VI жұп, алып кетуші жүйке (отводящий нерв, n.abducens), қызметі жағынан қимылдытқыш, ядросы көпірде орналасқан. Ми сауытының жоғарғы көз саңылауы арқылы көз шарасына шығады. Көз алмасының шеткі тік бұлшық етін жүйкелендіреді.
VII жұп, беттік жүйке(лицевой нерв,n.facialis), қимылдатқыш, ядросы көпірде орналасқан. Ми негізінен көпір мен сопақша мидың оливасының арасынан шығады. Ішкі есту тесігі арқылы самай сүйегіне кіреді. Сол тесік арқылы төменге қарай бағытталып, самай сүйегінің біз-емізік тесігінен сыртқа шығады. Құлақ маңы безін тесіп өтіп, үйректің табанына ұқсап тармақталады. Беттің барлық ымдау бұлшық еттерін, мойынның бұлшық еттерін жүйкемен қамтамасыз етеді.
VII жұп, тепе-теңдік жүйкесі(преддверно-улитковый, n.vestibulo-cochlearis) екі тармақтан тұрады: 1. кіреберіс, 2. ұлу. Екі жүйке де ішкі құлақтан басталады. Кіреберіс жүйкесі ішкі құлақтың кіреберісі мен жарты айналымды түтіктерінен басталады. Ұлу тармағы тіркеністі ұлудан алады. Екі жүйке бірігіп ішкі құлақ тесігімен самай сүйегінің пирамидасы арқылы ми сауытына кіреді. Ми діңгегінің ІV қарыншаның түбіндегі ромбы шұңқырына барады. Кіреберіс-ұлу жүйкесінің қыртыс орталығы бас мидың самай бөлігінде орналасқан.
ІХ жұп, тіл-жұтқыншақ жүйкесі(языкоглоточный нерв, n.glossopharungeus) аралас жүйке, оның қимыл ядросы IV қарыншаның ромбы тәріздес шұңқырында орналасқан. Ми сауытынан самай сүйегінің мойынтұрық тесігі арқылы шығады. Екі тармаққа тармақталады.
1.Сезгіш тармағы – дабыл жарғағын, есіту қуысын, есіту түтігін, таңдай миндалиналарын, тілдің 1/3 бөлігін, жұтқыншақтың шырышты қабатын жүйкемен қамтамасыз етеді.
2.Қимылдатқыш тармақтары – біз-жұтқыншақ бұлшық етін, жұтқыншақтың бұлшық еттерін жүйкемен қамтамасыз етеді.
Х жұп, кезеген жүйке (блуждающий нерв, n.vagus) аралас, ядросы тіл-жұтқыншақ жүйкесінің ядросымен бірігіп мойынтұрық тесігінің айналасында орналасқан, сезімтал ядролардан басталады. Сопақша мидың оливасының артынан өтіп, ми сауытынан самай сүйегінің мойынтұрық тесігі арқылы шығады. Кезеген жүйке басқа, мойынға, кеуде, іш қуысындағы мүшелерге тармақтар шығарады.