады. Алысқа қарағанда көзбұршақ кірпікті белдікшенің керілуінен біршама жазылады, ал жақыннан қарағанда кірпікті белдікше босаңсып, көзбұршақ дөнестенеді. Соның арқасында жақын орналасқан заттан шыққан сәулелерді көзбұршақ көбірек сындырып, олар торлы қабықта қосылады. Адам үлкейген сайын көзқарашығының мөлдірлігі, қозғалмалығы жойылады.
Шыны тәрізді дене, көз алмасы қуысын торлы қабықтан ішке қарай толтырып тұрады. Ол іркілдек келген көзбұршақтың артында жататын мөлдір зат. Шыны тәрізді дене мен көз қарашығында тамырлар мен нервтер болмайды.
Көз камералары екеу: алдыңғы және артқы. Олар бір-бірімен қарашық арқылы қатысады. Екі камера мөлдір сұйықтықпен толған, оны кірпікті өсінділері шығарып тұрады, ал склераның веналық қойнаулары оны әкетіп тұрады. Егер сұйықтықтың вена қойнауларына ағуына кедергі болса, онда камералар сұйықтыққа толып көз қысымы жоғарлайды. Бұл патологияны глаукома деп атайды.
Көздің қосымша аппаратына қимыл-қозғалыс, қорғаныш, көз-жас мүшелері жатады.
Қимыл-қозғалыс аппаратқа көз алмасының бұлшықеттері жатады. Көз алмасының бұлшықеттері: көлденең жолақты төрт тік (медиалды, латералды, жоғарғы, төменгі), екі қиғаш (жоғарғы, төменгі), бір жоғарғы қабақты көтеретін бұлшықеттер. Барлық тік және жоғарғы қиғаш бұлшықеттер сіңірлі сақинадан басталып, алға қарай бағытталып көздің ақ қабығына (склераға) бекиді. Жоғарғы қабақты көтеретін бұлшықетте сіңірлі сақинадан басталып жоғарғы қабаққа бекиді. Төменгі қиғаш бұлшықет көз шарасының төменгі қабырғасынан басталып, склераға бекиді. Тік бұлшықеттер көз ұясын айналады. Жоғарғы қиғаш бұлшықет көз алмасын айналдыра қарашықты төмен және бүйірге, ал төменгі қиғаш бұлшықет жиырылып қарашықты бүйір және жоғары қарай бағыттайды.
Көзұясында көз алмасының артқы жағында жатқан мүшелер арасындағы кеңістік алатын май қабық, оның қабынуы – блефарит. Қорғаныш аппаратқа қас-кірпіктер жатады. Екі қабақтың бос жиегінде бірнеше қатар қысқа қатты түтіктер-кірпіктер өсіп шығады, олар көзді қорғап тұрады. Әрбір қабақтың негізі қабақ шеміршегінен тұрады. Қабақтың ішкі бетінде ұсақ мейбомиев бездер бар, олар қабақ жиектерін майлайтын май шығарып тұрады. Көздің дәнекер қабықшасы қабақтардың бүкіл артқы бетін қаусырып, көз алмасының алдыңғы бетін жабады. Ол қабақтармен тығыз бітіп, ал қалған жағында астында жатқан бөліктермен бос қалады. Ал мөлдір қабақтың жиегінде мөлдір эпителийіне ауысады.
Көзжас аппараты көзжас безінен, көзжас өзегінен және көзжас түтігінен тұрады. Көзжас безі көз шарасының жоғарғы латерал шұңқырында орналасады. Қабақтың ішкі бетінде көп ұсақ көз жас бездері орналасқан, олар көз алмасын жаспен ылғалдандырып, тазартып тұрады.
Қорыта келгенде, жарық ең алдымен мөлдір қабықшадан, содан кейн алдыңғы камера сұйықтығынан, қарашықтан өтеді. Қарашық қараңғыда кеңейіп, ал жарықта кішірейеді, одан сол жарық көзбұршақтан өтеді. Көзбұршақтың көмегімен көз заттарды алыстан не жақыннан көруге бейімделеді. Пайда болған нерв импульсі көз шарасынан шығып көру нервісі мидың төменгі бетінде айқасып көру орталықтарына жетеді.
Көру орталықтары ортаңғы ми төбесінің жоғарғы төмпешігінде, таламуста және шүйде бөлікте орналасқан.