Артқы ми (metencephalon ) екі бөліктен: көпір мен мишықтан тұрады. Көпір (pons) немесе вароли көпірі көлденең орналасқан білікке ұқсайды. Көпірдің алдыңғы беті ми сауытының ылдиына, артқы беті мишыққа қараған. Көпірдің алдыңғы бетінің ортасынан ұзынша сай өтеді, онда мидың негізгі артерия қан тамыры орналасқан. Көпірдің артқы беті ромбы тәріздес шұңқырдың құрылысына қатысады. Көпір екі бүйірінде жіңішкеріп, мишықтың ортадағы аяқтары түрінде мишықпен бірігеді. Көпірдің сұр заты ішінде, ақ заты сыртында. Көпірдің алдыңғы бөлігі негізінен ақ заттан тұрады. Ондағы сұр заттар көпірдің меншікті ядролары. Бұл ядроларға ми қыртысынан жүйке талшықтары келеді, ал одан жүйке талшықтары мишыққа барады. Көпірдің артқы бөлігі көптеген ядролардың жиынтығынан тұрады. Олар бас ми жүйкелерінің V-VIII – жұптарының ядролары. V жұп (үштік жүйе) көпірдің ортадағы мишық аяқшасына өтетін жерінен, VI жұп ( әкеткіш ) жүйке көпір мен сопақша мидың пирамидасының арасындағы сайдан шығады. Бас ми жүйкелерінің VII-VIII жұптары көпірдің артында, көпір мишық, сопақша ми аралығындағы бұрыштан шығады. Көпірдің ақ затынан мидың басқа бөліктерінің өткізгіш жүйке талшықтары өтеді.
Көпірдің негізгі атқаратын қызметі: 1. өткізгіштік; 2. рефлекторлық.
Мишық (cerebellum ) салмағы 120-150 г. Ол ми сауытының артқы шұңқырында, үлкен ми сыңарларының шүйде бөлігінің астында, сопақша ми мен көпірдің артында орналасқан. Мишықтың оң және сол жарты шарлары, олардың ортасында мишық «құрты» бар. Мишық бөліктерге бөлінген. Мишықтың беті көлденең сайлармен қатпарларға, бөліктерге бөлінген. Мишықтың жарты шарларының іші ақ заттан тұрады. Сырты сұр затпен қапталған. Мишық қыртысы деп аталатын заттың қалыңдығы 1-2,5 мм. Қыртыстың астындағы ақ заттың ішінде сұр заттың жиынтығы – мишық ядролары бар. Олардың ішіндегі ең негізгілері тісті, тығынша, домалақ, желкен ядролар. Желкен ядроларында тепе-теңдік, тығынша ядроларда бұлшық еттердің қимылын реттейтін орталықтар бар. Мишықты сагиталдық бағытпен кескенде оның ақ затының ішіндегі сұр заттардың тармақталуын көруге болады. Сұр заттардың ерекше орналасуына қарап оларды «өмір талы» деп атайды.
Мишықтың үш жұп аяғы бар. Жоғарғы аяғы орталық мидан, ортадағысы ми көпірінен, төмендегісі сопақша мидан келеді. Бұл аяқтардың құрамында мишықтың өткізгіш жүйке талшықтары бар. Бұл тармақтар мишықты ми сыңарларымен және жұлынмен жалғайды. Мишықтың қызметі: тепе-теңдікті сақтайды, қимылды реттейді, оны дәлдейді, әсемдейді, бұлшық еттердің тонусын реттейді, вегетативтік жүйке жүйесінің қызметін реттейді.
Мишық зақымданғанда астазия, атония, астения, атаксия пайда болады. Астазияда, мысалы, мишығы алып тасталынған ит тұрып жүре алмай, төрт аяғын созып жатып, тоқтаусыз тербеліп қимылдайды. Атонияда бұлшық еттердің бүгілу мен жазылу қызметінің сәйкестігі бұзылады. Атаксияда қимыл ретсізденеді, оны бақылау бұзылады, мысалы, ит итаяқтағы тамаққа аузын алып бара алмай, азаптанады. Қимыл ретсіздігі өте тез шаршатады. Ит аяғын бір – екі басып шаршап, дем алады.