ХІ жұп, қосымша жүйке (добавочный нерв, n.accessorius), қимылдық, ядросы сопақша мида орналасқан. Сопақша мидың оливасының артынан өтіп, ми сауытынан самай сүйегінің мойынтұрық тесігі арқылы шығады. Ми сауытынан шыққан тұсында екіге тармақталады. Ішкі тармағы кезеген жүйкемен қосылады. Сыртқы тармағы трапеция сияқты төс-бұғана-емізік бұлшық еттерін жүйкемен қамтамасыз етеді.
ХІІ жұп, тіл-асты жүйкесі(подъязычный нерв, n.hypoglossus), қимылдық жүйке, ядросы сопақша мидың ромбы тәріздес шұңқырында орналасқан. Сопақша мидан пирамида мен оливаның арасымен өтіп, ми сауытынан тіл асты тесігі арқылы шығады. Жүйкенің бір тармағы тілдің бұлшық еттерін, ал екінші тармағы тіл асты сүйегінен төмендегі бұлшық еттерді жүйкемен қамтамасыз етеді.
Жұлын жүйкелері.
Адам жұлынының 31 жұп жүйке шығады. Оның 8 мойын, 12-і кеуде, 5-і бел, 5-і сегізкөз, 1-і құйымшақ жүйкелері. Әрбір жұлын жүйкесі, жұлыннан екі түбір болып басталады. Олардың алдыңғы түбірі қимылдық, артқы түбірі сезгіш талшықтардан тұрады. Артқы түбір алдыңғы түбірге қосылар алдында түйін (ганглия) пайда болады. Алдыңғы және артқы түбірлер омыртқа аралық тесіктің тұсында бірігіп, жұлын жүйкесінің сабауы пайда болады. Жұлын жүйкесінің сабауы омыртқа аралық тесіктен шыққаннан кейін төрт тармаққа тармақталады. Олар:алдыңғы, артқы, менингеал және қосушы тармақтар.
Жұлын жүйкесінің қосушы тармақтары оны вегетативтік жүйке жүйесінің түйіндерімен жалғастырады. Менингеал тармақтар қайтадан омыртқа жотасының өзегіне бағытталып, жұлынның қабықтарын жүйкемен қамтамасыз етеді. Жұлын жүйкесінің артқы тармақтары омыртқа аралық тесіктерден және сегізкөз тесігінен өткеннен кейін сегменттік қасиетін сақтайды. Олар өздерінің тұсындағы жотаның, желкенің, бел мен бөксенің бұлшық еттерін, терісін жүйкемен қамтамсыз етеді. Жұлынның артқы тармақтарынан желкені жотаны, белді, бөксені жүйкемен қамтамасыз ететін тармақтар шығады. Олардың ішінде ең ірісі желке асты жүйкесі. Ол І мойын сегментінің тармағы, қимылдатқыш қызмет атқарады және желкенің қысқа бұлшық еттерін жүйкелендіреді. Үлкен желке жүйесі – желкенің терісін жүйкемен қамтамсыз етеді.
Жұлын жүйкесінің алдыңғы тармақтарының құрамында сезгіш және қимылдық тармақтары бар. Бұл тармақтар бір-бірімен араласып жұлынның алдыңғы тармақтарының төрт өрімі пайда болады: мойын, иық, бел, сегізкөз өрімдері. Тек жұлынның алдыңғы тармақтарының кеуде бөлігі ғана сегменттік қасиетін сақтайды. Олар омыртқа жотасынан шыққаннан кейін сәйкес қабырға аралықтарын жүйкемен қамтамасыз етеді.