Іс-әрекеттегі зерттеу - оқыту мен оқу тәжірибесін жетілдіру мақсатында бірізді, тізбектелген, жоспарланған іс-әрекеттерді орындауды, сондай-ақ зерттеу барысында алынған нәтижелерге жүйелі түрде мониторинг жүргізуді көздейтін үдеріс.
Ақпараттық сауаттылық – көптеген сандық технологияларды қолдану арқылы ақпаратты тиімді және сыни іріктеп, талдап және құра білу, сонымен қатар сол технологиялардың құрамдас бөліктері мен функцияларын білу.
Әңгіме - оқушылардың ой әрекетін жандандыру мақсатында қолданылатын оқыту тәсілдерінің бірі; әңгімелесу үдерісінде оқушылар мұғалім қойған және құрдастарында пайда болған сұрақтарға жауап бере отырып, жаңа білім алады, бар білімдерін қайталап, бекітеді.
Әңгіме-дебат – оның барысында қатысушылар арасында ой-пікірлерде үлкен алшақтық болады және әрқайсысы өз шешімдерінде қалады. Әңгіме-дебат ынтымақтастыққа бағдарланбаған бәсекелестікке негізделеді.
Диалогтік әңгіме - белгілі бір тақырыпқа бағытталған диалог жүргізуге негізделген вербалды-коммуникативтік әдіс. Диалог барысында идеялар екі бағытта жүріп, оқушының қарқынды білім алуына септігін тигізеді. Диалог барысында оқушылар (сондай-ақ олардың мұғалімдері) тең құқылы серіктестер болып табылады. Олар бар күштерін келісілген нәтиже алуға жұмсайды және Мерсер (2000) айтқандай, бірлескен білім алу немесе «пікір алмасу» үдерісіне тартылады.
Зерттеушілік әңгіме – бұл әңгіме түрінде әркімнің идеясы пайдалы деп қарастырылғанымен, олар егжей-тегжейлі бағалаудан өтеді. Зерттеушілік әңгімеге қатысушылар бір-біріне сұрақ қойып, бір тоқтамға келу үшін оларға негізді жауап береді. Алайда зертеушілік әңгімеде келісімге келу емес, керісінше оны іздеу үдерісі маңызды болып табылады.
Әңгіме жүргізудің сократтық әдісі (майевтика). (грек. Μαιευτική, сөзбе-сөз аудармасы - босанатын әйелге көмек көрсету) - сұрақтарды шеберлікпен қою арқылы адам бойындағы жасырын білімді жарыққа шығару әдісі. Педагогикада Әңгіме жүргізудің сократтық әдісі бағыттаушы сұрақтар мен пікірталастар орталық орын алатын оқыту түрі деп түсіндіріледі. Сократ, мұғалім ретінде, ең алдымен оқушылардың ақиқат туралы түсінігін бұзып, кейін олар өз ұстанымдарын қорғай отырып, оны қайтадан қалыптастыратындай етіп бір сұрақтан кейін бір сұрақты қоя берген. Әңгіме жүргізудің сократтық әдісінің мәні – әңгімелесушінің «барлық нәрсе жайлы білемін» деген орныққан пікіріне қарамастан, шындығына келгенде, көп нәрсені білмейтіндігіне көзін жеткізу. «Ізденіссіз өмір сүрудің қажеті жоқ. Мен ешкімге еш нәрсе үйрете алмаймын, мен оларды тек ойлануға ғана мәжбүрлей аламын» – Әңгіме жүргізудің сократтық әдісін түсіну үшін осы ойды желеу ету қажет болады.
Достарыңызбен бөлісу: |