Қатаң шектелген жаттығу әдiстерi. Жаттығу кезiнде көп қайталанатын жүктеме мен тынығуды алмастыра орындайтын қимыл-әрекетте қатаң шектелген жаттығу әдiстерiн пайдалану көптеген мүмкiншiлiктерге қол жеткiзедi:
1. Жүктеме көлемiн қатаң мөлшерлеуге. Бұл әдiстi қолдану кезiнде жүктеменi ең төменгi шамаға дейiн жоғарылатып, басқаруға болады.
2 Әр түрлi дене қуатының қасиетiн дамыту және жаттығу арқылы жеке дене мүшелерiне әсер ету.
3. Дене тәрбиесi үдерiсiнде жеке үйретудi пайдалану.
4. Кез келген күрделi жаттығуларға үйрету.
5. Дене тәрбиесi жаттығуларын әр түрлi жастағы адамдар арасындағы сабақ, жаттықтыру кездерiнде пайдалану мүмкiншiлiгi. Бiз осы әдiстiң көмегiмен жаттығуларды жас балалардан бастап егде жастағы адамдарға дейiн қолдана аламыз.
Қатаң шектелген жаттығу әдiстерi екi топқа бөлiнедi: а) қимыл-әрекетке үйрету; ә) дене қасиеттерiн жетiлдiру.
Қимыл-әрекетке үйрету әдiстерi.Қимыл-қозғалыстың күрделiлiгiне қарай тұтас та, бөлшектеп те үйретуге болады.
Тұтас үйрету әдiсi жаттығуларды бөлшектемей толық үйрету кезiнде мынадай жағдайларда қолданылады.
- қарапайым қимыл-қозғалысқа үйрету кезiнде;
- дене қуаты және техникалық дайындығы жоғары оқушылармен жүргiзiлетiн жаттығу сабақтарында;
- қимыл-қозғалысты бөлшектеп үйретуге болмайтын, бөлшектесе техника негiзiнiң сапасы болмайтын жағдайда;
- бұрын үйренген жаттығуларды жетiлдiруде.
Жаттығуларды бөлшектеп үйрету әдiсi кезiнде қимыл-әрекеттi бөлшектеп жеке-жеке меңгерiп, сонан соң бәрiн қосып толық қайталайды. (Мысалы, гимнастика сабағындағы алға аунап түсу, басқа тұру, жанға айналу жаттығуларының техникасын жеке-жеке үйренiп, меңгергеннен кейiн толық қайталау және т.б.).
Күрделi қозғалыс техникасын үйренудi жетiлдiруге жақындататын жаттығулар қолданылады. Мұндай жаттығулардың техникасы негiзгi, күрделi жаттығудың бөлшектерiне ұқсас болып келедi. Бұл жаттығулар бiртұтас түрде, оқушыларға түсiнiктi және қолайлы болуы керек.
Дене қасиеттерiн дамыту әдiстерi.Дене қасиеттерiн дамытуға бағытталған қатаң шектелген жаттығулар әдiстерi әр түрлi формадағы жүктеме мен тынығудың түрлерiн ұштастыру мүмкiндiгiне байланысты қолданылады. Жүктеме дегенiмiз – дене тәрбиесi жаттығуларымен адам ағзасына әр түрлi көлемде әсер ету. Жүктеменiң шамасы оның қарқындылығы мен көлемiне байланысты. Жүктеменiң көлемi – орындалған дене қуаты жұмысының саны (мысалы, 10 минуттық жүгiру, жаттығуды қайталау саны т.б.).
Жүктеме қарқындылығы - ол белгiлi бiр уақытта дене тәрбиесi жаттығуларын қарқынды, тездете орындау. Жүктеменiң iшкi және сыртқы қарқынды көрсеткiштерi болады. Сыртқы көрсеткiш – қозғалыс жылдамдығы (жүгiру, шаңғы жарысы, суда жүзу т.с.с.), спорт ойындарындағы ойын қарқыны т.б. Қарқындылықтың iшкi көрсеткiштерi – жүректiң соғу жиiлiгi, белгiлi бiр уақытта күш жұмсау өлшемi.